БЕЙВЕРБАЛДЫ ҚАТЫСЫМ ҚҰРАЛДАРДЫҢ ТІЛДЕГІ ҚЫЗМЕТІН ЛИНГВОМӘДЕНИ ТҰРҒЫДАН ҚАРАСТЫРУ
Оңалбаева А.Т., Абай атындағы ҚазҰПУ доценті, филология ғылымының докторы
Есжанова Г.Қ., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымының кандидаты
Ұзақ жылдар бойы бейвербалды амалдарды паралингвистикалық тұғыдан зерттеумен қатар, лингвоцентрикалық қырынан зерттеу орын алды, оған сәйкес бейвербалды амалдар лингвистикалық алғышарттар негізінде бейне бойынша және адамның қарым-қатынас тілі ретінде зерттеле бастады. Психологтар Е. Фейгенберг пен А. Асмолов бейвербалды амалдарды лингвоцентрикалық тұрғыдан зерттеудің өріс алуын былайша түсіндіреді: «қазіргі заманғы адам сөздер әлемінде, лингвистикалық әлемде өмір сүреді, «алдымен сөз пайда болды» деген көне пікір бейвербалды амалдарды мінез-құлық тұрғысынан және әлеуметтік ғылымдар тұрғысынан зерттеу қажеттілігін анықтайды»
Осы бағыттағы бірқатар ғылыми еңбектерден кейін, батыс ғалымдары бейвербалды амалдарды лингвоцентрикалық және паралингвистикалық тұрғыдан зерттеуді азайтты. Сол кезеңнен бастап (40-70-жылдар) іскери тәсіл пайда болды, оның негізгі мәні бейвербалды коммуникацияны жеке ойды білдірудің тікелей арнасы ретінде қарастыратындығында. Қазіргі таңда іскери әдіс жеке бір ғылыми бағытқа айналды, оны психологтар тұлғалық әдіс деп атайды, оған сәйкес бейвербалды амалдарды тұлғаның өмір сүру формасына, сондай-ақ тұлғаны қалыптастыру және дамыту формасына байланысты, сондай-ақ тұлғаны жеке индивид ретінде және социумдағы қарым-қатынсқа түсуші субъект ретінде мақсатты түрде қалыптастыру көзделеді. Осы тұрғыдан алғанда, бейвербалды амалдарды әлеуметтік контексте қарастыру психологияның басты жетістіктерінің бірі деуге болады. Бірақ бейвербалды амалдарды зерттеуде кейбір ресей психологтары әлі де паралингвистикалық немесе лингвоцентристикалық көзқарастарды ұстанады.
Тіл дегеніміз екі маңызды вербалды және бейвербалды жүйенің кешенді бірлігі. Сөйлеу актісінде қолданатын бейвербалды компонеттер артық сөздерден арылуға мүмкіндік береді.
Тілдік қатынас - көп қырлы құбылыс, тілдік қатынас барысында мақсатқа жету үшін ақпарат алмасудың түрлі тәсілдері қолданылады.
Тілдесу кезінде бейвербалды амалдарды қолдану сөзімізге, сөйлемдерге эмоционалды әр береді. Бейвербалды амалдарды қолдану сөйленімнің ең маңызды тұсына көңіл бөлуге, соған ерекше мән беруге ықпал етеді.
Жалпы қимылдар, мимикалар, яғни кинесикалық мінез-құлық коммуникативтік актінің маңызды бөлігі, кейде тіпті міндетті компоненті болып табылады.
Бейвербалды коммуникацияда тек тілдік элементтер ғана емес, сонымен қатар интонация, темп, эмоционалдық және стилистикалық бояулар да маңызды рөл атқарады. Коммуникацияда кез-келген бейвербалды амалдар – таңбалар, белгілі бір ақпараттық қызмет атқарады. Адам өмірінің барлық саласында бейвербалды мінез-құлық маңызды орын алады.
Бейвербалды амалдар физиогномика, психология, әлеуметтану ғылымдарының зерттеу нысаны болып табылатындығына қарамастан, соңғы жылдары бейвербалдарды амалдарды лингвистикалық тұрғыдан зерттеу кең өріс алып келеді.
Бейвербалды амалдар коммуникативтік лингвистика ғылымының зерттеу нысанына айналып отыр, бұл салады жазылған еңбектер аз емес: когнитивтік лингвистика бойынша (Андреева, Аристов, Гоффманова, Колокольцева, Кормилицына, Мартынова, Пигрова); және психолингвистикада (Залевская, Клестов, Корнилов, Кривоносов, Мечковская, Потапова); мәтін лингвистикасы бойынша (Алексеев, Анисимова, Мисонжников, Пойманова т.б.).
Бейвербалды амалдар – түрлі семиотикалық жүйелердің таңбалары болып табылады, олар сөйленімді (высказывание) ұйымдастыруға, яғни құрастыруға қатысады.
Сөйлеу әрекетінде вербалды компоненттер бейвербалды компонеттермен салыстырғанда белгілі бір дәрежеде тәуелді болып келеді.
Ал бейвербалды компонеттер әмбебап десе де болады, олар тек мәдениетке, дәстүрге тәуелді болуы ықтимал, сондықтан жалпыға ортақ әлеуметтік тіл болып саналады. Кейбір бейвербалды компоненттер әр түрлі халықтың тілінде кеңінен таралған және біртектес заттар мен құбылыстарды білдіреді, бірақ кейбір ым, ишаралар түрлі халықтарда әр түрлі мағына беретін жағдай да болады.
Мысалы, бет шымшу абхаз халқында немқұрайлықты білдірсе, қазақ халқында бұл ым - ұялуды, таң қалуды білдіреді.
Мысалы: адамдар ренжіген кезде, қабағын түйеді, кейіген адамына көзін алайтып қарайды. Әр түрлі халықтарда бейвербалды тілге жататын соматизмдердің де олардың вербалды эквиваленттері сияқты ұлттық ерекшеліктері болады. Соматизмдер адамның бейвербалды қатысым әркетіне жатады, яғни паралингвистика саласында қарастырылады, соматизмдерге адамның жалпы моторикасының белгілі бір қасиеттері, дене тілі, бас, бет, қол, саусақ қозғалыстары жатады [1, 58].
Қорыта келгенде, кең мағынада соматизмге адамның жестері, мимикалары, позалары (тұрысы), көзқарасы, тілдесушілер арасындағы қатысым қашықтығы, жақындасу т.с.с жатады.
Қазақ мәдениетінде бейвербалды амалдарға үлкен мән беріледі. Тілдегі бейвербалды амалдар халықтың рухани мәдениетінен хабар береді. Вербалды және бейвербалды амалдар тілдесімде белгілі бір дәрежеде бір-біріне тәуелді болуы да, мүлдем тәуелсіз болуы да ықтимал. Тіліміздегі бейвербалды амалдар дабыстық тілмен қатар жүре отырып, вербалды компоненттермен үйлесімде қолданылып, табиғи тілдегі сөйленімдерді ауыстырады.
Қазақтардың тіліндегі бейвербалды компоненттердің ішінде жестер (ым-ишаралар) маңызды рөл атқарады, олар – ұлттық ерекшеліктеріміз бен мәдениетіміздің көрінісі. Ым-ишаралар (жесты) тілдік қатынастағы үнемдеу факторлары болып табылады және ақпаратқа қосымша эмоционалды-экспрессивті рең үстейді.
Қазақ мәдениетінде түрлі жағдайларда қолданылатын эмоционалды ым-ишаралар бар.
Мысалы, ұятты жағдайларда қазақтар келесі қимыл-қозғалыстарды қолданады:
басын төмен түсіреді,
бетке тік қарамайды,
бетін шымшиды,
алақаын ысқылайды,
желкесін қасиды.
Ал екі қолды соға шапалақтау - қуынашты білдіреді.
Соңғы он жылдықта тілші ғалымдар коммуникация теориясын сөйлеуші тұлға тұрғысынан қарастыра бастады. «Коммуникация» және «общение» терминдерінің, яғни «қарым –қатынас» және «байланыс» сөздерінің ара жігін ажыратып алуды ұсынады.
Атап айтар болсақ, С.А.Левина олардың арасындағы айырмашылықты былайша түсіндіреді: «коммуникация адамның ойлау әрекетін немесе ойын өзгертуге әсер ету мақсатында ақпарат беруге бағытталған. Ал «байланыстың» мақсаты - өзара ақпарат алмасу мақсатында ғана емес, сондай-ақ эмоцияларымыз, көңіл-күйімізді білдіру үшін байланысқа түсу, коммуникация үшін байланыс екінші орындағы мәселе, ол тек нәтижеге жету амалдарын жеңілдету немесе қиындату факторлары болып табылады. Байланыс тікелей тілдесім кезінде пайда болады, ал коммуникация оны қажет етпейді [2, 11].
Дискурс саласымен қатар, кинесика ғылымын зерттеудің (қимыл-қозғалыс тілі) көкейкестілігі мен маңыздылығы күннен күнге артып келеді. Оның маңыздылығы ең алдымен бүгінгі заман адамының іскери, саяси т.б. кескін –келбетін қалыптастырумен байланысты.
Әрине, сайлаушылар алдында кандидаттың саяси бейнесі айқын, әрі нақты болғаны абзал: сөз саптауы, қимыл –қозғалысы, мимикасы, себебі олар қарым-қатынасқа түсуші адамның, яғни сөйлеушінің имиджін қалыптастыруға әсер етеді. Сондықтан, дене тілін қазіргі таңда жаңа қырынан зерттеу тіл білім ғылымындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ол үшін алдымен алдымен қимыл –қозғалыс белгілерінің табиғи кинесикалық сипатына тоқталған жөн.
Ондай белгілер Т.М.Балыхина, О.В.Харитонованың еңбектерінде былайша топтастырылған:
А) адамның жеке темпераментіне байланысты туындайдтын жеке физиологиялық ерекшеліктері;
Б) қалыптасқан қарым-қатынас жасау мәнері, киім кию, шаш қою үлгілері;
В) жағдайға, оқиғаға байланысты, әсіресе кәсіби қажеттіліктерге байланысты еріксіз туындайтын адамның өзіндік дене қозғалысы [1, 141].
Бейвербалды қатынастың әрбір элементі маңызды, өйкені әрбір қимыл белгілі бір ақпаратты хабарлайды және басқа элементтерден ақпараттық, басқару, аффектілік қызметтерімен ерекшеленеді: жест қобалжуды білдіреді; мимика адамның ішкі жан дүниесінен хабар береді; көздің қозғалысына байланысты біз қатынастың сипатын айқындасақ, поза (адамның тұрысы) бір адамның екінші адамға деген көзқарасын байқатады.
Бейвербалды амалдар арқылы берілетін ақпараттар вербалды ақпараттарға қарағанда шынайы, сенімді болады, себебі бейвербалды тіл сана арқылы басқарылмайды, ол сөйлеу барысында көбінесе еріксіз шығып, түйсікте шартты түрде туындайды.
Профессор Альберт Мерабиан: «...қарым-қатынас жасау барысында үш фактор маңызды роль атқарады: біз нені айтамыз – 7 пайыз; қалай айтамыз – 38 пайыз, дене тілі (қимыл) – 55 пайыз» -деп атап көрсетеді [3, 7]. Бұл пікірді М.А.Поволяева, О.А.Рутер де қолдайды.
Жоғарыда айтылғандарды тұжырымдай келе, сөйлеу әркетінде ақпараттың 55 пайызы бейвербалды амалдар арқылы беріледі деген қорытынды жасауға болады.
Бейнені қалыптастыру барысында субъектінің саясаткер, қайраткер, әртіс, музыкант ретіндегі танымалдығы ескерілуі қажет. Психологтар қатынас жасау тәсілдерін былайшы жіктейді:
А) коммуникативтік қарым-қатынас тәсілдері, яғни тыңдаушының қабылдауы мен түсінуі сөйлеушінің айтайын деген ойына сәйкес келуі;
Б) ақпараттық қатынас тәсілдері, бұл жағдайда сөйлеуші қаламаса да сұхбаттасушы, яғни қатынасқа түсуші болып саналады [4, 10].
Адам арасындағы қатысым кезіндегі бейвербалды әрекеттерді тәкпірлеу, түсіндіру барысында В.А.Лабунская мынадай тұжырым жасайды:
-
Бейвербалды іс-әрекет – адамның мінез-құлқындағы маңызды әрекеттердің бірі;
-
Бұл күрделі құрылымның қалыптасуы;
-
Бейвербалды мінез-құлық пен тілдесім бір-бірімен тығыз байланысты құбылыстар;
-
Бейвербалды амалдар: бейвербалды әрекет және бейвербалды интеракциялар болып бөлінеді;
-
Интерпретация үдерісі интерпретациялық схеманың (сұлбаның) құрылуына ықпал етеді, олардың өзгерісі әлеуметтік –перцептивтік міндеттер жүйесін құру негізінде жүзеге асырылуы қажет [5, 36-39].
Телебағдарламалар, көркем фильмдер т.б. материалдары негізіндегі диалогтік дискурс аясындағы ауыз екі сөйлеу формасын зерттеу, яғни фильмнің суреті мен дыбысталуына қатар талдау жасау тіл мен сөйлеудегі дене қозғалысының қағидалары мен заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік береді.
Біздіңше, генетикалық жағынан жақындығы жоқ тілдердің кинескалық ерекшеліктерін салыстыра отырып зерттеу - маңызды әрі қызықты мәселе, себебі ойды вербалды амалдар арқылы да, бейвербалды тәсілдер арқылы да жеткізудің өзіндік табиғи ерекшеліктері болады.
Біздің мақсатымыз – біріншіден, олардың тарихи, әлеуметтік және мәдени шарттарын анықтау, екінші жағынан – психологиялық, эмоциональдық, мінез-құлықтық факторларын айқындау.
ӘДЕБИЕТ
1. Балыхина Т.М., Харитонова О.В. Коммуникативный портрет преподавателя русского языка: профессионально-педагогическая речь как лингводидактический дискурс: Учебное пособие. – М.: Изд-во РУДН., 2006. – 238 с.
2. Левина С.А. Основы теории коммуникации: Учеб. пособие. Ч 1. – СПб: СПб ГИЭУ, 2006. – 71 с.
3. Поволяева М.А., Рутер О.А. Невербальные средства общения.- Ростов-н/Д., 2004.
4. Сынкова К.В. Язык жестов. – М.: АСТ; Донецк: Сталкер, 2007. – 126 с.
5. Лабунская В.А. Интерпретация невербального поведения в межличностном общении. – АДК. М., 1989. - 41 с.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматриваются невербальные средства общения как важная часть дискурса. Невербальные средства общения тесно связанные с конкретным речевым актом, так как они опираются на широкий культурный контекст.
SUMMARY
In article nonverbal means of dialogue as an important part of a discourse are considered. Nonverbal means of dialogue closely connected with the concrete speech certificate as they lean against a wide cultural context.
Достарыңызбен бөлісу: |