Бұл мәселеде бірлік керек Қазкенов Бағдат Айтөреұлы «Шарайна» газеті, 22. 11. 2013 жыл



Дата30.06.2016
өлшемі34.85 Kb.
#167919
Бұл мәселеде бірлік керек

Қазкенов Бағдат Айтөреұлы

«Шарайна» газеті, 22.11.2013 жыл

Қазақ қоғамын қазіргі күні діни ахуал толғандырып отырғаны жасырын емес. Әртүрлі діни ағымдардың насихаты белең алып, жастарды Ислам дінінің асыл жауһарларынан адастыруда. Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) салып кеткен Ислам дінінің тура жолын бұрмалаушылардың әсерінен кейбір жастар дін жайында қарама-қайшы пікірлер айтып жүр. Бүгінгі таңда мемлекетімізде өзекті де өткір тұрған дін мәселесі кім-кімді болмасын ойландырып отыр. Исі мұсылман бауырларымыздың, әсіресе, қазақ жастарының соқыр сенім мен жалған ақпараттың құлы болуы ертеңгі болашағымызға өз көлеңкесін түсірері хақ.


Ислам дінінің асыл құндылығын ел арасында түсіндіру мақсатында Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының шақыртуымен қазақ жеріне келген Египеттегі «Әл-Азхар» университетінің ұстазы, шейх Ибрахим Хамдулла Хафиз Мұхаммад Жезқазған, Сәтбаев қалаларында болып, бірнеше кездесулер өткізді. Соның бірі – Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешітте өткен БАҚ өкілдерімен жүздесу.

Шейх кездесу барысында тілшілердің сұрағына жауап беріп, еліміздің төңірегінде туындап тұрған мәселені шешу жолында қандай қадамдар жасау қажеттігін ортаға салды.



Журналист: Дәстүрлі емес діндердің Исламға қарама-қайшылығына тоқталсаңыз.
Шейх: Бүгінгі таңда, жасыратыны жоқ, дәстүрлі діннен бөлек әртүрлі біздің салт-санамызға, дәстүрімізге сай келмейтін ағымдар кең етек жайды. Әсіресе, қазақ жастарының арасында осындай жалған ағымның құрбаны болудың үш себебі бар. Бірінші себебі – уахабизм мен сәләфизмнің жетегінде жүрген мұсылман бауырларымыз Пайғамбарымыздың алтын тізбегінен білім алмағандардан дәріс алуы. Яғни, олардың ұстанып отырған бағыттары Пайғамбарымыз ұстанған наным-сеніммен ұштаспайды.Ал, екінші себебі – имамдардың мәселеге оң көзбен қарауы байқала қоймайды. Жалпақ тілде жеткізер болсақ, имамдарда еріншектік басым. Имамдар Ислам дінін мешіттерде арнайы сабақтарда түсіндіруі қажет. Адам рухани азғындыққа бой ұрғанда білім іздейді. Ал, рухани байлықтан жұтағандарға дәстүрлі дін мен дәстүрлі емес діндердің ара-жігін ашып айтатын, түсіндіретін имамдар болмағандықтан, жат ағымның жетегінде кетті. Үшінші бір себебі – үкіметтің де бұл мәселеге бей-жай қарап отырғаны сезіледі. Біздің елімізде де осындай күрделі мәселе орын алды. Үкімет тарабы бұл мәселеге салғырт қарамауы керек. Егер де жат ағымдағы топтар шығып жатса олармен тығыз жұмыс жүргізілсе, мәселенің оңай шешілетіні анық. Мұндай мәселеде бір елдің идеологиясы жатады. Сол елдің идеологиясын тарату тұрғысына келгенде топтар жұмыс жасайды. Қомақты қаржылар да құйылады. Ендігі уақытта осындай топтардың жат насихатына тосқауыл қою үшін мемлекет бір жұдырық болып қарсы тұруы ләзім. Сонда ғана бөтен ағымның, бөтен мемлекеттің идеологиясымен жастардың санасы уланбайды. Қайта, Пайғамбарымыздың алтын тізбегіне мойын ұсынып, дәстүрлі діннен алшақтамайды. Қайталап айтамын, өз бетінше ілім алып, дінді насихаттаған адамнан дәріс алудың соңы өкінішке алып барады. Дәл осы топтардың ислам дініне қарама-қайшылығын тыю үшін бірігіп жұмыс жасау қажет.

Журналист: Жастардың басқа бағытқа кетпеуі үшін қандай жұмыстар атқарылуы қажет?

Шейх: Ең бірінші ақпараттық құралдарда дәстүрлі дін жайында көп мәліметтер айтылуы керек. Егер де дінге бет бұрып, ниет етемін деп шешсеңіз мешіттің имамдарына, ұстаздарға барып дәріс алыңыз. Дұрыс бағыттағы бейнежазбаларды тыңдаған абзал. Имамдармен қатар, БАҚ саласының өкілдері де діннің асыл құндылығын жариялаудан тартынбағаны жөн. Неғұрлым дұрыс бағытта ақпараттандырылса адамдар теріс бағыттағы жолды ұстанбайды. Мешітке келген жамағатқа имам дәстүрлі дінді түсіндіріп бергені дұрыс. Мемлекет, имамдар, БАҚ бірлесіп жұмыс жасап, ақ пен қараның ара-жігін ашып айтып отырса, халық өзге жат ағымның теріс пиғылының дұрыс еместігін түсінеді. Кейбір азаматтар имамдардың айтқанын теріске шығарып, оның айтқанымен келіспей жатады. Осы тұста үкімет те имамдарға қолдау білдіріп, дәстүрлі Ислам дінінің қоғамымызда нықтап орын алғанын, осы дін біздің дәстүрімізбен біте қайнасып жатқанын ұғындырса жат ағымның сөздерін қабылдамайды.
Журналист: Бүгінгі бейбіт заманда мақсат-мүддесі түсініксіз жағдайда өзге елдің аумағында жүрген қазақ жастары жайындағы ой-пікіріңізді ортаға салсаңыз.
Шейх: Жиһад араб тілінен аударғанда күш-жігер деген мағынаны береді. Араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін, яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайрат пен ынта-жігерді жұмсау, тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді. Жиһадты қару алып соғысу деп біржақты түсінуге болмайды. Соғыс тұрғысындағы жиһадты алсақ, оның өзінің шарттары бар. Осы шарты табылғанда ғана барып шыбын жаныңызды Отаныңыз үшін, отбасыңыз үшін қиясыз. Жалған ұранмен қолға қару алып нақақтан нақақ біреуді жазым қылу не өзін-өзі жазым қылуға шариғатта қатаң тыйым салынады. Ислам дінін таратып, насихаттау үшін ұлы ғалымдар қаншама тосқауылға ұшырады. Кейбір елдер олардың бұл насихатына қарсылық білдірді. Олар Ислам дінін дәріптеу мақсатында күш-жігерлерін аямады. Біз осыны жиһад деп толық айта аламыз. Ал, қазіргі күні жалған ұранның жетегіне еріп шекара асқан жастардың мақсаты анық емес. Өйткені, ол жақта жиһад жоқ. Жиһад тек дипломатиялық қатынастардың деңгейінде жүзеге асады. Елбасы соғыс жүріп жатқан елге қосымша күш беру үшін рұқсат бергенде ғана жиһад болып есептеледі. Топ ішінен басшы сайланып, шекарадан өтіп жиһадқа кеттік деу өте қате пікір.
Сұхбатыңызға рахмет!

***

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет