«Егемен Қазақстан» газеті №333 (25730) 10 Қазан сенбі 2009 жыл



Дата25.02.2016
өлшемі109 Kb.
#20822
«Егемен Қазақстан» газеті

№333 (25730) 10 ҚАЗАН СЕНБІ 2009 ЖЫЛ



ҰСТАХАНА
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін отан­дық білім берудің бренді ретінде айқындайтын көрсет­кіш­тер­дің ең бастысы – оның түлектерінің жоғары сұранысқа ие болуы және олардың биік жетістіктерге жетуі. Сондай жо­­ғары жетістіктерге жеткен түлектердің бірі – қазіргі Қазақ­стан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Әбдіразақ­ұлы Мәми. 17 қыркүйек күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектерінің мерейтойлық кез­десуінде Қ.Ә.Мәми ҚазҰУ-дің Түлектер ассоциа­ция­сының президенті болып сайланды.

Университет мерейтойының қарсаңында осы оқу орны­ның абыройын асырған тұлғаның толғанысын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

Қайрат МӘМИ,



Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры,

ҚазҰУ түлектер қауымдастығының президенті.
Өзіміз білім алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің шаңырақ көтергеніне де 75 жыл болып қалыпты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында шәкірттерге алғаш рет есік ашқан университет үшін бұл мер­зім аз ба, көп пе? Әрине, бүгінгі зымыран уақыттың өлшемімен есептесек, бұл мерзімді қас-қа­ғымдай-ақ деуге болады. Ал біткен іс, тындырылған жұмыс тұрғы­сынан есептесек, аз уақыт емес.

Осы мерейтой қарсаңында қа­зақ ғылымы һәм білімінің ұста­ханасымен тағдыры тоғысқан әрбір жанның толғанысқа түсері анық. Ойлап отырсам, универ­ситетте өткізген студенттік алтын дәуірім ғана емес, одан кейінгі өмір жолым да әрдайым осы оқу орнымен қиы­лысып отырған екен. Заң ғылым­дарының кандидат­тығын қорғауым, заң ғылымдарының докторы атануым, құрметті профес­сор атағын иеленуім, енді бүгін ұлт­тық университеттің тұңғыш рет құ­рыл­­ған түлектер қауымдастығының президенті болуым да осы айтқан­дарыма дәлел болса керек. Бүгінде сағынышқа айналған сонау өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарындағы жастық шақ, албырт кезең осындай айтулы дата кезінде қайта-қайта еске түседі екен.

Алматы іргесіндегі Жамбыл ауданының Жамбыл орта мектебін бітірген бір топ бозбала астанаға келдік. Басқаларды қайдам, өзім бір шешімге келгем. Марқұм әкейдің айтуымен, үгіттеуімен құжаттарым­ды Ауыл шаруашылығы инсти­тутының ауыл шаруашылығын электрлендіру факультетіне тап­сыр­дым. Өз басым ҚазМУ-ді қаласам да, үлкендердің көңілін жыға ал­мадым. Әлде өкініш­ке орай, әлде менің бағыма қарай бір балл жетпей қалып, конкурстан өтпей қалдым. Келесі жылы әскерге аттандым. Мәскеу түбіндегі Домо­дедово қаласында екі жыл әскери борышымды өтедім. Армия – бұл ер жігіт үшін үлкен шынығу мен шың­далу мектебі. Әскери мерзім бітіп, елге қайтқаннан кейін де оқу­ға тапсыру мүмкіндігім бол­мады. Ал­маты ауыр мәшине жасау зауыты­на жұмысқа тұрдым. Бұл жер­де де екі жылға жуық жұмыс істеуге тура келді. Мектеп бітір­генен кейін төрт жылдан соң ба­рып, баяғы арман болған ҚазМУ-дің заң факультетіне құжат тап­сыр­дым. Әскери борышты да өтедік, жұмыс істеп те үлгердік, енді жо­ғары білім алу қажеттігі туды. Қас қылғандай осы жылы конкурс әдет­тегіден де үлкен болды. Бір орынға 24 баладан келеді екен. “Бақ шаба ма, бап шаба ма?” дейтіндей жағдай. Дайындығым жақсы, еңбек өтілім жеткілікті бол­ғандықтан өзіме сенімді едім. Сол сенім алдамады.

Емтихандардың ішінде ең бір қиын асу – шығарма жазу еді ғой. Ұсынылған шығармалардың ішінен “Жыр алыбы – Жамбыл” деген тақы­рып көзіме оттай басылғаны. Өзім осы ауылданмын. Содан бар ыж­­даһатымды төгіп, барымды сал­дым. Ақыры атамыздың аруағы қол­дады ма, жоғары балл алып, студент атан­дым. Бұл орындалған арман­ның алғаш­қы баспалдағы болатын. Қара шаңы­рақтағы алтын дәурен осылай басталып еді.

Ұлы Абайдың: “Адамның адам­шылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақ­сы ұс­таз­дан болады” деген бір сөзі бар. Әрине, жақсы атаның шапа­ғатын да, жақсы ананың махабба­тын да көріп, сезіп өстік. Ал “ғылымды, жақсы құрбыны, жақсы ұстазды” осы қара шаңырақтан тап­тық. Қатал, бірақ әділ ұстаздар­дың алдын көрдік. Олардың ішінде С.Зиманов, Қ.Халықов, С.Сартаев, А.Мамұтов, С.Байсалов, Л.Дюков, Г.По­ленов, А.Ағыбаев, З.Абдул­ли­на, М.Мұхитдинов сияқты ұстаз­дар­мен бірге кейінгі буын өкіл­дері А.Диденко, М.Сүлейме­нов, И.Ро­гов, Ө.Қопабаев секілді “азулы” ұстаздарымыз бізге тәлім-тәрбие, білім және үлкен өмірге жолдама берген аяулы жандар.

Біздің курс бір атаның бала­сындай тату болатын. Бір-біріміздің жетістігімізге қуандық, кемші­лі­гі­мізге мұңайдық, оны бірлесе түзе­туге күш салдық.

Бес жыл бойы қызарып, имендіріп,

Біреуі үшін қуанып, күйген бірі.

Бірін-бірі ұзатып өз қолымен,

Бірін-бірі қолынан үйлендіріп, – деп Қадыр Мырза Әлі ақын жыр­­­лағандай, біздің қуанышымыз да, өкінішіміз де бірге болды, мал­тамыз да, қалтамыз да ортақ еді. Ал­ған білім, көрген тәрбие өз же­місін берді. Курстастар арасынан мемлекет қай­рат­­керлері, заңгерлер, ұстаздар көп шықты. Респуб­лика­лық дәре­жедегі басшылар, яғни өзімізге болашаққа жол ашқан заң факультетінің деканы болған, бүгінде І.Жансүгіров атын­дағы Талдықорған университетінің рек­торы Ә.Бектұрғанов, отыздан асар-аспай заң ғылымдарының док­торы атанған З.Кенжалиев, Жоғарғы Сот Төр­ағасы М.Әлімбеков, бұрынғы Әділет министрі, бүгінгі депутат З.Ба­лиева (З.Исақова), Кеден коми­тетінің төрағасы Қ-К. Кәрбо­зов сын­ды курстастарым тәуел­сіз еліміз­дің қаз тұрып, қалыпта­суына, құ­қық­тық мемлекеттің негізін қалауға ат салыс­қан қайраткерлер. Бұлардан басқа облыстық дәреже­дегі басшы­лықта жүрген немесе ғы­лым жо­лы­на түсіп, биік белестерді бағын­дыр­ған курстас достарымыз да аз емес.

Еліміз Президенті Нұрсұлтан Әб­іш­ұлы Назарбаев: “Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­те­­ті сөз жоқ элиталық оқу орнына жа­­тады”, – деп баға берген бола­тын. Сонау-ау 1934 жылы іргетасы қалан­ған университет талай ұрпаққа алтын ұя бола білді. Ол – көп­ұлтты Қазақ­станның қалып­тасуына, экономика­сы­ның, саяси- құқықтық өмірінің, мәдениетінің, ғылым мен білімінің дамуына үл­кен үлес қосты. Ол кәсіби білік­тілігі жоғары кадр дайындаудағы ең ірі ұстахана екенін дәлелдеді.

“Өткенсіз бүгін жоқ” дейді ха­лық даналығы. Университет ұжы­мының жетістіктері осы оқу ор­нының 75 жыл­дық тарихымен, есімдері мен еңбектері университет өткен даңғыл жол­дың ажырамас бөлшегі болып табылатын алдыңғы буын аға-апа­­­ларымыз бен заман­дастарымыздың еңбегімен негіз­делетінін ескеруіміз керек. Сонымен қатар тарих жәй ғана естелік пен өткен күн ғана емес, ол парақтары, деректері арқылы бола­шақ­қа бастар жол екенін де ұғына­мыз.

