Джек Лондон. Мартин Иден Бірінші тарау



Pdf көрінісі
бет13/47
Дата23.08.2024
өлшемі1.82 Mb.
#503209
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   47
Martin Iden Dzhek London

Он үшінші тарау
Əдетте, күн ыссыда, Сити-Холл-паркте жиналып жүретін жұмысшы
сөзуар социалистер мен дағуа философтар үйірмесіне əлдеқалай кездесе
кеткен Мартин аяқ астынан зор жаңалық ашқандай болды. Айына екі рет
парктен көктей өтіп, кітапханаға бара жатқан бетінде əдейі велосипедтен
түсіп, солардың пікір таласын тыңдайтын еді жəне əрдайым кетіп қалуға
қимайтын да. Бұлардың сөз сарыны мистер Морздың дастарқаны үстінде
айтылатын əңгімеден өзгеше, сөз таластырушылардың өздері де абыройын
тым жоғары ұстайтын сонша бір маңғаз адамдар да емес. Аузына келген
сөзін ірікпей, бірін-бірі тілдеп, кекетіп-мұқатып, іреп-сойып жатады. Бір-
екі рет өзара қызыл шеке болып қалысты. Дегенмен, неге олай екенін анық
аңғармаса да, Мартин осылардың ұзақ-сүре сөздерінің жаны барын сезді;
олардың айтқандары мистер Морздың жайбарақат, байсалды догматизмінен
гөрі күшті əсер ететіні анық. Ағылшын тілін өрескел бұрмалап нақұрыс
адамдай қолдарын құлаштай сермеп, əріптесіне тағыларша тарпа бас
салатын осынау жандардың өміршеңдігі мистер Морз бен оның досы
мистер Бэтлерге қарағанда анағұрлым басым сияқты.
Мартин осы жиыннан Герберт Спенсердің есімін талай естіген. Бір күні
жиынға соның жолын қуған шəкірті де келді. Ол көйлегі жоғын көрсетпеу
үшін жыртық курткасының жағасын қаусыранып алған, өңеші сорайған,
ұсқынсыздау кезбе екен. Керіс сөз əбден ушықты, папиростың түтінінен
айнала көкала тұман, насыбайдың түкірігінен аяқ асты былғаныш болды.
Кезбе де əккі болған сұм екен, ешкімге сөзін жіберген жоқ, тіпті,
жұмысшы-социалистердің бірі: «Танымағаннан өзге тəңірі жоқ, Герберт
Спенсер соның пайғамбары-дүр!» деп кекеткенде де сөз тауып, аяғын
шалдырмай кетті. Айтыстың не туралы болып жатқанын Мартин анық
түсінген жоқ. Бірақ Герберт Спенсер көкейінде қалған екен. Кітапханаға
келгесін, жаңағы кезбе аузынан тастамай айта берген оның «Негізгі
бастамаларын» сұрастырды.
Ұлы жаңалық, сірə, енді ашылмақ. Мартин бұған дейін де бір рет талап
еткен, бірақ, қолына «Психология негіздері» түсіп, Блаватская ханымның
шығармасын оқығандағысындай ол тұста да сəтсіздікке ұшыраған еді.


Кітаптың ешбір сөзіне түсіне алмай, оқымастан қайтарып берген. Ал бұл
жолы алгебра мен физикадан соң жəне сонетімен ұзақ уақыт əуреленіп
болғаннан кейін, ол төсегінде жатып, «Негізгі бастамалардың» бетін ашты.
Таң сарғайғанша оқыды оны. Ұйқы деген қашты. Сол күні жазу да жаза
алған жоқ. Жанбасы сырқырағанша жатып оқи берді; бір кезде жалаң
еденге жатып, кітапты біресе басына көтеріп, біресе шынтақтап жатып
оқыды. Келесі күні ғана түнде ұйықтады, ертесіне жазуға отырды, бірақ,
қайта-қайта есіне түсіп, əзəзілдей иектеп қоймағасын, тағы кітап оқуға
кірісті де дүниенің бəрін, тіпті, сол күннің кешінде Руфьке баруға тиіс
екенін де ұмытып кетті. Тек Бернард Хиггинботам есік ашып: əй, сен осы
үйді ресторан көріп жүрген жоқпысың,— дегенде барып есі кірді.
Мартин Иден барынша білімқұмар. Ол көп нəрсені білмекке ынтық
болуынан да жиһанкез-теңізші кəсібін қалаған ғой. Ал осы Спенсерді
оқығаннан бері əлі ешнəрседен хабары жоқ екенін түсінгендей, теңіз бетін
қаншама шарласа да татымды білім алмасына көзі жеткендей болды. Бұрын
ол заттардың байыбына бармай, тек бетімен сырғанай берген, дара
құбылыстарға ғана зер салған, жеке фактыларды жинастырған, кей-кейде
кездейсоқ қорытындылар жасаған, сөйтіп олардың өзара байланысын
білмекке ұмтылмаған, өзіне кездейсоқ оқиғалардың құбылмалы
шытырманы сияқты көрінген кең дүниені ол бір жүйеге келтіруді
ойламаған. Ұшып бара жатқан құсты көрсе, мысалы, көбінесе оның ұшу
механизмі жайлы ойланып, тірі мақұлықты осылай ұшу халіне жеткізген
даму процесін мүлде елемеген. Ондай процесс бар-ау деп білмеген де. Құс
жүре-жүре, даму нəтижесінде «пайда болады» деген ұғым ақылына
келмеген. Құс қашаннан бері «бар» деп сенім келтірген де, сонымен
тынған.
Құс туралы ұғымы қандай болса, басқа дүние жөнінде де түсінігі
сондай болған ғой. Білімі болмаса, ойлануды дағды етпесе, адамның
философиялық ақыл қорытпақ əрекеті де сəтсіз үміт қалпында қала бермек.
Канттың ортағасырлық метафизикасы оның көзін ашқан жоқ, қайта өзінің
ақыл-парасатына күдігін күшейтті. Эволюция теориясын Роменстің тек
маман адамға арнаған кітабынан оқып білемін деп, тағы бір сəтсіздікке
ұшырағаны бар. Оны оқығандағы алған бір ғана əсері — эволюция
дегеніміз құрғақ педанттардың теориялық дерексіз қиялы туралы
мағынасыз мыжыма ғана. Қазір эволюцияның ондай жалаң теория ғана
емес, жалпы жұрт мойын ұсынған даму заңы екеніне көзі жетіп отыр; ал
оқымыстылар арасында ара-тұра əлі талас туа беретін болса, ол


эволюцияның формасы туралы жеке нақты мəселе жөніндегі пікір таласы
ғана екеніне сенім келтірді.
Міне, сөйтіп жүргенде оған Спенсер-сынды оқымыс кезікті. Ол əлгі
шым-шытырықтың бəрін біріктіріп, бір жүйеге салып берді, тиісті
қорытындылар жасады. Сонымен, матростардың зеріккенде əдемілеп
қолдан жасап, шыны қобдишаға салып қоятын кішкентай корабль
модельдері сықылды Спенсер бүкіл дүниені бүге-шігесімен түп-түгел
тəртіпке келген нақты түрінде Мартиннің көз алдына айқын келтірді. Ол
күтпеген кездейсоқ ешнəрсе қалдырған жоқ. Бəрі де өзінің заңды ретімен
шашаусыз үйлесті. Енді осы заңға бағынған құс көкке ұшты; сол заңға
бағынышты əуелгі ылбыраған плазма бүлкілдеді, қозғалды, қимылдады,
қыбырлады, ақыры бір заманда аяқ пен қанат бітіп, құс болып əуеге ұшып
кетті.
Мартин ой-санасында бір шыңнан бір шыңға шығып, ақыры оның асқар
құзарына көтерілді. Сонау заңғар биіктен заттардың тұңғиық сырын тауып,
танымына таңғажайып мас болды. Түн ұйықтаса, түс көрді, түсінде
айбынды елестер қаумалаған құдайтағаланың қауымында жүрді. Күндіз
ұйқылы күйде жүрген адамдай əрең-сəрең, тек Спенсер ашқан дүниенің
бейнесі бұлдыраған көзі алдында сағымдай толқиды. Ac ішкенде стол
басында бір күндік ұсақ нəрселер жайлы таласқан не айтылған сөздерді
құлағы шалмайды, өйткені, ақылы көзіне ілеккеннің себепті
байланыстарын тауып, азапты, шытырман ой өрмегін тоқтаусыз тоқи
береді. Тарелкеде жатқан еттен күн нұрының қуатын көргендей болады.
