ЕЛ ТҰРҒЫНДАРЫН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
Рақымғалиев Б.К. – аға оқытушы
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті
Қазақстан Республикасының Конституциясында «мемлекеттің байлығы – адамдар» деп атап көрсетілген. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты мен жүзеге асырып жатқан іс – шараларының барлығы Қазақстан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау және барынша тиімді жұмыспен қамтуға бағытталған.
Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат:
-
Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға қызмет пен кәсіп түрлерін еркін таңдауға бірдей мүмкіндіктерді, әділ де қолайлы еңбек жағдайларын, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге;
-
нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жұмыссыздықты азайтуға, жұмыс орындарын ашуға;
-
білім беру жүйесін еңбек рыногының қажеттеріне және инвестициялық саясатты ескере отырып, оның даму перспективасына сай кадрлар даярлау ісіне бағдарлауға;
-
азаматтардың заңдарға сәйкес жүзеге асыратын еңбек және кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, олардың өнімді және шығармашылық еңбекке қабілетін дамытуға жәрдемдесуге;
-
бар жұмыс орындарын сақтаған және жаңа жұмыс орындарын, оның ішінде нысаналы топтарға арналған жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілерді ынталандыруға;
-
уәкілетті орган және жеке жұмыспен қамту агенттігі арқылы еңбек делдалдылығын ұйымдастыруға;
-
шетелдік жұмыс күшін тартуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан шетелге жұмыс күшін шығаруға байланысты қызметті лицензиялауға;
-
шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілеу жолымен ішкі еңбек рыногын қорғауға;
-
жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі республикалық іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар қолданатын шаралармен ұштастыруға;
-
халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметті экономикалық және әлеуметтік саясаттың басқа да бағыттарымен үйлестіруге;
-
еңбек рыногының бірыңғай ақпараттық базасын қалыптастыруға;
-
мемлекеттік органдардың халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін шараларды әзірлеу және іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіріп, реттеп отыруға және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
-
Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдегі және шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағындағ еңбек қызметіне байланысты мәселелерді шешуді қоса алғанда, халықты жұмыспен қамту проблемаларын шешуде халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыруға;
-
жұмыс берушілер, қызметкерлер және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің мемлекеттік жұмыспен қамту саясатын әзірлеу және іске асыруға қатысуын қамтамасыз етуге;
-
жұмыспен қамту саясатымен үйлестірілген, қосымша жұмыс орындарын ашу ісін ынталандыруды қолдайтын қаржы, салық және инвестиция саясатын жүргізуге бағытталған.
Еңбек нарығын және жұмыспен қамтуды мемлекеттік реттеу Стратегиясы мен деңгейі көбіне сол сәтте осы сфераның жағдайына байланысты болады. Бұл, жұмыспен қамту саясатының мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының құрамды бөлігі ретінде экономикадағы және еңбек нарығындағы өзгермелі жағдайды ескере отырып барынша икемді болу керектігін білдіреді. Көптеген экономистердің тұрғындарды жұмыспен қамту саясатының мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатымен ұштасып жату керек деген пікірлері кездейсоқ емес.
Еңбек нарығын реттеу тұрғындарды жұмыспен қамтудың жаңа саясатын дайындауды талап етеді, себебі онсыз бұл күрделі әлеуметтік-экономикалық сфераны басқару стратегиясын анықтау мүмкін емес.
Қазіргі жағдайда еңбек нарығы теңгерімсіз: жұмыссыздық болса да бос орындар сақталып отыр. Бұл жұмыс берушілердің қажеттілігінің жұмыс күші сапасы мен кәсіби-біліктілік құрылымына сәйкессіздігіне байланысты. Бірінші кезекте, білікті кадрлар жетіспейді. Шетел жұмыс күштерін тартуға еңбек ресурстарының жетіспеушілігі негіз болып отыр. Әлем тәжірибесі көрсеткендей, еңбек ресурстарының жетіспеушілігін жою - адам капиталын дамытумен (білікті кадрларды даярлау және қайта даярлау) және лайықты еңбек ету үшін қажетті жағдайларды туғызуға байланысты.
Ең пәрменді әлеуметтік саясат жұмыспен қамту саясаты болып келді және солай болып қала береді. Осыған байланысты, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғауға, жұмыс орындарын қысқартпауға және жұмыстан босатудың алдын-алуға бағытталды. Қаржы дағдарысының теріс әсеріне байланысты қызметкерлерді жұмыстан босату жағдайы мен өндіріс динамикасы үнемі талданып келеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Кәсіподақ федерациясы және «Атамекен» Одағы Ұлттық экономикалық палатасымен бірлесіп, ірі компаниялармен жұмыс орындарын сақтап қалу және жұмысшыларды жаппай қысқартуға жол бермеу жөнінде меморандумдар жасауды жүзеге асырды. Онда еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс берушілердің мүмкіндіктерін барынша пайдалану: толық емес жұмыс режимін енгізу, басқа жұмыс орындарына орташа айлық еңбекақысының үштен екісін төлеу арқылы уақытша ауыстыру, егерде өндіріс тоқтаған жағдайда немесе мәжбүрлі тоқтаған жағдайда еңбекақысының 50%-ынан кем емес мөлшерде өтемақы төлеу қарастырылған. Бұл жұмыстың басты мақсаты жұмыссыздықтың әлеуметтік салдарын жұмсарту болып табылады. Осымен қатар, аталған шаралармен бірге әлеуметтік сақтандырудың мүмкіндіктері пайдаланылады.
Бүгінде еңбек нарығында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым көпшілігі саудада, құрылыста, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы салаларындағы жалдамалы жұмыстарда нәпақа айырып жүр. Олар табыстарын көрсетпейді, салық түрлерін төлемейді, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайды, сондықтан олардың келешегі күмәнді.
Статистика агенттігінің келтірген мәліметтері бойынша елімізде 3 миллионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Бірақ еліміздің заңнамасында осы санатқа жататындарға нақты анықтама берілмегендіктен, оларды жұмысбастыға не болмаса жұмыссыздар санатына қосу қиын. Бір анығы, уақыт өте келе өзін-өзі жұмыспен қамтушы жандардың зейнеткерлікке шығуы кезінде құқықтық қайшылықтар пайда болатыны кәміл. Сондықтанда өткен жылдың наурыз айында Үкімет мұндай санаттағы тұлғалардың заңды нарықтық ортаға шығуына жағдай жасау мақсатын көздеген жаңа бағдарламаны бекітті. Ол мемлекеттік бағдарлама «Жұмыспен қамту – 2020» деп аталады. Бағдарламаның негізгі мақсаты - орнықты әрі өнімді жұмыспен қамтамасыз ету арқылы халықтың табысын көтеру болып табылады. Оның бірінші кезеңін іске асыру өткен жылы басталып кеткен болатын. Екінші кезеңі 2012-2015 жылдарды, үшінші кезеңі 2016-2020 жылдарды қамтиды. 2016 жылға қарай Үкімет бағдарламаны жүзеге асыруға 1,5 миллионнан астам адамды тартпақ. Елдегі кедейшілік 8,2 пайыздан 6 пайызға дейін төмендеп, жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан аспайтын болады. Мұның өзі халықтың әл-ауқатының артуына, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесін 26 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Тек қана жұмыспен қамту бағдарламасы есебінен еңбек өнімділігінің қосымша өсімі 20 пайызды құрамақ. Сонымен қатар 2014 жылға дейін іске асырылатын үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарлама бойынша өндірістің техникалық мамандарға деген сұранысын шешуді өзін-өзі жұмыспен қамтыған жандар есебінен орындауға мән берілуде. Өйткені елімізде мұндай санаттағы азаматтардың үштен бірі жоғары не орта арнаулы білімді.
Жаңа бағдарлама үш бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша – өз бетінше жұмыспен қамтылғандарды, оралмандарды, жұмыссыздарды және аз қамтылған азаматтарды оқыту және тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмысқа орналастыру көзделген. Басымдық ауылдық жерлердегі жастар мен әйелдерге берілмек. Олар біліктілікті арттыру, кәсіби даярлық және қайта даярлаудың тегін курстарына оқуға жіберіледі, барып-қайтудың жол шығыны мен оқу үшін жалдаған үйдің пәтерақысын өтеуге мемлекет есебінен субсидия бөлінеді. Екінші бағыт бойынша ауылда кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлінеді. Бұл бағыт бойынша басымдылық ауылда өз ісін ұйымдастыруға ниет білдіруші әйелдерге беріледі. Қатысуға ниетті жандарға шағын несие ұсыну, инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, кеңес беру қызметтерін көрсету, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделген. Үшінші бағыт еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша тұрғындар мен оралмандардың экономикалық әлеуеті төмен аймақтардан экономикалық белсенді орталықтарға өз еркімен көшуіне жәрдемдесу шараларын қарастырады. Бұл бағытта басымдық ауыл жастарына беріледі. Аталмыш бағдарламаға қатысушыларға көшуге субсидия бөлу, төлеп алу мүмкіндігімен типтік жалданатын тұрғын үйді ұсыну, қайта даярлау курстарынан өту немесе жаңа тұрғылықты жерде жеделдету бағдарламаларына қатысуға (бірінші бағыт), сонымен қатар психологиялық бейімделуден өтуге мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Ендігі кезекте, жұмыспен қөамтудың жаңа бағдарламасының Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылу жағдайына кеңірек тоқталсақ.
Қазіргі кезде облыста «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру қарқын алыпи келеді. Батыс Қазақстан облыс әкімінің 2011 жылғы 26 сәуірдегі №63 қаулысына сәйкес аталған бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері бойынша өңірлік комиссия құрылып, арнайы жоспар дайындалып, бекітілген болатын. Қазіргі кезде (пилоттық саты) аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері аудандар мен Орал қаласында жұмыспен қамту орталықтарын құру жұмыстарын жүргізуді аяқтады. Облысқа бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 101,0 млн.теңге бөлінді. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде еңбек ресурстарының сапасы жақсарып, мыңдаған адамдар оқудан өтіп, жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануға мүмкіндік алмақ. Сондай-ақ адамдардың экономикалық өсу орталықтарына қоныс аударуы дамушы өндіріс орындарының жұмыс күшіне деген қажеттілігін қамтамасыз етеді деп күтілуде. Нақты нәтижелерге қол жеткізу және кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мақсатында өткен жылы қаражатты бөлуде аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайлары мен мүмкіндіктері ескерілген. Аталмыш бағдарламаны іске асыру үшін өткен жылы өңірге 1,3 млрд. теңге қаражат бөлінді. Барлық аудандарда және қалада жұмыспен қамту орталықтары ашылып, өз жұмыстарын 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап кетті.
Бағдарламаның 1-ші бағыты «Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу» бойынша бағдарламаға қатысушылар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби оқуға жіберілді. 2011 жылы 2925 адамды кәсіби оқытуға 618 млн. теңге бөлініп, оқуын бітірген 721 адамның 25 %-ы, яғни 171-і жұмысқа орналастырылды. Қайта даярлауға (жоспар бойынша - 350 адам) 350 адам жолданып, барлығы оқуын аяқтап, 12 адам жұмысқа орналастырылды. Қалған адамдар жоспарға сай биылғы жылдың 1 тоқсанына дейін әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылатын болады. Кадрлардың біліктілігін арттыру (жоспар бойынша - 240 адам) 240 адам біліктілігін арттыру курстарына жолданып, бүгінгі таңда барлығы оқуын аяқтады, олардың 40-ы жұмысқа орналастырылды. Оқуын аяқтаған, жұмысқа орналастырылмаған адамдарды жұмысқа кіргізу үшін облыста жол картасы дайындалып, олар биылғы жылдың бірінші тоқсанында толықтай жұмыспен қамтылады.
Бағдарламаның екінші бағыты «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» бойынша барлығы 208,8 млн. теңге бөлінген болатын, соның ішінде 8,8 млн.-ны кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға қаралып, 274 адам оқытылды және 200 млн. теңге Зеленов, Қазталов аудандарының 21 несие серіктестігі арқылы 161 адамға таратылып берілді. Облыс бойынша Зеленов және Қазталов аудандары пилоттық болып анықталды. Осы екі ауданға кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына 200 адамға 8,8 млн.теңге (әр ауданға тең көлемде) және ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға несиелер бөлу, 200 адамға 200,0 млн.теңге көлемінде (әр ауданға 100,0 млн.теңгеден) бөлінді. Бұл аудандардың пилоттық болып танылғандығы, келесі себептермен түсіндіріледі. Мысалы, облыс орталығына жақын орналасқанына қарамастан Зеленов ауданында жұмыссыздық деңгейі - 5,7 пайыз, (облыс бойынша 01.01.2011 жылға 5,6 пайыз болғанда), ал Қазталов ауданында - 6,8 пайызды құраған.
Үшінші бағытты жүзеге асыру үшін облыста тұрғын үй құрылысына 294 млн. теңге және инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 84 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында 60 үй салу жоспарланып, бүгінгі таңда бөлінген қаражат толығымен игеріліп ол үйлердің құрылысы аяқталды. Бүгінгі күні бұл ауданға өңірдің экономикалық даму әлеуеті төмен 52 елді мекенінен 64 отбасы көшуге тілек білдірді. Оларды көшіруге 6,2 млн. теңге демеу қаржы мемлекет тарапынан қарастырылып отыр.
2011 жылы облыс бойынша бағдарламаны жүзеге асыруға қаралған 1,3 млрд. теңге қаражат жыл соңында толықтай игерілді. Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша қатысушылары өздерінің сәйкес жұмыс біліктілігі болған жағдайда, жалдамалы тұрғын үйлерді салу және аяқталмаған нысандарды аяқтау барысында жұмыс орындарына орналасуға құқылы.
Жыл бойына Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмысқа орналасу делдалдығымен жолыққан адамдар саны мониторингі және талдауын жүргізеді. 2012 жылдың 1 ақпанына жұмысқа орналасу делдалдығымен жолыққан адамдардың саны 1511 адамды құрады. Ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген адамның саны 2890. Жұмыспен қамту органдары жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және қойылатын талаптар жөнінде ақпаратты беру қызметерін атқарады.
2012 жылдың 1 ақпанына 354 адам жұмысқа орналастырылды. Жұмысқа орналастырылғандардың жалпы санынан 175 (49,4%) жұмыссыздар болып келеді, с.і. 154 ауыл тұрғындары. Осы мерзімде экономиканың әр түрлі саласында 459 жаңа жұмыс орындары ашылды, бұл көрсеткіш 2011 жылдың 1 ақпанының көрсеткішінен 66,2% құрады. Құрылған жұмыс орындарынан 423 орын (92,1%) тұрақты жұмыс орындары болып табылады, 258 орын (56,2%) ауылдық жерде құрылды. Шағын бизнес саласында құрылған жаңа жұмыс орындарының саны 259 (55,8%). 2012 жылдың жоспары бойынша 1600 әлеуметтік жұмыс орны ашу көзделді, 2012 жылдың 1 ақпанына әлеуметтік жұмыс орындары ашылған жоқ, ұйымдастыру жұмыстары өткізілуде. 2012 жылы жастар тәжірибесіне 1330 адам жіберу жоспарланды, с.і. 1000 түлек «Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша, 330 түлек жергілікті бюджет есебінен жолдау. Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін мақсатты жұмыстар ұйымдастырылуда. Кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыспен қамтудың белсенді түрінің бірі қоғамдық жұмыстарға жіберіп, уақытша жұмыспен қамтамасыз ету. 2012 жылы 7100 жұмыссыз адамды қоғамдық жұмыстарына жіберу жоспарланды. 2012 жылдың 1 ақпанына қоғамдық жұмыстарға жіберілген жұмыссыз азаматтардың саны 931 адам құрады.
Кадрларды даярлау үшін ірі компанияларды тарту жұмыстары жалғасуда. Бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау нәтижелі болу үшін 18 компаниямен, оқу мекемелері және олардың түлектерімен тығыз қарым қатынас орнатылды.
Күні бүгін өндірістік процесстерді тұрақтандыру және еңбек құқығын, қызметкерлер кепілдігін қамтамасыз ету жөнінде 521 меморандумдар жасалынды. Жұмыс берушілермен жұмысшылар арасында 964 ұжымдық шарттар жасалынды.
2012 жылы халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жұмыстары 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары және Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы орындау мақсатында жүргізіледі.
Аталған жоспар және Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасынның шеңберінде 2012 жылдың жартыжылдығында төменгідей төменгідей шараларды жалғастыру көзделген:
-
8500 адамды жұмысқа орналастыру;
-
7100 адамды қоғамдық жұмыстарға жолдау;
-
1330 адамды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға жіберу;
-
Нысаналы топтарға жататын адамдарға 1600 әлеуметтік жұмыс орындары ашу;
-
8676 жаңа жұмыс орындарын ашу.
Бизнестің Жол картасы 2020 бағдарламасының аясында 1000 түлек жастар тәжірибесіне жолданады.
Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберінде төменгідей жұмыстар жүргізілуде:
Бағдарламаның 1-ші бағыты «Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу» бойынша 2012 жылы 3065 адамды оқытуға 1054,7 млн. теңге бөлінді. Оқу келесі түрлері бойынша жүргізіледі:
-
еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби даярлау -700 адам;
-
қайта даярлау -160 адам;
-
кадрлардың біліктілігін арттыру - 70 адам.
Осымен қоса, 2009-2010 жылдардағы Жол картасы бойынша 1435 адам, Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасына бойынша 2011 жылы қабылданған 700 адам биыл оқуын жалғастыруда.
Бағдарламаның «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» 2-ші бағыты бойынша облысқа кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курстарына 69,3 млн. теңге, 1303 адамға несие беру үшін 1303,0 млн. теңге қаражат жоспарланды.
Бұл жоспарланған іс-шаралар мен жұмыстардың қарқынды және дұрыс ұйымдастырылуы тұтастай ел бойынша экономиканың оң бағытта дамып, жұмыссыздар санының кемуіне және ел тұрғындарының жоғары белсенділігіне алып келері сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |