Дәріс кешені павлодар Дәріс тақырыптарының мазмұны 1-тақырып



бет1/22
Дата24.12.2023
өлшемі312.5 Kb.
#487825
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
лекции по практикуму орфогр и пункт



Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі

Павлодар педагогикалық университеті


Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі


«6В01710 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім бағдарламасы (ББ) бойынша оқытудың барлық түрлеріндегі білім алушыларға арналған


«Емле және тыныс белгілері практикумы» пәнінің
ДӘРІС КЕШЕНІ

Павлодар

Дәріс тақырыптарының мазмұны


1-тақырып. Кіріспе

  1. Орфографияны оқытудың теориялық және қолданбалы аспектілері

  2. Қазіргі қазақ тіліндегі орфография нормаларының қалыптасу тарихы

  3. Қазақ орфографиясының принциптері

  4. Алфавит. Графика және орфография

  5. Әріп пен дыбыстың арақатынасы



1. Адамдар айтайын деген ойын бір-біріне ауызша да, жазба түрде де жеткізе алады. Орфография дұрыс жазу қағидаларын белгілейді.
Тіл жүйелі, қоғамдық құбылыс болғандықтан, жұрттың бәріне ортақ оның жазу ережелері болады. Тілдегі сөздердің біркелкі жазылуының қалыптасуы халықтың мәдени дамуының негізгі көрсеткіштерінің біріне жатады. Ал сауатты жазу – адам мәдениетінің қандай деңгейде екенін байқатады.
Әлемдегі жазу жүйелерінің көпшілігі бірнеше ғасырлық даму жолынан өтті. Мәселен, орыс жазуының тарихы екі ғасырдан асады, ал осыған негізделген қазақ жазуы 60 жылдан асты. Алайда осындай ұзақ дамудан өтіп, жетілген деген жазулардың өзі де дыбыс жүйесі мен алфавиттің арасында толық сәйкестікке жете қойған жоқ.
2. Қазақ тілі жазудың үш түрлі жүйесін басынан өткізді. Қазақ жазуы 30-жылдарға дейін араб графикасын пайдаланып келді де, 1929 ж. шілденің 25-інде Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің «Қазақтың жаңа емлесі туралы декреті жарияланғаннан кейін латын графикасына көшті. Жаңа латын алфавитінде 29 әріп болды: 9 дауысты, 18 дауыссыз, 2 жарты дауысты. Емленің негізгі принципі фонетикалық болды. Бас әріп пайдаланылмады. 1938 жылдың басында қаулы қабылданып жазудағы негізгі принцип морфологиялық деп танылды және бас әріппен жазу заңдастырылды. Осы күнгі и, у, х, ф, в әріптері енгізілді.
1940 ж. орыс графикасына негізделген жазуға көшу туралы заң қабылданды, соның нәтижесінде қазіргі жазуға ие болдық. (Славян әліппесі (азбука) ІХ ғасырдың екінші жартысында грек алфавитінің негізінде жасалды. Әліппені Кирилл (Константин) өзінің ағасы Мефодиймен Моравияға сапар шегудің алдында (863 ж.) жасайды. Славян жазуының графикалық екі түрі болған: 1) кириллица; 2) глаголица). Алғашқы алфавитте 41 әріп болды. Алфавиттік қатарда алдымен орыс тіліне тән әріптер, содан соң орыста жоқ, қазақ тіліне ғана тән әріптер тұрды. Бұл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1957 ж. маусымның 5-інде бекіткен «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» өзгеріп, қазіргідей күйге келді, яғни а, ә, б, в, г, ғ деген сияқты және алфавиттің қатарында ә әрпі қосылды.
Осы ереже негізінде 1960 ж. баспа қызметкерлері мен мұғалімдерге арналып қазақ тілі емлесі мен тыныс белгілері ережелерін бір жерге жинақтап баяндайтын тұңғыш анықтағыш, кейін 1974ж. ол өңделіп, толықтырылып қайтадан жарық көрді.
Екінші басылымы шыққаннан соң жиырма жылдай уақыттың ішінде қазақ емле ережелерінің жаңа редакциясы (түзетілген түрі) жасалып, бұрынғы қағидалар біраз өңделді. «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінің» жаңа редакциясын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумы 1983 жылғы тамыздың 25-індегі жарлығымен бекітті. Мұнда бірқатар қағидалар айқындалып, біріккен сөздердің жазылуын реттейтін баптар қосылған. Мәселен, екі түбірден құралып, техника, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт сияқты саналарға қатысты зат, құрал-жабдық, ұғым атаулары мен мамандық, кәсіп, қызмет иелерін атайтын сөздер бірігіп жазылады деген ереже заңдандырылды. Осы ережені басшылыққа ала отырып 1992 ж. Н.Оралбаева, Ә.Абылақов «Қазақ тілін» (кәсіптік-техникалық училищелер оқушыларына аранлған), 1996 ж. Р.Сыздықова «Анықтағыштың» 3-басылымын, яғни «Емле және тыныс белгілері» атты кітабы шығады. Жоғарыда айтылған ережелер негізінде қазақ тілінің орфографиялық сөздігі де 3 рет басылды (1963, 1978, 1988). Бұдан қазақ тілі орфографиясы жайында бұған дейін сөз болмады деген сөз емес. Емле мәселесі алғашқы кезде мақалаларда қозғалса: Қ.Басымұлы «Жаңа әріп пен жаңа емле және дыбыстарымыздың жіктері». –Алматы, 1932; С.Аманжолов «Жаңа алфавиттің принциптері» //Соц. Қазақстан, 1941. -№35; кейін оқулық көлемінде сөз болды: М.Балақаев «Қазақ тілі. Грамматика, емле, тіл дамыту». –Алматы, 1947; Н.Уәлиев, А.Алдашева «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. –Алматы, 1988
Бүгінгі таңда қазақ жазуы 1983 ж. қабылданған емле ережелерін пайдаланып жүр.
3. Көптеген тілдердің емле заңдарына көбінесе үш-төрт түрлі принцип негіз болады. Р.Сыздықова емле заңдарында 4 принципті (фонематикалық, фонетикалық, морфологиялық, тарихи-дәстүрлік) көрсетсе, С.Мырзабеков оны үшке жіктейді: фонетикалық, морфологиялық, тарихи-дәстүрлік принциптер. Ал К.Аханов емле заңдарын 6 принциппен қарастыруға болатынын айтады: 1) фонематикалық – дыбыстардың бір сөз ішіндегі немесе сөз аралықтарындағы бір-біріне тигізетін әсерлері ескерілмей, негізгі фонемалық түрі сақталып жазылуы жатады; 2) фонетикалық – сөз бөлшектерінің дыбыстық өзгеріске ұшырауы есепке алынып, олар айтылуынша (естілуінше) жазылады; 3) этимологиялық – сөздердің қалпын емес, шығу тегін сақтап жазуға негізделеді. Мысалы, орыс тіліндегі пчел сөзі қазақ тілінде де сол қалпында жазылады; 4) дәстүрлік-тарихи – сөздер әуелгі тұлғасында емес, тілде қалыптасқан тұлғасы бойынша жазылады; 5) морфологиялық – сөздердің ауызекі айтылуында көршілес дыбыстардың әсері нәтижесінде пайда болатын дыбыстық құбылыстар ескерілмей, бастапқы түбір күйіндегі дыбыстық құрамы сақталып жазылады. Мысалы, түнде, түнгі, түн бойы дегенде, түн сөзінің соңындағы –н әрпі үш жағдайда үш түрлі дыбысталады: 1-жағдайда –н, 2-жағдайда –ң, 3-жағдайда –м. Бірақ осындағы сөздің бастапқы дыбыстық құрамына жататыны –н да, қалған екеуі ( мен –м) сөз түбірінің соңғы дыбысынан кейінгі дыбыстардың ықпалы нәтижесінде пайда болған варианттар; 6) иероглифтік немесе символ – біркелкі дыбысталатын сөздерді, яғни омонимдерді жазуда бір-бірінен ажырату үшін қолданылады. Қазақ тілінде «жай, күй, жағдай» деген мағынаны білдіретін хал сөзі мен «денедегі кішірек қоңырқай таңба, белгі» деген мағынаны білдіретін қал сөзінің осылайша жазылуы иероглиф принципіне мысал болады.
Қазақ орфографиясының негізін морфологиялық-фонематикалық және фонетикалық принциптерге сүйенеді.
Қазақ тіліндегі сөздер мен сөз бөлшектерінің басым көпшілігінің түпкі тұлғасы сақталып жазылады. Мысалы, қашанғы, түнгі, күнге деген сөздердің естілуі қашаңғы, түңгү, күңгө болады. Бірақ бұлардың айтылуындағы фонемалардың (дыбыстардың) қосалқы реңкі есепке алынбай, сөз бөлшектерінің түпкі тұлғалары сақталып, фонемалардың негізгі реңкі таңбаланады да, қашанғы, түнгі, күнге болып жазылады.
Қазақ орфографиясында фонематикалық принцип пен морфологиялық принциптердің тоғысып кететін сәттері жиі кездеседі. Мысалы, жар+қабақ, орын+басар, шек+ара, көзбе+көз деген сөздер біріккенде не қосарланғанда, айтылуы (естілуі) жарғабақ, орұмбасар, шегара, көзбөгөз болады, бірақ әр сөздің түбір тұлғасы сақталып жазылады. Бұл әрі фонематикалық, әрі морфологиялық принциптердің қабаттаса қолданылуы болып табылады.
Қазақ орфографиясында фонетикалық принцип те кеңінен қолданылады:
1) Қазақ тіліндегі септік, көптік, тәуелдік, жіктік жалғаулары, сондай-ақ жұрнақтардың көпшілігі сөздің соңғы буынының жуан-жіңішке әуеніне қарай және ең соңғы дыбысына қарай түрленіп жалғанады: қала+лар, қаз+дар, дәптер+ім т.б.
2) Қатаң –п, -қ, -к дыбыстарына аяқталған сөздерге дауыстыдан басталған қосымша жалғанғанда, қатаң дыбыстар ұяң естіледі (айтылады): тарақ+ы – тарағы, жүрек+і – жүрегі.
3) Қазақ тілінде –п дыбысына аяқталған етістіктерге көсемшенің –ып, -іп жұрнақтары жалғанғанда, қос –п дыбысы қатар айтылмай немесе алдыңғысы ұяңдамай, түбірдегі –п дыбысы үнді –у дыбысына айналып кетеді және сол өзгеруінше жазылады: тап+ып – тауып.
4) Бірқатар біріккен сөздер әр компонентінің түбір тұлғасын сақтамай, естілуінше жазылады: белбеу – бел+бау, қолғап – қол+қап т.б.
5) Орыс тілінен ертеректе еніп, дыбысталуы жағынан өзгеріп кеткен бірқатар сөздер фонетикалық принциппен қазақша айтылуынша жазылады: самауырын – самовар емес, шайнек – чайник емес, пәуеске – повозка емес.
6) Араб-парсы тілдерінен енген сөздер қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына қарай өзгерген күйінде, айтылуынша жазылады: пайда – файда, ауа – һауа, ақпар - әхбар.
Тарихи-дәстүрлік принципке орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздердің қазақша айтылуынша емес, орыс орфографиясы бойынша жазылады: колхоз, совхоз, геометрия, фестиваль т.б.
Араб пен парсы тілдерінен енген бірқатар сөздерді х, һ әріптері арқылы жазу да дәстүрлік принципке сүйенеді: хат, халық, гауһар, жиһан, қаһарман.
4. Сөз құрамында айтылатын тіл дыбыстарының жазба тілде қағаз бетіне түсіп жазылуы және соған орай оқылуы үшін олардың белгілі бір таңбалармен белгіленуі шарт. Тіл дыбыстары жазуда графикалық таңба-әріптермен таңбаланады. Бірінен кейін бірі рет-ретімен орналасқан әріптердің жиынтығы алфавит деп аталады.
Жазбаша тіл – ауызша тілдің графикалық бейнесі. Ол көбіне-көп ойды ауызша айтуға мүмкіндік болмағанда не ыңғайсыз болған кезде пайдаланылады.
Жазбаша тілдің ережелері мен заңдылықтарын тіл білімінің графика және орфография деп аталатын тарауы қарастырады. Графика мен орфография әртүрлі құбылыс бола тұра бірімен-бірі тығыз байланысты және бірін-бірі толықтырып тұрады. Графика орфографияны да қамтитын кеңірек ұғым деуге болады. Графика (жазылған, өрнектелген, сызылған), жазу және соған қатысты мәселелерді қарастырады, яғни белгілі бір жазуға қатысты барлық амалдың жиынтығы, әріп пен дыбыстың арақатысы, сол әріп таңбаларды жетілдірудің жайы. Қазіргі қазақ графикасының басты құралы әріптер мен түрлі тыныс белгілері болып табылады. Бұдан басқа сөздерді қысқарту бас әріппен жазу, жаңа жолдан бастау, текстегі кейбір сөздерді айшықтандыру да графиканың амалына жатады.
Жазуда әріптер тіл дыбыстарын неғұрлым дәл беретін болса, графикалық жүйе де соғұрлым жетілген болып танылады. Жеке әріп жеке дыбысқа сәйкес келетін немесе жеке дыбысты жеке әріппен дәл беретіндей мінсіз графика жоқ деп есептеледі, графика соған ұмтылады.
Қазіргі қазақ графикасы әріптердің жазылу тәсіліне және өрнегіне қарай жазу графикасы және баспа графикасы болып бөлінеді. Қазіргі жазу графикасындағы әріптердің нобайы көне орыс жазуындағы дыбыстар нобайының негізінде пайда болған.
Графика деген түсінік, әдетте, фонемалық жазуға байланысты қолданылады. Мұндай жазуда алфавит, графика және орфография сияқты ұғымдар орайласып жатады.
Графема – тілдің графикалық (жазу) жүйесіндегі ең кіші единица. Әдетте ол әріптерге синоним ретінде қолданылады. Орфография (грек.с. орфос – дұрыс, графо – жазамын) – 1) жазба тілде пайдаланылатын біркелкі жазудың тарихи қалыптасқан жүйесі; 2) біркелкі жазуды қамтамасыз ететін ережелер жүйесін жасайтын және зерттейтін тіл білімінің саласы. Ережелер жүйесі төмендегідей мәселелерді қамтиды және анықтайды: 1) дыбыстарды (фонемаларды) әріптермен беру; 2) сөз және оның мағыналы бөлшектерін жазу; 3) сөздерді бірге, бөлек және дефис арқылы жазу; 4) бас әріпті пайдалану; 5) тасымалдау.
5. Қазақ тіліндегі әріптердің қызметі – сөйлеу дыбыстарын тікелей немесе жанамалай білдіру. Графика жеке әріптердің дыбыстық мәнін және әр түрлі жағдайда қалай оқылатынын анықтайды.
Қазақ әріптері негізінен дыбысты білдіретіндіктен, қазақ жазуы да негізінен дыбыстық жазу деуге болады. Әріптердің дыбысты білдіру дәрежесі ұдайы біркелкі бола бермейді. Кейбір әріптер үнемі бір-ақ дыбысты білдіреді (к, қ, г, ғ, о, ө, ү, ұ), ал кейбірі негізгі мәнімен қатар қосалқы мәнде де жиі көрінеді. Сөз ішінде бір әріп екі рет қайталанып қолданылса созылыңқы бір дыбысты білдіреді: қатты, соққы, асса.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет