УДК 821. 512. 122.(0)
Әділханова Жанна Сайынқызы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
ЖОО дейінгі білім беру факультеті,
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы.
ӘДЕБИ БАЙЛАНЫС – ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
(ЛИТЕРАТУРНАЯ СВЯЗЬ – ЗАЛОГ ДРУЖБЫ НАРОДОВ)
Аннотация
В статье рассматриваются вопросы взаимовлияния между казахской литературой и литературой родственных народов. Автор останавливается на образцах произведений представителей различных народов, входивших в состав Советского Союза. Наряду с этим он обращает внимание на имеющий место после обретения независимости Казахстана в результате общественных, социально-политических изменений разрыв культурных и литературных связей. В статье делается общий обзор истории духовных связей народов СНГ и ведется речь о новых поисках в этом направлении. Взаимосвязь литератур является одним из главных направлений воздействия на сознание и духовный мир человека благодаря искусстве и силу художественной словесности. Именно на это делает упор автор данной статьи. Научная статья посвящена истории и теории литературы, литературным связям.
Ключевые слова:
Жанр, литературные связи, перевод, культура, влияние, направление, литература, поэзия, поиски.
Түйіндеме: Мақалада қазақ және өзге туысқан халықтар әдебиеті арасындағы өзара ықпалдастық мәселелері қарастырылған. Автор бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған әр түрлі ұлттың әдебиет өкілдері мен олардың шығармашылық байланыстарына арнайы тоқталады. Сонымен бірге Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары орын алған қоғамдық, саяси-экономикалық өзгерістер нәтижесінде өткен ғасырда жоғары деңгейде дамыған мәдени, әдеби байланыстардың біраз уақыт үзіліп қалғандығына назар аударылған. Мақалада ТМД халықтарының рухани ықпалдасу тарихына сараптамалық шолу жасалады және осы бағыттағы жаңа ізденістер жөнінде сөз болады. Cөз өнері, сөз құдіреті , құнды шығармалар арқылы адамзаттың сана-сезіміне, рухани дүниесіне игі-ықпалын тігізер оң бағыттардың бірі – әдебиеттердің арасындағы байланыс . Мақала авторы осы мәселеге назар аударады. Ғылыми мақала әдебиет тарихы мен теориясы, әдеби байланыстар тақырыбына арналған.
Кілт сөздер: Әдебиет,жанр,байланыс,аударма,тәуелсіздік,мәдени,ықпалдастық,бағыт,поэзия,ізденістер.
Abstract
The problems of cooperation between Kazakh and other CIS countries literature have been considered in the given article. The author researched creative relationship between ex - Soviet Union literary representatives. Also, she emphasizes the fact, that as a result of social, political, economical changes which took place after Kazakhstan had got its independence, highly developed cultural and literary relations of the last century have been slightly cut off. The author writes about the history of spiritual cooperation between CIS countries and new researches in this direction. One of the directions influencing through the art of word, its power, valuable works the relation between literatures. The article is devoted to the theme of relationship between literature history and theory.
Key words:
Literature, genre, relationship, translation, independence, cultural, direction, poetry, researches
Әдебиеттің дамуында ерекше орын алатын құбылыс, ол – басқа халықтар әдебиетімен байланыс орнату. Бір-бірінен үйрену, біріндегі жақсы үлгіні бір-біріне үйрету. Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейінгі уақытта туысқан елдер арасындағы байланыс нығая түспесе, кеміген жоқ. Осы тұрғыдан келгенде рухани байланыс қай уақытта да маңызды мәселе. Бұл күнде алыс-жақын шетелмен саяси-экономикалық байланыстар жақсы жолға қойылып отыр. Бұл мәселе жөнінен әдеби-мәдени іс-шаралар да сырт қалып отырған жоқ. Ел еңсесін көтеріп, рухани құндылықтарын жинақтап, болашақ ұрпаққа ата-баба мұраларын аманаттау ісіне жауапкершілікпен атқарылып жатқан жұмыстар баршылық деуге болады. Ал, әдебиеттегі байланыс кеңестер дәуірімен салыстырғанда көркем шығармалардың жазылуы да, оқырманның іздеп жүріп оқуы да, көңіл көншітпегенде, олардың аударылып, бүгінгі қоғамдық мәселелерді көтеріп жатқан шығармалар некен-саяқ. «Жалпы мағынасында алып қарағанда әдеби байланыстар бір әдебиеттің екінші әдебиеттің әлеміне кірігуі болып табылады. Мұндай кірігудің пішіні әр қилы. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері әдеби байланыстар жалпыәлемдік ауқымға ауысты да, әр халықтың әдебиетіндегі өзіндік белгіге, сонымен бірге әлемдік әдебиеттің өзіндік фактісіне де айналды», – дейді Н.И. Конрад . Басқа халықтың жан әлемін, оның мәдениетін, рухани дүниесін танып-білу арқылы өз мәдениетің мен өнеріңнің деңгейін парықтайсың. Әдебиет зерттеуші И.Г.Неупокоева халықтар арасындағы әдеби байланыстың мынандай түрлерін атап көрсетеді: Тарихи тағдырлары бойынша өзара жақын халықтар әдебиетінің (славян, скандинав, латын-американ әдебиеттерінің, Азия, Африка елдеріндегі халықтар әдебиеттерінің) өзара байланысы. Бір-біріне ұқсас тарихи жағдайда дамып жатқан әдебиеттердің (Кеңестік кезеңдегі одақтас елдер әдебиеті)байланысы. Тілдері жақын немесе әдеби тілі ортақ әртүрлі әдебиеттердің (ағылшын және американ, ағылшын және австралиялық, австралиялық және немістік, т.б. әдебиеттердің) өзара байланысы. Әртүрлі тарихи жағдайда және әртүрлі ұлттық көркемдік дәстүрлер негізінде дамығанымен, идеялық-эстетикалық мақсаты бойынша жақын әдеби бағыттардың ( кеңес әдебиеті мен социалистік елдердегі социалистік реализм әдістерінің) өзара байланысы. Тарихи бастау-тегі ортақ әдебиеттердің (тәжік және парсы әдебиеттері) байланысы. Тарихи тұрғыдан бір-бірімен аралас-құралас болған мәдениеттердің әлемдік тарихи үдеріске қатысын көрсететін өңірлік байланыстар . Осының бәрі айналып келгенде біртұтас әлем әдебиетін құрайды. Әдеби байланыстар рухани саланың әлемдік деңгейін танытатыны ақиқат. «Әлем әдебиеті» деген ұғымды алғаш Гете енгізген екен. 1827 жылы 15 қаңтарда ұлы ақын күнделігіне «Француз және әлем әдебиеті туралы айтып жаздырдым» деген қолтаңба қалдырады. Зерттеушілер ол күнді әдебиет үшін жаңа ұғымның туған күні санайды. Неміс ақынының тағы: «Поэзия – бүкіл адамзаттың ортақ игілігі, қай елде де, қай кезде де жыр жазылмай қоймайды. Егер біз өзімізге тақау ортаның шеңберінен шығып, сыртқа көз тастамайтын болсақ, онда тақуалық соқыр сенімге түсіп кетуіміз оп-оңай. Сондықтан да мен өзге ұлттардың не жасап жатқанымен ықылас қоя танысып отырамын. Ендігі жерде әлем әдебиетінің дәуірі келе жатыр, әр қаламгер сол дәуірдің таңы атуын тездетуге септесуге тиіс »,– деген сөзін әдебиетші қауым білуге тиіс.
Жер бетін мекендеген жүздеген, мыңдаған халықтардың рухани қазынасымен танысып, оның игілігін өз халқыңа көрсетуге жарасаң, ғалым үшін одан асқан бақыт болар ма? Қазақ әдебиетінде осы бағытта талмай еңбек еткен ғалымдар легі де жетерлік: М. Қаратаев, С. Қирабаев, Ә.Жәмішев, Р. Нұрғалиев,Б. Ысқақов, Ш. Сәтбаева, А. Мусин, Т.Ақпамбетов, Е. Лизунова, Р. Қайшыбаева, Р. Әбішева, С. Сейітов т.б. Оның шығармашылығының негізгі мақсаты – қазақ әдебиетінің туыстас елдер әдебиетімен тығыз байланыста болып, өзге елдердегі игілікті істерді игеру, өзімізді басқаға таныту болды. Бір ғана С.Сейітов осы бағытта: «Тоғысқан толқындар» (1975) «Туысқандық туғызған» (1979) /зерттеулер мен мақалалар/, «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» (1985), «Қазақ поэзиясындағы Маяковкий дәстүрі» (1966), «Қазақ-түркімен әдебиетінің байланысы» (2010) деген монографиялық еңбектер жазған. С.Сейітов еңбегінің бір бөлігі – туысқан елдер әдебиетін зерттеуге себеп те бар: екінші дүние жұзідік соғыстан кейін біздің жерімізде жүзден аса ұлт өкілдері қоян-қолтық араласып, тату-тәтті өмір сүріп жатқаны тарихтан белгілі. Ол Кеңес кезеңінде «совет адамы» деген атаумен барша адамдар бір-біріне дос, бауыр, туыс деген гуманды пікірді қалыптастырды. Адамгершілікті ту еткен осы идея қазақ әдебиетінде жаңа образдардың дүниеге келіп, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік ықпалын тигізгені тарихтан белгілі. Мұның теңгенің екі жағы сияқты екі түрлі сипаты болды. Бірі – басқа халықтармен тығыз достықты қалыптастыру арқылы өзгеден үйрену, даму, өркениетке жол ашу тәрізді жағымды жағы болды. Сонымен қатар, бүгінгі көзқарас тұрғысынан келсек, ұлттық құндылықтарымыздың кейінге ысырылып, басқаға еліктеуге ұрынғанымызды да жасырып қалуға болмайтын шығар. Дей тұрғанмен, ол дәуір үшін туысқан халықтар әдебиетімен тығыз қарым-қатынас жасау – әдебиеттің өсу тенденциясына оң ықпалын тигізді деп батыл айтуға болады. Ұлттар әдебиетінің бірін-бірі байытуы, ұлттық және интернационалдық сипаттардың диалектикалық бірлігін барған сайын таныта түсті. Кеңес дәуірі әдебиетінде қалыптасқан «социалистік реализм» терминінің негізі осы халықтар достығын насихаттаумен ұштасып отырды. Бейбіт еңбек адамының бейнесі, олардың бойындағы жаңа қасиеттер қалам қайраткерлерін терең мазмұнды, биік сапалы шығармалар тудыруға құлшындырды. Сонымен қатар, ол кезеңдегі әдебиет жазушылар мен ақындардың алдына жоғары талап пен талғам қоя білді. Көркемдік шеберліктің сырларын меңгеру, орыс және дүние жүзілік классикалық әдебиетті меңгеру, дамыту аса маңызды міндеттердің біріне айналды. Осы бағытта туысқан халықтар әдебиетімен қарым-қатынас жасау, олардың тәжірибесінен үйрену қазақ қаламгерлері үшін тың бағыт еді. Туысқан халықтар әдебиеті, әсіресе, орыс әдебиеті арқылы дүниежүзілік әдебиетті меңгеру жолы – үлкен мектеп болғаны да рас. Көркем шығармада жаңа адамның әлеуметтік қалыптасуы, дамуы, интернационалдық принциптердің орнығып, өзіндік проблемаларын зерттеу, тану, образдар жүйесі арқылы ашып көрсету процестері жүріп жатты. Ресей мен Украина, Белорус пен Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан, Әзербайжан мен Қырғызстан сияқты туысқан елдердің мәдени өмірі, олардың ақын-жазушыларының шығармашылығы туралы мақалалар мен ғылыми зерттеу еңбектер, аудармалар жарық көрді. Қазақ әдебиетіндегі интернационалдық әуен-ағындар, халықтардың мызғымас достығы мен айнымас туысқандығын ардақтау сарындары Кеңес өкіметінің орнаған алғашқы жылдарында-ақ С.Сейфуллиннің, С. Мұқановтың, І. Жансүгіровтың революцияшыл рухтағы поэзияларында белгі берген болатын («Жолдастар», «Қазақ марсельезасы», «Иван мен Мырзабекке», «Бостандық», «Ресей жері» т.б.). Сонан бергі дәуірлерде осынау сарын жалғаса, дами келіп, 60-90 жылдардағы әдебиеттің негізгі тақырыбына, іргелі дәстүріне айналды. Оның өз өсу жолы, тарихы, эволюциясы, ерекшеліктері бар. Басқа да бауырлас әдебиетшілер сияқты, қазақ ақын-жазушыларының ішінде халықтар достығы тақырыбына қалам тартпағаны аз . Әсіресе, поэзия жанрында, оқиғаларға шапшаң үн қататын белсенді де жауынгер жанрда да көп іс тындырылды. Өзге ұлт өкілдерінің шығармаларын қазақ оқырмандарына танытуда Қ. Аманжолов, Қ. Шаңғытбаев, Қ. Мырзалиев, І. Жансүгіров т.б. талмай көз майын тауысты. Сол шығармалардың бәріне ортақ қасиет: оларда сүйіспеншілік сезім, бір-біріне деген құрмет, Отанға деген мадақ, бір ананың ұлдары екендігін мақтан тұту ең басты орында тұрды.
Әдебиеттер байланысының жоғарыда атап өткен түрлері тарихи дамуы жағынан да, тілдік ұқсастығы жағынан да одақтас елдер арасында рухани кең өріс алды. Әсіресе, 60-70 жылдарда соңғы байланыстың мазмұн жағынан байып, ұлғая түскенін байқаймыз. Көп ұлтты әдебиетімізде тұтас бір идеялық-тақырыптық арна – комплексті байланыс ( шартты түрде осылай аталып жүрген) түрі орнығып, қанат жайды. Бұл арада әңгіме суреткердің шығармашылығымен контактылы байланыс жөнінде емес, бір ұлттың өкілінің – қаламгердің екінші бір өлкемен, елмен шығармашылық қатынасында болып отыр. Осы бағытта әдебиетіміз көптеген жаңа шығармалармен толықты. Прозада Ғ.Мүсіреповтың, Т.Ахтановтың, Ә.Нұрпейісовтің, Ә.Әлімжановтың, З.Қабдоловтың, Ш.Мұртазаның, Ә.Кекілбаевтың, т.б. романдары мен повестері, поэзия жанрында Ғ.Ормановтың, А.Тоқмағамбетовтың, Х.Ерғалиевтің, С.Мәуленовтың, Қ.Бекхожиннің, Ж.Молдағалиев, С. Сейітов,тағы басқа да ақын-жазушыларымыздың жаңа шығармалары қалың жұртшылықтың қолына тиді. Бұл шығармаларды сын тұрғысынан талдап, ғылыми негізде сараптау көп еңбек етті
Қазақ ақын-жазушылары – С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, С.Мұқанов тағы басқа қаламгерлер М.Гоькийден бастап М.Шолохов, А.Фадеев, Л.Соболев, А.Твардовкий, Мирзо Тұрсын-Заде, Ғ.Тоқай, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Эдуард Межелайтспен тағы басқа көптеген туысқан халықтар әдебиеті өкілдерімен шығармашылық байланыста болып, ұлттық әдебиетіміздің кең өркен жаюына дәнекер болды. Әсіресе, орыс әдебиетінің Абайдан бастау алған достық байланысы Кеңес дәуірінде шарықтау шегіне жетіп, нәтижесінде ұлттық әдебиетіміздің құлашын кеңге жайған ауқымды шығармалар әкелгені рас. Оны ғалым да жақсы байқаған, өз зерттеулерінде жан-жақты тәптіштеп талдап көрсеткен.
«Қазақ өмірімен азды-көпті таныстығы ертеректе басталған М.Горькийдің кейінірек қазақ фольклоры, қазақтың ән-күйі туралы айтқан аса құнды пікірлері сол әріректен келе жатқан достық пейілдің бастауы тәрізді. «Міне, менің алдымда «Қазақ-қырғыздардың мың бір әні» деген жинақ жатыр. Нотаға түсірілген әндер жинағы. Олардың асқан сұлу мелодиялары – болашақ дәуірдің Моцарттары мен Бетховендері, Шопендері мен Мусоргскийлері, Григтері үшін мол материал деген ол «Сіздер алтын қазыналы сандықтың үстінде отыр екенсіңдер» деген ол біздің қазақтың бай әдебиеті туралы»,– деген мәліметтері арқылы С.Сейітов С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің М.Горький үлгісін оқып, танып, өз шығармаларына арқау еткені. Сәбит Мұқанов пен Ілияс Жансүгіровтің М.Горькиймен бірнеше рет жолыққанын, онымен әңгімелесіп, ақыл-кеңес сұрағанын айта келе, 1933 жылғы бір кездесуде М.Горькийдің қазақ әдебиеті туралы қызыға сұрағанын жазады. Ұлы суреткердің бай тәжірибесіне үңілгенде қазақ жазушылары оның үлгілерін қаз-қалпында қабылдай салушы емес, өзінің шығармашылық бағытын сақтай отырып, үйрену үстінде өсуші, әдебиетте жаңа сөз айтушы, жаңалық әкелуші, бағыт көрсетуші тұлға боп қалуында. Оны өздері де айтады. С.Сейфуллин: «1917 жылы жазылған «Мүслима» («Жұбату») деген әңгімемде Горькийдің романтикалық әңгімелерінің әсері күшті болды»,– десе, М.Әуезов « …Менің ертеректегі «Қараш-қараш» повесімнің жазылуына Горькийдің «Челкашының» зор әсерінің болғаны күмәнсіз» деген. Ал әйел-ананың адамгершілік қасиетін қастерлеу, ардақтау тақырыбындағы гуманды сипаты бар шығармалар сериясын жазған Ғ.Мүсіреповтің де осы дәстүрден тәрбие алғаны баршаға аян.
Біз орыс сөз өнерінің қазақ жазба әдебиетінің дамуына зор ықпалы болғанын жасыра алмаймыз. Бұл – тарихи шындық.
М.Горький мен Белинскийден басқа М.Шолоховтың, А.Фадеевтің, Л.Соболевтың, Д.Фурмановтың, Н.Островскийдің т.б. поэзия саласында В.Маяковскийдің, А.Твардовскийдің, Д.Бедныйдың, Н.Тихоновты т.б. орыс әдебиетшілері мен көптеген ақындардың ықпалы да аз болмағаны белгілі.
С.Мұқанов: «Менің «Сырдариямды» Александр Александрович екі-үш күнде оқып шығып, ауызша да, жазбаша да көп бағалы пікірлер айтты. Қолжазба күйінде болсын, қолына тиген көркем шығарманы тез оқу, ұққан пікірін адал айту Горькийден соң, Фадеевтің бойынан көбірек табылатын қасиет еді. Одан жолдастық адал ақылын естімеген жазушы аз болған жоқ. Жазушылардың съездерінде, пленумдарында, мәслихаттарында, жиналыстарныда ол әдебиетіміздің ұлттық кадрларымен көп кеңесіп, көп сырласатын»,– дейді. Сол кездегі СССР Жазушылар одағына бірнеше жыл бойы басшылық еткен аса көрнекті жазушы А.Фадеев туысқан әдебиеттердің өсіп-өркендеуіне көп көмек көрсетіп, ұлттық әдебиеттанудың алдында тұрған өзекті мәселелердің тезірек және дұрыс шешілуіне назар аударып отырды. Ол қазақ әдебиетінің ең абзал достарының әрі насихатшыларының бірі болды деуге болады. А. Фадеев қазақ әдебиетіне «профессионалдық үлкен әдебиет болып, Бүкілодақтық әдебиеттің дәрежесіне көтерілді және сол арқылы дүние жүзілік мәні бар әдебиет болып отыр» деп алғаш жоғары баға берген-ді. 1949 жылы Парижде сөйлеген сөзінде ол М.Әуезовтің «Абайы» мен Ғ.Мұстафиннің «Миллионері» жөнінде оң пікір айтып, ерекше ықылас танытты. Бұл дегеніңіз қазақ әдебиетінің дамуындағы зор жетістік болатын.
Өткенсіз болашақ жоқ, әдебиет алыптарының осындай рухани байланысы адамгершілік пен ізгіліктің бастауы бол болған. Бүгінгі күнде осы алтын көпір алынбай, туысқан елдер арасындағы мәдени байланыс жалғасып жатыр. Қазақ елі әлемдегі тұрақтылық пен келісімнің орталығы болумен бірге, елімізді мекендейтін халықтардың достығы мен бауырластығының алтын ордасына айналып, дүние жүзіне үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқан ел. Бұл қасиет Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтардың өзара достық байланыстарын одан әрі жетілдіріп, нығайту міндетін мақсат еткен «Бейбітшілік және келісім жол картасы» қабылданғаннан бері тың қарқынға ие болды. «Түріксой» ұйымының атқарып жатқан шаралары негізінде осындай ізгі шараларды байқап жүрміз. Әдебиет пен мәдениет әр ұлттың ерекшелігін танытатын рухани байлығы. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы бауырластық пен ынтымақтастық – мәңгілік үзілмейтін достық көпірі.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Конрад Н. Запад и Восток. М.,1972.
2. Неупокоева И. Некоторые вопросы изучения взаимосвязей и взаимодействия национальных литератур. М.,1961.
3.Сейітов С. Орыс поэзиясы және ақын. «Қ.Ә.»,1976. 29 октябрь
4.Н. Сицова .Муза дружбы и братства. « Боевого знамия».1977ж.20 ноябрь, №272 (2503).
5.Дуанина Б. Аударма–мәдени-интеллектуалдық игілік. «Ақиқат»№11.2008
Достарыңызбен бөлісу: |