Тұрсынбекұлы Данияр - э.ғ.м., Қ.И. Сатпаев ат. ҚазҰТУ оқытушысы
Абдуллин Рустем Жомартович - э.ғ.м., Қ.И. Сатпаев ат. ҚазҰТУ оқытушысы
ДЕПОЗИТТЕРДІҢ ЖІКТЕЛУІ
Банк мекемесінің коммерциялық кәсіпорын түрлерінің бірі ретіндегі ерекшелігі оның ресурстарының басым көпшілігі өзінің жеке қаражатынан емес тартылған заемдық қаражаттардың есебінен қалыптастырылуында. Банктердің қаражатты тартуының шегі бар және ол кез келген мемлекеттің Орталық банкі тарапынан реттеліп отырады.
Депозит латынның (depositum) деген сөзінен алынған, ол сақтауға берілген затты немесе депозиттік операциялардың субъектілері банкке енгізетін белгілі ақша қаражатын немесе банктік және қаржылық операцияларды жүргізу тәртібіне байланысты белгілі уақытқа банктердің есепшоттарында болатын қаражатты айтады.
Қазақстан Республикасының «Банктер және банк қызметі туралы» Заңында депозиттің анықтамасы былай деп берілген – бұл бір тұлғаның (депозитордың) басқа тұлғаға – банкке (оның ішінде Ұлттық банкке) бірінші талап бойынша немесе қандай да бір мерзімнен кейін қайтарылуы тиіс пе, тиіс емес пе, оған қарамастан толығымен немесе бөлшектеліп, алдын ала айтылған үстеме ақымен немесе онсыз, тікелей депозиторға немесе оның тапсырысы бойынша үшінші тұлғаға ұлттық мәнде қайтарылу талаптарымен берілген ақшасы.
Демек, депозиттік рынок – салымдар және депозиттер рыногы – халықтың ақша қаражатын пайда табу мақсатымен белгілі талаптармен әртүрлі қаржы мекемелеріне салу жөніндегі экономикалық қатынастар саласын көрсетеді.
Депозиттік операциялар – банктердің ақша қаражатын салымдарға (пассивтік депозиттерге) тарту немесе иеліктерінде бар қаражатты басқа банктерге немесе кредиттік-қаржы институттарына (активті депозиттер) орналастыру.
Нарықтық қатынастар жағдайында депозиттік банк мекемелерінің ролі өсе түседі. Бұл операциялардың есебін және ұйымдастырылуын дұрыс және тиімді жүргізу банк қызметінің коммерциялық мақсатпен пайда табуын қамтамасыз ету үшін қажет.
Депозиттік есепшоттар әртүрлі болуы мүмкін, және олардың жіктелуінің негізінде салымдар көздері, оларды мақсатты пайдалану, табыс табу дәрежесі және т.б. критерийлер жатыр. Ең көп қолданылатындары төменде келтірілген.
Салымдар санаттарына орай депозиттер былай бөлінеді:
- заңды тұлғалардың (кәсіпорындардың, ұйымдардың, банктердің және б.) депозиттері
- жеке тұлғалардың депозиттері.
Экономикалық тағайындалуы бойынша депозиттер 4 топқа бөлінеді:
1. мерзімдік;
2. талап етілгенге дейін;
3. халықтың жинақ ақша салымдары;
4. бағалы қағаздар.
Мерзімдік депозиттер – банктер белгілі мерзімге тартатын депозиттер. Мерзімдік депозиттердің өзі заңды және жеке тұлғалардың мерзімдік салымдары және алдын ала хабарлаумен жасалатын мерзімдік салымдары деп бөлінеді.
Мерзімдік салымдар шартта көрсетілген мерзімге және талаптармен банктің толық қарамағына қаражатты беру, ал ол мерзім аяқталған соң салымды иесі кез келген сәтте алуы мүмкін. Клиентке мерзімдік депозит үшін төленетін сыйақы мөлшері депозиттің мерзімінен, сомасынан және салымшының шарт талаптарын орындауына байланысты болады. Салымның мерзімдері неғұрлым ұзақ және (немесе) сомасы үлкен болса соғұрлым сыйақы мөлшері үлкен болады.
Мерзімдік депозиттер мерзімі бойынша: 3 айға дейін, 3 айдан 6 айға дейін, 6 айдан бір жылға дейін, бір жылдан астам болып бөлінеді. Мұндай мерзімдерінің егжей-тегжейлі бөлінуі салымшылардың өз қаражаттарын тиімді ұйымдастыруға және оларды салымдарға орналастыруға ынталандырып, сондай-ақ банктерге өздерінің өтімділігін басқару үшін жағдай туғызады.
Қаражатты алу жөнінде алдын ала хабарландырылатын салымдар дегеніміз клиенттің банкті шарт бойынша белгіленген мерзімде алдын ала хабардар етуі тиіс салым. Хабарлау мерзіміне байланысты салым бойынша проценттік ставка анықталады.
Мерзімдік салымның сомасы дөңгелек сомалармен белгіленіп шарт күшінде болатын барлық мерзім ішінде өзгертілмеуі тиіс. Мерзімдік салымдар ағымдағы төлемдерді жүзеге асыруға қолданылмайды. Егер салымшы салым сомасын өзгерткісі келсе – азайтқысы немесе ұлғайтқысы келсе, онда ол қолданыстағы шартты бұзып, өз салымын алып, жаңа талаптармен қайта ресімдейді. Бірақ салымшы салым бойынша қаражатты мерзімінен бұрын алған кезде ол шартта көзделген проценттерден ішінара немесе толығымен айырылуы мүмкін. Әдетте, мұндай жағдайларда проценттер талап етілгенге дейінгі салымдар бойынша төленетін проценттер мөлшеріне дейін төмендетіледі.
Мерзімдік депозиттер банктің басшысы арқылы банк және клиент (салымшы) арасында жасалатын шартпен ресімделеді. Банктер депозиттік шарттың нысанын дербес даярлап, салымның жекелеген түрлері бойынша өзгеше үлгілері болады. Шарт екі дана етіп жасалады: біреуі салымшыда, екіншісі – банктің кредиттік немесе депозиттік бөлімінде (бұл жұмыс қандай бөлімге тапсырылғанына орай) сақталады. Шартта салым сомасы, оның әрекет мерзімі, шарт мерзімі аяқталғаннан кейін салымшы алатын проценттер, тараптардың құқықтары және міндеттері, олардың шарт мерзімін сақтау туралы жауапкершіліктері, дауларды шешу тәртібі белгіленеді. Көптеген банктер банктің ұсақ, орта және ірі клиенттерге қызмет етуіне байланысты мерзімдік салымның ең төменгі мөлшерін белгілейді. Банк өз тарапынан шарттың барлық талаптарын уақтылы орындауға және оларды бұзғаны үшін жауап беруге міндеттенеді. Бұл депозит иелеріне қаражатты немесе проценттер төлеуді уақытында бермегені үшін өсімпұл немесе айыппұлдар төлеуде көрініс табады. Банк және салымшы арасында туындайтын даулар төрелік сотта немесе сот тәртібімен (егер салымшы жеке тұлға болса) шешілуі тиіс.
Талап етілгенге дейінгі депозиттер – белгісіз мерзімге салынатын, салымшы кез келген уақытта банкті алдын ала хабардар етпестен алатын немесе басқа тұлғаға аудара алатын қаражат.
Талап етілгенге дейінгі депозиттер қаражаттың сипаты және кімге тиесілілігі бойынша бөлінеді:
- кәсіпорындардың және ұйымдардың есепайырысу, ағымдағы есепшоттарында сақталған қаражаттары, әртүлі қорларда сақтауы бойынша арнайы есепшоттардағы қаражаттары; кәсіпорындардың капиталдық салымдарға арналған есепшоттарындағы, жергілікті бюджеттердің табыстары бойынша есепшоттардағы қаражат;
- жергілікті бюджеттердің қаражаты;
- басқа банктермен есепайырысу бойынша корреспонденттік есепшоттардағы кредиттік қаражат қалдықтары және шетелдік банк-корреспонденттердің есепшоттарындағы қаражат.
Жекелеген топтарға арнайы есепшоттарда есепайырысуға (мысалы, аккредитивтермен, чек кітапшаларымен) тартылған (арнайы қорларға) және арнайы мақсаттарға (капиталды салымдарды және т.б. қаржыландыру үшін) резервтелген қаражаттарды біріктіріледі.
Банктік өтімділікті басқару тұрғысынан банктерге ағымдағы және бюджеттік есепшоттар, капиталдық салымдарды қаржыландыру жөніндегі есепшоттар, арнайы мақсаттағы есепшоттар пайдалы болып есептеледі, өйткені олардағы қаражат қозғалысы (сомалары, мерзімдері, төлемдер немесе аударылған ақшалардың келіп түсуі) банкке алдын ала белгілі болуы мүмкін. Сонымен қатар, ағымдағы және бюджеттік есепшоттардың иелері өз мәртебелеріне орай (заңды тұлғаның құқығының болмауынан) кредиттерге ұмтылмайды, ал бұл банктерге мұндай қаражатты өз қалауы бойынша активтік операцияларда пайдалануға мүмкіндік береді.
Мерзіміне байланысты салымдар мыналарға бөлінеді: талап етілгенге дейінгі салымдар (есепайырысу және ағымдағы есепшоттардағы қаражат), мерзімдік (белгілі мерзімге, бірақ бір айдан кем емес мерзімге орналастырылған қаражат) және квазимерзімдік (жеткілікті түрде ұзақ уақытқа, бірақ белгісіз мерзімге тартылған қаражат).
Талап етілгенге дейінгі депозиттерге банктердің бір жақты тәртіппен немесе бір бірінің тапсырмасы бойынша есепайырысу мен төлемдерді жүргізу мақсатында Орталық Банкте немесе корреспондент банктерде ашылған корреспонденттік есепшоттары да жатады. Банк басқа банкте ашқан корреспонденттік есепшот «НОСТРО» есепшоттары деп аталады, ал банк басқа банк үшін ашқан корреспонденттік есепшот «ЛОРО» есепшоты деп аталады. Бұл есепшоттарды ашу есепшоттардың қызмет ету талаптары және олар бойынша жүргізілетін операциялардың тізімі анықталған банктер арасындағы жасалған шарттар негізінде жүргізіледі. Көрсетілген есепшоттардан сондай-ақ клиенттердің есепшоттарынан да төлемдер олардағы қаражат шегінде жасалуы тиіс екендігін есте ұстаған жөн.
Талап етілгенге дейінгі депозиттерге өзінің классикалық нұсқасында отандық тәжірибеде қолданылмайтын, бірақ олардың қызмет етуі назар аударуға болатын контокорренттік есепшоттар тәрізді арнайы есепшоттарды жатқызуға болады.
Контокоррент (conto corrente италян тілінен – ағымдағы есепшот) – бұл банктің клиентпен барлық операциялары есептелетін біртұтас есепшот. Бұл есепайырысу және несиелік есепшоттарды бірге көрсететін активтік-пассивтік есепшот. Контокоррентте бір жағынан банктің несиелері және клиенттің тапсырмасы бойынша есепшоттан жасалған барлық төлемдер, ал екінші жағынан есепшотқа қолма-қол ақша, аударымдар, қайтарылып келген қаражат және басқа түрдегі қаражат көрсетіледі. Кредиттік сальдо дегеніміз клиенттің жеке қаражаты бар екенін білдіреді, ал дебеттік сальдо дегеніміз айналымға барлық заемдық қаражат қатыстырылған және есепшот иесі банкке кредит бойынша борышкер екендігін білдіреді. Кредиттік сальдо бойынша банк клиенттің пайдасына проценттер есептейді, ал дебеттік сальдо бойынша несие берген секілді өз пайдасына проценттер өндіріп алады. Мұндайда банктің пайдасына проценттер есепшот иесінің пайдасына қарағанда жоғары ставкамен есептеледі. Мұндай есепшоттар ерекше сенім белгісі ретінде сенімді кленттерге, жақсы заем алушыларға ашылады. Қаражаттың келіп түсуіне қарағанда шығыстары асып түскен кезде есепшот иесі банкпен жасалған шартта анықталған сомада әр жағдайда кредитті арнайы рұқсатсыз ала беру мүмкіндігіне ие болады.
Әлемдік банк тәжірибесінде белгілі түрде контокоррентпен овердрафтты ағымдағы есепшот (ағыл. overdraft) ұқсас келеді. Овердрафтты ағымдағы есепшот – клиент және банк арасындағы келісімнің негізінде кредит алуды білдіретін, қаражат қалдығының көлемінен есепшот бойынша есептен шығарылатын соманың асып түсуінің есебінен белгілі мөлшерде жіберілетін дебеттік сальдоны атаймыз. Бірақ бұл есепшоттардың арасында айырмашылық бар. Овердрафт (контокоррентке қарағанда) кезінде мұндай қарыз алулар оқта текте жасалады әрі олар тұрақты сипатта болмайды. Бұл үшін тиісінше пассивтік (кредиттік) қалдық көбірек ұшырасады. Овердрафтты ағымдағы есепшоттың бар екендігі клиенттің жеке операцияларды жүргізу үшін қосымша депозиттік немесе несиелік есепшоттарды ашуына болады, ал контокорренттік есепшотта банктің клиентке қатысты барлық операциялары шоғырландырылады. Сонымен қатар контокорренттік есепшоттар заңды тұлғалардың шаруашылық ұйымдардың атына ғана ашылады, ал овердрафтты есепшот заңды емес тұлғаға, сондай-ақ жеке тұлғаға да қаражаттың түсуі мен жұмсалуы арасындағы уақытша айырмашылықтарды өтеуі үшін ашылады.
Көптеген коммерциялық банктерде талап етілгенге дейінгі депозиттердің тартылған қаражат құрылымындағы үлес салмағы ең жоғары болып табылады. Бұл әдетте, банктік ресурстардың құрылуының ең арзан көзі. Қаражаттың жоғары жұмылдыруына байланысты талап ету есепшоттарындағы қалдық тұрақты емес, тіпті кейде мүлде өзгермелі деуге болады. Есепшот иесінің кез келген сәтте қаражатты алу мүмкіндігі банктің айналымында өтімділігі аз, бірақ аса жоғары табыс әкелетін активтердің үлесін азайту есебінен өтімділігі жоғары активтердің үлесінің (кассадағы, корреспонденттік есепшоттағы және басқа қаражат қалдықтары) мейлінше көп болуын талап етеді. Сол себепті талап етілгенге дейінгі есепшоттардағы қалдықтар бойынша банктер олардың иелеріне төмен процент төлейді немесе тіпті ешқандай табыс есептемейді. Дегенмен талап етілгенге дейінгі есепшоттардағы қаражаттың жоғарғы жылжымалылығына қарамастан, олардың ең төменгі, бірақ төмендемейтін қалдығын анықтаудың және оны тұрақты кредиттік ресурс ретінде пайдаланудың мүмкіндігі бар.
Әлемдік банк тәжірибесінде мерзімдік депозиттер мен талап етілгенге дейінгі депозтиттер арасында жинақтаушы депозиттер орын алады. Шетел тәжірибесінде ақша жинақтау операциялары депозиттік операциялардан бөлек қаралады және негізгі назар олардың айрықша ерекшеліктеріне бөлінеді – салым жинақтаушының иесіне, көбінесе, жинақтау кітапшасы түрінде берілетін салымның бар екендігін көрсететін куәлік беріледі. Депозиттің бұл түрі құнттылыққа ынталандыратын - арнайы ұмтылудың туындауымен сипатталатын мақсатты сипаттағы қаражаттарды жинақтау үшін немесе ақша жинақтарын салуға қызмет етеді және табыстылық деңгейі жоғары, дегенмен мерзімдік салымдарға қарағанда табыстылығы төмен болады.
Халықтың жинақтау салымдары мерзімдері және салым операцияларының талаптары (мысалы, балаларға, мектеп оқушыларына арнап салынған салымдар, зейнетақылық салым және б.) бойынша бөлінеді.
Бағалы қағаздар мынадай топтарға бөлінеді: банкке тиесілі кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдардың акциялары мен облигациялары; банкте сақтауда тұрған акциялар мен облигациялар; шетел операциялары бойынша құндылықтар мен құжаттар.
Банктердің депозиттік базасын нығайту мәселесін шешуде әртүрлі депозиттердің көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар депозиттік операциялардың ұйымдастырылуын жақсарту және салымдарды тартуды ынталандыру жүйесін арттырудың да үлкен маңызы бар. Бұл ең алдымен банктердің дәстүрлі емес банктік құралдарды: депозиттік және жинақтау сертификаттарды, чек депозиттерді, банктік вексельдерді шығару есебінен қол жеткізілуі мүмкін.
Депозиттік сертификат – мерзімі 1 жылдан астам, бірақ оған қарағанда бұл ақша қаражаттың депозитке салғандығы жөніндегі салымшының салымды (депозитті) алу құқығын куәландыратын кредиттік мекеменің жазбаша куәлігі - мерзімдік сертификаттың түрі. Онда депозиттік шарттың мөлшері, салымды алу мерзімі, проценттік ставка секілді талаптар көрсетіледі. Депозиттік сертификаттың артықшылықтары мынада: біріншіден, ол биржа ойынының заты болып табылады, яғни сатып алушының рыноктағы оңтайлы өзгеруі нәтижесінде қосымша пайда алуына болады; екіншіден, кәсіпорындардың депозиттері тоқтатылып қалған жағдайда рынокта еркін қозғалыста болатын сертификатты сатып алу олардың иелеріне біршама еркіндік береді.
Сертификаттарды салымшылардың санатына байланысты депозиттік және жинақтаушы сертификаттарға бөлуден басқа сертификаттарды басқа белгілері бойынша да жіктеуге болады:
шығарылу әдісі бойынша:
- бір рет қана шығарылатын;
- сериялармен шығарылатын.
Ресімделу әдісі бойынша:
- атаулы;
- ұсынушыға.
Айналым мерзімдері бойынша:
- мерзімдік;
- талап етілгенгше дейін.
Депозиттік сертификаттар бойынша айналым мерзімі 1 жылдың шегінде белгіленген, ал жинақтаушы сертификаттар бойынша 3 жыл шегінде белгіленген.
Егер депозитті немесе салымды алу мерзімі өтіп кетсе, онда мұндай сертификат талап етілгенге дейінгі құжат болып есептеледі және иесінің бірінші талабы бойынша төленуі тиіс. Банк мерзімдік серитификатты мерзімінен бұрын ұсынылғанда төлеу мүмкіндігін сертификат сомасын төлей отырып және проценттерін төмен ставка бойынша ала отырып төлеуді былай қарастырады:
- төлеу талаптары бойынша;
- белгілі есептесу кезеңі өткенге дейін тұрақты проценттік ставкамен төлеу;
- сертификатты өтеу күніне проценттерді төлеу.
Сертификаттарды өтеу үш жолмен жүргізіледі:
- жаңа шығарылған сертификаттармен;
- салымдардың басқа түрлеріне немесе талап етілгенге дейінгі есепшотқа қолма-қол ақшасыз аударымдар жасау арқылы;
- қолма-қол ақшамен (жеке тұлғалар үшін).
Сертификаттарды шығаратын банк өз сертификаттарының шығару және айналу талаптарын дербес әзірлейді.
Чек депозиттері – бұл салымшыға төлемдер жасау үшін чек жазуға құқық беретін есепшоттар.
«Жаңа есепшоттар (нау-есепшоттар)», Батыста көп таралған, мерзімдік салымдарды және талап етілгенге дейінгі салымдарды сақтаудың және пайдаланудың қағидаларын біріктіретін есепшоттар. Олар клиентке талап етілгенге дейін салым ретінде пайдалы, өйткені төлем құралы күші бар құжат көмегімен есеп айырысуға мүмкіндік береді, негізінен олар бойынша және мерзімдік салымдар бойынша табыс алуға құқық береді. Банк үшін жаңа есепшоттар оларда қаражаттың қатаң белгілі бір мезгілде сақталатындығынан және сондықтан инвестицияларға пайдалануға мүмкін болатындықтан тартымды.
Банк векселі банктің белгілі тұлғаға немесе оның мұрагеріне белгіленген мерзімде белгілі ақша сомасын төлеу жөніндегі ештеңемен келісілмеген біржақты міндеттемесін білдіреді.
Банкаралық депозиттік операцияларда мерзімдік және талап етілгенге дейінгі болып бөліндеі. Мұндай операциялар, әдетте, банк балансының есепайырсуларын және өтімділігі деңгейін реттеу мақсатында жүргізіледі.
Коммерциялық банктерге өз қызметі үшін ресурстар тарту мақсатында коммерциялық банктердің жарғысында бекітілген жоғары пайда табу мен қажетті банк өтімділігін сақтау мақсатына және міндеттеріне орай депозиттік саясат стратегиясын әзірлеу маңызды.
Достарыңызбен бөлісу: |