Бөрібаева С. Б. Әл-Фараби атындағы ҚазҰу халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық аударма



Дата23.02.2016
өлшемі117.95 Kb.
#9287
Бөрібаева С.Б.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Халықаралық қатынастар факультеті

дипломатиялық аударма

кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

sofikazgu@mail.ru

«ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚҰЖАТТАР» ТАҚЫРЫБЫН ТҮСІНДІРУ БАРЫСЫНДА МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ ӘДІСТЕРІ

Білім берудегі мультимедиа – таным процесінің жоғарылауына септігін тигізетін, білім беру мазмұнын интерактивті формада ұсынатын, дидактикалық құрал. Мультимедиалық технология дегеніміз – адамның ақпаратты бір мезгілде бірнеше сезім мүшелерімен қабылдауын қамтамасыз ететін аппараттық және бағдарламалық құралдар жиынтығы. Білім берудi ақпараттандыру – бiлiм беру саласының теориясы мен практикасына жаңа ақпараттық технологияны жан-жақты пайдалану және оқыту мен тәрбиелеудiң психологиялық-педагогикалық мақсаттарын жүзеге асыратындай жағдайда оның мүмкiндiктерiн қолдану үдерісі. Инновациалық оқыту технологиясының түрлеріне: ақпараттық, компьютерлік, мультимедиалық технологиялар жатады. Ақпараттық технологиялардың бірі – интерактивтік тақта, мультимедиалық және онлайн сабақтары. «Технология сөзі грек тілінен“techno” – өнер, шебер, білгір және “logos” – ілім, ғылым» деген мағынаны білдіреді. 1, 1338 б.. Қазіргі заманның даму қарқыны оқытушылардан шығармашылығын креативті ғылыми-зерттеу бағытында құруды талап етеді. Сондықтан, қазіргі таңда, яғни ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, жан-жақты дамуына ықпал ету оқытушыдан шығармашылық ізденісті, үлкен сұранысты талап етеді.



Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың – «Қазақстан–2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек» 2 – компьютерді, интернетті қолдана білу, дағдысы міндетті талап болуға тиіс екендігі атап көрсетілген.
Қоғамның қазіргі даму кезеңі жедел ақпараттандырылу үдерісімен сипатталады. Ақпараттық компьютерлік технологиялардың білім беру жүйесіне енуі жаңа тарихи — әлеуметтік жағдайлардың талабы болып отыр.
Осыған байланысты XXI ғасырда ақпараттанған қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін білім беру саласында: компьютерлік техниканы, интернет, компьютерлік желі, электрондық және ақпараттық-телекоммуникациялық құралдарды, электрондық оқулықтарды оқу үдерісіне тиімді пайдалану арқылы оқытушы тұлғасын дамыту және білім сапасын көтеру міндеттері қойылып отыр.

«Ақпараттық технология» терминін алғаш енгізген ҰҒА(Украина) кибернетика институтының академигі В.М. Глушков болған. Ғалымның зерттеулерінде:«Информационные технологии – процессы, где основной перерабатываемой продукцией является информация» – деп анықтама берген. 3, 334 б.. Демек, бұл тұжырым бойынша, ақпараттық технологиялар үнемі қолданылып келген, ақпаратты өңдеу, тарату мәселесі адамзаттың барлық даму кезеңдерінің мақсаты болып саналған. Әсіресе, ақпараттық технологиялар білім беру саласында кеңінен қолданылып келеді.

ҚР «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық құндылықтар, жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық желілерге шығу»4– деп жаһандану үдерісінде инновациялық технологияларды қолдану ерекшелігі атап көрсетілген.

Сабақ барысында мультимедиалық және ақпараттық технологияларды оқыту құралы ретінде қолданудың артықшылығы төмендегідей:

-Оқытушы мен білім алушының позитивтік оң қатынаста болуына ықпал етеді. Себебі, студенттер компьютермен тікелей қатысты болғандықтан, өздерін еркін сезініп, белсенділік, жауапкершілік және олардың өзіндік шығармашылық қабілеттері қалыптасады.

-ақпаратты меңгеруде логикалық және бейнелі тәсілдердің қатар қолданылу мүмкіндігі;


-көрнекілікті күшейту арқылы білім беру үдерісін белсендіру;
-оқытушы мен студент арасында интерактивті қарым-қатынас;
-мультимедиалық оқу құралдарының көрнекілігі, тосындылығы, тиімділігі мен үйлесімділігі;
- жоғары ақпараттық сыйымдылығы және академиялық ұтқырлығы.

Инновациялық технологиялар – оқу үдерісіндегі жаңа ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан бір бағыты болып табылады, қазіргі кезеңнің ақпараттық-телекоммуникациялық мүмкіндіктері мен артықшылықтарын оқыту үдерісінде қолдануға жол ашатын жаңа, тиімді технологиялардың бірі екені сөзсіз.

Жоғарыда айтылған тақырыпқа байланысты халықаралық қатынастар факультеті студенттеріне арналған оқу бағдарламасының «Мемлекеттік құжаттармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру» элективті пәні бойынша интерактивті дәрістің үлгісін көрсетсек.


Дәріс тақырыбы: «Дипломатиялық құжаттар: Сенім грамоталары. Кері шақыру грамоталары»

Дәрістің мақсаты: Сенім грамоталары. Кері шақыру грамоталары туралы теориялық білім беру, дипломатиялық құжат үлгілерін меңгерту, құжат
түрлерінің жазылу, рәсімделу үлгілері ерекшеліктерімен таныстырып, терминдер мен негізгі ұғымдардың мағынасын түсіндіру мақсатында кәсіби сөздік қорларын байыту.
Дәрістің түрі: Интерактивті дәріс

Дәрістің жүргізілу әдісі:

Дәріс оқу, ресми құжат үлгілерімен таныстыру, интернет жүйесін, интерактивті тақтаны қолдану, пікір алмасу.

Дипломатиялық құжаттарды түсіндіру барысында, дәрістің тақырыбы Төтенше және Өкілетті Елші лауазымымен байланысты болғандықтан, ҚР Сыртқы істер министрлігінің WEB сайты арқылы «ҚР Дипломатиялық қызметі туралы Заңы» ( «Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке тұру» II тарау, 9-бап,), «Дипломатия жаршысы» журналының кезекті сандарымен таныстыру.

Дәрістің жоспары:

«Дипломатиялық құжаттар: Сенім грамоталары. Кері шақыру грамоталары». (Кіріспе бөлімі, дәріс-презентация, PowerPoint презентациясы).

2. Құжат үлгілерімен таныстыру (Интерактивті тақта арқылы).

3. «Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі» ( «Хабар» телеарнасынан бейнеролик көру).

4. Дипломатия саласында кездесетін терминдерді меңгерту (глоссарий).

5. Кроссворд шешу. (С.Б.Бөрібаева. «Қазақ тілінде дипломатиялық және мемлекеттік құжаттарды рәсімдеу» оқу құралының электронды нұсқасы бойынша).

6. Лексикалық-грамматикалық тест. (С.Б.Бөрібаева. «Қазақ тілінде дипломатиялық және мемлекеттік құжаттарды рәсімдеу» оқу құралының электронды нұсқасы бойынша).

7. Пікір алмасу. Студенттер дайындаған шығармашылық презентациялар.

8. Үй тапсырмасы: «Сенім грамоталары. Кері шақыру грамоталары» –

кейс-папка дайындау.

9.Студенттерді бағалау.
Дәрістегі креативтілік, инновация:

Интернет жүйесін, интерактивті тақтаны қолдану, мультимедиалық құралдар арқылы дәріс-презентация
СЕНІМ ГРАМОТАЛАРЫ
Сенім грамоталарытұлғаның басқа елге дипломатиялық өкіл болып тағайындалғандығын куәландыратын құжат, тағайындалған елдің мемлекет басшысына тапсырылады. Елшілерге, уәкілдерге және арнаулы (төтенше) делегациялар басшыларына беріледі. Грамота византия тілінен – grammata - жолдаулар, жарлықтар, сондай-ақ кез келген жазбаша құжаттар мағынасын білдірген. X-XVII ғасырларда Ежелгі Русьте актілерді және ресми, жеке хаттарды негізгі іскери құжат деп атаған.

Сенім грамоталары (француз тілінен – Lettre de creance, латын тілінен –

litterae credentiales немесе I fidei) дипломатиялық өкілді аккредитациялауды жүзеге асыратын құжат. Дипломатиялық өкіл миссиясының және жеке өкілдің өкілдік (дипломатиялық) жеке сипатын куәландырады. Сенім грамоталары бір мемлекет басшысының екінші мемлекет басшысына елшілер мен уәкілдерге арналып, белгіленген нысанда жазылады және тиісті қолдармен және мөрлермен қамтамасыз етіледі.

Дипломатиялық құжаттарды зерттеген дипломаттар мен ғалымдар Эрнест Сатоу, Гарольд Джордж Никольсон, Джон Byд, Жан Серре, В. Н. Дурденевский, Г. Н. Дульян, И. Н. Земсков, Г. А. Золотухин, В. А. Зорин, Б. Л. Колоколов, Ф. Ф. Молочков, Н. И. Моляков, Н. Г. Резниченко.5].
КЕРІ ШАҚЫРУ ГРАМОТАЛАРЫ

Тағайындалған дипломатиялық өкілді өз үкіметінің кері шақырып алуы туралы хабардар етуді құрайтын құжат. Кері шақыру грамотасы дипломатиялық өкілді аккредитациялаған мемлекет басшысынан туындайды. Әдетте, онда белгілі бір қысқаша нысанда кері шақырып алудың шын мәніндегі немесе тек қана ресми себептерін түсіндіру жазылады (дипломатиялық өкілдің жеке қалауы, оның денсаулық жағдайы, басқа қызметке ауысуы және т.с.с.). Кері шақырып алу грамотасын болып жатқан елдің мемлекет басшысына арнайы салтанатсыз қоштасу аудиенциясы кезінде кері шақырылып отырған дипломатиялық өкілдің өзі немесе, егер де, ол елден кетіп қалған жағдайда, оның ізбасары тапсырады.


Рәсімделуі

Мемлекет басшысының қолы Сыртқы Істер ведомствосының басшысы қолымен бекітіледі. Істеріне сеніп жіберілгендер, сондай-ақ саяси өкілдер аккредитациялау кезінде оларды жіберген мемлекеттің сыртқы істер ведомствосының басшысынан тағайындалған елдің сыртқы істер ведомствосының басшысына хатпен қамтамасыз етіледі. Сенім грамоталары жіберуші мен алушының атын және титулын (атағын), дипломатиялық өкілдің аты мен рангын, соңғысының барлық қатынастарда, атап айтқанда, осы мемлекеттің өкілі ретінде «сену» өтінішін құрайды.

Кейде Сенім грамоталарында дипломатиялық миссияның мотивтері мен мақсаттары, сондай-ақ қазіргі кезеңдегі екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жағдайы қысқаша нысанда жазылады. Сенім грамоталары мемлекет басшысының алғашқы қабылдауы кезінде дипломатиялық өкілмен тапсырылады, ал оның расталған көшірмесі алдын ала Сыртқы Істер ведомствосының басшысына жіберіледі.

Сенім грамоталары дипломатиялық өкілді тағайындаған мемлекет басшысының немесе оны аккредитациялаған мемлекет басшысының қайтыс болуы, болып жатқан елдің немесе дипломатиялық өкілдің Отанында басқару нысаны өзгеру кезінде, дипломатиялық өкілдің рангы өзгеруі кезіндегі жағдайларда күшін жоғалтады. Дипломатиялық өкіл өз орнын қалдырған кезде кері шақыру грамоталарын тапсырады (lettre de rappel) және өз кезегінде, кейде өз Отанына қайтқан кезде өзінің үкіметіне тапсыру үшін рекредитив (lettre de recreance) алады. Кері шақыру грамоталары мен рекредитив нысаны Сенім грамоталары нысанымен ұқсас. 5].


Үлгімен танысыңыз.
СЕНІМ ГРАМОТАСЫ
Жоғары мәртебелі!

Халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту саясатына сәйкес және Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы достық қатынастарды дамытуды көздей отырып, мен –––––––––––––––

Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі етіп тағайындауды мақұл көрдім.

––––––––––––––––––– мырзаны осы Сенім грамотасымен тіркей отырып, ЖОҒАРЫ МӘРТЕБЕЛІ, оны ізгі ниетпен қабылдауыңызды, бұл кісінің менің атымнан және Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан СІЗГЕ баяндағандарының бәріне қалтқысыз сенуіңізді өтінемін.


Н. Назарбаев

Сендіруші Қ. Тоқаев

Қазақстан Республикасының

Сыртқы істер министрі

Астана 2006 жыл


КЕРІ ШАҚЫРУ ГРАМОТАСЫ

Жоғары мәртебелі!
Мен­­­­––––––––––––––––––––––––––––– Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен кері шақырып алуды, оны басқа қызметке тағайындауды ұйғардым.

–––––––––––––––––––––––––––––––––––––– мырза Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы достық қатынастардың сақталуына ұдайы жәрдемдесті деген сеніммен мен, Сізден ЖОҒАРЫ МӘРТЕБЕЛІ, оны кері шақыру грамотасын қабылдауыңызды өтінемін.



Н. Назарбаев
Сендіруші Қ. Тоқаев

Қазақстан Республикасының

Сыртқы істер министрі
Астана 2006 жыл


Глоссарий
Елші – 1) 1961 ж. дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында бекітілген, қазіргі кезде қабылданған халықаралық құқыққа сәйкес жіктеулер – I сыныпты дипломатиялық өкілдіктің басшысы (қаз. Дипломатиялық сыныптар мен дәрежелер); мемлекет басшысымен аккредиттеледі (қаз. Аккредиттеу). Толық ресми атауы – Төтенше және Өкілетті Елші (ағыл. Ambassador Extraordinary and Plenipotentiary).

1815 ж. Веналық регламент өзге сыныпты дипломатиялық өкілдіктерден елшінің өкілдік сипат ерекшелігін мойындады;

2) Елші – сыртқы қатынас органдарының дипломатиялық қызметкерлеріне берілетін жоғары дипломатиялық дәрежесі.

Ротация (латын тілінен rotatio – шеңбер айналым қозғалысы деген мағынаны білдіреді) – кезектесу, орын ауысу, қандай-да бір лауазымға кезекпен келу, құрамның жаңаруы. Ротация – саяси қызметтің аса маңызды нысандарының бірі

дипломатиялық қабылдау (аудиенция)Қабылдау сипаты. Мемлекет басшысының дипломатиялық өкілді қабылдауы
дипломатиялық қабылдаулар – маңызды оқиғалар мен мерекелік күндерді атап өту үшін өткізілетін ресми шаралар

дипломатиялық миссия – уәкіл немесе сенімді уәкіл басқаратын дипломатиялық өкілдік
дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттерШетелдік дипломатиялық өкілдерге арнаулы миссияларға, мемлекеттердің халықаралық үкіметаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктеріне, олардың басшылары мен қызметкелеріне беріледі. Салықтардан босату. Өз үкіметімен байланыс еркіндігі. Кеден артықшылықтары. Өкілдік үйіне жалау мен елтаңба ілу құқығы.
персона грата (жағымды тұлға) – персона грата, оған өзі тағайындалатын мемлекет укіметінің келісімі берілген дипломатиялық өкіл. Келуге рұқсат (виза) алған кез келген өзге дипломатиялық өкіл
персона нон грата (жағымсыз тұлға)персона нон грата, дипломатиялық қызмет мүшесі, қолайсыз адам ретінде

Резюме
Бұл мақалада «Дипломатиялық құжаттар» тақырыбын оқыту барысында мультимедиалық және ақпараттық технологияларды пайдалану әдістері қарастырылады.
Резюме

В данной статье рассматриваются использование методов мультимедийных и информационных технологий в процессе изучения темы: «Дипломатические документы».



Summary

The usage of multimedia and IT methods are considered in this article during the studying of the theme: “diplomatic documents”.



Тірек сөздер
Дипломатиялық құжаттар, сенім грамоталары, кері шақыру грамоталары, рәсімделу, тағайындау, елші, әдіс, ақпарат, өкіл.
Ключевые слова

Дипломатические документы, верительные грамоты, отзывные грамоты, оформление, назначить, посол, метод, информация, представитель.


Key words

Diplomatic documents, letter of credit, letter of recall, drawing up, to nominate, ambassador, method, information, representative.



Пайдаланылған әдебиеттер
1.Советский энциклопедический словарь. - Москва, 1979. - с. 1338].

2.ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – «Қазақстан–2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». 2012 ж. желтоқсан айы.

3.В.М. Глушков «Основы безбумажной информатики». -Москва, 1982. –

3, с. 334 .

4. ҚР Заңы «Білім туралы». Алматы, 2011.

5.С.Б.Бөрібаева «Қазақ тілінде дипломатиялық және мемлекеттік құжаттарды рәсімдеу». Оқу құралы – Алматы: Қазақ университеті, 2011. –321бет.

6. Жәмкенов Б. Қазақша-орысша дипломатиялық сөздік-анықтамалық. Астана: «Фолиант», 2006.



7. Күзекова З., Тұяқбаев Т. Дипломатия. – Астана: «Елорда», 1998.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет