Дауылпаз баба жырының ой өрнектері



Дата25.02.2016
өлшемі87.16 Kb.
#26142
ДАУЫЛПАЗ БАБА ЖЫРЫНЫҢ ОЙ - ӨРНЕКТЕРІ
Ф.ғ.к., професссор Таласпаева Ж.С.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан

мемлекеттік университеті, Петропавл қаласы.
Абылай бабамыз ту тіккен киелі Қызылжар жерінде осыдан үш ғасыр бұрын ғұмыр кешкен, есімі көп жылдар бойы белгісіз болып келген көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты қолшбасшы, ақын, қара қылды қақ жарған әділ би, шешен, дипломат Қожаберген Толыбай Сыншыұлы.

Қазақтар қай заманда да өзінің елі мен жері үшін қасық қаны қалғанша жауымен соғысып, ерлік көрсеткен халық. Мұның басы қасында қашаннан қайратты, намысты қолдан бермейтін ержүрек батыр азаматтар болған. Олар атамекен жұртын қауіп-қатерден сақтап, сан қилы қысылтаяң шақтарда бастарын өлімге байлап отырғаны белгілі. Сол себепті халық осындай батырларын «ел қорғаны» деп атаған.

Сондай ел қорғаны болған тарихи тұлғалардың бірі – Қожаберген жырау қазақ елі тарихында қасіретті де, ерлікке толы кезеңдердің бірінен саналған ХVII-XVIII ғасырлар аралығында өмір кешті. Ол кезде қазақ даласы жоңғарлардың аяусыз шапқыншылығына ұшырады да, ұзақ жылдар бойы табан тірескен соғыс барысында, жұмыла қимылдаған халық бірлігі және туған ел мен жер үшін өзін құрбан ету мен әскери өнердің жоғарғы үлгісін көрсету нәтижесінде қазақ жері жаудан азат болды. Қожаберген жыраудың да тарих сахнасына шығуы осылай өткен болатын.

Саяси өмірге көк найзасымен де, ащы тілімен де белсене араласып, талай ұрымтал тұстарда тарихи шешім жасауға бастамашы болған батагөй тұлға Қожаберген жырау жай ғана батыр емес, Қазақ мемлекетінің іргесін қалап нығайтқан жасампаз батыр, саясаттағы ел қамын жеген ерен ер, теңдіктің қорғаны, әділеттің жоқшысы.

Қожабергеннің ақындық талантын жарқырата көрсетіп, тарихқа атын қалдырған атақты шығармасы «Елім ай» дастаны.

Жырау баба тарихта “Ақтабан шұбы­рынды, Алқакөл сұлама” деген атпен белгілі жойқын апатты басынан өткеріп, көзімен көрген. Осы қырғында ол бауыр еті батыр балалары Науан мен Әсеттен, жан алысып, жан беріскен батырлар Ермек пен Айбектен айрылып құса болады. Қиын-қыстау кезеңде басынан өткен қайғы-қасірет, шер-мұңды күйші, әнші әрі ақын бабамыз “Елім-ай” күйі, “Елім-ай” әні және “Елім-ай” жыры арқылы сыртқа шығарса керек.

Айбынды батыр, дарынды жазушы Бауыр­жан Момышұлы “Елім-ай” жыры туралы: “Керей Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақын­дары­ның бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көле­мін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің “Елім-ай” жыры – әскери дас­тан!” – десе, көрнекті ғылым қайраткері, про­фессор Ермұхан Бекмаханов: “Қожабер­ген ақынның “Елім-ай” дастаны – тарихи эпо­пея­лық жыр. Әрі сол “Елім-ай” ерлік қис­сасының бірінші бөлімі  – 1723 жылы “Ақ­табан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!” – деп бағалаған.

Ғұлама ғалым М.Әуезов “тарихи өлең­дердің авторы, көбінесе сол уақиғаны көзімен көрген тұстастары” деп ескертеді.

Бертінге дейін ел арасында халық әні ретінде айтылып келген “Елім-ай” әнінің  авторы да Қожаберген жырау екендігін соңғы кездегі зерттеулер дәлелдеді. Мұны философ-ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы­ның “Даналарға” деген өлеңіндегі мына жолдар да растай түседі:
Өнерге құлаш ұрып бала жастан,

Тарихың бұл үш жүздің етіп дастан.

Баласы Толыбайсыншы  Қожаберген,

Бой ұрған ерлік іске әуел бастан…

Қолбасы, ақын-жырау һәм елші-би,

Шығарып “Елім-айдай” тамаша күй.

“Елім-ай” әні менен жырын тағы,

Шығарған Қожаберген бабаңды сүй.


Бұл жайында өз заманында С.Сейфул­лин, Ы.Алтынсарин, С.Торайғыровтардың жазған еңбектерінде де кездеседі. Ауыз әдебиетін жинақтаушы Қаратай Биғожиннің айтуынша «Елім-ай» әнінің сөзін Қожаберген жырау, әнін Қожаберген жыраудың әйелі Айша шығарған деген болжам айтылған. Біздіңше, өлең ел арасына кең тарап, ауыздан-ауызға көшу барысында фольклорға тән дәстүрдің көрсеткішіне айналған. Жалпы тарихи өлеңдер туралы тексеру барысында «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты өлеңдер көбірек алынып, зерттеушілер тарапынан жеткілікті пікірлер айтылғанын аңғардық.

Қазақ кеңес энциклопедиясының қыс­қаша төрт томдығының төртінші томында да “Елім-ай” әнінің де, күйінің де, жыры­ның да авторы Қожаберген екендігі айты­лады.

Ғалым, академик Манаш Қозыбаев жырау бабаның “Елім-ай” дастанын кең тынысты эпикалық шығарма ретінде әйгілі “Илиада” мен “Одиссея” жырларына теңеп кеткен.

Осы орайда, академик ағамыздың аталмыш дастан жайлы айтқан пікірін келтіре кеткен жөн: “Елім-ай”  әдеби тұрғыдан алғанда да теңдесі жоқ туынды. Онда тек халық мұңы ғана емес, оның сыры, рухы бар. Автор егіліп те, төгіліп те жыр­лайды, бірде тарихи тереңдікке бойласа, бірде бүгінгіні қайғырып, болашақты ой­лайды, философиялық пайымдар­мен ора­ғыта толғайды, – деп “Елім-ай” жы­рына баға бере отырып, осындай құнды дүниені ғасырлар қойнауынан мұра етіп бүгінге жет­кізген Қожа­берген баба­мызды қол бастаған ба­тыр деп қана қоймай,  “Елім-айдай” асылы­мыздың ав­торын – “Дауылпаз жы­рау” деп атау орынды”, – деген екен.

“Елім-ай” дастаны алғашында ауызша туып, кейін оны Қожабер­геннің өзі хатқа түсірген, жазба күйде сақтаушы Толыбайсыншы ұрпағы – Шақшақ батыр Көшекұлы көрінеді. Оның бүгінге дейін жетуіне ықпал еткен жыраудың соңынан ерген үрім-бұтағы немере-шөбе­релері. Дастанның әр шумағы отан­шылдыққа, ұлтжандылыққа, әділ­дікке, бауыр­мал­дыққа, адалдыққа, достыққа насихаттайды.

Қожаберген жырау оқиғаны барынша ұғынықты етіп, қарапайым баяндауға тырысады. Сөзбен сурет салудан гөрі белгілі бір тарихи деректерді жеткізуді бірінші орынға аңғарылып отрады. Жырау поэзиясында батырлардың ел тәуеліздігі үшін күресі, халқы үшін қоған бола білу, ұлты үшін жанын қия білу мақсатын алға тартты. Ел басына күн туған кездерде батырлық пен батылдықты, ерлік пен өрлікті қатар ұстап, туған жерінің азаттығын аңсаған, өмірінің ақырына шейін ат жалын тартып мініп, жауына қарсы қасқая аттанған батыр жыраудың жырлары қазақ тарихында айрықша орын алды. Жыраудың бұл дастаны көркем шығарма болғандықтан тарихи деректер, өмір шындығы сол күйінше құрғақ баяндалмайды, бейнелі өрнектер арқылы сипатталып, көркемдік шеберлікпен жеткізіледі.Жырау халқының рухани келбетін, табиғи болмысын толғауда, сол дәуірдегі әлеуметтік ірі оқиғаларға айтқан парасатты пайымдауларын көрсетуде тіл өрнектерін шебер пайдаланған. Соның ішінде ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетінде де жиі ұшырасатын әдіс болып саналатын теңеуді сирек жұмсағанмен, өмір шындығына сәйкес келетіндей етіп қолданудың үлгісін көрсетеді. Мысалы: «қарақшы торғауыттар секілді індет,дәу мылтық аузы жаман қара үңгірдей, жау қалмақ шегірткеше қаптап кетті, халқымды жоңғар оғы шқптей қырған, жүйрікпен желдей жүйткіп, Дәстем салдай қолды бастап т.б.» теңеулер арқылы халқының басына түскен ауыр зұлматты көз алдымызға елестетеді.

Көркемдік құралдардың ең бір айшықтысы, өткір құралы эпитет ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік дәстүр. Расында эпитетсіз ақын мөлдір сезімін, асқақ арманын әсерлі, ұтымды етіп қағаз бетіне түсіре алмайды. Эпикалық өрнекпен халқының жан дүниесін, оқиғаның сыртқы сипатын астастыра суреттеуде Қожаберген жырау эпитетті ұтымды пайдаланған: «кірерсің қара жерге денеңменен, зарлы ән мен зарлы күйді тыңда менен, сергісін құйма болат кәрі денем, ойы бар қалың жауға майдан бермек, қоштасып аға, інім, қалың жұртқа, адамның өлшеулі өмірі таусылады, жүргенмен сұм жалғанда маң-маң басып, өзегің қайғы жеген дерті қалың». Соғыс, заман сөздерінің эпитеттері жыраудың өзіндік сезімін, күйінішін айқын көрсетіп, эмоциялық әсерін күшейтуге қызмет етеді. Мысалы, қырғын соғыс, қанды ұрыс, жойқын ұрыс, сұм жалған, дұшпан заман, мыстан заман, қайғы заман, құйын заман, долы заман, шұбар заман.

Дастанда соғыс оқиғаларына қатысты, жауынгерлік қару-жараққа қатысты сардар, сарбаз, найза, сауыт, берен, қылыш, айбалта, зеңбірек, ғаскер т.б. әскери лексика мол қолданылған.

Саңлақ ақынның шабыты тау өзеніндей тасыған тұста мейлінше шеберлікпен жұмсаған ауыстырулары сымға тартқан күмістей сылдырап, керемет келісім табатын секілді: «ұлдарым қасыма ерген алып сұңқар, болашақ көпке тұтқа, мырзаларым ішің жалын, болам ба алпыс бірде көпке тұтқа, қорқамын қалмақтың дәу мылтығынан, сібірдің шығысынан ызғар келді».

Жыр жолдарында ауыстыру, айшықтау тәсілдерінен басқа кейбір жекелеген сөздердің де тігісі жатық, ойға қонымды болып келеді. Әсіресе, алмастырулардың тамаша үлгілерін кездестіреміз.

Мысалы: «қарсы алды қуанысып жас пен кәрі, жиналып қайын жұрттың келді бәрі, үлкендер разы боп бата берді, Еділден Кіші жүздер жәрдем күтті т.б».

Жырда мәдени ұғымдар өзектелген жыраудың тілдік тұлғасын дәстүрлі мәдениеттің өкілі, тұтынушысы, дамытушысы ретінде тануға оның сөз қолданысындағы этномәдени компоненттердің сипаты байқатады. Мысалы, «Елім-ай» жырында теңге атып, бозбалалар көкпар тартып, ат үсті аударыспақ ойын ойнап, сүндет той, қыз ұзату қуанышында, аң аулап, қан сонарда бүркіт салып, баптаған алғыр тазы, қыран ұстап секілді жолдардан ұлттық салт-дәстүрлерімізді көре аламыз.

Жырдың қай кезең оқиғаларына қатысты туғандығын, бастан кешкен түрлі оқиғалардың дерегін көбіне ондағы сөз өрнегінен, барынша жиі жұмсалатын кісі есімдері мен жер-су аттарынан танимыз.

Жырау жырын тікелей ел қорғар жауынгерлеріне, ақыл айтар қарияларға, ел билеуші шораларға арнап, «сардарларым», «дегдарларым», «сарбаздарым», «маңғаздарым», «дариялар», «даналарым», «шораларым» деген қуатты қаратпа сөздерді қолдана отырып, ұрпағын рухтандырып, қанаттандырып отырған.

Жырда бастан өткен қым-қиғаш оқиғалар, ел мен жердің тағдыр-талайының бәрі – Қожаберген жыраудың атынан баяндалады. Бұл тұрғыдан алғанда тарихи өлеңдердің ең көне түрлері бізге ел мен жерге қатысты қоштасу, жоқтау түрінде айтылған. Эпикаға тән ерекшелік бар. Бұл – батырлықты дәріптеуге тән эпика емес. Тарихи дастанның айтары оқиға қалай, қашан болды, оның себебі мен салдары халықтың қандай күйге түскендігін жеткізу. Жырау өз дастанында ең алдымен болып жатқан қайғылы оқиғаны айтып, ендігі күннің не боларын жалпы жұртқа қарата сөйлеп, жұртпен кеңесуді жөн санайды, оған өзінің ақылын айтады.
Кеңесіп дұшпандардан ел қорғаңдар

Кетпесін жау қолында мал-жандарың


Баршаның ризығы малды сақта,

Қаңырап бос қалмасын қораларың


Жастардың басын қосып ауыл қорға

Өзімде қалсын десең дүние-малың


Астыңда болмаса да тұлпарларың,

Аянбай соғысыңдар сұңқарларым.

Майданда жауға тірі берілмеңдер,

Төкпеңдер жау алдында беттін арын.

-деп, ақын жалпы жұртқа үлкен ой тастайды.
Ұлы жырау соғыс өрті қызған шақтарда ұрпағын отансүйгіштік пен ерлікке үндейді. Тарихи жырда теңеу, эпитеттер т.б. көркемдік құралдар жыр желісін қалыңдата түссе, сонымен қатар айшықтауларға да молынан орын берілген.

Жырда дыбыстық қайталаулардың жиі ұшырасатындығын байқаймыз. Ауыз әдебиеті дәстүрінде жасалып, табиғи заңдылыққа сай айтылған өлең шумақтарын тарихи өлеңнің кез-келген тармақтарынан табуға болады. Мысалы: «жұртыма жолатпаған жауды жасқап, төртеуі төрт жүз жауға төтеп берген, жүйрікпен желдей жүйткіп өсіп едім» деген жолдарда үнемі бір дыбыстар еселене қайталану арқылы жырға ажар-көрік дарытқан.

«Шындық – күрделі болса, одан туған шығарма да – күрделі», – дейді Зейнолла Қабдолов, шынымен-ақ, Қожаберген ақынның «Елім-ай» атты жыры қазақ халқының сыртқы жауларға қарсы бағытталған жарты ғасырлық әрі азаттық, әрі әділетті соғыстарын суреттеуге арналған тарихи, әрі тәрбиелік маңызы бар дастан.

Кезінде академик Манаш Қозыбаев: “Халқының қырық пайызынан айырылған қайран қазаққа дәл Қожабергендей бағ­дар­лама жасаған ел данасы сол кезде кемде-кем. Қожаберген баба тек жеңіс бағдарла­масын жасап қоймады, “Болды ғой аяқ асты Ота­ны­мыз”, “Ер емес жаудың туын құлат­паған” деп, сардарларын ұрысқа шақыра білді. Қазақ халқы бабамыздың бұл ерлігін еш­қашан ұмытуға тиіс емес”, – деп жазған екен.

Сол аруақты бабаның туғанына 2013 жылы 350 жыл толады. Ал, халқымыз тарихының тұтас бір кезеңінің қасіреті мен қайғысын, мұңы мен сырын, мұқалмас өр рухын шерткен шежіре-дастан “Елім-айға” 290 жыл болмақ.

«Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы - тарих», – деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Осыған орай, Қожаберген есімі Әз Тәуке хан, Абылай хан, Әбілхайыр хан, Бұқар жырау, Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би сияқты ұлтымыз­дың ұлыларының қатарында Отан тарихында хатталады.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар», - дегендей, қорыта келгенде, Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлының қазақ тарихынан да, қазақ әдебиеті тарихынан да ойып тұрып орын алары белгілі.

Иә, өлмейтін жан жоқ. Абай атамыз «Өлді деуге болама, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - дегендей, қазақ халқының үш ғасырлық жүрек жарды жыры «Елім-айдың» авторы Қожаберген жырау өз халқымен мәңгі бірге жасайды.


Әдебиет:

  1. Байтұрсынов А. Шығармалары.А., 1989, -215 б.

  2. Әуезов М. Әдебиет тарихы. А.,1991, -240 б

  3. Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі. – Алматы: Ғылым, 1998. 1-кітап. -344 б.

  4. Қожаберген жырау. Елім -ай. Абуталиев Н. А., 1995ж.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет