КЕМЕЛ ОЙДЫҢ АЛЫБЫ
ХХ ғасырдың заңғар жазушысы атанған Шыңғыс Айтматовтың жазушылық қуаты ұлттық және әлемдік әдебиеттің үйлесім табуы нәтижесінде жүзеге асқандығын оның көркемдік-философиялық, психологиялық иірімі қат-қабат туындыларынан анық байқаймыз. Шыңғыс Айтматовтың шығармалары қазақ әдебиетінің құрамдас бір бөлігіне айналған десек, артық айтқандық емес. Оның көлемді әрі күрделі жанрдағы романдары және повестері мен әңгімелері түгелдей дерлік қазақ оқырмандарының рухани-мәдени, әдеби құндылықтарына айналғаны көпке аян.
Қазақ әдебиеті Ш. Айтматов шығармаларын төл тілімізге аударуда, оқырмандарға таныстыруда мейлінше тер төкті. Аударылған көркем туындыларының түгелге жуығы қазақ тілінде құнарлы да нәрлі тілмен шетқақпай көрмей, табиғи тұрғыда қауышты. Туған әдебиетіміздің бөлінбес, ажырамас бір арнасына айналды. Бұл – көркем аударма саласының қажыр-қайраты болатұғын. Осы ретте көркем аударманың мәні мен маңызын ешқашанда төмендетуге болмастығын айта кеткен орынды. Көркем аударма нәтижесінде автордың өзіне тән стилін, тілдік сөз қолданыстарын, көркемдік тәсіл және әдеби бағыты мен көзқарасын байқап, сезіне алатындығымыз рас. Әрі өзге ел жазушысының басқа әдебиеттегі өз көрінісін, үйлесім табуын ұғынамыз. Әдебиеттердің өзара үндесуі, бірін-бірі байытуы аударма саласынсыз, тіпті, мүмкіндей емес. Біз бұл арада шығармашылық шабыты шалқар көркем тәржіме, яғни шынайы сөз өнеріне тән аударма жайлы сөз қозғап отырмыз. Осыны назарға алған жөн. Жазушы мен аудармашының біртұтастығы бөлінбес күйге көшеді, нығайа түседі. Әр әдебиет өзінің ұлттық болмысына ғана емес, ортақ мүддеге де ұмтылыс танытады. Жазушы Шыңғыс Айтматовтың қазақ әдебиетіне қосылған көркем шығармаларын оқып зерделегенде біздер осыны толықтай түйсіндік те.
Бүгінде бір ғана ұлттық әдебиет өз қазанында өзі қайнауды әлдеқашан ұмытқан. Жаһандану үдерісі әдебиетті де өз ауқымына алған. Әрине, одан қашу мүмкін емес. Кезінде кеңес әдебиетіндегі Шыңғыс Айтматовтың қырғыз әдебиетінен ең алдымен орыс әдебиетіне, соңыра әлемдік әдебиет аренасына бір-ақ көтерілуі әлемдік әдебиеттің ұлттық әдебиеттерге деген ынта-ықыласынан туған-ды. Сонымен, алдағы уақытта да, ұлттық әдебиет пен әлемдік әдебиеттің өзра байланысы, ықпалдастығы және әсері жалғаса бермек. Әдеби үдерістегі табиғи заңдылық осыны талап етеді, қажет деп біледі. Әлемдік әдебиет ұлттық әдебиеттің ұйытқысы, үйлесімділігі, үздігі. Ұлт әдебиеттеріндегі ауыз әдебиеті үлгілерінің әлемдік деңгейге көтерілуі, аңыз, миф, ертегі, ғибратты сөздер мен қиял-ғажайып оқиғалардың бүгінгі көркем әдебиетке енуі, кірігуі – өткенге деген құрметтің бірегейі. Ұлттық сананы оятудың жанды өзегі. Түрлі ұлттар әдебиетінде әр ұлтқа тән сөздік элементтердің жаңа мән мен мағынаға ие болып қана қоймай, сөздік қор айналымына қосылуы дер едік. Мәселен, мәңгүрт сөзінің орыс және өзге әдебиет тілдеріне еніп кетуі сол тілдерде өгейлік көрмей емін-еркін қолданыста болуы, сөзімізге дәлел дер едік. Әйтпесе, мәңгүрт сөзін түркі халқы ерте заманнан-ақ күні кешегісін демде-ақ ұмытқан, жадынан жұқана қалмаған, тамырын тереңге тартпаған адамға қатысты қолданғаны көзіқарақты оқырманға түсінікті.
Жазушылар Шыңғыс Айтматов пен Габриэль Гарсия Маркестің және тағы басқа да қаламгерлердің шығармаларында әлемдік әдебиетке тән мифтер мен аңыздар жиі кездессе, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әбіш Кекілбаевтың шығармаларында да бұл әдеби әлемдік үдеріс жиі ұшырасады. Оған жазушының «Үркер» романын атап айтуымызға болады. Мысалға алғанда, Әбілқайыр ханның тапа-тал түсте, өңінде-ақ қалың қамысты өзен арасынан жолбарыстың көкжал арланға, оның ши бөріге, содан соң түлкіге одан әрі сиырдың жапасына, құрт-құмырсқаға айналуы, қайтадан түлкі кейпінде көрінуі мифтік әдеби элементтер. Әбілқайырдың Зердебай ұстаның қызы Тарғынды тарпаң екі қара құнанға қыл арқанмен байлап бет алдына жіберіп, өлтіргенде батар күннің өзіне екі аяқ бітіп, тірі жандай көкжиекке қызыл от болып құлап бара жатқаны, Әбілқайыр ханның «Қызыл үйік» биігінде ант берер алдында түс көруі, түсінде өзінің бір топ қарақұрым құландарды жөңкілте қуғаны, бір кезде олардың ханды алдына салып қууы, сәлден соң құландардың қазылған орға топырлап құлауы келер күндегі ант берер сәттің ойдағыдай өтетінін білдірген аян секілді суреттелуі, бәрі-бәрі де халқымыздың мифологиялық аңызға бергісіз нанымы мен сенімдерінің жазушы шеберлігі арқасында өз оқырмандарымен араға ғасырлар салып, қайта қауышуы деп білеміз. Бұл әдеби үдеріс қазірде өз жалғасын үзген жоқ.
Көркем әдебиеттегі ізденістер және жазушының көркемдік әлемі үнемі дамуда, өзгерісте болатындығы шындық. Әдебиетті өмір шындығы деп білсек, әр туынды дүниеге келген сайын жазушының кім екенін, не айтқысы келгендігін, өмірдің қандай құпиялары мен иірімдерін көрсеткісі келгендігіне назар аударамыз, ынтығамыз, құштар боламыз. Жазушы Ш. Айтматовтың қазірде адамзаттың әдеби мұрасына елеулі үлес қосқан шығармаларын талдап, сараптасақ та осы ой әрдайым мазалайды. ХХ ғасырдың 60–80-жылдарында жазушының дүниеге келген әрбір шығармалары қалың оқырманды ерекше қызықтырғаны соның айғағы. Аса көп данамен баспа беттерінде шығуы, лезде оқырмандар арасына таралып кетуі көпшіліктің жазушы шығармаларына бейжай қарамауының себебі деп түсінген абзал.
Жазушының «Боранды бекет» («Ғасырдан да ұзақ күн») романы әдебиет үдерісіндегі жаңа леп болды. Романда синкретикалық жанр мейлінше пайдаланылған. Шынайы өмірмен біргелікте миф шығарма өзегіне айналған. Туындыдағы жаңа заманғы техналогиялық миф ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы екі алып мемлекеттер, яғни бұрынғы КСРО мен АҚШ арасындағы ядролық соғыс қаупі текетіресін философиялық-көркемдік, психологиялық тұрғыда суреттеуге арналған. Әрине, бүгінде әлемде бұндай қауіп сейілген, жоғалған. Ал ол кезде әлем жер шарын жойып жіберерлік ядролық соғыстан үркіп, қорқып, тіршілік етуде еді. Романда адамзат баласы бейбіт, тыныш өмір сүре алмаса, адам түбегейлі құрып, жойылады деген ой жатыр. Көркем шығармада мәңгілік тақырыптар: сенбеушілік, күмәндану, бақталастық, қызғаныш, бір-біріне деген қарсылық мәселелері кейіпкерлер арқылы көрініс тауып, олар өмірге қауіп төндірер жәйттер ретінде қарастырылады.
Романда жазушының ертегі, хикая, миф, фантастика жанрларын қолдануы өмірді танудың, оны таныта білудің көркемдік-шығармашылық тәсілі екендігіне көз жеткіземіз. Мысалы романдағы жерден тыс өркениет өкілдермен арадағы байланыс және соған сай оқиғалардың дамуы, өрістеуі, шиеленісуі және шешімі ой-қиялдың жемісі, яғни фантастика. Шығармадағы Сарыөзек және Невада космодромдары да шартты түрде алынған. Осынау көркемдік-шығармашылық тәсіл адам баласының бәріне ортақ жер шарын қалайда аман-есен қорғап қалу, оны мәпелей білу жөнінде оқырмандарға ой салу мақсатында суреттелген. Әрине, қазіргі таңда алып империяға айналған КСРО мемлекеті құлады. Саяси аренадағы ядролық текетірес келмеске кетті. Әдебиеттің саясаттан тыс болмайтындығы себебі Шыңғыс Айтматов суреттеген ядролық қауіп сол кезеңмен біргелікте тарих сахнасынан біржолата көшті. Алайда романда суреттелген технологиялық, ғарыштық миф көркемдік тәсіл ретінде пайдаланылып, публицистикалық баяндаулармен кең түрде өрілген. Жалпы алғанда романда жер шарын жауыздық таныта жермен-жексен етіп жою мәселесі адам баласы мәңгүрттігінің көрінісі болар еді дегенді меңзейді автор. Мәңгүрттік жайлы аңыз романда өз тарихыңды білмеу, түп тамырыңды жадтан мүлдем шығару секілді ойларға жетелейді. Садақтың жебесімен түйе үстіндегі өз анасын танымай, өлтіру мәңгүрттіктің ең жоғарғы белгісі емес пе? Неге өз перзентінің жай-күйін қаншалықты сезінсе де, жерге желп-желп етіп ұшып бара жатқан ақжаулығы ақ құсқа айналып, «Сенің әкең Дөненбай, Дөненбай» деп, ата-бабасына байланған түп тамырынан үзіліп қалмауын тілеп, тіл қатуы ұрпақтар арасының үзілмеуін тілеген абзал ананың ақ батасындай, ақ пейіліндей сезіледі. Шыңғыс Айтматовтың мәңгүрт кейіпкер жайлы типтік бейнесі «Ақ кеме» повесінде де бар. Ол – жас жүргізуші жауынгер бейнесі. Жазушы оны ақ адал, сүйкімді мәңгүрт сипатында суреттейді. Ол балаға бір кезде жолыққанда жеті атасын білмейтін және білгісі келмейтін адам сипатында бейнелейді. Повестегі Момын қарт аңғалдықпен бұндай адамдар қайдан пайда болады деп қайран қалады. Жас жүргізуші жауынгерді жазғырмайды. Бірақ ұлғайған жастағы қарияның ата-баба салтына немқұрайды, бейжай, салғырт қарайтын жанға деген ішкі өкініші байқалады.
«Боранды бекет» романында мәңгүрттік идеясын ту етіп ұстанған тек Сәбитжан ғана емес. Қарауыл бастығы Тансықбаев та ата-бабалар мәңгілікке тыным тапқан Ана-бейітке Едігелерді кіргізбеуі, қайтыс болған Қазанғапты ол жерге жерлеуге рұқсат жоқтығын бетке айтуы, Ана-бейіт тегістеліп, орнына жаңа микроаудан салынатындығы жөнінде хабардар етуі, өзінің қолынан осы орайда ешнәрсе келе алмайтындығын мәлімдеуі, ол тек қана бұйрықты мүлтіксіз орындаушы екендігін көпшілікке жеткізуі адами құндылықтарға деген оның немқұрайдылығын аңғартады.
Едіге Сәбитжанға жалынады. Қарауыл бастығына түсіндіруін сұранады. Сәбитжан қарауыл бастығының сөзін қоштайды. Едіге қатты қапа болады. Қазанғаптың Сәбитжанды қалайда оқытқысы келгенін, оқытудан кенде етпегенін, ендігіде Сәбитжанның ата-баба дәстүріне сай әкесін Ана-бейітке жерлеуге қауқары келмей, қарауыл бастығының сөзін уәж деп қабылдағанына тіксінеді. Сонда Қазанғап Сәбитжанды не үшін оқытты дейді түсіне алмай дал болып. Әрине, Едігенің ұғымынша Сәбитжан ата-баба дәстүріне берік жан болып қалыптасуы керек деп түйсінетін. Алайда Сәбитжан Едігенің көңілінен шықпайды. Романда мәңгүрттік идеясы болашақ ұрпақ үшін өте қауіпті деген астарлы ой басым. Сол үшін де оқырман ойланады.
Романда көтерілген көкейкесті рухани, адами құндылықтар жазушы қаламының шеберлігі нәтижесінде әлемдік деңгейдегі барша оқырмандарды қызықтырғаны белгілі. Бұл шынайы әрі табиғи сөз өнерінің құдіреті. Сөздің ұйыстырушы, біріктіруші күшке ие қадір-қасиеті деп білеміз.
Сарыөзектегі мазаратқа мәңгүрт ұл Жоламанның анасының сүйегі қойылған топырақ Ана-бейіт аталып кетеді. Найман-ана өз ұлына құсқа айналып, зар қақсап, әкеңнің аты Дөненбай деп құлағына құя қайталап айтады. Оны ұғар бала болсайшы, тәйірі?!. Жолда келе жатып, дүниеге келген соң, есімін Жоламан деп қойған өз ұлына ақ мая мініп келген Найман- ана өз перзентін дұшпан қолында қалдырғысы келмей, есі кірелі-шығалы жарымес, жартыкеш болса да, өзімен бірге әкетпекші болып, өзін таныстырып, баласының атын сұрағанда Мәңгүртпін деуі, шынында да, оның болмысының шынайы қалыбын көрсетеді. Роман кейіпкері Мәңгүрт – түк білмейтін, түк те ұғынбайтын, бір нәрсенің байыбына бармайтын адамның жалпыға ортақ жалқы бейнесі. Мәңгүрт есімі әлемдік әдебиеттегі тамыры үзілген, жады, өткені мен бүгіні, келешегі жоғалған бейненің атауына айналды. Әлемдік әдебиет әлеміне және бір бейне қосылды. Бұл бейне – адам баласының төбе шашын тік тұрғызар, арқа жонын тітіркендірер, ұрпақ жайлы толғандырар, беймаза күй кештірер толғақты бейне.
Жазушы Шыңғыс Айтматов өзінің алғашқы «Жәмила» повесінен соң, «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Кассандра таңбасы», «Таулар құлағанда» атты күрделі жанрда жазған ауқымды романдарында суреткерлік шеберлігінің қаншалықты өскендігіне, әлемдік, отандық әдеби үдерістегі үздік шығармалармен иық теңестірер көркем, философиялық, психологиялық терең туындылардың білікті авторы бола білгендігіне көз жеткіземіз. Осынау ақиқатты қазақ әдебиеті Шыңғыс Айтматовқа деген зор құрметпен ақтай алды. Жазушының қаламынан шыққан көркем шығармаларды қазақ оқырмандарына ең алдымен таныстыруда көш бастады.
Шыңғыс Айтматов өзінің тырнақалды айтулы «Жәмила» повесін отызға толар-толмас жасында жазды. Қазақ әдебиетінің заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың нақты қамқорлығына бөленді. Француздың қаламгері Луи Арагон осынау көркем туындыны өз тіліне аударып, махаббат туралы әлемдегі ең тамаша повесть деген баға берді.
Жазушы өз шығармасы арқылы қырғыз әйелі Жәмиланың өз тағдыры үшін күресе алатын бейнені сомдады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов 1958 жылы 25 қазан күні шыққан «Литературная газета» газетінде жарияланған «Ақ жол!» атты мақаласында оқырман жүрегін толғандырар, айтылмаған көптеген жәйттардың бар екенін, ал шынайы лирикалық повесть дәл солай болуы қажеттігін дөп басып жазған-ды. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовқа шын жүректен ақ жол тілеген-ді осы мақалада.
«Жәмила» повесі арқылы жазушы таза, мөлдір, пәк махаббатты да көкке көтерді, биіктетті. Бала Сейіттің Жәмила мен Даниярдың алғаш рет қол ұстасып, суды кешіп арғы бетке өткенін көзімен көреді. Олар одан ары кете барады. Тек сонда ғана Сейіт олардың соңынан ере, жүгіре жөнеледі. Оларға жетпек болып, екі өкпесін қолына алып, ентіге шабады. Құлайды. Жерге құлап, бетін жуған жастан басын көтермей, еңкілдеп өксиді. Сейіт алғаш рет Жәмиладан айрылғанын сезінеді. Дүниедегі ең қымбат адамын жоғалтқандай күй кешеді. Жерге бауырын төсеп жатқан халде, Сейіт өзінің балаң да балалық махаббатымен Жәмиланы сүйгенін түсінеді. Және де осынау алғаш рет Жәмиланы жоғалтқаны оның бойында суретші қабілетін туындатады. Осы өнер оның жанын көтереді, жадыратады, тыныштандырады.
Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесіндегі екі сюжетті бейнелер – Жәмила мен Даниярдың қол ұстасып, теміржол бекетіне кеткенінен кейін оқиға немен аяқталды? Бұл жайлы шығармада автордың нақты байламы, ой түйіні жоқ. Бәлкім, сол да дұрыс болар. Жазушы махаббаттың ең биік нүктесіне дейін суреттеп, одан әрі тәптіштеп жатуды артық санаған болар. Суретпен басталып, суретпен аяқталған. Айтматов повесі Жәмила мен Даниярдың күзгі дала жолымен келе жатқанын суреттейді. Олардың алдында кең және сәулелі көкжиек. Екеуі елге емес, ел ішінен басқа жаққа бара жатыр. Елеске, қиялға тола сәулелі көкжиек. Автор осылайша романтикалық сипатта екі жастың өз таңдауларын жасағанымен, шығармаға соңғы нүкте қояды. Жәмила өз сезіміне тізгін салған жоқ. Жүрегін тыңдады. Тағдырына өзі ие болды. Әрине, соғыста жүрген күйеуі Сыдықтан хат алып, оны күтпей, Даниярмен қол ұстасып кеткен Жәмиланың бұдан кейінгі ғұмыры қалай болды, бұл жайлы автор ешнәрсе айтпайды. Шығарма Жәмила мен Даниярдың жүрек лүпілдерінің ортақ арнаға құйылуымен тәмамдалады. Реалистік көркем тәсілдің романтизммен ұштасуында қиялға қанат бітірер ой жатыр. Ол – қашанда үлкен махаббат адамды қанаттандырады, ішкі дүниесін, бүкіл болмысы мен жан дүниесін түбегейлі өзгертеді деген романтикалық сенім дер едік.
Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесі поэтикалық көркем оймен, сезім мөлдірлігімен көмкерілген. Алғашқыда жазушының осы повесін «Әуен» деп атауы да тегін емес-ті. Орыстың белгілі ақыны Александр Твардовскийдің «Новый мир» журналында бас редактор болған кезінде Шыңғыс Айтматовтың «Әуен» атты повесін «Жәмила» деп атауды жөн санағанын қаламгердің өзі бірнеше рет еске алғандығын атап айтуға тиіспіз.
Әдебиеттегі тамаша жетістігі жазушының қаламгерлік қуатының мықтылығын танытты. «Жәмила» повесіндегі оқиға ауқымдылығы, кейіпкерлер дүниесінің саналуандығы, психологиялық иірімдер қаламгердің бойындағы романистік қасиеттің мол екендігіне ешбір күмән қалдырмайды. Оның әлемдік әдебиетке қосқан айтулы көркем туындылары – сөзіміздің айғағы.
Жәмила жайлы махаббат тарихы повесте жоғары деңгейдегі көркем леппен жазылған. Жәмила өз күйеуі Садықты тастап, Даниярмен қол ұстасып, өз тағдырына ие болуы бір арна болса, повестегі бала Сейіттің балаң махаббаты да оқырман жанын мұңға батырады. Повестің ерекшелігі де осында. Повесть кең ауқымдылығымен, эпикалық-лирикалық бағытымен оқырмандар жүрегін баурады.
Жазушының «Жәмила» повесінен соң, сегіз жылдан соң дүниеге келген «Қош бол, Гүлсары!» повесі мүлдем өзге тұрпаттағы көркем шығарма. Мұндағы басты кейіпкер өршіл Данияр емес, сезімін ақылға жеңдірген данагөй әрі ер мінезді Танабай. Жазушы осы шығармасы арқылы кеңестік жүйе кезіндегі бүкіл елдің эксперимент алаңына айналған бір мезеттік кезеңін жорға жануар Гүлсары атты жылқы жануары бейнесімен көрсете білді. Қазақ даласының, қазақ жанының басты көрсеткіші болған, ер қанаты – атты жаппай қырып-жою, оны жаңа техникалық заманға лайық емес деп, түгелдей етке өткізу, сөйтіп, халқымыздың сан ғасырлық өзіне ғана тән ұлттық дәстүрінен, жылқы шаруашылығынан, менталитетінен айырудың бірден-бір көрінісі осы повесте батыл айтылды. Гүлсараның трагедиясы атқа бауыр басқан ұлттың жеке трагедиясы ретінде қабылданды, солайша ұғынылды.
Жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ана ٲ– Жер-Ана» повесінде басты кейіпкер Толғанайдың Жер-анамен өзара сұхбаты, жүрекжарды сыры шығарма арқауының бүкіл өн бойындағы жаңаша эстетикалық толғам мен көркемдік баяндаудың жаңа түрі болды. Бұған дейін шығыс әдебиетінде басты кейіпкер көбінесе аспандағы аймен, жымың қаққан жұлдыздармен сыр шертісетін, шер тарқасатын. Ал, «Ана – Жер-Ана» повесінде жазушы басты кейіпкерді бусанған, талай тағдырларға куә болған Жер-анамен бетпе-бет жүздестіреді. Бұндай көркемдік тәсіл әдеби үдерісте дәстүрге айналған болатын. Әдебиеттегі модернистік бағытты жазушы Шыңғыс Айтматов ұлттық дәстүрден, яғни ай мен жұлдыздармен сырласу әдетін Жер-анамен сұхбатқа алмастырды. Бұл, шынында да, кеңестік әдебиетте эстетикалық көркемдігі соны көркемдік тәсіл болып табылды.
Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» повесі 1966 жылы жарияланған болатын. Бұл уақыт кеңестік жүйедегі, қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени өмірдегі «жылымық» кезеңі деп аталғаны белгілі. Қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени салада шығармашыл тұлғалардың еркін ойлау ерекшелігімен айшықталатын шақ еді бұл. «Қош бол, Гүлсары» романдағы трагедиялық жәйттердің бірі – басты кейіпкер қолына жүген ұстап, атсыз қалады. Жазушы шығармашылық тәсіл – Гүлсары арқылы авторлық ой-пікірлерін бере білді. Повесть соғыстан кейінгі, тіпті, ұжымдасу жылдарындағы оқиғаларға өз оқырманын жетеледі. Сөйтіп, заманға сай көкейкесті мәселелерді қозғады, қоғам, адам алдындағы жауапкершілікті жан-жақты әрі көркемдік-психологиялық деңгейге көтеріп, өз оқырманына ұсынды. Көркем шығарма өзегінің өн бойын қуалай отырып, кейіпкерлердің ішкі дүниесін аша түсіп, автор сол уақыттың ащы шындығы мен тіршілік сырларын шебер әрі шынайы өре білді.
Жазушының «Ақ кеме» повесінде әдебиеттегі көне дәстүр – синкретикалық жанр байқалады. Атап айтқанда көркем туындыда ертегі, аңыз, тәмсіл, трагедия, фантастика жанрларының барлығы дерлік көркемдік тәсіл ретінде қолданылған. Суреткердің әр туындыдан кейін жаңа шығармашылық сатыға биіктегені көзге анық шалынады. «Ақ кеме» повесі – соның дәлелі іспеттес. Повесте ұрпақтар жалғастығы, сабақтастығы мәселесі баланың жүргізуші-солдатпен өзара әңгімесінде нақты көрсетіледі. Ата-бабалар шежіресін білу, жеті атаға дейін жаңылмай айту кейіпкерлердің мінез-құлқы және іс-әрекеті арқылы емес, өзара диалог арқылы беріледі. Қаламгер осы шығармасы арқылы адамзат баласының өсіп-өркендеуі нәтижесінде атадан балаға ненің мұра болғанын, нені ұмытқанын көрсеткісі келгендігі айқын сезіледі. Мұраға қалдырғаны – сол, яғни ұрпағы өсіп-өнеді. Ал жоғалтқаны өте қауіпті-ақ, өйткені бүгінгі ұрпағы өткенін, яғни ата-бабаларын санамалап айтып бере алмайды. Ұрпақтар байланысы үзілген, жоғалған. Жауынгер-жүргізуші басындағы бұндай жәйт момын қарияны және жап-жас баланы тіксінтеді. Жас бала жауынгер-жүргізушіге жеті атасын білуді неге үйретпегенін сұрайды да. Жауынгер-жүргізуші оған үйретпегенін, жалпы алғанда, оның неге қажет екендігін, жеті атасын білмесе де жағдайы жаман еместігін жайып салады. Бала үлкендерше жауынгер-жүргізушіге ой тастайды. Егерде ата-бабаны білмесе, ұрпақ азады деп атасынан естігенін өз сөзімен атап айтады.
Жазушының «Ақ кеме» повесі екі түрлі іс-әрекеттер мен түйсінудің көркемдік-философиялық психологиясы деуімізге болады. Бала әкесін де, шешесін де көрмеген, есіне түсіре алмайды. Бірақ әкесінің Ыстық көлде матрос болғанын біледі. Ал анасы әкесімен ажырасқан соң, баласын атасына қалдырып, өзі қалаға кетеді. Содан кейін одан бірде-бір хабар болмаған. Бала Ыстықкөлде жүзген ақ кеме ішінде әкесі бар екенін, оны көргісі келетінін армандайды.
Сол үшін ағаш бұтағынан абайлай ұстап, жағалаудан ағын суға түсіп, судан қорықпай шомыла бастайды. Суға түскен сайын су астында көзін ашып сүңгуді әдетке айналдырады. Өйткені, ол балыққа айналғысы келді. Ал балық қашанда көзін ашып жүреді.
Сонымен, бала тек балыққа айналғанда ғана ақ кемеге емін-еркін жетіп бара алатына көзі жетеді. Сарайдың есігін сал етіп, үстіне мініп, ақ кемеге жетуді жөн көрмейді.
Балыққа айналу үшін бала күн сайын жүз рет шомылуға дайын еді. Тек үшінші ретте ғана ақ кемені көргенде бала балыққа айналу жөнінде ұзақ ойға батады.
Осы орайда автор баланы балыққа айналдырмай-ақ, сарай есігін сал етіп, соның үстіне мінгізіп, ақ кемеге қарай бара жатқанда суға батырып жібере салмады ма деген ой келеді. Бірақ жазушы ондай тәсілді пайдаланбаған. Баланың балыққа айналғысы келгендігі жөніндегі жазушы шешімі мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Жазушы постмодерндік үлгіде фантастика элементін енгізген секілді. Баланы балыққа айналдыру арқылы оның суға батып, адам жанының басқа затқа енуі туралы мифті тірілткендей болады. Екіншіден, повестегі баланың балыққа айналуында басқаша мән бар сияқты. Балық – үндемеудің, көнбістіктің белгісіндей әсер қалдырады. Бала дүниеге келе салысымен тіршіліктегі қат-қабат өмір иірімдерін көруіне тура келді. Әкесінен және анасынан тірідей айырылған. Атасы Момын күйеу баласы Оразқұлдың зұлымдық іс-әрекеттерінен, мейірімсіздігінен талай рет қорлық көрген. Оған қарсы шығарлық жеті жасар балада қауқар жоқ. Зұлымдықтан біржолата кеткісі келіп, бала өзге әлемге кеткісі келмейді. Оразқұлдың әлемінен кеткісі келеді. Бала Оразқұлдың Ана-бұғыны өлтіріп, оның етін мүше-мүше етіп кесіп, жегенін кешіре алмады. Іштей тұншықты, көңілі су сепкендей басылды. Сол себепті үн-түнсіз тыныштықты, мүлгіген әлемді іздеп, бала балыққа айналғысы келді.
«Ақ кеме» повесі балаларға арналған ертегі емес. Жасы үлкендерге арналған ертегі деуге де болмайды. Автор барша шығармаларына тән адамгершілік, ар, ұят, намыс, жауапкершілік секілді мәңгілік тақырыптарға көркемдік тұрғыда қалам тартқан. Оқырманды ойлантқысы, көңіл түкпіріндегі терең сезімдерін тербеткісі келген. Бұл – заңғар жазушының әрқашанғы тәсілі, сол себепті де, осынау әдіс айтулы қаламгердің көркемдік- шығармашылық талабынан тікелей туындағанын айқын аңғарамыз.
«Ақ кеме» повесін оқып шыққан соң, баланың трагедиялық өлімі көзіқарақты оқырманды ойға шомдырады. Неге бала өледі? Не үшін? Жазушы Шыңғыс Айтматов та кезінде повестегі баланың тағдыры жөнінде бірнеше рет өзіне-өзі сауал беріп, оған нақты жауап берген. Повестегі көркемдік ой мен шешім авторлық принципке бағынышты болғанын жазушы аңғарған, өз оқырмандарына ескерткен. Повестегі зұлымдық атаулысы баланың фантастикалық тұрғыдағы трагедиясымен тәмамдалады. Зұлымдық жеңгендей әсер етеді. Алайда, баланың трагедиясы оқырманды бейжай қалдырмайды.
Повестегі ақ кеме – жазушының белгілі бір меңзеуі, астарлы ойы, айтар сыры. Ақ кеме – баланың күте-күте аңсары ауып, санасын сарғайтқан белгісіз әкесі қызмет атқаратын мекен-жай іспеттес әсерде қалдырады. Әрине, бұл біздің ойымыз. Әкесіне асыққан жас баланың аңсауы, сағынышы да ерекше аңғарылады. Әкені аңсаған баланың өзі өмірде көрген, білген жәйттерді айтуға, сыр бөлісуге асығуы да табиғи. Ыстықкөлден сағым болып көрінген ақ кеме – баланың үкілеген үміті. Ақ кемеге жетсе, бүкіл арманы жүзеге асатындай. Ал оған жетуге бала қанша ұмтылса да, мүмкін емес-ті. Жағадағы бала бір жақта, Ыстықкөл арқасындағы ақ кеме ту-у көз ұшында жатыр емес пе?!
Жазушының «Ақ кеме» повесінде қосақабат өрілген екі сюжет бар. Бірі – баланың ақ кеме туралы ертегісі. Екіншісі – атасының, яғни Момын қарияның Ана-бұғы туралы ертегісі. Дәл осындай қатар өрілген сюжеттер заңғар жазушының және бір көркем шығармасында да бар. Ол – суреткер, философ, жазушы Шыңғыс Айтматовтың дүниеден өткен соң жарық көрген «Таулар құлағанда» романы дер едік. Романдағы бірінші сюжет – тау асуы маңында өз үйірінен аласталған, шеттетілген, күші қайтқан Жолбарыстың тіршілігі туралы. Екіншісі – тәуелсіз журналист Арсен Саманчин мен опера әншісі, кейінірек эстрада жұлдызына айналған Айдана Самарова төңірегіндегі оқиғалардың дамуы. Романда жазушы кеңестік жүйенің құлап, нарықтық жүйенің келуімен біргелікте адамдар арасындағы рухани, адами құндылықтардың құлдырауы, азғындауы сияқты келеңсіз оқиғалар туындыда өз шешімін тапқан. Байлық үшін адам жанын жаһаннамға жіберуге де әзір кейіпкер Тастанауған, көк қағаз, яғни доллар үшін классикалық өнер иесі, опера әншісі Айдана Самарованың эстрада жұлдызына айналуы, бүкіл үйірді өзі бағып-қағып, саналуан қауіп-қатерден аман сақтап қалған жолбарыстың қартайған шақтағы бейшара ахуалы романдағы оқиғаларға өзек болған ортақ арнаға құйылған.
Жазушы шеберлігі романдағы мазмұн мен пішіннің бір-біріне қызмет етуін үйлесімді түрде бере білуінде деп ойлаймыз. Романдағы миф, яғни жас аңшы жігіт пен қалыңдығының қосыла алмауы, қалыңдықтың құсқа айналып, сүйген жігітін күндіз-түні тау кезіп іздеуі, екі жас тағдырының трагедиясы суреткер үшін тек пішін ғана. Осы арқылы жазушы шығарма мазмұнына тереңдеп баруды мақсат тұтқан.
Жазушы шығармаларында миф, аңыз көркемдік деңгейге көтеріліп, уақыт пен заманның көкейкесті мәселелерін шешуге жұмылдырылған. Атап айтқанда, Ана-бұғы жайлы халық арасында көптеген аңыздар бар. Солардың бірін халқымыздың атақты ағартушы демократы, көрнекті ғалым, этнограф Шоқан Уәлиханов та өз жазбаларында келтірген. Қарамырза мен Асан есімді аңшылар бұғыларды атып жүргенде олардың арасынан көркем әрі келбетті жігіт пен қызды көздері шалады. Олардың бастарында бұғының мүйіздері болады. Олар жігітті өлтіреді, қызды ұстап алады. Қыз бақилыққа аттанған ағасын жоқтап, Асан мен Қарамырзаны қарғайды. Олардан ұрпақ болмауын тілейді.
Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесінде момын қарияның күйеу баласы Оразқұлдан, шынында да, ұрпақ болмайды. Оның басты себебі – Ана- бұғы ұрпақтарын беталды құртқан Оразқұлды Ана-бұғының қарғысы ұрған дегенге саяды. Шынында да, аңыздың айтуынша Қарамырза ұрпақтары үш отбасыдан аспаған, яғни ұрпақтары аз өте аз болған. Асанмырзаның жүзге жетпесін, жүзге жетсе де, күзге жетпесін делінеді және де осынау аңызда. Халықтың сенімі мен өмір шындығының, аңыз деректерінің бәрі-бәрі де қалайша дәлме-дәл келіп отырғандығына көпшілік таңдай қаққан. Ана-бұғыға қол көтермеуді, сөйтіп, осынау жануардың қасиетті екендігін әрбір ұрпақ өкілдеріне ескерткен, жадтарынан өшірмеуді өтінген. Сайып келгенде, табиғат пен адам арасындағы жауыздық түптің түбінде адамзат баласына қауіп төндіретінін айна-қатесіз айта білген, жөнді сөзге, уәжге тоқтам қажет екендігін ұқтырған.
Жазушы осы повесте адамдардың байлықтан шалқып жүргенін әншілердің күндіз-түнгі сөз сайыстарын, әкесінің қабіріне маралдың мүйізін қондырып, айтулы рудан екендігін меңзеген ойларын, марал мүйізімен сауда-саттық жасап, байи түскендерін суреттей отырып, Момын қарияның аузымен оларға баға береді. Көпті көрген Момын қария көңілге түйгендерін түйдек-түйдегімен, қысқа әрі нұсқа күйде айтып салады. Адамдардың ақылмен емес, байлықпен шалқығаны қайбір жақсы дерсің дейді. Әншілер күндіз-түні сөз сайыстырса, олар әннің нағыз жауына айналмай ма дейді. Көне заманда-ақ адамдар байлық мақтанқұмарлықты, мақтанқұмарлық есалаңдықты тудырады дейді. Ақша жүрген жерде жақсы сөзге, сұлулыққа орын жоқ дейді.
Жазушы Шыңғыс Айтматовтың Момын қария ойымен берілген поэтикалық сөздерінің күмәндігіне еш дау айта алмайсың, келісесің. Повесте Бұғышы тайпасының мифтік тарихы көркем тілмен, қаламгерлік шеберлікпен суреттелген. Шоқан Уалиханов та жоғарыда келтірілген аңызды қырғыз жерінде, Ыстықкөлде болған кезінде жазып алған-ды.
Шыңғыс Айтматов қазақ әдебиеті мен оның белгілі қаламгерлері жөнінде, шығармалары хақында ойлы, пайымды материалдар жазды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовпен екеуінің терең шығармашылық байланысы да оқырмандар жадында жаттаулы. Шыңғыс Айтматовтың дарынды әрі күшті талант иесі екендігін ұлы жазушы бірден-ақ байқап, таныған, сол себепті де, қамқор пейілін аямаған. Ұлы Шықаң да қай жерде болмасын, өзін екі мықты тірек ұстап тұратынын жасырмай айтатын, мақтанышпен атап көрсететін. Бірі – қырғыздың атақты «Манас» эпосы, екіншісі ұлы Мұхтар Әуезов дейтұғын. Осы екеуі бар кезде арқа жоным күдірейіп шыға келетін деп жазғаны әлі де есімізде.
Жазушы Шыңғыс Айтматовтың бүкіл шығармашылық жолы өзіне деген ұлы ұстаздың сенімін ойдағыдай ақтаудың берік кепілі болғандығы әлемге аян.
Өзінің алғашқы күрделі де көлемді «Жәмила» повесінен бастап, «Таулар құлағанда» романына дейінгі аралықта жазған ауқымды прозалық туындылары үнемі өсу, даму және әдеби тың үдерістегі жаңа көркемдік-шығармашылық тәсілдерінің әлемдік дейгейдегі биік көріністері деуімізге еш күмән жоқ.
«Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты шығармасында автор адамзат баласының өзі тербеткен Жер бесікті аман сақтап қалудың көкейкесті мәселелерін көтереді. Жерді және оны мекен етуші адамзат баласының барлығы бір қайыққа мінген жандар сипатында суреттеледі. Жазушы адамдар мінген қайықтың ғарыштағы шексіздік әлемінде қай жаққа қарай бағыт алып бара жатқанына толғанады, жаны жай таппайды. Повестің кейіпкері Эмрайин осы орайда біздің бәріміз бір қайықтамыз, тағдырымыз да бір деуі – әрбіріміздің Жер-Ананы сақтауға деген жауапкершілігімізді күшейтеді.
«Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі солтүстіктегі нивхлердің өміріне арналса да, адамзатқа тән ұрпақтар жалғастығы, ұрпақ қамы, адамдардың аса төтенше жағдайдағы іс-әрекеті, психологиясы секілді күрделі мәселелерге арналған. Повесте қашандағыдай жазушыға тән адамгершілік тақырыбы менмұндалап тұрады. Повестегі сюжет желісі шынайы өмір және мифтен құралған. Алайда, нивх жазушысы Владимир Сангидің айтуымен жазушы осы повесті жазғандығын айта кеткен жөн. Нивх жазушысы жас кезінде атасымен бірге теңізге балық аулауға шығады. Теңізде олар адасады. Қайықтағылардың есі шығады. Иықтары салбырап, қайықты есуді де доғарады. Тұман сейілмейді. Бір кезде қайықтағы аталардың бірі қайықты күрт бұрып, ескекті қатты-қатты есе бастайды. Сондағы оның айтқаны, поляр үкісін көргені. Үкі таңертең жағалаудан теңізге қарай жем табу үшін ұшады екен де, кешке жақын сол жолмен жағалауға қарай кері тартады екен. Сөйтіп, қария үкінің қанатының сусылынан бағыт-бағдарды болжап, қайықты жағалауға бұрып, бәрін ажалдан аман қалыпты. Осынау әңгіме өзегін заңғар жазушы жоғарыда аталған туындысына арқау етіп алыпты. Соның негізінде қаламгер адамның өзін-өзі қиын сәтте құрбандыққа шалуы жайлы мифологиялық көркем дүниені өз оқырмандарына ұсынды. Миф, әрине, жазушының қазіргі әдеби үдерісте жиі қолданатын көркемдік-шығармашылық тәсілдерінің бірі ғана. Сонымен бірге әрбір ұлттың өзіне ғана тән ауыз әдебиеті, аңызы мен мифі композициялық тұтастықты сақтауда, бүгінгі өмірді шынайы суреттеуде жиі қолданылатындығы да жасырын емес. Мұндай тәсіл оқырманды әсерлендіреді, әрі сенімін күшейтеді, түп тамырын білуге деген қызығушылығын арттырады. Көркемдік-шығармашылық тәсілдің әдеби үдерістегі синкретикалық түрі бүгінгі әдеби үдерісіміздің шынайы шындығы деуімізге әбден болады.
Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесіндегі Ана-бұғымен Әйел-балық арасында ұқсастық бар. Бірі қырғыз еліндегі өз ұрпағы Ана-бұғыдан тарады деген миф болса, нивх ауыз әдебиетінде Балық-әйел туралы аңыз бар. Екі халықтың мифін қаламгер өз шығармасында адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты үйлестіру мәселесінде өте шебер әрі ұтымды пайдаланған.
Жазушы шығармаларындағы аңыз, миф, ертегілердің қосақабат өрілуі қанша десек те, классикалық дәстүрден аулақтамайды. Өмір шындығы, суреткер шеберлігі, кейіпкерлер дүниесі қоғамдағы көкейкесті мәселелерді шешуге бағытталады. Ғарыш қаншама шексіз болса да, адам баласы осынау кеңістікте бірден-бір тіршілік атаулысы болғандықтан, бір сәтке ойлануға, тоқтап, жан-жаққа қарап, бағамдауға, «Қайдан келдік, қайда барамыз?» деген мәңгілік сауалдарға біршама жауап іздеуге үндейтін көркем туындының бірі – «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі дер едік.
Әрине, көкейкесті мәселелер қазірде де өте көп. Өркениет атаулысы шынында да, ұлттық салт-сана мен дәстүрді шектеуге әсерін тигізуде. Оның қадамын кең әрі еркін тастауына мүмкіндік бермей отырғаны да рас. Сондай-ақ «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы Қазанғапты Ана-бейітке жерлеуге рұқсат бермеген қарауыл бастығын кінәлауға болмайды. Космодром салынуына байланысты әлеуметтік-тұрмыстық жайлардың орнығуына орай жаңа құрылыстар жобасының белгіленуі де қазірде заңды, табиғи. Осы ретте ғаламның барша жаңалықтарынан хабардар Сәбитжанды да кінәлай алмайсың. Ол заңды, жөн-жосықты жетік біледі. Оған тікелей кінә арта алмайсың. Десек те, жазушы «Ғасырдан да ұзақ күн» романы арқылы адамдарды өткен тарихына, түп тамырына деген қадір-құрметті жоғалтпау керектігін ескертетіндей секілді әсер қалдырады.
Жазушының сүбелі соңғы шығармаларының бірі – «Таулар құлағанда» («Мәңгілік қалыңдық») романы. Романның аты айтып тұрғанындай, кеңестік алып империяның құлауымен бірге, жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан территорияда қоғамдық жүйе өзге бір жүйемен алмастырылды. Сонымен біргелікте адами, адамгершілік құндылықтар бір-ақ сәтте өзге мәнге ие болып шыға келді. Материалдық байлықтан гөрі рухани байлықты бірінші кезекке қойған идеология орнына ақшаны ту еткен заман төрге озды. Мінеки, осынау нарық заманы деп аталатын қоғам дәуіріндегі кейіпкерлер, олардың іс-әрекеттері, көзқарастары, психологиясы «Таулар құлағанда» романында жан-жақты және терең суреттелген.
Жазушы Шыңғыс Айтматов әлемдік әдебиеттегі қаламгерлердің шығармалары ең көп тараған, оқырмандар саны өте мол суреткерлердің бірегейі. Әлем әдебиетінің үлкен шоғырында оның есімі ерекше аталады. Айтматовтың сөзі бүкіл әлемдік әдебиетте өз стилімен, көркемдік- философиялық психологизмімен ерекше көзге түсетін сөз өнері. Айтматов және қазақ әдебиеті арасындағы байланыс оның көркем-публицистикалық шығармаларымен өлшенеді.
Әлем әдебиеті мен қазақ әдебиеті жайлы сөз болғанда ең алдымен, заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовты ауызға алатындығымыз да заңды құбылыс. «Таулар құлағанда» романында кеңестік журналистикада өз орны бар Арсен Саманчиннің нарық заманы кезінде өз ойының, арманы мен үмітінің күл-талқанын шығарған шындықты шығармаға арқау етеді. Нарық заманының алғашқы жабайы түрі шынайы өнерді күресінге тастайды. Опера – өнердің классикалық түрі саналса да, эстрада өнерінің бағы жанады. Опера әншісі Айдана Самарова жақсы өмір сүруге, байлыққа кенелуге оңтайлы, замана сұранысына тиімді эстраданы таңдайды. Әрине, таңдау еркі әркімнің өз қолында. Оған кінә артуға да болмас. Нарық замана талабы соны қалайды.
Арсен Саманчин мен Айдана Самарова арасында бастапқыда өте сәтті шығармашылық байланыс орнайды. Арсен Саманчин халық ауыз әдебиетінен берік орын алған аңшы жігіт пен оның ғашығы, қалыңдығы жайлы аңызды еліте айтуымен біргелікте, осы мифтен опера туындысын сахнаға шығаруға әрекет етеді. Қалыңдықтың өз сүйіктісі – аңшы жігітін сағына күткен, тау-тастың арасын кезіп, оны іздеген сәттерін опера сахнасына қоюды үміт етеді. Айдана Самарова бұған көнеді, иланады. Екі жастың сүйіспеншілігі жайлы ән шырқауды да арман етеді.
Бірақ оқиға өзгеше бағытта дамиды. Айдана Самарова операны біржолата тастап, эстраданы қош көреді. Шынында да, романдағы миф авторлық шешім үшін ғана ұтымды пайдаланған. Енді соған келелік. Аңыз не дейді? Көне замандардың бірінде таулы елді мекенде бір аңшы жігіт пен оның қалыңдығы өмір сүреді. Күндердің күнінде аңшы жігіт пен қалыңдықтың үйлену тойы белгіленеді. Алайда, екі жастың бақытты болуына қарсы болып, күндестікпен, күншілдікпен біреулер өздерінің қара ниетін жүзеге асырады. Сөйтіп, үйленетін күннің алдында «Қалыңдықтың өз сүйген жігіті бар екен. Ол сонымен бірге бір үлкен қалаға қашып кетіпті» деген алып-қашпа, жалған сөз ел ішіне тарайды. «Сөз тас жарады, тас жармаса да, бас жарады» демекші, айтылған сөздің құдіреті мен қуаты соншалықты, аңшы күйеу жігіт сол бойда-ақ «Әйел затына деген сенімім түгелдей жойылды» деп, тауды бетке алып, ешкімнің айтқанына көнбей, адамдар арасынан мүлдем кетіп, кісікиік хал кешуді жөн санапты.
Сүйген қалыңдығын қара ниеттілер аяқ-қолын байлап, атқа өңгеріп, ұзаққа әкетеді. Бір кезде оларға асау өзеннен өтуге тура келеді. Сол сәтте қалыңдық қыз ретін тауып, қашып құтылады. Бірақ соңынан ерген жауыздар тыныштық бермесін сезген соң, қыз құсқа айналып кетеді. Содан соң, қалыңдық қыз ауылға келіп, күйеу жігітін әрі іздейді, бері іздейді, таба алмайды. Аңшы жігітінің тауға кеткенін білген соң, содан бері әлі күнге шейін зарығып іздеуде екен дейді миф. Аңыздың аты – аңыз. Әйтсе де, жастардың бір-біріне деген ынтызар көңіл-күйі, іңкар сағынышы Арсенге де, Айданаға да махаббат сезімдерінің күшеюіне, толып, лықси түсуіне әсер етеді. Алайда, уақыт өте келе, нарық заманының шынайы шындығы аңыздағы күшті сүйіспеншілікті жақсы арман күйінде ғана қалдырады.
Арсен шынайы өнерді, шын махаббатты жаны қалайды. Сол үшін өмір сүргісі келеді. Бірақ оны жүзеге асыру үшін тек арман ету аздық ететіндігіне көзі жетеді. Бұрынғы белгілі журналист, казірде тәуелсіз журналист Арсен Саманчинді қоғам керек етпейді, қажет санамайды. Оны жанына жақын тартып жүрген жақын туысы – Бектұр аға ғана. Ол жаңа заманға бейімделіп, кәсіпкерлікті қуған жан. Таулы шыңдарда тіршілік ететін қар барыстарын шетелдік араб ханзадаларының аулауы үшін олармен келісім-шарт түзеді. Бұл ісі арқылы жергілікті адамдардың біразы өз нәпақасын айырып алуға мүмкіндік туатынын да жасырмайды. Осы жұмысқа ағылшын тіліне жетік журналист Арсен Саманчинді Бектұр аға жекпек болады. «Джип» мінген Бектұр ағасы осылайша Арсенге ескі «Нива» машинаңды жаңалап аларсың дейді. Арсен көнеді.
Осы орайда байлық мәселесіне де тоқтала кеткен жөн секілді. Романда бұл жөнінде жан-жақты тоқталған. Байлық туралы мысалдар келтірілген, шағын әңгімелер де сюжетке кірістірілген. Сонымен, кеңестік жүйе кезіндегі байлықты тек зұлымдық ошағы деген түсініктің орнына, байлық бекзат өмірдің, емін-еркін ғұмыр кешудің өлшемі деген көзқарас кеңінен қалыптастырылады. Оған сенесің де. Мәселен, араб ханзадалары Алатаудың қарлы шыңдары арасында жүріп-ақ, қалта телефондарымен ту-у Араб елімен беймарал сөйлесуі көзіқарақты Арсеннің өзін таң қалдырады. Олардың сонау ғарыш көгінде қалықтаған спутниктерде өз арналары бар екенін біліп, өзі қымсына түседі. Өзінің қалта телефоны олардың байланыс жүйесімен салыстырғанда арасы жер мен көктей екенін сезінеді. Өйткені, оның қалта телефоны таулы алқапта антеннаның көрсетпеуінен сөйлесуге мүлдем жарамсыз болып қалған-ды.
Және де Арсеннің байқағаны – араб ханзадалары үшін «Джип» секілді көлік мініп жүрген өзінің бай туысы Бектұр ағаның байлығы бір мысқал ғана секілденеді. Араб ханзадалары ермек үшін ғана Сахара шөлінде су жаңа «Джип» көліктерімен өзара жарысады екен. Озған көлік мықты да, ең соңында келген «Джипті» бәрі бейшара, осал машина деп, үстіне бензин құйып, өртеп жібереді екен. Соған бәрі дуылдай күліп, рахаттанып, би билеп, қол шапалақтауды үдеріске айналдырыпты. Мінеки, романда байлық туралы түсінікті оқырман өз түсінігі, талғамы тұрғысында әртүрлі қабылдай алуына осылайша мүмкіндіктер жасалынған.
Сонымен, нарық заманының басты өлшемі – байлық екендігіне, оның түбі де, тереңі де шетсіз, шексіз болатындығына сене түсесің. Күмәнің қалмайды. Тіпті, романда осы орайда мынадай авторлық байламды да оқисың, ұғынасың. Мәселен, соған тоқтала кетелік. Автордың сюжет желісі ауқымында айтқанындай, кедейлер байлықты жек көреді. Олардың пайымдауынша, байлық зұлымдыққа, жауыздыққа жол бастайды. Бірақ кедейдің өзі іштей бай болсам деп арман етеді. Бұндай авторлық тұжырым қаншалықты шалт болса да, келіспеске лаж жоқ, сенімді әрі иланымды.
Айдана Самарованың бойындағы өнерді шоу-бизнеске айналдырған романдағы басты кейіпкер Эрташ Курчал нарық заманына бейімділігін танытты. Ол Айдананы өз жағына тартты. Романдағы осы жәйттерге көңіл бөлелік. «Арсен Саманчин осыншалықты төменшіктенгені, қызғанғаны үшін өзін-өзі келекелей жазғырып, жек көрді... Және де тұйыққа тірелді. Және де осы кезде бәріне нүкте қойғысы келді. Өйткені, біреу айтқан ғой, күш күшті иілдіреді, сөйтіп, күш соған өтеді деп. Бұқаралық мәдениет, оны, идеалисті, тұра алмайтындай етіп жаншып тастады. Ал Эрташ Курчал мойындалған құдай әрі қуатты болып шықты. Оның мейрамханалары, эстрадалары, стадиондары қаншама, жарнама агенттіктері мен телеарналары қаншама? Және де бұның барлығы жұрттың көз алдында, бұның бәрін де ол заңды түрде иеленді, әнеки, ол бұқаралық мәдениеттің мұхиттағыдай толқынын қуып, оны, Арсен Саманчинді, сонымен бірге «Мәңгілік қалыңдықты» да жүзеге аспайтын ойлардың арғы жағына тысқырып тастады...»
Арсен Саманчин Айдана Самарованың «Мәңгілік қалыңдық» жайлы опера сахнасында ғажайып ән салады деген ойының жүзеге аспауына бірден-бір себепкер Эрташ Курчал екендігін біледі. Тіпті, оны сол үшін өлтірмек болады. Мылтықты да табудың ретін ойластырады. Сол кезде туысы Бектұр ағаның Арсенді араб ханзадаларына аудармашы бол дегені, «іздегенге – сұрағанның» дәл өзі болған еді. Бектұр ағасы аңшылық кезінде оған да қолына қару ұстататындығын өзі айтып қояды. Романдағы кейіпкерлер, олардың нарық заманындағы психологиялық ой-пиғылдары, іс-әрекеттері, бәрі-бәрі де адам баласының дүние үшін қандайда бір адам сенгісіз қадамдарға баратындығын растай түседі. Адамгершілік, мейірім, адам жанын аялау секілді түсініктер әдірам қалады. Дәлел ұсыналық. Арсен Саманчинмен бір сыныпта оқыған, Тұйықжар ауылында тұратын Тастан қиялға мүлдем үйлеспейтін ой айтады. Және оны Арсеннің мүлтіксіз орындауын талап етеді. Орындамаған жағдайда өлтіретінін айтады. Тастан жас кезінде көп балалардан ерекшеленбейтін. Әскерге барған соң, мүлдем өзгерген. Ауған соғысына қатысқан. Қанды қасапты бастан кешкен. Аяушылық сезімі жойылған. Жерлестері оның ауған соғысына қатысқаны үшін Тастанауған деп атап кеткен. Енді мінеки Тастанауған Арсенге бір-ақ сәтте қалайша бай болу жөнінде ұсыныс жасайды. Оның мәнісі – мынада. Тастанауған араб ханзадаларымен бірге қар барыстарын аулауға барғанда, оларды аманатқа алып, ірі көлемде ақша талап етеді. Оларға ақша түк те зәру еместігін, сұрағанын, жандары аман қалуы үшін қанша сома болса да, қайткенде де тауып беретіндіктерін, байыптап түсіндіреді. Арсен алғашқыда Тастанауғанның сөздеріне онша мән бермейді. Әзілі болар деп ойлайды. Бірақ Тастанауғанның жүзі қатқыл тартып, жанарына мұз қатқандай кейіпте, барша амал-айла мен іс-әрекеттерді қолға қойғандай тәптіштеп айтуы, күмәнді ойының баршасынан серпілтеді. Тастанауған дайын байлықты қолға түсіру үшін алдын-ала, күні бұрын бәрін жоспарлап қойған-ды. Өз отбасын тиісті қаржы қолға түскен соң, шекара өтіп, таудан асып кетуді де Арсеннен жасырмауы, оның бұрынғы қарапайым Тастан еместігіне, болмысы түбегейлі өзгерген, өзге бейтаныс сыныптасқа айналғанына көзін жеткізеді.
Романдағы оқиғалар дамуы детективті шығарманы еске түсіреді. Шытырман оқиғаға арқау болар Тастанауған мен Арсен арасындағы қарым-қатынастың ширыға түсуіне бірден бір себепкер мәселе – адамгершіліктің саудаға түсуі деуімізге болады. Адамды аманатқа алу, одан қылмыскерлерге тән ақша талап ету Арсеннің табиғатына жат. Жалпы алғанда, Арсен араб ханзадаларының Алатауға келіп, қар барыстарын аулауын да жөн санамайды. Бұндай теріс іс-әрекеттерді экологиялық тепе-теңдіктің сақталуына кері әсерін тигізетіндігін Бектұр ағасына түсіндірмек ниетте болады. Бірақ оның бұл әрекеттерінен нақты нәтиже болмайды. Нарық заңына томпақ Арсеннің ой-ниеттері кедергілерге ұшырайды.
Шығарма шешімі – Арсеннің оқыс іс-әрекет танытуымен аяқталады. Ол өзіне жүктелген аудармашылық қызметтен гөрі Тастанауғанның адамға тән емес, зұлымдық іс-әрекеттерге бармауын тілеп, араб ханзадаларына қар барысын аулау кезінде өз елдеріңе кетіңдер, қар барыстарына тыныштық беріңдер деп, оларға қарсы бейберекет оқ жаудыра бастайды. Араб ханзадалары өз өмірлеріне қауіп төнгенін сезеді. Олардың оққағарлары да, Тастанауған да Арсеннің қияли іс-әрекеттерін доғармақ ниетпен, оған қарата оқ атады. Арсен қатты жараланады. Жақын маңдағы үңгірлердің біріне ол сүйретіле, әрең жетеді. Жаны шығар алдында тұла бойы жаралы, үсті-басын қан жуған, әбден қартайған, үйірінен аласталған қар жолбарысы да үңгір ішіне кіріп, сол жерде жан тапсырады. Екеуінің трагедиялық өлімінде терең символикалық меңзеу бар. Кезінде қоғамда өз орны бар журналист Арсен Саманчинмен бірге бүкіл үйірін бір өзі бағып-қаққан жолбарыстың қазірде үйірден аластатылып, түкке керек болмағаны, екеуінің тағдырының ұқсастығы шығарма соңында бірдей нәтижемен, яғни күйреуімен, қатты соққы жеуімен тәмамдалады. Таулардың құлауы – адамзатқа және қоршаған ортаға тән адамгершілік экологиясының құрбандыққа шалынуымен айшықталады. Әрине, бұл – шығарма шынайылығы, өмірдің нақты шындығы.
Романның екінші атауы «Мәңгілік қалыңдық». Бұл романдағы қосалқы әрі дербес сюжеттік желі. Мәңгілік қалыңдық күйінде қалған ару жайлы мөлдір, таза, пәк миф. Осынау мифті таудың бергі бетіндегі қырғыз елі де, таудың арғы бетіндегі, қытай жеріндегі қырғыздар да жақсы біледі. Екі ағайын халық бір-бірімен араласпаса да, мифтің ортақ болуы түбі бір ұлттың ортақ рухани қазынасы екендігін аңғартады.
Мәңгілік қалыңдыққа халықтың сенімі мен құрметі айрықша. Жаз кезінде, ай толықсыған шақта махаббат қайғысына бөленген жастар, үлкенді-кішілер тауда ағаш бұтақтарын жинап, от жағады. Бақсылар барабан соғып, би билейді. Жоғалған күйеу баланы шақырады. Отқа жақындауын өтінеді. Кей-кейде аңшы жігіт кейбіреудің көзіне көрінеді дейді. Көлеңкелі тұста басын иіп, тағзым жасайды да, қайтадан жоғалады-мыс. Ал мәңгілік қалыңдықтың рухын қашанда биіктетеді. Мұнда халықтың От-анаға табыну рәсімі көрініс береді. От тазару, күнәдан, жамандық атаулысынан арылу белгісі. Қытайлық қырғыздар, тіпті, оттың жанында екі сұлу бойжеткеннің қолына ер-тұрманы, бүкіл әбзелімен жабдықталған атты ұстатып, Мәңгілік қалыңдықтың қажетіне деп, алдын-ала дайындап қояды екен.
Халық аузындағы миф өзінің көркемдігімен оқырмандар жадында қалады. Ауыздан-ауызға көшкен мифте Мәңгілік қалыңдықтың тау ішін кезіп жүретіндігіне, із-түзсіз жоғалған аңшы күйеу жігітті сағына, сарғая іздейтіндігіне, соңына түскен қуғыншылары бар екендігіне халықтың сенімі аса зор. Мәңгілік қалыңдықтың сүйген жары, жолы болғыш жас аңшы ізім-қайым жоғалған. Оның ел көзінен таса болған сәттен кейінгі тағдыры өзге жұртқа беймәлім, жұмбақ. Арсеннің болжауы бойынша жаулары оны үңгірге қамап қойған ба, әлде сөйлеу құдіретінен айырған ба, әйтеуір, тірі жан білмейді. Мұнда Арсеннің айтуынша, мүмкін автордың пайымдауы да болар, адам баласының жақсылықтың жолын кесудегі қитұрқы іс-әрекеттері мен айла-амалдары және аярлықтары иірімдерінің ізі жатыр, тереңіне адам бойламас, жұмбақ та құпия бедері ашық көрініс табады.
«Таулар құлағанда» романы адам баласының бір-біріне деген қарым-қатынасының қаншалықты шынайы, яки керісінше, зұлымдыққа құрылғандығының, шындық пен өтіріктің, адалдық пен аярлықтың, бақыт пен баянсыздықтың, мейірім мен қаталдықтың шарпысқан, бітіспес күресіндей әсер қалдырады. Арсен о баста шынайы махаббат үшін іс-әрекет етеді. Айдана Самаровамен арадағы сүйіспеншілік те шынайы, табиғи. Бірақ бәріне уақыт түбегейлі өзгеріс енгізеді. Сүйіспеншіліктің құны таразыға түскенде, Айдана Самарова ақшаның жетегінде кетеді. Шынайы махаббат тек идея күйінде қалады. Айдана Арсеннен бас тартады. Махаббаттың өзі заманға, уақытқа сай өзгеріске ұшырайтындығына Арсен мен Айдана арасындағы қарым-қатынас куә бола алады. Айдана жаңа жағдайға, нарықтық қатынасқа бейімделеді. Ал, Арсен бейімделу орнына құрғақ қиялға беріледі. Айдананың «Мәңгілік қалыңдық» туралы тәтті ой мен қиялдарды тәрк етіп, сатып кеткенін кешірмейді. Жолдан бетін бұрып әкетіп, эстрада жұлдызына айналдырған Эрташ Курчалды өлтірмек ниетте болады. Былайша айтқанда, зұлымдыққа, сатқындыққа қарсы кек алуды ойланады.
Бәлкім Арсен Эрташ Курчалды өлтіруі де мүмкін еді. Бірақ оқиғаның дамуы, роман кейіпкерлерінің өзара іс-әрекеттерінің басқаша өрбуі сюжет желісіндегі шиеленісті өзгеше шешуге ықпал етеді. Оның үстіне Арсен Елес атты қызға ғашық болады. Екеуі аз ғана уақыт болса да, бір-бірін түсінуіне, ұғынысуына, мүмкіндік туады. Өзін түсіне білген қызға жолыққанына, сонымен бірге өзінің шығармашылығына қатты қызыққан, табынған қыздың сүйіспеншілігі мен ынтызарлығы еңсесін көтергеніне Арсен қуанады. Бірақ Тастанауғанның қаніпезерлік қылмысы Арсеннің бүкіл арманы мен ниетіне тоқтау салады.
Сол үшін де араб ханзадаларына төнген қауіп-қатердің алдын алу және олардың өліміне жол бермеу үшін Арсен қару қолданып, қонақтардың өз елдеріне аман-есен қайтуына жағдай жасайды. Өзін құрбандыққа шалады.
Өлер алдындағы Арсеннің Елестен, араб ханзадаларынан, Бектұр ағадан, ағасы Ардақ пен қарындасы Хадишадан, Айдана Самаровадан, тіпті, Эрташ Курчалдан, кластасы Тастанауғаннан жерлестерінен тәубаға келіп, кешірім сұрайды. Кешірулерін өтінеді. Оның да себептері бар еді. Өйткені, Арсен Елесті қалаған-ды. Алда талай-талай армандар тұрған-ды. Олардың бәріне де ендігіде нүкте қойылады. Сол үшін Елестің кешіруін тілейді. Айданадан да оның жұлдызды ғұмырын айыптағаны үшін кешірім өтінеді. Эстрада өнерін таңдағаны өзінің жеке тірлігі екенін сезінеді. Эрташ Курчалды өлтіру ниетінің болғаны үшін де кешіруін сұранады. Соншалықты оны жек көрсе де, тәубеге келеді. Тастанауғанның қылмысын ендігіде ешкім біле алмайтындығын, зұлымдыққа тола жоспарының анық-қанығын тірі жан баласының ашуы мүмкін еместігін де, жарияға жар салғандай күйде айтып, оның кінәсінің өтеуі болатынын ескертеді. Жалпы алғанда, таудағы қылмыс атаулысының жолын кескен Арсен Саманчиннің өлімі зұлымдыққа тосқауыл болған, қоғам үшін қажетсіз саналған жанның қапияда ажал құшып, құрбан болғанындай аңғарылады.
Романда адамды өлтіру үлкен қылмыс екендігі меңзеледі. Адамның жанын алу адам баласының қолындағы құқық емес, Құдайдың құзырындағы мәселе екендігі қайта-қайта айтылады. Бұл қасиетті кітапта да бар жәйттердің бірі. Роман эпилогының орнына берілген Арсен Саманчиннің «Өлтіру – не өлтірмеу...» туралы әңгімесіне де осы мәселе негізгі өзек болған. Әңгімедегі оқиға соғыс кезеңін қамтиды. Соғысқа бара жатқан ұлына анасы біреуге қарсы қару жұмсамауын өтінеді. Бұған әкесі де, баласы да дау айтады. Соғыста сен өлтірмесең, сені басқа біреу өлтіреді дейді. Бұл шынында да, соғыс заңы. Сергий атты жігіт, мінеки, соғысқа бара жатыр. Алдынан не күтіп тұр. Оны өзі біле алмайды. Бірақ өлтіру не өлтірмеу секілді мәңгілік сауалға жауапты тек майдан даласы ғана жауап береді. Онда дүдәмал жауап бола алмайды. Не өлтіресің, не өлесің. Ал адам баласы үшін бұл мәселе өз тірлігінде қаншама рет төтесінен қойылады десеңізші. «Біреуге ор қазсаң, өзің түсесің» деген мақалдың Тастанауған секілділерге емес, қылмыс болмасын, аты өшсін, деп санаған Арсен Саманчинге қарсы қолданылатындығына кей-кейде қайран қаласың. «Айран ішкен құтылып, айран жалаған тұтылатын» жәйттер де өмірде аз кездеспейді-ау. Соның жарқын мысалы – Арсен Саманчин емес пе. Араб ханзадаларының өміріне қауіп-қатер төндіріп, тиісті қаржы табуды ойластырған Тастанауғанның қылмыстық жоспарының құрбанына айналған Арсеннің өлімі, мінеки, осындай аянышты өлімнің бірі.
Қалың оқырмандар ілтипатына өз заманында бөленген, алып ой иелерінің бірегейі, тағылымды көркем сөз шебері Шыңғыс Айтматовтың соңында бай әдеби-рухани мұрасы қалды. Шынында да, оның әрбір туындысы, көркем яки публицистикалық сипатта болсын, өз кезінде оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық туғызатын еді. Оқырмандарының өзі заңғар жазушының шығармаларын іздеп жүріп оқитындығы замана шындығы болатын. Осының өзі көркем суреткерге деген оқырмандардың зор махаббаты деуіміз қажет. Оны жоққа шығаруға болмайды. Кітап дүкендері сөрелерінде кеңестік жүйе кезінде де лықсып, сықиып толып тұратын өзге кітаптар арасынан көрнекті қаламгердің туындыларын таба алмас ең. Өйткені көзіқарақты оқырман қашанда да болады емес пе, іздеп жүріп, сұрап жүріп, тауып алуға әрекет ететін.
Шыңғыс Айтматовты қазірде өткен шақпен айтамыз. XX ғасырдың 50- жылдарының екінші жартысынан бастап, XXI ғасырдың алғашқы он жылдығы арасында өзінің толғақты, көкейкесті замана тақырыптарын өз шығармаларына арқау еткен сөз зергерінің ендігіде әлемдік әдебиет үдерісіндегі жаңа кезеңі басталды. Осыған тілектес болалық. Сәттілік тілелік. Қазақ әдебиетіне деген қамқор пейілін, оң ниетін әркез айтып та, жазып та жүретін, үлкен әдебиетке ізгі пейілмен алғаш түрен салған сәтте халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтан бата алған Шыңғыс Айтматов көркем әдебиетке деген ұлан-ғайыр қызметін ешқашан аянған емес. Оны, көрнекті суреткерді сол кездегі кеңестік ресми билік те мойындады. Суреткерлік, парасаттылық, азаматтық, озық ойлылық секілді жеке қасиетерін жете бағалады. Мемлекеттік және қоғамдық биік бедел мен марапаттарға ие болуы – соның айғағы. Заңғар жазушы, шынында да, жоғары марапаттарға лайықтұғын. Және де оларға қаламгер ретінде асып-тасып, шалықтаған емес. Өзінің биік мұраттарынан ешқашанда бір елі төмен түспеді. Көркем туындылары аса көп таралымдармен шығып жатса да, әдебиеттің қыр-сырына терең үңілген қаламы қарымды қаламгердің айтары мол екендігіне әрбір оқырман күмән келтірген жоқ. Оқырман қауым оның кемел шығармалары арқылы өзін күмәнді еткен, көңілін күпті еткен сұрақтарға жауап алды, қанаттанды, қанағат тапты. Расы сол. Бұл – заман шындығы. Нағыз суреткер ретінде Шыңғыс Айтматовтың көркем туындыларындағы сөз құдіреті өз оқырмандарына сенімді ой, мөлдір сезім, жоғары рух сыйлады.
Достарыңызбен бөлісу: |