Белгібаева, Г. Өмірі мен қызметі – патриотизмнің үлгісі / Г. Белгібаева // Орталық Қазақстан. 2005. 2 сәуір



Дата16.06.2016
өлшемі104.57 Kb.
#140026
Белгібаева, Г.

Өмірі мен қызметі – патриотизмнің үлгісі / Г. Белгібаева // Орталық Қазақстан. - 2005. - 2 сәуір.
Қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне өшпейтін із қалдырып, өлшеусіз үлес қосқан талай дара дарындарды берген Көкшетау - Қызыл-жар өңірінде жарық дүние есігін ашқан болашақ академиктің сәби санасына анасының бесік жыры мен Біржан сал, Ақан серілердің кербез әндері, Мағжанның керемет жырлары қатар сіңіп, кеудесіне ұлттық рухтың ұшқынын түсірді деп айтуға толық хақымыз бар.

Он төрт баланы жарық дүниеге әкелген (кейіннен олардың тоғызы шетінеп, бесеуі ғана ер жетіпті), болмыс-бітімі қазақы отбасында, ұлттық тәрбиенің мәйегіне қанығып өскем Евнғабиденнің (Евней) бойынан көшпелі ғұмыр кешкен халықтың ұланына тән мінез-құлық пен ерекшеліктерді көреміз. Арыстан ақсақал мен оның екі бауырының ортасындағы жалғыз бала, әженің бәсіре немересі болғанына қарамастан, шолжаңдап кетпей, еркеліктің шегінен шықпағаны ертеден белгі берген естіліктің көрінісі іспетті. Кейіннен соңынан бауырлары ерген шақта соларға естияр үлгі, есейген шақта қамқоршы бола білгені жас Евнейдің кеудесімде ұлы жүрек лүпіл қағып өсіп келе жатқанын айғақтағандай. Қанына сіңген қасиетпен жылқы түлігін жақсы көріп, ауылдың шежіре қарттарының көркем кинофильм мен қиял-ғажайып оқиғаға толы романдарға бергісіз әңгімесіне құлақ құрышы қанып өскен бала қиындықтың да дәмін тым ерте татыпты. Жаңа ғана тайға мінетін жастық шағы қазақ ұлтының басына нәубет тудырған, ұлттың үштен бірін қолдан қырған отызыншы жылдардың аштығына тұспа-тұс келіп, отбасы қызыл қарын жас баланың қамы үшін Ресейдің Қорған өңіріне ауа көшуге мәжбур болады, Болашақ академик сол жерде мектеп .табалдырығын аттап, тіл сындырады. Зерек шәкіртінің тұлға болып қалыптасуына сол жылдарда дәріс берген ұстазы, поляк ұлтының өкілі болып, елінің болашағы жолындағы қозғалысқа қатысқаны үшін империяның қуғын-сүргініне ұшыраған отбасының өкілі Августа Иустиновна Тарасова (Каминская) үлкен еңбек сіңірсе керек. Оның есімі Евней Арыстанұлының және оның інісі Қамзекең ақсақалдың естеліктерінде құрметпем аталады.

Ел есін жиып, туған топырағына оралып орныққан шақта тағы бір қасіретті оқиға - XX ғасырдың ең зор қырғыны басталып, талай ғұмырды үзіп, тағдырларды телкекке салғаны белгілі. Осынау қанды қасап жүріп жатқан 1942 жылдың желтоқсанында Арыстан ақсақал қайтыс болып, үй-ішінің біраз ауыртпашылығы бес баланың ересегі Евнейдің мойнына түседі. «Отан от басынан басталады» деген халық даналығына ұйыған ол анасы Бәлтайдің жүгін жеңілдету үшін еңбекке араласады. Мектепке кеш барғанына, әр түрлі жағдайға байланысты сыныптар арасында үзіліс болғанына қарамастан, үздік үлгерімге жеткен бозбала Евней тоғызыншы сыныптан кейін тағы да сабағын үзіп, енді өзі оқытушылық жұмыспен айналысады. Халықтың жаппай орысша сауат аша бастағанына санаулы ғана жылдар өткен кезеңде орталау білім бар азаматтың мұғалімдік кәсіппен айналысуы таң қалдырмайды. Таң қалдыратыны - сол шақтың өзінде оның жан-жақты адам болғаны - физика, математика, орыс тілі мен әдебиеті, химия, биология пәндерінен сабақ бергендігі және сонымен бірге сынып жетекшісі, мектеп директорының оқу бөлімі жөміндегі орынбасары қызметтерін қоса атқаруы. Бұл - құрбылары әлі мектеп қабырғасында жүрген бозбала үшін алыптың сыбағасы. Оның үстіне отбасы жағдайына байланысты Евней үш оқу жылы ішінде, жеті жылдығы бар, бастауышы бар, бес мектепте дәріс беруге мәжбүр болады. Бұдан біз, біріншіден, анасы мен бауырларынан туратын отбасы үшін оның өзін, болашағын құрбандыққа шалуға баратын ізгілікті, қайырымды жүрегін көрсек, екіншіден, ел шетіне опасыздықпен басып кірген жауға дегем өшпенділікті, майданға аттанған әке, ағалардың орнына тұрып, еңбегімен жеңіс сәтін жақындата түсуге деген отаншылдықты аңғарамыз.

Жалпы, ет бауыр жақындарына, туған аулына, өскен өңіріне, еліне, жеріне, адамзат баласы мен ол мекен еткен жер-жаһанға жанашырлық, іңкәрлік сезіммен қарау Евней Арыстанұлының өмір жолында айқын көрініс береді. Мәселен, 1945 жылдың ерте жазында мектеп бітіретін түлектермен бірге мемлекеттік емтиханды экстерн тапсырып, қолына аттестат алған ол оқу іздеп Алма-тыға жол тартады. Сол кездегі республика астанасындағы Тау-кен металлургия институтына түсіп, студент аталған жылдары, соғыстан қалжырап шыққан елдің түлкі қурсақ шағында өзі тоя тамақ ішпей жүрген жас жігіт қолындағы азғантай қаржысын ірке жұмсап, ауылдағы анасы мен бауырларына септігін тигізеді екен. Бұл жайлы ең кенже інісіне жазған соңғы хатында Евней Арыстанұлы былай деп еске алады: «...Студенттік жылдар. Марқум Бәлтәй Қамзабай екеуі кейде үйден жолдамамен азық жібереді. Мен май жемеймін, оны базарға апарып сатамын да, ақшасына шай сатып алып, ауылға салып жіберемін. Бір жолы майды тұздамаған болу керек, оған құрт түсіпті (1947 жылдың күзі екені есімде). Майды плиткаға қойып, еріттім де, қайнап барып қатқан майды базарға апарып саттым. Тағы да шай алып, үйге жібердім, жағдайдың ауырлығы осылай жасауға мәжбүр етті». Азаматтың құлқын құлы болмай, ана мен іні-қарындастары алдындағы туыстық парызды өтеуге осыншама қамқорлық танытуы, құштарлық білдіруі оның бойындағы туысқаншылдық, отаншылдық сезімнің қаншалықты мөлдір һәм асқақ екенін көрсетсе керек. Жоғарыда үзінді келтірілген хаттың тағы бір жеріне көз жүгіртелік. Онда Евнейдің орталау біліммен мектепте сабақ беріп жүрген кезі, Ұлы Отан соғысының қиындық пен қасіретке толы жылдарының шынайы көрінісі көз алдымызға келеді: «Бір талонға мен саған батеңке сатып алып, үйге әкелдім. «Ой, менің қарғашым-ай, бәтеңкені бекер алғансың, одан да көйлектік материалың дұрыс еді» деді Бәлтәй. Өзімді сынап көрмекке бел байлағаным, сені екі жарым жаста болсаң да әлі жүрмейсің, аяқтарың кіп-кішкентай, жүдеусің, (жартылай ашөзек), сені тіземе отырғызып, сенің аяғыңа бөтеңкені кигіздім. Мен бауын байлап біткенше, сен «әй-өй-әй» деп таңдана бастадың. Қуанғаннан менің тіземнен сырғып түсіп, аяғыңнан тік тұрдың да, шайқала жүріп кеттің. Марқұм Бәлтәй көзіне келген жасты ұстай алмай, өксіп жылады, оған мен де қосыла жыладым. Бұл сенің қуанышыңа ортақтасқан қуанышты жылас екені әлі де естен кетпейді...», - деп жазады ғалым, керемет педагог, ең алдымен кемеңгер патриот Е.Бөкетов.

Евней Арыстанұлы қоғамдық өмірдің өзі араласқан барлық саласында үлкен белсенділікпен, жауапкершілікпен жұмыс істеді. Осынау парыз оның еліне, туған жеріне деген құрметпен, оның болашағына деген жанашырлық пен сенімнен бастау алғандығы күмән туғызбайды. Мәселен, ол өзінің даңқын шығарған ғылым саласында зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми лауазымға қол жеткізіп қана қойған жоқ, сонымен бірге елдің экономикалық күш-қуатын нығайтатын өндірістік жаңалықтар ашу мүмкіндігіне ие болды. Е.Бөкетовтің «Мыс электролиттің қалдығынан селен мен теллурды айырып бөліп алу» деген тақырыптағы докторлық диссертациясы сол кездердегі Одаққа қыруар пайда келтіргенін мәскеулік ғалымдардың мойындауына тура келді. Ғалымның ондаған жаңалықтары озық технологиялық процестерді жасақтауға және оларды өндіріске енгізуге негізделгені белгілі. Соның бірі, шикізатты кешенді пайдалану мен оттегін қолдану арқылы мыс балқымасын жедел арттыра отырып, конвертордан аластаушы газ құрамынан күкірт қышқылы мен ренийлі өнім алу деп аталатын жаңалық алпысыншы жылдардың соңына қарай Балқаш кен-металлургия комбинатында өндіріске енгізілді. Сөйтіп, арасында Евней Арыстанұлы бар бір топ ғалымға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өйткені, аталған тәсілмен өндірілген мыстың тазалығы ел қазынасын молайтуға қосылған сүбелі үлес болды.

Бүгінгі күні бүкіл Қазақстаи Республикасының мақтанышына айналып, шет елдердің қызығушылығын тудырып отырған, құны алтыннан әлдеқайда бағалы сирек металдарды комбинат түтіндігінен шығатын ұлы газдардан сүзіп алу тәсілдері де Евней Арыстанұлы Қарағанды химия-металлургия институтын басқарып тұрған шақта жедел дамыған еді. Бұл - үлкен ғалымның өз елінің болашағына сенуі, оның кемелді келешегі жолында қалтқысыз қызмет етуі десек, асыра айтқандық емес.

Әйгілі академиктің тағы бір қыры - ұстаздық еңбегі. Сонау қырқыншы жылдардың қытымыр кезеңінде, бозбала шағында басталған оқытушылық қызметі оның ғұмырының соңына шейін ұласып жатты. Өзі тәмамдаған Тау-кен металлургия институтында аспирант болып қалдырылған күннен басталған лабораториялық зерттеулері ұстаздыққа ұласып, 1954 жылы ғылыми атақ алған кезден бастап жарық дүниеден баз кешкенше үзілген емес десек, көп қателеспейміз. Тіпті, 1960 жылы қазақтың тағы бір ғұлама перзенті, республика Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ұсынысымен Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының Химия-металлургия институтына директор болып тағайындалған сәтінде де мұғалімдік міндетті қоса атқарғаны күмәнсіз. Қарағанды педагогикалық институтында дәріс бере жүріп, ғылым саласында шәкірттер әзірлеуге де уақыт тауыпты. Жалпы Евней Арыстанұлының жетекшілігімен 61 ғылым кандидаты даярланыпты. Олардың он алтысы кейін ғылым докторы болды. Мұның бәрі тынымсыз Тұлғаның елі мен жері үшін жасаған қыруар еңбегінің бір парасы ғана. Сөзіміз дәлелді болуы үшін академиктің «Досқа алты хат» еңбегіндегі мына бір пікірді алдыға тартамыз:«.. ғылыми атақ алу әркімнің қара басының ісі емес, ғылыми қызметкерлер семьяға емес, мемлекет пен ғылымға керек». Бұл - ұлттық мүддені, мемлекет алдындағы жауапкершілікті терең сезінген биік парасат иесінің өзінен кейінгі ұрпаққа өсиет еткен ойы.

1972 жылы республикадағы екінші университетке, бүгінгі таңда әзінің есімін иеленген жоғары оқу орнына ректор болып барған шағында да Е.Бөкетов шәкірттері алдындағы парызын мойнынан сыпырып тастап, таза өкімшілік жұмыстың ауанында кетпегені белгілі. Ол химия факультетінің студенттеріне органикалық химиядан дәріс берумен шектелмей, оқу орнын тәмамдағамдардың біразының диплом жұмысына жетекшілік жасауға үлгерген. Тек химия факультетінде оқитындарға ғана емес, филология факультетін бітіргендердің де екеу-үшеуіне жыл сайын жетекшілік ету дәстүрге айналған көрініс еді. Бұл дегеніміз, Евней Арыстанұлының ғаламат жұмыс қабілетін ғана емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілікке адалдығын, отаншылдық қасиетін паш етеді.

Жоғарыда біз әйгілі ғалым, ұлағатты ұстаздың көп қырлылығы, жан-жақты таланты жайлы әңгіме қозғадық. Ол - ақиқат. Солардың ішінде Евней Арыстанұлын Толағайдай тұлғаландырып көрсететін бір ерекшелігі - әдебиетшілігі. Академик бұл тұрғыдан алғанда да алуан қырлы алмастай жарқылдайды. Ол - публицист. Ол - сын-шы. Ол - аудармашы. Жаратылыстану ғылымы мен гуманитарлык пәндерді тең дәрежеде меңгерген бозбала шағында оған болашақ мамандықты таңдау оңайға соқпаса керек. Қарағанды мемлекеттік университетінде өткен бір кездесу үстінде жастардың қойғам сұрағына орай ол төмендегідей жауап берген екен:«... Мен Қазақстанның астанасына оқуға келе жатқан уақытта тіл және әдебиет пәнінің муғалімі болуды, бірақ өзімнен құпияда жазушылықты армандадым. Филология факультетіне түспекші болып жүрдім. Жолдастарымның әдебиетпен қашан болмасын, қай кезде болса айналыса беруге болады дегеніне көніп, металлургия мамандығы жайлы түсінігім көмескі бола тура, материалдық жағдайды ойлап (стипендиясы басқалардан 2 есе көп), құжаттарды кен-металлургиялық институтқа өткіздім».

Жаратылысынан қабілет-қарымы ұшан-теңіз Евней Арыстанұлы институтты жаңа тәмамдаған жас маман кезінде әбден сын жанрына қалам тербейді. Бұл, біріншіден таланттың сыртқа бұрқырап шыққан екпіні болса, екіншіден, материалдық жағдайын түзеуге ұмтылушылық, яғни қаламақы тауып, түлкіқұрсақ халден құтылу. Сөйтіп, ол елімізге танымал жазушылардың еңбектеріне пікір жазып, газет-журнал беттеріне жариялата бастайды. Соның ішінде ең елеулісі Ғабит Мүсірепов сынды сөз зергерінің «Оянған өлке» тәрізді романын - тұтас бір өңірдегі оқиғаларды арқау еткен көркем полотносын жіліктеп талдауы еді. Жап-жас аспирант -металлург «Достықтың қайнар көзінде» - атты осы мақаласында романның көркем де құнарлы тілін, әдебиетке қойылатын талаптарды жазушының шеберлікпен игергенін көрсете отырып, орынды сын да айтады. Ол оқиға болған кезеңдегі қоғамдық жағдайдың ерекшеліктеріне тоқталады да, өзіндік ой қорытады: «Марксизм ол кезде онша кең тарала қоймаған. Егер Ғ.Мүсіреповтің суреттеуін осы тұрғыдан ойластырсақ, онда Елизавета Быкованың өмірде болуы қисынсыз. «Оянған өлкенің» авторына дұрыс, айқындалған теориясы мен нақты мақсаты жоқ сол кезеңдегі төңкеріске ниеттенген орыс интеллигенциясының іс-әрекеті мен рухани келбеті арасындағы қарама-қайшылық Быкова бейнесінде де көрініс беруі керектігін шешіп алуы керек еді». Мұндай талдау көркем шығарманың мәнін ашатынын. шынайы бағасын беретіні ерелі оқырманға түсінікті. Дәл осылай жіліктеп қарастыру Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романына да жасалды.

Е.Бөкетовтің «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») және «Қазақстан коммунисі» («Ақиқат») журналдарына басылған «Сын және библиография» деген мақаласы тек сол уақыттың ғана емес, арада жарты ғасырдан астам мезгіл өткен осы кезеңнің де көкейкесті мәселелерін қамтиды. Патриотизм мен интернационализмге өлемдегі тепе-теңдікті сақтап тұрған құдіретті күш ретінде сипаттама береді.

Ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысып жүрген шағында С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», Ә.Тәжібаевтың «Майра», З. Шашкин мен М.Гольблоттың «Тоқаш Бокин», Ш.Құсайыновтың «Кеше және бүгін» атты драмалық шығармаларының сахналануын талдап, рецензиялар жазды. Оларда оқиғаның даму барысын сипаттап, актерлердің ойнау шеберліктеріне баға берумен ғана шектелмей, уақыт, кеңістік, қоғам деген құдіретті үш ұғымның ішінде адамның алатын орны қандай деген мәңгілік сауалға авторлардың, қоюшы-режиссерлердің қалай жауап беретінін бағамдады. Екі-үш жыл мұғдарында республиканың мәдени өміріндегі өзгерістер мен құбылыстарға қатысты он бес мақала мен рецензия жариялап үлгерген Евней Арыстанұлына «Литературная газетаның» Қазақстандағы меншікті тілшісі болуға ұсыныста жасалған екен. Идеологиялық жұмыстың қаншалықты маңызды екенін сөзіне тұрып, ғалым-металлург жаратылыстану саласында еліне көбірек пайда келтіретінін, ал өзін толғандыратын ой-пікірлерін мерзімді басылым бетінде жариялап тұру азаматтық парыз деп түсінетінін алдыға тартады.



Ғұлама ғалымның қаламгерлік тұлғасына ерекше әсер еткендердің бірі - Маяковский. Орыстың кемел ақынымен әдебиет сыншысы ретінде танысып, «В.В.Маяковский шығармаларының қазақ тіліндегі тәржімесі туралы» жеке «Ғаламат қару-жарақ» деген мақалалардан басталған шығармашылық әріптестік кейінен әйгілі «Керемет» («Хорошо») поэмасын аударуға ұласады. Ақынның шығармашылығына деген сүйіспеншілігін ғалым: «Озық, дамушы дүниені даңққа бөлей отырып, Маяковский таң-тамаша қалып, қызықтап бақылаушы емес, жаңа өмірді құрушы, қайсар әрі белсенді күрескер бұқараны бастаушы және бір мезгілде халыққа еңбегін аянбай сіңіруші ретінде көріне білді» деген сөйлем-дермен жеткізеді. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген қағидаға имандай сенетін биік парасат иесінің интернационалдық кескін-кейпін осыдан аңғарамыз. Евней Арыстанұлы сонау елуінші жылдардың соңында В.Маяковскийдің «Қандала» деген өлеңін, И.Василенконың «Артемка» повесін, француздың кемеңгер жазушысы Э.Золяның әңгімелері мен мақалаларын, болгар классигі И.Вазовтың «Бұғауда» романын қазақ тілінде сөйлетті. Албырт шағында әдебиетші болуды армандап, тағдырдың жазуымен ғалым-металлург болған Е.Бөкетовтің өз қаламгерлігін қалай бағалағанын білу үшін өзін тыңдайық: «Мен өзімнің әдеби жұмыстарыма қалай қараймын? Қанагат сезіммен жақсы қараймын. Бұлар аудармалар мен пікірлер. Оның жазылу себептері өте көп, менің жазбауға еш амалым қалмады, бұл қажеттіліктен туды. Аудармамен айналыса бастауым - ең алдымен орыс тілін меңгермеген өз жақындарымды орыс және шетел әдебиетіндегі інжу-маржандармен таныстырғым келгендіктен болса керек. Маған аударма жасау процесінің өзі ұнады: бұл – сәйкесінше ғаламат ұлан-асыр еңбекті талап ете отырып, зор қуанышқа бөлейтін шығармашылық процесс». Ұлтының болашағына қамқорлық жасаудың бұдан артық үлгісін табудың өзі оңай болмас.

Ғұмырын халқына, еліне қызмет етуге бағыттаған академик Е.Бөкетовтің тіршілікте тындырған әр ісінен азаматтық парызына кіршіксіз адалдықты, төңірегіндегілерге құрмет пен сүйіспеншілікті көреміз. Тіпті, өмірінің соңғы жылдары жазықсыз қудаланып, лауазымды басшылық орындардан алыстатылып, кезінде өзі өрісін кеңейткен, кемелді ғылыми-зерттеу ордасына айналдырған институттың қатардағы қызметкері болып жіберілгенде де ешкімге өкпе айтпады, орынтақ үшін жанталасып, ешкімнің жағасына жармаспады. Елінің келешегіне қалтқысыз сенді. Оны мұндай сенімге ие қылған алып кеудеде асқақтай лүпілдеп тұрған отаншыл жүрек болатын.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет