Баспасөз релизі 21 қараша 2012 жыл Атырау қаласы «Атырау мұнай өңдеу зауыты»



Дата23.02.2016
өлшемі243.5 Kb.
#10580



БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

21 қараша 2012 жыл

Атырау қаласы


«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Ішкі байланыс және ақпарат қызметі зауыттың бас директоры қызметіне Қайрденов Арман Құрметұлының тағайындалғандығы туралы хабарлайды.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Ішкі байланыс және ақпарат қызметі 2012 жылдың 21 қарашасында зауыттың бас директоры қызметіне Қайрденов Арман Құрметұлының тағайындалғандығы туралы хабарлайды. Бұған дейін зауытты басқарған Байтазиев Талғат Алтыбайұлы өз еркімен жұмыстан кету туралы арызы негізінде қызметінен босатылды.

«АМӨЗ» ЖШС-інің жаңа басшысын «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ Төрағасының орынбасары Д.С.Тиесов таныстырып, Т.А. Байтазиевтың зауыттағы қызметі жылдарындағы жемісті еңбегі үшін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы атынан Алғыс білдірді.

Байтазиев Т. А. 2004 жылдың 15 шілдесінен бастап 2012 жылдың 19 қарашасына дейін зауыттың бас директоры қызметін атқарды. Осы жылдар ішінде техникалық қайта жарақтау саласында, өндірілетін өнім түрлерін көбейту, зауыттықтардың әл-ауқатын жақсарту бағытында қыруар іс тындырылды. Т.А. Байтазиевтің сауатты техникалық шешімдерінің арқасында зауытты қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі сәтті аяқталды (2003-2006 ж.ж.). Зауытты жаңғыртудың екінші кезеңі – ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен құрылысы бастау алып, мұнайды тереңдетіп өңдейтін кешен құрылысының «түбегейлі тапсыру» шартына, барлық несиелік келісімдеріне қол қойылды. Ол тұрғын үй құрылысына жете мән берді. Ол басшылық еткен жылдарда 80 пәтерлік үй /2007 жыл/, 63 пәтерлік үй /2007 жыл/, 40 тұрғын үйден тұратын коттедж пәселкесі /2009 жыл/ салынып, пайдалануға берілді. 200-ден астам зауыттықтар өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. 2012 жылдың желтоқсанында Әуезов көшесі бойындағы 80 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Тек соңғы жылдардың өзінде зауыттықтардың еңбекақысы айтарлықтай өсті. 2011 жылы еңбекақы 25 пайызға, 2012 жылы 30 пайызға өсті. Бүгінгі күні орташа айлық жалақы мөлшері 270 000 теңгені құрайды, 2004 жылы бұл көрсеткіш 82 635 теңге мөлшерінде болған. Ағымдағы жылдың шілде айында бұрын 250 бала тәрбиеленіп келген ведомстволық балабақша ғимаратына қосымша 110 орындық жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Т.А.Байтазиев қызмет еткен жылдарда өндірістік бағдарламалар саласында да бірқатар маңызды қадамдар жасалды.

Қайрденов Арман Құрметұлы 1971 жылдың 12 сәуірінде Атырау қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ химия-технология университетін «Отындар мен көміртекті материалдардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша, 2003 жылы РФ Үкіметі жанындағы Ауыл шаруашылығы академиясын «Мұнай және газ бизнесі» мамандығы бойынша бітірген.

Өзінің еңбек жолын Атырау мұнай өңдеу зауытында №1 цехтың АТ-2 технологиялық қондырғысында оператор болып бастаған. Зауыттағы еңбек өтілі - 13 жыл. Осы уақыт ішінде төмендегідей қызметтерді атқарған: 1998 ж. – №1 цехтың газ-реагент шаруашылығының бастығы; 2000 ж. – №3 цех бастығының орынбасары; 2001 ж. – күрделі құрылыс басқармасында жобаның жетекші үйлестірушісі; 2003 ж. – КҚБ жобаның бас менеджері, салынып жатқан өндіріс орны Дирекциясы бас директорының орынбасары. 2006 жылдың наурызында «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ – ының мұнай-химия департаментінің бас менеджері лауазымына ауысады. 2006 жылдың қыркүйегінен 2008 жылдың қарашасына дейін мұнай өңдеу департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 2008 жылдың желтоқсан айында Rompetrol Rafinare S. A. компаниясына (Румыния) бас директордың орынбасары болып ауысады. 2010 жылдың тамызында Rompetrol Rafinare S. A компаниясының бас директоры болып тағайыналды. 2012 жылы Rompetrol компаниялар тобы бас директорының орынбасары лауазымында қызмет етті.

Арман Қайрденов АМӨЗ-ында еңбек еткен жылдары өзін білікті маман, шебе өндіріс ұйымдастырушысы ретінде көрсете білді. Жапондық қайта жаңғырту жұмыстарына қатысты. Зауыт ұжымымен жете таныс. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ Құрмет грамотасымен марапатталған.

«АМӨЗ» ЖШС активінде жаңадан тағайындалған зауыт директоры А.Қ.Қайрденов өзінің атына білдірілген оң пікір мен ұсыныстар үшін Д.С.Тиесовке алғысын жеткізді. Өз сөзінде жаңа басшы көптеген зауыттықтармен қызметтес болғандығын айтып, өндіріс алдындағы міндеттерді шешуде зауыт ұжымына сенім артатындығын атап өтті.




Анықтама:

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС:

99,5% үлестің иесі «ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ.

«ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ - «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ 100% еншілес ұйымы.  

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ - көмірсутектерді барлау, өндіру және тасымалдау бойынша қазақстандық ұлттық оператор. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ 100% акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына» тиесілі.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет