308
Сүлеймен қарақшы
Жаманбай Османды ары-берi қозғады. Осман ыңырси көзiн
ашты да, қайта жұмды.
Сосын ыңқылдай, басы мен денесiн
сипап, “уһ” деп бiр күрсiндi.
— Тiрi екен, — дедi Жаманбай.
— Онда көзiн ашқыз да, бетiне бiр түкiр. Сөйт те, табаныңмен
бетiн басып, кегiңдi ал.
— Көкежан-ау, бұл Осман ғой...
— Қайтем, Осман болса!
Мұны айтып тұрған менiң кiм
болғаным сонда?!
— Ә, көкежан, дұрыс, дұрыс. Ендiгi мықтымыз — сiз екенсiз-
ау, — деп Жаманбай сұқ саусағымен Османның көзiн ашты. Ашып
тұрып: “Тiфә, қарабет жүзiңе”, — деп бетiне былш еткiзiп бiр
түкiрдi. Түкiрiп болған соң етiгiнiң табанымен бетiн мыжғылап-
мыжғылап алды.
— Ендi Аркашаның адамдарын аяғыңа жығылтам. Жүр!
— Ойбай, көкежан, олар маған ештеңе iстеген жоқ қой.
— Бұлар сенiң жауың — Османның достары. Ал жауыңның
досы — сенiң де жауың. Жаңа
айтқанымды iстеймiн деп едiң,
ә? Олай болса, iсте айтқанымды. Әйтпесе сенi де осылардың
қатарына жатқызып тастаймын.
Алдымен мынау алдымыздағы
Микайдан бастайық...
Жаманбай вагон дуалына сүйенiп отырған Микайдың кеудесiне
бiр тептi. Микай сорлы үн шығармаған күйi бiр жамбасына сылқ
түстi. Жаманбай оны қоя сап, жанындағысының басынан қойып
қалды. Осы кезде вагон есiгi ашылды да, арғы жағынан бiр топ
солдат көрiндi.
— Өй, мыналар неге қирап жатыр? — дедi олардың
алдарындағы қазақ офицер.
— Ей, бiр-бiрiңдi өлтiрiп тастағаннан саусыңдар ма? Ойбай,
мынау жатқан Аркаша ма? Осман бұзық та сiлейiп қалыпты ғой.
Бұларды кiм жайратты?
Қазақ офицер осыны айтып, вагон iшiне кiрдi. Аркаша мен
Османды түртiп-түртiп көрдi де сырттағы солдаттарға:
— Бастыққа хабар берiңдер. Мұнда сұмдық төбелес болыпты.
Содан соң зембiл әкелiңдер. Мына екеуiн түсiрiп
алмасақ болмас, — деп айқайлады.
Солдаттар зембiл әкелдi. Бiрнешеуi жабылып,
Аркаша мен
Османды оған салып, сыртқа әкеттi.