«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар Мұхтар Әуезовтің. Бұл қанатты қағиданы әркім әр түрлі ұғады. Тәрбие жайлы айтылып тұрғаны сөзсіз. Осы бір аталы сөз хақында өз ойыммен бөлісіп көрмекпін… Бұл тағылымды сөзді «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөзбен шатастырмаған жөн. Өйткені, онда бала балиғат жасына дейін жақсы қасиеттерді ата-анасынан сіңіретіні айтылады.
Менің ойымша, Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегені – болашақта бесік тербейтін қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтқаны. Себебі, «қыз бұзылса, ел бұзылады» дейді бабалар даналығы. «Қызыңды бөтен үйге қондырма» деп те бекер айтпаған.
Шариғатта «төрт немесе үш қызы бар ата-ана жұмаққа барады» дейді. Сондай-ақ, «екі және бір қызды дұрыс тәрбиелеп, құтты жеріне қондырса да, жұмақтың кез келген қақпасынан кіретіні» айтылады. «Сонда қыз санына қарамай бәрі жұмаққа бара берсе, айырмашылығы қандай?» деген сұрақ туындайды. Яғни, бұл – бір қызға дұрыс тәрбие бере алған ата-ана, төрт қызды да жөнімен мәпелеп өсіруге қауқарлы деген сөз. Сонымен қатар, осы тұста қыз баланы тәрбиелеудің өте қиын әрі жауапты іс екенін аңғарамыз.
Ұлы жазушы осыны меңзеп отыр.
Сондай-ақ, бұл жалпы әйел затына қатысты. Ол болашақ келін, біреуге жар, біреуге жеңге, енді, біреуге ана болады. Байқап отырсақ, Мұхтар Әуезов осы бір ауыз сөзі арқылы терең ойды қозғап отыр. «Қыздарыңа үлгі болыңдар, өздеріңнің кемшіліктеріңді түзеңдер, оның көзінше дұрыс жүріп-тұрыңдар. Келіндеріңе қамқор, жарларыңа сыйластықты, аналарыңа ізетті болыңдар» – деп отыр.
«Ерді ер қылатын да, жер қылатын да әйел» демекші, өміріміздің мәні мен сәні – солар. Осы нәзік жанды аруларымыз туралы айтылған көптеген даналық сөздер Мұхтар ағамыздың бір ауыз нақылының қауызына сыйып кетіп отыр. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді» тербетеді деген сөз де осы дүниеден туындаса керек-ті.
Бұл қазақтың көпірме қызыл сөз ге емес, оның мәніне терең үңіле алатынының белгісі.
Біз қазақ қыздарымызды оң жақ төрге отырғызып бетінен қақпай, еркелетіп өсіреміз. Өйткені, олардың маңдайына Алла мүлдем бейтаныс елдің түтінін түтетіп, ұрпағын жалғауды жазған. Бұл тағдыр бұйрығының арнасын бұруға пенде атаулы қауқарсыз. Себебі, өзімізді де сондай бір кездері еркелеп өскен, кейін өзге елдің бақытын күзетуге келген бесік иелері өмірге әкелген.
Солай екен, тал бесікпен қатар оны тербететін бұрымдыларымызды аялайық!
Менің бір көпбалалы досым бар. Өзі – тентектің тентегі. Аяқ астынан төбелесе кету де оған түк емес. Бірақ, бір жақсы қасиеті – мың жерден жынды болса да, әйеліне қол көтеру былай тұрсын, бір ауыз ауыр сөз айтпайды. Сөйтсек, ол әйел затының қадірін біледі екен. Ойланбай айтылған сөз жақын адамдардың арасын суытатынын жете түсінеді екен. Ұрпағын жалғап, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған жанның басын бағалайды екен…
Сондықтан да, ел болғымыз келсе, бесігімізді түзейік!
Халқымыз үшін қысталаң қиын заманның небір кезеңдерінде мал мен жанның өзіне қарауға мұрша қалмаған шақтарда ұмытуға болмайтын бір ғана нәрсе ұрпақ тәрбиесі еді. Көнекөз қариялардың әңгімесінен бастап қарайпайым халықтың ұғымға, салт-дәстүрге дейінгінің бәрінен көрініс беріп, ол жас ұрпақты азаттық биігіне, адамгершілікке, бірлікке шақырып отыратын қазақы өнеге айқын көрінеді. Ғасырлар бойы сол өнегемен ата-бабаларымыз әлденеше ұрпағын түзеу тәрбиелеп келді. сөйтіп бүгін күнге жеткізіп берді.
Қоғамның дамуы, жанұяның бала санымен өлшеуді меже тұтқан халқымыздың «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп қарапайым топшылауыда тегін емес.
Бұл – отбасы-ошағымыздың түтіні сөнбесің деген жеке бастың тілегінен туған мақалдан емес, халықтың қамын қарастыру, елдікті ойлау, елдің ертеңгісі жайлы қам жеу. Қазақтың «Бір баласы бардын үйінде сөнбес шамы бар», «Балалы - үй базар, баласыз үй – қу мазар», «Бала – адамның бауыр еті» деуі тегін бе?
Қазақ ұл баланы дүниеге келуін «Ұл туғанға күн туған» ерекше бақыт санаған, отбасының жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала деп білген. Ал, әйелге, қызға дүниенің тұздығы, бастауы деп қараған. Балаға деген бауырмалдық, жылы жүректілік, шығыс халқына тән ежелгі жақсы қасиеті екенін айта келіп, орыстың ұлы педагогы «Балаға деген сүйіспеншілікті россиялықтар шығыс халқынан үйренуіне болады» деген еді. Қазақ халқына балаға деген қамқорлық, оның аман-сау өсуіне тілектестік бала тумай тұрып-ақ жасалады. Мысалы: аяғы ауыр әйелге жүк көтертпеуі, жерік асын тауып беруге, жаңа босанған әйелге қуатты тамақ беруі, үстін қымтап ұстпауы, жаңа туған нәрестені қалай күту жөнінде енелерінің келіндеріне ақыл-кеңес беруі, үлкендерді сәбиді тұзды шомылдырып, маймен денесін сылауы, шала туған баланы түлкі тымаққа салып асыруы, оған бие сүтін беруі-жас сәбиге деген қамқорлықтын айғағы. Қазақ халқының бала туғанда шілдехана жасап, ойын-той өткізуі, баланың туғанына қырық күн толғанда ауыл-аймақты жинап, ауылдағы үрім-бұтағы көп өнегелі, беделді бір анаға қырық қасық сумен нәрестенің үстін шайғызып бесікке салғызуы, бала тәй-тәй басып жүре бастағанда шаруаға икемді, еңбек сүйгіш пысық әйелдердің біреуіне тұсауын кескізу-нәресте сол аналардай бақытты, абыройлы, беделді, елгезек болса деген тілектен туған ырымдар.
Ана бесік жырын айта отырып, нәрестесін өлең жырымен тербеп, ұйықтату кезінде, екіншіден балаға ананың тілек-батасы, болашақта кім болып өсуін қандай қызмет атқаруын қалайтыны ана сөзімен баяндалады.
Мал бақ, кәсіп ет, ел-жұртыңды жаудан қорға деген ойын халық бесікте жатқан нәрестеге ақыл, тілек етіп білдіреді және кімді ардақтайтының аңғартады. Ана нәрестеге емшек сүтін беріп қана қоймай, жөргекте жатқан күннен бастап мінез-құлқын да тәрбиелейді. Б.Момышұлы атамыз «Немересіне ертегі айтып беретін әжелердің «Бесік жырын» айта білетін аналардың сейіліп бара жатқаның, ана мен әжелердің ертегісін естіп
өспеген балалардың санасы тайыз, көкірегі тұңғыйық, қараңғы болады-ау деп қорқамын» деген екен. Сөйтіп апа-жеңгейлерге құлақ аса отырып, ұлттық намысымызды қорламай, балаларымыздың тәрбиесін бастауды қолға алуға шегелейді. Бала тәрбиесінің сыртында біздің ар-ожданымыз тұр емес пе? Абай атамыздың «Келгенде дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген философиялық түйінінің астарында қаншама мән-мағына барына мән бере бермейміз. «Анау-ондай», «мынау-мынадай» болды демей-ақ, ата-бабаларымыз осылайша ұрпағына тәрбие берген.
Міне, «Бесік жырының» құпия сыры. Осынау жақсы дәстүр ата мен бала, ене мен келін арасында шынайы сыйластық, татулық, ынтымақты жанұяны қамтамасыз еткен. Қазақ ауылында бала тәрбиесіне бүкіл ауылдың үлкендері, әсіресе қарттары араласқан. Үлкендер ауылдастырының балаларының өрескел мінез-құлқын көрсе, өз баласындай ұрысып, зекіп, ақыл айтуға, тіпті, ретті жерде жазалауға қақылы болған.
Қыз баланы тәрбиелеу – қоғамды тәрбиелеу. Себебі, қоғамның шыққан тегі - отбасы. Ал, отбасының жаны – әйел адам. Адамның ары - асыл тас сияқты, болмашығы ғана дақ оны бар қасиеттен айырады.
Қазақтың біреудің баласы өнегелі, азамат болса, «оның жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан» ғой деп мадақтайтыны сондықтан жанұядан әкелер өз өнерін балаларына үйретіп, оларды өзіндей мерген, аңшы, құсбегі, қолөнер шебері немесе күйші етіп тәрбиелеуге көңіл бөлген. Ата өнерін баласының қууы, оны мирас етуі ежелгі дәстүр болған. Қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін мергендік, аңшылық немесе ұсталық, күйшілік өнерді қуып өткен адамдар жиі кездеседі. Осындай әке мұрасын қуушы өнерлі жастарды дәріптеу қазақ ауыз әдебиетінен өзекті орын алған.
Баланың әке-шешесі еңбекке араласып, жанұя асырау қамымен көбірек шұғылданатын болғандықтан, бала жанұяда уақыттың көбін атасымен, әжесімен өткізеді.
Үлкенді қадір тұтып, ерекше сыйлап өткен қазақ ауылының өмірінде қарттарға деген ықылас, ілтипат, сый-құрмет ерекше болған. Қыз баланың мейірімділігі мен мәдениеттілігі жер бетіне өмір сеуіп, шағырақ бірлігін нығайтуға тікелей ықпал жасайды. Сондықтан, жастар мектептегі кезеңнен-ақ болашақ жанұялық өмірдің түзу жолына төзе алатындай болып басып, өзін-өзі бағалауы керек. Ата-ана мен тәрбиеші, мұғалімдер жас ұрпаққа бас-көз болып, оларды аға ұрпақтың өнегелі шаңырақ иелерінің лайықты ізбасарлары етіп, тәрбиелеуді басты мақсат етіп қойғаны абзал.