Бөкетов, Қ.
Евней ескерткіші - туған жерінің төрінде [Текст] / Қ. Бөкетов // Орталық Қазақстан. - 2009. - 3 қазан (№150-151). - (Тағзым)
Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Евней Арыстанұлы Бөкетовтің тұлғасын мәңгі есте сақтау мақсатында қарастырылған іс-шаралардың бірі - оның өзі білім алған Солтүстік Қазақстан облысы Сергеевка қаласындағы орта мектептің алдына ескерткішін орнату болатын. Бұл шаруа түрлі себептермен біразға дейін шешімін таппай, мен өз басым ескерткіштің енді қойыларынан күдерімді үзе бастағандай едім.
Биылғы жылдың басында маған Петропавлдан бұрын жүзі таныс болып көрмеген Бекет Тұрғараев деген азамат хабарласты. Өзі облыстық соттың төрағасы екен.
Шамалы әңгімелескен соң ол менен ағам, академик Е.Бөкетовтің өмірі мен қызмет жолы турасында қандай да бір әдебиеттер бар ма деп сұрады. Бар екендігін айтып едім, салып жіберуімді өтінді. Сол кезде үйімде Петропавлдан қонақшылап келіп жатқан жиенім бар еді. Содан 8 томдық шығармалар жинағы мен М.Сәрсекенің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» («Өнегелі өмірі») сериясы бойынша жарық көрген роман-эссесін беріп жібердім. Б.Тұрғараев біршама уақыттан соң тағы хабарласып, ағамның өмір жолына қанық болғандығын айтты. «Мәңгі есте сақтауға әбден лайықты тұлға. Осы орайда өз тарапыңыздан ұсыныс болар ма екен?»,- деп сұрады. «Әрине, Сергеевка қаласындағы оның өзі оқыған мектептің алдына шағын ескерткіші қойылса болар еді»,-дедім мен. «Түсіндім, жақында сол ауданда өтетін мәслихат сессиясына барамын, сонда аудан басшылығымен ақылдасып көрермін»,- деп жауап қатты Б.Турғараев.Ол ауданға іссапарынан қайтып оралысымен хабарласты. Көтеріңкі кеңілмен, аудан әкімімен, мәслихат депутаттарымен келіскендігін, ескерткіш орнатылатынын жеткізді.
Ол ауданға іссапарынан қайтып оралысымен хабарласты. Көтеріңкі көңілмен, аудан әкімімен, мәслихат депутаттарымен келіскендігін, ескерткіш орнатылатынын жеткізді.
Осы әңгімеден кейін біраз уақыт өткен соң аудан әкімі өзгеріп, орнына басқа басшы келді. Бекет жаңа әкіммен де сөйлесіп, ол өз кезегінде ескерткіш шығындарын жыл бюджетіне енгізуге уәде берген екен.
Мен осының бәрінен сырттай хабардар болып отырдым. Аудандық мәслихаттың сессиясы етті. Аудандық әкімдіктегі бір жақын танысыма хабарласып, мәнжайды біліп беруін сұрағам. Оның анықтағанындай, ескерткішке керек қаражат ауданның ағымдағы жылғы бюджетіне кіргізілмепті. Мұны білген соң Бекет Тұрғараевқа хабарластым. Екеуміз де шарасыздықган бір-бір күрсіністік те қойдық, үміт оты тағы да көмескі тартты.
Бірер жұмадан соң Петропавлдан Б.Тұрғараев қайыра хабарласты. Есенсаулық сұрасқаннан кейін ол ескерткішті өз қаражатына тұрғызсам деген ақ-адал ниетін білдірді. «Істің жайын ақылдасайық, Қостанай қаласындағы облыстық соттың алдына орнатылған Қазыбек би ескерткішін көрдім, маған ұнады, сол жобада жасасақ қайтеді?»,- деді.
Таныстарым арқылы аталмыш ескерткіштің фотосуретін алдырып көріп едім, маған да ұнады. Оны жасаған мүсіншіні іздестіріп тауып, еңбегіне алатын ақысын келістік. Жергілікті таныс мүсіншілермен де кеңестім. Ақыры, не керек, ескерткіш соқтыруды Репин атындағы Ленинград көркем-өнер академиясының түлегі Жаубасар Қалиевке сеніп тапсырдық. Одан алдымен ескерткіштің шағын макетін жасап көрсетуді өтіндім.
Бұл екі ортада Б.Тұрғараев жұмыстарымыздың барысы туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С.Біләловті хабардар етіп, ол кісі мектептің алды көпшілікке елеусіздеу ғой, одан да облыс орталығындағы сол кісінің атындағы көшеден лайықгы орын қарастырғанымыз дұрыс шығар деген пікір айтыпты. Мұны естіген соң біраз адамдармен ақылдасып едім, бәрі сол дұрыс қой деген соң, мен де келісімімді бердім.
Мүсіндер құю өндірісі қарайтын көркемөнер қорының директорына жолықтым. Ол кісі мені жақсы қабылдады. Ескерткішке қажет қола табу қиынға соғар ма екен деп едім, жоқ, Александр Федорович көңілімді демеп, шығындар ауқымын (сметасын) жақын уақытта әзірлеп қоюға уәдесін берді. Болашақ ескерткіштің макеті даяр болған кезде келісім шарт жобасы мен сметасын алып, мүсінші Ж.Қалиев екеуміз Петропавлға жүрдік. Тиісті адамдарға жолығып, ескерткіш макетін келісіп, орнатылатын жерді барып көрдік. Бізге өте ұнады. Қайтып келісімен іске кірістік. Шамалы уақыттан соң бастапқы қаражат та келіп түсті.
Сонымен, тамыз айының басында қола ескерткіш дайын болды. Петропавлдан хабарласқан демеушім Б.Тұрғараев ескерткіштің ашылу рәсімі 27 тамыз, облыстық мұғалімдер конференциясының басталу күніне белгіленгенін айтты. Ескерткішті кешіктірмей жеткіздік, ондағылар тұғырын әзірлеп, маңындағы алаңды абаттандырып қойыпты. Дайын ескерткішті - Евней ағамның тау тұлғасын көргенде, қуаныштан көзіме жас тығылды.
Белгіленген күні ескерткіштің ашылу салтанаты болып, оның жамылғысын сыпыру құрметі облыс әкімі С.Біләлов пен ақын, қоғам қайраткері К.Салықовқа берілді.
- Қаламызда айтарлықтай жаңалық орын алып отыр. Шаһарымызға тағы бір саяжай көрік қосты. Бұл - мерейтойы 2010 жылы аталып өтетін жерлесіміз Евней Бөкетовтің құрметіне арналады,- деді өз сөзінде өңір басшысы.
Салтанатты рәсімге облыстық мүғалімдер конференциясына қатысушылар, қызылжарлық зиялы қауым өкілдері, республика Парламентінің бірнеше депутаты, жерлесіміз, ғарышкер Александр Викторенко, тағы да басқа көптеген белгілі адамдар қатысты.
Ағам ескерткіші алдында сөз кезегі маған да берілді. Сол сөзімді қысқаша тағы бір баяндап өтсем деймін:
Евней Арыстанұлы - қазіргі Шал ақын ауданына қарасты Бағанаты аулының тумасы. Туған жерінде жиырма жасында дейін ғана тұрды. Оның төрт жылында, Ұлы Отан соғысы жылдары аудан мектептерінде ұстаздық етті. Өзі мектеп қабырғасында оқығанда бастауыш сыныптарды Петропавл қаласында үздік тәмамдап, қалған оқуын Алматыда жалғастырған. Бес жыл институтта, үш жыл аспирантурада оқыды. Одан кейінде өзі оқыған институтта қызмет істеп, доцент, директордың (қазіргіше ректор) оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Одан Қарағандыға ауысып, өндірісті орталықта өмірінің соңына дейін қызмет жасады.
Ол кісі соңғы сапарына аттанғаннан кейін жыл өткенде, яғни 1985 жылы оны мәңгі есте қалдыру мақсатындағы ісшаралар жоспарының нобайы жасалды. Бұл жоспар ресми түрде ешқайда бекітілмегенмен, Евней Арыстанұлының көзі тірісіндегі көптеген жақын әріптестерімен, шәкірттерімен, қоғам қайраткерлерімен келісілген еді. Сол жоспарда көзделген ісшаралардың бәрі дерлік жүзеге асырылып, қалған шаруа тек осы ескерткіштің ашылуы ғана болатын. Енді, міне, ол күнге де жеттік.
Осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жан-жақты қолдауының арқасында мүмкін болды. Нұрсұлтан Әбішұлының ықпалымен ағамның асыл бейнесі халқымен қайта қауышты. Елбасыға жасаған өтініштеріміз жауапсыз қалған емес. Сол үшін де ол кісіге шын жүректен шыққан алғысымызды айтып, Қазақстанның игілігі жолындағы еңбегіне баяндылық тілейміз.
Ескерткіштің орнатылуына көп еңбек сіңіріп, қолдау көрсеткен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләловқа, Петропавл қаласының әкімі Ерік Нұрақаевқа, облыстық соттың төрағасы Бекет Тұрғараевқа ризашылығымды білдіремін.
Петропавлдың көрікті көшелерінің бірі мен облыстық ғылыми-техникалық кітапханаға академик Бөкетов есімін беру туралы бастама көтеріп, жүзеге асуына тікелей мұрындық болған жерлестеріміз Қайролла Мұқанов пен марқұм Ғалым Қадыралин сынды азаматтарға, сондай-ақ оларға қолдау көрсеткен қалалық әкімдік пен мәслихатқа, Бөкетов атындағы аудитория ашып, Бөкетов оқуларын, басқа да түрлі ауқымды шаралар ұйымдастырып жүрген Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне (ректоры Оңдасын Бәйкенов), академик Бөкетовке арналған мақалаларды тұрақты жариялап түратын облыстық «Солтүстік Қазақстан» және «Северный Казахстан», аудандық «Новатор» газеттерінің редакцияларына, басқа да көптеген қолдау көрсеткен жандарға алғысым шексіз. Сонымен қатар, осы ескерткіштің авторлары - мүсінші Жаубасар Қалиев пен Солтүстік Қазақстан облысының бас сәулетшісі Валерий Затойға ерекше рахметімді айтамын!
Абыройын асырған азаматын ұмытпай, қоладан құйылған тау тұлғасын төріне орнатып, өскелең ұрпаққа өнеге еткен ынтымақты елім мерейімді үстем етті!
Достарыңызбен бөлісу: |