Егемен Қазақстан №233 2008-08-01 Ілекең жеткен белестер



Дата25.02.2016
өлшемі67.1 Kb.
#21078
Егемен Қазақстан № 233 2008-08-01

Ілекең жеткен белестер
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар­дан бері елімізде көптеген игі жаңалық­тардың куәсі болдық. Қазір күн санап, сағат санап ел экономикасы нығайып, халықтың жағдайы жақсарып, Алтайдан Атырауға дейін, Қызылжардан Сыр өңіріне дейінгі елде жаңа құрылыстар бой көтеріп, жаңа жол байланыстары жедел салынып еліміз нарықтық экономика жағдайына күннен-күнге бейімделе түсуде. Елбасының “Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы” Жарлы­ғы 1997 жылғы 20 қазанда шықты, сол Жарлыққа сәйкес 10 желтоқсаннан бастап Ақмола елорда атанды. Тарих үшін 10 жыл өте қысқа уақыт. Бірақ осы аз ғана уақыт аралығында Қазақ­стан Республикасы Президентінің осы шешімінің өміршеңдігі мен көре­гендігіне барша қазақстандықтар ғана емес, күллі әлем жұртшылығының көзі жетті. Әлем Қазақстанды Астанасыз елестете алмайды. Есіл өзенінің жаға­сы­нан бой көтерген жаңа қаланың әсем ғимараттары мен тұрғын үйлеріне көп­теген елдердің басшылары елімізге кел­ген сайын үлкен қызығушылық таны­тып отыр.

Бейбітшілік қаласы деген атқа әбден лайық елордамыздың он­жыл­дық мерей­той­ы­­на орай елімізде қы­руар шара­лардың іске асуы республи­камыз­дың бақуатты тұрмы­сы жә­не бірлігінің айғағы іспетті болды. Осы жылдар ішінде саяси-экономикалық даму­дың биік шырқау ше­гіне көтерілдік. Қо­ғам­дық өмірдің бар­лық салалары ілгері дамып, ұлттық кадр­ларымыз нығайып өсіп келеді.

Еліміздің сот жүйесі, басқа да құқық қорғау органдары жүргізіліп жат­қан құқықтық реформалардың арқа­сында көш ілгері дамып, бұрынғы кеңестік кезеңдегі көптеген респуб­ликалардың алдына шықты.

Бүгінгі әңгімеміз “Құрмет” ордені, көптеген медальдардың иегері, ҚР Прокуратурасының құрметті қыз­меткері, заң ғылымдарының кандидаты, Конституциялық кеңес мүшесі Ілияс Жақыпбекұлы Бақтыбаевтың төңі­ре­гінде болмақшы. Ілекеңнің еңбек белестерінде қол жеткізген жетістіктері, қызметте іскер басшы ретінде талап­шылдығы, тұрақты іздену үстіндегі іс­керлігі және адамгершіліктің жоғары сатысындағы кішіпейілділігі бөлек әңгіме. Асқар Алатаудың бау­райында 1948 жылы 1 тамызда дүниеге келген Ілекең абзал азамат, заңғар заңгерлердің бірі. Заң ғылымдарының кандидаты дәрежесін “Прокуратуралық қадағалау мен тәжірибесі және заң­дылықтың сақталуы” деген тақырыпта қорғаған. 40-тан астам ғылыми-моно­графиялық еңбектері жарық көрген. Қазір ол заң ғылымдарының докторы дәре­жесін қорғауға дайындалу үстінде. ІІ дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Мен алғаш рет Ілекеңмен Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеттің дайындық курсына қабылданғанда таныстым. Екеуміз заң факультетінің дайындық курсының бір тобына қабылдандық. Алты жыл бірге оқып, 1977 жылды ҚазМУ-дің заң факультетін бітіргенше және одан кейін де қатты сыйласқан дос болдық. Сту­дент­тік өмірдің ащы-тұщысын бірге та­тып, өмірдің қиындығын бірге жеңдік.

Ол әкесі мен анасынан ерте айыры­лып, әжесі Дейлда Бақтыбаеваның тәр­биесінде өскен. Туып-өскен ауылы әсем Алатаудың баурайындағы Талғар ауданы №3 Қызыл Ту ауылы.

1966 жылы Қызыл Ту орта мектебін бітірісімен мектеп мұғалімдерінің қолқалауымен сол орта мектепте екі жыл лаборант болып өзінің алғашқы ең­бек жолын бастаған. Мектепте жүргеннен жақсы оқуымен қатар бокс спортымен де шұғылданып Талғар аудандық және Алматы облыстық, республикалық спорт жарыстарында бірнеше мәрте чемпион атанған. 1968-1970 жылдары Талғар аудандық спорт мектебінде жаттық­ты­рушы-мұғалім болып қызмет атқарған. Сол 1970 жылы бокстан Кеңестер одағының спорт шебері дәрежесін де орынды жеңіп алған. 1970-1971 жыл­дары №4 Талғар жылжымалы-меха­никаландырылған құрылыс мекемесінде құрылысшы болып жұмыс атқарған.

1966 жылдан 1971 жылға дейін еңбекте әбден шыңдалып, өндірісте мол тәжірибе жинақтаған Ілекең Талғар ауданының арнайы жолдамасымен ҚазМУ-дің дайындық курсына мүлтік­сіз қабылданды. Ілекең біздің курста ең бірінші болып 1970 жылы үйленді. 1971 жылы қызы Самал дүниеге келді, ұлы Саматы да 1974 жылы университетте оқып жүрген күндерімізде туды. Үшінші қызы – Әселі 1979 жылы дүниеге келген.

Ілекеңнің мінезі ақжарқын, универ­си­тетте сабаққа ұқыпты, өте зерек болып үздік оқыды. Сондай-ақ бокстан бірін­шіліктерге де барып, жүлдемен келіп жүретін. Алматыдан 15 шақырым жердегі туған ауылы Қызыл Ту ауылындағы үйіне 6 жыл бойы автобуспен күнделікті барып-келіп оқыды. Өте еңбекқорлығы курстас­тарын қатты қызықтыратын, ол жаз айларында басқа аудан-облыстарға жыл сайын барып тұратын студенттік құрылыс отраядтарына тұрақты қатысып, тиянақты еңбек етті.

Біз университетте оқыған тұста Одақ көлеміне жақсы танымал атақты ғалым-академик Өмірбек Жолдасбеков, респуб­ликадағы барлық заңгерлердің тәлімгер ұстазы ғалым-академик Салық Зиманов сынды көптеген белгілі ғалымдардан дәріс алдық. Ол ағаларымыздың өткізген сабақтары, ғылыми-практикалық конфе­ренциялары өздерінің терең мазмұнды­лығымен үлкен қызығушылық туғызатын. Елімізге танымал ағаларымыз Кеңес заманының тоталитарлық жүйесі билігіне қарамай жоғарғы курстың үздік студент­теріне ғылыми-практикалық тәжірибелер алмасу мақсатында студенттер алдында баяндамалар жасауға машықтандыратын. Осындай баяндамалар жасауда тек ҚазМУ-дің ғылыми кітапханалары емес, сондай-ақ Ташкент, Орынбор, Казан қалаларындағы мұрағат, кітапханаларға да жиі жұмсайтын. Бұл сол кездегі сту­денттерді заң ғылымын терең зерттеуге, еліміздің өткенін танып-білуіне мол ықпалын тигізетін.

Ілияс Бақтыбаев сол кездің өзінде зор еңбекқорлығын үлкен де терең ғылыми баяндамаларымен таныта білді. Ол өзінің ғылыми ізденістерін оқуды бітіріп, Алматыда Әуезов аудандық проку­ро­рының көмекшісі, тергеуші болып кәсіби заңгерлік жолын бастаған күндерден-ақ еңбексүйгіштігі мен кәсіби білгірлігі арқасында тұрақты жалғастыра білді.

Алматы қаласының Әуезов аудандық сотына халық судьясы болып та сай­ланды. Содан соң Алматының Мәскеу аудандық прокурорының орынбасары, Медеу (бұрынғы Фрунзе) ауданы прокурорының міндетін де үлкен жауап­кершілікпен атқарды. Еліміз тәуелсіздік алған тұста Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің орталық аппара­тында кеңесші, аға референт қызметін абы­роймен атқарды. Осындай еңбектегі мол жемісіне біз курстастары қай кезеңде де қатты сүйсінеміз.

Ол республика прокуратурасы сала­сында көп жыл қызмет атқарып, мол тә­жі­рибе жинақтады. 1991-1994 жылдары Алматы облысының прокуроры, 1994-1997 жылдары Бас Прокурордың орын­басары және бірінші орынбасары міндет­терін де үлкен жауапкершілікпен атқарды.

1997-2000 жылдары Қостанай облы­сының прокуроры, 2000-2003 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облы­сының прокуроры, 2003 жылдың науры­зынан 2008 жылдың ақпан айына дейін Бас прокурордың бірінші орынбасары лауазымын ойдағыдай атқарып, іл­ти­патқа ие болды. Осы жылдардағы үлкен іскерлігі үшін “Құрмет” ордені және көп­теген жоғары наградалармен мара­патталды. 2008 жылдың ақпан айынан бері Ілияс Бақтыбаев Қазақстан Респуб­ликасы Конституциялық кеңесінің мүшесі.

Ілекеңді жұбайы Маржан екеуін отыз жылдан артық білеміз, ұлағатты үлкен шаңырақтың ұйытқысы, екі қыз, бір ұл, алты немере сүйіп, өсіріп отырған үлгілі отбасы. Ілекеңді тәрбиелеп, оқытып өсірген ұлағатты ана Дейлданың сенімін ол молынан ақтаған бақытты жан. Дейлда 1903 жылы дүниеге келіп, 1992 жылы дүниеден озды. Немере, шөбе­ресін сүйіп кетті.

Бірге оқыған көптеген курстас­та­рымыз бүгінгі таңда Астанада, Алма­тыда басқа да облыстарда әртүрлі құқық салаларында жауапты қызмет­тер атқарып жүр. Курстастарымыздың дені оқу озат­тары болғанын әрқашан мақтан тұ­тамыз. Бірде қысқы емтиханды топтағы төрт студент қана төртке, ал қалға­ны­мыз беске тапсырдық. Ұлағатты ағамыз, ҚазМУ-дің ректоры, академик Өмірбек Жолдасбеков жалпы уни­верситет жи­налысында біздің группаға ағалық рахметін білдіріп, суретімізді “Вечер­ная Алма-Ата” газетінде жария­латқан.

Үлкен заңгер, ғалым-академик Са­лық Зиманов ағамыз біз­дің топты ҚазМУ-де үнемі мақтап, көпке үлгі ететін, көпші­лі­гімізді университетте мұғалім болып, таза ғылыми жұмыспен ай­на­лысуға да қол­қала­ған. Дегенмен, біздің топтың көптеген сту­дент­тері университетті тәмамдасымен арнайы жолдамамен өз облыс­тарына қанат қақты.

Мәдениет және ақпарат министрі Мұх­тар Құл-Мұхаммедтің 2006 жылы “Еге­мен Қазақстан” газетінде жарияланған “Арыстан” деген ғылыми еңбегінде мар­құм Өмірбек Арыстанұлы Жолдас­беков ағамыз жайлы және Қазақ­станның ең үлкен оқу орны ҚазМУ туралы білдірген пікірлері көпшілік көңілінен шыққаны даусыз. Кеңес одағының ең жоғары оқу орны – Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған соң қазақ химия техно­логиялық институты мен Қазақ поли­техникалық институтында оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан, профессор қызметін атқара жүріп, өзін кемел келешек иесі ретінде таныта білген. Жақсыға жақсының жарығы түсуі сирек құбылыс қой. Жас ғалым­ның кейінгі өмірін күрт өзгерткен сол бір жарқын оқиға 1970 жылы болыпты. Жолдасбеков ректор болатын жылы сол кездегі республика басшысы Дінмұ­хаммед Қонаевтың інісі Асқар Қонаев Қазақ политехникалық институтында докторлық диссертациясын қорғап, ұлан-асыр той жасайды. Кез келген басқосудың көркіне айналып, әп-сәтте-ақ көрігін қыздырып жіберетін сол тойда асаба болады. Екі тілде бірдей еркін көсілтіп, көк семсердей қылшылдап тұрған жас әрі Мәскеу мемлекеттік университеті ғұлама­ларының тәлім-тәрбие мектебінен өткен маман, жоғары оқу орнының қарапайым оқыту­шы­лығынан бастап, проректорлығына дей­інгі барлық баспалдақтарын тауысқан жас ғылым кандидаты Димекеңе бірден ұнайды. Әр сөзін салмақтап сөйлейтін ел ағасы асабаның қолын ұстап тұрып ерекше ризашылықпен, інісіне қарап: “Силен твой Джолдасбеков” деген ишарасы мол жалғыз ауыз ғана сөз айтады. Осы бір ауыз сөз оның универ­ситетке барар жолын әп-сәтте нұрлан­дырып жіберді.

Жолдасбеков ҚазМУ-ді, ал ҚазМУ Жолдасбековті көтерді. Алатаудың баурайында құдды бір ертегідегі сияқты ай санап емес, күн санап өскен университет қалашығымен бірге жас ректор да өсті.

Бәріміз мақтан тұтатын ҚазМУ Одақ көлеміндегі ең бір шоқтығы биік оқу орны, оның оқытушылық-профес­сорлық құрамы өте күшті болатын. Кім де болса бұл жағдайды күні бүгінге дейін талассыз мойындайды.



Міне, осындай алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнынан дәріс алған Ілияс Жақыпбекұлы аса бақытты, бас әріппен жазылатын прокурор болып өсті. Осы өзі еңбек еткен жылдар ішінде тек ғылыммен ғана айналысып, талапшыл басшы ретінде бірнеше ондаған жақсы прокурорларды өзі де тәрбиелеп шығарғаны даусыз. Бүгін міне, еңбе­гімен алпыстың белесіне жетіп отырған Ілекеңе курстастарымыздың атынан ерекше сезіммен әлі де биік еңбек бе­лестерінде көрініп, отбасына, бала шағасына амандық, мол бақыт тілегім келеді!

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Қазақстан Республикасы Прези­дентінің құрметті “Алтын барыс” белгісінің иегері, ҚР еңбек сіңірген заңгері, Жоғарғы Сот жанындағы Соттар әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет