Бестамақ селолық округінің әкімі Т. Исеновтың 2013 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі
Бестамақ селолық округінің жалпы жер көлемі 37233 га. Округ аумағына Бестамақ, Бесқоспа және 42 разъезд елді мекендері кіреді. Жалпы халық саны 3879 адам. Соның ішінде Бестамақ ауылында 3537, Бесқоспа ауылында 342 адам тұрады. Округ аумағында 582 жеке тұрғын үйлер мен екі қатарлы 18 үйде 263 пәтер бар, бұрын бөлінген жер телімдеріне жеке тұрғын үйлер салынып, аула саны көбеюде.
Бестамақ ауылында дәрігерлік амбулатория, почта бөлімшесі, кітапхана, Бесқоспа ауылында медпункт жұмыс жасап тұр.
2013 жылда селолық округі әкімдігіне жеке тұлғалардан 91 жазбаша арыз-өтініштер келіп түсті. Арыз-өтініштерге Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі» туралы Заң талаптарына сәйкес қаралып, жауаптары берілді. Есепті кезеңде селолық округі әкімдігі тарапынан 60 шешім, 98 өкім қабылданды.
Халықты әлеуметтік қорғау. 2013 жылда 16 отбасына тұрғын үй жәрдемақысы, 18 жасқа дейінгі балалары бар 50 отбасына жәрдемақы тағайындалды. Сондай-ақ селолық округі бойынша 3 Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жесірлері, 6 ауған соғысының ардагерлері мен 3 Семей ядролық полигон аумағында қызмет жасаған азаматтар және 28 тылда еңбек еткен ардагерлер Республика Үкіметі мен облыс әкімдігі тарапынан белгіленген жеңілдіктерден пайдаланады. Есепті кезең ішінде «Есет батыр қоры» тарапынан туберкулез ауруымен ауыратындарға және отбасы жағдайы төмен азаматтарға жалпы сомасы 105 000 тенгені құравйтын қой еті таратылды. Сондай-ақ Бестамақ мал шаруашылығы комплексі және жеке кәсіпкерлердің қайырымдылық көмегі есебінен селолық округі аумағында өткізіліп жатқан мереке күндеріне арналған мәдени-көпшілік шараларға және аз қамтылған отбасыларға материалдық жәрдем беруге 68 000 тенге жұмсалды. Ауыл тұрғындарының жеке шаруашылығындағы малдарын қыстатуға жеңілдік ретінде арзан бағамен «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен ұн кебегі таратылды.
18 жалғызбасты қарияларға және 4 мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету ұйымдастырылған. Оларға 4 әлеуметтік қызметші бекітілген.
Білім беру және мектепке дейінгі мекемелер. Бестамақ селолық округіндегі екі орта мектепте 621 оқушылар білім алуда, «Болашақ» балалар бақшасында 6 топта 165 бүлдіршіндер тәлім-тәрбие алуда. Бестамақ орта мектебінде 81, Бесқоспа орта мектебінде 23 педагог жұмыс жасайды.
Бестамақ ауылында Ақтөбе облысы «Ақтөбе медресесі» діни бірлестігі жұмыс жасайды. Онда Қазақстанның батыс аймағынан 55 бала дәріс алуда. Қазіргі күні медресенің жанынан 300 орынға арналған асхана салынуда, келешекте ауыл тұрғындарының садақасын, той-мерекесін өткізу жоспарланған.
Кәсіпкерлік. Бестамақ селолық округінде шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі таңда шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 68 бірлікті құрайды, соның ішінде 5 кафе, 12 дүкен мен 1 тойхана, 3 жеке шаштараз, 6 монша, 2 дөңгелек жөндеу шеберханасы жұмыс жасайды. Қазіргі кезде дүкендерге күнделікті қажет ететін азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру мақсатында бағаларға бақылау жасалады.
«Жұмыспен қамту-2020» Бағдарламасы бойынша Бестамақ ауылына шағын наубайхана салынып, ағымдағы жылдың аяғында бітіру жоспарлануда.
Байланыс. Бүгінгі күнге «Қазақтелекомның» сымсыз байланыс желісі іске қосылды және «Мегалайн» интернет торабы өткізілді, қазіргі таңда 262 телефон нөмері жұмыс жасайды. «СВИМ» ЖШС-і жалпы 452 телефон нөмерін орнатты. Соның ішінде 61 номер Бесқоспа ауылына қондырылды. Селолық округіндегі Бестамақ және Бесқоспа ауылы дерлік толығымен телефон байланысымен қамтылған.
Қазпоштаның ауылдық бөлімшесінде халыққа мезгілімен газет-журналдар тарату, зейнетақы мен жәрдемақылар беру жұмыстары жүзеге асырылады.
Салық. 2013 жылда 282400 тенге мүлік салығы, 189700 тенге жер салығы, 873500 тенге транспорт салығы, жалпы 1 345 600 тенге жиналды, яғни 100 пайызға орындалды.
Қоғамдық жұмыстар. Есепті кезең ішінде селолық округі әкімдігі Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын басшылыққа алып, мемлекеттік мекеме қызметкерлері халықпен өткізілген кездесулер мен жиындарда Республика Үкіметі тарапынан білім беру сапасын, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметін жоғарылату және тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтарын жаңғырту бойынша қабылдаған шаралар және оны іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде толық ақпарат беріп барды.
Биылғы жылы облыс бойынша өткізіліп жатқан «Көркейе бер туған жер» акциясы аясында ата-аналардың және демеушілердің көмегімен Бестамақ балалар бақшасының және Бестамақ, Бесқоспа орта мектептерінің ауласында су бүріккіш (фонтан) салынды.
«Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасы бойынша арнаулы орта оқу орындарын бітірген 2 жас маман, қоғамдық ақылы жұмысқа 8 адам тартылды.
Биыл «Кроун Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бестамақ ауылының оңтүстік-батыс бөлігіне 6000 м3 жанар-жағар майды уақытша сақтайтын нысанының құрылысын бітіріп, нысан іске қосты. Қазіргі кезде Бестамақ ауылынан 12 адам жұмыспен қамтылды.
«Термомодернизация-2020» бағдарламасына сәйкес Бестамақ ауылының Бөкенбай батыр № 62 және Есет батыр № 74 екі қатарлы үйлерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу бойынша құжаттары тапсырылды. Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы сәйкес Бестамақ ауылының Алға, Бекқұл және Елек көшелеріне жарықтандыру жүргізіліп, балалар ойын алаңы салынды.
Ауыл аймақтың санитарлық тазалық және көріктендіру жұмыстарына және қаңғыбас иттерді атуға жергілікті бюджеттен 140 мың тенге бөлініп, толығымен игерілді.
Ауыл шаруашылық. Алдыңғы жылдары қуаңшылық болуына байланысты егін егумен айналысатын шаруа қожалықтары егістіктен бас тартты.
Көкөніс егістігі бойынша «Алик» шаруа қожалығы 31 га, «Максим» шаруа қожалығы 37 га, «Пакиза» шаруа қожалығы 9 га, «Мансур» шаруа қожалығы 23 га жерге бахча және көкөністер екті. Елді мекен тұрғындары 19 га жерге көкөністерін екті.
Мал шаруашылығы. Селолық округі тұрғындарының жеке қожалықтарындағы және шаруа қожалықтарындағы ірі қара және ұсақ малдарды сырғалау жұмыстары жүргізіліп, 1717 бас ірі қара малдарға және 5818 бас қой-ешкілерге, 178 бас жылқыға және 22428 бас шошқаға сырға салынды. Барлығы да малдарды бірдейлендіру (идентификация) бағдарламасы бойынша компьютерге енгізілді. Сонымен қатар малдардан жоспар бойынша қан алынды. 56 бас ірі қара малдан бруцеллез ауруы шығып, ауруға шалдыққан малдар дер кезінде жойылды. Сонымен қатар ветеринарлық іс-шара жоспарына сәйкес малдардың барлық түрлеріне сарыпқа, жұқпалы аруларға қарсы екпе (вакцинация) жүргізілді.
Қоғамдық қауіпсіздік. Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша учаскелік полиция қызметкері жасайды. Оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында тұрғын үй берілді. Олармен байланыс телефондары селолық округі әкімдігінде бар, керегінде байланыс дер кезегінде жасалады.
Есепті кезеңде атқарылған жұмыстармен бірге шешімін табуды қажет етіп тұрған түйінді мәселелерді айтсақ:
- Тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлу мәселесін шешу үшін ауылдың бас құрылыс жоспарын жасатуға бюджеттен қаржы бөлінуі;
- Ауылдың мәдениет үйін коммунальдық меншікке қайтару бойынша жұмыстарды жалғастырып, оның оң шешілуіне ерісу.
Алдағы жылда аталған мәселелерді шешумен ағымдағы жұмыстардың орындалуын ұйымдастырып, халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға бағытталған іс-шараларды атқару ауыл әкімдігінің басты міндеті болып қала береді деп сенім білдіремін.
Т. Исенов
Бестамақ селолық округінің
әкімі.
Достарыңызбен бөлісу: |