Онан кері жүйелей келе, түрлі өзгерістер арқылы бүкіл ізін барлап, ақыры
миллион миль жерде жатқан соның түп қазығын, шығар көзін іздеп табады
немесе осы ізді қиялымен онан əрі жалғастырады. Ет кескенде өз қолының
бұлшық еттерін қозғап тұрған күш хақында, оған əмір беріп тұрған миы
туралы ойға шомып, ақыр аяғында өз миынан да күн нұрының қуатын
тапқандай сезінеді. Осылайша ойға шомып кеткен Мартин Джимнің:
«Мына сорлының ақылы ауысқан шығар» деген сөзін естіген жоқ,
апасының сектене қарағанын абайламады, мистер Хиггинботамның
бірнеше рет сұқ қолымен шекесін бұрандалағанын аңдамады.
Мартиннің, əсіресе ғажап, қалғаны барша ғылымның ара байланысы.
Дүниеде ол білім қуған адам еді де, жадына тоқығаны ақылының əр
түпкірінде жеке-жеке жатушы еді. Мəселен, бір түпкірінде теңіз жүзу өнері
туралы, енді бір қалтарысында əйелдер туралы əртүрлі мəліметтің өзара


байланыссыз толып жатқан үзінділері жататұғын-ды. Бірақ, сол
қалтарыстардың арасында қатынас болмайтын. Айталық, қояншығы
ұстаған долы əйел мен дауылға ұшыраған кеменің арасында байланыс бар
ма? Бұрын біреу бар десе, Мартин мүмкін емес, бұл қисынсыз нəрсе дер
еді. Ал Герберт Спенсер бұл арада ешқандай қисынсыздық жоқ екенін,
қайта осы екі құбылыстың арасында байланыстың болмауы мүмкін емес
екенін дəлелдеді. Дүниедегі заттың бəрі — аспан əлеміндегі жұлдыздар мен
адамның аяқ астында жатқан бір түйір құмның ең ұсақ атомына дейін өзара
байланысты.
Мартин үшін бұл таңқаларлық жайт. Ол енді біздің планетамыз түгіл
өзге планеталардағы заттар мен құбылыстардың байланысын табамын деп
əлек. Алуан заттың тізімін жасады, солардың арасындағы байланысын
тапқанша дамыл көрмеді. Сонымен, ғашықтық, поэзия, жер сілкінуі, от,
сылдырмақты жыландар, кемпірқосақ, асыл тастар, азғындық, күннің
ұясына қонуы, арыстанның ақырғаны, жарық газдар, каннибализм,
сұлулық, кісі өлтіру, рычагтар, тіреу нүктесі мен темекінің арасында да
байланыс бар болып шықты. Күллі əлем бір тұтас бүтін дүние болып
көрінді оған. Ол сиқыры мол, ит мұрыны батпайтын ну орман арқылы
белгісіз бір мақсатқа жетемін деп жүріп, адасып кеткен жолаушыдай дүние
əлемнің қалтарысы мен бұлтарысын, тұйығы мен түпкірін шарлап,
тəжірибелі барлаушы-жиһанкез адамша көрген-білгенін ұмытпай, картаға
түсіре берді. Неғұрлым көп аңғарған сайын дүниеге жəне сол дүниедегі
өзінің болмысына қайран қалды.
— Əй, ақымақ!— деді ол айғайлап өзінің айнадағы бейнесіне.— Сен
жазғым келеді деп едің, жаздың да ғой. Сонда не айтқың келіп жүр елге?
Нең бар еді айтатұғын? Бар болғаны баланың былдыры ма, əлде əлі күнге
толысып жетпеген шала сезімің мен сұлулық туралы бұлдыр
бірдемелеріңді паш еткің келе ме, немесе басыңдағы надандықтың қара
түнегін, ғашығы десе жарылып кете жаздайтын жүрегіңді жыр етпексің бе?
Бұған дейін мұнан өзге жəне ғашықтық сезіміңдей өлшеусіз зор,
надандығыңдай тым үмітсіз менменшілдігіңнен өзге айта қоярлық нең бар
еді? Əліңе қарамай сонда да жазғың келе ме? Не туралы жазу керек екенін
жаңа-жаңа аңғара бастаған жоқпысың? Сен сұлулықтың табиғатын
танымай жатып, оны өзім жасаймын деп лепірдің, өмір сырын жете
түсінбесең де, өмір туралы жазамын дедің. Ал өмір сен үшін əлі қытай
жұмбағы-ды. Не туралы жазсаң да қаламыңның ұшынан білместігіңнен
өзге ештеме шықпаса керек еді. Бірақ, күдеріңді үзбе, Мартин! Түбінде


жазып кетуге тиіссің. Аз да болса қазір білім алып қалдың. Тым тайыз екені
рас, бірақ бағдарың дұрыс, көп ұзамай білімің де арта түсешек. Талабың
жанса, күндердің күнінде жетіліп те кетерсің: əне, сол уақытта ғана жаза
бастағаның абзал.
Өзі ашқан осы зор жаңалығын ол Руфьке айтты, қуанышы мен үмітін
ортаға салды. Бірақ, Руфь еліге қойған жоқ. Тəрізі осының бəрі оған
бұрыннан мəлім нəрсе болғай. Өзін бұлан-талан қылған бұл жаңалыққа
Руфьтің салғырт қарауы шымбайына батқан жоқ, Руфь үшін мұның
жаңалық емес екенін біледі. Араласа жүре Артур мен Норманның да
эволюциялық теорияны қостайтынын аңғарды. Екеуі де Герберт Спенсерді
оқыған, бірақ, ол бұл екеуіне айта қалғандай əсер етпегенге ұсайды. Ал
Вилл Олни деген көзілдірікті, дудар шашты жігіт Спенсердің есімін
естігенде мырс етіп, бұрын бір естіген: «Танымағаннан өзге тəңірі жоқ,
Герберт Спенсер соның пайғамбары-дүр» деген кекесін сөзді қыстырып
қалды.
Бірақ Мартин оның мазағын кек көрмеді. Өйткені, Олнидің Руфьте
көңілі жоқ екенін сезе бастаған. Кейін толып жатқан ұсақ фактылардан
Олнидің ғашық болуы былай тұрсын, Руфьті жек көретінін байқады. Рас, ол
мұның себебін түсінген жоқ. Бұл əлемнің өзге құбылысына байланысы
жоқ, өмірде өте сирек ұшырайтын оқиға екен деп ойлады да қойды. Қайта
Руфьтің сүйкімді мінезі мен сұлулығын дұрыс бағалауға жігіттің
жаратылысындағы бір кемістігі бөгет болып жүр-ау деп аяды. Бұлар соңғы
кезде бəрі жиналып, жексенбі сайын велосипедпен серуенге шығатын
болған. Сонда Мартин Олни мен Руфьтің арасы керқайсаң екенін талай
байқаған. Олни көбінесе Норманмен əмпейлесіп, Руфь, Артур, Мартин
үшеуінен бөлектене беретін. Мартинге бұл қалып қатты ұнады.
Жексенбі сайын Мартин басынан бір емес, бірден екі қызық кешіреді.
Бірі — Руфьпен кездесуі, екіншісі — Руфьпен теңдес жастармен араласуы.
Бірақ, бұл жігіттердің оқып, жүйелі білім алғанымен, өзінен асып бара
жатқан ақыл-парасаты шамалы екен. Тек олармен əңгімелескенде тілі
төселіп, жақсы сөзге жаттыға түсетіні рас, сыпайы кісілер алдында адам
өзін қалай ұстау керек деген мəселені Мартин кітаптан іздеуді көптен бері
қойып кеткен. Ол оқығаннан да өз көзімен көргенін артық санады.
Əңгімеге ықыласы ауып кеткенде ғана болмаса, басқа жағдайда ол
қасындағы тəрбиелі деген жастардың жүріс-тұрысын, мінез-қалпын ұсақ-
түйегіне дейін байқап жүретін болды.


Мартин өзге жұрттың Спенсерді ықылас қойып оқымайтынына таң
қалды. «Герберт Спенсер,— деген бірде оған анықтама бөліміндегі
кітапханашы,— о, ол кемеңгер адам». Дегенмен кітапханашының өзі осы
ұлы кемеңгердің еңбегінен хабары шамалы екен. Бір күні Морздардың
үйінде түскі ас үстінде Мартин мистер Бэтлердің кезінше Спенсер туралы
сөз қозғаған. Сонда мистер Морз осы ағылшын философының
агностицизмін мансұқ еткен еді. Бірақ, ол əлі күнге Спенсердің «Негізгі
бастамаларын» оқымаған болып шықты. Ал мистер Бэтлер Спенсерді
қолына алса, зерігіп кететінін, сол себепті оның шығармасының əлі бір
əрпін оқымағанын, оқымаса да дүниеден құр қалмағанын айтты. Сонан
кейін Мартиннің көңіліне де күдік кіре бастаған. Егер ол өр мінез, өжет
адам болмаса, ел пікіріне еріп, бəлки, Спенсермен айналысуын қояр да еді.
Бірақ Спенсердің дүниеге көзқарасы айрықша нанымды, оның
шығармаларын оқымау теңізшінің карта мен компасын суға тастағанымен
бірдей болар еді. Сондықтан Мартнн эволюция теориясын оқи берді,
оқыған сайын дүниеге көзі де ашыла түсті. Спенсердің пікірін көп жазушы
құптайды екен. Оның шығармаларын оқыған сайын білімнің зерттелмеген
саласы ұшан-теңіз екеніне көзі жетіп, күн тəулікте жиырма төрт сағат қана
уақыт барына Мартин қынжылғандай да еді.
Бір кезде уақыт тапшылығынан ол алгебра мен геометрияны оқымауға
ұйғарды. Тригонометрияны бастаған да жоқ. Сонан кейін тізімінен
химияны сызып тастады. Енді бір ғана физика қалды.
— Мен маман емеспін ғой,— деді Руфьке өзінің осы ісін құптатқысы
келгендей,— жəне маман болғым келіп те жүрген жоқ. Ғылым деген ұшан-
теңіз, оның бəрін оқып білуге бір кісінің ғұмыры жетпейді. Менің, жалпы
білім алғым келеді. Ал арнаулы білім керек болса, кезінде тиісті кітабын
алып оқырмын.
— Бірақ, ол өз білгеніңдей болмайды ғой,— деді Руфь.
— Өз білгені қалай, оның керегі не? Біз əруақытта мамандардың
еңбегімен пайдаланып отырамыз. Маман деген сол үшін керек. Мысалы,
бүгін сіздің үйде мұржа тазартушылар жұмыс істеп жүр. Олар да өз ісінің
маманы, мұржаларыңызды жақсылап аршып кетеді. Ал сіздер пеш сала
білмегенмен таза мұржамен пайдалана аласыздар.
— Қойыңыз, бұл дəлеліңіз тым ерсі!


Қыздың көзі мен үнінен жігіттің бұл сөзін мақұл көрмей қалғаны, тіпті,
жаратпай жазғырып отырғаны байқалды. Мартин де іштей өзінікін дұрыс
деп отыр.
— Жалпы проблемалар жайлы толғанатын ғұламалар мен ақыл иесі ұлы
адамдар жеке мəселе жөнінде мамандардың пікіріне сүйенеді. Герберт
Спенсер де солай еткен, мыңдаған зерттеушінің ашқан жаңалығын
қорытқан. Ал осының бəрін өз ақылымен табу үшін оған бір емес, мың
ғұмыр керек болар еді. Дарвин де солай. Ол да кəдімгі бағбандар мен
малшылардың тəжірибесін қорытқан ғой.
— Сіздікі жөн, Мартин,— деді Олни,— əйтеуір, өзіңізге не керек екенін
жақсы білесіз. Ал Руфь олай емес. Қазір өзіне нақты не керек екенін ол
анық білмейді. Иə, иə солай, солай,— деді ол Руфьтің жауап қайтаруына
ырық бермей.— Мұны сіздің жалпы мəдениет дейтініңізді білемін. Керегі
осы жалпы мəдениет қана болса, не оқысақ та бəрі бір емес пе? Сіздің,
мəселен, француз тілін, неміс тілін немесе эсперантоны оқып үйренуіңізге
болар еді, өйткені бұлардың бəрі де «жалпы мəдениетке» жатады. Болмаса,
латын, грек тілдерін оқуыңызға да болады. Рас, осы тілдердің сізге қай-
қайсысының да түкке керегі жоқ, дегенмен жалпы мəдениетіңіз арта
берешек. Руфь байырғы ағылшын тілін екі жылдай оқыған, тіпті, жақсы
оқығанын білеміз. Ал қазір соның жадында: «Сəуірдің жаңбыри басталди»
деген бір ауыз сөзден басқа түк қалған жоқ. Солай емес пе? Бұл да, міне,
сіздің «жалпы мəдениетіңізге» қосылған үлес еді,— деді ол қарқылдап,
Руфьтің тағы да сөзін бөліп,— білем ғой, білем ғой. Екеуміз бір курста
оқып едік қой,— деді кидірмелеп.
— Сіздің мəдениет туралы айтқан сөзіңізге қарағанда мəдениет мақсат
емес, құрал деп түсінуге болады!—деді Руфь. Көздері шатынап, екі беті
теңбіл-теңбіл боп кетті.— Мəдениет ешқашан құнын жоймайды!
— Мартинге керегі ол емес.
— Ол кісіге не керек екенін сіз қайдан білесіз?
— Сізге керегі не, Мартин, айтыңызшы?—деді Олни жалт бұрылып.
Мартин сасқалақтап, жалынышты көзімен Руфьке қарады.
— Иə, айтыңызшы, бəсе, сізге керегі не,— деді Руфь.— Таласымызды


шешіп беріңізші.
— Əлбетте, маған мəдениет керек,— деді Мартин күмілжіп.— Мен
сұлулыққа құмармын. Мəдениет маған соны түсінуге, дұрыс бағалауыма
мүмкіндік береді.
Руфь басын шұлғып, масайрап қалды.
— Бос сөз! Əншейін айта салған сөз екенін өзіңіз де біліп отырсыз,—
деді Олни.— Мартинге керегі мəдениет емес, мансап. Бұл арада
мансабының мəдениетке байланысты болуы кездейсоқ нəрсе. Егер химик
болғысы келсе, мəдениет керек болмас еді. Мартиннің арманы жазушы
болу, тек сізді сөзден жығып бермеу үшін, шынын айтпай отыр. Оның
жазушы болғысы келеді, себебін білесіз бе? Оның себебі — Мартиннің
қаражаты жоқ, кедей. Ал сіздің байырғы ағылшын тілі сияқты «жалпы
мəдениетпен» неге бас қатырып жүргеніңізді білесіз бе? Оның себебі —
сізге өмірден орын іздеудің керегі жоқ. Мұның тауқыметі əкеңіздің
мойнында. Киіміңіздің ақшасын сол кісі төлейді, өзге қажетіңіздің бəрін
өтейтұғын да сол. Сіздің, менің, Артурдың, Норманның — бəріміздің алған
білімімізден қайыр бар ма? Қойны-қонышымыз толы «жалпы мəдениет»,
ал егер ертең əкелерімізден бақ пен дəулет тайса, бəрімізге де мектеп
оқытушысы болу үшін емтихан тапсыруға тура келеді. Сонда Руфь, ең
мықтағанда, село мұғалимасы немесе əйел пансионының музыка
оқытушысы ғана болмаса, басқа неге жарар екен.
— Өзіңіз қайтер едіңіз?—деді Руфь.
— Мен не қиратушы ем. Күніне бір жарым долларлық қара жұмысқа
жалданар едім немесе кілең кещелерді емтиханға əзірлеу үшін репетитор
болып, Хэнлидің кеңсесіне жалдануға тəуекел етер едім; «тəуекел» дейтін
себебім — мені бір жұмадан кейін түкке жарамайсың деп қуып жіберуі
мүмкін.
Мартин үндемей, əңгімеге құлағын салып отырды; Олнидің сөзі дұрыс
екенін сезеді, бірақ тым ағат кеткенін жаратқан жоқ. Осы əңгіме үстінде
ғашықтық туралы тағы бір ой түсті оған. Тегі, ақылдың ғашықтық сезімге
араласпағаны жөн екен деп ойлады. Ғашық болған əйелдің айтқаны дұрыс
па, жоқ бұрыс па,— мəселе онда емес. Ғашықтық ақылдан жоғары. Руфь
Мартинге мансап керек екенін, бəлки, түсінбейтін де шығар, бірақ онан


ажары айнымайды. Ол керемет сұлу қыз, ойының көркіне ешқандай
қатысы жоқ.
— Сіз маған бірдеңе дедіңіз бе?—деді ол ойын бөліп жіберген Олниге
қарап.
— Сіз латын тілін оқыр ма едіңіз?
— Латынша оқу мəдениет үшін ғана емес, ақыл шынықтыру үшін де
керек қой,— деді Руфь кескестеп сөзін бөліп.
— Кəне, айтыңызшы, Мартин, латынша оқыр ма едіңіз?—деді Олни
тағы да.
Мартин жалтара алмады. Жауабын Руфьтің де асыға күтіп отырғанын
сезді.
— Соған уақытым жетпей ме деп қорқам,— деді ол ақырында.— Оқыр
едім, мұршам келмейді.
— Көрдіңіз бе, Мартинге «жалпы мəдениетіңіздің» түкке керегі жоқ!—
деді масайрап Олни.— Оның көздеген мақсаты бар, ол — ел қатарына
қосылу, адам болу.
— Латын тілі ақыл шынықтырады ғой, тəртіпке салады ғой! Латын тілі
адамның ақылын жаттықтырады, тəртіпке салады!— деп өзеуреген Руфь:
пікіріңізді өзгертіңіз, дегендей Мартинге қарады.— Футболшылар ойынға
шықпай тұрып, əуелі дене шынықтырмаушы ма еді, жаттықпаушы ма еді?
Ойшылдар үшін латын тілі де сол сияқты. Ақыл шынықтырады.
— Пəлі! Бала кезімізде де осыны айтып, басымызды қатырушы еді!
Бізге керек кезінде айтылмай қалған бір шындық бар. Оған енді өз
ақылымызбен жеттік. — Олни отырғандардың құлағадн елеңдетіп алайын
дегендей, осы арада сəл кідіріп, салмақты үнмен:—Джентльмен латын тілін
оқуы керек, джентльменнің латын тілін білуі шарт емес,— деді.
— Мұныңыз əділдікке жатпайды. Сөзді осылай əзілге айналдырып
жіберетініңізді білгенмін,— деп Руфь шыр ете түсті.
— Əзіл болса да тауып айтқан жоқпын ба!— деді Олни.— Шыны осы


ғой. Латын тілін елде кім біледі,— аптека қызметкері, адвокат, латын
тілінен сабақ беретін оқытушылар. Егер Мартин дəрігер немесе авдокат
боламын десе — дауым жоқ, ал олай болған күнде Герберт Спенсердің
қажеті не оған? Мартин Спенсердің кім екенін жаңада ғана біліпті, бұған
төбесі көкке жеткендей қуанып жүр. Неге? Əлбетте, Спенсер оның бір
қажетіне жараған. Ал сізге Спенсер ештеңе бере алмайды, маған да солай.
Айта берсек, бізге ешнəрсенің керегі жоқ. Күндердің бір күні сіз тұрмысқа
шығасыз, мен болсам түк өндірмей, басымның ауған жағына кетемін:
себебі, мен үшін жұмыс істейтін толып жатқан сенімді кісілерім мен
басқарушыларым бар, олар əкемнен қалған капиталды менсіз өздері-ақ
меңгеріп əкетеді.
Олни үйіне қайтқысы келіп, есік алдына барды да, сол арада тұрып,
соңғы садағын атып жіберді:
— Мартиннің мазасын алмай-ақ қойыңыз, Руфь. Ол өз жайын өзі
білетін жігіт. Байқадыңыз ба, көп нəрсені түсініп қалған. Кей-кейде мен өз-
өзімнен ұяламын. Біздің латын, француз, ескі ағылшын тілдерін білуімізге
қарамастан, мəдениетімізге қарамастан, Мартин қазірдің өзінде Артурдан,
Норманнан, менен немесе сізден өмірді, өмірдегі өзінің адамшылық
қарызын анағұрлым айқын сезеді.
— Жоқ, олай демеңіз, Руфь менің ұстазым,— деді Мартин баяғының
серілерінше қызды қызғыштай қорып,— мен Руфьтің жəрдемімен ғана
оқып, білім ала бастадым.
— Əншейін сөз ғой!—деп Олни біртүрлі жақтырмай Руфьке қарады.—
Мүбəда, Спенсерді де осы кісінің ақылымен оқып едім дерсіз. Сене қойман
сөзіңізге! Менің атам заманғы Сүлеймен патшаның алмас кені туралы
білігім қанша болса, Руфьтің Дарвин мен эволюция жайлы түсінігі де
сонша. Осыдан бірнеше күн бұрын сіз Спенсердің тұрлаусыздық, елеусіздік
жəне біртектілік туралы пікірін айтқан едіңіз. Сол сөзіңіз маған төбемнен
түскендей болды. Осы жайды Руфьке айтып көріңізші — түсінер ме екен?
Жоқ, түсінбейді, өйткені, бұл «мəдениет» емес! Қысқасы, Мартин, егер
латын тілін жаттайтын болсаңыз жақсы көрмеймін сізді.
Мартин осы сөздерді ықылас қойып тыңдағанымен, ұнатпады. Əңгіме
оқу мен сабақ туралы, білімнің бастамасы жайлы болып кетті де, пікір
таласы жалпы мектеп төңірегінен ұзап кете алған жоқ. Əңгіме өрісі


Мартинді тебірентіп жүрген өмірдің əралуан құбылысына маңайлап та бара
алмағандай, бойындағы албырт күшін оятып, космостық толқуға түсіріп
жүрген зор мəселелердің деңгейіне жете алмағандай көрінді. Ол қиялында
бір жат елдің жағалауына толқын шығарып тастаған адамдай сезініп, өзін
сол елде көрген таңғажайып сұлулығын жергілікті тағы тайпалардың
тілінде айтып беруге дəрмені жетпей азап шеккен ақынға теңеді. Ол да осы
ақынның күйіне түсті. Қазір дүниежүзілік мəні бар ұлы шындықты
білмекке жанталасқан жанға латын тілін оқу керек пе, жоқ, керек емес пе
деген баланың сөзін тыңдауға тура келіп отыр.
—Бұл араға латын тілін əкеліп қыстырғандары несі!— деді ол өзіне-өзі
сол күннің кешінде айна алдында тұрып.— Мейлі, өлі жандар өлік
қалпында қала берсін. Оларға менің қатысым жоқ! Бірақ, сұлулық
ешуақытта өлмейді, өшпейді, мəңгі жасайды. Тіл дегендер дүниеге келер
болар, кетер болар. Олар өліктің сүлдері, елесі ғана емес пе.
Осы арада пікірімді дұрыстап айтып бере алатын болыппын-ау деді де,
кейін төсегіне жатқасын, Руфь барда аузына сөз түспейтінін түсіне алмай
біраз ойланды. Қыз алдында монтиып шəкірт болып кетеді, шəкіртше
сөйлейді, о несі?
— Біраз уақыт беріңіз маған,— деді ол дауыстап.— Иə, пұрсат қана
керек маған!
Уақыт! Уақыт! Өмірі осылай жалбарынумен-ақ келеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   47




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет