Елбасы жолдауындағы білім беру мәселесі



Дата12.07.2016
өлшемі87.43 Kb.
#195517
Жылқышыбаева Қ.Қ.

Қазмемқызпу

Тарих кафедрасының доценті
ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕСІ
Жaстарға білім беру саясаты бойынша Қазақстандық университеттер қазіргі кезде аса жауапты кезеңді бастарынан кешуде. Біздің елімізде білім беру жүйесін реформалау мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды. Өйткені, білім беру саясатымыздың ұлттық басымдықтарының бірі болып есептеледі.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қазақ халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсаттарын негізге ала отырып, басты міндеттер жоспарланды. 1997 жылы ҚР-ның Президенті Н.Назарбаев ұсынған “Қазақстан -2030” даму стратегиясында Елбасы 33 жылға бағытталған құжатта әлемдік тәжірибені ой елегінен өткізіп, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы мен тағдырын ескере отырып, оның геосаяси, территориялық, демографиялық ерекшеліктерін назардан тыс қалдырмай, ұзақ мерзімді басымдылықтарды анықтады, таяу болашақта алатын межелерді белгіледі.

Елбасы келешекте 2030 жылдың азаматтары мемлекеттің өздерінің құқықтарын қорғайтынына және мүдделерін биік ұстайтынына сенімді болды. Осы уақытта Қазақстан - ауасы таза, мөлдір сулы, жасыл желекті елге айналуға тиіс. Біздің еліміз болашақта Еуразияның орталығы бола отырып, жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтың – Қытайдың, Ресейдің және Мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады. Біздің алға қарай тұрақты жылжуымыздың басты шарты - біздің қоғамымыздың алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудегі біртұтастығы, халықтың барлық жіктерімен топтарының ортақ міндеттерді шешуге бағытталған стратегия айналасында топтасуы. Егер біз қоғам мен халықтың түрлі топтарының қажеттіліктерін дұрыс ескертуге, басымдылықтарды дәл айқындап олардың іске асырылуын қамтамасыз етуге қабілетті болсақ, онда бұл ақиқатқа айналады.

Президенттің Қазақстан халқына ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы бұдан кейінгі жыл сайынғы Жолдауы ұзақ мерізімді стратегияның іске асырылуына берілетін бағаны қамтиды, сондай-ақ алдағы жылға арналған нақты міндеттерді айқындайтын болады/1/.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекетіміздің құқықтық іргетасын қалыптастыру, ішкі және сыртқы дербес саясатымызды белгілеу, халықаралық қоғамдастықтағы орнын айқындау, нарықтық экономикалық қатынастарды дамыту міндеттері алға қойылған болатын. Осындай ауқымды міндеттерді іске асыруда мамандар тапшылығы сезілмей қалған жоқ. “Ел боламын десең – бесігіңді түзе” дейді халық даналығы. Елімізге әр саланы терең білетін, осы заманғы біліммен қаруланған, көкейінде отаншылдық рухы маздаған, уақыт талабына сай білімді мамандар қажет болды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5-ші қарашада “Болашақ” халықаралық степендиясын тағайындау туралы жарлыққа қол қоюы осы талап үндесінен туындады. Бұл құжат дарынды, үздік оқитын жастарға шетелдердегі алдыңғы қатардағы жоғарғы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік береді. Тәуелсіздік таңы жаңадан атып, экономикасы енді ғана аяқтана бастаған ел үшін, әсіресе, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында бұл батыл шешім болды. Жастарын шетелдерде оқыту туралы арнайы бағдарлама қабылданған қазақстандық тәжірибені кейіннен әлемдегі бірқатар елдер де пайдалана бастады. Жыл сайын осы бағдарлама бойынша 3000 студент шетелдерде білім алады. “Болашақ” стипендиаты тек бір өзі ғана жалғыз маман болып қалмай, алған білімінің елімізде қанат жаюына ат салысатын, білгенімен бөлісуге және үйретуге, әріптестеріне қол ұшын беруге асығатын азамат болғаны жөн. “Болашақ” бойынша білім алған әрбір жас ел сенімін ақтауға ұмтылғаны абзал. Қазіргі кезде “Болашақ” бағдарламасы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға қызығушылық танытқан әлеуметтік жағынан әртүрлі отбасының балаларына жол ашып отыр. Сондай-ақ жетім балалар да осы бағдарлама бойынша білім алуда. Қоғамның әрбір талантты азаматы үшін өзінің талабына сай білім алуға құқығы бар. Мемлекет басшысы 2008 жылы “Болашақ” бағдарламасымен оқыған жастардың форумында сөйлеген сөзінде “Интелектуалды ұлт-2020 ұлттық жобасы туралы идеяны ұсынып, жас ұрпақты бәсекелестікке бейім етіп тәрбиелеу,білім сапасын арттыру мәселесін көтерді.“Интелектуалды ұлт – 2020” жасампаз идеясы жас ұрпаққа Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына жеткізудің үлкен сенім артылатынын атап өтті. Қазақстан соңғы 15 жыл бойы ұдайы жоғары қарқынмен дамып келеді. Сол себепті болашақтағы басты міндет қол жеткен экономикалық даму жетісіктерін төмендетіп алмау болмақ/2/.

Білім беру жүйесінде жүргізіліп отырған реформалардың бір өзекті саласы – тіл мәселесі болуы орынды. Туған тіліміздің өрісін кеңейтіп, өресін биіктететін аса пәрменді тетіктердің бірі - қазақ тілінде білім беретін ұйымдардың көбеюі болмақ. Соңғы 10 жылда қазақ тілінде тәрбие беретін ұйымдар қатары 3000 ұйымға тартты.

Білімнің қоғам мен мемлекет үшін құндылығын ескере отырып, халықаралық стандартқа сай келтіру мақсатында оны реформалаудың қажеттілігін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Білімді дамыта алмаған мемлекет, XXI ғасырда дағдарысқа ұшырайды. Бәріде мектептен басталады» -,деп баса айтқан болатын.

2009 жылдың 6 наурызында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халықтарына кезекті «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» Жолдауымен баяндама жасады. Бұл Жолдау – тарихи, ол болашаққа жол ашады. Жолдау тек қана ресми баяндама емес, ойластырылған, стратегиялық болжау мен жоспарлауға негізделген, жеке алып қарағанда Қазақстанға әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың әсерін жұмсартуға мүмкіндік беретін іс-әрекеттер жоспары іспеттес құжат екендігі айдан анық.

2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Жаңа он жылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүміндіктері” деп аталатын жолдауының сыры да, сипаты да бөлек. Бұл құжат жолдау ғана емес, еліміздің жаңа онжылдыққа арналған стратегиялық бағдарламасы іспетті.

Біз 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында айқындалған мақсаттарды жүзеге асыра отырып, тәуелсіздігі бекем, экономикасы өркендеген, саяси тұрақтылығы орныққан Қазақстанды құру туралы миссиямызды табысты орындап шығамыз, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Біздің жетістіктерімізді мойындай келе, БҰҰ 2009 жылғы өз Баяндамасында Қазақстанды адам капиталының деңгейі жоғары елдер санатына қосты. Бұл – біздің арта түскен әл-ауқатымыздың даусыз куәсі! – деп атап өтті Президент/3/.

Президент Стратегиясында, шешімі жақын келешекте жүзеге асырылуға тиісті аса маңызды міндеттердің қатарына білім беру мәселесі жатқызылып отыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы, дамыған елдерінің тәжірбиесі көрсетіп отырғандай, тұрғындардың әлеуметтік хал-ахуалы негізінен олардың білім деңгейіне тікелей байланысты. Жиі жазылып көп айтылатын Азияның «жас жолбарыстары » өздерінің қазіргідей даму деңгейіне осы білім жүйесін үнемі басты назарда ұстап, жетілдіріп отыру арқылы көтеріліп отыр.

Ел тарихында үрдіс болып қалыптасқан Елбасының жыл сайынғы халыққа жолдауы біз – жастар үшінде үлкен маңызға ие. Дүние жүзін жаhандық дағдарыс еңсіретіп жатқанда, егеменді еліміз еңсесін биік ұстап, даму стратегиясын жүзеге асыруда. Соның бір айқын дәлелі ретінде Жоғарғы Оқу орындарында ақылы топта үздік оқитын студенттердің грантқа ауысуын атап айтуға болады. Қаржылық тапшылыққа қарамастан, еліміздің мыңдаған студенттері жоғары білімдерін жалғастыруға, дипломдарын қолдарына алған жас мамандар жұмысқа тұруға мүмкіндік алуда. Жоғары педагогикалық білімі бар жас мамандар үшін Елбасымыз арнайы «Дипломмен – ауылға» атты бағдарламасы оңды нәтижелерге қол жетекізілуде. Ауылға келген жас мамандарды қолдау үшін 90 мың 720 теңге әлеуметтік көмек берілді.

Президенттің 2011 жылғы 28 қаңтардағы Жарлығында: 2011 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» ұранымен өткізілсін деп айтылған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылы 28 қаңтарында халыққа Жолдауында осыған орай Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы деп жарияланды. «Тәуелсіздік жылдары «Қазақстандық жолдың» базалық құндылықтары, бостандықтың, ерлік пен тұрақтылықтың өркендеудің жолдары қалыптасты»/4/ - деді.

Президенттің 2011 жылғы Жолдауында білім және ғылым саласын дамытуда мемлекет тарапынан ауқымды шаралардың жүзеге асырылып жатқаны атап көрсетілді. Ғылым мен білімді ерекше дамыту ТМД мемлекеттері арасында біздің елімізде ғана мүмкін болып отыр. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында өмірдің барлық салаларын қамти келе, «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Бүгінде мектептерді компьютерлендіру толықтай аяқталды. «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс. Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз. Бүгінде дамыған елдерде 1 миллион тұрғынға 1-ден 6 жоғары оқу орнына дейін келеді. Қазақстанда барлығы 149 жоғары оқу орны бар. 200 ғылыми кеңестер кандидаттар мен докторларды қалыптан құйғандай етіп жасап шығарып жатыр. 60 кандидаттың 1-і және 37 доктордың 1-і ғана ғылымға барады. Осы жылдан бастап ол кеңестердің жұмыстары тоқтатылады. Бұдан былай магистрлар мен РҺD докторлар дайындалатын болады. Біз университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бүгінде жаңа «Назарбаев университеті» арқауында нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда. Ол барлық қазақстандық ЖОО-лар үшін үлгі болуы керек. Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде ашылып жатқан 20 зияткерлік мектептер дарынды балаларды үздік ЖОО-лар үшін дайындаудың негізгі арқауына айналатын болады.

2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50 пайызы электронды оқытуды пайдаланып, 2020 жылға қарай оның саны 90 пайызға дейін артады.

2020 жылға қарай халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық аккредитациялаудан өткен ЖОО-лар үлесі 30 пайызды құрайтын болады.

Инновациялық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізетін ЖОО-лардың үлесі 5 пайызға дейін артады.

Кемінде 2 жоғары оқу орны үздік әлемдік университеттер рейтингінде аталатын болады.

Сапалы білім беру Қазақстанның индустриаландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс» деп атап көрсетті/5/.


Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Жолдауында: «Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің  негізгі бағдарларын атап көрсете отырып «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту; инженерлік білім беру жүйесін дамыту; білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту; білім беру  әдістемелерін жаңғырту; инновациялық зерттеулерді дамытудың жолдарын» белгіледі./6/.


  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 27 қаңтарда Парламент қос палатасының жалпы отырысында «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдау жасады. Онда: «Білім беру жүйесіне жаңа технологиялық, әдіс-тәсілдерді енгізе отырып, педагогикалық кадрлар әлеуетінің біліктілігін арттыру қажет»-, деп атап көрсетті/7/.

Елбасының 2014 жылғы 14 қаңтардағы «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы бойынша Президенттің жалпыұлттық идеясы - болашақ табыстардың негізі екені баса айтылды. Ал ең бастысы - еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жарияланды. «Мәңгілік ел» идеясы - елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея. Осының барлығы дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Елбасының әр Жолдауы-толғауы терең қайталанбас дүние. Биылғы Жолдау да Президентіміздің өзіндік стиліне сәйкес көптеген ерекшеліктерімен ел есінде қалады деген сенімдемін.

Білім-барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады. Осыны ескере отырып Елбасы Н. Назарбаев өз Жолдауында Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесін әрі қарай дамыту, жетілдіру жоспарын құрып, көптеген мақсаттарда көздеп отыр. Олар: инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамыту, оқыту әдістемелерін жаңғырту, елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту. Бүгінгі ұрпақ білімді болса, ел ертеңі жарқын болмақ.

Елбасы Жолдауында білім саласы қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойды. «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс», деп атап көрсетті/8/.

Осыған орай, үлкен жауапкершілік жүктеліп отырған ЖОО-на профессор-оқытушылар құрамына жаңашылдықпен жұмыс жасап, білім сапасын арттыру керек. Сол мақсатта университетіміздің Тарих кафедрасы жан-жақты тынбай еңбектеніп, өз үлестерін қосуда.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. ҚР 2030 Даму стратегиясы // 1997 ж. Алматы.

  2. Болашақ // маусым, 2009 ж. №12, 12 б

  3. www.google.kz

  4. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 28 қаңтардағы Жарлығы// Алматы ақшамы, 30 қаңтар, 2011 жыл.

  5. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы// Алматы ақшамы.№11(4413), 1 ақпан, 2011 жыл.

  6. «www.bnews.kz».

  7. «www.bnews.kz».

  8. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы//Егемен Қазақстан. 2014 жыл, 15 қаңтар.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет