ӘОЖ 392.5 (574.5) Қолжазба құқығында
БАУДИЯРОВА ҚҰРАЛАЙ БАТЫРБЕКҚЫЗЫ
Оңтүстік Қазақстандағы бірұлтты және ұлтаралас некелердің тұрақтылығы мен сақталу мәселелері
07.00.07 – этнография, этнология және антропология
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2009
Жұмыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекші тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент А.Б. Қалыш
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор А.А. Асанканов,
тарих ғылымдарының кандидаты
Ж.Т. Ерназаров
Жетекші ұйым ҚР БҒМ ҒК. Р.Б. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институты
Қорғау 2009 жылы «____» ______________ күні сағат _____ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңесінде қорғалады.
Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Автореферат 2009 жылы «____» ____________ таратылды.
Диссертациялық кеңестің
Ғалым хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева
КІРІСПЕ
Тақырыптың сипаты. Қазіргі кездегі отбасын және ондағы процестерді зерттеу тек қана ғылыми-теориялық сипат емес, сонымен қатар тәжірибелік мазмұнға да ие болып отыр. Отбасы мәселесі, неке-отбасылық қатынастың нығаюы қоғамды да, мемлекетті де ойландырады. «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Отбасы мен неке адам баласының дүниеге келуімен, оның өсіп, қалыптасуын қамтамасыз етіп отырғандықтан, ол адамзат тарихының даму кезеңдеріндегі шешуші факторлардың бірі болып табылады. Мұның өзі отбасы мен неке тұрақтылығының үлкен қоғамдық мәселе екендігін айқындайды [1].
Жұмыстың өзектілігі Қазақ отбасы мен некелік қатынастарын этнографиялық тұрғыда зерттеудің ғылым үшін де, күнделікті өмір мүддесі үшін де зор маңызы бар. Ғылымның қазіргі табыстары қоғам дамуы мен этнография тарихын зерттеушілерге аса құнды, жаңа деректер беріп отыр. Тәуелсіздік алған Қазақстанда өтпелі нарықтық қатынастардың ауыр кезеңін бастан кешірген неке және отбасы жағдайы тарихи-этнографиялық және этносоциологиялық зерттеулерді қажет етеді. Қазақстанның болашақта тұрақты дамуы үшін неке және отбасы жағдайы тұрақты болуы қажет.
Неке тұрақтылығын зерттеу мақсатында Оңтүстік Қазақстан өңірі алынып отыр. Біріншіден, бұл аймақ қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы сақталынған жер. Екіншіден, қазақтармен қоса басқа да ұлт өкілдері (өзбек, күрд, тәжік, орыс) тұрады. Отбасы және некеге байланысты қызығушылықтың тууы отбасының өміршеңдігіне байланысты. Бала туылуына, яғни демографияға қатысты неке тұрақтылығы және неке құрылымының жақсару мәселесі мемлекеттік маңызға ие болып отыр. Оған дәлел, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссияның үкіметпен бірлесе отырып жасаған қазіргі гендерлік саясат жөніндегі стратегияның жобасы бола алады. Президенттің айтуынша: «Бұл мәселенің шешіміне еліміздің экономикалық өсу мақсаты тұрғысынан мән беру керек. Қоғамда неке және отбасылық қарым-қатынастарды ардақтау көзқарасын қалыптастырып, бұл құндылықтарды өскелең ұрпақтың санасына ерте бастан сіңіру қажет. Отбасының, әйелдер мен балалардың заңды мүддесі мен құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың дәл осындай тетігі бұрынғы Кеңестің кеңістік аумағында жоқ деуге болады» [2].
Неке құрылымы, ішкі отбасылық қатынас, отбасы құрамы, бала туу динамикасы – этникалық ерекшелік есебінде қаралады. Ұлтаралас некені зерттеу барысында кең көлемде этнодемографиялық және этносоциологиялық процестерді қамтуға болады. Ұлтаралас процестер мен этномәдени сипат, оның динамикасын, отбасы-неке қатынасының қазіргі қоғам дамуындағы орнын анықтау – жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Жұмыстың зерттелу деңгейі. Қазақ халқының, сонымен қатар басқа да халықтардың отбасы және неке мәселесі XVIII ғасырдан XX ғасырдың басына дейін, яғни қазан төңкерісіне дейін көптеген ғалымдардың зерттеу нысаны болды. Бұндай зерттеу, біріншіден Ресей әкімшілігінің қазақ халқының тарихы, этнографиясы, географиясы, жер астындағы байлықтары жөнінде білу мақсатында болса, екіншіден ғылыми қызығушылықтан туды. XX ғасырдың басында Қазақстанның жеке аймақтарынан қазақ жұртшылығының өмірін жан-жақты сипаттайтын бірнеше көлемді еңбектер жарияланды. Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың некеге тұруы мен үйлену салттары туралы А.Е. Алекторов жазған болатын. Ол қазақтардың арасындағы құда түсу рәсімдеріне, қызға төленетін қалыңмалдың мөлшеріне, жасауға кіретін заттарға, неке қию рәсімдеріне жан-жақты талдау жасаған. XX ғасырдың басында Түркістан өңірінде қазақ халқын этнографиялық тұрғыда зерттеп, төңкеріске дейін ғана 130 үлкенді-кішілі еңбек жариялаған Ә.А. Диваев болатын. Оның еңбектерінен қазақ өмірінің сан алуан жақтары жайында қызықты деректер, әсіресе үйлену тойына байланысты әдет-ғұрыптарды табуға болады. Бізге маңыздысы Сырдария облысы қазақтарының үйлену рәсімдеріне байланысты зерттеу жұмысы [3].
1926-1930 жылдар аралығында қазақ отбасы мен некесіне байланысты Б. Куфтин, В. Соколовскийдің, А. Штуссер, С.И. Руденко, Ф. Фиельструп, И.Д. Старынкевичтердің шағын еңбектері шықты. Көптеген мақалалар отбасындағы әйел роліне, ішкі отбасылық қатынасқа, отбасындағы міндеттерді бөлудің ескерілуіне, қалың мал алудың қарапайым халық үшін ауырлығына арналды. В.Г. Соколовскийдың еңбегінде көшпелі және отырықшы қазақ халқының экономикалық, рулық, статистикалық жағдайы жан-жақты талданған. Зерттелген ауылдардың ішінде қазақтардың 99% қалың мал беру нәтижесінде некеге отырған. Ол қалың малдың сақталу себебін шаруашылықтағы әйел адамның орнына байланысты деп түсіндіреді. А. Штуссердің мақаласында некеге ерте отырудың жақсы және жаман жақтары, республика бойынша некеге отыру жасы, жоғарғы буынның ерте некелесуге көзқарасы мазмұндалады. И.Д. Старынкевич қазақ, қырғыз, түркімен және Сібірдің түркі халықтарының некеге отыру түрлерін ашып көрсетеді. Автордың бұл мәселені көтеру барысында терең теориялық тұжырымдары орын алған.
1935 жылы П. Исаков Оңтүстік Қазақстанның Шәуілдір ауданында этнографиялық экспедиция жүргізді. Зерттеу барысында отбасында әйел еңбегі мен ер адам еңбегінің бөлінетіндігін анықтады. Некеге жаңа бағыт бойынша АХАЖ, кейін молдаға неке қиғызу арқылы отыратындығын айтты.
1947-1950 жылдары колхоз тұрғындарын зерттеу орын алды. Отбасы мәселесі, неке-отбасылық қатынастың өзгеруі отбасындағы тұрмыс арқылы қаралды. Бұған 1945 жылы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Ғылым академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының ашылуы себеп болды. 1947 жылы Алматы және Талдықорған облыстарына экспедиция жүргізілді. Нәтижесінде аталмыш институттың этнография секторының меңгерушісі Н.С. Сабитовтың неке-отбасылық қатынас, әдет-ғұрыптар, отбасылық салт-дәстүрлерге арналған мақаласы жарық көрді. Автор ішкі отбасылық қарым-қатынасқа талдау жасай отырып, әйел мен ер адамның парызына, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, отбасындағы келіннің орнына тоқталады [4].
1947 жылы Н.Н. Чебоксаров КСРО ҒА-ға қарасты Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография және этникалық антропология институты және Тарих, археология және этнография институтымен бірлесе отырып антропологиялық-этнографиялық экспедиция ұйымдастырды. Бұл экспедиция Алматы және Талдықорған облыстарының қазақ пен ұйғыр аралас алты ауданын зерттеді. Алматы облысының Кеген және Нарынқол аудандарын зерттеу барысында қазақ отбасыларының заманға сай өзгеруі, рулық қатынастың сақталу деңгейіне мән берілген [5].
1949 жылы О.А. Корбе Алматы облысы Кеген ауданы Сталин атындағы колхоз бен Жамбыл облысы Шу ауданы Белбасар колхозына этнографиялық экспедиция жүргізді. Экспедиция нәтижесінде жинақталған мәліметтерді мақала етіп басып шығарды [6].
1950-1960 жылдары «колхоз» тақырыбына байланысты бірқатар монографиялар мен диссертациялардың жарық көруі отандық тарихнама үшін елеулі оқиға болды, себебі бұл монографиялардың арасында біздің республикамызды қамтыған бірнеше жеке және ұжымдық зерттеулер бар еді. Отбасына байланысты Д.Х. Кармышева 1959-1960 жылдардағы Алматы облысының Талдықорған ауданындағы екі колхоздың этнографиялық мәліметтеріне сүйене отырып ауқымды мақала жазды. Автор қазақ колхоз жұмысшыларының отбасын және отбасылық тұрмысына талдау жасады [7].
1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында КСРО ҒА қарасты Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография және этникалық антропология институтының басшысы қызметіне Ю.В. Бромлейдің келуімен этнографиялық зерттеулердің өзектілігі артып, ғылыми ізденістің кеңістігі кеңейе түсті. Аталған жылдан бастап кешенді зерттеулер орын алды. Бұл жерде дәстүрлі ел аузынан жиналған этнографиялық деректер жаңа этносоциологиялық мәліметтермен толықтырылды.
Қазақ халқының неке-отбасылық қатынасын зерттеуде үлес қосқан белгілі отандық этнографтардың бірі – У.Х. Шәлекенов. 1966 жылы У.Х. Шәлекеновтың «Казахи низовьев Амударьи» атты еңбегі жарық көрді. Зерттеуші XVIII-XX ғасырларда өмір сүрген қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне, отбасылық әдет-ғұрыптарына, ішкі отбасылық қатынастарына тоқталады. Еңбекте неке құрудың екі түрін көрсетеді: қыз айттыру және құда түсу. Автор қыз ұзату, той, мұсылмандық жолмен неке қиюға жеке-жеке тоқталады [8].
1940-1970 жылдардағы Солтүстік Қазақстандағы ұлтаралас некелерді Ю.А. Евстигнеев зерттеді. Статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып, ұлтаралас некеге отыру заңдылықтарын, бағыттарын анықтады [9]. Осы кезеңде А. Жакипованың «Қазақстандағы неке-отбасылық қатынастарының дамуы» атты құнды монографиясы жарыққа шықты. Еңбекте неке-отбасылық құқыққа, ішкі отбасылық қатынасқа көңіл бөлінген [10].
Біз зерттеп отырған мәселеге жоғарғы буын отандық этнографтардың көрнектісі Х.А. Арғынбаевтың қосқан үлесі зор. Ол қазақ халқының дәстүрлі этнографиясының барлық бағытын: материалдық, шаруашылық, рухани, неке-отбасылық қатынасын терең зерттеген ғалым. Оның ғылыми-маманданған өте жоғарғы деңгейдегі «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты монографиясы 1973 жылы шықты. Зерттеу жұмысы Қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі Қазақстанның барлық облыстарын қамтыған алғашқы терең зерттеу жұмысы еді. Бұнда қазақтың отбасы мен неке формалары, әр түрлі отбасылық, некелік қарым-қатынастар, үйлену мен қалың мал төлеу, жасау беру ғұрыптары, сондай-ақ қазіргі қазақ отбасы мен некелік қатынастары этнографиялық тұрғыда жан-жақты сипатталады. Монография өзінің ғылыми құндылығын жоймағандықтан, 1996 жылы қайта басылып шығарылды. Еңбектің маңыздылығы сонда, автор Қазақстанның барлық аймағын қамтыған 20 жылға созылған өзі жинаған этнографиялық зерттеулерімен қатар архив құжаттарын, тарихи-әдеби деректерді байланыстыра білген. Бұл деректердің ішіндегі құндысы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары бойынша жүргізген неке және отбасына байланысты этнографиялық мәліметтері.
Н.А. Кисляков бүкіл Орта Азия халықтарының неке және отбасы тарихын терең зерттеп жазды. Автор Орта Азия халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін этнографиялық тұрғыда жан-жақты талдау жасаған. Оның ішінде құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, үйлену тойы барлық түркі халықтарымен салыстырмалы түрде берілген.
1970-1980 жылдардың ортасынан және одан кейінгі кезеңдерде этносоциологиялық зерттеулер өз жемісін бере бастады. Себебі, осы кезеңдерде этносоциология ғылымы білікті мамандармен толығып, социологиялық тұрғыда зерттеудің жаңа әдістері жасалды. Неке-отбасылық қатынасты қамтыған қазіргі этномәдени процестердің ғылыми бағытын анықтау КСРО ҒА қарасты Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография және этникалық антропология институтының этносоциологиялық зерттеулер секторының басшылары Ю.В. Арутюнян мен Л.М. Дробижеваның тағайындалуымен артты. Жұмыстарда этносоциологиялық зерттеулердің ақпараттық негізі едәуір кеңейіп, математикалық статистика, математикалық логика әдістерін пайдаланудың маңызы күрт өсті.
Орта Азия елдері арасында этнология ғылымының осы бағыты көршілес Қырғызстанның этносоциолог ғалымдарымен белсенді игерілді. Зерттеуші С.И. Каракееваның еңбектері отбасындағы бос уақытты ұйымдастыру мәселесіне арналған. Бұл неке тұрақтылығына әсер ететін фактор. Белгілі қырғыз ғалымы А.А. Асанқанов зерттеу барысында этнографиялық әдіспен қатар этносоциологиялық талдауды кеңінен пайдаланды [11].
Қазақстанда дәстүрлі этнографиялық әдіспен қатар этносоциологиялық зерттеуді тұңғыш Қаз КСР ҒА қарасты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының қызметкері Х.А. Қауанова қолданды. 1982 жылы «Жұмысшы отбасының өмірі мен тұрмысының бейнесі» атты монографиясын жарыққа шығарды. Онда әртүрлі этнографиялық зерттеу әдісімен қатар ең алғаш этносоциологиялық мәліметтер пайдаланылды. Бұл жұмыста автор Алматы, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында тұратын әр түрлі ұлт өкілдеріне жататын жұмысшы отбасыларына көңіл аударған. Жұмыс барысында 2600 хабаршының жауабы жинақталған. Қазақстандағы металлургтер мен кеншілердің арасындағы этномәдени процестер де кеңінен қаралған [12].
1984-1986 жылдары Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының ғалымдары ел арасынан жиналатын деректердің дәстүрлі әдістерін пәнаралық этносоциологиялық зерттеуде қолдануды тұңғыш рет енгізді. Ол «Қазіргі кезеңдегі ауыл отбасының тұрмысында жаңашылдық пен дәстүршілдік» атты жоспарлы тақырыппен Алматы облысының Шелек және Кеген аудандары мен Талдықорған облысының Киров ауданында тұратын ауыл тұрғындарының арасында орындау барысында тәжірибеден өткізілді. Сауалнамаға қазақ, орыс, ұйғыр ұлтының өкілдері арасынан ұзын саны 1000-нан аса респондент қатысты. Сауалнама отбасы құрамына, ішкі отбасылық қатынасқа, дәстүрлердің сақталуына арналды [13].
Қазақ отбасының әдет-ғұрыптарындағы мұсылмандыққа дейінгі сенімдердің сақталуын белгілі этнограф, ғалым Ә.Т. Төлеубаев зерттеді. 1991 жылы ғалымның «Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов» атты еңбегі жарық көрді [14]. Автор көп жылдық этнографиялық мәліметтерді жинай отырып, қазақтардың наным-сеніміне талдау жасады.
Жетісу аймағындағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды белгілі отандық этнограф С.Е. Әжіғали зерттеді. Автор үйлену және жерлеу-жөнелту әдет-ғұрыптарын жан-жақты ашып көрсеткен. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты шығарған «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты этнографиялық мақалалар жинағында С.Е. Әжіғалидің «Жетісу қазақтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты мақаласы жарық көрді [15].
Оңтүстік, Батыс, Солтүстік, тіпті Қазақстанның барлық аймағындағы неке, отбасы, ажырасу мәселелерін зерттеуде Х.А. Арғынбаевтың шәкірттерінің бірі – А.Б. Қалыштың еңбегі ерекше. Ол өз зерттеулерінде дәстүрлі этнографиялық деректермен қатар этносоциологиялық мәліметтерді ұтымды қолданған. Зерттеу барысында автор этносоциологиялық мәліметтермен қатар мұрағат, АХАЖ, халық соты және т.б. статистикалық құжаттарды кеңінен пайдаланған [16].
1991 жылы республиканың солтүстік-шығыс (Көкшетау, Павлодар, Целиноград, Семей) және оңтүстік (Шымкент, Жамбыл, Алматы) облыстарының 13 ауылдық кеңесінің материалдары бойынша жас ғалым О.Б. Наумова зерттеуін аяқтады. Автор диссертациялық жұмысында қазақ халқының көпұлтты ортадағы этникалық тұстарына, отбасылық тұрмысына, отбасы құрамына, этникалық сана-сезіміне ерекше көңіл бөлген.
Арқалық қаласында В.В. Гриценко этнографиялық, этносоциологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, Солтүстік Қазақстандағы ұлтаралас неке дамуына өзінің ғылыми жұмысын арнады. 1897 жылдан 1979 жылдарға дейінгі аралықты қамтыған статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып, бірұлтты және ұлтаралас некелерді салыстыру әдісін қолданды. Алғаш рет қаладағы отбасылардың тұрақтылығына талдау жасалды [17].
C.Х. Шалғынбаева қазіргі этномәдени процестерді зерттей отырып, Алматы мен Тараз қалаларының тұрғындары арасында жүргізілген этносоциологиялық сауалнама материалдарын өз еңбегіне арқау етті. Автор дәстүрлі отбасылық рәсімдерді қарастыру барысында ішкі отбасылық қатынастағы дәстүршілдік пен жаңашылдықты ашып көрсеткен.
Н.Ж. Шаханова «Мир традиционной культуры казахов» атты монографиясында отбасындағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға кеңінен тоқталады. Бұл әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің орындалуын халықтың дүниетанымымен байланыстырады.
2005 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты этнографиялық мақалалар жинағының бірінші томын шығарды. Бұл жинақ аталған институттың 2001 жылы шығарған «Обычаи и обряды казахов в прошлом и настоящем» атты зерттеу жұмысын толықтырды. Мақалалар аймақтық ерекшеліктерге байланысты Қазақстанды түгел қамтыды. Мысалы: М. Ибраев Сарыарқа қазақтарының салт-дәстүр ерекшеліктеріне тоқталса, Ү.Қыдыралин Батыс Қазақстан, С. Әжіғали мен Н. Байғабатова Жетісу қазақтары, А. Құдайбергенова мен Қ. Бекбалақ Оңтүстік Қазақстан қазақтарының әдет-ғұрпындағы ерекшеліктерді талдады.
2006 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты этнографиялық мақалалар жинағының екінші томын шығарды. Еңбекте Кеңес дәуіріне дейінгі авторлар мен зерттеушілердің отбасылық қазақ салт-дәстүрлері туралы еңбектері жарияланды. Бұл кітап бірінші томның жалғасы болып табылады. Әсіресе, біз үшін үйлену салттарына байланысты тарауы құнды болып есептелінеді.
З.Ж. Жаназарованың монографиясы «Современная семья в Казахстане и ее проблемы» деп аталады. Монография отбасының теориялық-методологиялық мәселелеріне арналған. Онда қазақ отбасыларының қазіргі жағдайына талдау жасалады. Некеге отыру мақсаттары, неке тұрақтылығына әсер ететін факторлар, ажырасу себептері, қазіргі отбасылар түрлерін толық қамтыған [18].
Республика халқының, оның ішінде Оңтүстік Қазақстандағы қала және ауыл тұрғындарының ұлттық құрамы мен әлеуметтік дамуындағы әр түрлі мәселелерді жете түсіну үшін отандық тарихшы-демографтардың нақтылы зерттеулеріне түпкілікті зер салу қажет. Қазіргі кезеңдегі әлеуметтік және этнодемографиялық процестерді зерттеумен айналысып жүрген ғалымдардың арасынан Ф.Н. Базанова, М.Б. Тәтімов, М.Х. Асылбеков, В.В. Козина, Ә.Б. Галиев, А.Н. Алексеенко және т.б. ғылыми ізденістерін ерекше атап өткен жөн.
Жұмыстың алға қойған мақсаттары мен міндеттері. Нақты тарихнамалық талдау нәтижесі Оңтүстік Қазақстандағы неке-отбасылық қатынастың ерекшелігін ашатын ғылыми жұмыстардың аздығын көрсетті. Бұл ең бірінші моноэтникалық және полиэтникалық аудандардағы бірұлтты және ұлтаралас некелердің тұрақтылығына әсер ететін факторларға байланысты. Бұл мәселені ашып көрсету мақсатында нақты аймақты таңдау арқылы, Оңтүстік Қазақстан мысалында толықтырамыз.
Нақты тарихи-этнологиялық, оның ішінде этносоциологиялық материалдар мен ел арасынан жиналған деректерге сүйене отырып, Оңтүстік Қазақстандағы бірұлтты және ұлтаралас некелерді зерттеудегі мақсатымыз – неке тұрақтылығын анықтау. Көтерілген мәселелер әлеуметтік-тарихи тұрғыда қаралады. Көзделген мақсатты жүзеге асыру үшін, алдымызға мынадай міндеттерді қойдық:
-
отбасының негізгі міндеттерін талдау, ұлттық және жаңа сипаттық байланысын анықтау, қазіргі кездегі отбасы мазмұнын ашу;
-
ұлтаралас қатынаста және ұлтаралас неке дамуында жаңа бағыттарды көрсету;
-
нақты статистикалық мәліметтерге талдау жасай отырып, бірұлтты некеге қарағанда ұлтаралас неке ерекшелігіне тоқталу.
-
некелік қатынаста некеге тұру, жасын, неке қию түрлерін, неке тұрақтылығын анықтау;
-
ажырасқан отбасындағы балалардың психологиялық жағдайын қарастыру.
Жұмыстың хронологиялық шеңбері: 1980 жылдардың екінші жартысынан бастап 2000 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезең тарихи оқиғалар мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге толы. Атап айтқанда, М.С. Горбачевтің реформалары мен қайта құрулары, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, Кеңес одағының ыдырауы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануы, нарықтық экономикалық жүйені қалыптастыру жолындағы қиыншылықтар мен қайшылықтар және т.б. Нақ осы жылдары жоғарыда көрсетілген оқиғаларға байланысты неке-отбасылық қатынаста да үлкен өзгерістер болды. Әрине, 1990 жылдардағы экономикалық тоқырау әсерінен ажырасу, бала тууды шектеу орын алды. Аталған жағдайлар Кеңес үкіметі кезіндегі және одан кейінгі отбасы, неке мәселесін салыстыра отырып жазуға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының хронологиялық аспектіде жоғары және төменгі уақыт аралығымен шектелуі қай жағынан алсақ та орынды болып табылады.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері. Зерттеу жұмысы жалпы ғылымдық (анализ, синтез, жүйелі әдіс) тарихи, этнографиялық және этносоциологиялық әдістерге, статистикалық материалдарды талдауға негізделеді. Диссертациялық жұмыстың теориялық негізіне Ю.В. Бромлей, А.Г. Харчев, Ю.В. Арутюнян т.б. ғалымдардың теориялық ойлары мен тұжырымдары басшылыққа алынды. Әдістемелік негізі Х.А. Арғынбаев, У.Х. Шәлекенов, Ә.Т. Төлеубаев, С.Е. Әжіғали және т.б. отандық этнографтардың ғылыми зерттеулеріне сүйенеді. Зерттеу барысында нақтылы тарихи әдіс – тарихи хронологиялық, тарихи-салыстырмалы әдісті пайдалану, этнографиялық әдіс – жеке бақылаулар, дерек білетіндермен сұхбат, статистикалық әдіс мәліметтерін талдау қолданылды.
Зерттеу жұмысының негізгі дерек көздері ретінде ел арасынан жинаған этнографиялық материалдар, этносоциологиялық, статистикалық мәліметтер, мерзімді басылымдар алынды. Диссертацияда қолданылған деректер өзінің ақпараттық құндылығы мен мазмұндық дәрежесіне қарай топтастырылды.
Деректердің бірінші тобын 1998 жылы «Түркістанның қазіргі этникалық және этномәдени процестері» (жетекшілері З.Қ. Исабеков пен А.Б. Қалыш) атты ғылыми-зерттеу тақырыбы бойынша жүргізілген этносоциологиялық зерттеулердің материалдары құрады. Жұмыстың зерттеу нысаны ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қалалық әкімшілігіне қарасты Ясы, Сауран, Үшқайық пен Шорнақ село округтері алынды. Сұрақ қоюға қатысқандардың жалпы саны Түркістан ауданында 1443 қазақ пен өзбекті, орысты құрады. Зерттеу жұмысы барысында статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып (халық санағы материалдары) Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының отбасы құрамы, ішкі отбасылық қатынаста: әйел және келін орны, бала саны тізімі, ұлтаралас некеде: некеге отырған ұлты, оған сыртқы ортаның әсері, неке тұрақтылығына қатысты жауаптар, жолдастық және көршілік қатынастың даму дәрежесі, ұлтаралас некеге көзқарас, ұлтаралас некенің жиелігі анықталды.
Деректердің екінші тобын 2005 жылы Алматы қаласында жүргізілген этносоциологиялық сауалнама жауаптары құрайды. Зерттеу барысында 15-19 жас аралығындағы 100 респондентке ұлтаралас некеге отыру, ұлтаралас неке тұрақтылығы, ұлтаралас отбасындағы жастардың ұлтын таңдауына байланысты сұрақтар қойылды. Сұрақтар анкета түрінде жүргізілді. Анкета үш бөлімнен құралған: жалпы мәліметтер, тіл, ұлтаралық қатынас. Әр бөлім 9 сұрақтан тұрады. Сауалнамаға қатысқан респонденттер қазақ, орыс, кәріс, түрік, ингуш, шешен, ұйғыр ұлттарымен араласқан отбасыларынан шыққандар.
Деректердің үшінші тобын 1979, 1989, 1999 жж. Қазақстан Республикасының халық санағы мәліметтері құрайды. Бұнда біз зерттеп отырған төрт облыспен қатар, бүкіл республика бойынша статистикалық көрсеткіштер бар. Халық саны, неке және отбасы, қазақтар мен басқа ұлттың үлес салмағына байланысты мәліметтер біз үшін құнды.
Деректердің келесі тобын Оңтүстік Қазақстан өңірі бойынша ел арасынан жинаған мәліметтер құрайды. Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай аудандары, Жамбыл облысының Талас, Шу, Меркі, Жуалы аудандары, Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби, Арыс, Шардара аудандары, Қызылорда облысының Жалағаш, Шиелі, Арал аудандары тұрғындары отбасы құрамына, ішкі отбасылық қатынасқа, неке тұрақтылығына, ұлтаралас отбасына, ажырасу себептеріне байланысты құнды мәліметтер берді. Диссертациялық жұмыста баспасөз беттерінің материалдары кең пайдаланылды.
Достарыңызбен бөлісу: |