«Қыз Жібек» операсы
Менің ең бір сүйікті түгел жатқа білетін операм – «Қыз Жібек». Мен «Қыз Жібекті» тыңдағанда, қазақ халқының қаншалық ән-күй сүйгенін, ән-күйге бай халық екенін жаңа аңғарғандай боламын. Сол үшін мен Ғабитті, сол үшін мен Брусиловскийді, сол үшін мен «Қыз Жібекті» қатты қастерлеймін.
Мен қуана қалсам, аузыма «Қыз Жібектен» ария түседі. Қайғырсам да, соның музыкасын ыңылдап айтамын.
Егер «Қыз Жібек» жазылмаса, қайтер едік, оны кім біліпті. Сірә, мүлде басқа адам болып өсер ме едім деп ойлаймын.
«Қыз Жібекті» мен ғана емес, халық қастерлейді. Әсіресе, әріптестер қауымының қастерлеуі ерекше.
Ғабиттің 70 жылдық тойында өзі 70-ке жақындап қалған Құрманбек Бекежанның ариясын қандай шырқады. Өз басым Ғабитті құттықтағандардың ішінде одан артық құттықтау болған жоқ деп білемін. (111 сөз)
(Қ.Байсейітов)
Адамгершілік - асыл қасиет
Адам жанының рухани тазалығы, оның қоғамдағы жеке адамдар арасындағы игі істері мен бауырмалдық, туысқандық, жанашырлық, сыпайылық, әдептілік, сый құрметтілік сезімдерінің бәрі де адамгершіліктің ұшқыны.
Адамдарды қызметіне, жағдайына, киіміне, сырт көрінісіне қарап бағалау дұрыс емес. Қызмет те, орта да, киім де уақытқа байланысты өзгеретін нәрсе, өзгермейтін тек жан сұлулығы мен жүрек жылуы болуға тиіс.
Адамның адамгершілік қасиеті - әрқашан биіктен ізеттілікпен көріну. Мәселен, ер адамдар әйелдерге, жасы кішілер өзінен үлкенге, сау адамдар кемтар, ауру адамдарға жол беріп, ізет көрсетеді. Адамгершілік адамның жүріс-тұрысы мен отырысынан да көрініп тұрады.
Ел басына күн туған қатерлі жылдары жанын шүберекке түйіп, Отанын, туған жерін, болашағын қорғаған абзал ата-әкелерді, еңбек ардагерлерін, үлкенді сыйлау, құрметтеу, кішілерге қамқоршы болу - біздердің абыройлы борышымыз.
Адамгершілік қасиеттерімізге кір келтірмейік. (115 сөз)
Күйші қарт
Арындаған асау күй екпіндеп соққан дауылмен дүниені шарлап бақты. Халық қарияның маңына шоғырлана түсті. Күйші қарт домбырасын бұрынғыдан да гөрі екпіндете шертті. Қос ішекті безілдетіп қаққан сайын, қарияның құлағына орап тастаған ұзын мұрты дауылпаздың қанатындай желпілдеді де тұрды. Төсін жапқан ақ сақалы саусағына келіп оралады. Қария сақалын екі айырып, иықтан асыра артына қарап серпіп тастады да, домбырасын жаңадан шерте бастады.
Қолына кішкене ғана домбыра ұстаған жас өспірім қыз бала қарияның жанына келіп отыра кетті. Қария ерекше өнерлі, жас гүлге көз тікті. Тек осыны ғана күтіп отырғандай, жас қызғалдақ қарияның әлгі күйін ала жөнелді. Оның перне басқан сәби саусақтарына көз ілеспейді. Ол қуанғаннан көз жасы моншақтап, жас баланы мейірімді аталық құшағына қысып, оттай жайнаған қарашықтарын кезек-кезек сүйді. (119 сөз)
(Ә.Сәрсенбаев)
Достарыңызбен бөлісу: |