Дала мен қала. – 2013. – №31. – 8 тамыз
Таңжарық Т.
Бағаналы қойының бабы табылды
Қоңыр даласында ақтылы қойы өрген қазақтың малын асылдандыру бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Мал асылданбай, одан түсетін қаржының табысы артпайды. Бұрындары қазақтың асылтұқымды қойының түрі көп еді. Тіпті оның саны жиырмадан астам болатын. Қазір тек еділбай қойлары ғана қалып отыр. Қалғанының көбі азып, өзге қойлармен араласып, өз сапасын жоғалтқан.
Жуырда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Рашит Қазыханов жаңа ғылыми еңбегін «Селекциялық жетістік» ретінде Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитетіне тіркеді. Ғалымның ғылыми жаңалығы қазақтың ежелгі қылшық жүнді қойын еділбай қойымен будандастырып, етті-майлы жаңа қой тұқымын қалыптастырғандығы.
Бұған дейін де ауыл шаруашылығы саласында талмай еңбектенген ғалымның бұл жетістігі ұзақ жылдық еңбегінің жемісі. 200-ден астам ғылыми жұмыстардың, көптеген мақалалардың, бірнеше монографияның авторы ретінде ол өз саласында кеңінен танымал. Сонау 1970 жылдардан бастап қазақ қойын қысқа төзімді, тез азбайтын, етті әрі жүнді асылтұқымға айналдыру үшін төккен тері бір бөлек. «Қайтсек қазақ малын асылдандырамыз?» деген арман жетегімен өмірінің ең қуатты, шуақты кездерін өткізген ұстаздың еңбегі енді жана бастады. Ақмола облысы Атбасар ауданындағы «Бастау» серіктестігіндегі жергілікті қылшық жүнді қазақтың қойын еділбай қойымен будандастырып, етті-жүнді, қысқа төзімді жаңа тұрпатты қой өсіруде. Осы серіктестікте қазірдің өзінде 10 мыңға жуық қой бағылуда. Соның көбін ғалымның тәжірибесімен ұрықтандырып, қылшық жүнді бағаналы қойы мен еділбай қойының ортасынан солтүстік аймақтарға бейімделген жаңа қой өсіргенін ерен еңбектің өтеуі деуге болады. Өзінің айтуынша, бұл тұқымды алудың қиындығы шаш етектен болған көрінеді. Еділбай қойы мен бағаналы қойын қосу арқылы жаңа тұқымды өсіру үшін ұзақ жыл кеткен. Қойдың етті болуы барда, оның жүнді болуы бар, екеуінің бірі кем болса, ол қойды жаңа тұрпат деуге келмейді. Ал тоқты-бағлан кезінде тез жетілетін әрі бұрынғы қылшық жүнді қойға қарағанда мол ет беретін бұл тұқымның оң нәтижелері нақты тәжірибе арқылы көрінген. Қазір «Бастау» серіктестігі қылшық жүнді қойларды жетілдірудің жақсы нәтижесін тіркеген. Ғалым сондай-ақ, Жамбыл облысы Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығында да өзінің ғылыми жұмысын қолдануға мүмкіндік туып отырғанын айтады. Мұндағы 20 мың асылтұқымды мерке қойын еділбай қойымен араластырып, жетілдіру күн тәртібінде тұрған көрінеді. «Біздің байырғы қазақтар малдың сапалы болуына ерекше көңіл бөлген. Біздің қылшық жүнді қазақ қойлары Ақмола өңірінде бағаналы қойлары деп аталған. Етті, сүтті, жүні өзгеше бұл тұрпат қазір мүлдем басқа қойға айналып бітті. Қадірін білмедік. Енді сол қойдың тұқымын сақтап қалу үшін жанталасып жатырмыз. Менікі осы қой тұқымын еділбай қойымен қосу арқылы, олардың зауыдтық аталық желісін алып, өзге қойларды ұрықтандыру. «Шәушен» шаруа қожалығының негізі мерке қойларынан шыққан. Онда да байлар өз малының ерекше тұқымдарын өсірген. Біз бүгінгі шаруа қожалықтарына соларды үлгі етіп, қазақтың өзіндік қасиетке ие малдарын өсіруге талпынуымыз керек», – дейді ғалым. Рашит Қазыхановтың айтуынша, асыл тұқымның бәрін шетелден тасығанша, өзіміздің ғалымдардың жетістіктерін оңтайлы пайдалана білсек, он шақты жылдардан соң өзіміздің төл түліктеріміз өседі. Шетелден тасыған малдың Қазақстанға үйлесуі, өсуі, жерсінуі өте қиын. «Оларды жерсіндіру үшін бір-екі ұрпақ ауысуы керек. Оларды сонау теңіздің арғы жағынан тасып әкелуге қыруар қаржы кетеді. Одан да өзіміздің қолда бар малды асылдандыру жұмысын қолға алсақ, жарар-ды. Тіпті, қарапайым халыққа қолындағы малды асылдандырудың қолжетімді бағдарламасын ұсынған жөн. Біздің ғалымдардың небір жаңалықтары бар бұл салада. Дегерес қойы, еділбай қойы, ақ бас сиыры тұрғанда, өзгеге ұмсыну – мал шашпақтық. Әрине, шетелден асылтұқымды малды әкелген жөн шығар, бірақ оны осы ауыл шаруашылығы саласын жете білетін ғалымдардың елегінен өткізу керек. «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізу әлдеқайда тиімді», – дейді профессор Р. Қазыханов.
Достарыңызбен бөлісу: |