Дәстүрлі дініміз – ұлттық мәдениеттің бастауы
Жаңа заман еліміздегі тәрбие беру жүйесін, ұлттық құндылықтар негізінде жүргізілетін тәрбиенің біртұтас жүйесін жасау қажеттілігін тағы да дәлелдеп отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деген болатын: «Бес арыстарымызға арналған тарихи зерде кешенінде мен қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім. Қазақстанда тұратын әрбір адам осы елдің перзенті ретінде сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше біздің жұмысымыз алға баспайды...» Демек, Елбасымыздың анықтағанындай, бұл өлшеуіш тек қана жергілікті ұлтқа ғана емес, қазақ жерінде тұрып, өсіп-өнген, еңбек етіп жүрген барша халықтарға да қатысты екені даусыз. Білім беру жүйесі әрдайым мемлекеттің назарында. Әрі тыңғылықты жүргізілуге тиіс. Осы орайда, төмендегі мақаланы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесіне «Дінтану негізі» пәні енгізіле бастады. Әзірге сағаттық көлем жағынан аз болғанымен, бастамасы көңілге жылы үміт ұялатады. Қазіргі білім берудің бағыттары ұлттық тәрбие беруге ден қойғандықтан, біздің Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына бірден-бір берік таянышқа айналатын алтын бұлақ - осы бағыт болар деуге үлкен негіз бар. Әйтсе де, бұндай асыл мұраттар бала жүрегі, санасы, жаратылысы дініміз туралы - мұсылмандықтың мәйегінен мағлұматы толық болмай, жан-жүрегімен қабылдамайынша, жылдамдатып жүзеге аса қоймайды. Абай болмасақ, дұрыстап зер салмасақ, қорғасындай балқып тұрған балаң дүниені басқа бағытқа оп-оңай бұрып жіберуге әбден болады. Сол себепті де, жер жүзін жайлаған жаһандану үдерісі- тексіздік еліне, қатыгездік еліне, кісәпірлік еліне мұрнын тескен тайлақтай оп-оңай ертіп жүре береді. Міне, осындай аса үлкен қауіп-қатердің алдын алып, республика мектептерінде, жоғары оқу орындарында, басқа да осы іс-шараларға қатысты мекемелер мен қоғамдық ұйымдар арнайы іс-шара жасамаса болмайды.
Ол үшін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың дін туралы айтылған ойлары үлгі ретінде ұсынылса нұр үстіне нұр болар еді. Әлемдік діндердің өзіндік ерекшеліктері, оның ішінде ең соңғы ұлы дін - Ислам туралы аз-кем бала санасына, ұғымына сай талдау жасалынуы тиіс. Сол себепті «Құран Кәрімде» аты аталып, түрі түстелетін Пайғамбарларды мүмкіндігінше хронологиялық тәртіппен (Адам Атадан Мұхаммед пайғамбарға дейін) тағылымға толы ғұмырбаяндарын ұстаздардың жетік білгені жөн. Діни экстремистік ағымдар туралы да біршама мағлұмат алуы тиіс. Одан сақтану жолдарын жақсы білсе ұстаздық ұлағатқа жол ашылар еді. Әсіресе, имандылық иірімдері туралы әңгімеге де толық орын бар. Ол үшін дін діңгегін бекітуде жалынды жырларымен халық санасында үлкен із қалдырған Бұқар жырау, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин шығармалары да шынайылықтың шырайын ашады. Ислам діні туралы әлемдік әдебиет, мәдениет, өркениеттердің аса ірі өкілі А.С.Пушкиннің «Құранға еліктеу» сияқты шығармасын тілге тиек ету, сөз жоқ, білімнің құнын арттырады деп білеміз. Әсіресе, діннің бүгінгі өмірімізге де белсене араласып, жастарға тәлім-тәрбие беруде орасан зор ықпалы болатыны, сол арқылы бала санасында бүгінгі қоғамда болып жатқан көптеген келеңсіздіктермен - сыбайлас жемқорлықпен, пайдакүнемдікпен, әлсіздің еңбегін қанаумен, таразыдан жеумен, ешкімнің алдында жауап бермеумен, тек қара бастың қамын ойлаумен ғана күн кешіріп жатқан тіршілік иелерін сара жолға сала алатын бірден-бір ұлы күш екенін мойындату - иманигүл әлемнің алтын табалдырығы десек еш қателеспейміз.
Несін жасырамыз, қазіргі қарбалас шақта мектеп қабырғасында суицид сияқты жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Ал енді осы біз сөз етіп отырған мәселелерге ұстаздар қауымы абай болса, мұны әлбетте болдырмауға болады. Себебі Алла Тағалаға қарай ашылған жол тығырыққа тірелген кез-келген санаға нұрлы сәулені қалауынша құя алады. Әрбір жас өскіннің көкірегіне үміт отын жағады, төзімділікке тәрбиелейді, қай нәрсеге болсын кешіріммен қарауға үйретеді. Сабырлылыққа шақырып, тәубеге тезірек келуге икемдейді. Табиғаттың тосын мінезі сияқты адам жан дүниесінің небір құйындата жөнелген кездерінде шуақты күндерге жол табуға жәрдемдеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |