Екінші ерекшелігі- тәрбиенің ұзақ процесс екендігі. Адам өмір бойы тәрбиеленді, тәрбиеде тез табысқа жету мүмкін емес. Ол ұзақ уақытты, қажымай - талмай, шыдамдылықпен тәрбие жұмысын жүргізуді қажет ететіндігімен ерекшеленеді.
Үшінші ерекшелігі- тәрбиенің сатылы сипатта болатындығы.
-
1-сатыда: Отбасында, балабақшада, бастауыш мектепте тәртіп ережелерінің бастапқы ұғымдарын игереді. Қарапайым сезімдер мен мінез- құлықтың алғашқы дағдылары бойға қалыптасады.
-
2-сатыда:Этикалық түсініктерді меңгеріп, күрделі сезімдері дұрыс дами бастайды. Әдет-құлық көрсету, қоғамда қарапайым тәртіп ережелерін сақтау, орындау дағдысы қалыптасады.
-
3-сатыда: Дүниені тереңірек тану арқылы көзқарастардың қалыптасуы, мінез- құлықтың тұрақты әдеттерінің бойға даруы, күрделі сезімдердің бұдан әрі қарай тереңдеп дамуы іске асады.
Бұл сатылар арасанда шек болмайды, бір- бірімен тығыз байланыста өрбиді.
Төртінші ерекшелігі- тәрбие жұмысы мазмұнының бір орталыққа жинақталып жас шамасында,тәрбие деңгейіне қарай бірте-бірте күрделеніп берілуі, бір қасиеттің қайталанып, толықтырылып түсіндірілуі.
Бесінші ерекшелігі- тәрбие ісінің екі жақты белсенді процесс екендігі. Музыка пәні мұғалімінің тәрбиелік ықпалы тәрбиеленушілердің ішкі ойымен , ниетімен ,өзін-өзі тәрбиелеуімен ұштасып, табиғи үйлестік табуы жұмыстың нәтижелі болуын қамтамасыз етеді. Олай болса, тәрбие ісінде де, музыка пәні мұғалімі де, оқушылар да белсенділік көрсетуі тиіс.
Алтыншы ерекшелігі – тәрбие ісінде педагогтар ұжымының ұйымдастырушылық қабілетінің күшті болуының мәні зор .А.С.Макаренко “Тәрбие беру жұмысы ең алдымен ,ұйымдастырушының жұмысы” деп бекер айтпаған . Музыка пәні мұғалімінің ұйымдастырушылық қабілеті зор болғанда ғана жеке оқушыларға ықпал етіп ,оқушылар ұжымының қарым – қатынасынын жолға қойып жұмылдыра алады .
Жетінші ерекшелігі- тәрбие нәтижесін тез арада анықтау, тексеру, бағалау өте қиын процесс. (Жазбаша бақылау, шығарма, мазмұндама, ауызша сұрау, есеп алу т.б.) ал қаншалықты тәрбиелі, иманды екенін анықтау қиын.
Сегізінші ерекшелігі- тәрбие болашаққа ұмтылған іс-әрекет.Бүгін мен мен ертеңгі келешек өмірдің ұштасуы.
Бүгінгі жақын мақсат- болашақтағы ортаңғы және алыс мақсатқа жетудің негізі. Бүгінгі оқушы- ертеңгі азамат, маман, қоғамдағы дамытушы, алға апарушы, қоғам иесі.
Тәрбие жұмысын ұйымдастырудың аталған ерекшеліктерімен қатар, өзіндік қиыншылықтары да бар.Атап айтсақ:
-
а).тәрбие жұмысын ұйымдастыру оқу процесін ұйымдастырумен салыстырғанда уақыт жағынан едәуір қиындық тудырады.Оқу белгілі уақытта,сабақ кестесіне байланысты басталады, аяқталады, ал тәрбие жұмысының уақытын музыка пәні мұғалімінің оқушылардың бос уақытын есепке алып өзі белгілейді.
-
ә).тәрбие жұмысының бағдарламасы жалпылама жасалған, ал оқу процесінде әр пәннің жеке- жеке бағдарламасы бар. Бұл тәрбие жұмысының жоспарын нақты жасауға мүмкіндік бермейді.Тәрбие салаларына байланысты тақырыпқа бөлініп жасалған бағдарлама, бағдарламаға байланысты құрастырылған хрестоматиялық жинақтар, әдістемелік құралдар тапшы.
-
б).тәрбие жұмысының жалпы мазмұнына ыңғайлап, музыка пәні мұғалімі тақырыптарды өзі таңдап, тәрбие материалдарын өзі сұрыптап алып иснцинировка , жоспар жасайды. Бұл біріншіден музыка пәні мұғалімінің қыруар уақытын алса, екіншіден күрделі, жан- жақты еңбекті талап етеді.
Аталған ерекшеліктер мен қиыншылықтар музыка пәні мұғалімінен сан – салалы білім мен іскерлікті, шеберлік пен дағдыны, педагогикалық іскерлікті, тәжірибені қажет етеді.Өйткені, ол әр оқушының жеке басы қасиеттерін және сынып ұжымын зерттеп таниды. Тәрбие құралдары мен әдістерін таңдайды, сол арқылы олардың жеке дамуын, ұжымға бірігуін, ынтымағын, татулығын қамтамасыз етеді. Осы орайда, музыка пәні мұғалімі тәрбиені кешенді жүргізуге тырысады. Оның мәні - тәрбие ісінде мақсат, міндет, мазмұн, әдіс- тәсіл түрлерінің бірілігігн сақтау, тәрбиені жоспарлау, есепке алу, нәтижесін ескеру, сана-сезімге, мінез- құлыққа бірдей тұтас ықпал ету, тәрбиелеу, тәрбиеде барлық әлеуметтік күштердің бірілігін қамтамасыз етеді. Демек, тәрбиені кешенді жүргізу тәрбиеге бір жақты келуден, жүйесіздіктен құтқарады.
Тән тәрбиесі .
Жеке тұлғаны жан- жақты дамытуда тәр тәрбиесі мен жан тәрбиесі ерекше орын алады. Олай дейтін себебі, адамзат қоғамы сан ғасырлардан бері жинақталған рухани және материалдық байлықты игеру, тәні, жаны таза, дені сау азаматтың қолынан келеді. “Денің сау болса жарлымын деме”,”Басы аманның- жаны сау”, “Тәні саудың- жаны сау” дейді халық педагоикасы. Бұл қағидалар жас ұрпақты дені сау, тәні таза, дене мүсіні сұлу, ақыл- ой толық дамыған, адамгершілік қасиеттері жоғары, табанды батыл, қайратты, ел қорғауға, еңбек етуге дайын етіп қалыптастыруды көздейді.
Тән - тәрбиесінің негізгі мақсат- міндеттері - жас ұрпақтың денсаулығын сақтау, нығайтуға қамқорлық жасау,өмір тіршілігіне қажетті икемді қимыл әрекетке жаттықтыру, күш қуатын молайту, мәдени- тазалық дағдыларына баулу болып табылады. Дұрыс қойылған тән тәрбиесі әдейі ұйымдастырылған оқу, тәрбие жұмысы арқылы жас ұрпақтың дұрыс дамуына қолайлы жағдай жасап, денесін шынықтырады.
Тән тәрбиесі бүкіл организмнің қызметін дамыту үшін ғана қолайлы жағдай жасап қоймайды, ақыл- ойы шалымды, денсаулығы мықты, төзімді, жүйкесі берік болып жетілуіне , дене еңбегі мен ақыл- ой еңбегіне бейім болып қалыптасуына мүмкіндік тудырады.
Халық педагогикасында денені шынықтырудың төс тоғыстыру, иық қағысу,маңдай сүзістіру,бел күшін сынау, соқыр теке, қыз қуу т.б және спорттық ойындарда бейсбол, волейбол, күрес, хоккей, шахмет, дойбы т.б. жарыстарда іске асырлады. Бұлар жастардың денесін шынықтырып, шымырлыққа, ептілікке, шапшаңдыққа, еңбек қабілетттілігіне баулиды.
Дене тәрбиесі өзге тәрбие бағыттарымен тығыз байланыста жүреді, бірін- бірі толықтыра отырып жүргізіледі.
Еңбек тәрбиесі .
Адамның адам болып қалыптасуының құралы- еңбек. Еңбектің нәтижесі әрбір адамға, оның еңбекке саналы, шығармашылық көзқарасына байланысты. Олай болса, бүгінгі таңдағы қоғам қажеттілігі- жас ұрпақтың бойында еңбекке ынталандыруды тәрбиелеу, болашақ еңбек жолын дұрыс таңдауға баулу. Баланың жеке басының еңбек жолын дұрыс таңдауға баулу. Баланың жеке басының еңбекке бейім болып өсуі оны еңбек тәрбиесіне баулуға тікелей байланысты.
Тәрбие тек адамның ақылын дамытып және белгілі бір мағлұматтар беріп ғана қоймай, қайта саналы еңбекке деген ынтасын арттыра түсуі керек, мұнсыз оның өмірі ардақты да, бақытты да бола алмайды. Адамның жастық шағында алған әсерінің салдарынан еңбекке деген ынтасы өсіп те, өшіп те қалуы мүмкін, сондықтан баланы жас шағынан ұқыптылықпен баулып, еңбекке деген ынта- ықыласын қалыптастырған дұрыс.
Қазақ халқы ежелден –ақ ұл мен қыздың тәрбиесін отбасында өзара бөлісіп атқарған. Ұлды төрт түлікті бағып- баптауға, отын шабуға, тамақ табуға, құсбегілікке, аңшылыққа, қолөнер шеберлігіне әкелері мен аталары баулыса, ал қыз балаларды үй жұмысын, қолөнерін (кесте тоқу, ою- өрнек салуға) атқаруға яғни отбасының ішкі жұмысына аналары мен әжелері үйреткен. “Ата көрген - оқ жонар, ана көрген- тон пішер “ деген мәтелдің мәні осында жатыр. Жастарды мамандыққа тәрбиелеу төрт түлік мал бағуға үйрету, үй ұстауға үйрету т.б баулып, оларды ептіліке, қырағылыққа, бейімділікке, ұстамдылыққа, сыпайылыққа машықтандырған. Өйткені, жастардың еңбексіз жеңіл өмір сүруі, біреудің арқасында күн көруі адамгершілік – имандылық қағидаларымен сыйыспайды деп дәлелдеген. Оларды ой еңбегі мен дене еңбегіне шығармашылықпен кірісетіндей етіп тәрбиелеу, еңбекті дәріптеу, еңбек адамын үлгі ету халықтың “Еңбегімен ел көгерер”, “Еңбек ер атандырар”,”Еңбектің наны тәтті”, “Еңбегі аздың - өнбегі аз” деген тұжырымдар адам өміріндегі еңбектің ролін ашып көрсетеді.
Еңбекке оқыту мен тәрбиелеудің нәтижесінде қалыптасқан білім мен білік, дағды мен іскерлік адам баласының өмірге, еңбекке құштарлығын арттырып, мүмкіншілігін дамытатын сенімді құралына айналдырды. Жастарды болашақ мамандығы бойынша машықтандырып еңбекке дайындау, оларға еңбек етудің дағдыларын игерту әр пән мұғалімінің, тіпті музыка пәні мұғалімінің де басты міндеті. Білім негіздерін оқып үйренудің өзі – оқушыларды еңбекке тәрбиелеудің негізгі құралы. Оқу- үлкен еңбек. Оқушының қоғам, халық, ата- ана алдындағы жауапті міндеті- жүйелі оқу еңбегіне үйрену : (кітаппен жұмыс істеу, зертханалық жұмыстарды орындау, бақылау, өздігінен жұмыс істей алу дағдысын қалыптастыру, жұмыс орнын дайындау, таза ұстау ) . Көпшілікпен жүргізілетін тәрбие жұмыстарында әр оқушыға жеке дара қабілеті мен қасиетіне сай қатынас жасау ерекше орын алады.
Ақыл- ой тәрбиесі
Бала күнделікті өмірде айналадағы құбылыс, қоршаған орта туралы сан түрлі мағлұматтар мен дағды, білім игереді. К.Д.Ушинский айтқандай.”Ақыл-ой дегеннің өзі жақсы ұйымдастырылған білім жүйесі” екенін ескерсек, баланың өз тәжірибесі қаншалықты бай, сан- алуан дегенмен, ақыл-ой дамуының қайнар көзі бола алмайды. Сондықтан музыка пәні мұғалімі тарапынан ұйымдастырылып, түсіндірімеген, баланың өзінің тікелей өмір тәжірибесі арқылы меңгерген мәліметтері мен дағдылары өмір құбылыстарының нақты есептерін дәл анықтауға кедергі жасайды да нәтижесінде жалған түсініктерінің тууына негіз болады. Ақыл- ой тәрбиесі тек ойдың ғанаемес, оның дамуы ойлау процесінің құбыслытарымен сипатталады. Даму- баланың сандық және сапалық жағынан жетілуі,психиканың , ой- сананың өсуі.
Ақыл- ойдың дамуы дегеніміз- оқушының жасына байланысты білім мен тәрбиенің әсерінен, тәжірибе жинақтауынан оның ақыл- ой әрекетінде болатын сандық және сапалық жағынан жетілуі, психиканың, ой- сананың өсуі. Ақыл- ойды дамытудың шарты- жастардың сан қилы іс- әрекетінің тиімді ұйымдастырылуы, әлеуметтік ортаның әсері, адамдардың қарым- қатынасы, тілді меңгеруі, қабылдауы мен түйсінуі, берілетін ғылым, білім сапасы.
Ақыл- ой тәрбиесі дегеніміз- жастарға мақсатты көздей ықпал етіп, оның айналадағы дүниені шынайы ақиқат тұрғыда танып білуін, ғылым негіздерін игеруін қамтамасыз ету, табиғатқа, қоғамға , адамдарға дұрыс қарым- қатынасын қалыптастыру.
Жас ұрпақтың түйсік, қабылдау, ес ,қиял,ой және тіл сияқты танымдық- психикалық процестерін дамыту- ақыл- ой тәрбиесінің басты міндеттерінің бірі.
Айналадағы дүниені түйсік пен қабылдаудың дамуы неғұрлым жоғары болса, дүниені танып білуі соғұрлым бай болады.
Жас ұрпақтың ақыл- ойының дамуы еңбек пен ғылым- білімнің ұштасуына байланысты. Қоғамдағы барлық байлық- адамның ақыл- ойымен, екі қолымен жасалатын еңбектің нәтижесі, ғылым мен техника, бүкіл өнер туындылары, еңбек пен ақыл- ой қызметінің жетістіктері.Халықтық педагогикада “Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ”, ”Оқу білім бұлағы, білім- өмір шырағы”, ”Ақыл озбайды, білім тозбайды”, “Оқу түбі- тоқу”,- деп қарапайым өмір тәжірибесінен туындаған қағидаларды жас ұрпақтың ақыл-ойын тәрбиелеу үшін пайдаланылған. Халық бар дүниенің тетігі ғылымда, оны төзімді еңбекпен аласың деп, заңғар ойлы, парасатты, әділдік жолында алыса білген адамдарды үлгі - өнеге еткен.
И.П.Павлов адамның сөзі барлық нақты тітіркендіргіштің орнына жүреді де, ол ми қабығында сан алуан тежеулер мен қозу тудырады. Сөз жеке зат туралы, толып жатқан біртектес заттар туралы мәліметтер беріп, сол арқылы ойлауға, ой қорытындысын жасауға, түрлі ұғымдар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сөз адамды тәрбиелеу, ғасырлар бойы жинақталған тәжірибені сақтау, білімді ұрпақтан- ұрпаққа жеткізу құралы болып табылатындығын айтқан болатын.
Сөз өнерін дәріптеген халқымыз жастардың ақыл- ойын дамытуда ауыз әдебиетінің айтыс жанрын, музыкасының өнер жарысын (өлең жырмен айтысу, өнер сайыстыру, ән айту, би билеу, күй тарту,) пайдаланылған.Айтысарда ақындар қарсыласына - өнер , білім, өнер, еңбек, кәсіпкерлік туралы өлеңмен сұрақтар қойып, оған өлеңмен жауап алып, бір- бірін сынаған, сөйтіп ой- өрісін, білімін сарапқа салған. Көп оқу, білу керек екенін жастарға танытып, өнер- ғылымға бағыттап, сөз шеберлігіне тәрбиелеп отырған. Бұлар халықтың салт- дәстүріне байланысты мерекелерде ұйымдастырылатын, ойын- сауық кештерінде іске асырылып, жастардың ой- өрісін жетілдіріп, тапқырлыққа, шешендікке, өткірлікке , ой- қиялын дамытуға мүкіндік беретін. Халқымыз “Өнер алды- қызыл тіл”, “Шешеннің сөзі - мерген, шебердің көзі- мерген”, “Қаһарлы сөз- қамал бұзар”,- деп жастарға сөз құдіретін , оның мәнін түсіндіріп келген.
Адамгерішілік тәрбиесі.
Адамгершілік тәрбиесі мен еңбек, ақыл- ой тәрбиесі, бір- бірімен өзара тығыз байланысты. Өйткені, мораль адамның еңбекке деген көзқарасы арқылы қоғамның экономикалық мәдени дамуына ықпалын тигізеді.Адамгершілік жағынан дұрыс қалыптасқан адам ғана біреуге қамқорлық жасауға дайын тұрады. Адамгершілік тәрбиесі моральдік жағынан кіршіксіз таза, қоғам мүддесі үшін еңбек ететін , жан- жақты жетілген адам даярлау – тәрбиенің басты мақсатына айқындайды.
Мораль дегеніміз адамдардың мінез- құлқының тарихи қалыптасқан ережелерінің жиынтығы. Бұл ережелер жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік, абыройлық пен абыройсыздық,ар- намыс, ұждан деген ұғымдардың тұрғысынан қарағанда, адамдардың мінезі мен іс- әрекетін бағалаудың өлшеуіші болып табылады.
Бұлар адамдардың бір- біріне, қоғамға, елге, отбасы мүшелеріне деген қарым- қатынастарын ретке келтіріп отырады. Мораль қоғамнан тысқары тұра алмайды. Қоғам моральды туғызады, сақтайды, дамуына ықпал жасайды. Ал моральдік қоғамның дамуына әсер етеді, экономикалық құрылыстың өзгеруімен бірге мораль да өзгеріп отырады. Моральдің қалыптасуына қоғамдық сана, саясат, құқық, көркемөнер , дін, музыка ықпал етеді.
Барлық уақытқа бірдей, барлық халықтарға ортақ ереже болмаса да, жалпыға бірдей қарапайым қағидалар бар. Мысалы, барлық заманда табиғат апаты кезінде зардапшеккендерге көмек өкрсету моральдық борыш деп есептелінген.Өз балаларының алдында әкелік және аналық борышын орындамаған ата – аналарды, ата- анасы алдындағы өз борышын орындамаған баланы моральдік атаулының бәрі де айыптаған,қоғамдық орындарда ең қарапайым тәртіпті сақтау, үлкендерді сыйлау ережелері барлық уақытта да болған. Адамдардың қарым- қатынас мәдениеті осы ережелер арқылы баянды етілген.
Адамгершілік қасиеттің негізі -имандылық пен ізеттілік. Ал, ол отбасы тәрбиесінен басталалы. Жастарды осы рухта тәрбиелеу бірінші міндет деп саналған.
Адамгершілікке тәрбиелеуде негізгі жолы- оқу процесі мен оқушылардың күнделікті өмірмен іс- әрекетінде тиімді тәлім – тәрбие шараларын ұйымдастыру. Оқушылардың адамгерішілік туралы түсінігі мол болғанымен, тәжірибеде іс- әрекеті, тәртібі біліміне сәйкес келмейтін жайлар кезігеді.
Ең негізгі - тәрбие үрдісінің ролін өктеру, ол үшін тәрбие теориясын әлеуметтік- экономика, этика, физиология, биология, экология, психология , музыка ғылымдарымен бірлікте талдау, дамыту жаңа ғылыми ұсыныстарды белсенді түрде қоғамдық тәрбие орындарының жүйесіне ендіру., педагогикалық үгіт- насихат тартуды күшейту т.б. Ол үшін халық педагогикасын негізге алып, раио, телевидение, баспасөз, кино, театр,әдебиет,көркемөнер тәрбие құралдарын кеңінен пайдаланылған жөн.
1.1.(д).Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру.
Эстетикалық тәрбие дегеніміз- жас ұрпақты өмірдегі, күнделікті тұрмыстағы, еңбектегі, табиғаттағы және әдебиет пен өнердегі әсемдікті, сұлулықты, асқақтықты, азаматтықты, адамгершілікті дұрыс қабылдап, түсініп бойына сіңіре білуге, әділ бағалауға, тіршілкте іске асырып отыруға баулу, әсемдікті тани, жасай білуге үйрету. Эстетикалық тәрбиенің мақсаты- әр адамның ақыл- ойын, әсемдік жөніндегі сауаттылығын арттырып, мінез- құлқының, тән- мен жанның қалыптасуына ықпал ету.Жасампаздықты мұрат тұтып, өзінің тұрмысын, мінез- құлқын, адамдармен қарым- қатынасын, ұйымдастыра білу қабілетін, қиялын, эстетикалық талғамын дамыту. Эстетикалық тәрбие жан- жақты дамыған, еңбек сүйгіш, достыққа берік, жаны сұлу, әдепті жастарды тәрбиелеудің басты бір саласы.
Эстетикалық тәрбие- кең ұғым. Ол әсемдікті сезе білуге тәрбиелейді. Эстетикалық тәрбие көркемөнер құралдары арқылы ғана емес, қоғамдық өмірдің, оқудың, еңбектің , табиғаттың әсемдігін тану кезінде, адамдармен қарым- қатынас үстінде тәрбиеленеді.
Көркемдікке көркемөнер құралдары арқылы тәрбиеленеді. Көркемдікке тәрбиелеу эстетикалық тәрбиенің негізгі қүрамдас бөлігі.
Эстетикалық даму дегеніміз жас ұрпақтың эстетикалық нәр алуға мүмкіндік тудыратын сезім мүшелері мен шығармашылық қабілетін ұштау, өмірдегі, көркемөнердегі әсемдікті түсінуіне, оны қабылдауына педагогикалық жағынан ықпал ету арқылы адамның эстетикалық сезімін дамыту.
Эстетикалық сезім- дегеніміз өмірдегі көркемөнердегі әсемдікті қабылдаудан туатын эстетикалық нәр алу, толқу, рахаттану. Ол – адам табиғатына ғана тән жоғары сезім.
Ғалымдар эстетикалық тәрбиені қоғамдық - мәдени өмірдің жан- жақты дамуымен байланыстыра қарайды, сондай-ақ өткен дәуірдің алдыңғы қатарлы дәстүрі мен тәжірибесіне сүйенеді. Әсемдік болмыста объективті түрде өмір сүреді, адам өзінің шығармашылық қызметінде өмірді және оның әсемдігіні сәулелендіреді. Адамның әсемдікті сезе, тани білу қабілеті әсемдікті жасауға қатынасы оның сезім байлығы мен эстетикалық мәденитінің даму дәрежесіне байланысты.
Эстетикалық тәрбие өмір құбылыстарын терең қабылдауға, білімге құштарлығын арттыруға ықпал етеді. Байқағыштығы мен әсерленгішітігін ( қуану, қобалжу, әрі- сәрі болу, қайғыру) тереңдетеді. Эстетикалық әсерлену әсемдікті қабылдауға ғана негізделіп қоймайды, өнер шығармасының мазмұны мен идеясын терең түсінуге де негізделеді. Бұл эстетикалық тәрбиенің ақыл- ой, адмгершілік, еңбек, тән тәрбиесімен тығыз байланыстылығын байқатады.
Көркем шығарманы, табиғат әсемдігін, адамның жақсы тәртібін, тамаша мінез- құлқын көріп сүйсіну, қабылдау адамның адамгершілік парасатына үлкен әсер етеді.
Әсемдікті сезіну адамның өмірін байытып, бір- біріне достық қарым- қатынасын, жақсылық істеуге талпынысын, белсенділігін тудырады. Эстетикалық тәрбиені бала дамуының алғашқы сатысынан бастау жан- жақты жарасымды дамыған ұрпақ тәрбиелеудің алғы шарты.
Эстетикалық тәрбиенің міндеттері :
-
1. Жастардың эстетикалық қабылдауын жүйелі түрде дамыту.Осының негізінде қоғамдық өмір мен айналаны терең таныту және олардың адамгершілік бейнесін қалыптастыру.Олардың зейінін өмірдегі, табиғаттағы, еңбектегі, адамдардың тәртібі мен іс- әркетіндігі, тал бойындағы әсемдікті көре білуге аудару, өмірдегі шын әдеміліктті жасанды әдеміліктен ажырата білуге, оны дұрыс бағалауға үйрету.
-
2. Жастардың эстетикалық түсінігі мен құштарлығын, сезімталдық қабілетін дамыту. Эстетикалық жан құбылысын тудыратын қуану, қайғыру, қобалжу,әсерлену, бейжай болу, көркемдікті қабылдауда шығармада бейнеленген кейіпкердің қуанышы мен ренішіне, табысына бірге қуанып, бірге қайғырып әсерленуін, көңіл- күйінің толқуын дамыту.
-
3. Жастардың көркемдік талғамын тәрбиелеу. Оларды жақсы мен жаманды, сұлулық пен кейіпсіздікті, нәзіктік пен дөреклікті, бір түстілік пен ала- құлалықты ажырата білуге, өлең, ән, музыка, бейнлеу өнері шығармалырынң не себептен ұнамайтынын аңғара білуге үйрету.
Эстетикалық талғам- өте кең түсінік. Ол өнер шығармаларын түсініп, нәр алу ғана емес сонымен қатар табиғаттың, өмірдің, еңбектің, тұрмыстың, киімнің әсемдігін түсіну және бағалай білу.
Талғамды дамытуда оқыту ісі ерекше роль атқарады. Сабақта оқушылар көркем әдебиет, музыка, бейнелеу өнері туындыларымен танысады, әсемдік әлеміне саяхат жасайды, содан рахаттанады, түсіну, көру, сезу талғамы қалыптасады, бұл адамның рухани дүниесінің баюының негізі.
-
4.Жастардың күшіне сай өзін өнерде көрсете білу қабілетін, айналаға қажетті әдемілік жасауға талпынысын тәрбиелеу, көркемдік- шығармашылық қабілетін дамыту.
-
5.Эстетикалық тәрбиенің тағы бір мәнді міндеті жас ұрпақты мамандығына қарамай, өмірдегі, табиғаттағы әсемдікті қорғауға, бағалауға, сақтауға , молайтуға үйрету.
-
Табиғаттағы әсемдікті өнердегі көрсеткіштер - ескерткіштер мен сәулет өнері туындыларын көзінің қарашағындай етіп аялауға баулу. Бұл адам еңбегін бағалауға, Отан, табиғат байлығын ұқыпты қарауға үйрету.
Қоршаған дүние, табиғи орта, күнделікті тұрмыс эстетикасы, табиғаттан, өмірден алған әсері, көркем әдебиет шығармалары, музыкалық туындылар, бейнелеу өнері, мерекелер мен сауық кештері, қарым- қатынас жасап араласып жүретін адамдардың моральдік бейнесі, тәртібі, қазақ халқының салт- дәстүрі эстетикалық тәрбие құралының тиімді түрлері болып табылады.
Жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беріп, сезіміне ықпал етуде атап өткеніміздей халықтың салт- дәстүрі, әдет- ғұрпы, музыкалық шығармалары, ән- күйлері, аңыз- күйлері, мақал- мәтелдері, жыр- дастандары, қолданбалы өнері, ою- өрнектері т.б. эстетикалық мәні бар өнер шығармалары пайдаланылады.
Қазақтың халықтық педагогикасында музыкалық- эстетикалық тәрбиенің құралдары сан алуан. Халқымыз “Ақылды болсаң, ән тыңда”, “Ән - көңілдің ажары”, “Ауылдың алты ауызы”, “Қонақ кәде” айту, күй шерту, күй жарысы, айтыс, терме айту, сазды ойындар ойнау, би билеу сияқты құралдары отбасында ,мерекелерде, той думандарда т.б. салт-дәстүр арқылы тәрбиелеген.
Оқушыларды концерттерге , театрға, киноға, көрмелерге ұжымды түрде баруын ұйымдастыру мұғалімнің сыныптан тыс дәстүрлі шараларына айналған.
Тағы бір сыныптан тыс шараларды ұйымдастыруда кітапханалардың үлесі өте зор. Олар музыка және музыканттар туралы, театр және кино актерлері, әнші, күйшілер туралы көрмелер ұйымдастырады. Мысалы : “Ұлы дала күйшісі-Құрманғазы” . Соған байланысты көрме ұйымдастырылп, оған өмірбаяны, күйлері және күйлерін жеткізуіш шәкірттері туралы мақалалар көрсетіледі.
Барлық мектептен тыс мекемелердің мақсаты- балаларды әсемдік әлеміне, мәдениет жетістіктеріне тарту, тұтас алғанда шығармашылық қабілетін дамыту, жан- жақты дамыған жеке адамды тәрбиелеу. Ал мұның өзі үйірмелердің алуан түрі : хор, вокал, би, аспаптық, оркестрлік үйірмелер арқылы жүзеге асады. Олар оқушылардың музыкалық даярлығын тереңдетудің аса маңызды факторы болып табылады.
Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тіршілігі ішінде балаларды тәрбиелеудің өзіне тән тәжірибесін жинақтап, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуде өзінше талаптар қойды. Оның ішінде музыкалық эстетикалық тәрбие алуан түрлі тәсілдермен жүргізіліп, педагогикалық ықпал жасау әдістері көп болды. Бұл тәсілдер яғни тәрбие берудің әдістері айналадағы табиғат, күнделікті еңбек, халық ауызекі әдеби және музыкалық творчествосы, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар арқылы ұрпаққа музыкалық тәрбие берудің құралы қызметін атқарып келеді. Музыкалық жазуы, музыкалық оқу орындары мен мамандары болмағандығына қарамастан, қазақ халқы музыкалық қабілетін, ұнаған музыкалық немесе әдеби шығарманы бірден қағып алуға мүкіндік беретін есте сақтау қабілетін дамытып, ұрпақтан- ұрпаққа тәрбиенің бұл түрін жеткізіп келеді. Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың ішінде халық музыкасын оқыту және соның өзін тәрибелеу процесіне пайдалану әдісін тиімді қолдана отырып “ Қазақ халқының ән өнері” деген бағдарламамен факультативтік курстар ашуға болады. Бұл факультативтың басты мақсаты- оқушыларды қазақ халқының халықтық ән жанрымен таныстырып, халықтық музыканы сүюге тәрбиелеу.
Осындай мектеп пен мектептен тыс мәдени мекемелердің оқу тәрбие жұмысының маңызды түрінің бірі- музыкалық лекторийдің тәжірибесінде педагогика саласында баршаға танымал түсіндіру, әңігмелесу, лекция - концерт, қызу пікірталастар, жарыс, педагогикалық байқау және т.б. басқа тәрбие әдістерін қолданылады. Әсіресе, жоғарыда аталған педагогикалық жарысу әдісі мектеп оқушыларының мектепішілік, мектепаралық, Республикалық “Әнші болғым келеді”, “Сиқырлы қазан” жарысында өте ұтымды пайдаланылады. Осындай жарыстармен бірге музыкалық кештер, тақырыптық концертер, лекторий, диспуттар мен сынптан тыс мәдени ағартушылық “Қыз сыны”, “Жігіттің сұлтаны” сияқты жаңа сипаттағы т.б. ойын- жарыстары , байқауларын өткізе отырып, музыкалық бағыт- бағдар ғана қоюмен шектелмей , олардың музыкалық тәрбие деңгейлерінің өсуіне көмектеседі.
Сыныптан тыс өтілетін жұмыстардың тәрбиелік пәрменділігі оқушылардың жас шамаларына, өзіндік жеке дайындығына байланысты.
Эстетикалық тәрбиеде , сонымен бірге оқушылардың өлеңдерді, әндерді, әңгімелерді, ертегілерді қайталап қабылдау әдістері пайдаланылады.
Көріп отырғандай , эстетикалық тәрбиенің оқу процесіндегі мүмкіншіклетір ұшан- теңіз. Оларды тек пайдалана білу керек. Дегенмен де өнермен тікелей байланысты шешуші роль оқу сабақтарына байланысты.
Өнер адам сезіміне көркем образ арқылы әсер етеді, оның жарқын толғанысын оятады, әр түрлі сезімдерді қалыптастыруға ықпалын тигізеді.
Сондықтан оқушылармен жұмыс жүргізген кезде , балаларға әсемдігін ашып, олардың рухани бейнелерін байыту үшін, қоғамдық қызметке деген белсенділігін оятып, адамның өмірдегі жақсы мұраттарын бекітуге бөгет болатындармен күрес жүргізу үшін, өнермен шұғылдану жолында әрбір мүмкіндікті пайдалану қажет.
1.1.(В) Тәрбие принциптері.
Тәрбие - мақсат көзделіп, жүйелі ұйымдастырылған тәрбие нәтижесінде іске асады, сонда ғана жастардың өмірге құштарлығын, еңбекті қажетсінуін дамытуға болады. Міне, осыған байланысты музыка пәні мұғалімінң атқарар жүгі мол.
Музыка пәні мұғалімінің күделікті тәрбие жұмысында төмендегі міндеттер көрініс табуы тиіс:
-
оқушыларға қоғамның идеологиясын таныту, отаншылдығын, жоғары адамгершілік қасиеттерін, азаматтық тұлғасын, демократиялық , адамдық тұрғыда қалыптастыру.Ол үшін жоғарыда аталған тәрбие бағыттарын ескеру керек болды.
-
Еңбек және кәсіптік, құқықтық, экологиялық, экономикалық тәрбие, еңбек дағдылары, іскерлік қалыптастыру, бауырымалдыққа, отаншылдыққа , олардың тазалық дағдыларын бекіту.
Оқушылардың жалпы мәдениетін көтеру, қазақ халқының озық салт- дәстүрлері рухында тәрбиелеп, дүние танымын, дербестігін, мінез- құлқын жетілдіру көзделеді.
Оқыту процесі сияқты тәрбие жұмысы да белгілі ұстанымдар негізінде жүргізіледі. Тәрбие ұстанымдары жеке тұлғаны тәрбиелеу жөніндегі ілімге және ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәжірибеге және ғылыми педагогикаға сүйенеді. Бұл ұстанымдардың идеялық негізі- мектептің өмірімен, тәжірибемен, еңбекпен байланысына сай.
Ғылыми педагогика мен халық педагогикасында тәжірибеде тексеріліп, кеңейтілген , төмендегі ұстанымдар қабылданған:
-
Мақсаттылық принципі. Оның мағынасы – тәрбие жұмыстары қоғамның жалпы мақсатына байланысты. Бұл ұстаным музыка пәні мұғалімінің өз жұмысының мақсатын дәл түсінуді, тәрбие мазмұнын, түрлерін, әдістерін дұрыс таңдап ала білуді талап етеді де, тәрбиені қоғамның идеологиясы рухында ұйымдастыруды қажет етеді.
Мақсаттылық принципі- тәрбие жүйесіндегі басты принцип болып есептеледі.
Тәрбиеде бұл принципті ескеру жастарға қанат бітіріп үйлесімді дамуына жол ашып, бағдар беретін халықтық педагогика баяғыдан отбасындағы, ауыл- аймақтағы бала тәрбиесінде басшылыққа алып отырған.
-
Тәрбиенің өмірмен,еңбекпен, тәжірибемен байланысты болу принципі. Бұл мақсаттылық принципінен туындайды.
Халықтық педагогикада тәрбие өмір сүрген ортасын, ауыл –аймақта, отбасында іске асырылып, ата-ананың, ақылды қариялар мен әже, аналардың, ағалардың ,есті үлкендердің үлгі- өнегесімен , кеңес- басшылығымен іске асырылады.
Дұрыс тәрбиенің нәтижесі өмір сүру барысында еңбек үстінде көрініс табады.
-
Ұжымда тәрбиелеу принципі. Бұл принциптің мәні- жеке адамға ұжымның оң ықпалын, ұжымға жеке тұлғаның ықпалын, дұрыс қатынасын қалыптастыру. Ұжыммен жұмыс істеу жастармен жеке тәрбие жұмысын жүргізуді жоққа шығармайды. Тәрбие міндеті ұжымның оқушыға оң қатынасын тудыру емес, оқушының ұжымға жақсы қатынасын да қалыптастыру.
Оқушыны ұжымға тарту ғана емес, оның ұжым мүшесі болуға талпыну тілегін тудыру, көпшілік мақсаты үшін күресу сезімін тәрбиелеу. Бұл принцип халықтық педагогикада :”Ісім жақсы деме, көпке ойлат”, “Ұлға отыз үйден тыю, қызға қырық үйден тию”,” Жұмыла көтерген жүк жеңіл”,”Ақылды ауыл аймақты келер”,”Тентегін тиған ел берекелі”,”Елі үшін басы ауырып, балтыры сыздайтын азамат” етіп қалыптастыратынын атап көрсеткен.
-
Белсенділік принципі.Әрекетке ықтиярлы талпыну жеке тұлғаның дамуының қажеттілігі болып табылады. Тәрбие ісі- екі жақты процесс: тәрбиешінің де, тәрбиеленушінің де белсенділігін қажет етеді.
Тәрбие ісінде жастар, оқушылар күш жұмсап, белсенді қатысқанда ғана нәтижелі болады. Халық педагогикасында :”Болатын бала пысық”, ”Бала күлкіге тоймас, болбыр ұйқыға толмас”, ”Еріншектің ертеңі бітпес”,”Ештеңе сұрамайтын адам өмірден де ештеңе үйренбейді”, ”Болар бала бесігінде жұлқынар, болар құлын желісінде жұлқынар”- деп енжарлықтың нашар қасиет екенін , өмірде белсенді жастардың ықпалы зор болатынын дәлелдеген.
Тәрбие сөзсіз өзін- өзі тәрбиелеумен ұштасады, бірақ ол өзінен- өзі іске аспайды, тәлім- тәрбие мазмұнының беретін бағыт- бағдарына , баланың өскен ортасына байланысты екенін “Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол”,- деп түйіндеген.
-
Жеке тұлғаны құрметтеу және жоғары талап қою принципі.А.С.Макаренко адамды мейлінше құрметтеу, мейлінше мол талап қоюды ұсынған. Құрметтеу де, талап ету де, оның кісілігіне сену, қамқорлық жасау, оқушының бойындағы жақсы қасиеттерінің , қабілеттерінің дамуына тірек болады.
Құрметтеу мен талап қою бір-бірімен байланысты. Құрметтеу жастарға қамқорлықпен назар аудару, көмектесу, сезімталдықпен, ілтипатты қарым- қатынас жасауда көрінеді. Ал талап қою- адамды қарым- қатынастың екінші жағы, оқушының күшін ескеріп, мақсатты , жүйелі, табанды түрде талап қойып, тапсырманы орындауын қадағалау, бағалау.
Қазақ халқы ежелден жастар тәрбиесіне ұқыптылықпен қарап : “Ақырып айтқаннан , ақырып айтқан артық”,”Құрмет етсең, құрмет көрерсің”,”Үлкенге ізет,жасқа жол”,”Өсер жастың алдын кеспе”,- деп болашағына үміт арту,сыйлау керектігін меңзеген.Сол сияқты “Атадан жақсы ұл туса екен, ата жолын қуса екен”,”Тең құрбыңна кем болсаң, көрінгенге жем боласың”,”Ұлың өссе Күндей болсын деп тіле, қызың өссе, Гүлдей болсын деп тіле” т.б. деп жастарға ақылды ,өжет,ел қамын ойлайтын ер,жайсаң, азамат бол деп талап –тілек қойып отырған.
-
Оқушылардың жеке және жас ерекшелігін ескеру принципі.Тұтас дамуына ықпал ету. Музыка пәні мұғалімі ең алдымен ұжымдық қатынасты қалыптастырудың ерекшелігін, оқушылардың жас арасындағы өзгешелігі,мен байланысын біліп, оны сынып ұжымының дамуымен бірлікте қарайды. Оқушыны ұжымнан бөліп ерекшелеп те, ал ұжымды жеке адамдардың өзіндік ерекшелігі жоқ “тобыр” деп те қарауға болмайды. Музыка пәні мұғалімі әр оқушының психологиясын, типін, темпераментін, жүйке- жүйесінің қызметін, мінез- құлқын, жеке ерекшелігіне сай даму өзгешелігін негізге алуы ,сөйтіп әр тұлғаға жеке ықпал етуі абзал
Бұл принцип халықтық педагогикада да ескерілген : “Жаманнан жақсы туады, атасын айтсаң – нанғысыз, Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз. ”, “Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу” – деп әр адамның жеке ерекшелігі,мінез –құлқы, ақыл- парасаты, қабілеті әр қилы екенін, сондықтан тәрбиеде әр балаға жеке келу қажеттілігн танытады. Соынмен бірге тәрбие жұмысында жас ерекшелігін ескеру керектігін:”Баланы бас жасқа дейін- патшадай қара, он жасқа дейін қосшыдай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досыңа бала”,- деп бағдар берген.
-
Тәрбиенің біртұтастығы, бірізділігі, жүйелілігі, үздіксіз принципі.Тәрбие- үздіксіз іске асырылатын біртұтас прицип.Жеке тұлғаның адамдық қасиеттерін үзік- үзік, бөлек- бөлек тәрбиелеуге болмайды .(А.С.Макаренко өйткені тәрбиенің біртұтастығы, жүйелілігі, бірізділігі принципі, ең алдымен , оқыту мен тәрбиелеудің және тәрбие бағыттарының арасындағы өзара логикалық байланыс кешенді жүргізуді талап етеді.
Халық бала дүниеге келгенде әр түрлі ішкі күшпен,мүмкіндікпен, қабілетпен типпен, темпераментпен, жүйе- жүйесіне келетінін :
“Бір бала атаға жете туады,
Бір бала атадан өте туады,
Бір бала кейін кете туады”,
дейді, осыған орай әр баланың даму дәрежесі, мінез- құлқы сан қилы болып қалыптасады. “Жетесінде жоқ жете сыйламайды”, ”Тентекке-келтек”, ”Көргенсіз бала көкірек”, ”Ана алдында – құрмет,ата алдында- қызмет”, ”Арсыз болса, қыз қорлық” сияқты қағидалар, әр түрлі мінез- құлықты болып дамып келе жатқан жастарды тәрбиелеудің жолдарын, әдіс- тәсілдерін таңдап қолдану керектігін меңзейді.
Сондықтан да оқу- тәрбие процесінде жеке тұлға, білім беру, дамыту, тәрбиелеу қатар жүргізіледі. Бұны іске асырудың шарты- ата- аналар мен педагогтардың оқушыларға қоятын талабының бірлігі.
Тәрбие процесінің біртұтастығы мен бірізіділігі , оқу, тәрбие мазмұны мен оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларға жоспармен , жүйелі, үздіксіз ықпал ету арқылы шешіледі.
1.1.(Г).Оқушылармен сыныптан тыс жұмыс жүргізудің
кейбір мәселелері.
Бүгінде балаларды тәрбиелеудің, оларға дүние танытудың алуан жолдары бар. Бұл реттен мектепте музыка өнері мен көркем әдебиеттің бірігуі, олардан шыққан туындылар- басты құрал болып табылады. Көркем әдебиет пен музыканың мәні мен құнын арттыратын ең қолайлы нәрсе- мектеп сахнасы екені даусыз, яғни балалар көркем әдебиеттен көркемдікті ,тілді, ой- сана мәліметтерін үйренетін болса, ал музыка саласынан әсемдікті, өнер атты әлемнің құпияларын, оның адам санасына әсерінің қандай екенін біледі. Мектептегі көркем әдебиет пен музыка саласымен тығыз байланыста өткізілетін тәрбие шараларының кең таралған формасы түрлі тақырыптарда өткізілетін кештер, кездесулер, ойын сауықтар болып табылады. Бұл істерді сыныптан тыс сабақ уақытында тақырыппен байланыстыра жүргізіледі. Халқымыздың ұлы перзенті Абайдың “Артыңа із қалдырғың келсе, кейінгі ұрпаққа білім нұрын сеп, білімге тәрбиелеу, болашағымызды өз ұлт өнері мен мәдениетінің тұнығынан сусындап, тарихын терең түсінетін болсын” деген өсиеті де болашақ ұрпақты өнер білім арқылы тәрбиелудің қажеттігі мен маңыздылығын дәлелдейді. Бүгінгі оқушы, тәрбиеленуші- ертеңгі дүние тұтқасын ұстап, халық мәдениетін көтеретін азамат. Ұстаздықтың, соның ішінде музыка мұғалімі қызметінің қиындығы да осында. Мектептегі музыка мұғалімі өз сабағында білім беруші, білікті маман ғана емес, музыкалық- тағылымдық жұмыстарды жүргізуші Мерекелік кештер мен концертттерді, түрлі кештерді үйірмелерді ұйымдастырушы.
Оқушылардың өткізілетін әрбір даталық, тақырыптық , өнертанымдық кештерді әзірлеу барысында балалар өз бетімен ізденуге, творчестволық қабілетін танытуға мүмкіндік алады. Өнерпаздық қабілеттері ұшталып, арман қиялдарына қанат бітеді. Сондықтан жалпы білім беретін қазақ мектептерінде оқушыларды дәстүрімен, өнер атты әлемнің шоқтығы биік жұлдыздары шығармашылығымен таныстыру, олардың ой- пікірін оқу тәрбие ісінің тірегін айналдыру- бүгінгі күннің өзекті мәселесі деуімізге әбден болады.
Алайда мектептердің іс- тәжірибесінде оқушылармен сыныптан тыс уақытта жұмыс жүргізу жүйесінде музыка мәдениетіндегі рухани дәрежесі мен тәрбие деңгейін қалыптастыру негізінде жүргізілетін жұмыстарда кемшіліктер мен қайшылықтар бар. Атап айтсақ, мектеп педагогикасында ғасырлар бойы ерекшелініп, өмір сынынан өтіп, келер халықтық ұрпақ тәрбиесіндегі жинақталған тағылымы, тәлім- тәрбиесі мен салт- дәстүрінің озық үлгілерін пайдаланбау- жастар арасында өрескел мінез- құлықтың етек алып, тәрбиелік мәні, мағынасы таяз жат рухани кедейшілікке әкеп соқты. Халқымыздың ауыз екі әдебиетінде, халық ән- күйінде , толғау термелерінде қаншама педагогикалық мәдениет бола тұра, оны тәрбие мәселесіне дұрыс қолдана алмағандықтан ар- ожданымыза , инабат- ізетіміздің таяздап бара жатқанын енді ғана аңғардық.
Сондықтан өскелең ұрпаққа музыкалық тәрбие берудегі біздің алдымыздағы ең басты міндет- оқушыларға көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбиені айтарлықтай толық, өнер шығармалырының , туған табиғаттың сұлулығы мен байлығын түсініп, бағалай білу қасиетін қалыптастыру. Осы мақсатта әрбір оқу пәнінің, әсіресе, зор танымдық және тәрбиелік күші бар әдебиет, музыка өнерінің эстетикалық мүмкіндіктерін жақсы пайдалану қажет.
Музыкалық тағылым мен эстетикалық тәлім- тәрбие беру жөнінде көптеген айтарлықтай тәжірибе жинақталды. Осы мәселе жөнінде оның түрлері,ұйымдастыру әдістері О.А.Апраскина, Л.Арчажникова, Е.Я.Гембицкая, Д.В.Кабалевксий еңбектерінде және басқалардың зерттеулеріне көрініс тапты.
Бүгінгі таңда оқушылардың музыкалық- эстетикалық тәрбие мәселесі Қазақстан ғылым педагогтары А.Нұғманова, М.Момынов, С.Ұзақбаев, Ж.Өтемісов,М.Балтабаев т.б еңбектеріне елеулі орын алған.
Ал мектеп сахнасына арналған тәрбие жұмыстарының әр түрлі формаларын өз еңбектерінде көрсетіп, әр түрлі тақырыптарда, кештерге, мерекелерге және сынып сағаттарына сценарийлер жазып жинақтаған көптеген ақын жазушыларымызды атауға болады. Солардың ішінде Ә.Табылдиев, оның “Тәрбие очерктері” , “Көңілді кештер” атты еңбектерін, Т.Боранғалиевтың”Мектеп кеші көңілді”, Б.Ысқақовтың “Әлімнің әлегі”, Қ.Боқаевтың “Өнерлі өрге жүзер” т.б. жинақтарын айта кетуге болады.
Бұл жинақтарда жазылған пьесалар мен ертеңгіліктердің , мектеп сахнасына арналған сценарийлердің оқушыларға эстетикалық тәрбие беруде маңызы зор. Жинақтарда жазылған кейбір образдар арқылы, олардың жақсы жақтарымен оқушылар санасына сіңіп кету, олардың бойында өнер мен әдебиет арқылы жақсы азаматтық қасиеттердің пайда болуы көзделіп, елге, жерге, Отанға, ата-ана, туған ұл мен қоршаған ортаға деген махаббат сезімінің қалыптасуына көмектеседі.
Жеткіншек ұрпаққа музыкалық тәрбие беру мәселелері бойынша материалдарда бүгінгі мектептердің практикалық тәжірибесі бар болғанына қарамастан бұл проблеманың көптеген жүйелері әлі толық зерттелмеген. Мәселен, егер қазақ халқының музыка өнерін игеруде сабақ пен сыныптан тыс әрекеттердің өзара байланыстылығы мен халықтың музыка мұрасын игеруге тартуда қазақ музыкасының өзіндік ерекшеліктері ескеріліп, мақсатты бағытталған әдіс- тәсілдермен жүзеге асырылса, онда оқушылардың музыкалық тәрбиесінің тиімділігі анағұрлым артады. Сол сияқты әртүрлі жүйелерде пайдалану, халықтық педагогика, ұлттық музыка тәрбиесі негізініде жұмыстар жүргізу, онда жаңа жолдарын іздестіру жас жеткіншектерге рухани тәрбие беру, музыкалық тәрбие беруде бағалы жолдары болып табылады.
Біздің дәуірімізде мектеп жастарын тәрбиелеу жолында мектеп өмірінің мектептегі әрбір сабақтың, соның ішінде ән- музыканың , сабақтан тыс көркемөнер үйірмелерін жүргізудің маңызы ерекше болып отыр. Музыкалық тәрбиенің, оның ішінде сыныптан тыс жұмыс жүргізудің мақсаты жастарды білімді, жоғары саналы, өнерлі, жан- жақты етіп тәрбиелеу болып отыр. Бұл орайда балалар мен жасөспірімдер арасындағы музыкалық тәрбие жұмысын жетілдіру мәселесіне зор көңіл бөлінеді.
Білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі оқушылармен жүйелі түрде сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмысын жүргізу.Сыныптан тыс жұмыстар деп оқушылардың білімін тереңдетуге, іскерлік пен дағдысын дамытуға, қабілеттілігі мен қызығушылығын арттыурға, демалысын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндіктер туғызатын арнайы ұйымдастырылған жұмыстарды айтады. Бұл жұмыстарды пән мұғалімдері мен ата- аналар, қамқоршы мекеме қызметкерлері немесе оқушылар ішіндегі ең белсенді, дарындыларды жүргізеді. Әр педагог сыныптан тыс жүргізілетін тәрбие жұмысының жүйесін ұтымды ойластыруға міндетті.Сыныптан тыс жұмыстардың мазмұны оқушының теориялық білімін кеңейте, молықтыра түсуге лайықталып, оқушылардың жеке қабілетін дамыта түсерліктей болғаны жөн. Мұндай істердің барлығы да, бұл тәрбие жұмысының материалының мазмұныдылығы методикалық сапасы мұғалімнің шеберлігіне, ұйымдастыру тәсіліне байланысты. Ең алдымен, оқушыларға әңгіме тақырыбын ұғындырып, ізденуге тапсырма берілуі қажет. Балалар мұғалім тапсырмасын орындай отырып, бұл жұмыстың мазмұнына қанығады, оның пайдалы жағын ұғынады. Сыныптан тыс тәрбие жұмысын жүргізгенде еңбек және эстетикалық тәрбиенің қалыптасуына жүргізілген жұмыстардың әсерінің болуын қарастырған жөн. Ол үшін мұғалім оқушыларды түгелдей қатыстыра отырып, оларға түрлі тапсырмалар беріп, әр оқушының шамасына қарай, нәтиже алып, ұялшақ, бұйығы, үлгерімі нашар балаларға көмектер көрсетіп, қабілетін арттыру үшін іске үздіксіз жаттықытурға міндетті. Мұның өзі жүйелі және творчестволық жоспарлы еңбек арқылы іске асады.
Сыныптан тыс жұмыстарды мазмұнды жүйелі жүргізу арқылы осы жұмыстар жөнінде оқушылармен үнемі пікірлесіп, ақылдасып, келісе отырып, оқушылардың жеке істер жүргізуіне, еркін ұсыныстар айтуына шек қойылмауы керек.
Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың өз қалауымен олардың белгілі бір өнер түріне бейіміділігін ескере отырып ұйымдастырылады.Осы мақсатта алуан түрлі үйірмелер, қоғамдар, клубтар мен студиялар құрылуда. Олардың ішінде оқушыларға тәрбие беруде әсіресе көркемөнерпаздар үйірмелері ерекше орын алады. Қазіргі кезде көркемөнерпаздар үйірмелері жоқ мектептер кемде-кем.
Халық музыкасын оқушылардың музыкалық- эстетикалық жән адамгершілік тәрбиесін жетілдіруде пайдалану мәселері А.Нұғманова, Т.Тұрсынов,А.Хасанов т.б зерттеулерде айтарлықтай көрініс тауып, жас ұрпақтың рухани дүниесіне ықпалы зор тәрбие құралы екендігі дәлелденген.
Оқушылар тәрбиесін жаңа деңгейге көтерудің тағы бір тиімді тәсілдері лекция- концерттер жүргізу, факультативтік курстар жүргізу. Факультативті курстарды, әсіресе , қазақ ұлттық өнер саласына, мысалы : айтыс, әншілік, жыр- терме және т.б. өнерлерден ұйымдастырған жөн.
Музыкалық тәрбие- ұзақ, күрделі әрі сан қырлы процесс. Ол ең алдымен балалардың мектепке дейінгі мекемелерінде басталады. Ал жалпы білім беретін мектепте тікелей ықпал ету- музыка, өнер, эстетика жөніндегі факультативтер,сабақтан тыс уақыттағы көркемөнер үйірмесі арқылы тәрбие беруді жалғастыра түседі. Жыл өткен сайын ортаңғы және жоғарғы сыныптарда балалардың жас ерекшеліктері сараланып, музыка сабағында, әр түрлі елдерде өмір сүрген композитор шығармашылығымен, түрлі музыкалық аспаптармен танысады.
Жоғарғы сыныптарда эстетика, бейнелеу өнері, музыка және өнер циклының басқа салалары жөнінде қосымша сабақтар енгізу музыкалық тәрбие беруге шексіз мүмкіндік береді. Сондай- ақ сыныптан тыс жүргізілетін музыка мен эстетика жөніндегі арнаулы сынып сағаттарының алуан түрлі тақырыптары оқушыларға жан- жақты тәрбие беруге көмектеседі.
1.2.А) Тәрбие әдістері мен формалары.
Тәрбиелеудің мақсат, міндетін, мазмұнын, бағыттарын дәл анықтап, оны орындаудың бірізді жүйесі жасалғанымен, музыка пәні мұғалімі тәрбиелудің негізігі әдістері мен формаларын меңгермесе, оны тиімді пайдалана алмаса , тәрбиені іске асыра алмайды.
Әдіс - алға қойған мақсатқа жетудің жолы. Тәрбие әдістері- тәрбие міндеттеріне жету үшін жасалған музыка пәні мұғалімі мен тәрбиеленушілер ұжымының өзара байланыс әрекеттерінің жолы. Егер тәрбие әдісі дұрыс таңдалып алынса, дұрыс пайдаланылса, тәрбиеленушілер өздерінің жауап әрекеттері арқылы тәрбие міндеттерін шешуге ықпал етеді. Олардың санасы дамиды, сезімі баийды, мінез- құлқы, қажетті әдет- дағдылары, іскерліктері қалыптасады. Сонымен оқушыларды тәрбиелеу әдісі- оқушылар мен музыка пәні мұғалімі өзара байланысты әрекеттерінің күрделі комплексі. Әрбір әдіс оқушылардың сезіміне, санасына ықпал ететін музыка пәні мұғалімі қолындағы құрал ретінде көрінеді. Тәрбие әдістеренің бәрі бір- бірімен өзара тығыз байланысты, оларды классификациялау тек шартты түрде болмақ.
-
1.Сендіру әдісі- оқушылардың сана-сезіміне, ерік- күшіне сөзбен әсер ету арқылы сенімін қалыптастыарды. Олар әңгіме, әңгімелесу (жаппай, топпен, жеке), лекция, пікірсайыс, түсіндіру, көзін жеткізу, нандыру,иландыру, (жаңа мәліметтер беру, адамгершілік ережелері мен нормаларыне түсіндіру.)
Сендіру –адамгершілік-имандылық қасиеттерін, дүниеге дұрыс көзқарасын қалыптастыру мақсатында пайдаланылады.
-
2.Іс әрекетті ұйымдастыру әдістері- оқушылардың күнделікті пайдалы іс- әрекеттері (оқу- тәрбие, спорт, ойын, еңбек, көркемөнер, жарыс ұйымдастыру т.б.) тәжірибеде іскер асырылады. Олар– үйрету, жаттығу, машықтану (ситуация тудыру, жол беру, кешірім сұрау,мәдениетті қарым –қатынас, тапсырманы орындау, уәдеге тұру т.б)
Іс- әрекетті ұйымдастыру әдістері- жастардың белгілі әрекеттерді орындаудың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру мақсатында пайдаланылады. Адамгершілік нормалары мен ережелері қалай талап етсе, күнделікті өмірде дәл солай істеуге жағдай жасап мәжбұр ету, жүйелі дағдыландыру, жаттықтыру, керекті мінез- құлықты тәжірибеде қайталау, бекіту арқылы бірте-бірте әдетке айналдыру.
-
3.Мадақтау мен жазалау әдістері- бұлар әділ болса, оқушылардың сезіміне күшті әсер етеді.Мақтау – ауызша, жазбаша (алғыс, сыйлық
кітап т.б.), мақтау грамотасы, оқудағы үздік
табыстары мен үлгілі тәртібі үшін алтын, күміс,
медальмен наградтау) т.б. болады.
Мадақтау әдісі- оқудағы тәртіптілігі, жарыстағы (спорттағы, еңбектегі, көркемөнердегі) табысы үшін қолданылады.
Жазалау әдісі- қойған талапты, берген тапсырманы орындамағаны, тәртіп бұзғаны үшін қолданылады.Олар: ескерту, сөгу,мінеп-сынау, кіналау, айыптау, жиналысқа салу,сөгіс жариялау, педагогикалық кеңеске салу немесе сабақтан соң қалдыру,сынған мүлікті жөндету, орнына келтірту т.б.
Жазалау әдісі-тән азабын шектіру емес, санаға әсер ету мақсатын көздейді.Сондықтан әділ, орынды, жеке ерекшелігі ескеріле қолданылса ғана нәтижелі болады. Жаза жеке оқушыға да, топқа да қолданылуы мүмкін, тым жеңіл, тым ауыр жаза ықпалды әсер етпейді. Жазалау- негізгі емес, қосымша, көмекші әдіс болып табылады.
-
4.Ынталандыру әдісі—мақұлдау, мінеп –сынау, кіналау, көтермелеу, мінез- құлқына баға беру арқылы іске асырылады.
Ынталандыру мадақтау- әдісімен тығызы байланысты. Жастардың жақсы іс- әрекетін мақұлдау, кемшілігін мінеп-сынау, мінез- құлық тәртібіне қойылатын талаптарды терең меңгеруге үйретеді. Мұнда “Адамға барынша талап қою және барынша құрметтеу” сияқты педагогиканың принципіне сүйенеді.
Мақұлдау- мінеп- сынау оқушылардың жақсы іс істесем деген тілегіне туындайды да, бірте- бірте мінез- құлық тәртібіне ауысуына жалғасады.
Мақұлдау әдісінің ең қарапайым түрі оқушы іс-әрекетінің дұрыстығын қолдау. Ол жеке сипатта және ұжымдық сипатта болады. Оқушыларды тәрбиелеуде сынып жетекшісінің мақұлдауы, көтермелеуі, бағалауы үлкен роль атқарады. Мақұлдаудың тәрбиелік күші- тек бір оқушыға ғана емес белгілі топтағылардың барлығына әсер етіп, іс- әрекетке жұмылдырады.
Мақұлдауды қолданғанда оқушының жеке ерекшелігін ескерген жөн. Мысалы өз күшіне сенбейтіндерге мақұлдау дер кезінде айтылуы керек. Егер музыка пәні мұғалімі кешігіп қалса, мұндай оқушылардың өзіне сенімсіздігі оның күшін тежейді, тапсырманы орындағыны келмейді, оның себебі, тыңдамаушылық емес, өз күшіне сенбеушілік. Орындай алмай, ескерту алудан жасқанушылық. Мақұлдау істелген іс- әрекеттің қорытындысынан асып кетпей әділ болып, талап қоюмен , баланың жеке басының мүмкіншілігін ескерумен , құрметтеумен қарап жүріп отырғаны жөн.
Кіналау- ықпалды әдіс.Бірақ ол әділ болмаса, оқушыға қайғы- қасірет шектіреді. Бұл да мақұлдау сияқты дер кезінде қолданылса, нашар әрекеттен аулақ болуға ынталандырады.
Достарыңызбен бөлісу: |