Университет жылнамасына на­зар аударсақ, алғаш құрылған кезде оқу орнына 54 студент қабыл­да­ныпты, сабақ беретін ұстаздардың саны 18-ақ болған екен. Уақыт озады, дәуір өтеді, өмір өзгерістерге ұшырайды. Ұлттық уни­верситет шаңырақ көтер­ген алғашқы кезең­нен бүгінгі күнге дейін үне­мі өсу, өркендеу үстінде болды. Бүгінгі таң­да уни­верситетте 2000-нан аса оқыту­шы­лар – академиктер, про­фессор­лар, ғылым докторлары мен канди­даттары жұмыс істейді екен. 18000 студенттер мен магистранттар білім нәрімен сусын­дауда. Универ­си­теттің өткен 70 жыл­дық мерей­тойында сөй­ле­ген сөзінде Елбасы: “Бүгінде ҚазҰУ – Қа­зақ­станның білім, ғы­лым және мәдениет оша­­ғы, солай бола бере­ді де. Оның мәртебесі қашан да ерекше болмақ және менің жеке қамқорлығымда болады”, – деп атап көрсеткен еді.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының соңғы күндері ұлттық уни­верситеттің ең бірінші түлектер қауым­­­дастығының мерейтойлық кездесуі өтті. Бұл алғашқы басқосу Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың тапсырмасына сәйкес, ұлт­тық университетті әлемдік бәсе­кеге қабілетті оқу орнына айналдыру және әлемдік рейтингке кіру жо­лында қауымдастық алдындағы мақсаттар мен міндеттерді талқы­лауға арналды. Ең басты мәселе – түлектерді жұ­мыс­пен қамту және бірде-бір түлек­тің қауымдастық назарынан тыс қалмауын қадағалау. Осыдан біраз уақыт бұрын, Жо­ғарғы Сот Төрағасы болып тұрған кезімде 100 заңгер түлекті жұмыс­пен қамту бастамасын көтерген болатынмын. Осы бастама әлі де жалғасын табатын болады. Алдағы уақытта мұндай игі шара­ларды заңгерлерге ғана емес, барлық фа­культеттердің түлектеріне қатысты да ұйымдастыруымыз қажет.

Қазақ ғылымы мен білімінің қа­ра­­­шаңырағы деген атқа әбден лай­ық ұлттық университеттің бү­гінгі тыныс-тіршілігі көңіл қуан­тар­лықтай. Дәуір тынысымен қайта түлеген, сан мыңдаған тү­лектердің алтын ұясына айнал­ған, озық ойдың, пайым мен пара­саттың ордасы болған оқу орны­ның ке­лешегі де кемел боларына бек се­німдімін. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы: “Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің ме­рей­тойы – еліміздегі білім мен ғы­лым саласындағы айтулы оқиға. Ме­рейтой – бұл тек өткеннен қоры­тынды шы­ғару ғана емес, бұл – универ­си­теттің, қала берді бүкіл білім және ғылым жүйесінің бола­шағы туралы айтудың қо­лай­лы жағ­дайы”, – деп атап көр­сеткен болатын. Олай болса, өт­кенімізге ой жүгіртіп, бү­гінімізді безбендеп, болашағы­мызға бағдар жасау мүмкіндігін ту­ды­рып отыр­ған Ұстахана­ныҢ – ұлт­тық уни­вер­ситеттің ме­рейтойы құтты болсын!

 

БЕКМАХАНОВ КАФЕДРАСЫНЫҢ БЕЙМӘЛІМ БЕТТЕРІ


Тұяқбай РЫСБЕКОВ,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры,

тарих ғылымдарының докторы.
Қазақ ұлттық университетін мақ­­­таныш етпейтін адамдар сирек шығар, сірә. Оның берген тағылы­мын халқымызға танымал тұлғалар да әр кез әуезе етіп айтып келген. Айта да бермек. Тым алысқа бар­май-ақ қояйық. Бүкіл саналы ғұ­мы­рын ҚазҰУ-дің қабырғасында өткізген сөз зергері, академик Зей­нолла Қабдолов өзінің рухани інісі Мырзатай Жолдасбековке көңілі тола шалқи отырып айтқан төмен­дегі тебіренісі елдің аузында жүр.

“... Сондай-ақ деймін-ау, өздері айтсын-айтпасын, қазіргі бетке шығар қаламгерлер мен қоғам қайрат­керлерінің көбі – ҚазМУ түлектері: сол Әбіш Кекілбаев, Сәкен Жүнісов, Тұманбай Молда­ғалиев, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Мағауин... тағысын тағы талай ондаған творчестволық тұлғалар – бәрі біздің шәкірттеріміз. Әрқай­сысы өз орнында діңдей, яки дің­гектей нық, берік. Осы қалайы жоқ. Тұтас алғанда, шын мәнінде та­ланттар тобы. Ал оларды тәр­биелеген ұя – Қазақ университеті”.

Бұл өте орынды мақтаныш. Меніңше, бұдан артық өзі дәріс алған, өскен, толған, қызмет жа­саған қасиетті ұясына баға беру мүмкін емес. Мұның бәрі қара шаңырақтағы ұстаз бен шәкірттің, үлкен мен кішінің, ғалым мен ізденушінің үйле­сімділігі емес пе?! Оған бір кездегі осы универси­теттің студенті, бүгінгі ҚазҰУ рек­торы Бақытжан Жұмағұловтың өсу жолдары да айқын дәлел бола алады.

Бүгінде университеттің мате­ри­ал­­дық-техникалық базасы әлемдік білім беру стандарттарына сай жасақталып, ол көшбасшы жоғары оқу орнына айналып отыр. Тағы бір айтайын дегенім, қара шаңы­раққа Елбасымыз ұдайы назар аударып, қамқорлық жасап келеді. Нақтырақ айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы сонау 1998 жылы ҚазҰУ-дің студент-жастарымен кездесіп, оқу орнын элиталық университетке айналдыру жолдарын ұсынды. Арада үш жыл өткен соң рес­пуб­лика Президенті ҚазҰУ-ға ерекше ұлттық автоно­мия­лық мәртебе беру жөнінде Жар­лық шығарды.

Ал 2005 жылы университет ұжы­­мымен кездесуі кезінде Ел­ба­сы: “Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университет – Қазақ­стан­дағы жоғары білім жүйесінің ірге­тасы. Елі­мізде екі-үш жоғары оқу орны ғана элиталық бола алады. Сіздердің оған толықтай мүмкін­діктеріңіз бар”, – деп оларға жаңа міндеттер жүктеді.

Мұның өзі үлкен сенім еді. Қазіргі таңда ҚазҰУ ұжымы Ел­басы­ның осы сенімінен шыға білді деуге толық негіз бар. Оқу орнында жеті ғылыми-зерттеу институты, он екі ғылым орталығы, техно­парк, түрлі лабораториялар жұмыс істейді. Олар Елбасы ұсынған еліміздің жаңа индустрияландыру бағдарламасына өз үлестерін қо­суда. Мұнда соңғы жылдары ха­лықаралық және респуб­ликалық деңгейде өмірге келген ғы­лыми-зерттеу жобалар жаңа әлемдік ізденістерге жол ашты. Айталық, Қазақ университетінде түндігі түріл­ген нанозертхана еліміздің ғылыми әлеуетін одан әрі көтеруге айтар­лықтай үлес қосқанын айту­дың өзі бір ғанибет.

Негізгі мамандығым гумани­тар­лық бағытта болғандықтан, Қазақ ұлттық университетінің еліміздің ру­хани әлеуетін көтеруге қосқан үле­сін бөле-жара айтқым келеді. Әсіресе мұнда ұлтымыздың тари­хын, тілі мен ділін, әдебиеті мен фольк­лорын һәм фәлсәфасын зерттеуге үлкен мән берілді. Ке­шегі коммунистік-тоталитарлық ре­жим жағдайында мұны көзсіз батырлық деуге де немесе көзсіз батылдық деу­ге де болады. Сөйтіп, ҚазҰУ қазақ тарихы жөнінде айтуға тыйым салын­ған жылдар­дың өзінде ол осы тарихты түбе­гей­лі зерттеуге бағыт ұстаған рес­публикадағы бірден-бір басты орталыққа айнала білді.

Оның бастамасы сонау ХХ ғасыр­дың отызыншы жылдарында ізін салып үлгерді. Мысалы, Х.Дос­мұхамедов, С.Асфендияров, Т.Шо­нановтар салған сара жолды Воро­неж педагогикалық институ­ты­ның 1937 жылғы түлегі, 1947 жылы ҚазҰУ-ге жұмысқа орна­лас­қан Ермұхан Бекмаханов жал­ғас­тыр­ды. Алайда, осы арада аталған ғалым­ның Ұлттық университетпен байла­нысы ертерек басталғанын айта кеткен жөн. Тарихи дерек 1941 жылдың күзінде Мәскеу түбіндегі қауіпті жағдайға байла­нысты Алматыға белгілі тарихшы, КСРО Ғылым академиясының ака­­­­­­демигі Анна Панкратова, тағы басқа да одаққа танымал ғалым­дардың келгенін растайды. Олар ҚазҰУ-мен тығыз байланыс ұстап отырған.

1943 жылы қыркүйекте универ­ситеттің бастамасы және А.Панк­ратованың қолдауына сәйкес, Қазақ Халық Ағарту комиссариаты фило­логия факультетін тарих-фи­лология факультеті етіп қайта құру туралы шешім алды. Бұл кезеңде Е.Бек­маханов алдымен ҚазКСР Оқу халық комиссариатында мек­тептер басқармасының бастығы (1941-1942ж.ж.), Қаз(б)КП Орта­лық Коми­тетінің лекторы (1942-1944ж.ж.) болып жұмыс жасаған. Бұл факт факультет құруға Е.Бек­махановтың араласқанына тікелей дәлел бола алады. Сөйтіп, А.Панк­ратова мен Е.Бекмахановтың ғы­лы­ми байланыстарының нәтиже­сін­де 1943 жылы тұңғыш Қазақ КСР тарихы Алматыда жарық көреді.

1946 жылы ғалым “Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында” атты докторлық диссертациясын қорғаған. Е.Бекмаханов 1948 жылы ҚазҰУ-дың Қазақ КСР тарихы кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалған. Содан соң 1949 жыл­­дың 30 тамызы күні КСРО тарихы кафедрасының профессоры атағын алған. Сол тұс­­та қазақ тарихшысына “ұлт­шыл” деген айдар тағылғаны қа­зіргі таңда көпшілікке белгілі. Оның лаңы Е.Бек­маханов­тың ҚазҰУ-дан жұмыстан шығары­луына әкеліп соқты. Сөйтіп, ол жетек­шілік жасайтын Қазақ КСР кафедрасы жабылып қалады. Ка­фед­ра тек 1958 жылдың 21 мамы­рында КСРО жоғары оқу орын­дары ми­нистрінің бұйрығымен қайта ашыл­ды. Бұл кезде Ермұхан Бек­маханов та айдаудан елге оралған еді.

Міне, Қазақ ұлттық универ­си­те­тін­дегі Қазақстан тарихы ка­федра­сы­ның кейбір елге беймәлім тұс­тары осындай. Аталған кафедра жоғарыда айтылғандай, өз тарихы­мызды зерттеуді түбегейлі қолға алумен бірге, білікті тарихшы ма­ман­дар әзірлеуге де айрықша назар аудара бастады.

Кейін Е.Бекмаханов мекте­бі­нен ҚазҰУ-де көптеген белгілі та­рих­шылар өсіп шықты. Ұлттық Ғылым академиясының академик­тері: Рамазан Сүлейменов, Г.Ф.Дах­ш­лей­­гер, Кеңес Нұрпейіс, Манаш Қозыбаев, Мәлікайдар Асылбеков, тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар: Зұл­қар­най Алдамжар, Жанұзақ Қа­сымбаев, Ерлан Садықов, Хангелді Әбжанов, Қадір Ахметов, Данагүл Махат, Сейітқали Мадуан, Аман­жол Күзембай, Қуаныш Қаражан, Баян Шын­темірова және осы жолдардың авторы ҚазҰУ-дің қабырғасында дәріс алып, тәуелсіз еліміздің тари­хын жазуға өз үлес­терін қосты. Олардың қаламда­ры­нан туындаған жүздеген мақалалар мен ғылыми монографиялар сту­дент жастар іздеп оқитын құнды дүниелерге айналды.

Егер Ермұхан Бекмаханов сол кезде ҚазҰУ-де Қазақстан тарихы кафедрасын ұйымдастырмаса, әрі ұлтын сүйетін тарихшыларды әзір­леуді мақсат тұтпаса, бүгінгі тарих­шы қауым арасында осындай ұр­пақтар сабақтастығы мен үйлесім­ділікті, еркіндік пен тәуелсіздікке ұмтылған халықтың өр рухын сақтап қала алар ма едік? Сөз жоқ, бұл арада тағы да ғұлама ғалымға мүм­кін­дік берген қара шаңырақ ҚазҰУ-ді алға тартуға тура келеді.

Сол заманның өзінде қазақ та­рихын қадап айтуға қадам жасаған қара шаңырақ бүгінде қандай құр­метке де лайықты. Түйіп айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті өзге жоғары оқу орын­дары үлгі тұтатын, бағыт-бағ­дар алатын ұя, сонымен бірге бай­ла­мы берік темірқазық дегім келеді.

Орал.

 

ҚазҰУ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІ


Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».
Жақында қазақ білімінің қара­шаңырағы, небір ғұламалардың ұс­таханасы, мыңдаған ұрпақ білім алып келе жатқан Әл-Фараби ат­ындағы ұлттық университеттің жур­налистика факультетінде тұңғыш рет білім ордасының 75 жылдық мерейтойына орай ҚазҰУ теле­радиокешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Сол салтанатты рәсімде универ­ситет ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов заман талабына сай телерадиокешеннің тұсауын кесті. Ол бұл телерадиокешен жаңа сан­дық жабдықтары түрлі жанрдағы теле-радиобағдарламалар жасау үшін барлық техникалық құрал­дары бар оқу-өндірістік телестудия мен радиостудия болып табылады дей келіп, келешекте бұл кешеннен жас журналистер үйренер үлгі, алар тәлім аз болмайтынын алға тартып, олардың оқу орнын бітіргеннен кейін бірден қиналмай жұмысқа араласып кетуіне мол мүмкіндік беретінін, тіпті отандық арналарға хабарлар ұсына алатынын жеткізді.

Сол секілді студенттер бұл ке­шенде университет тіршілігінен, оқу, ғылым жетістіктерінен хабар­дар ететін “Тұғыр”, “Ғұламалар ғұмыры”, “Эврика”, “Химик шоу”, “Ақыл әңгімелейді”, “ҚазҰУ сұ­луы”, “Видеовизиткалар”, “Ұшқыр сөз” сынды бағдарламалар дайын­дайды екен. Олар қазақ және орыс тілдерінде университет жаңалық­та­рын жасап, оны оқу ғимаратта­рындағы және ҚазҰУ қалашығы жатақханаларындағы мониторлар­дан көрсете алады.

Жақын арада білім ордасы телестудиясының бағдарламалары қалалық жалпы университеттік “UVІSІON” кабельдік арнасынан хабар тарататындығы қуантады.

Бұл хабарларды қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, қоғам мен заманның тамырын тап басқан студент жастар ұйымдастырады. Ол бірнеше шы­ғармашылық редакцияда жасалады. Атап айтқанда: жаңалықтар немесе convergence newsroom – кон­вер­гентті, жастар және сауықтыру, өнер, әдебиет, ғылым, спорт жө­нін­­дегі редакциялар болып табы­лады.

Жалпы, теориялық білімді прак­тикада ұштастыруға кең жол ашатын мұндай телерадиокешеннің берері көп. Әсіресе, журналис­ти­каның теориясы мен практикасын терең үйрететін факультеттің оқытушы-профессорлары мен студенттерінің қоян-қолтық жұмыс жасауына, алған білімді іс жүзінде көрсетуге болады. Мұндай игілікті іс талантты жастардың ойын қалыптастырып, қаламын ұштауға, еліміздің өткенін, бүгінін, келешегін олардың көзімен беруге мүмкіндік туғызады.

Сонымен, ҚазҰУ телерадио­ке­шені конвергентті журналистика саласында кәсіби шеберлігі шың­далған журналистер дайындауға ерекше үлес қосатын болады.
ӨРІС ПЕН ӨРКЕН
Әбілфайыз (Алтай) ЫДЫРЫСОВ.
Кеңес өкіметінің Қазақстанда жоғары білімді кадрлар даярлайтын университет ашуға арнауы қаулы қабылдаудағы көздеген басты мақ­саты – даярлаған ұлт кадрларын мүдде­лерін орындатуға пайдаланды. Бұл – бір болса, екінші жағы­нан, Кеңес өкіметі, өзінің шынайы бет пердесін әшкерелеп алмас үшін солай жасауға мәжбүр болған-ды.

Ал оны, бұған мәжбүр еткен және сондай-ақ соған дейінгі 200 жыл бойы қазақ халқын езгіде ұстаған империя саясатына қарсы наразылық білдіріп, сол халықты тә­уел­сіз ел, ұлт болуға бастаған алаш­­ордашылардың, олар­дың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Жанша Досмұхамедов, Ах­мет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, тағы басқалардың күрестері әсерінің әлі де суы­мауынан, әлі де бар болуынан еді.

Сол ХХ ғасырдың 20-жылдарының орта­сын­да іштей алаштықтар идея­сын толық жақ­таған, Мәскеуде “Күншығыс” баспасын бас­қар­ған дипломат Нәзір Төреқұлов пен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған әрі Түркісіб темір жолы құрылысын салуды басқарған Тұрар Рыс­құлов Қазақстанда жоғары білім беруге ықпал етуді талай рет мәселе етіп қойған болатын.

Сол секілді 30-шы жылдар ба­­сын­да іштей Ахаң, Жақаңдарды әу­ бас­тан-ақ толық қос­тайтын Көш­ке Кемеңгеров, Темір Шонанов, Сан­жар Асфендияров, Ораз Жан­досов сынды біртуарлар да халқы­ның жас ұрпағына жоғары білім беру пробле­масын шешуге көмектесу жөнінде “жоғары жақ” алдына талай рет мәселе көтерген-ді.

КСРО үкіметінің Қазақстанда жоғары білім беруді қамтамасыз ететін университет құру жөнінде арнайы қаулы алуға мәжбүр болуы, сайып келгенде, қазақ зиялы­лары­ның алда айтқан әрекеттерінің әсері­нен болатын.

Сөйтіп, қалай болғанда бұл күндерде өзінің 75 жылдығы тойланып отырған, тек тәуелсіз Қазақстаны­мыздың жоғары оқу орындарының көшбасшысы ғана емес, тіпті, ТМД елдерінің де, әлемдік университет­тердің де көшбас­тарларының бірі – Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлт­тық университеті – КазГУ өзінің есігін алғаш 1934 жылы 15 қаң­тар­да, жоғары білім алуға келген қазақ­­тың 54 ұл-қызына айқара ашты. Содан бері одан 125 мыңнан ас­там жас ұлан өздері қалаған ма­ман­­­­дық­тары бойынша жоғары білім алды.

Жалпы, ҚазҰУ-ді 75 жыл­дық тарихында күні бүгінге дейін он бір ректор басқарған. Тұң­ғыш рек­торы Федор Грофимович Оликов болатын.

Одан кейін 1939-1947 жылдары – Иван Лукьянец, 1948-1953 жыл­дары – профессор Төлеген Тәжі­баев, 1953-1955 жылдары – профес­сор Асқар Закарин, 1955-1961 жылдары – академик Темірболат Дарқанбаев, 1962-1970 жылдары – қайыра Асқар Зақарин, 1970-1986 жылдары – академик Өмірбек Жолдасбеков. 1986-1988 жылдарда – академик Еділ Ерғожин, 1988-1991 жылдары – профессор Мейір­хан Әбділдин, 1991-2001 жылдары – профессор Көпжасар Нәрібаев, 2001-2008 жылдарда – профессор Төлеген Қожамқұлов, 2008 жыл­дың сәуір айынан күні бүгінге дейін академик Бақытжан Жұмағұлов жетекшілік етіп келеді.

КазГУ – ҚазҰУ-дің өрісі мен өркені не?

Университеттің 75 жылдық мерей­­тойына қатысты бұл мақалам­да “өріс”, “өркен” деген метафора­­лық сөздерді пайдаланудағы себеп: ұшқан ұямның, қарашаңырағымның ұшырған түлектерінің, онда қызмет істеген ұстаздардың, ҚазҰУ-ді ерекше дамытқанын айту еді.

Тарихтық ақиқатқа сүйеніп тұжырым­дасақ, Ұлттық универси­теті­міздің даму тарихын үш кезеңге бөліп қарауға болады.

Оның біріншісі, Қазақстанды формальды түрде Шаяхметов пен Оңдасыновқа басқартқан – кеңестік қысым кезеңі.

Университет өз тарихында бас­тан кешкен екінші кезең ұлтжанды Дінмұхаммед Қонаев пен Жұмабай Тәшенов басқарған жылымық кезең. Бұл 1948-1986 жылдар арасы. Даму ке­зеңі – Тәжібаев басқарған уақыт. КазГУ-дің кә­міл өркендеу кезеңі – Жолдасбеков дәуірі бол­­са, КазГУ-дің ҚазҰУ-ге айналуы, ре­­фор­ма­лануы – Нәрібаев жетекшілік еткен тұс. Ал ҚазҰУ-дің халықаралық универ­си­тет­тер са­нына қосылуы – Қожамқұловқа тиесілі ке­зең десек, бүгінгі дәуірлеу кезеңі – жігерлі аза­мат Бақытжан Жұмағұловтың еншісіне тиіп тұр.

Екінші кезеңнің ішкі кездерінде универ­си­тетті одан әрі өркендеткен қаншама игілікті істер жүзеге асы­рылған. Олардың бәрін бұл арада баян ету мүмкін емес. Бірақ, солар­дың арасынан Өмірбек Арсылан­ұлы­ның өз кезінде ҚазҰУ-дің Алматы қаласы ішінен мегапо­листік мәнді “Казгуград” қалашығын салдыр­ғанын айтпай кетуге әсте болмайды.

Үшінші кезең – Тәуелсіз Қазақ мемлекетін әлемге мойындатқан – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қарышты өркендетіп отырған қазіргі уақыт. Нағыз гүлдену кезеңі. Бұл кезеңде 2008 жылдың мамыр айы­нан ҚазҰУ-дің одан әрі өркендеп, гүлденуіне академик Бақытжан Жұмағұлов басшылық жасап келеді.

Ол оны университеттің үлкен ғылыми ке­ңе­сі бекіткеннен бері 2008 жылдың мау­сы­мынан өзі бас болып жасаған ҚазҰУ-ді одан әрі өркен­детудің 2009-2011 жылдарға арнал­­ған жаңа стратегиялық бағдарла­масын іске асыру үстінде. Аталған стратегиялық бағдарлама бойынша ҚазҰУ енді жетіл­дірілген ғылыми-инфрақұрылымды, студент түлек­теріне халық­аралық талаптарға сай мамандық беріп, екі дипломға ие еткен әлем­дегі нағыз элиталық, клас­сикалық универ­ситетке кәміл айналады.

ҚазҰУ-ді өркендетуге Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қамқорлығы өлшеусіз. Мысал келтірелік: 1991 жылы Қазақ мем­лекеттік университетіне Әбу Насыр әл-Фараби атын беру жө­ніндегі Жарлыққа қол қойды. Екінші, 1992 жылы “Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы мемлекеттік ғылы­ми-техникалық”, “Саясат және ғы­лым туралы” Заң мен “Қа­зақстан Респуб­ликасының ғылыми-техника­лық әлеуетін дамыту және ғылым­ды ұйымдас­тыруды жетілдіру бо­йын­ша іс-шаралар туралы” Жар­лы­ғы шықты. Бұл Президент қол қой­ған Заң мен Жарлық ҚазҰУ-ді да­мы­ту­дың заңнамалық негіздері болды.

1993 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Пре­зи­дентінің “Республи­када ғылым мен ғы­лыми-техни­калық әлеуетті жетілдіру шаралары туралы” Жарлығы шықты. Бұл тарихи құжат та сондай рөл атқарды.

1998 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы ҚазҰУ жастарымен кездесті.

2001 жылы қыркүйек айында қазақ универ­ситетінде және болып, болашақ ҚазҰУ-дің ғылыми кітапханасы салынатын жерге оның тұғырының бірінші тасын қондыр­ды. Сол жо­лы ол университет құрылысының екінші кезегін бастаудың мерзімін бекітті. Универ­ситеттік 14 нысанды іске қосуды 5-7 жыл мерзім ішінде орындауды нұсқады. Оған Үкімет тарапынан 804 миллион теңге қаржы бөлгізді.

2002 жылы Елбасы ҚазҰУ ұжымына келіп, оқытушы-профес­сор­лар алдында сөз сөйледі. “Сіз­дер, – деді ол өз сөзінде, – алды­мен уақыт талабына сай тұлғалар тәрбиелеуге тиістісіздер”.

Оның бұл сөзі ҚазҰУ ұстаз­дары үшін күні бүгінге дейін бағ­дар­лық нұсқау болып қалып отыр.

Президент, сондай-ақ, 2001 жылы “Қазақ уни­верситетіне өзін-өзі басқаратын (авто­ном­ды) Ұлттық мемлекеттік университет (ҚазҰУ) мәртебесін беру туралы” Жарлыққа қол қойды. Және ол ҚазҰУ-ді эли­тарлы жоғары оқу ор­ны ету мақсатымен оның 100 студентіне өзінің стипендиясын тағайындады.

Президент ҚазҰУ-дің 70 жылдық мерей­тойы қарсаңында 2004 жылы қыркүйек айында уни­вер­­ситетке Чехия Президенті Вац­лав Клаус­пен бірге келіп, ұжыммен үлкен әң­гі­ме құрды. Ұжым алдына жаңа міндеттер қой­ды. Қам­қорлық осылай жалғасып кете береді.



Жарқырай бер, өркендей бер, өрісті, өркенді, қара шаңырағым, алтын ұям, ыстық бесігім! – деймін мен оның мерейтойында.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет