Продуценттер (ағылш. to produce - өндіру) – бейорганикалық заттардан органикалық заттарды өндіретін ағзалар. Жер бетіндегі экожүйелердегі продуценттерге өсімдіктерді жатқызамыз.
Консументтер (латын. консуме – тұтыну) басқа ағзалармен (продуценттермен) өндірілген органикалық заттармен қоректенетін ағзалар. Экожүйедегі бұл ағзалар гетеротрофты деп аталады.
Редуценттер – органикалық заттар қалдықтарын бейорганикалық заттарға айналдыратын ағзалар (негізінен бактериялар, саңырауқұлақтар және т.б.)
Қоректік тізбектің әрбір түйіні – нәрлену деңгейі деп аталады. Бірінші нәрлену деңгейін автотрофтар немесе бірінші реттік продуценттер деп аталатындар алады. екінші нәрлену деңгейіндегі ағзалар – бірінші реттік консументтер, үшіншідегілер – екінші реттік консументтер деп аталады.
Бірінші реттік продуценттерге автотрофты ағзалар, негізінен жасыл өсімдіктер, кейбір прокариоттар, көк-жасыл балдырлар және фотосинтезделетін бактерияның аздаған түрлері жатады.
Бірінші реттік консументтер бірінші реттік продуценттермен қоректенеді, яғни олар шөп қоректі жануарлар.
Екінші реттік консументтер шөп қоректілермен қоректенеді, осылайша бұлар екінші реттің консументтерін жейтін үшінші реттік консументтері сияқты етпен қоректенетін жануарлар.
Түрлердің толеранттығы. Толеранттық ұғымы (латын tolerantia – шыдамдылық) экологиялық әсерлердің өзгеруіне деген түрдің шыдамдылығын білдіреді.
Экожүйенің тұрақтылығы деп экологиялық факторлар өндірісі кезінде оның қалыпты тіршілік ету көрсеткіштерін сақтап қалу мүмкіншілігін түсінеміз.
Топтардағы популяцияаралық өзара әрекеттестіктер – бұл әр түрлі популяциялардың топтың шегіндегі байланысы; мынадай қатынастарды бөледі: бейтарап, бәсекелес, паразиттік, жыртқыштық, бірігушілік, мутуализм, комменсализм, антагонизм.
Бәсекелестік – табиғи топтардың құрамын анықтайтын қатынастардың басты типтерінің бірі, бәсекелес түрлер бірге тіршілік ете алмайды.
Бір түрлердің басқа түрлермен уақыттың белгілі бір кезеңінде мұндай ауысуы экологиялық сукцессия деп аталады. Осы процестің нәтижесіндегі тұрақтылыққа келіп, өзін-өзі қалпына келтіру қабілеті бар және ортамен тепе-теңдікте болатын қауымдастық толықсыған қауымдастық деп аталады. Жалаңаштанған тау жынысына не топырағы құрыған басқа да үстіңгі қабаттарға қоныстанудан басталған сукцессия типі бірінші реттік сукцессия деп аталады. Бұдан айырмасы екінші реттік сукцессия деп үстіңгі қабаты толықтай не айтарлықтай дәрежеде өсімдіксіз, бірақ бұрын тірі ағзалардың ықпалында болғандықтан органикалық құрауыштары бар жерден басталған сукцессияны айтады.
Дәріс №4
Биосфера туралы ілім
-
Биосфераның жалпы мінездемесі
-
Биосфера эволюциясының даму кезеңдері
-
Биосфера құрылымы
-
Тірі жүйелер иерархиясы
1) Биосфера (В.И.Вернадский бойынша) – тіршілік бар немесе қандай да бір кезеңде тіршілік блған және үнемі тірі ағзалардың әсер етуіне ұшырайтын немесе ұшыраған планета аймағы.
Бірінші рет «Биосфера» түсінігі ұлы француз натуралисті Жан Батиста Ламарктің жұмыстарында кездеседі. Биосфера туралы жалпы ілімді жасаған белгілі орыс геолог ғалымы В.И.Вернадский болды. Ілімнің негіздері оның «Биосфера» кітабында баяндалған.
В.И.Вернадский планеталық тірі заттардың планетаның бет-әлпетін өзгертуге және оның және оның дамуына қолайлы экожүйелерді қалыптастыруға қабілетті аса қуатты геологиялық фактор екенін дәлелдеді. В.И.Вернадский бойынша тірі заттар күн энергиясын қабылдай алады және ыдырауы кезінде химиялық және физикалық жұмысқа жұмсалатын энергия бөліп шығаратын химиялық қосылыстарды жасайды.
Биосфера адамның және басқа да тірі ағзалардың жалғыз мекендеу ортасы болып табылады. В.И.Вернадский мен басқа да бірқатар ғалымдардың тұжырымдарынан биосераның ауыстырылмайтындығы заңы шығады. Осы заңнан табиғатты қорғаудың түпкі мақсаты – бұл биосфераны адамзат қоғамының жалғыз ғана өмір сүретін ортасы ретінде сақтау екені көрініп тұр.
Биосфера эволюциясының осы қазіргі заманғы кезеңі саналы даму кезеңі ретінде қарастырылады, яғни оны ноогенез (грек. ноос – сана) деңгейіне жатқызады. Соған сәйкес биосфераның біртіндеп ноосфераға айналуы процесі жүреді. «Ноосфера» ұғымын ХІХ ғасырда француз ғалымы Ле Руа енгізіп, оны әрі қарай Тейяр-де-Шарден дамытқан.
В.И.Вернадский ноосфера – бұл Жердегі жаңа геологиялық құбылыс деп санады. Онда адам тұңғыш рет қуатты гелогиялық күшке айналады. Алайда басқа да тірі заттар сияқты адам да тек тіршілік жайлаған аймақта, яғни өзі ажырамастай байланысқан және одан тыс кете алмайтын биосферада ғана ойлап, әрекет жасай алады.
2) Жалпы түрде биосера эволюциясының мынадай сатылы кезеңдерін келтіруге болады: органикалық, қарапайым жәй заттардың синтезі, биогенез, антропогенез, техногенез және ноогенез.
1. Жер геосферасында ультракүлгін радиация әсерімен қарапайым жай органикалық заттардың – сутегінің, метанның, аммиактың, су буларының синтезделуі. Этаптың басталуы – 3,5-4,5 млрд жыл бұрын.
2. Биогенез – жер геосферасындағы өлі заттардың тірі заттарға айналуы (геофизикалық факторлардың әсерінен жай заттардың күрделі органикалық заттарға айналуы). Этаптың басталуы – 2,5-3,5 млрд жыл бұрын (биосферада тірі заттың пайда болуы).
3. Антропогенез – адамның пайда болуы және оның қоғамдық тіршілік иесіне айналуы, өндірістік еңбек ету нәтижесінде адамзаттық қоғамдастықтардың түзілуі. Этаптың басталуы – 1,5-3 млн жыл бұрын (адамның пайда болуы).
4. Техногенез – адамның өндірістік іс-әрекетінің нәтижесінде биосфераның табиғи кешендерінің өзгеруі және техногендік пен табиғи-техникалық кешендерінің түзіле бастауы, басқаша айтқанда биосфераның негізгі бөлігі ретінде техносфераның қалыптасуы. Бұл этаптың басталуы – 10-15 мың жыл бұрын болды.
5. Ноогенез – биосфераның қоғамдық-табиғи жүйемен саналы түрде басқарылатын жаңа түріне айнала бастауы. Ноосфераны табиғатты саналы түрде және адамзаттық қоғамдастықтың тұрақты дамуына сәйкес келетін биосфераның жоғарғы кезеңі деп сипаттауға болады.
3) Биосферада шартты түрде 4 ірі кешенді қарастырады – атмосфера, литосфера, гидросфера және тірі ағзалар.
Биосфераның жоғарғы шекарасы озон қалқасы немесе озоносфера – атмосфераның стратосфера шегіндегі 22-26 км биіктікте озонның ең көп тығыздығына ие қабаты болып табылады.
Атмосфера – бұл қабатталған құрылысы бар және бірнеше сфералардан (тропосфера, стратосфера, мезосфера т.б.) тұратын, жердің өзімен бірге айналатын газды қабығы, биосфераның маңызды бөлігі. Атмосфера құрамын азот (78,08%), оттегі (20,95%), көмірқышқыл газы (0,03%) және аз мөлшерде (0,01%) басқа газдар құрайды.
Тропосфера – атмсофераның Жер бетінен 9-15 қашықтықта орналасқан аумағы. Тропосферада атмосфера массасының 80% және бүкіл су булары жинақталған.
Стратосфера – тропосфераның жоғарғы шегінен жоғары қарай 50 км дейінгі орналасқан атмосфера аймағы. Бұл аймақта озон қабаты бар. Озон қабаты барлық тіршілік иелеріне өте қауіпті күннің ультракүлгін сәулелерін Жерге қарай өткізбейді. Міне сондықтан да озон қабатын Жердегі өмірді қорғап тұратын қалқан ретінде қарастырамыз.
Гидросфера – бұл мұхиттардың, теңіз, көлдердің, өзендердің, тоғандар, ми батпақтың, жер асты суларының жиынтығын құрайтын Жердің сулы қабаты.
4) В.И.Вернадский тұжырымдамасындағы орталық түйін туралы түсінік. Тірі зат қарапайым сандық мөлшерлі химиялық құрамы, салмағы, энергиясы бар барлық тірі ағзалардың жиынтығы. Ол қоршаған ортамен биогенді атомдардың ағынымен – өзінің тыныс алуымен, қоректенуімен, көбеюімен тығыз байланысқан.
«Биосфераға оның әдеттегі қалпын беретін энергияның ғарыштық тегі бар екені шүбәсіз. Ол Күннен сәулелі энергия түрінде шығады. Алайда тек осы тіршілік иелері ғарыштық сәулелі энергияны жердегі энергияға, химиялық энергияға айналдырып, біздің дүниеміздің шексіз сан алуандығын жасайды» (Вернадский). Тіршілік – бұл Ғарыш пен Жердің арасын байланыстырушы түйін.
Биосфераның түзілуінде өсімдіктер шешуші роль атқарады. Бұлар энергиялары аз минералды заттардан көмірқышқыл газын, суды және күн энергиясын пайдалану арқылы тіршілік әлемінің негізін салушы құрамы күрделі энергиясы мол органикалық заттарды синтездеуге қабілетті бірден-бір ағзалар тобы. Жер бетіндегі барлық басқа тіршілік иелері негізінде осы органикалық заттардағы химиялық байланыстардың биохимиялық энергиясын пайдаланады.
Сонымен Биосфера – энергияны тірі зат пен қоршаған ортаның арасындағы зат алмасу жолымен тасымалдайтын, жинақтайтын, тұтып қалатын күрделі жүйе. Ол барлық құрамдас бөліктердің арасындағы күйдің тепе-теңдігін сақтап тұрады. Биосфераның динамикалық тепе-теңдігінің және тұрақтылығының негізі болып энергия өзгерісін жасап отыратын заттар айналымы болып табылады.
Биосферада заттардың айналымын қамтамасыз етіп отыратын күрделі жүйе түзілді. Ол биогенді элементтер мен ағзалардың қорынан тұрады, оны үш топқа бөлуге болады:
-
продуценттер (өндірушілер);
-
консументтер (тұтынушылар);
-
редуценттер (жоюшылар).
Экожүйе мен заттар айналымын сүйемелдеп отыру үшін энергия ағымы
болып тұру керек.
Қоректену тәсіліне қарай ғаламшардың барлық мекендеушілері 2 топқа бөлінеді: автотрофтылар және гетеротрофтылар. Автотрофтылар күн энергиясын биохимиялық энергияға айналдыру арқылы бейорганикалық заттардан органикалық заттар жасайды. Гетеротрофтар дайын органикалық заттарды пайдаланады. Сонымен Жер биосферасын қалыптастырып тұратын екі себеп – фотосинтез бен зат айналымы болып табылады.
Дәріс №5
Табиғи қорлар және табиғатты тиімді пайдалану
-
Атмосфералық ауа
-
Су қоймалары
-
Топырақ
1) Ауа – біздің ғаламшарымыздың түрлі газдардың қоспасынан (азоттың,
оттегінің, аргонның, көміртегі диоксидінің, гелийдің, т.б.), су булары мен тозаңдардан тұратын газды қабығы.
Атмосфералық ауаның ластануы адам ағзасына тікелей әсер етеді, ал атмосфераның ластануы – жанама түрде климаттың өзгеруі арқылы, биосферадағы озон қабатының бұзылуымен, қышқылдық жауынмен әсер етеді. ауаны ластаушылардың негізгі түрлеріне: атмосфералық газдар (азоттың, күкірт, көміртектің газдары), көмірсутектер (хлор-, азот-, фтор-, фосфорлы заттар), фенолдар, альдегидтер, ауыр металдардың аэрозольдары мен басқ органикалық және минералды заттарды жатқызамыз. Бұлардың көбісі улылығы мен канцерогендік қасиеттер арқасында онкологиялық ауруларға әкеледі.
Ресейлік ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша атмосфералық ластанудың әсері 3 пен 6 жастағы балаларға (3,3 есе) және 60 жастан асқан кәрі (1,6 есе) тұрғылықты халықтың денсаулығына үлкен зиян әкелетіні дәлелденді. Металлургиялық өндіріс дамыған қалаларда жасы үлкен тұрғылықты халық көбінесе қан айналымы (1,5 есе) мен асқазан (1,7 есе) аурулармен, ал балалар бронхты демікпе (1,5 есе), асқазан және көз ауруларымен жиі ауырады.
Ауаны негізгі ластаушылар қатарына ауаға қорғасынды, көміртек оксидін, альдегидтерді, шаңдарды, әр түрлі газдар мен ароматты көмірсутектер және т.б. шығарып тұратын автокөлікті, жылу электростанцияларын, металлургиялық, мұнай өндіретін және т.б. химиялық өндіріс орындарын жатқызады.
Жоғарыда келтірілген ауада болатын химиялық заттар тек адамдардың денсаулығына ғана әсер етіп қана қоймай, сондай-ақ қоршаған ортаның жағдайына да әсер етеді. Табиғи экожүйедегі бұл әсерлер әр түрлі және толығынан зерттелмеген. Мысалы, кейбір газдар (көміртек оксидтері) аз мөлшерде өсімдіктердің өсуі мен дамуына жағдай жасайды, алайда олардың ауадағы мөлшері көп болған жағдайда олар кері әсер етеді. Мысалы күкірттің қос тотығы өсімдік жапырақтарының клеткаларының тіршілік әрекетін тоқтатып тастайды. Соның нәтижесінде өсімдік жапырақтарында алғашқыда қоңыр таңтабалар пайда болып, соңында кеуіп қалады.
2) Су – маңызды табиғат ресурстарының бірі, сутегі мен оттегінің химиялық қосылысы. Ол Жер бетініңі 70%-нен көп бөлігін алып жатыр және гидросфера массасының 98,2%-ті Әлемдік мұхит суларында, 1,6%-ті материктер мұздарында, ал тек 0,1-% ғана материктердегі суларда.
Су – кез келген тірі жасушаның маңызды құрамдас бөлігі. Биохимиялық реакциялар суда өтеді, себебі биологиялық көп түрліліктің органикалық қосылыстарының көпшілігі суда ериді.
Халық санының өсуіне байланысты көп елдерде ауыз суға деген сұраныстың көбеюіне қарамастан, қазіргі заманның негізгі мәселелерінің бірі өзендердің, көлдердің және жерасты суларының ластануы болып отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мағлұматтары бойынша қоршаған ортада түсетін барлық химиялық заттардың 80%-ті ерте ме, кеш пе таза су көздерімен қосылады. Жыл сайын бүкіл әлемде 420 км3 қалдық сулар төгіледі, бұл сулар 7 мың км3 таза суды бүлдіре алады. су қоймаларының негізгі ластаушылары:
-
Құрамында өнеркәсіптік тегі бар атмосфералық жауын-шашындар;
-
Қаланың қалдықты сулары (тұрмыстық, канализациондық сулар);
-
Өнеркәсіптің қалдықты сулары;
-
Ауыл шаруашылығының қалдықты сулары.
Су қоймаларының негізгі ластаушысына толық тазартылмайтын өнеркәсіптік қалдықты сулар жатады. Сондықтан да көптеген өзен сулары мұнай өнімдерімен, ауыр металдармен, органикалық және минералды заттармен, пестицидтермен ластанған. Қалдық сулардың тазартылмай су қоймаларына құйылуы ластаушы заттардың тұнба түрінде үлкен мөлшерде жинақталуына әкеледі.
Адам өміріне және табиғи экожүйеге де тұрмыстық қалдықты сулардың құрамында болатын синтетикалық кір жуғыш заттар да үлкен зиян әкеледі. Олар су бетін көбікпен жауып тастап, суға өттегінің түсуіне кедергі жасайды. Су қоймаларының экожүйесіне ауылшаруашылық қалдықты суларымен келетін құрамында азот, фосфор және тағы басқа биогенді элементтер бар органиканың зиянды әрекеті де өте үлкен. Осы заттардың әсерінен су қоймаларында эвтрофикация процесі дами бастайды. Бұл – биогенді элементтердің көмегімен судағы организмдердің биологиялық өсуінің жылдамдауына әкеледі, осының нәтижесінде суда жалпылама фитопланктондардың, көк-жасыл балдырларды, жоғарғы су өсімдіктерінің көбеюі басталады да, су күнделікті тіршілікке жарамсыз болып қалады.
3) Біз тіршілік етіп отырған қатты жер қабатының (литосфераның) құрылысы күрделі болып табылады. Литосфераның үстіңгі қабаттарын (2-4 км) – литобиосфера, ал ең үстіңгі қабатын – топырақ деп атайды.
Топырақ жер бетінің экожүйелерінің биотикалық және абиотикалық құрауыштарының арасындағы ең маңызды байланыстырушы түйін болып табылады. Топырақтың құнарлығы топырақтың өсімдікті органикалық және минералдық қорекпен қамтамасыз ете алу мүмкіндігі ретінде анықталады. Қарашіріктің артықшылығы немесе жетіспеуі, сондай-ақ эдафиттік факторлар топырақтың құнарлылығын айқындайды.
Топырақтың құрамына төрт маңызды құрылымдық құрауыштар кіреді: минералды негіз (топырақтың жалпы құрамының 50-60%), органикалық зат (10% дейін), ауа (15-22%) және су (25-35%).
Топырақтың табиғи және антропогенді ластануын айырамыз. Табиғи ластану биосферадағы табиғи процестердің нәтижесінде – топыраққа атмосферадан, литосферадан, гидросферадан әр түрлі химиялық заттардың түсуі арқылы, мысалы, тау жыныстарының желмен ұшуы немесе жаңбыр мен қар сулары арқылы жүреді. Табиғи экожүйе мен адам денсаулығына ең үлкен зиянды топырақтың антропогенді ластануы әкеледі. Негізгі ластаушлыра қатарына пестицидтер, тыңайтқыштар, ауыр металдар, канцерогенді әсерлі құрамында хлор-, фтор-, фосфор сияқты элементтері бар тағы басқа өндірістік заттар жатады. Айта кету керек, адам ағзасына түсетін зиянды заттардың 70%-і тамақ өнімдеріндегі пестицидтер мен тыңайтқыштардың нәтижесінде болады.
Пестицидтер – зиянды жәндіктерді (инсектицидтер), арам шөптерді (гербицидтер), саңырауқұлақтарды (фунгицидтер) және т.б. құртуға арналған адам өміріне қауіпті химиялық заттар. Бүкіләлемдік шығарылатын пестицидтердің 45%-тін инсектицидтер, 40%-тін гербицидтер, 15%-тін фунгицидтер, 10%-тін күнделікті тұрмыста қолданатын басқа химиялық заттар құрайды. 80-шы жылдардың соңында ауылшаруашылығында қолданылған пестицидтердің орташа нормасы 1 га 2 кг-ды құрады, басқаша айтқанда 1,4 кг-адам болды. Көптеген пестицидтер топырақта ұзақ уақыт бойы сақталады және трофикалық тізбек бойынша жинақталып, адам өміріне зиянды мөлшерге дейін көбейеді.
Қоршаған ортаға аса зиянды заттарға диоксиндер тобын да жатқызады. Диоксиндер – бұл олардың аса жоғары улылығы мен биологиялық белсенділігіне байланысты суперэкотоксиканттар деп атайтын заттар тобы. Диоксиндер көптеген технологиялық процестер кезінде түзіледі, мысалы, целлюлоза – қағаз, металлургиялық және басқа да өндірістерден бастап ағынды суларды биологиялық тазалау мен ішетін суды хлорлау, қалдықтарды жағу, двигателдерде отынның жануы процестерінде түзіледі.
Бұл заттар өзінің улылығы жағынан ауыр металдардың қосылыстарынан, хлорорганикалық пестицидтердін, ал канцерогендігі жағынан - бензапирен ароматты көмірсутегінен асып түсіп, ауыр сырқаттардың себепкері бола алады.
Дәріс №6
Қазіргі кезеңнің әлемдік экологиялық мәселелері
-
«Таза ауыз су» мәселесі
-
Парникті эффект
-
Озондық тесік
-
Қышқылдық жауын-шашындар
1) Таза және қауіпсіз ауыз суға деген мүмкіншілік адамның негізгі сұраныстарының бірі. есептеулер бойынша дамушы елдерде шамамен 1 млрд адам ауыз суға толық жете алмай отыр. Жалпы адамзаттың 20% таза ауыз суға тапщы болып отыр. Су жетіспей отырған елдерге Солт Африка, таяу Шығыс, Азия мемлекеттері жатады.
Қазіргі уақытта шамамен 2 млрд адам канализациясы бар жағдайға қол жеткізе алмай отыр, 5 млн адам, оның ішінде 2-3 млн балалар, жыл сайын таза судың жетіспеуіне байланысты әр түрлі аурулардан өлуде.
Әлемдегі барлық өзендердің, сулардың жылдық көлемі шамамен 42600км3 , ал бұл 1995 ж есептеулер бойынша адам басына шаққанда 7600 м3 келеді. Бірақ та адам санының өсуіне байланысты бұл шама жыл сайын өзгеруде.
Таза суды өте көп қолданушылар мен ластаушылар қатарына ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік өндіріс орындары жатады. Жыл сайын планетамыздың жер асты су қоймалары 160 млрд м3 таза судан айырылуда. Судың мұндай үлкен көлемі оның айналымы кезінде орнына қайтып келмейді. ХХ ғасырдың ортасына қарай Жердің негізгі стратегиялық ресурсы мұнай емес, таза су болуы ғажап емес.
Деректер бойынша 2005 ж әлемнің 50 шақты елінде тұратын 3 млрд халық ауыз су тапшылығына тап болады. Бұл жағдай суға байланысты экологиялық және қоғамдық шиеленістерді қиындатады. Судың жетіспеушілігі этникалық және мемлекетаралық қақтығыстардың себебі болып отыр. БҰҰ Ассамблеясы 2003 жылды «Халықаралық таза ауыз су жылы» деп белгіледі.
2) «Парникті эффект» деп ауадағы антропогенді түрде пайда болған химиялық заттардың күн энергиясын өздеріне сіңіруі нәтижесінде атмосфераның қызып, жер бетінің орташа температурасының көтерілуін айтамыз.
Американдық эколог Б.Небел «парникті эффекті» нәтижесіндегі климаттың жылынуын болашақтың үлкен катастрофасы деп қарастырады. Оның пайымдауы бойынша аумағы осындай көптеген жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін жойып жіберген катастрофа осыдан 60 млн жыл бұрын болды. Бұл апат Жерге астероидтың түсуімен байланысты болып және тек қана ағзалардың бірнеше жеке түрлерін ғана жойса, ал парникті эффект бүкіл биосфераға әсер етеді.
Негізгі парникті газына көміртектің қос тотығы жатады. Бұл газдың парникті эффектісіне әсері шамамен 50-60%. Басқа да газдарына метан (20%), азот тотықтары (шамамен 5%), озон, фреондар және басқа газдар (10-25%). Жыл сайын атмосфераға жердің жылулық балансы мен климаттың жылынуына әкелетін шамамен 5,6 млрд тонна парникті газдары шығарылады.
Деректер бойынша парникті газдарының әсерінен Жер бетіндегі жылорталық температура соңғы жүзжылдықта 0,3-0,60С көтерілді. Қазір СО2-нің ауадағы мөлшері 0,3-0,5%/жыл жылдамдықпен көбейіп келеді. Бұл жағдай қоршаған орта экологиясы мен адамзат цивилизациясы үшін үлкен апаттарға әкелуі мүмкін.
Болжаулар бойынша климаттың жылынуы қарлар мен мұздардың еруіне және мұхит сулары деңгейінің шамамен 1,5 метрге көтерілуіне әкеледі. Ол жағдайда 5 млн км2 құрғақ жер су астына кетеді. Сонымен қатар климаттың жылынуы ауа-райының тұрақсыздығына, табиғи аймақтардың шекараларының жылжуына, табиғи апаттардың көбеюіне, жануарлар мен өсімдіктердің жойылуының тездетілуіне әкеледі.
3) Озондық экран полюстерде 9-30 км биіктіктерде орналасқан, ал экваторда 18-32 км. Озонның мөлшері 0,01-0,06 мг/м3.
«Озондық тесік» тірі ағзаларға өте қауіпті ультракүлгін сәулелерін өзіне сіңіріп, жерге өткізбей тұратын атмосферадағы озон қабатында озоны азайған (50%) аймақтар. Бұл аймақтар атмосфераның хлор- мен фторкөмірсутектері арқылы химиялық ластануның нәтижесінде түзіледі. Соңғы жылдары атмосфераның жоғарғы қабатындағы озон мөлшерінің азаюы байқалуда. Деректер бойынша озон мөлшерінің 1%-ке азаюы тері ісігі ауруының көбеюін 3-5% көтереді.
Озон мөлшерінің ең көп азаюы Антарктидада байқалады. Бұл аймақта соңғы 30 жылда оның мөлшері 40-50%-ке аазйды. Озон мөлшері көп азайған аймақтарды «Озондық тесік» деп атайды. Озон мөлшері азайған аймақтардың шеңбері жылына 4%-ке ұлғаюда. Қазіргі уақытта оның көлемі АҚШ-ның көлемінен де үлкен болып тұр. Осындай «Озондық тесіктің» Арктикада да байқалуда. Көлемі 10-нан 100 мың км2-ге дейін болатын, озоны 20-40%-ке азайған осындай аймақтар басқа аудандарда да кездесуде.
Озонды бұзатын негізгі факторға фреондарды жатқызады. Бұлар ауада өте тұрақты келеді. Олар осы тұрақты қасиеттері себебінен (100 жылға дейін ыдырамайды) озон қабатына жетіп, сол ортада ыдырауға түседі. Осы процесс кезінде олардан бөлініп шығатын хлордың әрбір атомы катализаторлық әсер жасап, озонның 100 мыңдай атомының ыдырауына себеп болады екен.
Озон қабатының ыдырауының себептерінің бірі ретінде ауаға оттегі бөліп тұратын ормандардың жойылуы да себеп ретінде қарастырылады. Бұдан басқа озонның ыдырауы космосқа әр түрлі ұшу аппараттары ұшқанда, ядролық жарылыс кезінде үлкен өрт кезінде және осылар сияқты ауаға көп мөлшерде әр түрлі газдар мен кейбір көмірсутектерді шығаратын табиғи апат кезінде байқалады.
4) Қышқылдық жауын-шашындар деп атмосфераның антропогендік химиялық ластануының нәтижесінде қышқылдық дәрежесі жоғары жаңбыр мен қардың жаууын айтады. Осындай жауын-шашынның арқасында су қоймалары мен топырақтың қышқылдығы көтеріледі, бұл жағдай топырақтың өнімділігін азайтып, судағы тіршілік жағдайларды қиындатады.
Қышқылдық жауын-шашынға әкелетін негізгі себеп – күкірттің қос тотығы. Күкірт ангидриді су буларымен қосылып күкірт қышқылының ерітіндісіне айналады. Осы сияқты көміртектің қос тотығы мен азот тотықтарынан көмір және азот қышқылдары түзіледі. Бұларға органикалық қышқылдар мен басқа да заттар қосылып, қышқылдық әсері бар ерітінді пайда болады (қышқылдық жауын-шашын).
Қышқылдық жауын-шашындар түзілуінде күкірттің қос тотығының үлесі шамамен 70%-тей, қышқылдық әсердің 20-30% басқа заттарға байланысты. Қышқылдық жауын-шашындар алғаш рет 1907-1908 жылдары Англияда байқалды. Скандинавия елдерінде, Англия, Германия, Бельгия, Дания, Польшада, Канадада және АҚШ-тың солтүстік аймақтарында жиі болып тұрады. Ресей территориясында бұндай жаңбырлар Норильск, Челябинск, Краснодар аймақтарында байқалады. Кейбір қалаларда жаңбыр қышқылдығының 70-90%-і автокөліктік ластануға байланысты.
Қышқылдық жауын-шашындардың әсері әр түрлі. Олар топыраққа, су экожүйесіне, өсімдіктерге, архитектуралық ескерткіштерге және тағы басқа объектілерге зиянды әсер етеді.
Дәріс №7
Қазіргі кезеңнің әлеуметтік-экологиялық мәселелері
-
«Демографиялық жарылыс» мәселесі
-
Әлемдегі халықтың орналасуының аймақтық әртүрлілігі
-
Адамзат тарихында көп уақыт бойы халық санының өсуі онша
сезілген жоқ. Ол ХІХ ғасырда аздап өсе бастады да, ХХ ғасырда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өте жылдам көбейе бастады. Бұл жағдай қазір «демографиялық жарылысқа» – қысқа уақыт мерзім ішінде халық санының өте жылдам өсуіне алып келді. Жер бетіндегі халықтың саны 1999 ж 6 млрд жетті.
Қазіргі уақытта бұл мәселе ғаламдық қауіптердің ішінде алдыңғы орындардың бірінде болып тұр. Сондықтан да 1990 жылдарды БҰҰ «қиын онжылдық» деп атаған еді. Егер де «үшінші әлем» елдерінде туу саны азаймаса, ол үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Қалалардың шектен тыс үлкеюі топырақтың құнарсыздануы, судың ластануы, ормандардың кесілуі, атмосферадағы газды тұмандар – бұлардың бәрі халық санының шектеусіз өсуінің нәтижесі.
Қазіргі заманғы экологиялық пен демографиялық жағдайда қоршаған ортаға зиянды әсерді тек қана өнеркәсібі дамыған бай елдер ғана емес, сондай-ақ аграрлы кедей елдер де әкелуде. Алғашқылардың әсері техногендік ластауға байланысты. Бұл елдердегі бүкіл жер халқының 20-25%-тін құрайтын халқы қоршаған ортаға шамамен әлемдік ластанудың 80%-тін шығарады.
Адамзаттың табиғи қоршаған ортаға әсері керемет зор. Қазіргі заманғы қоғам өндіріс пен тұтынуға адам өзінің биологиялық сұранысынан ондаған немесе жүздеген есе көп заттар мен энергияны кірістіруде. Мысалы, біз өзіміздің ата-бабаларымызға қарағанда, қазір күнделікті тіршілігімізде өте көп заттарды қолданамыз. Атап өту керек, қазіргі заманғы экологиялық дағдарыстың негізгі себебі, адамзат қоғамының табиғатқа түсіріп тұрған антропогендік салмағының шектен тыс өсуі – көлемдік экспансиясы деп айтуға болады.
Осы мәселенің сапалық аспектісінің де маңызы зор. Адамзаттың даму эволюциясы адам түр ретінде өзінің қарсыластары мен жауларынан тазарды, әр түрлі инфекциялар мен паразиттерден құтылды, биоресурстар жетіспеушілігінің мәселесін шешті. Қоршаған ортаға ыңғайланып, оны өзіне ыңғайландырғызып, адамдар өзінің санын көбейтті және өмір жастарын ұзартты. Бірақ та табиғи сұрыптау механизмдерінен ауытқу, гигиена мен медицина жетістіктері, дәрі-дәрмектер арқылы ағзаның қорғану күштерін әлсірету, қоршаған ортаның ластануы, темекі тарту, алкаголь, наркотиктер, көп информацияға байланысты гиподинамия – бұның барлығы да дені сау генофондтың сақталуына әкелмеді.
Медициналық генетика деректері бойынша жаңа туған балалардың 0,7%-ті хромосомдық аурулармен ауырады, 1,5%-тейі гендік мутацияның әсерінен пайда болған аурулармен, ал 3,8%-тен көбі - әр түрлі созылмалы ауруларға тұқымқуалаушылыққа ыңғайлылықпен тууда.
2) Әлемнің халқы қазіргі уақытта күн сайын 250 мыңға, апта сайын 1 млн 750 мыңға, ай сайын 7,5 млн-ға, жыл сайын 90 млн-ға өсуде. Дамушы елдердегі халық санының тым жылдам өсуі экологиялық пен қоғамдық мәселелер тудыруда. Бұл елдердегі халық саны бүкіл әлем халқының ¾ бөлігін құрайды, ал бірақ та олар әлемдік өндірілген өнімнің тек үштен бірін ғана қолданады.
Нашар дамыған елдерде халық санының реттеусіз тым тез өсуі экологиялық, қоғамдық-экономикалық мәселелердің қиындауына, көбіне аштық жағдайларға әкеледі. Бұның бәрі геосаясатқа әкеледі.
Адамзаттың шектеулі саны деп әлемдік ауылшаруашылық өндірісі мен табиғи байлықтардың таусылу мүмкіндігін еске ала отырып, оның барлық сұранысын қамтамасыз етуге болатын тәжірибе түрінде анықталған халықтың санын айтады. Қазіргі уақытта адамзатты тек қана аштық мәселесі ғана емес, сондай-ақ табиғи ресурстардың таусылу мүмкіншілігі және табиғаттың ластану мәселелері қиналтып отыр.
Халық санының өсуін заңды түрде және басқа әдістермен реттеуге болады. Қазіргі уақытта халық санын тұрақтандыру мен азайту мәселелеріне қатысты бірнеше концепциялар бар. Солардың кейбіреулерін келтірейік.
- Демографиялық максимализм – неғұрлым халық саны көп
болса, соғұрлым жақсы. Бұл концепция Қытайда 1950-1960 жылдары қолданылды.
-
Демографиялық утопизм – бұл сұрақтың шешімі халықты космос пен
мұхитқа орналастыру арқылы шешіледі.
-
Демографиялық финализм – халық санының өсуі табиғи ресурстардың
таусылуы мен ортаның ластануына әкеледі. Сондықтан да бұл мәселені халықтың бір бөлімін жою арқылы шешуге болады.
-
Демографиялық фатализм – табиғи популяциялардағы сияқты бұл
проблема биологиялық өзін-өзі реттеу механизмдері арқылы өзі шешіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |