Бастауыш класс мұғалімі Уразова Жаңагүл Жарылқасынқызының
«Оқушыларды оқуға және сауатты жазуға үйрету»
тақырыбындағы шығармашылық есебі.
Бастауыш білім- үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы. Осыған орай оқушыға белгілі бір көлемдегі білім дағдыларын меңгертумен бірге, оларды сауатты жазу мен оқуға үйрету – бүгінгі күннің басты талабы.
Бастауыш сыныпта екі жылдан бері айналысып келе жатқан мәселем- оқушыларды оқуға және сауатты жазуға үйрету болып табылады.
Бастауыш сыныптың қазақ тілі сабағында оқушыларды сауатты жазуға үйрету мұғалімнің басты міндеті.
Сауатты жазуды әуелден меңгермеген баланың жоғарғы сыныпқа барғанда түзелуі қиынға түседі. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылардың жастары қатар болса да қабылдау мүмкіндіктері әртүрлі.
Әр сыныптың өзіндік ерекшелігі ескеріліп зерттелгеннен кейін, білім деңгейіне сай тапсырма беремін. Сауат ашу кезеңінде сөйлем, сөз, буын, дыбыс ұғымдарын меңгертуде оқулықта берілген суреттер арқылы тіл дамыту жұмыстарын жүргіземін.
Сауатты жазу дегеніміз әріптерді тастамай, шатастырмай жазу.Оқушыға буындап оқыту, сөздерді буынға дұрыс бөлгізу керек. Буынды дұрыс меңгерген оқушы сауатты жазады. Ол үшін дыбыс пен әріп туралы түсініктерін 1- ші сыныптан-ақ дұрыс қалыптастыру қажет.Мысалы: Оқушыларға сөздердің құрамын ұғындыру және сөздердің дыбыстардан құралатынын білгізу мақсатында «Баспалдақтан кім бұрын түседі?» ойынын жүргіземін.
Дыбыс саны мен әріп саны үнемі бірдей бола бермейді. Мысалы, ащы (а-ш-ш-ы), аяқ (а-и-а-қ) сөздерінде әріп санынан дыбыс саны артық, ал лагерь, альбом сөздерінде дыбыс санынан әріп саны артық екенін және себептерін түсіндіріп кетемін.
2-сыныпта тілдің дыбыстық жүйесіне берілетін білім кеңейтіліп, күрделене түседі. Атап айтқанда, «У» дыбысы, «Е», «Я», «Ю» әріптері жеке-жеке қарастырылады.Мысалы: олардың жазылуы тақырыбында –ы,і әріптеріне аяқталған сөздерге «у» әрпі қосылғанда, жазуда ы, і әріптері түсіп қалатындығын меңгертуде «Дұрысын жаз» ойынын ойнатамын.
Қысқа й дыбысы мен ң дыбысының жазылу емлесінде өзіндік қиындықтары бар.Оны былай жинақтап көрсетуге болады. Й-ы,і дыбысынан кейін жазылмайды, тек мына түбірі тый,сый сөздеріне ғана жазылатындығы ескертіледі.
ң әріпі сөздің басында еш уақытта жазылмайды.Бұл дыбысты н дыбысымен шатастырып жазуы жиі кездеседі. Оны сөздерді салыстыру арқылы сөз мағынасының өзгеретіндігіне көз жеткізу керек. Және н- тіл ұшы дыбысы, ң- тіл арты дыбысы екенін үнемі тілмен жаттығу жасау
арқылы үйрету керек. «Дұрысын тауып жаз» Мені (н,ң), бізді (н,ң), оларды (н,ң). Қайсысы мағыналы. Қай уақытта дауысты и мен дауыссыз й-дің жазылатынына байланысты ереже еске түсірілуі қажет.
Қосарлы я,ю әріптері бар сөздерді жазуға көп қиындықтар туғызады.Я дыбысы дауысты дыбыстан кейін жазылса екі дыбыстың орнына жүреді.Мысалы: қоян,ұя, мая,таяқ.Я әрпінен бұрын ы,і дыбысының орнына и жазылады. Я әріпі орыс тілінен енген сөздерде де және қазақ сөздерінде де жазылады.
Сауатты жазуға тиімді әдістердің бірі- жатқа жазу. Мысалы:
Ақ түйіншек секеңдейді,
Сары түйіншек жетем дейді.
Жұмбақты қызыға шешу (қоян,түлкі) жаттау, оларды дұрыс жазып үйрену сауатты жазуға төселдіреді. Жұмбақтың шешулерін дұрыс жазу және осы сөздердегі әріптерден бірнеше сөз құрау арқылы сөздік қорын байытуға болады.
Оқушыны сауатты жазуға дағдыландырудың негізгі жұмысы- диктант. Ал, диктанттың бірнеше түрі бар.
Сауатты жазудың негізі әліппенің сауат ашу кезеңінде қалыптасады. Алғашқы әріптерді үйренісімен сабақ сайын сын жұмысы жазылады. Мұның бірі-әріп диктанты. Онда үйренген дыбыстарының әріптік таңбаларын қаншалықты меңгергенін байқап, ілесе алмаған оқушылармен қосымша мынадай жұмыстар жүргіземін:
-
баспа түріндегі әріпті көрсетіп, жазба түріне аударып жазғызу;
-
алфавиттен берілген әріпті іздеп табу, орнын білу;
-
сол әріптен басталатын сөз ойлату,немесе естіген сөзін ортасында,соңында тұрғанын байқату;
-
дәптердегі үлгі бойынша жазғызу;
-
берілген сөздің ортасындағы түсіп қалған әріпті қойғызу,т.б.
Жұмыс түрлері есінде қалғанынша жүргізіледі.
Әріп диктантын жазуға дағдыланған соң, сол әріптерден құралған буын диктантын жазу жалғастырылады.Бұл кезде оқушылар өздіктерінен дауысты, дауыссыз дыбыстарды ажыратып, ашық, тұйық буындарды құрастырып оқи алады.Буын диктантын әр түрлі үлгіде жүргізуге болады.Мысалы:
-
берілген баспа әріптерден буын құрату, оны алдарындағы арнайы тақташаларға жазғызу;
-
жоқ буындарды орнына қойып, сөз мағынасын түсіндіре білу;
-
буынға бөлгізіп жазғызу, т.б.
Әріп, буынды дұрыс жазып төселген соң, сөз диктантын бастауға болады. Оқушылар өзі естіген сөздің нақты мағынасын түсінумен қатар дұрыс буынға бөле білуі керек. Сондықтан диктант жазарда әр сөздің
мағынасын әрқайсысынан сұрап, білмеген жағдайда мұғалім өзі түсіндіріп, дайындық жұмыстарын жүргізіп алуы тиіс.
Сөз диктантында орны ауыстырылып берілген сөздерден тиянақты ойды білдіретиін сөйлем құрау, тірек сөздерді пайдаланып әр түрлі тапсырмалар орындату, суреттер бойынша сөйлем жазу жұмыстары күрделене түседі.
Сабақ сайын орындалған тапсырмаларға талдау жүргіземін:
-
қате жазылған әріптердің асты сызылып, оқушы өз қатесін өзі табатындай, есінде қалдыратындай бағыт беріледі;
-
жекеленген жұмыс беріліп, қатесін сол жұмысқа енгізу арқылы пысықтайды, қайталайды;
-
жазылуы күрделі сөздерді дәптеріне жаңа жолдан үлгі ретінде көрсетіп беремін;
-
ауызша жіберілген қатенің ережесін сұраймын;
-
оқушылардың өз-өздерін және бір-бірлерін тексеруі;
-
сөздерді тақтадан көрсетіп, жазған жұмыстарымен салыстырып, қателерін түзеттіремін.
Мұнда қате әріпті ғана емес, әріптер емлесінің дұрыс жазылуына да мән беремін, нәтижесінде бала көркем жазуға дағдыланады.
Барлық жұмыстарға да арнайы дәптер арнаймын. Әр балаға берілген тапсырма күнделікті жазылып, қаншалықты ілгерілеу бар екенін есепке аламын. Қате жазудың себептерін анықтаймын. Әр аптада алған білім көлемінің, жетілуі, өсіп, толысу дәрежелері туралы есебін шығарып отырамын.Әр оқушының осал тұсын ерекше назарда ұстап, сабақ барысында деңгейлік тапсырмалар беремін.Әрі теңестіру жұмыстарын үзбей жүргіземін.
Осындай шараларды назардан тыс қалдырмай үнемі іске асырып отыру арқылы еңбегімнің еш кетпей, нәтижелі болатынына сенемін.
Достарыңызбен бөлісу: |