ДИКТАНТТАР
ЖИНАҒЫ
Дайындаған: Аппасова РС
№15 Ақмешіт орта мектебі
2011 ж.
Алғы сөз
Сауатты жазу, әдетте бастауыш сыныптарынан басталатыны белгілі. Ұсынылып отырған бұл жинақ сауаттылыққа апарар жол басы әрі оның өлшемі болып табылады.
Диктант-тілді оқытудағы жүргізілген жоба жұмыстарының негізгісі. «Диктант»- оқушының естігенін ойша түсініп, іштей қайталай отырып өздігінен жазуы деген ұғымды білдіреді. Ол- мұғалім мен оқушы арасындағы еңбек жемісінің көрсеткіші. Диктанттан мұғалім әр шәкірттің білімімен қоса оның жауапкершілігін, ұқыптылығын, адалдығы мен өздігінен жұмыс істей білуі тәрізді басқа да көптеген сапаларын анықтап, оларды жүйелі түрде қалыптастыру мен орнықтыруға мүмкіндік береді.
Диктанттың бірнеше түрі бар: бақылау диктанты, өздік диктанты, шығармашылық диктанты, әріп диктанты, буын диктанты және тағы басқалар. Бұлардың әрқайсысы бір- бірінеен көздеген мақсаты мен орындалу тәсіліне, көлеміне, кезеңіне қарай ерекшеленеді.
Диктанттардың ішіндегі ең күрделісі- бақылау диктанты. Бұл арнаулы дәптерге жазылып, бағасы журналға қойылады. Оған арнайы сағат бөлінеді. Ал қалған түрлері жалпылама үйрету диктанттары делінеді. Үйрету диктанттары сабақ жоспарында белгіленіп, кейде бір сабақ үстінде олардың екі түрін де жүргізуге болады.
Бақылау диктантының мақсаты екі түрлі.
а)тақырыптық бақылау диктанты.
ә)тоқсандық немесе жылдық бақылау диктанты.
Тақырыптық бақылау диктанты белгілі бір өтілген тақырыпқа байланысты оқушылардың білімдерін сынау мақсатында алынады.
Тоқсандық бақылау диктанты тоқсан ішіндегі немесе жыл бойында өтілген материалды қамтиды.
Бақылау диктанты мөлшерінің кестесі
№
|
Сыныптар
|
Бірінші жарты жылдықта
|
Жыл аяғында
|
1
|
1 сынып
|
|
25-30 сөз
|
2
|
2 сынып
|
30-35 сөз
|
35-40 сөз
|
3
|
3 сынып
|
40-50 сөз
|
50-65 сөз
|
4
|
4 сынып
|
65-70 сөз
|
75-85 сөз
|
Мен диктант жаздырғанда бақылау диктантына екі сағат бөлемін. Бірінші сағатында ертеңгі болатын диктантқа дайындық жүргіземін. Онда сол тарауға байланысты өтілген материалдарды қайталап, грамматикалық талдау жүргізуге дайындаймын. Жазылуы қиын сөздерді жаздыртып, сөздік жұмысын жүргіземін. Екінші сағатында диктант жаздырамын. Диктантты тексерген кезде былай бағалаймын
1-4 сыныптарда диктанттарды бағалау кестесі
Баға
|
1-2 сынып
|
3 сынып
|
4 сынып
|
«5»
|
қатесіз графикалық 1 қате
|
қате жоқ
|
қате жоқ
|
«4»
|
1-2 қате 1 түзету
|
1 қате 1 түзету
|
1 қате 1 түзету
|
«3»
|
3-5 емле қате 1 түзету 2 тыныс белгі
|
3 қате 1 түзету
|
2 қате 1 түзету
|
«2»
|
5 қате 3-4 түзету жұмыс ұқыпсыз жаз.
|
4-5 қате 1-2 түзету
|
4-5 қате 1-2 түзету
|
Диктантты өткізуге қойылатын жалпы талаптар:
1. Диктанттың өткізілетін түрі екі-үш күн бұрын оқушыларға айтылып, оған оқушылардың қалай дайындалуы керек екені (қайталау, жаттау, т.б.) ескертіледі.
2. Диктант үшін ұсынылатын мәтіндер орфографиялық тұрғыдан таныс, яғни өткен сабақ материалдары негізінде алынады. Егер мәтін құрамында өтілмеген емле, тыныс белгілері немесе айтылуы мен жазылуы қиын сөздер кездессе, олар түсіндіріліп, тақтаға жазылады.
3. Диктанттың қай түрі болсын мәтін орфоэпиялық заңға сүйеніп, кідіріс (пауза) жасап, негізінен үш рет оқылады.
4. Мәтінді жазбас бұрын оқушыларға оны бар ынта- зейінімен тыңдап, мазмұны бойынша жазу, ауыр тиетін сөздерді қадағалап отыру тапсырылады.
5. Оқылған дыбыс, буын, сөз және сөйлемнің мән- мағынасын түсініп, іштей қайталап, қалай жазылатынын еске түсірген соң барып жазуға кіріскен жөн. Шала естіп, мағына, мазмұнын түсінбей қалған оқушы мұғалімнің екінші рет оқуын күтеді. Диктант жазу үстінде қасындағы жолдасының дәптеріне қарауға болмайды. Одан немесе мұғалімнен не жазу керектігін сұрап, кедергі жасауға тыйым салынады.
6. Мұғалім мәтінді ең баяу жазатын оқушының үлгеріп жазу жылдамдығын сақтап оқиды.
7. Диктант жазылып болған соң мұғалім мәтінді тағы бір рет түгел оқып шығады. Оқушылар жазғандарын мұғалімнің оқығанына ілесе тексеріп, қалып қойған сөз, әріп болса, қол көтеріп сұрап, мұғалімнің қайталауымен толықтырады.
8. Ең соңында оқушылар жазған мәтіндерін өз беттерімен тексеріп шыққан соң, диктант дәптерлеріжинап алынады.
Үйрету диктанттарының маңызы
Үйрету диктанттарының аты, мазмұны, көлемі әр түрлі болғанымен, олардың алдына қойған мақсаттары бірдей: таныту, үйрету, жаттықтыру, дағдыландыру, меңгерту. Сондықтан үйрету диктанттарында қолданылатын әдіс- тәсілднр көбіне ыңғайлас, ұқсас болады. Үйрету диктанттары негізінен жаңа ғана өтілген немесе екі- үш күн бұрын өткен материалдарға тән ерекшеліктерді жете меңгертуге ыңғайлы әрі тиімді болып келеді. Мұнда мұғалім қай оқушыға қандай сұрақтар қоятынын алдын- ала ойланып, әдіс- тәсілдер мен көрнекіліктерді соған орай пайдаланғанға ғана еңбек нәтижелі болмақ, яғни сыныптағы оқушылардың білім олқылықтарын дәл танып жұмыс жүргізу мұғалімнің ізденгіштігі мен байқампаздығын көрсетеді.
Үйрету диктанттарының тағы бір ерекшелігі- оқушыларды ойлануға, ізденуге, өз ойларын салыстыру әдісі бойынша дәлелдеп айта білуге және өз беттерімен жұмыс істей білуге төсілдіреді. Бұл оқушыларды құлшындырып, өз ісіне деген сенімділігін арттырады.
Қысқасы, үйрету диктанттары оқушыларды сауатты жазуға ғана баулып қоймайды, алған білімін сыннан өткізіп, тұрақтандыруға, мәнерлеп оқу машығын қалыптастыруға көп септігін тигізе
Әріп диктантын жаздыру мақсаты мен
оған қойылатын талаптар
Әріп диктантын жаздырудағы мақсат- өтілген дыбыстар мен әріптерді меңгеріп, олардың бір- бірінен айырмашылықтарын (айтылуы мен жазылуындағы фонемалық және таңбалық айырмашылықты) аңғарту. Сонда дауыст, дауыссыздарды естілуінен айырып, айтылуы ұқсас дыбыстардың әріптерін қатесіз жазтын болады.
Әріп диктантына мынадай талаптар қойылады:
1. әріп диктантын үйрету диктанттарының басқа түрлері сияқты сыныптардағы ең жақсы оқитын екі оқушыға алдымен түсіндіріп алып, соңынан оларға тақтаға жаздыру әдісімен бастау керек;
2. жазылатын әріп қай дыбыстың таңбасы екендігін, дауысты болса, себебін, жуан, жіңішке түрге бөлінуін, дауыссыз дыбыстардың дауыстылар сияқты буын құрамайтынын және жеке айтылмай, тек дауыстыға қосылып қана айтылатындығын таныту қажет;
3. әріпті жазуға, көзбен көруге болатынын, олар оқылатынын және бас әріп, кіші әріп (жазылу емлесі) болатынын білдіру керек;
4. өткен әріптерге жаңа әріптің ұқсастығы мен өзіне тән айтылу, естілу сияқты фонемалық өзгешелігін әрбір оқушы саналы түрде түсініп, жаттанды болған дәрежеде айта білгенге дейін сабақ сайын қайталату қажет;
5. дәптерлеріндегі сурет, сызық, әріптердің бөліктері, әріп, буын, сөз, сөйлем, т.б-бәрінің де әдемі, таза, ұқыпты, көркем жазылуын дағдыға айналдыру қажет.
Буын диктантын жаздыру мақсаты мен
оған қойылатын талаптар
Әріп диктанттарын өздігінен жатқа жазып төселген оқушыларға сол әріптерден құралған буын диктантын жазу аса қиындық келтірмейді. Диктанттың бұл түрі оқушылардың буынды толық меңгеруіне көмегін тигізеді. Өйткені олар буын диктантын жазу үстінде дауыстының жалғыз тұрып та, басқа дауыссыздармен бірігіп келіп (а, ша, а-са) буын құрайтын және дауыссыз дыбыстардың буын құрамайтынын түсіндіруімен бірге, әріптерді бір- бірімен жалғастырып жазуды үйренеді. Буында неше дыбыс пен әріп барын ажыратып дағдыланады. Дыбыс, әріп, буын сөздерінің мағыналарын саналы түсінетін болады.
Буын диктантында да оқушылар естіген буынды іштей қайталап, онда қанша және қандай әріптер бар екенін білген соң ғана жазуға кіріседі.
Буын диктантын оқушылар а, ш, с, л әріптерін жазып біраз дағды алғаннан кейін бастаған дұрыс. Өйткені оқушылар бұған дейін кеспе әріптер мен кеспе буындардан тақтада, буын кассаларында сөз құрау дайындығынан өтеді.
Сөз диктантын жаздыру мақсаты мен
оған қойылатын талаптар
Сөз диктанты- әріп пен буын диктанттарына қарағанда біраз күрделірек. Мұндағы мақсат- оқушыларға сөздің белгілі бір ұғым беретінін түсіндіру. Сондықтан оқушылар бұған дейін сыныпта толық мағыналы бір немесе екі- үш буыннан құралған сөздер мен сөз тіркестерін кеспе әріп пен буындардан құрастырып, оларды әріп пен буынға ажыратып үйренген ( сал, лас, шаша деген сияқты өтілген дыбыстардан құралған сөздерді санамалап айтуға жаттығуы қажет). Өйткені оқушылар әріп пен буын диктанттарын дұрыс жазып, сөздердің мағынасын түсініп дағдыланбайынша, бірден сөз диктантын өз дәрежесінде сауатты жазып кете алмайды.
Бұл диктантта әрбір сөздің мағынасы түсіндіріліп, неше буын мен әріптен құралып тұрғаны (әрине, көбіне оқушылардың сөздік қорына әлі еніп болмаған: оқулық, әліппе, дыбыс, буын, сөз, сынып, парта, сөйлем сияқты т.б. терминдер) ауызша талданады.
Мұнда да оқушылар өздері естіген әрбір жеке сөздің нақтылы мағынасын түсінумен қатар, оларды буынға бөліп, түсіндіре жазады. Сонда ғана олар жеке сөздерді, әріпті тастап кетпей, артық әріп жазып қоймай, немесе әріптердің орнын алмастырмай, әрбір сөздің мағынасын түсініп, қатесіз көркем жазуға дағдыланады.
Сөйлем диктантын жаздыру мақсаты
мен қойылатын талаптар
Сөйлем диктантын жүргізудегі негізгі мақсат- оқушыларға сөйлемді танытып, оны жана сөздерден құрай білуге төселдіру. Мұғалім сөйлем диктантынжүргізген сайын сөйлемнің ннеше сөзден құралғанын, бірінші сөздің бас әрпінене басталып, сөйлемге енген әрбір сөздің бір- бірінен бөлек жазылып, соңынан нүкте, сұрақ, леп белгілерінің біреуі қойылатынын ауызша талдаттырып алған соң жаздырып үйретеді.
Қорыта айтқанда, әліппе кезеңінде жүргізілетін үйрету диктанттарының міндеті- оқушыларды үйренген әріп, буын, сөз, сөйлемдердің сауатты, әдемі, көркем етіп жазу мен дұрыс сөйлеуге жаттықтыру. Егер олардың әрқайсысын өз кезінде үздеп жаздыртып дағдыландырса, кейінгі жүргізілетін жазу жұмыстарының барлық түрлерін (диктант, мазмұндама, шығарма) оқушылар қиналмай, еркін жаза алатын болады.
Көру диктанты
Бұл диктант оқушылардың көру, есту, есте сақтау, затты тану сияқты қабілеттерін дамыту мақсатында жүргізіледі. көру диктанты үшін әріп, буын, жеке сөздер, сондай-ақ жазылуы қиын сөздер мен сөз тіркестері және шағын мәтіндер, жұмбақтар, мақалдар, жаттауға берілген өлеңдерді де алуға болады.
Диктант мәтіндері үзіліс кезінде тақтаға немесе алдын-ала аумақты қағазға үлкен етіп жазылып, ілулі тұрғаны дұрыс. Оны оқушылардың 2-3 рет асықпай оқып шығуына, естерінде сақтауына 1-2 минут уақыт беріледі. Содан кейін мұғалім оны жауып немесе жинап қояды. Оқушылар көрген, оқыған сөздерін немесе мәтінді естеріне түсіріп, өз беттерінше дәптерге жазады.
Өзіндік диктант
Диктанттың бұл түрінінің де өткенді қайталап, тіл ұстартуда маңызы зор. Оқушылар өтілген материалдарға байланысты әріптер мен буындарды, сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдер мен жатталған тақпақтарды, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды естеріне түсіріп, өздігінен ойланып отырып жазады. Мұғалім өзіндік диктанты қай күні болатынын, нені қайталап келу керектігін оқушыларға алдын ала ескертіп қояды. Сонда оқушылар үйден шала жаттаған өлең, жұмбақты, жаңылтпаштар мен ережелерді пысықтап келетін болады.
Шығармашылық диктант
Диктанттың бұл түрі- үйрету диктанттарының ішінде мазмұн, құрылым, стиль, әдіс- тәсіл жағынан ең күрделісі, оқушылардың ойлау қабілетін, сөздік қорын, білім деңгейі мен өздігінен жұмыс істеудегі шеберліктерінің көрсеткіші. Сондықтан бұл диктант шолу, қорытындылау, қайталау сабақтарында жиі жүргізілсе, шәкірттер ескерту, бақылау диктанттарына сенімді даярлықпен келеді.
Сөздік диктант
Сөздік диктанты сабақтың кез келген уақытында жазылады. Оған оқушылар жыл бойы меңгеруге тиісті термин сөздер, омоним, антоним сөздер және жазылуы қиын байырғы сөздер алынады. Мәтіннің көлемі 1-сыныпта 6-8 сөзден, 2 сыныпта 8-12 сөзден, 3 сыныпта 12-15 сөзден, 4 сыныпта 15-20 сөзден аспауы керек. Сөздік диктантын көру, өздік диктанттары ретінде де мұғалімнің ауызша айтуы бойынша да жаздыруға болады. Ол мұғалімнің еркінде.
Терме диктанты
Диктанттың бұл түрі кез келген ережеге негізделіп жұргізіледі. Мұғалім диктант мәтінін оқымастан бұрын қандай ережеге көңіл аудару керектігін ескертеді. Оқушылар мәтінді түгел жазбай, мұғалім оқып тұрған мәтіннен әркім өзіне берілген тапсырмаға лайықты сөздер мен сөз тіркестерін немесе сөйлемдерді теріп жазады.
Ескерту диктанты
Бұл диктант көлнмі, орфографиялық емлеге тән сөздік қоры жағынан бақылау диктантына жақын келеді. Басқа диктанттардай тек кеше не бүгін өтілген тақырыптарды емес, осы уақытқа дейінгі барлық материалдарды түгел қамтып, оқушыларды бақылау диктантына тікелей әзірлейді. Сондықтан бұл диктантқа енген мәтіндер бірін- бірі қайталамай, өткен материалдарды тиянақтап, толықтыра түсуге тиіс. Ескерту диктантына мұғалім де, оқушылар да тиянақты, ұқыпты да жауапты қарауы қажет.
Бақылау диктанты
Бұл диктант айына бір не әрбір үлкен тақырып, тараудан кейін немесе тоқсанның соңында өткізіледі. Бақылау диктанттары оқушылардың бұрын өтілген материалдары қандай дәрежеде меңгергенін және сауаттылық деңгейін анықтау мақсатымен жүргізіледі. Диктант үшін 1-сыныпта 20-25 сөзден, 2-сыныпта 35-40 сөзден, 3-сыныпта 50-65 сөзден, 4-сыныпта 75-80 сөзден құралған қысқа сюжетті мәтін алынады да, көлемі жөнінен де, мазмұны тұрғысынан да біртіндеп күрделеніп отырады. Бақылау диктанты төмендегіше жүргізіледі:
а) үзіліс кезін пайдаланып, мұғалім диктант тақырыбын, мәтін ішінде кездесетін қиын сөздерді тақтаға жазып қояды;
ә) мұғалім диктант мәтінін екі рет дауыстап оқып, жазылуы қиын сөздерді тақтадан қарап алу керектігін көрсетеді;
б) егер диктант мәтіні және сөздер мен сөз тіркестерінен немесе оған негізделген сөйлемдерден құралған болса, мұндай мәтіндердің әрбір сөзін, сөйлемін мұғалім үш рет оқиды. Оқушылар жазар алдында әрбір сөзді көңіл қоя тыңдап, ұғып алғаннан кейін ғана жазуды ұсынады. Мұғалім оқушылардың түгелдей жазуын қадағалап, ең баяу жазатын оқушы жазып бітісімен, келесі сөйлемді оқиды. Бірақ ол жаңа сөйлем екені айтылмайды;
в) оқушылар диктантты түгел жазып болғаннан кейін, мұғалім мәтінді бастан-аяқ тағы бір рет оқуға кіріседі. Осы кезде оқушылар өз жазғандарын мұғалімге ілесе отырып тексеріп, қатесі болса, түзетеді. Бақылау диктантында әрбір оқушы бұрынғы диктанттарда жіберген қателерін еске түсіріп, оларға байланысты ережелерді қайталап келуге әдеттенуін қадағалап отыруы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |