Әй, осы махаббат хаты дегенді қойсаңызшы. Бағышталған адамына жетпей қап, қолды болып жататын да осы хат. Қаншама тату-тәтті жүректерді қызғаныштың қызыл шоғына қаритын да осы хат. Ойлап отырсаң, бұл хаттың рақаты да машақаты да мол. О, махаббат хатын жазуға құмартушылар! Менің мына айтайын деп отырған әңгімемнен сабақ алындар.
Ағайым тағы да Алматыға бір айлық курсқа оқуға кетті. Үйде енді Күлімбала екеуміз ғанамыз. «Ей, келіншек, сызылып бос отыруың жетеді, жұмысқа шық» деп, құжбандай боп, келіп тұратын Бәзіл бригадир мұнда жоқ. Мұнда бірақ, Қазбек бар. Иә, иә, ағайым барда біздің үйден шықпайтын, ағайымның жан жолдасы, анау санақ мекемесінде істейтін жылтыр бет Қазбек...
Бір күні біздің үйге Жолдыбай келді. Екеуміз өзенге қарай кетіп бара жатыр едік, арт жағымыздан Күлімбала шығып, айқай салды:
Қасына барған Жолдыбайды Күлімбала үйге ертіп кіріп кетті.
Мен әлгі орнымда таңырқағандай болып тұрмын. Жеңгем, менің жеңгем, неге мені шақырмай Жолдыбайды бөлектеп шақырады?
Жолдыбай көп кешікпей шықты. Анадай жерде тұрған маған, саған айтатын қызығым бар дегендей жымиып, көзінің астымен қарайды. Оның соңынан Күлімбала да шығып, бізді бақылап тұр.
Жеңгем саған не айтты деп, Жолдыбайға жабыса кетуге әдейі байқауға алып тұрған Күлімбаладан қаймықтым. Былай таман ұзаған соң сұрамақпын. Жолдыбай өзі де айтпай шыдамас. Суға барар жолда әлгінде айтқан санақ мекемесі бар (Қазбектің мекемесі). Сол араға таман келгенде, Жолдыбай үндеместен кеңсеге қарай бұрылды. Мен де бұрылдым. Бөрене үйдің алдына келіп, міне, енді іркіліп тоқтап тұрмыз. Күлімбала бұл арадан бізді көрмейді.
– Не, айтты ол саған?
Жолдыбай қылмаң-қылмаң етеді, бір қолы қалтада.
– Саған бір нәрсе көрсетейін бе?
– Көрсет!
Жолдыбай маған конвертке салынып, аузы желімделген, екі бүктелген хат көрсетті. Адрес жазылмаған.
– Жеңгең Қазбекке бер деп, берді.
Менің ішім мұздай болып кетті. Жеңгем Казбекке не жазуы мүмкін? Айтатынын былай-ақ айтпай ма? Мұнда бір гәп болмаса неғылсын!
– Ашып, оқысақ қайтеді? – дедім Жолдыбайға.
– Қалай ашамыз?
– Ақырын ептеп ашамыз да, оқып, содан соң қайта желімдеп, апарып береміз.
Жолдыбай бірден келісті. Әйел-еркектің құпиясын ол менен гөрі көбірек біледі де, көбірек түсінеді.
Екеуміз кеңсеге де кірмей, Күлімбалаға да көрінбей, тартып отырдық. Қауіпсіз оңашаға кезігіп, конвертті аша бастадық. Кереге көз дәптердің бір парағының екі беті толы жазу. Сиямен мәнерлі етіп, асықпай жазуға тырысқан. Мүмкін, бірден жазылған хат емес те шығар. Бұл тәрізді хаттар, әдетте, талай жазылып, талай жыртылады. Талай рет өңдеуден, жөндеуден өтеді.
Талай өшіріліп, талай көшіріледі. Әр сөзі мық шегедей, бекем болғанда ғана жіберіледі.
Хат мазмұны қысқашалап айтқанда мынадай: Қазбек бір кезде Күлімбалаға, менің жеңгеме, сен менің періштемсің, сені көрмесем тұра алмайтын ауруға душар болдым деген. Сәбидей аңқау Күлімбала оған сенген де, торға түскен... Арада бірталай күндер өтті, Сатылған жоқ. Күлімбала екі көзі төрт болып, Қазбекті күтеді, ал Қазбек болса, жоламайды. Бұ несі оның? Келекесі ме?..
Ыза менен күйініш ішін мысықтай тырналап отырып жазған шарасыз әйел осының бәрін қағаз бетіне қандай сөздермен түсіретінін, оқушы, енді өзің жобалап білерсің.
Жолдыбай үшін бұл хат қызық, тамаша. Ал мен үшін қасірет. Ішім қызғаныштан алай-дүлей болып кетті. Күлімбаланы атарға оғым жоқ- Бәлем, тоқтай тұр! Келсін, ағайым!
Ағайым келгенде сонда не істемекпін? Шіркін, мына хатты қолына бере салсам!
– Жолдыбай көнер емес, хатты Қазбекке бермесем, Күлімбала мені құртады, – дейді.
– Онда мен бұл хатты көшіріп алайын?
Жолдыбай бұған көнді. Уақиғаның шиеленісе түсуі оған да қызық. Екеуміз Жолдыбайдың үйіне келдік. Мен хатты көшіруге кірістім. Түпнұсқа алдымда жатыр. Бір де бір сөзін бұзған да, қалдырған да жоқпын.
Көшірілген хатты енді қайда сақтамақпын? Қалтамда жүрсе, біріншіден, тозады. Екіншіден, жеңгем тауып алып қоюы мүмкін.
Біздің үйдің қасында бір түп долана ағашы өседі. Әлгінің басында қараторғайдың ұясы бар, ішіне жұмсақ болсын деп, шөп төселген. Хатты ешкім ескермес деп, сол ұяға, шөптің астына тықтым да қойдым. Енді тек келсін ағайым.
Күндер өтіп жатты.
Хатты алған соң, Қазбек біздің үйге тағы да келе бастады. Орта бойлы, әдемі, сұрша жігіт киімді қатып киінеді. Аяғында айнадай жалтыраған жеңіл хром етік, галифе шалбар, сырт. кейде. Белінде қып-қызыл жалпақ қайыс белбеу. Басында жейдесі түстес қоңыр фуражка.
– Келіншек, амансың ба? Сатылғаннан хат бар ма? Қашан келем дейді?
Қазбек жайдан-жай келмейді біздің үйге. Алматыда оқып жатқан жолдасының – менің ағайымның амандығын білуге келеді. Оны көргенде Күлімбала жеңгемнің көзі жайнап кетеді. Үйдегі арқалы жалғыз орындықтың үстін орамалмен бипаздай сүртіп, Қазбекке ұсынады:
– Отыр, Қазбек жайлап отырып жатады. Оның қимыл-қозғалысының бәрі де киім киісі тәрізді сыпайы, әсем.
– Сатылған жоқ болса, бір де бірің жоламайсыңдар. Келіп, амандық білуге де жарамайсыңдар, – дейді Күлімбала. Қазбекке кінә тағып, бүріп алғандай болады. Қазбек сөз таба біледі:
– Байы жоқ қатынның үйінде не бар? Бір күні болмаса, бір күні өсекке қаларсың!
– Е, қорқады екенсің ғой?
– Бұл қорқу емес, сақ болу.
Ішімнен зығырым қайнап мен отырмын. Екі сайқал, сайқалданыңдар! Мені ештеңе білмейді деп ойлайсыңдар ғой! Күліңдер, әзірше, жетісіңдер! Күлкілерің қашанға барар екен.
Сарғайып күткен күн жетті – оқудан ағайым келді. Күлімбала шай қойып, жай таппай жүр. Күйеуін күте-күте екі көзі төрт болып, зарыққан адам тәрізді.
Ағайыммен амандасуға жолдас-жоралары келді, ішінде Қазбек. Ол Күлімбалаға қалжың айта келді:
– Келіншек, күйеуің кеп, көзайым болып жатырсың ба? Алдын ада бізді шақырып, тоқымқағар жасасаң ғой, Сатылған бұдан да ертерек келетін еді.
Қазбек қалжыңды мәнерлеп, өлшеп айтуға тырысады. Ішінде не Күлімбаланың, не оның күйеуінің көңіліне келетіндей ебетейсіз, артық сөз кетіп қалмауын қатты қадағалайды. Әлдекімдерге ұқсап, жолдасының әйеліне өз әйеліндей тұрпайылап жатуды білмейді. Иә, жуастан жуан шығатынның нақ өзі.
Мен ағайым келген бетте-ақ долананың басына шығып, анадан бері көзімнің қарашығындай сақтап жүрген көшірме хатты қалтама қаттап алғам. Енді ретін тауып, соны ағайыма табыс еткеннен басқа менде ой да, мақсат та жоқ.
Бұл күні хатты берудің ыңғайы келмеді.
Ертесі болды, шай ішілді. Ағайым қызметіне баруға үйден шығып кетті.
Сәл аялдап, соңынан мен де шықтым. Ағайымның артынан жүгіріп келем, қуып жетіп, түк айтпастан, хатты қолына ұстата салдым...
Бұл не дегендей ағайым сол арада тұрып оқи бастады да, өңі бұзылып кетті...
Түскі үзіліске ол қасына бірнеше адам ертіп келді. Ішінде ауылдық советтің председателі бар. Көбінесе біртоға жүретін, сабыр сақтай білетін Сатылғанның түр-түсі өрт сөндіргендей түтігіп, қарайып кеткен. Ол Күлімбаламен ажыраспақ боп, қасындағы кісілерді куәлікке ертіп келген екен.
Сот арқылы ажырасу ол кезде жоқ.
Күлімбала тек қос қолдап, бетін басып, жылағанды білді. Үйдегі бар зат екіге бөлініп жатты.
Сатылғанның екінші рет үйленуі, сөйтіп, тағы да сәтсіз тынды.
Достарыңызбен бөлісу: |