Дидар АМАНТАЙ
Әзиза – Данарға!
ТЕРЕЗЕ / пьеса-жоба
автордың прозалық көркем шығармалары және пәлсапалық еңбектері желісі бойынша
преамбула
Сахна. Қызыл іңір. Азан-қазан, апақ-сапақ шақ. Жол бойы тізілген терезелерден өлмеусіреп, көшеге әлсіз жолақ жарық түсіріп, біртіндеп білте шамдар жанып жатыр.
Иран-парсы көркем фильмдеріндегі аллеялар тәрізді сурет. Көрініс.
Төрде қарауытып үлкен экран ілініп тұр. Сәлден соң, экран жанып, бастапқы титрлар жүре бастайды:
Қазақтың ұлттық академиялық драма театры
Дидар Амантайдың пьесасы бойынша қойылған режиссердің
ТЕРЕЗЕ атты спектаклі
Рөлдерді сомдағандар:
1 көрініс
Экран сөнеді. Қайта көз байлаған қараңғылық орнайды.
Кенет қараңғылықты жарып, жаққан сіріңкеден, майшам тұтанады, жалыны тербеліп өлмеусіреп жанады. Қараңғы кеңістікті тілген жалғыз шұғыла жарық. Көк жалқын жалыны – дұға оқығандай күбірлеп сөйлеген адам демінен – ары-бері шалқи төгіліп, іргесіне көлеңке түсіреді. Көлеңке жалын ізімен теңселе билеп тұр. Бәрі экраннан ірі планда көрінеді.
Жарық біртіндеп күшейгенде, алаңкөлеңке кеңіс-тікте терезенің сұлбасы байқалады. Майшам терезе түбінде жанып тұр.
Жалғыздық образы.
Бір адамның өзімен өзі сөйлескен күбірі тағы естіледі. Бейтаныс әлсіз дауыс жан-жағына құмығып жетеді.
Сахнадағы жарық тағы күшейе түседі.
Енді терезе мен терезе түбінде жанған майшамның ар жағынан, түкпірден креслода отырған бір мүгедек адам қарауытады. Күбірлеп отыр.
Жарық сөнеді.
2 көрініс
Сахнада – жеті терезе. Біріншісінде – медбике бала көтеріп тұр. Екіншісінде – қызыл галстук таққан бала. Үшіншісінде – қыз бен жігіт. Төртіншісінде – деловая встреча. Бесіншісінде – Мерседес автомобилі. Алтыншысында – креслода отырған жігіт. Жетіншісінде – терезе бір көтеріледі, бір түседі.
Әр терезеге – кезек-кезек жарық түсіріледі.
Экранда – ірі план.
Достарыңызбен бөлісу: |