ДӘРІСТЕР КЕШЕНІ
№1 дәріс
ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КЕҢЕС ДӘУІРІНЕ ДЕЙІНГІ КЕЗЕҢІ
ХХ ғасырдың басындағы (1900-1917) қазақ әдебиеті дамуының күрделі сипаты. Қазақ даласының Ресейге қосылуы XIX ғасырдың орта кезінде аяқталды. Осыдан бастап, Қазақстан әкімшілік басқару жағынан болсын, саяси-шаруашылық жағынан болсын Ресейге тәуелді күй кешті. Ресей тұрмысында болған экономикалық өзгерістер, саяси оқиғалар, мәдени дамулар азды-көпті, ертелі-кешті Қазақстанда да болып, қазақ халқы өмірінің әр саласына әсерін тигізіп отырды.Капитализм ішкі Ресейдің өзінде терең бойлап тамырлап өсумен қатар шет-шалғай өлкелерге, бұрын артта қалған, жер жүзілік базарлардан аулақ жатқан жерлерге де тарады, өркен жайды: Кавказға, Орта Азияға, Сібірге, қазақ даласына жайылды. Солардың шаруашылық, саяси, мәдени өмірлеріне әсер етті.
Сонымен, XIX ғасырдың ортасынан бастап Қазақстанда да капитализм дәурен сүрді: өлкеде сауда-саттық, ұсақ, қол өнеркәсіп, отырықшылық, егін салу көбейді, тау-кен өндіріс орындары, темір жолдар салынды. Өндіріс күші дамып, шаруашылықтың өнімі артты.
Оқу- ағарту ісінің жедел өрістеуі. Оқу түрлері, мақсаты. XX ғасырдың басында қазақ арасындағы оқу-ағарту жұмысы екі түрлі болды. Оның бірі – мұсылманша оқу, екіншісі орысша еді.
Қазақ арасында діни, мұсылманша оқу Қазақстан Ресейге қосылмай тұрып та бар еді: әр жерде жеке ауыл болып, бірнеше ауыл болып бірігіп, ортадан молда ұстайтын, балаларды соған беріп оқытатын еді. Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін де көпке дейін осылдай болып келді.
XIX ғасырдың ақырынан XX ғасырдың басынан бастап жаңа, төте оқу – ұсулы жәдит шығуға байланысты, қазақ арасындағы мұсылманша оқу Бұхара, Қазан жағындағы мұсылманша оқудың үлгісі, тәртібі бойынша мектеп (бастауыш оқу), медресе (орта дәрежелі оқу) болып аталады. Олар 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін өмір сүріп келді.
Бірақ қазақ арасындағы мектеп, медреселердің аты бар, заты жоқ еді. Олар мейлі үйі, шарауашылық тұрмысы жағынан болсын, мейлі оқу-тәрбие жағынан болсын төмен дәрежеде, нашар халде болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |