Диссертация Отандық ғылыми кеңесші: филология ғылымдарының докторы



бет23/29
Дата02.01.2022
өлшемі0.84 Mb.
#453405
түріДиссертация
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29
Диссертация Акынбекова А.Б. (1)

«Жас қазақ» – ұлт жастарының үні


1923 жылдың 1-қазанынан Қазақстан аймақтық жастар комитетінің органы,

«Жер жүзінің жастары бірігіңдер!» деген ұранмен «Жас қазақ» журналының алғашқы саны жарық көреді. Журнал 1925 жылға дейін өмір сүріп, 13 саны жарық көрді. Басылымның түпнұсқасы толығымен ҚР Ұлттық кітапханасының

«Сирек қолжазбалар» қорында сақталған.

Алғашқы саны 60-бет көлемінде басылған. Мұқабасында: «Жас қазақ, Қазақстанның аймақтық жастар комитеті, саясат, әдебиет, һәм өнер, білім журналы, Шығарушысы: Жазушылар алқасы, Қазақстан мемлекеттік баспасы. Орынбор 1923 жыл», деп жазылған. «Журналда әртүрлі саясат, әдеби, өнер- білім, жаратылыс һәм ескі тарихи материалдар, романдар, сын, күлдіргі сияқты сөздер жазылып тұрады. Барлық қауым, авком, тілектес жас жазушылар, ақындар, әдебиетшілер, тарихшылар, көрші республикалардағы талапкер азаматтар үшін жұрттағы, төмендегі адрес бойынша алдыртып, жазылып та, тезірек алуын өтінеміз. Басқарма адресі: Оренбург, Троицкая, 37. Облком. Редакция журнала «Жас қазақ». Алдыртушыларға журнал: Жеке томдары алтынмен 25 тиын, көбірек алушыларға 20 тиын», деп Қазақстанның аймақтық жастар комитеті тарапынан журналдың соңғы бетіне жариялайды [119]. Таралымы – 1500 дана. «Қазақстанның Аймақтық Жастар Комитеті 1923 жылдың қазанынан «Жас қазақ» журналын шығарды. Оның алғашқы шағарушылары – Е.Алдоңғаров, А. Оразбаев, А. Сегізбаев. Журнал 1925 жылға дейін өмір сүріп, 13 нөмірі жарық көрді» [119, б. 2].

Журналдың 1-ші санынан-ақ ең бірінші жоспарымыз ол - жалпы еңбекші жастарымыздың арасында істелетін екпінді, міндетті жұмыс, жаңа жұмыс – коммунист тәрбиесін алу, саяси билік алу дегенді негізге алады. Журналдың бағыт-бағдары ретінде басылым қазақ жастарының қолына тиіп, оларды өркениет жолына бастайды. Жастар ұйымдасып, оқып, білім алсын, ел арасына шығып көшбасшылық қабілеттерін көрсетсін. Адамшылық секілді қасиеттерін дамытатын, тәрбиелейтін журнал өз міндетін атқаратынына сенеді. «Жас қазақ» жастарды болашаққа бастайтын құбылнамасы ретінде адастырмайтынына зор сенім білдіреді. Журналды кіндіктегі, не болмаса 2-3 кісінікі ғана қылмай,

жалпы жас еңбекшіл қазақтікі (көптік) қылу. Елмен араласып, халықпен бір жасау, елдің ішіндегі жағдайдан хабардар болу, солардың тұрмыстарын, жақсы- жаман ұйымдардың істеген істерін жазып, республиканың аумағына ендіру, жастар арасынан қалам ұстайтын журналистер даярлауды мақсат етеді. Ауыл жастарын ұйымдастыру, олардың ауыл шаруашылығын дамытудағы жұмыстары жайында үнемі хабарлар, мақалалар жариялау, халық ағарту ісіне қатысты іс- шаралардың жүргізілу барысын қадағалау, жастардың тұрмысынан, мәдени іс- шараларға қатысуын, жалпы олардың арасында жүргізілген саяси жұмыстар және т.б. жайында хабардар ету екендігін келтірді. «Ұзақ өмір жасап, өз қажетінше ойдағыдай пайдалануы үшін еңбекшіл жастар журналды ұдайы оқып жүрер», - делінді соңында [119, б. 1-3 ].

«Жас қазақ» журналында «Әдебиет», «Өнер-білім», «Саяси», «Оқу- тәрбие», «Балалар», «Ресми», «Сыртқы хабарлар», «Жалпы» сияқты бөлімдер бар. Осыған байланысты лайықты материалдар да басылды. Журналдың 1-ші санында «Тілектес» есімді автор «Жастардың міндеті» атты мақаласын жариялайды. Мақалада жастардың болашақта атқаратын басты міндеттерін тізіп берді. «Заман заңы бойынша болашақ жастардікі. Жастар бала емес, аға болды» деп, жастарға зор үміт артады, сенім білдіреді, «Осы күні жастардың оқымағандығынан көріп жүрген қорлығымыз көп, надандықты салт қалып бара жатқандар да бар. Жастардың ұйымы мұндаймен бар күшімен күресу керек. Жастардың міндеті көп. Әсіресе ең басты міндет – олар оқу керек»,- деп жазады [119, б. 11].

«Жас қазақ» журналының мазмұны жақсарып, онда саяси мәні, жастарға тәрбиелік маңызы бар материалдар көптеп жариялана бастады. Е. Алдоңғаров, Б. Майлин, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, С. Дөнентаев М. Мурзин, Ж. Сәрсенбаев, С. Сәдуақасов, И. Игенов және т.б. жастар мәселесіне қатысты түрлі мақалалар жариялады.

Журналдың редакторы ретінде Ерғали Алдоңғаровтың есімі аталады. Ал Смағұл Сәдуақасов 1923 жылы «Жас қазақ» журналының шығарушылар алқасының құрамына енеді [93, б. 7].

Ерғали Алдоңғаровтың журналдың шығарушы редакторы болған қызметі жөнінде жазылған естеліктер мазмұнында оның әдебиетті ерекше жақсы көргенін оқимыз. Сол әдебиет арқылы жасөспірім балаларды тәрбиелеп жүргені туралы деректер де кездеседі. Ерекше сүйген ісі баспасөз болған. «Ерғали баспасөз жұмысын сүйеді. Бұған беті-қолы, аузы-мұрнын баспахананың қара бояуына бояп, көк түтінге шашалып, баспа жұмыскерлері арасында газет-журнал жұмысында жүргені дәлел» [120].

Бұл орынды пікір, даусыз шындық екенін профессор Т. Қожакеев Ерғали Алдоңғаров жайлы жазған «Аққан жұлдыз» естелігінде былай дейді: «Ол жастарды топтастырудағы, баулудағы әдебиет пен баспасөздің рөлін жақсы білді. Олар үшін газет-журналдар шығарып, «жаман қара балалардан» жас тілшілер тәрбиеледі» [72, б. 197-198]. Жастармен жұмыс ұйымдастыра білген Е. Алдоңғаров жастардың намысын қайрап, сауатсыздықпен күрескен.

«Жас қазақ» журналының барлық сандарында бүркеншік атпен жазылған мақалалар көптеп кездеседі. Профессор Т. Қожакеев Е. Алдоңғаровтың бүркеншік есімдері ретінде: «Шұбартеңіз баласы», «Тамшы», «Қорғалшы»,

«Сартай», «Ер», «Е. А.» бүркеншік аттармен әр жанрда жиі жазған Ерғалиды замандастары жас әдебиетіміздің аз уақытында «Көп еңбек сіңірген еңбек батыры», деп біледі [72, б. 198]. Журналдың шығарушы-редакторы ретінде танылған Ерғали Алдоңғаровтың өмірбаянына қысқаша тоқтала кетсек.

Ерғали Алдоңғаров Қостанай облысы, Қарабылық ауылындағы Шұбартеңіз ауылында 1901 жылы туылып, 1930 жылы Тройцк қаласында дүние салады [72, б. 198]. Ресми журналистік қызметін Ерғали Алдоңғаров 1921 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетін ұйымдастырып, шығарысудан бастайды. «Еңбекшіл қазақты» аяғынан тұрғызып... не қиыншылыққа шыдап, басқарманың бар жұмысын мойындарымен сүйреп, қызмет істеген, 21-22 жылғы «Еңбекшіл қазақтың» өзегі мына төмендегі үш жолдас еді», деп жазып, Жүргенұлы Темірбектің, Байділдәұлы Әбдірахманның және Алдоңғарұлы Ерғалидың суреттерін басқан [121].

1921 жылы комсомол орындары оны Түркістан жастарының «Жас қайрат» газетіне редакторлық қызметіне жібереді. «Жас қайрат» газетін бір жолға қойған соң комсомол ұйымы Е. Алдоңғаровты Орынборға қайта алдыртып, «Жас қазақ» журналын шығарту жұмысын тапсырады. 1923 жылы қазан айында шыққан 1- санында: «Осы күнге дейін жас ұрпақтың басын уландырып, «кірсіз көңіліне ашытқы салып, жүрегін айнытқан» тоғышарларға, қара басының ғана қамын ойлайтын өзімшілдерге, байшылдарға, саясаттан қашық саудагерлерге, жалған ұлтшылдарға, жалпылдақ жарамсақтарға, сөзқұмар бөспелерге қарсы қайран қылар, өткір тұмсық қаруымыз – Маркстің ілімімен қаруланған төңкерісшіл жастар, кедей ұл қыздары. Сондықтан оларды тәрбиелеу, өнер біліммен қаруландыру – бүгінгі таңдағы зор міндет. Бұл орайдағы олардың көзін ашатын мектебі – еңбекшіл жастардың өз әдебиеті, өз баспасөзі», деп көрсетті. Осы айтылған міндеттер расында да жастар арасында ерекше қозғау салған. Жастар баспасөзінің енді қалыптасқан кезеңінде журналдың тәрбиелік мәні ерекше болғаны даусыз.

Журнал беттерінде қазақ жастары, оның ішінде қазақ қыздарының мәселелері жан-жақты көтеріліп отырды [119, б. 30-40]. «Жастар ұйымының қазақ қыздарын ұйымдастырып, оларды тәрбиелеу жолындағы міндетті жұмыстары» атты «Жөнеу» деген бүркеншік есіммен берілген көлемді мақала басылады. «Осы уақытқа дейін қазақ қыздары арасында ешбір жұмыс басталған жоқ. Әрине, бұған бірнеше себептер бар: қазақ қыздары жасынан малға сатылып, надан, қараңғыда қалып, өздеріне берілген бостандық үшін жүзеге шығаруға белсене жұмысқа кірісуге, білім күші жоқтығы. Бірлі-жарым оқыған көзі ашық қазақ қыздары: әйел бөлімінде жұмыс етсе де, жастар ұйымының жұмысына араласы жоқ, болса да аз», деп қазақ қыздарының қоғамдық жұмыстарға араласу, білім алу мәселелерін қозғайды [119, б. 30]. Жастар арасындағы қазақ қыздарының қоғамға араласуы, ер азаматтармен қатар білім алуын қолдап жазған

журналдың қазақ әйелдеріннің арасында беделге ие болғанын да айта кеткеніміз жөн.

«Жөнеу» деген бүркеншік есімге келетін болсақ, ол журналдың жауапты хатшысы Аманғали Сегізбаевқа тиесілі екені мәлім [72, б. 48]. «Жас қазақ» журналында «Әйелдер бөлімі» бойынша «Қазақстандағы комитет жастар ұйымына ескерту», «Қазақ қыздары», деген Жанәліқызының мақаласы басылады. «Қазіргі уақытта бүкіл Қазақстанда аймаққа кірген қыздар жүзге алтау ғана. Қызметке қатынасып жүрген қазақ қыздары болса, бір-ақ проценті болар, міне, осы себептерді еске алып, октябрь айында болып өткен аймақтық еңбекшіл жастар комитетінің II-ші жиылысында мынадай қаулы шығарылды:



  1. Губерниялық жастар ұйымы әр шақта ауыл қыздарынан қызметкерлер дайындап отырсын.

  2. Бұл қызметкерлер әйел бөлімімен қатынас жасап партияда жоқ қыздардың арасында түрлі жиылыстар құрып, жастардың барлық уставымен таныстырып, жастар ұйымына қызық жағынан бейімделсін.

  3. Әйел бөлімімен істесіп, әр түрлі үйірмелер өткізсін, мысалы, сауатсыздықпен күресу, әдебиет үйірмелері тағы тағылар.

  4. Ел ішіндегі ескі әдеттерді жоюға шын ниеттерімен кіріссін. Мысалы: Ел арасындағы зорлық, жас қыздарды малға сату тағы сол секілді.

Міне, осы айтылғандар туралы губерниялық, жаңа болыстық жастар ұйымына пленум міндетті қылып отыр. 24-нші жылға шейін комсомолға алынатын қазақ қыздары жер жерге былайша бөлініп отыр:

    • Орынбор 50 қыз ұйымдастырылсын (мұнда қазақ аз болған себепті аз түсіп отыр);

    • Семей 200 қыз ұйымдастырылсын;

    • Ақмола 200 қыз ұйымдастырылсын;

    • Ақтөбе 100 қыз ұйымдастырылсын;

    • Орал 100 қыз ұйымдастырылсын;

    • Қостанай 100 қыз ұйымдастырылсын;

    • Бөкей 200 қыз ұйымдастырылсын;

    • Адай 80 қыз ұйымдастырылсын; Барлығы: 2400 қыз ұйымдастырылсын.

Мұның ішінде 1400 қыз басқа ұлттардың үлесінде, мың қыз қазақ үлесіне тиеді. Қараңғылықтың уысынан шыға алмай жүрген қазақ қыздары! «Біздің бірінші міндетіміз: Байларға қарсы күрес ашып, коммунизм дәуірін орнатуға адал ниетімізбен кірісуіміз керек. Біздерге осындай дәуірде, Ленин жолына түсіп, өз хақымызды жақтауға, әлеумет тәрбиесін алуға комсомолдан дос ұйым жоқ. Ұйымға асығыңдар!» - деген ұран тастайды [122].

Мұқамбет Қанапия Қазанқапұлының «Баспасөз» мақаласында қазақ жеріндегі баспа өнерін үйрену, алғашқы баспа өнімдері жайында жазылған [119, б. 27]. «Қазақ тарихынада болмаған ең бірінші баспа өнерін үйрететін 23 балалық курс ашылып, өнер курсына оқушы алып, кедей қазақ балалары курстың ашылғанына үш-төрт ай болса да осы күнде олар істерін жақсы түсініп, жаңа бірнеше кітаптар да басып шығарды. Бұл курсты Қазақстанның қазақ кедейіне

шақырған көп еңбектің ішінде тиісті жеміс берген үлгілі курс деуге болады. Қазақстан баспасөзі үстіміздегі 23-жылдағы төменде айтылған мынандай кітаптар шығарды:


  1. Қазақ календары;

  2. I-ші тіл құралы;

  3. II-ші тіл құралы;

  4. III-ші тіл құралы;

  5. Қирағат кітабы;

  6. Педагогика;

  7. Саяси кітапша;

  8. Денсаулық;

  9. 4-жылдық мектеп программасы;

  10. Асау тұлпар;

  11. Қызыл сұңқарлар;

  12. Алтын сақина;

  13. Салақ қыз;

14. Қазақша [119, б. 28-29].

Журнал беттерінде танымдық мақалаларға да орын берілген. «Өнер, білім» бөлімінде «Жер» деген танымдық мақалада «Арқа» атты автор былай депті:

«Бұрынғы заманның оқығандарының күні егер жер домалақ болса, онда жердің астындағы адамдардың басы төмен, аяғы жоғары қарап тұру керек. Олардың біліп деуінің «мәнісі» бұлар әлемде жоғары, төмен деген сөздердің жоғын біздің төмен деп айтатынымыз, жердің ортасына қарай деген сөз екенін және адам баласы қай жерге барса да, аяғы төмен, басы жоғары қарап тұратынын сезбеген, болжап шеше алмаған», дей келе, «Марстан ары Сатурнға барсақ біздің жер көрінбейді. Күнге сонша жақын тұрады да күннің сәулесінде жоғалып кетеді. Күн тұтылғанда ғана жерді кішкене жұлдыз сықылды көруге болады. Сатурннан ары кетсек Жер шеті көрінбейді. Біздің Күн мен оның айналасындағы айтылып жүрген планеталар әлемінің бір бөлігі», деп мақаласын аяқтайды [122, б. 40].

Аспан денелері жайындағы танымдық дүниелердің жастар басылымында басылуы журналдың ғылыми-танымдық қызметін танытады. Жастарды астрономия ғылымына қызықтырады. Осындай тақырыптар арқылы оқушыларына жаңа білім береді.

«Жас қазақ» журналының біріктіріліп шыққан 12,14-ші санының 42 бетіндегі «Қазақша сөздер аттары» мақаласын жариялайды. Мал шаруашылығымен айналысатын халық, біртіндеп егін егумен, жерді игерумен шұғылдана бастайды. Осы кездері ауылшыруашылық саласына еніп жатқан сөздерді қарапайым халық ұғымына таныстыру мақсатында оның қазақ тіліндегі және орыс тіліндегі тұрмыстық атауларын басады:


  1. Ақ селек боз - Перистые ковыл.

  2. Ақ жол - Ива лядебура

  3. Айыр ағаш - Веник обыкновенный

  4. Ақ мамық - Атропис дистанс

  5. Ай жарық - Элуропус металарис

  6. Ақ мая - Тухмян

  7. Ақ жайсан - Полынь морская» [122, б. 97].

Журналдың қай санын алып қарасақ та, жастар мәселесі алдыңғы орында.

«Жастар арасындағы жұмыс» атты мақалада жастар арасында жүргізіліп жатқан жұмыстың қиындығына тоқталады. Бірінші мәселе – ол жұмыс қолының жетіспейтіндігін, жұмыс болса жастардың тәжірибесінің жетіспеушілігін мәселе етіп көтеріп, оқырманға ой салады. «Жұмыстың болуы үшін нешелер өткерілген әдістер керек. Жұмыстардың тәжірибелері керек. Бұлар жоқ. Сондықтан тап осы уақытқа шейін жалшылар арасында жұмыс күшінде кедей жүрмей келді. Енді бұдан былай қарай жалшы жастар арасында жұмыс істейтін ұйымдарымен бірігіп істегелі отырмыз. Оқушыларды пайдаланып губерниядан ашылғалы тұрған «жарлы» ұйымдарын күшейтуге талап бар» [122, б. 97].

«Жас қазақ» журналында Жүсіпбек Аймауытовтың жазғандарын байқаймыз. Әсіресе, журналдың біріктіріліп шыққан 5-6 сандарындағы

«Орынбордағы қазақ институты, оқушылары ортасындағы саяси-ағарту ережесі», ұйым мақсаттары жарияланады. Бұл ереженің жалғасы журналдың келесі 7-8 сандарының «Ағарту-білім» бөлімінде де басылған [123].

Журналда «Орынбордағы қазақ институты, оқушылары ортасындағы саяси-ағарту ережесі» жарияланған. Ұйымдарды «Саяси- ағарту үйірмесі» деп төртке бөледі:


  1. Әдебиет үйірмесі;

  2. Театр үйірмесі;

  3. Ән-күй үйірмесі;

  4. Саясат үйірмесіне бөліп оның барлық жұмыстары театр ұйымдарынан түскен ақшадан, еркін жәрдемнен құралады» [124].

Үйірменің құрлысы ретінде «Әдебиет» үйірмесіне баса тоқталған.

Әдебиет үйірмесінің мақсаты:



    • «Жазуға қабілеті бар балалар күндегісін күнде, көрген білгенін, естігенін жазып отыратын, күнделік дәптер болса тым жақсы, күнделікке жазған сөздерін: ауылдастарының, жолдастарының, қызметшілердің мінез құлығы туралы күнделікті жазып балаларға жүгіртіп жазуға да, әр кім өзі үшін жазуға да болады.

    • Жазба газет, журнал шығар: мазмұны көбінесе оқу, білім, әдебиет жағына аударлығаны жөн. Газет журналды бастыруға қымбат, қолдан жазу көбейтуге күш, уақыт керек. Сондықтан, көбейту үшін түрлі саймандар тауып алу керек.

    • Халық аузындағы мысқыл сөздері, ертегі, мақал, жұмбақ, тақпақ, жыр, һәм билердің, ақындардың батырлардың сөздерін, әңгімелерін жинап, жазып, жолдастарына да соны тапсырып, жиналған сөздерді әр кітап, газет-журналдарға басу, яки оқу мекемелеріне сату.

«Оқу институттары қасындағы оқушылар арасындағы саяси ағарту үйрету мақсаты» мақаласы 7-8 санының 41,42,43-беттерінде басылған, басы 5-6-шы сандарда деп басталатын мақалада былай деп жазылған:

  1. Театр жайымен танысып білу;

  2. Талапкерлерге театр өнерін түсіндіру.

Осы мәселемен істелетін істердегі ән- күй үйірмесінің мақсаты:

  1. Неше түрлі әндерді шәкірттерге көп айтқызып, дауысын күшейтіп, құлаққа жағымды келтіруге тырысу;

  2. Қазақ күйлерін, жырларын, домбыраға яки басқа мәдениетті жұрттардың аспаптарында шертіп, тартып үйрету;

  3. Қазақ домбырасының дауысы театрларда естілмейді. Домбырамыз өнер бағып, ілгері басқанша Европаның аспаптарынан қашу жарамайды. Шама келгенше, мүмкінді болса, Еуропа аспаптарына үйрету керек. Мәселен, гитара, мандалина, флейта, сыбызғы, труба, рояль тәрізді» [123, б. 41-43].

Жас қазақ журналының сәуір-мамыр айларында біріктіріліп шыққан 7-8 сандарының 17-бетінен Жүсіпбек Аймауытовтың «Тұңғиық теңіз астында» деген (Өлеңмен жазылған сөз) аудармасы басылған. Бұл өлең туралы Жүсіпбек Аймауытовтың «төл туындысы» деген жаңсақ пікірлерді де байқаймыз.

«Жаңа бір қызық стильде жазылған өлең – «Тұңғиық теңіз астында». Бұл өлеңнің жаңалығы – қазақ өлеңіне үйреншікті сыртқы ұйқасты сақтауда емес, ішкі ырғақ байлығында. Ол ақ өлеңмен жазылғандай еркін оқылады. Ақын суды тіліп, көк теңізде келе жатқан кемені теңіз тулап мерт еткенін әдемі суреттермен береді»,- дейді ҰҒА академигі, филология ғ.д., профессор С. Қирабаев [125].

Ал біз, ҚР Ұлттық кітапханасының «Сирек қолжазбалар» қорында сақталған «Жас қазақ» журналының түпнұсқасынан «Тұңғиық теңіз астында» өлеңінің астынан «Аударған Жүсіпбек» деген жазуды оқыдық. Бірақ журнал басқармасы өлеңнің бас иесін анық жазбаған. Жүсіпбек Аймауытовтың баспасөздегі бүркеншік есімдерін қарастыратын болсақ, зерттеуші ғалымдардың мына деректеріне жолығамыз: «Ғалым Бейсенбай Байғалиев 1989 жылы

«Жүсіпбек Аймауытовтың бүркеншік есімдері» деген арнаулы мақала жазып, оның «Қызылтаулық», «ЖК», «Қызылбас», «Жанақ», «Келешек», «Тоқашбай»,

«Екеу» деген бүркеншік есімдерін атаса, сол жылы ғалым Т. Қожакеев бұларға қоса публицистің «Ермағамбет», «Қып-қызыл», «Шоғарақы» деген тағы үш бүркеншік атын көрсетеді. Ал жүсіпбектанушы ғалым Н. Қуантай өзінің «Алаш Орда баспасөзі және Жүсіпбек Аймауытұлы» еңбегінде «Қызылбас» екі ғана әңгімесінде («Томарбай мен қатыны» және «Жаңабайдың жанындағы трагедия») қолданған аты»,- деп көрсетеді [21, б. 16].

Ж. Аймауытовтың «Томарбай мен қатыны» және «Жаңабайдың жанындағы трагедия» шығармалары «Қызылбас» деген бүркеншік есіммен журналдың 7-8 сандарында басылған.



«Тамшы», «Сартай», «Шұбартеңіз баласы», «Қоғылшы» бүркеншік есімдері журналды шығарушы Е. Адоңғаровқа тиесілі [72, б. 48]. «Тамшы» бүркеншік есімдермен Ерғали Алдоңғаровтың «Мектептегі біздің бір жұмыс», «Шұбар теңіз баласы» атымен «Жастар ұйымының жол жобасын үйрену керек» деген мақалалары басылған.

Журнал шығарушылардың мақсаты – журналды шығарып қана кою емес, оны оқырман қолына жеткізудің жолдарын да қарастыру. Сондықтан да, басылым беттерінде «Жас қазақ» журналының алушыларына өтініштер

басылған. Мәселен: «Әрбір губерние уездерінен «Жас қазақты» алдыртып тұрушы жолдастар! Ақшаларын тезірек басқармаға жіберуі тиіс. Ақша жіберілмесе бұдан былай журнал жіберілмейді. Жаңадан алушыларға журнал бағасы:

1-айға 30 – тиын; 2-айға 60 – тиын; 3-айға 1- 80 тиын;

6 айға 3- 60 тиын.

Жеке нөмірі 30 тиын, Ұйым ячейка үшін алдыртушыларға – 25 тиын, газет журнал басқарламаларымен тегін айырбасталады.

Басқарманың адресі: Оренбург, Троицкая 37, обкомол, редакция журнала

«Жас қазақ». Тираж 1500 дана» деген жарнамалық хабарландыру басылып отырған [123, б. 64].

Тұжырымдай келе, «Жас қазақ» журналы жастар арасында үлкен ықпалға ие болғанын бағамдаймыз. 1923 жылдың қазанынан жарыққа шыққан журнал 1925 жылға дейін өмір сүріп, 13 саны жарыққа шықты. «Жас қазақ» журналы жастар арасында кең тараған, жастар мәселесін үндеу арқылы жастарға ой сала отырып, оларды жұмылдырып, армандарына қанат бітірген тұңғыш жастар журналы деуге негіз бар.



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет