1923 жылдың ақпанында Мәскеудегі «Күншығыс баспасөзі» басқармасынан
«Темірқазық» атты саясат, шаруашылық, білім, әдебиет журналы шаға бастады. Журналдың мұқабасында «Шығарушысы: Нәзір Төреқұлұлы, Бастырушы: Ұлттар комиссарияты жанындағы Күншығыс баспасөзі»,-деп жазылған. Алғашқы санының безендірілуі де ерекше. Жерге қадалған қазық және сол қазықтың жоғарғы жағында нұрын шашып тұрған «Темірқазық» жұлдызы бейнеленген. Сары қағазға басылған журналдың 1-ші саны 40 беттен тұрады. ГлавЛит№ 4884 деген нөмірмен белгіленген. Таралымы – 2000. Ал біріктіріліп шыққан «Темірқазық» журналының 2-3 сандарының мұқабасы «Темірқазық» жұлдызымен безендірілмеген. «Темірқазық», - деп араб қаріптерімен жазылған және жақша ішіне (Путеводная звезда) деп орыс тіліндегі аудармасы берілген. Біріктіріліп шыққан 2-3 саны 226-беттен тұрады. Таралымы 1-ші санына қарағанда 500-ге өсіп, 2500-ге жеткен. «ГлавЛит №4895»,- деп нөмірленген.
Журналдың екі санының мұқабасындағы тағы бір ерекшелікке тоқталар болсақ, араб қарпімен жазылған «Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер!», деген жазу 1-санында жеке өзі қазақ тілінде басылған болса, 2-3 сандарында
«Пролетарий всех стран соединяйтесь!», деп журнал мұқабасында қазақ және орыс тілдерінде жазылған.
Назар аударатын тағы бір жайт бар. Ол 2-3 санының мазмұны екі тілде берілген. Журналдың соңғы бетінде «Содержание», - деп журнал бөлімдерінің аты, онда шыққан мақалалар мен авторлар туралы орыс тілінде анық басылған. Осы мәселеге орай туындайтын ой, «Темірқазық» журналының алғашқы 1- санын түгелдей араб қарпімен қазақ тілінде басылып шыққан болса, 2-3 сандарындағы мұқабадағы журналдың аты мен ұран сөзі, мазмұнының орыс тілінде берілуінің өзіндік себептері бар деп тұжырымдаймыз. Баспасөз қашанда бақылауда болған. Ал «Араб қарпінде жазылған қазақ тіліндегі журнал қалай аталады, оның ұстанған бағыты қандай және де онда қандай мәселелер жарияланып отырды, авторлары кім?», деген дүниелер оқуға қиындық тудырмай, «тайға таңба басқандай» анық көрініп тұруы талап етілген болуы керек. Журнал үш ай ғана өмір сүріп, февраль айында шығып, март-апрель, 1923 жыл, 2-3 саны басылып шыққан соң, ары қарай шығуын тоқтатқан.
Журналдың жабылып қалуын түсіндіретін баспасөз тарихын зерттеген зерттеуші-ғалымдардың тұжырымдары мынандай: «Темірқазық» журналы ең алдымен Октябрь революциясының жеңісін дұрыс көрсетпеді. Ол ескінің жаршысы, өткендегілердің жоқшысы болды. Журнал Қазақстанның Россияға қосылуының прогрестік мәнін де жоққа шығарды. Көп материалдарында ұлт
мәселесін теріс түсіндіріп, ұлтшылдық ұранын көтерді. Міне, сондықтан да тиісті орындар «Темірқазық» журналын 3 нөмірінен кейін жауып тастады», - деп жазады [15, б. 109].
Ендігі бір ғылыми пікірлерде былай деген: «Қазақ Россия қолтығына кірген соң-ақ шетпұшпақтап жерінен айырыла бастады Қазақ жерін дойбының тақтасындай етіп кескілеп қорған, дуан салды. Қазақтың өз жерін басқаны үшін қазақтан тұяқ басын алды», - деп ұлт достығына зыянды пікірлер айтты. Көп материалдарында ұлт мәселесін теріс түсіндіріп, ұлтшылдық ұранын көтерді. Міне, сондықтан да тиісті орындар «Темірқазық» журналын 3-нөмірінен кейін жауып тастады»,- деп жабылу себебін түсіндіреді [109].
«Темірқазық» журналының 90-жылдығына орай журналист, ғалым Амантай Шәріптің «Қазақтың кемдікте өскен айнасы бұл»,- деген мақаласы жарық көреді. Онда: «Темірқазық» журналының бастауында сол баяғы Алаштың маңдайалды газеті – «Қазақты» дүниеге әкелген ұлт көшбасшыларының бірі Әлихан Бөкейхан тұрды»,- деп жазады [110]. Мәскеу төрінен қазақ даласына тараған журналдың бар жоғы 3- саны қазақ оқырмандарының қолына тисе де ұлтқа рухани азық болды. Журналда «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен Әлихан Бөкейхановтың жазғандары басылып тұрды. Қазақ халық әдебиеті үлгілерінің жиналуына ерекше ден қойған Әлихан белгілі фольклоршы Әбубәкір Диваевтың 1922 жылы Ташкент қаласында Түркістан Республикасының баспасөз шығарушы мекемесінде басылған «Бекет батыр» [111], «Мырза Едіге» [111, б. 35] атты кітаптарына рецензия жазды. «Кешегі өткен уақыттағы Арыстан ханның заманында Орынбор-Петербор деген жер бар екен. Алшын-Жаппас деген ел бар екен»,- деп Бекет батырдың жыры басталады»,- деп жазған автор тарихқа көз жіберіп, жырдың шыққан уақытын былайша болжайды: «Арыстан ханы осы күнгі Бөкей, Орал, Торғай, Ақтөбе, Адай губернелеріндегі кіші жүзді билеген Әбулхайыр ханның әулеті Арыстан төре болса керек. Әбулхайыр хан орысқа 1732 жылы қараған. Бекеттің замандасы Арыстан 19 ншы ғасырда болса керек. Бекет батыр орыс қазақты ноқталап мінген уақытта шыққан болады» [111, б. 34- 35]. «Арыстандай айбатты, Рүстем – дастандай қайратты, арыстан жүректі, жолбарыстай білекті»,- деп жырдың үзінділері арқылы Бекет батырды оқушылармен таныстырады. Бекет батыр тағы, ақылды. Орысқа өзге жұрт қарағанда Бекет батыр қарамайды»,- деген. Осылайша, оқырманға Бекет батырды ерекше тұлға ретінде сипаттайды. Батыр қолға түскен соң, Сібірге айдалған.
Бекет батырдың айдалып бара жатып айтқан сөздерінен үзінді келтірсек: Түменнен шығып Ор барып,
Аруақ, ұран қолға алып, Әлдімін Бекет дегенге, Жоғарымын төменге,
Алшын, Жаппас шоминге, Жасынан шықты дабысым, Мен қазақпын дегенге.
Хандар менен қас болып,
Барлық жұртқа бас болып, Жұрттан астым деп едім Хан ақысын жегенге,
Екі кісі бас қосып, Бітім қылса кәпір мен,
Бекет жан білсін дегенге. Елге барсаң сәлем де!
Есет ағам беренге, Бекназар ұлым Зеренге, Бекет қапыда қалды деп Сұрай қалса Есекем; Бекетің түсті дегейсің Шықпайтұғын тереңге. Есет еді жолдасым,
Жолдас болған жолбарысым, Ауылы кәпір келгенде
Арыстан ханды өлтіріп, Астынан міндім жорғасын, Мен мұсылман дегенге Үйлестірдім олжасын.
Жырда «Есет еді жолдасым, жолдас болған жолбарысым» дегенге қарағанда бұл Есет тарихтағы белгілі Есет батыр болады, кіші жүзде Есет батыр қазақ орысқа қараған соң төрелер мен көп алысқан.
Талтаңдаған төрені
Сақалынан ұстап алып; Қонаққа сойған қозыдай
Қолымнан өлім бергенмін. Өлтірген неше төрені
Салмойын Бекет дегенмін! [111, б. 34-35].
Бекет батырдың қатыны артынан айдалған батырды қуып барып, қашуға көмек қылады. Жырдың дәл осы тұсына жазған пікірінде Ә. Бөкейханов қазақ әйелдеріне деген көзқарасын былайша білдіреді: «Орыс жұртында айдалған байына ерген қатын көп болады. Біздің әйеліміз жақсы деп, орыс жұрты мақтан қылады. Бекеттің жырына қарағанда біздің қазақ әйелі де мақтануға жарайтын»,
- деп қазақ қоғамындағы әйелдің мәртебесін өсіріп, мерейін үстем етеді. Қазақ әйелдерін декабристтердің жарларымен теңестіреді. «Бекет батыр» жыры мектеп балалары жатқа алатын кітап»,- деп мектеп жасындағы балаларға кітапты оқуға ұсыныс қалдырады [111, б. 34-35]. «Бекет батыр» жырына жазған пікірі арқылы оқырман өзінің тарихын, елінің басынан кешкен тағдыр-талайын, қазақ әйелдерінің сол дәуірдегі жанкешті өмірін барынша ашып көрсеткен. «Бекет батыр» жыры арқылы жас ұрпақты елін сүюге, батыл, ержүрек, намысшыл болуға шақырған.
«Мырза Едіге» жырына байланысты пікірінде «Қыр баласы» былай деп жазады: «Шоқан жазған Едігенің жырында арабша, парсша бір ауыз сөз жоқ.
Қазақтың тілі өзге тілге араласпай тұрған уақытта Едіге жыры шыққан болса керек»,-деп оқыған дүниесінің түбіне терең бойлап барып, қорытынды жасайды, қазақ тілінің болашығына алаңдаушылық білдіреді [111, б. 35-36 ]. «Мырза Едіге» мектепте балалар оқитын кітаптың бірі деген пікір қалдырып, болашақ жастарға аманат етеді.
Түркі әлемінің тұтастығын көксеген Әлихан Бөкейханов танымал археолог, орыс генералы Никандр Александрович Маркстың 1913 жылы Мәскеуде жарияланып, қолдан-қолға жылдам тарап кеткен «Қырым аңыздары» атты жина- ғынан «Герейдің ажалы» [111, б. 23], «Пайғамбарға хат» [112] атты хикаяттарды қазақшаға аударып басып, бауырлас халықтардың бірі туралы «Хакас» [112, б. 123] атты сипаттама жазып, журналға жариялайды.
Заманауи жаңалықтарға құштар, ел ағарту мәселесін ұдайы назарда ұстаған Әлихан Бөкейхановтың «Білім күші» [112, б. 87], «Луи Пастор»[112, б. 74] атты танымдық мақалалары журналдың «Ғылым» бөлімінде басылып, оқырмандармен қауышқан. Журналдың бір ерекшелігі жарияланған мақалаларына терең талдау жасап, сілтеме келтіріп отырады. Ол дәлдік мен дәйектілікке әкелетінін білеміз.
Мысалы, журналға басылған жұмбақ болсын, өлең болсын «Ол қайдан алынды, бұрын-соңды жарық көрген бе, жарық көрсе оны қайдан алды?», - деген нақты сипаттағы ақпаратқа жүгінеді. Ал ол еш жерде жарық көрмеген болса дереккөздерді де келтіріп отырады. Мұның барлығы баспасөз материалдарын зерттеушілер мен деректанушылар үшін құнды мәлімет болып табылады.
Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалайтын жыр-дастандар, жұмбақ, қара өлеңдер өте көп. Ол біздің тарихымызды бағамдауға қосар үлесі де мол. Журналдың атқарған бір – қызметі осы уақытқа дейін жарияланбаған мұраларды басып отырған. Әр жарияланымның соңына: «Мұны В.В. Радловқа Семей облысының қазағы айтқан. Айтқанынан 60 жылдан артық», «Бұл жұмбақты В.В. Радлов Семей облысындағы қазақтан естіген», деп түсіндірме бере отырып,
«Қыр баласы» атты бүркеншік есіммен оқырманға ұсынып отырған [112, б. 115].
«Ақ бала» - қыз бен жігіттің айтысы түрінде беріліп, сол заманның келбетін өлеңмен өрген шығарма. Сүйген адамына қосыла алмаған, қыз баланың тағдыры бейнеленген. Жоқтаудың зерттелуіне келер болсақ, ол ауыз әдебиетінің бағалы үлгісі ретінде жинап, XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басындағы ақын- жыраулардың шығармаларында әр түрлі жоқтау үлгілері кездесіп отырады. Осындай жоқтаудың бірі журнал бетінде басылған. Автор әр жарияланымына түсініктеме беріп отырған. Онда жоқтаудың қысқаша тарихы, оқиғаның шыққан аумағы, мен жыл мөлшері белгіленген. Оқырманға оқиғадан толық ақпарат беру тәсілі қолданылған. Қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілерін басылым беттеріне жариялап, бүгінгі ұрпаққа зор мұра қалдырған ұлт оқымыстыларының еңбегі, журнал мазмұнын түрлендірудегі тәжірибелері, оны дамыту, қызықты ету, оқырман тарту секілді тәсілдері сол замандағы саясатқа «сай келмеген» де болуы керек. Зерттеуші ғалымдардың еңбегіне сүйенер болсақ, «Темірқазық» қазақ тіліндегі басқа да журналдардан ескіні жақтауды, би-бектерді дәріптеуді талап етті. Журнал «Халық ескіні өте жақсы көреді, қызыға оқиды. Себебі ескі әңгіме,
өлеңдерді оқығанда ел қазағының көз алдына бір кездегі төрт түлігі түгел, сол заманы еске түседі», деп жазып, Қазақстанның Ресейге қосылуын жақтамады деген пікірде болды [109, б. 34].
Міне, журналға қатысты осындай пікірлер «Темірқазықтың» жабылу себептері ретінде көрсетіледі. «Темірқазық» ең алдымен Октябрь революциясының жеңісін дұрыс түсіндірмеді. Октябрь революциясы жеңген соң халық жолдан адасып, тұманда қалды, жылан-шаянның қамауында қалды. Ел шаруасы күннен күнге күйзелуде. Ел қамына, ел жайына негізделіп істелген іс жоқ. Қазақстанда оқу ісі де түзелген жоқ»,- деп революцияның барлық жемісін жоққа шығарды»,- деген пікірлер де бар [109, б. 34].
Х. Бекқожин еңбегінде: «Москвада Ұлттар ісі жөніндегі Халық Комиссариятына қызметке орналасып алған Шығыс елдерінің байшыл, оқығандары татар, түрік тілдерінде «Қызыл шырақ», қазақ тілінде «Темірқазық» журналдарын шығарды»,- деп жазады [15, б. 109].
Осы орайда «Темірқазық» журналын шығарушы Нәзір Төреқұлов туралы мәлімет бере кетсек. Н. Төреқұлов – Түркістан маңындағы Қандоз деген жерде туылған. 1900-1903ж. Қоқандағы медреседе, 1903-1905 ж. осындағы орыс-түзем школында, 1905-1913ж. Қоқан коммерция училищесінде, 1913-1916 ж. Мәскеу коммерция институтының экономика факультетінде оқыған. 1916 ж. Минскіде Батыс майданындағы «Земсоюзде» нұсқаушы болған. Сол ж. «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрған. 1917 ж. Орынборда өткен I Жалпықазақ сиезіне қатысқан. Сол жылы бүкілресейлік «Земсоюздың» Торғай облысындағы нұсқаушысы, 1918 жылы «Қазақ мұңы» газетінің редакторы (Орынбор), Қоқан совдепі ревкомының хатшысы, «Халық сөзі» газетінің редакторы (Қоқан), 1918- 1919 жылдары Ферғана облыстық ревкомының төраға орынбасары, халық ағарту комиссары, осы жылы Түркістанның халық ағарту комиссары, «Вестник просвещение и коммунистической культуры» басылымының шығарушысы, 1920-1922 жылдары Түркістан ОАК төрағасы, сол шақтағы барша сиездерге қатысушы, 1922 жылы КСРО халықтары орталық баспасы басқарамасының төрағасы (Мәскеу), 1923 жылы Мәскеуде «Темірқазық» журналының редакторы қызметін атқарады. Қайраткер 1937 жылы 15 шілдеде ұсталып, 3-қарашада атылды [65, б. 397].
Нәзір Төреқұловтың өміріндегі маңызды кезеңдері ретінде «Темірқазық» журналының редакторы болғанын келтірген:
«Основные даты жизни Назира Торекулова (1892-1937)
1923, февраль– редактирует журнал «Темірқазық» («Полярная звезда») деп,
«Темірқазық» журналына редактор болғандығы жазылса, 1937, 15 июля– взят под стражу.
1937, 3 ноября– приговорен к расстрелу, растрелян в тот же день.
1958, 23 января– реаблитирован по решению № 4н-0743257 Военной Коллегии Верховного Суда СССР».
Осы құжатта Н. Төреқұловтың қамауға алынып, атылғаны жөнінде және кейіннен ақталған жылдары анық жазылған [113].
«Мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат Н. Төреқұлов 1922-1928 жылдары Мәскеуде КСРО Орталық Атқару Коммитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Бұл қызметке кіріскеннен кейін В.И. Лениннің қабылдауында болып, автономия алған халықтардың тілін мемлекттік тілге айналдыру мәселесін көтерді. Орталық баспа басқармасының төрағасы ретінде қазақ тілінде
«Темірқазық» атты журнал шығаруды ұйымдастырып, оған Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев секілді қазақ зиялыларын тартты» [114].
«Темірқазық» журналының алғашқы бетінде журналдың жалпы мазмұны берілген. «Күншығыс баспасөзі басқармасынан», - деп алдымен елдің жағдайына тоқталған. Онда «Қай елдің болсын, қашанда болса заман ыңғайын бақылайтын, тұрмыс заңына түсінетін елдің оқығаны болады. Қалың елді дұрыс бастасын, қыңыр бастасын елдің оқығаны бастайды». Осылайша, қазақ халқын оқып, білім алуға шықырады, ел ішіндегі оқыған азаматтарға үміт артады. Көзі ашық, ел тізгінін ұстайтын азаматтар елді теңдікке жеткізіп, тура жолға жетелейді. Көрші Россия тізгінін оқыған азаматтарға беріп отырғанын айтып жеткізеді. Қанша жерден саяси азат болса да сауатсыз, надан ел азат бола алмайды.
Міне, осы ұстанымды ұстаған журнал басында білімді азаматтардың отырғандығы ақиқат. Халық жақын арада өзін басқару үшін көзі ашық сауатты болуын, ал надан халық үшін әлі де 15-20 жыл керек екенін жазады. Елдің тұрмысын, жағдайын түзеу үшін шаруашылық түзелу керек. Шаруасы түзелген халық әдебиетке де бет бұрады. Бүгінгі жағдайда газет-журнал оқымадың деп сөгудің өзі артық. Осылайша журнал басқармасы елдегі жағдайға алаңдаушылығын білдіреді. Осы кемшіліктердің барлығына жол көрсететін баспасөздің рөлі зор екенін меңзеп, «Темірқазық» журналы арқылы шешімін таппақ болады.
Күншығыс елдерінде саясат кіндігі – жол көсемі, іс көсемі, ел тәрбиешісі бола алатын, әдебиетке негіз салатын, елге білім кілтін ашатын журналдың керектігі көптен сезілетіндігін айтады. Ел жоғын білетін, ел тілегіне – ел мұңына құлақ салатын журнал, елге тура жол сілтейтін, терісін-қисығын тергейтін журнал – елдің шын қамқоры, шын досы болып көрінбек. Елдің осындай журналға осы кезде сусап отырғанын жеткізеді. Н. Төреқұлов журналдың көтерер жүгі ауыр екенін сезеді. Өйткені журнал арқылы ұлттық құндылықты халықтың өзіне ұсынады. Ел көркейсе, қазақтың көкірек көзі ашылып, білімге сусап отырған жұрт өзіне қажетін алса деген армандары анық байқалады. Басында түркі тілдес халықтардың тілінде «Қызыл шырақты» шығарып, ал
«Темірқазық» журналын жеке қазақ тілінде шығаруы да үлкен ерлік. Осылайша Мәскеу төрінен шыққан басылым қазақ еліне еркін таралады.
Журнал айына бір рет шығатын болып келісіледі. Журналға жазушы авторларды сөз жазуға шақырады. Басылымның мақсат-міндеті нақтыланады. Саналы, оқыған азаматтардан қолдау күтеді. Журнал бетінде ел қамын ойлайтын өзекті мәселелерді көтереміз деген жазушыларға журналдың беті бос, деп жазушылар назарына салады.
Осылайша журналдың алға қойған мақсат-міндеті бас мақалада айқын беріледі. «Темірқазықтың» 1- саны мынандай бөлімдерден тұрады:
Саясат бөлімі;
Оқу бөлімі;
Әдебиет бөлімі;
Жаңа кітап-журналдар;
Басқармадан.
«Темірқазық» журналының алғашқы бетінде редакцияның мекен-жайы былай деп көрсетілген: «Москва қаласы, Трубинков көшесі, 19 үй, Орталық Шығыс Баспасы, «Темірқазық» журналының редакциясы».
Бұл тарихи орын осы күнге дейін сақталғаны туралы мәліметке жолықтық.
«Редакция Мәскеу қаласының Трубниковский тұйық көшесіндегі 19-шы үйде – 1912 жылы сәулетші П. Малиновскийдің жобасы бойынша салынған тарихи ғимаратта орналасыпты»[110]. Яғни, «Темірқазықты» шығарған ұлт зиялыларының ізі қалған ғимарат әлі күнге сақталып, бүгінгі күнде тарихи орынға айналған.
Семей қаласындағы мұрағаттан алынған мына құжаттар қазақ ұлтына жасаған қиянат деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |