Бастауыш сынып оқушыларына қол өнер арқылы экологиялық тәрбие берудегі ырым –тыйымдардың тәрбиелік мәні
Жанадилова Қарашаш Базарқызы, Секенова Балкүміс Байжанқызы әлеуметтік педагогикалық пәндер кафедрасының аға оқытушылары.
Қазіргі заманауи техниканың дамыған кезеңінде Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы басты міндеттеріміздің бірі – ұлттық құндылықтарымызды еске ала отырып, бастауыш сынып балаларына білім беру. Жаһандану кезеңінде болашақ ұрпақтың ақпарат ағымның ықпалына кетіп қалмай, өз халқының салт-дәстүрін, қолөнерін өз жерінің табиғаты арқылы қадірле білуге және сенім-нанымдарын тәрбиелеу, бүгінгі күнінің өзекті мәселесі екені айқын.
Табиғаттың өзі адамдардың маңдайына біткен керемет сый, оны бала бойына сіңіру, табиғаттың қорынан алынып, адам кәдесіне жарарлықтай тамаша қолөнер бұйымдарының алынуына көз жеткізу міндетіміз. Сондай қажеттіліктерінің бірі – халықтың қолөнері. «Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді» деп, М.Әуезов айтқанындай, өсіп келе жатқан ұрпағымызға өз халқының өнерін бойына сіңіріп өсіру – педагогтардың қазіргі кездегі кезек күттірмейтін мәселесі [1].
Жалпы, қазіргі таңда оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беруді жетілдіру педагогика ғылымында негізгі міндеттердің бірі болып саналады. Бастауыш сыныптарында қолөнер арқылы экологиялық тәрбие жұмысын жүргізуде мынандай екі ұстанымды басшылыққа алу ұсынылады:
1. Балаларға ағаштан жасалған әр түрлі бұйымдар негізінде табиғат туралы қарапайым мағлұмат беріп, оның әдемілігін көріп, сезіне білуге үйрету арқылы рухани жан дүниесін дамыту;
2. Ағаштан ойылып жасалған, тастан көмкеріліп жасалған әрбір қолөнер бұйымдарының әдемілігін сезіне отырып, бала бойына табиғатты қадірлей білуге үйрететіндей ырым мен наным сенімдерді үйрете білу жан дүниелерін ізгілендіретіндері сөзсіз.
Бұдан балалардың ізгілікті – адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда экологиялық тәрбие берудің құқықтық үлгісіне сәйкес, экологиялық тәрбие жұмысын адамгершілік, эстетикалық және халақтық педагогиканың тағылымы мол мұраларын пайдалану арқылы жүргізу қажеттілігі байқалады.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» - деген ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің көрегендік сөзі егемен қазақ елі үшін де тәрбие саласындағы бағдарламаларды мемлекеттік тұрғыдан қайта көз сүзіп қараудың қажеттігін алға тартып отыр [2].
Қолөнер арқылы экологиялық білім мен тәрбиені бала жанына сіңіруде ауыз әдебиет үлгілерін пайдаланудың да орны ерекше. Мысалы, «Ер - еліне, гүл - жеріне», «Ер – туған жеріне», «Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы», «Қарағайға қарап тал өсер, қырға қарап бала өсер», «Тау бұлағымен көрікті, бұлақ құрағымен көрікті», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Дәрі шөптен шығады, дана көптен шығады», «Бір тал кессең, он тал ек» т.б. Мұндағы басты насихаттайтын ұстаным:
Тәрбиенің негізі әдептілік, сондықтан өзінің өмір сүрген ортасында әдептілікті сақтау;
Кемтар, күші аз жандарға қайырымдылық жасап, қол үшін беруге шақыру;
Баланы жасынан еңбек сүйгіштікке шақырып, еңбекке баулу;
Әр уақытта білімге қызығып, дүниені тануға ұмтылу;
Қоршаған ортаны, табиғат – ананы сыйлау;
Қолыңдағы барды ысырапсыз шашпауға, яғни үнемділікке шақыру;
Елдің қорғаны болып, халқына адал қызмет жаса деген сезімді қалыптастыру;
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі - өмір бойы жалғасатын біртұтас үздіксіз үрдіс, оның даму барысында адамның этнос субъектісі ретінде этностық құндылықтарды, этноәлеуметтік рольдерді және өз халқының салт-дәстүрлерінде шоғырланған этностық нормаларды меңгеруі, этностық өзіндік санасын оятып, өз ұлтына, тіліне, тарихына, мәдениетіне деген мақтаныш сезімін және басқа ұлт өкілдеріне сыйластық, түсіністік сезімін қалыптастыру болып табылады.
Ырымдар мен нанымдар - оң және теріс бата, жылан арбау, күн жайлату, ауруды емдеу, кәріжілікті іліп қою, отқа май салу, дуалау, бәдік, алғыс-қарғыс, бақсылық және т.б.
«Білім негізі бастауышта» дегендей бүгінгі өмірге білімді, мықты, Отансүйгіш, салауатты өмір салтын сақтайтын, ұйымшыл, жан-жақты өнерлі, басқа ұлттарға дұрыс көзқараспен қарайтын, халықаралық қатынас тілдерін, басқа да тілдер білетін, басқа да халықтың мәдениетін білетін, өз халқының мәдениетін құрметтейтін, жеке тұлғаны қалыптастыру бастауыштан басталады [3].
Халықтық дәстүрлер, ырым – тыйымдар қазақ халқының рухани мәдениетін қолдауға мүмкіндік береді. Себебі онда балаларды әдемілікке, сұлулыққа, тәрбиелеу ережелерімен нормалары сақталған.
Табиғатты аялай білуге, қызығушылық пен қабылдауға үйрету материалдың қарапайымнан күрделіге, жеңілден ауырға, жалпыдан жекеге қарай болуын ескерту, эстетикалық талғамын жетілдіру және т.б., бастауыш сыныпта оқытудың дидактикалық принциптері негізіне алынды. Кіші жас балаларына өзінің туған жері мен оның табиғатына деген көзқарастары туралы терең мазмұнды түсінік беріп, қоршаған ортаға деген аялы көзқарасын қалыптастыру мақсатында біз экологиялық тәрбие беру жұмыстарының мазмұнына қазақ қолөнерін енгіздік. Өйткені өз тағдырын табиғатпен тамырластыра білген халық қана табиғатқа және оның жекелеген байлықтарына үнемі мейірімділікпен, жанашырлықпен қарауға ұмтылады. Халқымыздың мағыналы да мазмұнды ұғымдары ерте кезден-ақ табиғатқа қамқорлықпен қарап, табиғат байлықтарын ұқыпты пайдалануға бағытталған.
Күнделікті отбасында қолданылатын «сүтті жерге төкпе», «тұзды, нанды аяққа баспа», «бұтақты сындырма», «гүлді үзбе» және т.б. тыйым сөздер жаман әдет, жағымсыз іс-әрекеттен бойды аулақ ұстауға тәрбиелесе, суға байланысты айтылатын «ағын суды тоқтатпа», «құдыққа қоқыс тастама», «су ішкен құдығыңа түкірме» т.б. тыйым сөздер судың тазалығын сақтаудың адам өмірі үшін қаншалықты қажет екендігін аңғартады. «Өрмекшіні өлтірме», «аққуды атпа», «балалы үйрекке оқ атпа» және т.б. жануарлар дүниесін қорғауға, олардың адам баласы үшін ерекше маңыздылығын білдіріп, баланы адамгершілікке, сұлулықты сақтай білуге, мейірімділікке үйретеді.
Қоршаған ортаға қатысты тыйымдар.
Егінді, шалғынды бейсауат баспайды. Обал болады.
Көкті жұлса, «Көктей соласың» деп жамандыққа жориды.
Суға дәрет сындыруға болмайды. «Ағын судың арамы жоқ» деген сөз бар. Бұл суды басқалар пайдаланады.
Суға түкірмейді, өйткені бұл суды қайта ішуге тура келеді.
Ағын суды бұруға болмайды. «Судың да сұрауы бар», «Аққан су арнасымен ақсын», «Бидің жолы ақ, судың жолы сара» деген сөздер бар.
Құстардың ұясын бұзуға болмайды. Қарғаса, үй ішіне кесепаты тиеді.
Торғайдың жұмыртқасын шақсаң, бетіңе шұбар түсуі мүмкін.
Аққу киелі құс деп саналатындықтан, оны атуға, құс салуға болмайды.
Қыран құстарды атса киесі тиеді.
Кигіз үйдің шаңырағына қарлығаш ұя салса, балапандары ұшып кеткенше көшпейді. Қарлығаш адамға дос, сондықтан ұясын бұзбайды.
Байғыз киелі құс болғандықтан, оны ұстап алуға болмайды.
Үкіні ұстап алуға болмайды. Ұстаған күнде үкісін жүндеп алған соң, бір тойдырып, босатып жіберу керек.
Жапалақ пен жарқанатқа тиюге болмайды, қарғысы қатты болады.
Құмырсқаның илеуін бұзсаң, үй ішіне кесепаты тиеді.
Бақаны өлтіруге болмайды, жаңбыр жауады.
Жылан үйге кіріп кетсе, өлтірмейді, басына ақ құйып шығарады.
Жолбарыс, аюды көп ауламайды, оларды «аң иесі» деп санайды.
Өсіп тұрған ағашқа балта тигізуге болмайды.
От жағуға қураған ағашты, малдың тезегі мен қиын пайдаланады.
Жабайы аңды үнемсіз аулауға болмайды. Қажетіне қарай аулап, қалғандарының өсіп - өнуіне жағдай жасап отырады.
Қара суды сапырмайды [4].
Міне, осындай тиым сөздер табиғаттың сан алуан тіршілігіне байланысты айтылған болса, сол табиғаттың шикізаттарынан алынбайтын дүние жоқтың қасы. Мысалы: ағаштан бүкіл қазақтың музыкалық аспаптары, теріден тері бұйымдары, тастардан зергерлік әр түрлі әшекей бұйымдары жасалады т.б. Бұның бәрі біле білгенге қолөнер шеберлерінің табиғаттың тамашасынан алынып жасалынған бұйымдар. Жасалынған әр бұйымды насихаттай отырып, табиғатты аялау, сақтау, әр баланың борышы.
Қолөнер арқылы бала бойындағы әдемілікке, әсемдікке іңкәрлігін (инстинкт) оятып, табиғат сұлулығын сезіне білу қасиетін арттыруда экология тақырыбы таптырмайтын құрал. Айналадағы орман, өзен – көл, тау – тас, жайқалған жасыл желек, құстардың сайраған дауысы – осылардың бәрі балалардың ой – қиялын, әдемілікті көре білу қасиетін дамытады, талғамын қалыптастырады. Бұл тақырыпқа қалам тартпаған ақын – жазушы, ғалым кемде – кем. Көрнекті педагог В.А.Сухомлинский: «Табиғаттың әдемілігі бала жанының тазалығын тәрбиелеу мен жан дүниесін дамытуда үлкен орын алады»,-деген болатын. Осы сынды оқыту мазмұнындағы шығармаларды, қолөнер бұйымдар арқылы экологиялық тәрбиеге тірек ету – педагогтың басты міндеті. Бастауыш мектептерде экологиялық жұмыстардың орны ерекше. Экологиялық жұмыстардың мазмұны - оқушының теориялық білімін кеңейтіп, толықтыра түседі және оқушылардың жеке қабілетін дамыта түседі [5].
Қорыта айтқанда тәрбиенің қандайда бір түрін алсақ та, баланың мінез-құлқына тигізетін әсері сөзсіз. Сондықтан да өз этнопедагогикамыздың жан-жақты салаларын ұмытпай, өнердің әр түрлі саласымен тәрбиелеу қазіргі күні кезек күтірмейтін мәселелердің бірі. Осы орайда халқымыздың аяулы ұлы Бауыржан Момышұлының мына ойы еске түседі. «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқам. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ» деп зиялы азамат кезінде мұңайған екен. Қазіргі кезде өз өнерін баласына, қызына үйретіп, кілем тоқып, ұршық үйірумен айнылысып отыратын апалар, әжелер азайған тәрізді. Сондықтан баланы қолөнерге баулу және оны қызықтыру үшін ең алдымен оған үлгі алатындай жағдай туғызып, қазақ қолөнерінің әсемдік құпиясын табиғат арқылы көрсете біліп, сырын ашып көрсету қажет [6].
Демек, әйгілі суретші Әбілхан Қастеевтің мына өлең жолдарының:
«Өнерді таудың бұлағынан,
Қойдың құлағынан,
Апамның киізінен,
Қошқардың мүйізінен үйрендім.» деп, айтуы бекер емес.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Әуезов М.О. Көп томдық шығармалары. - Алматы: Дастан, 2001 ж.
2. Аль – Фараби. Избранные трактаты. - Алматы: Рауан, 1994.
3. Диваев Ә. Тарту. Құрастырған, алғы сөзін және түсіндірмелерін жазған Ф. Оразаева. Алматы: - Ана тілі, 1992 ж.
4.Шілдебаев Ж. Экологиялық білім мен тәрбиенің рөлі // Қазақстан мектебі, 2004ж № 8.
5.Науырыз: Жаңғырған салт-дәстүрлер. Құрастырған М. Қазбеков. - Алматы: Қазақстан , 1991 ж.
6. Момышұлы Б. Ұшқан ұя. - Алматы: Мектеп, 2009 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |