ӘӨЖ 94 : [070] (574) Қолжазба құқығында
БИМАҚАНОВА ЗЫЛЫЙХА ШАХМЕТОВНА
Қазақ жастары мерзімді баспасөзінің тарихы
(ХХ ғасырдың басы – 1940 жж.)
07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн
дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалды.
тарих ғылымдарының докторы
А.Т. Қапаева
Ғылыми жетекшiсі:
тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахметова Л.С.
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Салқынбек Д.И.
Ресми оппоненттер:
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
Жетекші ұйым:
Диссертация 2010 жылы «29» сәуір сағат 14-00-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанындағы тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңесінде қорғалады.
Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Автореферат 2010 жылы « » таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы З. Қиянатұлы
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында 1900-1940 жж. аралығында Қазақстанда жастардың қазақ тілінде жарық көрген мерзімді баспасөзінің тарихи мәселесі қарастырылады. ХХ ғасыр басындағы қазақ мерзімді басылымдарында көтерілген жастар мәселесі, қазақ жастары ұйымдары мен олардың алғашқы басылымдары, Кеңестік жастар баспасөзін қалып-тастырудағы КСРО үкіметі мен БК(б)П саясаты, олардың жүргізген іс-шаралары, ұлттық бағыттағы басылымдардың дамуы мен қызметі барысы, баспасөзде көтерілген Қазақстандағы экономикалық және мәдени реформалар мәселелері сараланады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қай кезеңде болмасын, қоғамдық санаға барынша ықпал ете отырып, адамзатты белгілі бір ортақ ұлттық мүдде жолында қызмет етуге үндейтін құрал – ақпараттық басылымдар болып табылады. Өйткенi, баспасөздің маңызы мен қоғам дамуындағы атқаратын рөлi оның санымен емес, ұлттық мүддеге, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған қызметiмен өлшенетіндігі белгілі.
Баспасөз тарихын зерттеген әдебиетші ғалым Т. Қожакеев: «Баспасөзіміздің тарихы – біз үшін қымбат тарих. Әсіресе, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ жарық көріп, жарты ғасырға жуық күрес жолымыздың өн бойында халқымыздың жоқшысы, мұңшысы, парасатты ақылшысы болып келе жатқан газет, журналдарымыздың тарихы ерекше қымбат. Солардың жолын дұрыс зерттеп, кейінгі ұрпаққа бұрмаламай дұрыс жеткізу – үлкен парыз» - деп жаза отырып, зерттеушілер үшін мерзімді баспасөз материалдарының аса маңыздылығын көрсетіп берген еді [1].
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап баспасөз қазақ қоғамына біртіндеп еніп, кейіннен сол қоғамның ажырамас біртұтас бөлігіне, өмір айнасына айналған ұлттық баспасөз қазақ тарихы үшін ең бір күрделі кезең – ХХ ғасырдың дүбірлі оқиғалары туралы нақтылы мағлұматтар мен дерек көзі болып табылады. Бүгінгі таңда халқымыз өткен тарихи жолдарды саралау, оның ұлттық құндылықтарын бағамдау мақсатында Елбасымыздың тікелей басшылығымен (2004 жылғы 13 қаңтардағы № 1277 Жарлығы) Үкімет қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының маңызы аса зор. Ал ұлттық мерзімді басылымдар, яғни баспасөз, оның ішінде қазақ жастары басылымдары өз тарихымызды саралауда басты тарихи дереккөз болып табылатыны анық.
Осы қарастырылып отырған мезгілде қазақ жастары үшін арнайы жарық көрген газет-журналдар болған жоқ. Дегенмен, қазақ жастарын оқу-білімге шақырған, өзге елдің мәдениетін, ғылымын үйренуге насихаттаған, оларға қатысты өзге де мәселелерді көтерген басылымдар қатарында 1907 ж. бастап «Ульфат» газетіне қосымша ретінде шыға бастаған «Серке» газеті, 1911 ж. наурыздан – «Қазақстан», 1911-1915 жж. шығып тұрған «Айқап» журналы, 1913-1918 жж. – «Қазақ», 1913 ж. қыркүйек-желтоқсандағы – «Ешім даласы» газеттері жатады. Сондықтан да болар: «Жұртқа жол көрсететін, жұртты қайғыртатын, болашақ күнін болжауға тырыстыратын һәм басқа да істерді тексеретін баспасөз, яғни басылып шыққан газеттер, журналдар, мен кітаптар. Білімпаз, жұрттан асып кеткен... жұртқа білімімен қарасатын, олардың білімін жұртқа шашып, таныс қылатын баспасөз» – деп, «Айқап» баспасөз құру, ұлт баспасөзінің алдына қойылатын міндеттері мен жалпы қазақ қоғамы алдындағы маңызы туралы ашық жазады [2].
Қазақ жастары баспасөзінің ең алғашқы қарлығаштары саналған «Садақ» пен «Балапан» қолжазба журналы ХХ ғасырдағы алғашқы он жылдығында жарық көріп, онда жастардың өз қаламынан туған әдеби шығармалары басылып отырды. Бұл журналдар мұсылман жастары арасында ғана таралды.
Аталмыш журналдардың жалғасы ретінде Қазан төңкерісінен кейін «Жас азамат» газеті дүниеге келді, Газет ұзақ жылдар патша езгісінде болып келген қазақтарға бостандық таңы атқандығын қуана хабарлаған, төңкерісшіл қазақ жастарының басын біріктірген басылымға айналды.
Жастар мәселесі 1916-1918 жылдар аралығында шығып тұрған «Алаш», «Бірлік туы», «Сарыарқа» атты ұлттық бейресми басылымдарда көтерілді. Аталған басылымдар осы жылдары Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдениетінің дамуымен тыныс-тіршілігін көпшілікке таныстырып, билік пен халық арасын жалғаған көпірі болды.
ХХ ғасырдың екінші он жылдығында қазақ жастарына арналған бірнеше басылымдар өмірге келді. Олардың әрқайсысының өзіндік заңдылықтары, алғышарттары және даму ерекшеліктері болды. 1917 ж. бастап жарық көре бастаған «Жас азамат», 1920-30 жж. - «Жас қайрат», «Жас қазақ», «Лениншіл жас» газеттері саяси-әлеуметтік оқиғаларды, қоғамдағы өзгерістерді, мәдени-тарихи үрдістерге қазақ жастарының араласуын, олардың заман ағымына сәйкес іс-әрекетінен хабардар етіп отырды. Осыған орай М. Дулатовтың «Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеушісі – баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді» [3], деген тұжырымдамалық пікірі ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ұлттық басылымдардың мақсаты мен міндетін, олар көтерген жүктің салмағы, жауаптылығымен ақпараттық ауқымын дәл көрсетеді.
Ал таптық идеология үстемдік құрған кеңестік кезеңде басапасөз биліктің үгітшісі, насихат құралы болып келгені тарихи шындық. Себебі, өз заманының билігін діттеген идеологияның қатаң қалыбына түсірілген баспасөзде шынайы қоғам бейнесі көрінбеді. ХХ ғасыр басында және азаматтық тартыс пен кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында дүниеге келген баспасөз негізінен жастардың қоғамдық ой-санасын оятушы, әрі тың көзқарастарды қалыптастырушы, ағартушылық мақсатта бой көтерген еді.
Біз зерттеп отырған кезеңде жарық көрген басылымдар арқылы өткен тарихымызды сараптай отырып, елдегі қоғамдық-саяси жаңарудың бірнеше кезеңдерден, сұрыптаудан өткендігін бағамдаймыз. Газет-журналдардың басында жүрген ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлері өз ойларын ортаға салу арқылы ұлт өмірінде болып жатқан оқиғалардың барлығына араласып, шешуін күткен өзекті мәселелерді дер кезінде байқап қана қоймай, қоғамдық пікір тудырған мәселелердің дұрыс шешілуіне тікелей ықпал етіп отырған. Осы тұрғыда 1900-1940 жылдар аралығында жарық көрген баспасөз құралдары қатарындағы жастар басылымдарының сарғайған беттерін саралағанда жаңа қоғам құру жолында халқымыз небір дауылды да дүбірлі кезеңдерден өткендігінен хабардар боламыз.
Газет-журнал беттеріндегі хабарлар арқылы өткенге көз жүгірткенде, қазақ жастарының білімге деген құштарлығы мен ғылымдағы алғашқы табыстарымен қоса тоталитарлық жүйе, қатаң идеологияға тәуелді бола тұра жастар баспасөзінің көтерген мәселелерінің бүгінгі өскелең ұрпаққа сабақ болар тарихи тағлымдарын зерделейміз. Диссертациялық жұмыстың өзектілігі замана талаптарымен ұштасып жатқандығында.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ жастары баспасөзінің өткен жолына қатысты қалыптасқан ой-тұжырымдар қазақ журналистикасының тарихына арналған зерттеулер мен оқулықтарда үзік-үзік кездеседі. Мұндай туындылардың авторлары алдарына жастар басылымдарының тарихын зерттеуді мақсат етіп қоймағандықтан олардың төл шежіресі толымды түрде ашылмай келеді.
Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге алғаш ден қойғандар ұлт зиялылары болды. Ең алғашқы болып жастар баспасөзі туралы мәселе көтерген ұлт зиялыларының арасынан М. Дулатов, С. Сәдуақасов, М. Әуезовті атаймыз. М. Дулатов «Еңбеші қазақ» газетіне жариялаған «Баспасөзіміз не күйде» атты мақаласында Қазақстанда шығатын газет-журналдардың арасынан жастардың «Өртең» газетін атап, жалпы баспасөзді дамытудың әдіс амалдарын көтерсе, С. Сәдуақасов өзінің ғылыми-публицистикалық «Жастарға жаңа жол» деп аталатын еңбегінде Қазан төңкерісіне дейін жастардың «Бірлік» ұйымының «Балапан» жазба журналын шығарғандығы жөнінде мәліметтер келтіреді. Ал 1926 ж. 10 мамырда өлкелік партия комитетінің жаңадан құрылған баспасөз бөлімінің меңгерушісі болып Т. Рысқұлов тағайындалғаннан кейін, ол Қазақстанда баспасөз саласын дамыту жайында бірқатар мақалалар жазып, жастар баспасөзін дамыту мәселелерін жан – жақты талқылады [4].
Қазақстанның баспасөз тарихын зерттеу проблемасы бойынша әдебиетші ғалым Х. Бекхожин «Дала уалаяты» – бірінші қазақ газеті» атты кандидаттық диссертация қорғап, 1888-1902 жылдар аралығында шығып тұрған бұл газеттің көтерген мәселелерін айқындап берді. Филология ғылымының докторы, профессор Б. Кенжебаев қазақ баспасөзінің тарихына арнап 50-жылдардың басында «Қазақ баспасөзі тарихынан» атты кітабын жарыққа шығарды [5, 9 - б.]. Бірақ бұл еңбек шығысымен бірден сынға ұшырады. «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақалада оған «баспасөз тарихын зерттеуде өрескел қателіктер жіберді» деген жөн-жосықсыз айып тағылды. Осындай қатаң қадағалаудың кесірінен ұлттық баспасөз тарихын обьективті тұрғыдан зерделеу мүмкіндігі жабылып, зерттеушілер әкімшіл - әміршіл жүйе, кеңестік идеология аясынан шыға алмады.
1950 - жылдың соңы мен 1960 - жылдардың басында Қазақ баспасөзі тарихын зерттеген Т. Амандосов «Верныйдағы большевиктік тұңғыш қазақ газеті» атты еңбегінде, Верный қаласында шыққан «Көмек», «Ұшқын» және т.б. басылымдардың көтерген мәселелері мен осы газеттерді ұйымдастырушылар туралы мәліметтер келтіреді. Газеттерде Кеңес өкіметінің ішкі және сыртқы жауларына қарсы күрес барысы туралы мақалалар үнемі жарияланып тұрғандығын хабарлайды. Бірақ автор өз еңбегінде жастар проблемасы аталмыш басылымдарда қалай көтерілгені жайлы нақты жазбайды.
Мерзімді басылым беттерінде баспасөз саласының қалыптасуы мен дамуына қатысты материалдар жарияланып тұрды. Мәселен, Х. Бекхожинның баспасөз күніне орай Қазақ баспасөзінің кеңес өкіметін орнату және нығайтудағы рөлін саралаған мақаласы жарияланды. Алайда бұл еңбекте де жастар баспасөзі мәселесі жеке қарастырылмады.
Қазақ баспасөзінің материалдарын, әсіресе «Дала уалаяты газеті» мен «Айқап» журналының бұрынғы нөмірлерін топтастырып, жинақ етіп шығаруға Ү. Сұбханбердина көп күш салды.
1962 жылы ғалым Т. Кәкішев «Октябрь өрені» атты еңбегінде жастардың «Өртең», «Лениншіл жас», «Еңбекшіл жастар», «Жас қайрат», «Жас қазақ», «Пионер», «Кедей айнасы» сияқты басылымдары туралы шағын болса да құнды мәліметтер келтіреді [6].
Осы жылы Б. Кенжебаев пен Т. Қожакеевтің «Қазақ совет баспасөзі тарихынан» атты кітабы шығып, Б. Кенжебаевтың «Жастар баспасөзі» деген зерттеуінде алғашқы жастар баспасөзі қатарында 1921 жылдың 22 наурызынан бастап Түркістан республикасы комсомолдарының қазақ тілінде шыға бастаған «Жас алаш» газеті аталды. Ол жастардың «Жас қайрат», «Өртең», «Жас қазақ», «Лениншіл жас» сияқты газет-журналдары туралы тыңғылықты мәліметтер келтіреді. Бұл зерттеу жастар баспасөзін өзге баспасөзден бөліп көрсеткен жеке еңбек болғандығымен маңызды.
Б. Кенжебаев пен Т. Қожакеев өз еңбегінде 1917 - 1920 жылдары қазақ тілінде жарық көрген 24 газет пен журналдың атауын келтіреді, олардың ішінде жастар басылымдарынан «Жас алаш» (1917), «Жас азамат» (1919), «Жаңа өріс» (1920), «Еңбекші жастар» (1920) газеттерін атап, бұл басылымдарда көтерілген мәселелер барысы мен онда тұрақты мақала жариялап отырған авторлардың атын атап өткен [7]. Балалар журналы «Пионердің» шығу тарихы жайында Т. Қожакеев «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған мақаласында аз да болса қажетті мәліметтер келтіреді.
Х. Бекхожин «Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860-1930)» атты монографиялық еңбегінде 1860-1958 жж. аралығында шыққан қазақ баспасөзіне және әр кезеңдегі тарихи оқиғаларға байланысты көтерілген басты-басты мәселелерге тоқталады. [8].
Баспасөз тарихын журналистика саласы бойынша зерттеген ғалымдар Қ.Н. Бекхожин, С.Қ. Қозыбаев, С.С. Матвиенколар өз еңбектерінде кеңес өкіметі орнағаннан кейін шыға бастаған газет-журналдарға тоқтала отырып, жастардың «Жас қазақ», «Екпінді жас» және басқа басылымдарының шығуы мен оның айдарлары жайында мағлұматтар береді.
Мерзімді басылымдарды Қазақстан тарихының дереккөздері ретінде қарастыратын болсақ, зерттеушілер К. Кереева-Канафиеваның, В.С. Толочко, В.Н. Алексеенко, Б.Б. Ермұханов т.б. өздерінің еңбектерінде революцияға дейінгі орыс баспасөзінің, оның ішінде әскери басылымдардың қазақтар туралы жазылған материалдарына талдау жасайды. Зерттеліп отырған тақырыпқа тікелей қатысы бар бірқатар кандидаттық диссертациялар қорғалды. С.Н. Имашев «Работа Компартии по созданию и укреплению местной печати в Казахстане (1917–1925 гг.)», А.И. Ыдырысов «Деятельность Компартии в Казахстане по развитию партийной и советской печати Республики в период 1926 - 1932 гг.» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. [9].
Еліміз тәуелсіздігін алған ХХ ғасырдың 90-шы жылдары төл тарихымыз бен тіл мәдениетіміз, қазақ баспасөзі жөнінде жаңа көзқараста жазылған тың зерттеулер жарық көрді. Онда осы уақытқа дейін жазылған еңбектердегі кейбір материалдар қайта сараптан өткізіліп, уақыт талабына сай жаңа тұжырымдар жасалынды. Мысалы Т. Қожакеевтің 1991, 1992, 1995 жылдары жарық көрген жаңа монографиялық зерттеулерінде ХХ ғ. 20-30 жж. басылымдар тарихы, сол басылымдарды ұйымдастырушылар мен көрнекті журналистер қызметінің ұлттық баспасөз тарихымен тығыз байланыста қарастырылуы осы саладағы зерттеу методологиясын қалыптастыруға жол ашты.
Қазақ баспасөзінің шығу тегін, маңызы мен мәнін тілші-журналистермен қатар, оның философиялық, педагогикалық, саяси мәніне терең бойлаған еңбектердің арасында А. Сәрсенбаевтың, Л.С. Ахметованың зерттеуін атап өткен жөн. Зерттеушілер өз жұмыстарында ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бергі ұлттық идеология майданында қызмет етіп келе жатқан қазақ басылымдарының тарихына тоқталып қана қоймайды, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының төл тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытатын құндылық ретінде пайымдайды [10]. Соңғы жылдары ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі баспасөзді Қазақстан тарихы үшін бағалы дереккөз ретінде іргелі еңбектер жазып жүрген деректанушы - ғалым Қ. Атабаевтың еңбектерінде көрсетілген мерзім арасындағы ұлттық басылымдармен қатар, өңірлік газет-журналдардың атқарған қоғамдық-саяси бағыттары мен қызметі, дамуы және жағдайы, ең алдымен өзі өмір сүріп, қызмет еткен қоғам туралы қазіргі зерттеушілер үшін қазақ баспасөзінің тарихи дерек ретінде сұранысқа енгендігін жан-жақты қарастырады [11].
Жоғарыда тарихнамалық шолу жасалынып өткен еңбектердің барлығында да біздің зерттеу жұмысымызға арқау болып отырған жастар баспасөзі мәселесіне жете көңіл бөлінбегендігін ескергеніміз жөн. Бұл авторлардың кінәсі емес. Олардың зерттеу тақырыптары да, міндеті де біз зерттеп отырған тақырыпты арнайы қарастырмайды.
Қазақстан баспасөзін зерттеушілер түгелдей дерлік қазақ жастары баспасөзінің құрылу мерзімін Республика комсомолының алғаш қазақ тілінде шығарған газеттерінен бастау алады деп жазып келді. Бұл көзқарас тарихи шындықты бұрмалау, әрі әдістемелік тұрғыдан алғанда залалды, әрі ақиқаттан адастыратын жолға итермелейді. Зерттеу тақырыбымызға жақын келетін тағы бір кандидаттық диссертацияға ерекше тоқталып өткен жөн. Ташкенттік А.А. Сайфутдинов «1918-1924 жылдардағы Түркістан АКСР-де жастар баспасөзінің пайда болуы мен дамуына» арналған диссертациясында (1973 ) ең алдымен өзбек тіліндегі газет - журналдарға ден қойған. Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында қазақ басылымдары Түркістандағы баспасөз жүйесінде жетекші орын алғанымен бұл зерттеуде оның рөлі кемсітіліп, ал өзбек тіліндегілердің бәрі мейлінше дәріптеліп көрсетіледі.
Комсомол тарапынан қазақ жастарына арналып комсомолдық газет 1920 жылдың шілдесінде шығарыла бастаған, РКЖО Орал губком органы ретінде қазақ – татар тілінде жарық көрген «Жас күресші» - «Яш корәшче» газеті еді. Туысқан екі халық тілінде шыққан бұл газеттің 6 саны ғана жарық көріп үлгеріп, әдеттегідей қаржы тапшылығынан жабылып қалды. Айта кету керек, қазақ – татарша, немесе таза татарша жастар газетін шығару талпынысы осы тұста Омбыда, Қызылжарда, Семейде де байқалды. Бұл – ресми биліктің жергілікті ұлт жастарына арналған алғашқы басылымдарды шығару ісі республика орталығында емес, облыс, губерниялық қалаларда басталғанын көрсетеді. Бұл жерде партия және комсомол органдарының жастарға арналып шығарылған газеттердің алдымен орысша, одан соң қазақша жарияланғанын ашып айтқан жөн. Орысша шығатын газеттердің өз оқырмандары болды. Олардың қатарында бірлі – жарым болмаса, қазақ жастары жоқтың қасы болатын. Тіпті, қазақша – татарша шыққан газеттерді де қаланың оқыған жастарының бір бөлігі, ауылдардағы сауаты бар молдалар ғана оқитын, олардың таралымы да шектеулі болды. Сондықтан ең басты мәселе – таза қазақ жастарының газетін шығару болатын.
Диссертациялық жұмысты орындау барысында қазақ зиялыларының түрлі көзқарастағы өкілдері жасаған ғылыми тұжырымдарынан әрқилы деңгейдегі көптеген деректерді пайдаландық. Онда қазақ тарихының кейбір мәселелеріне арналған еңбектердің басты ерекшелігі - олардың көкейтестілігі, өткірлігі, өзектілігі, бір сөзбен айтқанда, өз заманына орай қоғамдық-саяси ой-пікір қалыптастыра алғандығы. Тіпті, мақала, очерк аттарының өзі оқырманды елең еткізіп, бірден өзіне назар аудартады. Тіптен кейбір зерттеушілер басылымдарға шекесінен қарап, «бесіктен белі шықпай жатып, жұртқа ақыл айтатын қайдағы бір «жас бөрілер мен аш бөрілер» шыға бастады деп жазды [12].
Бірақ жастардың мерзімді басылымдары қазақ қоғамының көкейтесті саяси - экономикалық мәселелерін көтерумен болды. Күн тәртібіндегі мәселелерді шешуде жастардың рөлін арттыруға көп күш салды. Жастардың рухын шыңдап, жағымды қасиеттерге баулып, пайдалы істерге жұмылдырылды.
Зерттеу еңбегімізде сол кезде шыққан басылымдардың заман ағымына қарай ұстанған бағытын анықтауды нысана етіп алдық. Өйткені, басылымдардың шыққан кезеңдерінің әрқайсысының өзіне тән мақсат – мүддесі болды. Соған орай басылым алқасы мен журналистер редакция жұмысының бағдарламасын белгіледі. Түрлі рубрикамен, айдармен, беріліп тұрған мақала, очерк, хабарлар сол кезеңнің тынысынан нәр алып, сабақтасып жатты. Қазақ жастары мерзімді баспасөзі тарихының осы және өзге де мәселелері бойынша шындықты қалпына келтіру үшін аталған тақырып арнайы зерттеуді қажет етеді.
Жұмыстың тақырыптық мазмұнын кеңінен ашу мақсатында XX ғасырдың соңғы жылдарында жарық көрген К. Нұрпейістің, Д.А. Аманжолованың, М.Қ. Қойгелдиевтің, Т. Омарбековтың, Ғ. Ахмедовтың, еңбектеріндегі және С.Ф. Мажитовтың [13], Ә. Пірманов, А.Т. Қапаева [14], С.Ө. Смағұлова [15], Р.Қ. Нұрмағамбетова, А.Ш. Махаева, Т.Қ. Мекебаев, М. Құл-Мұхаммед, Ж. Әлмашұлы, Д. Қамзабекұлының зерттеулеріндегі Алаш қозғалысына, қозғалыстың басты мақсаты, азаттық күрес жолындағы ұлт зиялыларының ұлттық басылымдар тарихына, олардың өмірлік ұстанымдары мен мүдделеріне қатысты құнды деректер келтіреді. Біз сонымен қатар, басылымдардың өздерін де дерек көздері ретінде пайдаландық.
Академик К. Нұрпейіс «Алаш һәм Алашорда» атты монографиясында «Жас Азамат» газетін Алаш қозғалысының тарихы бойынша үлкен деректемелік маңызы бар басылымдар қатарында атап көрсетті [16, 25-б.]. Ғалымның бұл пікірінің шынайылығына біз қазақ жастарының мерзімді баспасөзі тарихын зерттеуде бірнеше деректерді салыстыру барысында көз жеткіздік.
Сол сияқты М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» туралы зерттеулері әдістемелік тұрғыдан біз басшылыққа алған еңбектер санатына жатады. Мәселен, К. Нұрпейістің «Алаш һәм Алашорда» кітабында «Жас азамат» газетінің жабылуы (1919 ж.) Әлихан Бөкейханов пен Алашордадағы қарсы күштердің әрекеті екендігі дәлелденсе, М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты монографиясында идеологиялық, саяси күрестің заңдылықтары айқындалып, бұл қозғалыстың қазақ топырағында тууының өзіндік ерекшеліктерін тануға көмегін тигізеді [17, 213-б.]. М. Қойгелдиевтің кітабында жастар басылымдары аталмағанымен оның дүниеге келуіне қажетті алғышарттардың болғаны ашып көрсетілген.
Соңғы жылдары ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. 20-30-шы жж. қазақ және жастар баспасөзіндегі мәселелер, оларға саяси жағдайдың ықпалы, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ тілінде жарық көрген мерзімді баспасөздің шығу тарихы мен деректік маңызы жөнінде зерттеулер жүргізіп келе жатқан С.О. Смағұлованың әртүрлі мақалалар топтамасында біршама тыянақты қарастырылып келеді. Сондай-ақ М.С. Сәулембекованың, Д. Махаттың Д.И. Салқынбектің [18] диссертациялары мен монографиялық еңбектері де біздің зерттеуіміздің нысанасында болды. Сондай-ақ мазмұны және әдістемелік жағынан Ү. Сұбханбердина, Л. Нұрғалиева, Н.Ә. Асқаров, Қ. Сақов, М. Барманқұловтың жұмыстары біздің зерттеуімізге етене жақын. Алайда аталмыш авторлардың мәліметтерін ғылыми деректеме көзі ретінде алып қарағанда, біз көтеріп отырған тақырыпқа тікелей байланысы бар мәселелердің қарастырылмағаны бірден байқалады.
Қорыта айтқанда, зерттеу тақырыбымызға өзек болып отырған жастар баспасөзінің тарихы мен ондағы көтерілген мәселелер мазмұнын толық ашу мақсатымен қазақ баспасөзі туралы жазылған еңбектерге жалпылама шолу жасау барысында, жастар баспасөзі және оның беттерінде көтерілген әртүрлі саланы қамтыған мақалалар өз алдына жеке қарастыруды қажет ететіндігіне, осы уақытқа дейін арнайы зерттелмегендігіне көз жеткіздік.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақ жастары баспасөзінде жарық көрген материалдарға Отандық тарих тұрғысынан талдау жасай отырып, көрсетілген кезеңдерге, Кеңес дәуірінде қоғам өмірінен терең орын алған қатаң тоталитарлық жүйе ырқына бағындырылған идеологияның қазақ жастары баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына тигізген ықпалын ашып көрсету жұмыстың басты мақсаты болып саналады. Осы мақсатқа орай алға мына міндеттер қойылды:
- 1900-1940 жж. қазақ жастары баспасөзі шығу тарихының зерттелу барысына тарихнамалық тұрғыда талдау жасау;
- ХХ ғасыр басында шыққан «Серке», «Қазақстан», «Айқап», «Қазақ» және өзге де ұлттық басылымдарда көтерілген жастар мәселесінің қоғамдық маңыздылығы мен мәнін зерделеу;
- Қазақ жастарының ұйымдары мен олардың алғашқы басылымдары «Балапан», «Садақ» сияқты қолжазбалық журналдардың шығу тарихы мен оларда көтерілген мәселелерді айқындау;
- 1917 - 1920 жж. аралығындағы жастар мерзімді баспасөзінің даму тарихын зерделей отырып, алғашқы ұйымдастыру жұмыстарының қиыншылықтары мен ерекшеліктерін анықтау, осы бағытта қызмет еткен ұлт зиялыларының еңбегін сараптау;
- 1920-1940 жылдардағы кеңестік жастар баспасөзінің шығу тарихы мен қызметін саралай отырып, партия мен үкімет тарапынан қабылданған іс-шаралардың жүргізілу барысын ашып көрсету;
- Кеңестік жастар баспасөзінің әр басылымдарының ерекшеліктеріне тоқталып, қоғамдық-саяси оқиғаларға байланысты көзқарастарды салыстыру;
- Ауқымды саяси және экономикалық-әлеуметтік реформаларға сәйкес 1920-1940 жж. аралығындағы жастар басылымдарында жарияланған мақалаларды тарихтық бағыттары бойынша топқа бөлу;
- Ұлттық жастар баспасөзінде көтерілген Қазақстанның саяси, экономикалық жағдайы мен мәдениет мәселелерінің Отан тарихы үшін маңыздылығын саралап көрсету.
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны – Қазақ ұлттық жастар баспасөзі тарихы. Осыған сәйкес ХХ ғасырдың бас кезінде қалыптасып, қазақ қоғамының айнасына айналған баспасөздің ұлттық тәуелсіздік жолындағы күрестің, қоғамдық саяси өмірдің, әлеуметтік жағдай мен рухани дамудың қозғаушы күші болуымен қатар, сол жүріп өткен тарихи сүрлеудің жанды куәсы болғандығын айқындау, алғашқы жастар баспасөзі беттерінде жарияланған материалдар мен мақалалар арқылы қазақ жастарының қоғам өмірінде алар орнын анықтау болып табылады.
Зерттеу пәні. 1900-1940 жж. Қазақстандағы жастар басылымдарының тарихын жан-жақты зерделеп, оған объективті тұрғыдан баға беру, көпшілікке беймәлім деректерді ғылыми айналымға енгізу.
Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Диссертацияның қаралып отырған тақырыбына сәйкес оның қамтылу аймағы мен уақыты нақты белгіленді. 1900–1940 жылдар аралығы - қазақ жастар баспасөзінің қалыптасуының алғышарттары, негізгі атқарған міндеттері мен онда көтерілген жастар мәселесі, экономикалық, мәдени реформалар қарастырылады.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Зерттеліп отырған тақырыптың деректемелік негізі, оның мақсаты мен міндеттеріне сәйкес мұрағаттық құжаттар, басылымдарда жарияланған түрлі материалдар, кеңес үкіметі мен партияның шешімдері мен қаулы-қарарлары, құжаттар мен материалдар жинақтарынан және мерзімді басылымдарына қатысты баспасөз қызметкерлерінің жарияланған жинақтары мен мемуарлық еңбектерінен тұрады.
Жұмысты орындау барысында негізінен мынандай мұрағат қорлары ғылыми айналымға енгізілді: Қазақстан Республикасы Президенттік мұрағатының (ҚР ПМ) 880-қорының 1-тізбесінде ҚазАКСР-ның Халық ағарту комиссариаты жанындағы баспасөз бөлімінің 1900-1940 жж. арасындағы жинақтаған мәліметтері, РК (б)П Қырғыз өлкелік партия комитетінің (139-қ.), БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің деректері 141-қор, 142-қор, 160-қор; Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының 81-қоры 1-тізбесіндегі ҚАКСР-і қайраткерлерінің жеке парақтары, мәжіліс хаттамалары мен қаулы, қарарлары, Қазмембаспаның жұмыс жоспары, журналдардың көшірмесі, анкеталар, мерзімді басылымдардың, коллегиясының циркулярлары, 1873-қор, 5-қор; Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының 1634-қор 1-тізбесіндегі «Бостандық туы» газеті редакциясының құжаттары.
Деректердің басым бөлігін 1900-1940 жж. Қазақ өлкесі баспасөзіндегі жастар мәселесіне қатысты жарық көрген хабарламалар, ғылыми-танымдық, публицистикалық материалдар құрайды.
Сонымен қатар 1900 -1917 жж. аралығында шығып тұрған қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз материалдары, «Садақ», «Балапан» және «Жас азамат» басылымдарының, 20-жылдың басынан 30-жылдың аяғына дейін шыққан «Лениншіл жас», «Жас қайрат», «Өртең», «Пионер» және т.б. басылымдардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік - экономикалық мәселелерді көтерген материалдары да дерек ретінде қолданысқа енгізілді. Жастар баспасөзі мәселелерін талқылауда А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Сәдуақасов,Т. Рысқұлов және т.б. ұлт зиялыларының мақалалары мен еңбектері пайдаланылды.
Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Отандық тарих ғылымында алғаш рет қазақ жастары ұлттық баспасөзінің шығу тарихы қазіргі тарих ғылымына қойылатын талаптарға сай және объективті тұрғыда жан-жақты талданды. Зерттеудің мынандай ғылыми жаңалықтарын көрсетуге болады:
- Алғаш рет 1900-1940 жж. жастар баспасөзінің шығу тарихы мұрағат, баспасөз материалдары және ғылыми әдебиеттермен тарихнамалық тұрғыда жан-жақты зерделенді;
- ХХ ғасыр басында шыққан ұлттық басылымдарда көтерілген жастар мәселесінің қоғамдық маңыздылығы алғаш рет кең ауқымды, тарихи тұрғыда сараланды;
- ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында құрылған жастар ұйымының «Балапан», «Садақ» сияқты қолжазба басылымдарының шығу тарихы мен көтерілген мәселелері айқындалып, оның маңыздылығына тиісті баға берілді;
-
қазақ жастары баспасөзінің пайда болуының алғышарттары анықталып, оның атқарған басты міндеттері көрсетілді. Жастар баспасөзін қалып-тастырудағы ұлт зиялыларының еңбегі нақтылы зерттелінді;
- ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы кеңестік жастар баспасөзінің шығу тарихы мен қызметіне партия мен үкіметтің қаулы-қарарлары арқылы талдау жасалынды;
- ұлттық жастар баспасөзінің даму барысы мен әр басылымның ерекшеліктері қарастырылып, жастар баспасөзін көтерудегі көзқарастарға баға берілді;
- жастар басылымдарында жарияланған Қазақстанның саяси және экономикалық-әлеуметтік жағдайына қатысты материалдар сұрыптап алынып, ғылыми айналымға енгізілді;
- ұлттық жастар баспасөзінде көтерілген Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мен мәдени құрылыс мәселелерінің Отан тарихы үшін маңыздылығы сараланып көрсетілді;
- тұңғыш рет Қазақстан жастарының мерзімді басылымдарындағы еліміздің қоғамдық-саяси ахуалы мен шаруашылықты жетілдіру, мәдени құрылыс пен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты материалдары кешенді түрде зерделеніп, Қазақстан тарихы үшін маңыздылығы анықталды және ғылыми айналымға енгізілді.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен зерттеу әдістері ретінде қазақ жастары баспасөзі тарихының, онда көтерілген кейбір мәселелер әр қырынан қарастырылып, терең зерттелінді, тың тұжырымдармен толықтырылды. Бүгінгі таңдағы отандық тарих ғылымында қалыптаса бастаған жаңа -тұжырымдар мен зертеу әдістері басшылыққа алынды. Диссертациялық зерттеу мұрағаттық деректер, баспасөз материалдары, ғылыми, ғылыми-танымдық әдебиеттерді талдау, сараптау, салыстыру және жүйелеу әдістерін қолдана отырып, қалыптасқан методологиялық жүйелілік, объективтілік пен тарихилық қағидаларына негізделді.
Тақырыпты зерттеуге еліміздің жетекші тарихшы-ғалымдарының ой-пікірлері мен олардың жаңа тарихи көзқарасы тұрғысынан жазылған еңбектері, диссертациялық зерттеулері методологиялық негіз ретінде алынды.
Зерттеу жұмысының қорғауға ұсынылатын тұжырымдары мынадай:
- ХХ ғасыр басынан 1940 жж. аралығындағы қазақ жастары баспасөзінің қалыптасуы мен даму барысы қоғамдық-саяси санасының оянуына ықпал етті.
- «Серке», «Қазақстан», «Айқап», «Қазақ» және тағы басқа ұлттық басылымдарда көтерілген жастар мәселесі жан-жақты айқындалып, олардың тарихи құндылығы нақтыланды;
- «Балапан», «Садақ» қолжазбалық журналдардың шығу тарихы мен бұл журналдарды шығарудағы қазақ жастарының үлесі айқындалды;
- 1917-1920 жж. аралығындағы жастар мерзімді баспасөзінің даму тарихын зерделей отырып, алғашқы ұйымдастыру жұмыстарының қиыншылықтары мен ерекшеліктерін саралау барысында ұлт зиялыларының еңбегі бағаланды;
- 1920-1940 жылдардағы Қазақстан жастары баспасөзінің қалыптасуына қатысты БК(б)П мен кеңес үкіметі қаулылары мен шешімдерінің кеңестік идеологияны насихаттаудағы мәнісі және жастар баспасөзін дамытудағы іс-шаралар мен басылымдардың басты ерекшеліктері айқындалып, оларға өзіндік баға берілді;
- 1920-1940 жж. аралығындағы жастар басылымдарында жарияланған мақалалардың бағыттары нақтыланып, Отан тарихы үшін тарихи маңыздылығы анықталып, мұрағат құжаттары мен ғылыми еңбектер салыстырыла талданды;
- 1900-1940 жж. елдегі саяси оқиғалар мен экономикалық реформалардың жүргізілу барысы және мәдени құрылысты өркендету ісі баспасөз материалдары мен мұрағат және ғылыми зерттеулер негізінде жаңа қырынан дәйектелінді.
Зерттеу жұмысының ғылыми-практикалық және қолданбалық маңызы. Ұсынылып отырылған диссертация – ХХ ғ. басынан 40 - жылдарға дейінгі Қазақстанда алғашқы баспасөздің қалыптасуы мен ондағы жастар проблемасын арнайы зерттеу ретінде, оның теориялық және методологиялық негізін жасауға мүмкіндік беретін жалпы ғылыми еңбек. Зерттеу барысында келтірілген мәліметтер мен жасалған тұжырымдар Қазақстан тарихын терең меңгеруге, жан-жақты білуге ұмтылатын көпшілік оқырман қауымның да өткенімізді жаңаша саралауына септігін тигізеді. Диссертациялық еңбекті Қазақстан тарихын толық танып-білгісі келетіндерге, тарихшы мамандарға, зерттеушілерге, жоғарғы оқу орындарының студенттері, аспиранттар мен магистранттарға және тарих факультеттерінде арнайы курс пен семинар сабақтары ретінде пайдалануға болады.
Диссертациялық зерттеудің нәтижелері қазақ халқының мәдени дамуына тікелей қатысты болғандықтан, жұмыстың қорытындылары мен жекелеген тұжырымдары мәдени құрылыс тақырыбына жазылған ғылыми еңбектерде, журналистика тарихы және мәдениеттану курстары бойынша жоғары оқу орындарының оқулықтары мен дәрістерінде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалды, осы бөлімнің мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Зерт-теудің негізгі мазмұны мен тұжырымдары 11 мақалада жарияланды. Оның 8-і халықаралық-теориялық, аймақтық конференцияларда баяндама ретінде ғылыми көпшілік назарына ұсынылды. 3 мақала Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімдегі ғылыми басылымдарда жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы қысқарған сөздер түсініктемелерінен, кіріспеден, әрқайсысы екі тақырыптан тұратын үш тараудан және қортынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Жұмыстың Кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, міндеті мен мақсаттары айқындалып, зерттелу дәрежесіне тарихнамалық тұрғыда талдау жасалынған, методологиялық негізі мен қолданбалық маңызы, ғылыми жаңалығы мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдары берілген.
«ХХ ғасыр басындағы ұлттық мерзімді басылымдар және жастар мәселесі» деп аталатын бірінші тарау екі тараушадан тұрады. Бұл тарауда ХХ ғасыр басындағы қазақ даласының қоғамдық-саяси өмірі, оның ішкі құрылымы, сол кездегі қазақ баспасөзінің атқарған қызметі қарастырылады.
«ХХ ғасыр басы баспасөзіндегі жастар мәселесі» деп аталатын бірінші тараушада ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында шығып тұрған қазақ тіліндегі газеттерде жастар мәселесі қарастырылып, олардың қызметі тарихы үш бағытта баяндалған:
- жастар баспасөзі бастауында, жаңа қалыптасып келе жатқан, Ресейдің жоғары оқу орындарын бітіріп, елдің қоғамдық-саяси өміріне кең араласа бастаған ұлт зиялылары тұрды:
- жастарды білім алуға, қоғам ісіне еркін араласуға, ескі әдет-ғұрыптан арылуға, жаңаша өмір сүру салтына шақыра отырып, осы жолда өздерінің де үлгі-өнеге болуы үшін ұлт зиялылары мерзімді баспасөз арқылы үгіт-насихат жұмыстарын өрістетті:
- олар жастарға аса қажетті ақыл-кеңестер бере білді.
«Ұлттық жастар ұйымдары мен олардың алғашқы басылымдары» атты екінші тараушада, ХХ ғасырдың басында құрылған жастар ұйымдарының алдарына қойған мақсат - міндеттерін жүзеге асырудағы мерзімді баспасөз қызметі қарастырылады.
Ең алғашқы ұйым Омбы қаласында 1914 жылы «Бірлік» деген атпен қалыптасып, өз бағдарламасында алға қойған мақсаттарын: «Қазақ халқының мәдени һәм әдеби жағынан ілгергі қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлтты сақтау» деп көрсете келе, оған жетуде біріншіден, жастар арасында ұлтты сүю сезімін сіңдіру, екіншіден, халық әдебиетін жинастыру арқылы әдеби кітаптар бастыру, үшіншіден, театр кітаптарын шығару, төртіншіден, газет-журналдар шығару, бесіншіден, бастауыш, орта дәрежелі мектептерге оқулық кітаптар жазу және шәкірттерді даярлайтын курстар ашу, қаражатқа мұқтаж шәкірттерге қаржылай көмек көрсету үшін түрлі ойын-сауықтар ұйымдастыру, алтыншыдан, төменгі тап өкілдерін байлардың тепкісінен құтқару, қазақ әйелдеріне теңдік әперу екендігін атап өтті.
«Бірлік» ұйымының 1916-1918 жылдары «Балапан» атты қолжазбалық журналы шығып, алғашқы редакторы Мағжан Жұмабаев, ұйымның бағытын «Балапан қанат қақты» атты мақаласында айқын көрсетеді [19, 20-21-бб.].
ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары, жастар арасына тез тарайтын қолжазба журнал шығаруды қолға алып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді, әдеби шығармаларын жариялап отырды. Бұл журналдар бір жағынан, жастардың оқу - білімге, алға ұмтылысқа жетелеген, жастардың басын біріктірген басылым болса, екіншіден, әрбір жастың бойындағы талантын қағаз жүзінде жариялауға, оны жастар арасына танытуға жол ашты.
Сонымен, «Қазақ», «Алаш» секілді ұлттық басылымдармен қатар құрылған «Балапан», «Садақ», «Жас азамат» сияқты өзге де жастар басылымдары аз уақыт қана өмір сүрсе де, халық, оның ішінде қазақ жастарының рухани санасында сілкініс туғызған басылым болды. Осы бір халықтың болашағы үшін қызмет еткен ұлттық басылымдар мен жастар баспасөзі беттерінде жарық көрген мақалалар көкейтесті мәселелерді – оқу-білімге ұмтылу, ғылым жетістіктеріне талпыну, ұлттық дербестік, теңдік, ұлттық мүдде салт-сана, өркениеттік дамуға қол жеткізу, сол арқылы дін, тіл т.б. мәселелер көтерді. Мұның өзі арпалысқа толы ХХ ғасыр басындағы қазақ даласында орын алған қоғамдық-саяси өмірді тануға, оның ішкі құрылымын, сол кездегі қазақ баспасөзінің атқарған қызметін бағалауға мүмкіндік береді.
Қазақ жастарының Оралда «Жігер», Семейде «Жанар», Орынборда «Игілік», Петропавлда «Талап» атты одақтары мен үйірмелері құрылды. Олар қазақ жастарын парасаттылыққа, қоғамдағы әділетсіздік пен қанаушылық әрекеттерге ашық түрде қарсы тұруға шақырды.
«1920-1940 жылдардағы жастар баспасөзі тарихы мен қызметі» атты
екінші тарау екі тараушадан тұрады. Бұл тарауда Қазақстанда жастар баспасөзінің қалыптасуына Ресейде шығып тұрған басылымдардың тигізген ықпалы қарастырылады.
Солардың үлгісімен 1917 жылдың аяғында Ташкентте Түркістандық алғашқы басылымдар – орыс және өзбек тілдерінде шыға бастады. Олар: «Молодежь востока» газеті, «Известия Туркестанского краевого комитета РКЖО» журналы. 1920-1921 жылдары өзбек, қазақ, қырғыз тілдерінде «Қызыл ешлар» («Қызыл жастар»), «Еш Шарк» («Жас Шығыс»), «Шарк ешлары» («Шығыс жастары») атты газеттер дүниеге келді. Дәл осы жылдары Ташкентте ұйғыр тіліндегі тұңғыш жастар басылымдары «Қызыл оқучы» (1921) және «Яш уйгур» (1922) журналдары жарық көрді.
Ең алғашқы жастар журналы «Авангард Красного Востока» деп аталды. Ол Орынборда орыс тілінде шықты. Журналдың 7 саны жарық көріп, 1921 жылы тоқтап қалды. Әрбір нөмірінің жартысынан астамы мәскеулік басылымдардан, «Правда» газетінен көшірілген ресми құжаттардан тұрды, қазақ жастары туралы жазылғандар аз болды. Негізгі тақырыбы жұмысшы жастар, қалалардағы комсомол ұйымдары, бүкілресейлік ауқымда жүргізілетін түрлі саяси науқандарға қатысу, марксизм-ленинизм теориясын насихаттау, съездер мен пленумдардың қаулы-қарарларын басу, т.б. болды. 1920 жылдары жарық көрген орыс тілді жастар баспасөзі туралы ақпараттар біраз басылымдарда берілген. Онда Қазақстан журналистикасының тарихы, орыс тілді басылымдар мен қазақ жастары мерзімді баспасөзінің өзара байланысы, бір - біріне ықпал - әсері қарастырылады.
«Жастар баспасөзін қалыптастырудағы БК(б)П мен Кеңес үкіметінің саясаты» атты бірінші тараушада кеңестік кезеңдегі баспасөздің лениндік қағидалары жастар баспасөзінде танылып, тәрбие құралы ретінде күнделікті басшылыққа алынуға тиіс болғандығы көрсетілді. Осы тұрғыда баспасөздің жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеу жөнінде атқаратын қызметі мына қырынан белгіленген еді.
Біріншіден, еңбекті сүюді, құрметтеуді жастардың бойына сіңіре отырып, комсомол баспасөзі өндірістік қызметтің озық тәсілдерін насихаттау арқылы олардың идеялық-саяси дәрежесін жетілдіруге, коммунистік құрылысқа белсене қатысу үшін аса қажетті біліммен қаруландыруға тиісті еді.
Екіншіден, революциялық күрес мектебінен өтпеген жігіттер мен қыздардың өмірге жаңа ғана аяқ басып келе жатқаны ескеріліп тәрбие жұмысының түрлері мен әдістері жетілдіру барысы қарастырылды.
Үшіншіден, Кеңестік идеологияның пайымдауынша, жаңа қоғамның «тап жаулары» коммунистік идеяға қарсы идеологиялық күресін ең әуелі жастарға бағыттайды. Албырт жастардың санасына үкіметке қарсы пікір мен бисаясаттық пиғылдарды тықпалауға тырысады, басқа да неше түрлі айла-тәсілдер қолданады. Осындай жағдайда кеңестік баспасөз жастар қызметінің шынайы мотивтерін, социализм тұсындағы еңбектің үлкен тәрбиелік мәнін ашып көрсетуі қажет болды.
Осылайша ұлт зиялылары мен Алаш азаматтарының төңкерісшіл бағыттағы іс-әрекеттерінен сабақ алған қазақ жастарының санасында рухани серпіліс жүріп, болашаққа деген сенім пайда болды.
«Жастардың ұлттық басылымдарының дамуы мен қызметі» атты екінші тараушада, ХХ ғасырдың 20-жылдары жастардың бірнеше газет-журналдары жарық көргені туралы айтылады. Солардың ішінде ең алғашқы басылым ретінде «Жас алаш» пен «Өртең» газеттерін атап өтеміз. «Жас алаш» газеті 1921 жылы 22 наурызда Ташкентте жарық көрсе, 1922 жылы Орынборда шыққан «Өртең» газеті жастарды елдің ішіндегі ішкі жаңалықтар, саяси оқиғалармен, оқу-ағарту мәселелерімен таныстыруға ұмтылды. Жастар ұйымдарының қандай жұмыстар атқару керектігін белгілей отырып, олардың міндеттері жайында жазылған мақалаларды басты. Бұл газетке С. Сәдуақасов «Өткен күндер, қазіргі хал һәм болашақ» атты мақаласы жарияланып, онда жастарды босқа жатпай іске араласып, не істеу керектігін ойланып, жұмысқа белсене араласуға шақырды. «Өңшең жас жүрек, өңшең қаһарман, тарих – сендік. Болашақ сенікі! Алдыңдағы ағаларыңша бос белбеу, босаң болмай, болашағыңа оңдап даярлан», - деп жазды, ол өз мақаласында [20]. Бұл газеттің бар-жоғы 6-ақ нөмірі шығып, «саяси ұстамсыздығы» үшін жабылып тасталды. Оның орнына 1923 жылдың қазанынан Қазақстан аймақтық жастар комитетінің органы «Жас қазақ» журналы шықты.
Журналдың бірінші санында: «...Біздің осы үстімізде тұрған дәуірде ең бірінші планға шығарып қоярлық жалпы еңбекші жастарымыздың арасында істелетін екпінді, міндетті жұмыс, жаңа жұмыс – коммунист тәрбиесін алу, саяси билік алу. Бұл журнал –...еңбекшіл жастарды ортақшыл ұйымға кіргізіп, жауыз дұшпандарымызды қайткенде жеңетін жолды сілтейтін, адастырмайтын қазақ жастарының құбыланамасы (компос)», - дей отырып, өзінің мақсаты мен тілегін айқындап көрсетті. Соңында: «Ұзақ өмір жасап, өз қажетінше ойдағыдай пайдалануы үшін еңбекшіл жастар журналды ұдайы оқып жүрер» делінді.
Негізінде «Жас қазақ» журналының «Әдебиет», «Өнер-білім», «Саяси», «Оқу-тәрбие», «Балалар», «Ресми», «Сыртқы хабарлар», сияқты рубрикалары ашылып, онда осыған лайықты материалдар басылды. Мәселен, журналдың бірінші санында Тілектес есімді автордың «Жастардың міндеті» деген мақаласы жарияланып, онда ол жастардың болашақта атқаратын басты міндеттерін тізіп берді. «Қазірде жұрттың көбі жастарға қалай қарауын білмейді. Біреулер мақтайды, біреулер мұқатады, біреулер қорқытады» - дей келе, жастардың коммунистік партия ізбасарлары болулары үшін оларға дұрыс бағыт, жол сілтеу керектігіне үндейді. Осы нөмірде Т-и дегеннің «Саяси хал», Мұхамет - Ханафия Қазанғапұлының «Баспасөз», «Әдебиет» рубрикасында Жөнеудің «Құрмаш», журналдың 2-3 сандарында Тақа дегеннің «Қойшығұл там», Серік атты автордың «Қазақ кедей жастарын ұйымдастыру» [21, 51-53-бб.] деген мақалалары жарияланды.
1922 ж. тамыз айынан «Жас қайрат» газеті шыға бастады, ол 1924 ж. басынан сол атымен журналға айналып, алғашқы редакторы Ерғали Алдоңғаров, 1922 ж. Сәдуәқас Баймаханов басшы болды. Ол өзінің жайдары мінезі, сергек ойлылығымен алғыр журналисті бейнелесе, одан кейінгілер жалықпас ұстаз тәрізді, аса еңбекқор болды. Бұлардың екеуі де бардан – жоқтан құрап газет шығарған қиын кезеңде істеп, қағаз, қаржы табу, тілшілер, авторлар өсіруде комсомолдың Орталық Комитетіне, оның хатшысы Ғ. Мұратбаевқа арқа сүйеп отырды. Ғ. Мұратбаев редакторлықтан босағанымен, газеттен қол үзбеген. Ал 1927 жылдан бастап бұл журнал «Лениншіл жас» деген атпен газет ретінде шығарыла бастады. Оның редакторлығын Ерғали Алдоңғаров, ал жауапты хатшылығын Ахмет Елшібеков атқарған.
Қазақ жастарының газетін шығару ісі жаңа ғана құрылған өлкелік мемлекеттік баспаның жастар секторына тапсырылды. «Юношеский сектор Госиздата» аталған осы жаңа мекемені ұйымдастыру жағын РК(б)П Қыробкомы Ерғали Алдоңғаровқа жүктеді. 1925 ж. 17 ақпанында РКЖО Қыробкомының саяси-ағарту бөлімі газетті шығаруға қажетті қаржылық және ұйымдастырушылық жағынан дайындық жұмыстары жасалды деп тауып, газеттің атын «Жас қайрат» деп атап жауапты редакторына Е. Алдоңғаровты бекітті. Газет редакциясына кімдерді кіргізу мәселесін Е. Алдоңғаровтың өзі шешіміне қалдырды [22, 1т.- 55 іс-40 - бб.]. «Жас алаш» газетінің орнын басқан «Жас қайрат» газетінің бар-жоғы отызға жуық нөмірі шықты.
Семейде «Қазақ тілі» газеті 1923 жылдан жұмасына бір рет, соңғы парағында «Еңбекші жас» шығып, жауапты редакторлығын Сақи Бейсебаев атқарды. «Жеткіншек» өзінің «Бостандық туы» газетіне қосымша ретінде шығатындығын айта келе, «Баспасөз тап құралы – деген Ленин атамыз, ту ұстап газет оқысақ, тегістікке басамыз» деп жазып, газетке жазылғысы келгендер «Бостандық туына» жазылса «Жеткіншекті» де оқи алатындығын ескертіп өтеді [23]. «Жеткіншек» газетінің «Ауылдағы комсомолдар тұрмысы», «Түрлі хабарлар», «Оқу-білім» сияқты рубрикалары болды.
1925 жылдың қаңтарында жас жеткіншектерге арналған «Пионер» журналы шықты. Ол 1920-1930 жылдар аралығында бірде шығып, бірде тоқтап, 1931 жылы «Екпінді жас» деп аталды. «Пионер» журналы мектеп оқушыларын өндіріс озаттарының еңбектегі өнегелі жетістіктерімен үнемі таныстырып отырды.
Өлкелік жастар комитеті мен Халық ағарту комиссариатының ауыл пионері мен мектеп балаларына арналған он күнде бір шығатын өлкелік органы ретінде 1930 жылдың 5 қарашасынан бастап «Пионер» газеті де шығып тұрды. Оның жауапты редакторлығын Ахмет Нұралин атқарды. Газеттің 1 жылдығына орай 1931 жылдың 30 тамызында болған жас пионер тілшілерінің слетінде А. Нұралин баяндама жасап, газеттің алға қойған міндетін пионерлердің көмегімен еңбекші балаларды ұйымдастыру, оларға көмекші-жәрдемші болу деп түсіндірді.
Бұл жөнінде «Пионер» журналы мен «Октябрь балалары» газетінде латын әрпімен жазылған материалдарда жасөспірімдерді кеңестік идеология аясында тәрбиелеу міндетін алға қойды. Пионер» журналында басылған М. Әуезовтың «Абай - кемеңгер ұлы ақын» мақаласында, қазақ халқының өнер-білімге жетуінің, оны меңгерудің жолын көрсеткен ұлт тұлғалары Шоқан, Абай, Ыбырай деп атап көрсетілген. Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты», Б. Майлиннің «Ленин мектебі», С. Бегалиннің «Қыран туралы дастан» секілді алғашқы туындылары осы журналда жарық көрді.
Жастар басылымының қатары жыл сайын толығып отырды. Солардың бірі ретінде Ташкенттегі Ортаазия коммунистік университетінде оқитын қазақ студенттері «Кедей айнасы» журналын шығарды. Жылына бір реттен шығып, 1923-1929 жж. аралығында 5 саны жарық көрді. Оның жұмысына Өтебай Тұрманжанов, Шамғали Сарыбаев, Сәкен Сейфуллиндер белсене қатысты.
Журналда университет өмірі, студенттер мен оқытушылар құрамы, оқу - тәрбие процесі, оқу бағдарламалары, оқу құралдары, жастар арасындағы саяси - идеологиялық жұмыс жайында мақалалар жарияланып тұрды. Сонымен бірге үлкен саяси маңызы бар үкімет пен партияның іс-шаралары; кәмпескелеу, жер-су реформасы, индустрияландыру, ауыл шаруашылығы, халық ағарту мәселелері туралы терең мазмұнды мақалалар жарық көрді.
1923 жылдан бастап «Қазақ тілі» газеті өзінің 4 бетін жастар өміріне арнады, «Еңбекшіл жасты» ашуда Семейдегі педагогикалық техникумның студенттері белсенділік танытты. «Еңбекшіл жастың» жауапты редакторы болып Сақи Бейсебаев тағайындалып, газет өлкедегі хабарларды жастарға өз уақытында жеткізіп отырды.
1926 ж. «Қызыл ту» газетіне қосымша «Жастар дауысы» газеті шығарылып, редакторы К. Өтеғалиев болды. Бұл газет жайында тарихшы ғалым С.О. Смағұлова: «Жастар дауысы» газеті жастардың міндеттері, оларды жаңа өмір, жаңа тұрмысқа бейімдеу турасында мақалалар жариялап тұрды. Газет ауыл шаруашылығын көтерудегі қазақ комсомол жастарының рөлін, сондай-ақ, жастар арасында өтіп жатқан жиналыс, конференциялар турасында ұдайы хабарламалар басып отырды. Мәселен, 1926 жылдың 19 қарашасында өткен Бөкейдегі жастар конференциясы турасында шағын мақалада көздеген мақсатын анықтап көрсетіп берді. Жастар ісімен қатар пионерлер арасындағы қызмет барысын жандандыру, этика, мораль мәселелерін де көтеріп, оларды еңбек етуге, өнер-білімге, революциялық және коммунистік рухта тәрбиеленуге шақырды» [15], - деп жазды.
ХХ ғасыр басындағы қазақ жастар баспасөзінің дамуына қызмет еткен ұлт зиялыларының басты көздеген мақсаты мынадай болды деген тұжырым жасауымызға болады: ең алдымен, олар қазақ қоғамын дамытудың бастауы ретінде ұлттық мүдде мен өркениет құндылықтарын біртұтастықта қарастыруы болса, екіншіден, қазақ даласында қоғамдық-саяси идеяларды біріктіру, топтастыру арқылы жастарды бостандық жолындағы күреске дайындау; үшіншіден, рухани серпіліске жету жолында ұлттық білім беру жүйесін дамытудың төменгі сатысы ауыл мектептерін көптеп ашу арқылы жастардың білімге деген құштарлығын ояту; бұл мақсатты орындау барысында қазақ балаларына арналған оқулықтар дайындау мен баспасөз ұйымдастырылды; жастарды қоғамдық өмірге дайындауға бағытталған көптеген үйірмелер мен ұйымдар ашу арқылы саяси санасының қалыптасуына ықпал етті.
Қазақ халқының болашағы – жастар екендігіне кәміл сенген ұлт зиялылары баспасөз беттерінде халықтың әлеуметтік мәселелерін көтерген ірі-ірі мақалалар мен өлеңдер, орыс әдебиетінен және шетелдік басылымдардан, аудармалар жариялап отырды, әрі өз мақалаларын да орысшаға аударып жариялауға көңіл бөлді.
Жастар баспасөзінің елді отырықшылыққа, мәдениетке, оқу-білімге үндеуіне, халықтың ой-санасын өсіруге көмекші құрал ретінде прогрессивті рөл атқара алатындығына, жастардың жаңа өмірге икемделуіне бағыт беретін күш ретінде қолданды.
Ұлт зиялылары ұлт мүддесі жолындағы қызметі мен саяси күресінде ең алдымен жастардың қолдауы мен белсенділігіне үлкен сенім артты. Қалың бұқараның саяси санасын оятуда жастар ұйымдарының қызметі мен баспасөзін жан-жақты дамытуға күш салды.
Ұлт зиялылары аталмыш кезеңде қазақ қоғамының рухани өрлеуіне бағыт көрсете отырып, қазақ жастарының ұйымдары мен басылымдарының іргетасын қалады.
«Жастар баспасөзіндегі Қазақстанның экономикалық және мәдени өмірі» атты үшінші тарау екі тараушадан тұрады. Бұл тарауда жастардың мерзімді басылымдарында қазақ қоғамының көкейтесті саяси–экономикалық және мәдени мәселелерінің қалай қарастырылғаны туралы айтылады.
«Жастар баспасөзіндегі Қазақстанның экономикалық жағдайы» атты бірінші тараушада жастар газетінің еліміздің экономикалық мәселелерін өзінің алғашқы нөмірлерінен бастап жариялай бастады. Азамат соғысынан кейін күйреген, ашаршылық тұсында тұралаған шаруашылықты қалпына келтіріп, экономикамызды дамыту үшін жастардың күші қажеттігін айта отырып, жастар басылымдары олардың алда қолға алатын міндеттерін нақты көрсетіп берді. «Өртең» газетіне жариялаған «Қазаққа не керек?» деген мақаласында С. Сәдуақасов экономикамыздың ілгері жылжуы үшін не істеу керектігіне тоқталып, оның бірнеше жолдарын көрсетіп берді. «Бірінші қазақ еңбекшілерінің ойлайтын ісі - өздерінің шаруашылық жайы. Бұрынғыдай қазақтың сүтін енді басқа біреу пайдаланбайды, енді де қазақ өз сүтімен өз баласын асырауға кірісті. Біреудікін емес, өзінікін пайдалану ұят емес», - дей отырып, еліміздің қазба байлығының мол екендігін, бірақ оны өңдейтін орындардың жоқтығын айтып, біріншіден, болашақта осы істі қолға алу керектігін көтерсе, екіншіден, мыңдаған шақырымға созылып жатқан кең-байтақ аумақты бір-бірімен байланыстыру, ел экономикасын гүлдендіру үшін шойын жол (теміржол) салу керектігіне үндейді. Бұл мәселені үкіметтің тез арада қолға алуы қажеттігіне тоқталады. С. Сәдуақасовтың үшінші көтерген мәселесі оқу-ағарту ісі болды. «Оқу тұрмыстың зор тірегі. Оқусыз адам уықсыз тігілген үй секілді. Қазақтың еңбекшісі оқымай көпке жете алмайтындығы айдан айқын. Басқа жұрт біздің ісімізді істеп бермейді» – деп, үкімет осы мәселені жылдам қолға алып, жер-жерлерге қажетті мұғалімдерді даярлап жіберсе деген тілегін айтады [20, 265-267-бб.].
Кеңестік кезеңде республикамыздағы жастар баспасөзінің тарихы арнайы зерттелмей, ол тек жалпы баспасөз тарихы қатарында қарастырылып келді. Ал шын мәнінде бұл салада көптеген мәселелердің сол кезеңде қордаланғаны белгілі. Міне, сондықтан да бүгінгі қазақ баспасөзі, баспасөз бостандығының нәтижесінде өзекті айтылған мақалаларды батыл жариялай отырып, сол кезеңдегі қазақ жастарының жаңа тұрпатты баспасөзінің алғашқы қадамдарын, аға буын өкілдерінің оларға басшылық қызметін, жастардың ғылым мен білімге ұмтылысын ел шежіресінің бір парағы ретінде қарастырып келеді. Бүгінгі жастарға тарихи тәжірбиені тәлім-тәрбие ретінде батыл пайдалануға болады. Сол кездегі кеңестік биліктің өз кезінде жастарға, олардың тәрбиесіне қандай мән бергені жөнінде егемен еліміздің мерзімді басылым беттерінде сындарлы мақалалары жарық көруде. Жастар баспасөзі оларды тәрбиелеуде дем беруші күш, рухани қару ретінде пайдаланылатыны бәрімізге аян.
Жастардың басылымдарындағы республиканың мәдени құрылыс мәселелері атты екінші тараушада ХХ ғасырдың 20 - 40-жылдарындағы қазақ мерзімді баспасөзінің жергілікті халықтың арасында сауатсыздықты жою, жастарды оқу-білімге шақыру, ұлттық кадрларды дайындау және бұқара халықты жаңа өмірге бастаудағы қызметі талданып, қарастырылады. Қазақ баспасөзінің алға қойған міндеттерінің бірі - оқу-ағарту, мәдени құндылықтарымызды жаңғырту мәселелері еді. Ең бастысы оқу-ағарту, яғни сауатсыздықты жою арқылы жастарды қоғам жұмысына тарту, әсіресе қазақ қыздарын оқыту, оқу-ағарту үйлерін, қызыл отаулар, кітапханалар, клубтар мен театрларды құруға жастардың қатысуын, мәдени жорықтағы комсомолдардың белсенділігін арттыру ісін мерзімді баспасөз арқылы насихаттау болды.
Қазақстанның 1921 ж. 11-18 маусымда өткен облыстық бірінші конференциясында көркем әдебиет саласының ақсап отырғаны айтылып, оны көтеру, жаңа туындыларды жариялау жайлы, қарар қабылданғанан кейін, қазақ баспасөзінде арнайы әдебиет бөлімі ашылып, қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін насихаттауға мүмкіндік туды. Бұл іске жастар баспасөзі де белсене кірісті. Жалпы, қазақ жастары баспасөзі мәдени-ағарту саласындағы қол жеткізген істерді насихаттап, жаңа бой көтеріп келе жатқан жеткіншектерді, өнерді, көркем әдебиетті сүйюге үйретуді мақсат тұтты. Газет-журнал мәдени құндылықтардың жетістіктерін көрсетуді ғана емес, кемшіліктерге де сыни көзбен қарауды да өз міндеті санады.
«Өртең» газетінде Е. Алдоңғаров үкіметтің алда атқаратын жұмыстарының қатарында ағарту саласы мен халықтың мәдениетін өркендету мәселесі тұрғандығын айта келе, «Бұл сықылды қиын, ауыр жұмыстарды орындау үшін, біз әуелі ата ғұрыптан қалған ескі мінез, теріс ұғыныстарды, түрлі «шылықтарды» құртып, өзіміздің басымызды тазартуымыз керек. Мұны құртпасақ, ойымыз тереңдемейді, жақсы мен жаманды, залал мен пайданы айыра алмаймыз. Бір революционер болмай негізгі мәселелерді еш уақытта шеше алмаймыз» – деп, жастармен қатар оқуға есейіңкіреген жігіттердің де ынтасы ауып отырғандығын келтіреді. Ал Смағұл Сәдуақасов үкіметтің алдындағы атқарылатын ірі міндеттерінің қатарынан оқуды атаған.
Республикалық мәдени құрылысы Кеңес өкіметі тұсында ерекше қарқынмен шарықтап дамығандығы мерзімді жастар басылымының негізгі тақырып өзегіне айналды. Қазан төңкерісінен кейін кеңестік Қазақстанда мәдени салада іргелі қайта құрулар жүзеге асты. Мәдени революция барысында сауатсыздық жойылды, жалпыға бірдей бастауыш және жеті жылдық білім беру жүйесі енгізілді, орта мектептер, техникумдар мен жоғары оқу орындары дамыды. Еңбекшілерге қоғамдық-саяси білім беру барынша өрістеді. Сондай-ақ, ғылым, әдебиет, көркем өнер саласында да жаңа өрлеу басталды. Осылардың негізінде қазақ халқының Кеңестік «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деп аталатын жаңа мәдениеті қалыптасты. Қазақ кеңес мәдениетінің даму тарихы күрделі, де ауқымды құбылыс.
Қоғамның сан-салалы өмірінде болып жатқан құбылыстар жайында ақпараттар жеткізіп отыратын мерзімді баспасөзге қажетті кәсіби журналистер жетіспей жатты. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 1940 жылы жеке журналистика институты ҚазМУ - дың құрамына енгізіліп арнайы факультет ретінде ашылды. Университеттегі студенттер саны 500-ге дейін көбейді. Қабылданған 2675 студенттің 1925-і қазақтар, оның 290-ы қазақ қыздары болды. Соғыс қарсаңында Оралда «Комсомол ұрпағы» атты облыстық газет шығып тұрды, онда 1939 жылы жас ақын Жұбан Молдағалиевтің тырнақалды өлеңі басылды. Басқа бір деректе 1933-1935 жж. З. Тұрарбековтың «Комсомол ұрпағы» газетінің редакторы болғаны айтылады. Мұның өзі қазақ мәдениетінің дамуындағы үлкен тарихи оқиға болуымен қатар, қазақ қеңес интеллигенциясының өрлеуін танытатын фактор, жастар баспасөзінің қалыптасу тарихын баяндайтын дерек.
20-40 жылдары мәдениет саласы саяси күрделі қиыншылықтарға толы құбылыстарға тап болды, келеңсіздіктер орын алды. Мәдениетті жасау мен оны құрту құбылыстары қатар жүрілді. Бір жағынан, мәдениет қауырт өркендеді; екінші жағынан, әсіресе қызыл саяси террор ұлт мәдениетінің қаймағы – зиялыларды қынадай қырды. Барша өмірді жаппай идеологияландыру халықтың мәдениетіне, адамдардың ой-өрісінің еркін дамуына орны толмас орасан нұқсан келтірді. Мұндай үлкен күрделі тақырыптар сол кездегі басылымдарда бірді-екілі жазылғанымен, толық айтылған жоқ. Олар жайында қазіргі тәуелсіздік жылдарында ғана кеңінен жазылуда.
Сондай-ақ қоғамдық-саяси өмірдің қалыптасуы мен дамуын жіті бақылап, тек бір ғана биліктің жетегінде ұстаған тоталитарлық жүйе өз үстемдігі мен билігін осы баспасөздер мен оның қызметі арқылы нығайтып қана қойған жоқ, баспасөзді өзіне толықтай бағындырды. Сөйтіп, қоғамның үгіт-насихат құралы болып табылатын баспасөз, әсіресе жастар баспасөзі социалистік қоғамды қалыптастырудағы лениндік-сталиндік бағытты халыққа кеңінен таратушы, насихаттаушы болды.
Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарға қарамастан көптеген қол жеткен жетістіктер мен мәдениетімізге, ұлт тарихына, әдеби мұраларымызға қатысты сыңаржақ айтыс-тартыстардың көбеюі де, баспасөз беттеріндегі үстірт жасалған сындар да осы ХХ ғасырдың 30-40-жылдарының үлесінде екендігі белгілі. Оның жарқын мысалы ретінде «Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институты жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» Қазақстан Коммунистік большевиктер партиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы атышулы қаулысын айтуымызға болады. Бұл қаулы талай ұлт зиялылары мен көрнекті тарихшы, әдебиетші, жазушыларымызбен қатар баспасөз саласын барынша тұралатып кетті.
1989 жылдары елімізде қайта құру дәуірінің жылы лебі соға бастаған тұста халық жадынан өше бастаған небір рухани мұраларымыз бен ұлт зиялыларының өмір тарихы ортамызға қайта орала бастады. Оған себеп болған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мемлекеттік Комиссиясының «Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40-жылдар кезеңі мен 50-жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі» қорытындысы еді.
Қазақстан ғылымы мен жоғары мектептер туралы мәселені тың жатқан соны тақырып деп қарамасқа болмайды. Диссертациялық еңбегіміздің хронологиялануының аясында қазақ халқының едәуір табыстарға қол жеткізгені де шындық. Осының бәрі Қазақстан мемлекетінің босағасы берік, басқалармен терезесі тең ел дәрежесіне жету жолындағы қадамдарының көрінісі.
Зерттеуіміздің қорытындысында диссертациялық еңбегіміздің нақты нәтижелері мен тұжырымдары айтылады.
Сонымен біз зерттеуімізді қорыта келе, жастар баспасөзінің қалыптасып, дамуына мына факторлар ықпал етті деген тұжырымға келдік:
- ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси жағдайлар, яғни Ақпан төңкерісі, Уақытша үкіметтің билік етуі, осы мезгілдегі кейбір демократиялық бостандықтарға қол жеткізу және осы оқиғалардың қазақ даласына әсері;
- ғасырлар бойы отарлық езгіде болып ұлттық болмыс пен тарихи сана, мүдде, діл мен дінінен айырыла бастаған халықтың оқу-білімге деген ұмтылысының артуы;
- қоғамдық-саяси санасының оянуы, өз құқықтары мен арман-тілектеріне қол жеткізу жолында әртүрлі ұйымдар мен одақтар құруы және солардың құрамына тартылуы;
- ұлт зиялыларының жаңа қоғам құру жолындағы күреске жастарды бейімдеуі, тәрбиелеуі;
- ұлттық басылымдарының көшбасшысы болған «Қазақ», «Айқап», «Қазақстан», «Еңбекшіл қазақ», «Бостандық туы» т.б. газет-журналдардың жастарға саяси рух бере отырып, жастар ұйымдары мен басылымдарының жұмысын жандандыруға күш-жігерін жұмсауы.
Бүгінгі ХХI ғасырда баспасөздiң қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі күн санап арта түсуде. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Идеологияның басты мұраты - тәуелсіздігімізді баянды ету, мына шырғалаңы мол дағдарыс кезеңінен елді аман-есен алып өту, осыған дейінгі ғасырлар бойы жасалып келген рухани байлықтарымыздың қайнарларын бұзбай, оны өрісі кең әлемдік өркениетке ұластыру» деп баспасөзге үлкен міндет жүктегені баршамызға белгілі деген еді [24].
Бүгінгі демократиялық Қазақстанда осындай жауапкершілік жүгін арқалаған баспасөздiң қоғамдағы рөлi айтарлықтай дәрежеге өсті. Ол енді бұрынғыдай насихатшы ғана емес, сонымен бiрге қоғамдық ой-санамыздың сараптаушысы және қоғамдық ой-пiкiрдi қалыптастырушы қызметін де атқаруда.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Қожакеев Т. Тарих дәлдікті сүйеді // Қазақ әдебиеті. – 1964. – 5 маусым.
2 Сұбханбердина Ү. «Айқап» бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар. - Алматы: Қазмембас, 1961. – 156 б.; Соныкі. Қазақтың революциядан бұрыңғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар. - Алматы: ҚазССР ҒА баспасы. - 1963. - 292 б.; Соныкі. «Дала уалаятының газеті». - Алматы: Ғылым, 1995. - 216 б.; Айқап. / Құрастырушылар: Ү. Сұбханбердина, С. Дәуітов. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. – 368 б.
3 Дулатов М. Баспасөз үммесі // Еңбекші қазақ. – 1923. – 5 мамыр.; Соныкі. Шығармалары. - Алматы. - 1994. 184 б.
4 Рысқұлов Т. Баспасөздің мәнісі // Еңбекші қазақ. – 1926. – 17 мамыр.; Соныкі. Избранные труды. – Алма–Ата: Казахстан, 1984. – 259 с.
5 Кенжебаев Б. Қазақ баспасөзінің тарихынан: Тарихи очерк. – Алматы: Қазмембаспасы, 1950. – 37 б.
6 Кәкішев Т. Октябрь өрені. – Алматы: «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы», 1962. – 204 б.; Соныкі. Садақ. Эссе. – Алматы: Жалын, 1986. – 264 б.; Соныкі. «Ғалияда» оқыған қазақтар // Егемен Қазақстан. – 2006.– 3 тамыз. – №205-208.
7 Кенжебаев Б., Қожакеев Т. Қазақ совет баспасөзі тарихынан. – Алматы: Қазмембас, 1962. – 63-б.
8 Бекхожин Х. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі (1860-1958). – Алматы, 1981. – 239 б.
9 Идрисов А.И. Деятельность Компартии Казахстана по развитию партийной и советской печати Республики в период 1926 - 1932 г. – Алма - Ата. 1972.
10 Ахметова Л.С. Жоғары білім мен ғылым саласындағы мемлекеттік саясат және оның Қазақстанда жүзеге асуы: тарихи талдау (1985-2005жж)
11 Атабаев Қ. Мерзімді басылым ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының дерегі ретінде. – Алматы: «Қазақ университеті», 1998. – 192 б.; Соныкі. Деректанудың теориялық мәселелері. - Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 44; Соныкі. Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918). – Алматы: «Қазақ университеті», 2000. – 356 б.
12 ҚР ОММ. 81-қ., 2- т., 105 – іс, 17-18 - пп.
13 Мажитов С.Ф. Жизнь и деятельность и исторические взгляды Бекмаханова Е.Б.: автореф. ... к.и.н. – Алматы, 1992. - 27 с.
14 Пірманов Ә., Қапаева А. Қазақ интеллигенциясы. – Алматы: Атамұра. – 160 б.
15 Смағұлова С.Ө. Ұлттық интеллигенция және ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы аграрлық мәселе: тарих ғыл. канд. ... дисс. авторефераты. – Алматы, 1999. – 28 б.; Соныкі. ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы жастар баспасөзіндегі мәселелер // Абай атын ҚазҰПУ Хабаршысы. – 2006. - № 3. – 87-91-бб.; Соныкі. «Қазақ тілі» газеті және онда көтерілген мәселелер // Абай. – 2007. - № 4. – 80-84-бб.
16 Нұрпейіс К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: «Ататек», 1995. – 256-б.
17 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: «Санат», 1995. – 368 б.; 1916 жылғы көтеріліс және ұлт зиялылары // Қазақ тарихы. - 1999. - №2. - 33-б.; Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағлымы не дейді? – Алматы: Ана тілі, 1993. - 208 б.; Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (ХҮІІІ-ХХ ғғ.). Зерттеулер. – Алматы: Жалын. – 212 б.
18 Салқынбек Д.И. Қазіргі қазақ баспасөзі және ондағы мәдениет құрылысы проблемалары (1991-2000 ж.ж.). Тарихи талдау: т.ғ.к. ... дисс. авторефераты. – Алматы, 2004. – 30 б.
19 Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: жазушы. – 2002. – Т. 1.; Елеукенов Ш. Мағжан: өмірі мен шығармагерлігі. Оқу құралы. – Астана: Астана-полиграфия. – 2008. –277 б.
20 Садуақасұлы С. Өткен күндер, қазіргі хал һәм болашақ // Өртең. 1922. №1.; Соныкі. Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Алматы, «Алаш», 2003. – 360 б.
21 ҚР ПМ. 139-қ., 1т.- 51-53-бб.
22 ҚР ПМ. 141-қ., 1т.- 55 іс-40 - бб.
23 Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты. 1634-қ., 1-т. «Бостандық туы» газеті.
24 Қазақстан Республикасында тарихи сананың қалыптасу тұжырымдамасы // Егемен Қазақстан. - 1995. - 14 қыркүйек.
ДИССЕРТАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ
НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ БОЙЫНША ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАЛАР
1 Публикация К.И. Сатпаева о Джезказгане как центре металлургии Казахстана на страницах журнала «Зерде» // «Аймақтың даму стратегиясындағы ғылым мен білім». Академик Қ.И. Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Қарағанды: Орталық Қазақстанның жоғары оқу орындары ректорларының аймақтық кеңесі. – 1999, 1-2 қазан. – Қарағанды, 1999. - 61-64-бб.
2 «Зерде» журналының бетінде жарық көрген «Ұлы Жібек» жолы бойындағы ортағасырлық қалалардың тарихи сипаттамасы // Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған «Көшпелілер мәдениеті мен Ұлы Жібек жолы: ғасырлар сұхбаты» тақырыпты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның еңбектері. – Шымкент: М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. - Шымкент, 2000. - 16-18-бб.
3 Тема «Евразийства» в журнале «Зерде» и научной жизни университетов // Казахстан на рубеже III тысячелетия: человек, культура, цивилизация. Сборник материалов международной научно-теоритической конференции (30 июня – 1 июля 2000 г.). – Алматы: КазГАСА, 2000. - 119-123-бб.
4 Роль Омска в формировании взглядов казахской демократической интеллигенции в XIX в. // Степной край: зона взаимодействия русского и казахского народов (XУIII-XX вв.). II Международная научная конференция. Тезисы докладов и сообщений. - Омск-Кокшетау: ОмГУ, КГУ им. Ш. Уалиханова, ТомГУ, 2001. – Омск: ОмГУ, 2001. – С. 114-116.
5 Военное дело казахов: роль батырства на страницах журнала «Зерде» // «Казахстанский патриотизм: Опыт, проблемы и перспективы». Сборник материалов республиканской научно-практической конференции. – Петропавловск: ПВВУВВ, 2002. – С. 362-365.
6 Балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ баспасөзі тарихынан // Отан тарихы. - 2007. - № 3. - 127-133-бб.
7 Омский период творческой деятельности Ч. Валиханова на страницах в периодической печати. // Вестник НАН РК. – 2008. - № 2. – С. 68-69.
8 «Зерде» журналы және этнопедагогика пәні // Қазақ тарихы. - 2008. - № 4. - 28-31-бб.
9 Қазақ жастар баспасөзі тарихынан // «Марғұлан оқулары - 2009» халықаралық ғылыми конференцияның материалдары. – Петропавл: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты; М. Қозыбаев атындағы СҚМУ. - 22-25 сәуір 2009 ж. – Петропавл, 2009. - 40-43-бб.
10 қазақ тіліндегі алғашқы жастар басылымдары: «Серке», «Садақ», «балапан», «Жас азамат» // Қазақстандағы тарих ғылымының өзекті мәселелері: ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ғылымға және техникаға еңбегі сіңген қайраткер М.Х. Асылбековтың 80 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы, 2009, 29-30 мамыр. – 443-448-бб.
11 XX ғғ. басында қазақ жастар ұйымдары мен басылымдар мәселесі // «Қозыбаев оқулары - 2009» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция-ның материалдары. – Петропавл: М. Қозыбаев ат. СҚМУ. - 20 қараша 2009 ж. - Петропавл, 2009. – ІІ т. - 68 -71-бб.
РЕЗЮМЕ
автореферата диссертации на соискание ученой степени кандидата наук по специальности 07.00.02 – Отечественная история (История Республики Казахстан)
БИМАКАНОВА ЗЫЛЫЙХА ШАХМЕТОВНА
История создания казахской молодежной периодической печати
(с начало ХХ века – по 1940 гг.)
Актуальность темы исследования. Диссертационное исследование посвящено истории создания в Казахстане молодежной перодической печати на казахском языке за период с 1900 по 1940-е гг. В исследовании прослеживается процесс появления казахской периодической печати в начале ХХ вв., а также проблемы, поднятые на страницах газет «Қазақ», «Қазақстан», «Серке», «Айқап», рукописного издания «Садақ», «Балапан» и других относительно просвещения молодежи, ее участия в общественно-политической жизни края в переломные моменты истории, как в период первой российской революции 1905-1907 гг., восстания 1916 года, февральской и октябрьской революции 1917 г.
Основное внимание в диссертации уделяется истории издания молодежной печати в Казахстане в первые годы после установления советской власти, политика ВКП(б) и советского государства, направленная на разрушение традиционной структуры жизнеобеспечения казахского этноса в кочевых и полукочевых районах, социально-экономическим и культурным преобразованиям в республике в 1920-1940 гг., осуществленным на основе жесткой классовой борьбы и их отражение на страницах молодежной печати.
Целью диссертационной работы является исследование истории возникновения казахской молодежной печати в начале ХХ в., ее становление и развитие в 1900-1940 годы. Основу исследования составили архивные данные, в которых отражены конкретные даты и события, связанные с изданием различных органов печати, предназначенной для молодежи. В связи с этим были поставлены следующие задачи исследования:
- проанализировать возникновение периодической печати в Казахстане в конце ХIХ – начале ХХ вв. как предпосылки появления таких органов печати как журнал «Айқап», газеты «Қазақ», «Қазақстан», «Ұшқын», «Алаш», «Сарыарқа» и др., а также рукописных изданий «Садақ», «Балапан»;
- осветить работу казахской печати по просвещению и вовлечению молодежи в общественно-политическую жизнь в начале ХХ в.;
- осветить деятельность молодежных организаций и историю появления их печатных органов «Тіршілік», «Жас қазақ», «Жас қайрат», «Өртең» и др;
- исследовать появление периодической печати для молодежи в советский период.
Научная новизна работы заключается в том, что в ней впервые в отечественной исторической науке, на основе вводимых в научный оборот новых архивных материалов и сведений, освещена история создания и становления казахской периодической печати для молодежи в период с 1900 по 1940-е гг.
Положения, выносимые на защиту:
-
На основе архивных источников и научных трудов, а также материалов печати обоснованы новые парадигмы политических событий, процессов экономических реформ и культурного развития;
-
определена историческая значимость молодежной периодики 1900-1940 гг., для Отечественной истории, проведен сопоставительный анализ научных трудов и архивных документов;
- исследуя историю развития молодежной печати 1917-1920 гг. раскрыты трудности организационной работы и ее особенности, дана оценка национальной интеллигенции, внесшей вклад в развитие данного направления;
- проанализированы постановления советской власти и ВКП(б) в становлении Казахстанской молодежной печати 1920-1940 г. выявлены основные особенности в деятельности и развитии молодежной печати;
-
оценена роль казахской молодежи в истории издании рукописных журналов «Садақ», «Балапан»;
Структура работы. Диссертация состоит из списка сокращений, введения, трех разделов, заключения и списка использованной литературы.
SUMMARY
of the thesis submitted for the scientific degree of candidate of historical sciences on specialty 07.00.02 – History of the Homeland
(History of the Republic of Kazakhstan)
BYMAKHANOVA ZYLYIKHA SHAKHMETOVNA
History of formation of kazakh periodical press for the youth
(beginning of the XX century - till 1940-ies)
Urgency of the research. The dissertation work is devoted to the history of formation of periodical press for the youth in Kazakh language from 1900 till 1940-ies in Kazakhstan. We can see the process of appearing Kazakh periodical press at the beginning of the XX century, as well as the problems lifted on the pages of the newspapers “Aiqap”, “Qazaqstan”, “Qazaq”, “Serke”, handwritten editions “Sadaq”, “Balapan” and others which were devoted to the illumination of the youth and its participation in the social-political life of the country in the critical time of the history, foe example as the period of the first Russian revolution of 1905-1907 years, uprising of 1916 year, February and October Revolutions 1917 year.
The main attention is paid to the history of edition of the periodical for the youth in Kazakhstan during the first years after the establishing of the Soviet power, where the policy of ACP(B) (all-union communist party of Bolsheviks) and soviet state were directed to the destruction of traditional structure of support of the Kazakh nation in nomadic and semi-nomadic regions, social-economic and cultural reforms in the republic in 1920-1940 years, which was exercised on the basis of tight class struggle and their reflection on the press for the youth.
Aim of the dissertation work is research and study of the history of formation of Kazakh periodical press for the youth at the beginning of the XX century, its establishment and development in 1900-1940 years. The ground for the dissertation was archive data, which reflects authentic dates and events connected with edition of different publishing bodies, designated for the youth. In connection with this the following tasks were studied in the dissertation:
-
to analyze the formation of periodical press in Kazakhstan at the end of the XIX – beginning of the XX centuries as the background for appearance of such periodic bodies as the journal “Aiqap”, newspapers “Qazaq”, “Qazaqstan”, “Ushqyn”, “Alash”, “Saryarqa” and others, as well as handwritten editions “Sadaq”, “Balapan”;
-
to illuminate the work of the Kazakh press devoted to the education and involvement of the youth to the social-political life at the beginning of the XX century;
-
to illuminate the activity of youth organizations and history of occurrence of them in the periodical bodies “Tirshilik”, “Zhas qazaq”, “Zhas qairat”, “Orteng” and others;
-
to study the occurrence of periodical press for the youth in the soviet period;
-
to analyze the materials of the Kazakh periodicals for the youth devoted to the illumination of process of social-economic reforms in the republic in 20-30 years of the XX century;
-
to define the level of illumination of the process of the cultural construction in Kazakhstan and its class direction in the periodicals for the youth.
Scientific novelty of the research is concluded in the following, that the history of formation and establishment of the Kazakh periodical press for the youth during the period from 1900 till 1940 years were illuminated for the first time in the homeland historical science on the basis of the new archive materials and facts including them into scientific circle.
Statements passing on to the defense:
- new paradigms of the political events, processes of economic reforms and cultural development were proved on the basis of archive sources and scientific works as well as materials of the press;
- studying the history of the development of the periodicals for the youth in 1917-1920 years were revealed the problems of the organizational works and its specific features, as well as wee given the evaluation to national intelligentsia who contributed into the development of the given direction;
- the historical significance of the periodicals for the youth of 1920-1940 years were defined for the homeland history, were made the comparative analysis of the scientific and archive works;
- the regulations of the soviet power and ASP(b) in establishment of kazakhstani press for the youth were analyzed and made the principle specific character in the activity and development of the periodicals for the youth;
- the role of the Kazakh youth in the history of the handwritten journals “Sadaq” and “Balapan’’ were evaluated.
The structure of the dissertation work. The dissertation work consists of list of the abbreviations, introduction, three chapters, conclusion and list of the used literature.
БИМАҚАНОВА ЗЫЛЫЙХА ШАХМЕТОВНА
Қазақ жастары мерзімді баспасөзінің тарихы
(XX ғасырдың басы - 1940 жж.)
07.00.02 - Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн
дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
26.03.2010 қол қойылды. Пішімі 60х841/16.
«MASTER» қағазы. Гарнитурасы «Times New Roman» Көлемі 1,5 б.т. Таралымы 100 дана.Тапсырыс № 57.
«Тарих тағылымы» баспасы
050008, Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, 175 үй
Байланыс тел.: +7 (727) 277 53 49
Достарыңызбен бөлісу: |