Бұл тапсырманы орындау үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 25.07.2012ж. № 300-ө-м бұйрығымен «Кейбір заңнамалық актілерге кәсіптік одақтардың қызметі мен еңбекті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Оның құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Министрліктер мен ведомстволардың, Бас прокуратураның, «Нұр Отан» ХДП, Заң шығару институтының, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің республикалық бірлестіктерінің, ХЕҰ-ның өкілдері кірді.
Осы уақытқа дейін жұмыс тобының 5 отырысы өтті, оларда еңбек заңнамасын, мемлекеттік қадағалау және бақылау заңнамасын Қазақстан ратификациялаған Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларына сәйкес кәсіпорындарда тексерулер өткізу бойынша жетілдіру мәселелері; Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен Қылмыстық кодексті заңсыз ереуілге қатысуға әдейі итермелегені үшін жауапкершілікті бекіту бойынша жетілдіру мәселелері; кәсіптік одақтар туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері; ҚР Еңбек кодексінің мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және мемлекеттік органдардың қызмет етуін қамтамасыз ететін адамдарға азаматтық қызметші мәртебесін беру бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қарастырылды.
Қазіргі уақытта қолданыстағы әкімшілік айыппұл салу жүйесі айқын емес және құқық бұзушылықтың анағұрлым маңызды құрамдарын бөлуге мүмкіндік бермейді, ал олардың нақты тұжырымдалмауы сыбайлас жемқорлық қауіптерінің туындауына әкелуі мүмкін.
Осыған орай, заң жобасында еңбек заңнамасын бұзғаны үшін, оның ішінде әлеуметтік араздықты тудырғаны, ереуілге мәжбүрлегені, жалақыны уақытында төлемегені, ұжымдық шарттарды орындамағаны және басқа да құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік құқық бұзушылықтардың құрамын нақтылап, әкімшілік айыппұлдың мөлшерін көбейту ұсынылады.
Бұл ұсыныстар жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың ауырлығы мен сипатын ескере отырып, маңызды құқық бұзушылықтар бойынша ғана әкімшілік жаза қолдануға мүмкіндік береді.
Айыппұлдар мөлшерін арттырудың қажеттілігі Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексі қабылданғаннан бері айыппұлдардың мөлшері қолданыстағы санкциялар бойынша өзгермегенімен байланысты.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында әділет органдарында заңды тұлға ретінде 800-ден астам кәсіптік одақтар мен 20 заңды тұлғалар бірлестіктері (қауымдастықтар, одақтар) тіркелген. Қазақстандағы кәсіподақтар қызметінің құқықтық негізі 1993 жылғы «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) болып табылады, оған қабылданғаннан бері 4 рет тиісті заңдармен елеусіз өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заңның жекелеген нормаларындағы орын алған кемшіліктер мен кездесетін түсініксіздеу анықтамаларға байланысты Заңның жекелеген нормаларына мынадай бағыттар бойынша жетілдіру ұсынылады:
кәсіподақтардың: бастауыш кәсіптік ұйым, салалық кәсіптік одақ, кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестігі, кәсіптік одақтардың республикалық бірлестігі түрлерін және қызметін регламенттеу;
- кәсіптік одақ құзыретін, кәсіподақ органдарын, бастауыш кәсіподақтарды құру тәртібін, кәсіподақтардың құқықтары мен міндеттерін көздейтін кәсіподақтың жарғысына қойылатын талаптарды бекіту;
- кәсіподақтардың республикалық, салалық, өңірлік деңгейде және ұйым деңгейінде әлеуметтік әріптестікті және диалогты дамытуға қатысуы;
- кәсіподақтардың мүшесі болып табылмайтын қызметкерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілдік берілген жағдайда олардың мүдделерін білдіруге; келіссөздер жүргізуге, келісімдер, ұжымдық шарттар әзірлеу және жасауға құқықтарын нақтылау;
- көрсетілген Заңда орын алмаған кәсіподақтардың міндеттерін, атап айтқанда еңбек дауларына жол бермеу, кәсіподақ мүшелерінің ішкі еңбек қағидаларын, еңбек тәртібін мүлтіксіз орындау шараларын қабылдау міндеттерін көздеу.
Бұған қоса, қазіргі таңда азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесінің жаңа моделі әзірленді, ол мыналарды енгізуді көздейді:
1) азаматтық қызметшілер лауазымдарын қызметкерлердің орындайтын жұмыс күрделігі, көлемі мен ерекшеліктеріне, білім деңгейі және кәсіби біліктілігіне қарай функционалдық блоктарға жатқызудың нақты өлшемдері көрсетілген лауазымдардың жаңа тізілімін енгізу;
2) әрбір функционалдық блок үшін жеке азаматтық қызметшілердің карьералық және кәсіби өсуін ынталандыратын салалар бойынша коэффициенттердің жаңа кестесін;
3) қосымша ақы және үстемеақы жүйесін оңтайландыру. Қолданыстағы қосымша ақы және үстемеақы жүйесі өтеу және ынталандыру төлемдеріне бөлінген.
Сондай-ақ азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесінің ұсынылып отырған моделіне әрбір қызметкердің жеке және жалпы ұйымның түпкілікті нәтижесі тәуелді болатын нәтижелер бойынша еңбекке ақы төлеуді енгізу жоспарлануда.
|