37
Сүлеймен қарақшы
Әрiпбай дереу оның тiзгiнiн босатты. Сол-ақ екен, әлгi жануар
су ағысымен бiрге төмен қарай аға жөнелдi. Ағып бара жатып
шырқырай кiсiнеп, жағаға қарай жүзуге қанша талпынса да, мол
судың ағысы талпынысына ырық бермедi. Аздан соң ат көрiнбей
кеттi. Тек бiраз уақытқа дейiн оның қайта-қайта ащы дауыспен
кiсiнегенi естiлiп тұрды.
— Ендi абай болып жүрiңдер. Аттар жаурап қалатын болды,
жылжиық, — дедi Елсапа.
Жандарын шүберекке түйген ұрылар тағы алға қарай
жылжыды. Жағаға отыз қадамдай жер қалғанда Елсапа тағы оңға
бұрылып, ағысты бойлай жүрдi. Сүлейменге мынау иек астында
қап-қара болып аққан судың шетi жоқтай болып көрiндi. Өмiрiнде
мұндай мол суды кешпек түгiлi, сырттай қарап көрмеген оған,
осы өзен әлгi атты ағызып кеткенi сияқты мiне, мiне, бұларды
да жұтып жiберетiндей сезiндi. Сол үшiн де су бетiне қарамай,
алда қарауытып көрiнген жарлы
жағалаудан көз алмай келе
жатты. Бiр кезде су таязданып, үзеңгiден төмен түсе бастады.
Аз жүрiстен кейiн су ат тiзесiнен келдi. Тағы бiраз жүрiстен соң
Елсапаның аты жағаға ырғып шықты. Оның соңынан қалғандары
да жағалауға тұяқ iлiктiрдi.
— Уа, — дедi Көбек жағаға шыққасын. — Мынадай көр
тұңғиықтың астындағы қияметтiң көпiрiн қалай бiлiп, қалай тап
басып өтiп жүрсiң, Елсапа? Әлде әруақтарың жол көрсетiп жүр
ме?
— Бұл жолды маған көрсеткен Тұраш баукеспе.
Оған да
бiреу көрсеткен шығар. Өтiрiк-расын кiм бiлсiн, баяғы өткен
бiр заманда Шыршық қатты тартылыпты дейдi. Сонда осы жол
көрiнiп қалғанға ұқсайды. Соның iзiн бiреулер жадында түйiп
қалыпты. Аттан түсiп, үстiмiздi сығып алайық.
— О заман да, бұ заман “өзен тартылып, қайтып толыпты”
дегендi естiген емеспiн. Көл болса, бiр сәрi. Ағып жатқан өзен
тартылушы ма едi? Әй, бiрақ бәрi Құдайдың қолында. Сонда да
қанша ұры, баукеспе болсам да, мына жолыңды мен қайтып таба
алмас едiм.
— Күндiз екi-үш мәрте өтсең, табуға болады, Көбек. Ол үшiн
жағадағы талдар мен қыр-жотаға қарап бағыт түзеп отыруың