Әлемдегі мәдени-рухани жәдігерлер алмасудың қалыптасқан үрдістері бар. Бұл үлгінің ғасырлар бойы бір елдің құнттылығы мен тиянақтылығы арқылы екінші жұрт тарихына тигізетін пайдасы зор



Дата09.06.2016
өлшемі334.57 Kb.
#124157
Егемен. Сұхбат.

«ЕКІ ТУЫП БІР ҚАЛҒАНЫНДАЙ БАУЫР БАСТЫМ...»


Әлемдегі мәдени-рухани жәдігерлер алмасудың қалыптасқан үрдістері бар. Бұл үлгінің ғасырлар бойы бір елдің құнттылығы мен тиянақтылығы арқылы екінші жұрт тарихына тигізетін пайдасы зор. Сұхбатымыздың беташарында осы жағдаятты танымдық тұрғыдан нақты-нақты мысалдармен айтып өтсеңіз.

– Қазіргі өркениет тарихы тұрғысынан алсақ, бүгінгі жетекші мемлекеттердің экономикалық дамуы мен рухани үстемдігінің кепілі, туристік саяхаттың «алтын жылғасы» болып отырған «мәдени-рухани жәдігер алмасудың қалыптасқан» үрдісі тарихи трагедияға толы. Әлмисақтан бергі ықылымда Дарий патшаның Құдыстағы қасиетті асыл тас пен құдайы аса таяқты (тақ деп те айтылады) Бабыл империясының қазына сарайына алып келгенінен басталған «үрдіс» Александриядағы миллиондаған жәдігерлер мен жазбалардың музейумға жинақталуына, үндістер мен перғауындар өркениетінің ғажайып ескерткіштерінің тоналуы мен талан-таражға ұшырауына жалғасты. Ондай «мәдени үрдістен» біздің даламыз да ұмыт қалмады, «Қозы көрпеш – Баян сұлудың» ескерткіштері мен алтын құймалары империя мұрағаттарының еншісіне айналды. Өзгені былай қойғанда, есепке тіркелген 42 мыңнан астам дала жазба ескерткіштерінің 40 мыңға жуығы өзінің табиғи әрі тарихи отанында емес. Негізінен Германия, Франция, Ресей, Англия мемлекеттерінде. Ал Қияқтыдағы (Ресей) ішкеріге жетпей, бір жарым ғасырдан бері үйіліп жатқан көне түркі ескерткіштерінің тағдыры жаныңды жаралайды. Қазір бұл тарихи мұралар кезіндегі отарлаушы елдердің табыс көзінің тең жартысынан астамын құрайды. Саяхатшылар мен ғалымдар, соның ішінде қытай зиялылары да өзінің тарихи мұралары мен жазбаларын сол елге барып зерттеуге мәжбүр.

Мұны айтып отырған себебім, бізге көне мұралардың қазынасындай көрінген қытай жұрты, өзінің тарихи мұраларының қолды болуы жағынан Мысыр мен үндістерден кейінгі алдыңғы қатарды алады. «Апиын соғысы», «сегіз мемлекеттің жаугерлігі», «гоминдаң» тұсында жердің бетіндегі өркениет белгісі мен тарихи жазбалар, мемлекеттік архивтер түбірімен қолды болды. Бейжіңдегі әйгілі еуразиялық көне өркениеттің асқан үлгісі, «Галикарнас аспалы көпірімен» теңдестіре бағаланған «Юань миң юань» патша бақшасындағы алтын жалатқан қабырғалар мен өрнектер 1860 жылы жұрнағымен қоса қырналып әкетілді. Эмиль Золя мұны «шығыс өркениетінің бата оқыры» деп атады. Сонымен қоса мұра хаттар, көне қолжазбалар мен кітаптар, тарихи ескерткіштер тұтастай шетелге «көшірілді». Қазіргі жарияланып жатқан көне мұралардың дені шет елде жиырмасыншы-елуінші жылдары жарияланған жәдігерлер. Соның ішінде, түркі халықтарының тарихы мен тағдырына тікелей қатысты Дунхуандағы керіштен ойылған таңғажайып мінәжатханадағы көне түркі, қытай, тибет, санскрит, соғда сияқты 17 тілде жазылған (соның ішінде хұдам бітік, яғни, түркі әрпімен жазылғаны 10 мың, қытайдың таңба жазуымен жазылған 58 мың орам) жазба мұраларды 1907 жылы Уаң даушы деген тақуа тегі мадьяр Стейнге сатып жіберді. Ол бұл қолжазбаларды 60 сандыққа салып, 36 түйеге артып, Еуропаға алып кетті. Оған Козлов сияқты Ресей атжалмандары араласып, Стайннен қалған қолжазбаларды атысып жүріп алып қашып, эрмитажға сатты. Қазіргі Санк-Петербургтағы Шығыстану институтындағы қолжазбалардың дені сондай талан-таражбен келген мұрағаттар. Осы күндері қытайдағы ең даулы мәселе: «Стейн мен Уаң даушы «мәдениет қарақшысы ма, жоқ өркениетті құтқарушы ма? Егер ол қолжазбалар үңгірдің таушасында тығулы күйінде жата берсе, не шіріп кетсе, табылған күннің өзінде мәдени төңкеріс тұсында жойылып кетер ме еді?» – деген сұрақтың жауабы. Жұбаныштысы, ол қолжазбалар Еуропаның табалдырығын аттасымен зерттеле бастады. Немістер мен француздар іргелі жетістіктерге жетті. Ең алғаш рет 1916 жылы Мюллер ғылыми хабарлама жасағаннан кейін барып түркітану ғылымының екінші бір тынысы ашылып, бұрынғы көне сирия қарпінің негізінде түзілген наймандардың «хұдам бітік» аталған сүйретпе жазуына «ұйғыр жазуы» деген жанама ат берілді. Сөйтіп, «мәдени алмасулар» барымта арқылы іске асты. Ең соңғы бөліс екінші дүниежүзілік соғыстың бас-аяғында жүргізілді. Біріккен Ұлттар ұйымы құрылған соң ғана заңды тұрғыдан реттеле бастады.

Ал бұл жылдары қытайдың ішкі қоғамының өзінде ұлт-азаттық қозғалыс басталып, теңіз ішінен толқып, бүкіл қытайдың басын біріктірудің кепілі – таңбалы әріпті жеңілдетіп өзгерту реформасы, жапон соғысы, гоминдаң мен гунсаңдан қозғалыстары қоғамды жанталастырды да, «мәдени-рухани алмасу» міндетін атқаруға мұршасы келмеді. Содан елуінші жылдары түркітану саласында да зерттеу үрдісі қолға алынып, ықылым замандағы жазбалар жинақталып, бетбұрысты лекпен басталған ғылыми ізденістерге «мәдени төңкеріс» жылдары тосқауыл қойылды. Ал біз бұл уақытта мәтіндік және түсіндірмелік тұрғыдан ескірген И.Бишуриннің тәржімаларын, не шетелдіктердің екінші, не үшінші көзқараспен пайымдалған құжаттары мен зерттеулерін пайдаланумен шектелдік. Л.Н.Гумилев те сол басылымға жүгінді. Сексеніші жылдары қайта қолға алынған түркі тарихына қатысты көне жазбалар, өкінішке орай, тек қана ұйғыр ұлтының мұрасы ретінде жариялана бастады. Бұл енді дербес тақырыптың арқауы. Таяу арада марқұм Гың Шымин оқымыстымен көзі тірісінде өткен екеуара пікір алысуды жариялау арқылы бұл мәселе жөнінде кеңірек пікір қозғағым келеді.

Міне, осы сексенінші жылдардан бастап қытайдың көне жазбалары ерекше қарқынмен және шөгел қолға алынды, шет елдегі жәдігерлердің көшірмелері шұғыл жинақталып, лекіте басылды. Көне мұрағаттардың түпнұсқаларының дені, немесе толық әрі жақсы сақталған нұсқалары шетелдің мұрағаттарында сақталғандықтан да, мұндай қарбалас басылымдар негізінен «қолы ұзын», зиялы «хуачияулардың» – эмигрант қытайлардың байланысы үзілмеген теңіз жағалауындағы Гонконг, Нәнжиң, Шанхай, Гуанжоу сияқты қалаларда өзара селбесе жарық көрді. Бұл үрдіс әлі де сақталып келеді. Сөйтіп, жетпісінші жылдардың соңына қарай, яғни, «барлық қақпа сыртқа қарай еркін ашылған соң», «мәдени алмасудың» негігі бағыты – сырттан ішке қарай жүргізілді. Аз жылдың ішінде шеттегі мұрағаттардың көшірмелері алынып, жинақталып, зерттелді. Әрине, көзқарас, идеология тұрғысынан екшеліп түсіндірілді. Сол қарқынмен аз ұлттар да өзінің тарихы қақындағы деректерге қол созды. Рухани игіліктер игеріліп, тарихи жәдігерлер тереңдетіле зерттеліп, өзге ұлттар мен ұлыстардың рухани сұраныстарын қанағаттандыра бастады. Қазір бұл бағыт кемелдене екпін алды. Соңғы отыз жылда ғана көне қытай жазбалары өзінің ресми нәтижесін беріп, «өзара алмасудың» құралына айналды. Мен бұл арада негізінен түркі жұрты мен қазақ халқының мүддесі қозғалған жәдігерлерге қатысты «тарихи үдерісті» басты назарға алып отырғаным түсінікті шығар деп ойлаймын. Ал жалпы қытайдың «мәдени алмасу үрдісіне» келетін болсақ, онда «теңізді түптен қозғауға» тура келеді. Оның ауқымы да, мақсаты да, даму бағыты да біздің қалыптасқан көзқарасымызға сиыспайды. «Бүкіл дүние бір әлем, қытай өзінше бір әлем» деген тіркес тура осы рухани мәдениеттің қатпарына қаратыла айтылған. Өзіне тартатын да, тартқан демін сыртқа шығармайтын құпиясы да осында. Жалпы, бұл үрдісті, қытай жұртын түсіну үшін, сенің өзіңнің, яғни, мақсат-мүддең, іс-әрекетің, сөйлеген сөзің, жандүниең ол халыққа түсінікті болуы керек. Қытай философиясы мен әдебиеті тарихынан түйген аздаған мағлұматым оларды «өзімсіп» түсінуге де және «түсінікті болуға» да жол ашты. Кілті мен көңілін таппасаң, бұл ұлттың құпиясын атом ядросының күшімен де жарып аша алмайсың.

Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін барлық ақпарат көздеріне есігі жабық болып келген көрші мемлекет Қытай... Бұл елден біз тарих, руханият, ғылым салалары бойынша нені іздеуге тиіспіз және одан егемендіктен кейінгі жиырма бір жыл ішінде нені алуға қол жеткіздік деп ойлаймыз?



– Алпысыншы-сексеніші жылдары қытай мемлекеті сыртқа ғана жабық мемлекет болып қалған жоқ, мемлекеттің өз ішінде де «жабық» саясат ұстанды. Қоғамдық ғылыммен емін-еркін айналыса алатындай мүмкіндік ешкімде болған жоқ. Мысалы, елуінші жылдары Орталық ұлттар институтында қазақ кафедрасын ашқан, сол жылдары «Майтри смит ном бітікті» көне түркі тілінен аударған ғұлама Гың шымин өзінің зерттеулерін сексенінші жылдары Германияда жалғастырып, жария етті. Ол жұмыс 2006 жылы ғана Бейжіңде басылып шықты. Архив, кітапхана сияқты мекемелердегі көне қолжазбалармен жұмыс істеудің өзі тәуекелдің ісі болатын. Демек, бұл жылдары екі елдің арасындағы тікелей байланыстың болмағаны түсінікті әрі өз республикамыздағы архивтердің өзіне шектеу қойған кеңес өкіметі қазақ тарихына қатысты екінші бір елдің мұрағаттарымен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін. Алпысыншы жылдарға дейін екі жақ та аса тату-тәтті, алпысыншы-сексенінші жылдары қырғиқабақ саясат ұстанғандықтан, ғылыми зерттулер де саясатқа бейімделді. Патшалық Ресейдің ғалым барлаушылары мен кеңестік «кеңесшілер» жинақтаған архив құжаттары қытайдың өзіне қарсы пайдаланылды. Қауіпсіздік комитетіндегі Шығыс Түркістан Ислам республикасының архиві де қарсы насихаттың құралына айналды. Сондықтан да мұны «жабық мемлекеттердің» «жабық мемлекетке» қарсы архивтік бопсасы деп те атауға болады. Мұның ішінде Қазақстанның мүддесін қорғайтын деректер мен құжаттар да болды. Олар екі жағдайда да Қазақстанға қарсы пайдаланылды. Менің бұл мәселелерді ашық айтып отырғаным, ғылыми іздестіру жұмыстарымен айналысып жүрген адамның пікірі ашық, түсінікті әрі әділ болуы қажет. Онсыз маған деген сенім жойылады, ал ешқандай көзқарас менің ғылыми ізденістерім мен педагокикалық жұмыстарыма күман тудырмауы тиіс. Сонымен қатар бұл саяси баға берілген ашық шындық, қытайлардың өздері айтқанындай, «тарихтың жабылған беттері».

Ал, «бұл елден біз тарих, руханият, ғылым салалары бойынша нені іздеуге тиіспіз» дегенге келетін болсақ, оны шартты түрде мынадай тақырыптарға жүйелеуге болады: бірінші және ең ділгір бағыт – біздің жыл қайыруымыздан бастап ХХ ғасырға дейінгі аралықтағы көне қытай таңба жазуымен жазылған, өздері «24 тарих» деп атайтын патшалар әулетінің жазба мұраларындағы хұн, сақ, түркі жұрттарына қатысты тарихи жәдігерлердегі әр түрлі жанрды қамтитын (жолжазба, хат, күнделік, елшілік рәсімі, қару-жарақ, жағырафия, соғыс майданы, алыс-берістер, ән-күй т.б. туралы) деректер. Біз, әзірше, Сыма сияньнің және Бань гудің ХІХ ғасырдағы орыс тәржімәсіндегі мағлұматтарын дерек көзі ретінде талдаумен шектеліп келеміз. Одан бері иероглифті оқудың жаңа әдісі мен тәсілдері жасалды, иероглиф пен мәтіннің мазмұндық астарына, тарихи оқиғаларға, «жат жұрттықтардың» атаулары мен қоныстарына, тектеріне түсініктер берілді. Бұл өте маңызды мәселе. Қоғамтану саласындағы кез-келген профессор оқи алмайтын, бір сызығы қате кетсе, мәтіннің бүкіл мазмұны асты-үстіне төңкеріліп түсетін ежелгі таңбалық қаріппен жазылған бұл тарихи жазбаларға толық түсінік берілген Сыма сиянның 12 томдық басылымын осы жолы сатып әкелдім. Енді соған сүйеніп жаңа тәржімалар жасауға болар деп ойлаймын. Бұдан өзге де әр патшалықтың әулеті тұсындағы түрлі тақырыптағы баянхаттар, мағлұматтар, сипаттамалар, мінездемелер, хаттар, жолсапарлар, жанама деректер жеткілікті. Әсіресе, Таң патшалығы мен түркі қағанаты тұсындағы жәдігерлер мен жазбалар, ескерткіштер, суреттер ерекше қадағалауды қажет етеді. Мен осы сапарда бір кездері Бумын мен Тоныкөктер іргесін ажыратқан тұстағы Таң патшалығының астанасы, қытайдың ұлы қорғаны басталатын көне Шиань қаласындағы Таң Тайзұң мен қатын патша Узы тянның бір шоқыны түгел алып жатқан зиярат кешенінің алдында олар өлгенде көңіл айта келген шетел елшілерінің түр-түсі, бойы, киімі айнытпай қашалған, олардың кім және қай елден келгені туралы мағлұматтары жауырыдарының ортасына ойылып жазылған жетпіске тарта мүсін қаз-қатар қойылған. Өкінішке орай ескерткіштің бастары мен жазулары қасақана жойылған (біреулер түркілердің, білеулер мәдени төңкерістің тұсында деп айтады). Солардың арасынан тура сіз бен біздің бала жасымыздан көріп, ұстап, белге тағып өскен кісе тағынған мүсінді көргенде таң қалдым. Оқшантайы, кездігі, ойық баспасы, өрнегі, ілгешегі, белдікбасы біздің мұражайлардағы кісемен баспа-бас дәл келеді. Әрине, жазуы өшкен (№1 cурет). Таң әулетінің өзі түркі қағандарымен кіндіктес Ли әулетінен шыққанын және тарихшы Тұрсынхан Қайыркенұлының монграфиясына арқау болған, бұрын ғылыми айналымға түспеген 6 көне түркі жазба ескерткішінің осы Шианьнан табылғанын ескерсек, сонымен қатар ондағы тарихи ескерткіштердің әлі де арнайы қоймада «сүрленіп» тұрғанын қаперге алсақ, тек осы Таң дәуірінің өзінен түкілерге қатысты қаншама тарихи әфсаналарды табуға болатынын елестетудің өзі ғанибет. Менің ойымша осынау көне астана – көшпелілер, оның ішінде түркі әлемін таң қалдыратын құпияларды бауырына сондай сабырлы паңдықпен басып жатқаны еш күмәнсіз. Ұлы жаңалықты күтсек осы Шианьнан күтуіміз керек.

Оған осыдан 6 жыл бұрын барған сапарымда сұхбаттасқан, ХХ ғасырдағы ұлы археологиялық жаңалық – осы Шианьдағы Ши хуанди патшаның (б.д.б. ІІ ғасыр) қазасына орай көмілген жер астындағы он мың атты әскердің ескерткішін ашқан дихан Яң жы фа қарияның олжасына жалғасты таңғажайыптардың бір парасын ашуға қытай ғалымдары қазір де дайын, тек әлдебір сәт сағатын күтіп отырған сыңайы бар. Соның ішінде көшпелілерге, оның ішінде түркі дүниесіне қатысты ескерткіштер мен жәдігерлердің үш тоғыз боп кездесетініне еш күмәнім жоқ. Бұл бағытта Жақып Мырзахан ағамыз бастатқан зиялы қауым құрастырып, аударған «Жұңго (Қытай) тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты көп томдық жинақты ерекше атап өту қажет. Жинақтың Қазақстандағы басылымы үшты-күйлі хал кешті. Бұл басылымның жалпы қазақ оқырманына ұғымды болуы үшін ондағы дәуірлік кезеңдер мен тарихи оқиғаларға, ұлттар мен ұлыстың, адам мен жердің аттарына, лауазым мен әскери атақтарға аса кең ауқымдағы ғылыми түсінктемелер мен сілтемелер жасап барып жариялаған жөн болар еді. Өйткені, сол деректерден аздап хабары бар біздің өзіміз екі жүзге тарта қолбасылық (генералдық) атақты санап шыққаннан кейін, одан әрі мағына іздеп қазбалаудан бас тарттық. Жалпы алғанда, осы ежелгі кезеңдер туралы бауырластарымыз жариялаған деректерді бір ізге түсіре отырып Қазақстанда көп томдық басылым етіп жарияласа, көне деректерге деген кепкен ындымыздың сусыны бір қанып қалар еді. Әзірше, көне қытай жазбаларындағы түркі тарихы мен руханиятына қатысты жарияланған еңбектердің қатарына «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында дайындалған «Көне қытай деректеріндегі түркілік әдеби үлгілер (б.д.д. Х ғ. бастап ХІХ ғ. дейін)» атты бір томдық өлеңдер жинағын, Тұрсынхан Зәкенұлының «Тастағы тарих: көне түркі ұстындарының қытайша мәтіндері», «Майтри смит ном бітік» (екі том), «Арыстан хан», Бидайық хан», «Мұзбұршақ хан» атты еңбектерді жатқызуға болады. Мысалы:

Ойқастап оңды-солды бастым қамшы,

Сорғалап тебінгіден ақты тамшы.

Семсердей болмаса да өткір жүзі,

Үш құлаш өрімінің ұзындығы.

Дойырды жібергенде бір үйіріп,

Түменді бір кісідей тұрды иіріп, –



деген Баян ақынның (ХІІІ ғ.) өлеңін қазақтан басқа қай ұлтқа телуге болады. Оның үстіне әр ақынның шыққан тегі қаңлы, қыпшақ, керей, найман, қарлық деп көрсетіліп тұр. Орта ғасырдан бұрынғы тегі түркі математиктер мен астрономдар, қисыншылар туралы профессор Әмір Жалбағайдың монграфиясы тағы бар. Менің пайымдауымша бұл парадағы негізгі жаңалықтар алдағы уақыттың еншісіне тиесілі.

Екінші үлкен бағыт – монғол империясы тұсындағы жазбаларды қамтиды. Біз қазір жалпыға белгілі «Монғолдың құпия шежіресі» сияқты жазбаларды тәпсірлеумен шектеліп жүрміз. Сыртқы және ішкі Монғолиядағы ғалымдармен пікір алысып, кейбір тарихи жазбалардың мазмұнымен танысып, Хохоттағы (Көкот) Монғолтану ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі, ғылым докторы, профессор Жырғалдың (Жырғал, жырық – өжет, батыр деген сөз екен. Демек, «Қабанбай батыр» дастанындағы Әтеке жырық – Әтеке батыр): «Түркі сөзін білмей монғол жазбаларын түсіну мүмкін емес екен. Соны аңғарғанда ғана барып еңбегіміз алға жылжыды», – деген пікірін естігенде бұл саладан біз мүлдем беймақұрым екенімізді мойындауға тура келді. Профессор Жырғал «Түрк-монғол тілінің байланысы», «Түрк-монғол тіліндегі түбірлес сөздер», «Манжур-монғол бұтағындағы монғол, дағұр, тужут т.б. тілдердің салыстырмалы сөздігі» атты зерттеулердің авторы. Олар Қазақстанмен байланысқа аса құштар. Үкіметтің дөңгелек мөрлі таңбасы болса – өзіміздің қаражатымызбен барар едік десті. Орындалуға болатын тілек. Ғұн заманындағы тілдік қолданысты тарихи тұрғыдан зерттеуді қолға алыпты. Ішкі Монғолияның солтүстігінде қоңырат, найман, керей, меркіт, уақ тайпалары бар. Ал Көкот – Шыңғыс ханның күйеу баласы Алақұстың астанасы. Ол туралы Гай Шань-Линнің «Оңғұттар туралы зерттеуі» (ауд. Қ.Ынтыханұлы) ғылыми орталықтың дайындауымен «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Домбыра – арху, қобыз – қобыз деп аталады. «Ақсақ құлан» күйінің сарыны сақталған «Жетім бота» атты күй де бар екен. Көне жазбадағы «тағ», «күндік», «түндік», керегу – кереге, көк – Көк, көк – от, яғни, жасыл шөпті жер, көк – аспан, Көк – Тәңір деген сөздерді монғолша аударыпты, ал оны қазақшалаудың еш қажеті жоқ. Сол сапардан кейінгі ғылыми салыстыру жұмыстарының нәтижесінде – біз өзіміздің тарихымыздың тамырын монғол, мәнжу, шүршіт ұлттарының тарихымен салыстыра зерттемесек, батыстық көзқарас пен деректерге бойсынған жай ғана түркі деген сөзбен ешқашанда тектік нысанымызды таба алмайтынымызға анық көзім жетті. Онсыз Шалкиіз, Мұрын, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім айтқан «жеті жұртты» таба алмаймыз. Гың Шымин ғұламаның: «Қазақ ғалымдары мүмкіндік туған орайды шұғыл пайдаланып, көне түркі мұраларына иеліктеріңді зерттеп алмасаңдар, одан айырылып қалу кезеңінде тұрсыңдар. Сол пікірімнен ұзақ жылдар бойы таймаған менің өзімді саясатпен тұқыртып тастады, тіпті шәкірттерімнің өзі сынға ала бастады. Неге сонша марғаусыңдар. Тектеріңді батыстан емес, шығыстан іздеңдер. Тектік қағандықтарыңды еске алыңдар. Мұсылманды қабылдағаннан кейін түпкі тамырларыңнан беттеріңді бұрып әкеттіңдер. Сенім өз алдына, ал тектік тарих бір басқа. Менің осы сөзімді жеткізіңдерші», – деген сөзіндегі терең астар, ойлантарлық пікір соны аңғартса керек. Киіз үй, оның есігін шығысқа қаратып тігу, шаңырақты пен табалдырықты құрметтеу, ақ сарбас қой мен ақ боз атты құрбандыққа шалып баталасу (ант беру), «қарға тамырлы туыс (қазақ)» деген ұғымдардың төркіні ҮІІІ-ІХ ғасырдағы мәнжу ұлтының тәмсілдерінде кездеседі. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында дайындалған ҮІІ-Х ғасырлардағы оқиғаларды қамтитын, әйгілі манасшы Жүсіп Мамай жырлаған «Арыстан хан», «Бидайық хан», «Мұзбұршақ хан» дастандарында мәнжу, монғол, түркі жұртының іліктес сарыны да соны танытады. Реті келгенде айта кетейін, осы жолы Нұрбақан сияқты білімі текті ғалымның селбесуімен (Пекиндегі, Ләнжудегі тибеттану орталықтарынан табылмаған) тибеттің қырық томнан астам «Гэсэр» эпосының «Жасақты қару асынған түрктер» (ғылыми атауы «Түркі мемлекетінің қару-жарақтары») атты мың беттік бір томының қолжазбасының көшірмесін алып келдік. Міне, осы дастаннан ежелгі түркілердің тамыры табылып қалатынына іштей сенімім бар.

Осыдан келіп, қытай мұрағаттарындағы түркі, соның ішінде қазақ руханиятына қатысты фольклорлық, эпостық, әфсаналық, діни (буддалық) рауаяттық қолжазбаларды іздестіру, жинақтау, көшірмелерін алу, аудару бағытының міндет, мақсаттары келіп туындайды. Дүние жүзінің назарын аударған хұдам бітік жазуындағы «Алтын жарық (яруқ)» сияқты көлемді рауаяттар мен мінәжаттар, дастандар, жырлар, сөздіктер қазақ әдебиеттанушылары мен тілшілерінің ықыласын оята қойған жоқ. Ғұбайдолла Айдаров марқұм жариялаған «Тариат» пен өткен жылы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында көне түркі жазуынан тікелей аударылған (ауд.Е.Сыламханұлы) «Майтр смит ном бітік» уағызнамасының екі томдық басылымы ғана көңілге қанағат ұялатады. Түркітануды Анадолы түріктерінің тілін оқытумен алмастырып жүрген жоғары оқу орындарындағы түркология кафедраларының назарын осыған аударғым келеді. Яғни, біз мәнжу, монғол, шүршіт, тибет ауыз әдебиеті мен дастандарын салыстыра зерттемей, бұл салада белгілі бір түбірлі нәтижеге жетуіміз неғайбыл. Мұндай мысалдарды көптеп келтірсек, әңгіме арқауы ұзарып кетер.

Төртінші бағыт – қазақ хандығы құрылғаннан бастап, яғни, Қасым хан мен Жәнібек ханның Шығыс Түркістандағы Моғол империясына арқа сүйегенінен бастап, жоңғар шапқыншылығының шығу себептерінен және оның барысынан, ең ақырында мәнжу империясының Шығыс Түркістанды толық отарлауымен аяқталатын тарихи жағдайлардан хабар беретін, яғни, Клара Хафизованың «Орталық Азиядағы қытай дипломатиясы. ХІҮ – ХІХ ғасырлар)» атты монографиясында межеленген мерзімдегі мұрағат жәдігерлері. Бұл кезең кеңес тұсында да, тәуелсіздік кезеңінде де тарихшылар тарапынан ерекше назарға ие болды. Соның ішінде К.Хафизованың ұзақ жылдардағы ізденісі нәтижелі аяқталды. Бір өкініштісі, ішінара іріктеліп жарияланған түпнұсқалық деректер өзі жазылған қолжазбалық негізде емес, орыс тіліне аударылып басылды. Мысалы, Абылай хан мәнжу императорына орыс тілінде хат жолдамағаны анық. Қытайдың №1 бас мұрағаты Гугыңда «Батыс өңіріне қатысты», соның ішінде қазақ тарихын да қамтитын он төрт томдық катологтар жинағы жарық көрді (басылым әлі аяқталған жоқ). Мұндағы көрсетілген құжаттарды «сөйлететін» болса, жиырма томға жуық материал шығар еді. Мен «Орта жүздегі найман елінің бәйжігіт тайпасының биі, Қабанбай батырдың інісі Дәулетбайдың императорға жолдаған» қазақ және мәнжу тіліндегі хатын оқыдым. Ал бұрын Алматыда қазақ тілін үйреніп қайтқан Токио университетінің докторанты (атын ұмыттым) «Қазақ хандығының тарихы» атты тақырыпта зерттеу жүргізіп отырғанын өз көзіммен көрдім. Менімен қазақ тілінде сөйлесті, шағатай, мәнжу, қытай тіліндегі орамдарды салыстыра оқып отыр. Ал бізде бұл мекеменің есігін тек Бақыт Еженхан ғана ашыпты. Осы жолы Ұлттар университетінің сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан «Іле губернаторының ордаға жолдаған мәліметтері мен хаттарының» 38 томдық қолжазбасы көзге түсті. Шәкірттерімнің көмегімен ондағы Қазақстан мен қазақтарға, шекара маңындағы оқиғаларға, қазақ арасындағы ашаршылықтарға, шекара бөлісіне қатысты деректердің көшірмесін алдым. Ал мұндай жанама деректер қаншама десеңші.

Соңғы әрі қолжазбалардың қолға түсуі өте қиын бағыттың бірі – ХХ ғасырдағы Қазақстанға қатысты дипломатиялық, қоғамдық, саяси, экономикалық, әскери байланыстарды қамтитын мұрағат жәдігерлері. Оның себептері өте көп. Сондай-ақ, бұл құжаттардың екінші легі Ресейдің мемлекеттік мекемелерінде сақталғаны да айқын. Бұл мұрағаттардың жүйеленуі де, жариялануы да келер ғасырдың еншісіне тиетін шығар. Ал ең басты міндет, осыншама кең кеңістікті, әр саланы қамтитын жәдігерлерді жүйелеу, талдау, сыпаттама беру, аудару, түсінік жазу, жариялау. Ол үшін сол саланың иероглифтерін меңгерген маман дайындау қажет. Міне, біздің осы бастан ойланатын мәселеміз осы. Қазір Қазақстанда Б.Еженхан, Н.Мұхаметханұлы, Т.Зәкенұлы (Қайыркен), Ж.Ошан, С.Сұңғатай, И.Нұрахмет сияқты қалыптасқан, Қ.Ынтыхан, Е.Сыламхан іспетті тұяқбасар деректанушы ғалымдардың легі бой түзеп келеді. Әдебиет, тіл, өнер саласындағы мамандар тіпті шоғырлы. Осы лектің зерттеу бағыттарын, мүдделерін тоғыстырып, үйлестіріп, мектеп деңгейіне көтеруге шығыстану институтында толық мүмкіндік бар. Қытайтанушы ғалымдардың қауымдастығы құрылып, зерттеу бағыттарын анықтап, мақсатты түрде шұғыладанса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, тарихи деректерді іздестіріп, жинақтап, аудару өз алдына, қытай иерглифтерінің ортақ оқылымын, терминдерді қалыптастырудың әрі оны ортақтастырудың өзі қияметтік іс. Шетелдік ғылым жетістіктерді игеруге қомақты қаржы бөлініп жатқаны шындық. Ал қытай сияқты тікелей мемлекеттік, өнеркәсіптік, ғылыми тұрғыдан тығыз және шешуші байланысты қажет ететін, бұрынғыдай Ресей арқылы емес, тікелей мұхит арқылы әлемдік өркениетке жол ашатын мүдделер мен мүмкіндіктер империясының тілдік дәстүрімен жан-жақты және тұжырымдық деңгейде айналысатын кез жетті. Бұл – Жаңазеландияда, Норвегияда, Канада да, тіпті Франция мен Финляндияда білімін жетілдіріп жатқан шәкірттерден көрі қызығын «қалың елі қазағы» қапталдаса көретін пайдасы зор бағыт.



Сіздің өткен жылдың соңындағы ҚХР астанасы Бежіңге барған төрт айлық іссапарыңызда қандай мақсат алдыға қойылып, қандай істерді жүзеге асыру көзделген еді?

– Ол сапардың міндеті түпкілікті аяқталған жоқ. Мамыр-шілде айларында жалғасын таппақ. Осыдан алты жыл бұрын Бейжіңдегі Мемлекеттік Ұлттар университетінің қазақ тіл, әдебиеті факультетінің шәкірттеріне «шетелден шақырылға тұңғыш профессор» ретінде алты ай дәріс бергем. Ол кездегі өренжілердің барлығы оқуын тәмәмдап кетті. Мен оқыған: қазақ әдебиетінің тарихы, қазіргі қазақ әдебиеті, салыстырмалы әдебиеттану, шығармашылық психологиясы, абайтану, әуезовтану сияқты пәндерді жаңа толқын шәкірттердің де тыңдағысы келсе керек. Сонымен қатар магистранттар мен докторанттардың да қарасы молайыпты. Көркем әдебиетті талдау барысында «Жұлдыз» журналында жиырма жылдай сын бөлімінде істеген тәжірибем көмекке келді. Соның барлығы ескерілсе керек, бұл жолы мені бір жылға шақырды. Ондай кеңқолтық уақыт қайдан болсын. Дәрісті екі кезеңге бөліп оқуға келістік. Бұрынғы өренжілер мен қазіргі өренжілердің арасында заманауи ағымға бейімделген айырмашылықтар бар екен. Ілгеріде бірден әдебиет тарихы мен әдебиеттану, шығармашылық психологиясы мен абайтану мәселесіне тікелей кірісіп кеткем. Бұл жолы сәл орағыта сөйлеуге тура келді. Өйткені, шәкірттердің ішінде қытай мектебін бітірген, университетке келген соң ғана қазақ тілін үйренген түлектер де бар. Оның үстіне былтырдан бастап таза қытай шәкірттері қабылданыпты. Әдебиет тарихын былай қойғанда, қазақша төтенше жазудың өзін енді үйрене бастағандар. Дәріске жоғары курс өренжілері іріктеліп қатысқанымен де, алғашқы беташар дәрісте қатты қиналдым. Орыс тіл білімінің терминдеріне сүйеніп дәріс оқыған қазақстандық профессорлардың біразының лекциясын жатсынып тыңдапты. Сондықтан да, көркем танымның басы мифтен – әсіреәфсанадан, соның ішінде өзім қырық жыл бойы тамтұмдап дерек жиып, әлемдік әсіреәфсаналардағы үлгілерді салыстыра жүріп, жүйеге келтірген «өмір ағашы», «әлем ағашы», бәйтерек ұғымдарын салыстырмалы әдебиеттанудың әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, «Қазақ ертегілеріндегі әсіреәфсаналық (мифтік) көркем сана мен көркем ойлау жүйесі» деген арнайы дәріс өткіздім. Нәтижесі таңқаларлық болды. Әлгі «мингаухан» – қазақшасы кенже шәкірттердің жазбаша жұмыстарының өзін алдағы уақытта сабаққа мысал ретінде пайдалануды қарастырып жатырмын. Абайтануға да басқаша қырынан келдім. Оларға емтихан барысында еркін ойлап, пікірін еркін әрі дамыта жеткізу үшін, ал бұл әдебиеттанудағы, оның ішінде қытай оқу жүйесінде тәлім алған шәкірттер үшін ең басты «кілтипан», «Мықан ағашы» және «Күйесің, жүрек... сүйесің!» (абайтану дәрістері) атты екі оқулықты төте жазуға қотартып, ғылыми кеңеске бекіткен соң оқулық ретінде жарияладым. Жалпы қытай өренжілерінің оқуға, кітапқа деген ындыны керемет, су сіңірген сортаң топырақ сияқты, сіміріп те, сіңіріп те алады. Дәріске өзге фаультеттер мен университеттердің шәкірттері, ізденушілер, мамандық жетілдіруге келген ересек тыңдаушылар да қатысты. Білгенімді жеткізуге жанымды аямағанымды ескерген болуы керек, «қазақстандық биік білім деңгейін танытып», «озық оқу-әдістемелік тәсілдерін пайдаланып», «оқу үдерісіне қосқан үлесім үшін» «Құрметті профессор» атағын берді. Бұл енді, кез-келген педагог үшін үлкен мәртебе. Еңбегіңнің әрі жанғаны, әрі еленгені. Соның өзі бір адамның өміріне мағына беретіндей құрмет. Мамыр-шілде айларындағы дәрістерге тағы бір қырынан келуге қамдана бастадым. Оның үстіне бүкілқытай көлемінде ғылымға ерекше үлес қосқан дүние жүзіндегі таңдаулы 2000 ғалымды шақыру жобасын мемлекет бекітіп беріпті, соның жекелеген ресмияттары ғана қалыпты. Сол тізімге менің де атым ілініпті. Соған орай «балды да болмайын, балсыз да болмайын» деп, пішімі мен пішіні тосын бір кітаптың қаңқасын ойластырып қойдым. Оның нәтижесін уақыт және ресми бекім шешеді.

Тарихы мен дәстүрі, мәдениеті және ғылымы өте ерте заманнан дамып, мұрағат мәселесі мықты жолға қойылған көрші елден осы сапар барысында қандай құнылықтар таптыңыз? Әкелген олжаларыңыз бұған дейін аталмыш мемлекетке барып жұмыс істеген М.Әбусейітова, Қ.Салғараұлы, К.Хафизова секілді ғалымдардың жәдігерлерін қайталап кетпей ме? Осыны анықтап ашып көрсетсеңіз.

– Жалпы жеке басыма тән бір әдет – қай жерде, қай елде болмайын қазақ руханиятына қатысы бар мұрағаттар мен кітапханаларға, ғылыми мекемелерге міндетті түрде бас сұғып, мүмкіндігінше қызметкерлермен әңгімелесіп, қорларымен танысып, жоқтан жұмыс тауып алып жүремін. Ал соншама тарихи жәдігерлер қазынасы қатталған қытай елін қараптан-қарап қызықтап, не зеріге қарап жүру – зиялы деген атыңа сын. Алдыңғы сапарда да, осы жолы да ғылыми іздестіру жұмысын өзімнің басты назарымда ұстадым, сабақ кестесін де соған орайластыра құрдым. Өткен жолғы ізденістердің нәтижесінде құрастырылған «Қазақ қолжазбалары (б.д.д. Х ғ. – ХІХ ғ.)» атты 10 томдық жинақтың 6 кітабі жарық көрді, төрт томы дайындалып жатыр. Қалған деректер ғылыми сүзгіден өтуде. Оның ішінде ежелгі түркі, қазақ тарихын мүлдем жаңа көзқарас арқылы саралауға жетелейтін ойтүбір ұйытқылар да бар. Көне жәдігерлерге берілген, оларға түсініксіз боп көрінген кейбір түсініктерге «түсінік» беру де қаперде жүр. Ол үшін қытай ғалымдары жариялаған ғылыми еңбектермен таныс болу шарт. Осы ретте «Отырар кітапханасының» қорына толық түсінік жасалған «24 тарихтың» 26 томынан бастап, «Халық ауыз әдебиеті қазынасының» 25 томдығын, Сыма Сияннің толық түсінік берілген 12 томдығын, 45 томнан асатын тибеттің «Гэсэр» эпостық эпопеясының түркілерге қатысты 4 кітаптан тұратын қолжазбасының көшірмесін (о, мұны іздестіру барысында қаншама рет тұйыққа тірелдім деңізші), содан кейін ҮІІІ-Х ғасырдың оқиғасын баяндайтын үш томдық эпостың қолжазбасының көшірмесін алу және оны әкелудің машақаты бір адамға емес, бір қауымға жүк артатын қарбаласты шаруа. Осыдан 6 жыл бұрын сирек қолжазбалар мен кітаптар қорынан Цин империясының батыс өңірді (Шығыс Түркістан, Қазақстан, Орталық Азия) бағындыруы барысындағы оқиғалар мен елшілікті қабылдау сияқты рәсімдері бейнеленген, түпнұсқасы Францияда сақталған сызба суреттердің альбомын көріп, қаншама ұмтылсамда, рұқсат ала алмағам. Онда жоңғар шапқыншылығы тұсындағы Цин империясының әскери ордасы, шабуыл сәттері, тұтқынға алуы, елшілікті қабылдауы, соғыс құрал-жабдықтары, киімдері мәнерлеп, сюжетті түрде сызылған. Әр суретке берілген патшаның сипаттамасының астына мөрі басылған. Өзімізге таныс бейнелерді тану қиын емес. Бұл жолы Еуразия университеті мен Ұлттар университеті арасында байланыс орнату туралы жүргізіліп жатқан келісім шарттың демімен ол суреттерге қол жетті. Ол суреттердің тарихы егжей-тегжейімен баяндалған кітапхана директорының мақаласы қазір аударылып жатыр. Қатпары мен құпиясы мол суреттердің жазушыларға, тарихшыларға, сақна, кино мамандарына пайдасы тиері сөзсіз, тек оған уақыт қажет.

Қысқартып айтқанда, бұл сапарда да қазақ тарихы мен әдебиетіне жаңа ой салатын ашық жәдігерлер қолға ілікті. Енді соның игілігін көретіндей тибет, мәнжу, көне түркі (хұдам бітік) жазуын білетін мамандарды тәрбиелеу жұмысын қолға алу ойда бар.

Ал Қытайға арнайы іссапармен, не ғылыми экспедициямен барған жоғарыда аталған ғалымдардың, соның ішінде Қойшы-ағаңның жинақтаған деректері жалпы қазақ оқырмандарына, ал К.Хафизованың, А.Қадырбаевтің, Н.Алдабергенованың, М.Әбусейітованың еңбектері ғылыми қауымға жақсы таныс. Бұл ретте Клара Шайсұлтанқызының ұзақ жылдар бойғы тиянақты зерттеулерін, Қытай мен Ресей мұрағаттарындағы деректерді қарастырып, жүйелеп талдауын, таным-тәжірибесін ерекше атап өткен жөн. Сол үрдіске келіп қосылған Бақыт Еженханұлының жетекшілігімен, Ж.Ошанның, С.Сұңғатайдың қатысуымен дайындалған Қытай деректеріндегі түркі, қазақ жұртына қатысты бес томдық басылым, шын мәніндегі іргелі ғылыми жаңалық. Сонымен қатар Б.Еженханның тікелей өзі жүзеге асырған қытай-мәнжу тілдеріндегі жәдігерлер мен «Ұлы найман мемлекеті туралы» монографиясы біздің қалыптасқан түсініктерімізге өзгеріс әкелетін түбірлі зерттеулер. Тұрсынхан Закенұлының (Қайыркеннің) қытай деректеріндегі түркі қағанаты, Таң империясының түркі қағанатымен байланысы, құба қалмақтар (түркі тілді жоңғарлар), Шығыс Түркістан Ислам республикасы қақындағы монографиялары тың деректер мен пікірлерге толы. Осындай аса қат әрі ауқымды зерттеулер жүргізген ғалымдардың еңбегінінің қазақ тарихнамасындағы орынын бағалауға келгенде тымырсықтана беретініміз өкінішті. Менің ойымша, осы тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішіндегі қытайтану саласында жүргізілген жұмыстарды бір рет қорытындылап, ғылыми бағыттарды анықтап, міндеттерді бөлісіп алу қажеттігі туып отыр. Жәдігер – тек тарихшының, не түрктанушының, не тіл маманының, не мұрағаттанушының еншісі емес. Сонымен қатар бір мұрағатқа бірнеше ғылыми экспедициялар бірінен соң бірі барып жүрген жай да кездеседі. Мысалы, қытайдың ең басты №1 архивінің кілтін алғаш ашқан Б.Еженхан. Одан кейінгі кезек бізге келіпті. Архивтегі қызметкерлерді етене танитын, қытайда тұңғыш рет тарих саласында ғылым докторы атағын алған, алғашқы шәкірттерінің өзі Пекин университетінің деканы сияқты лауазымға жеткен Бақыттың беделі онда ерекше. Бәрі мойындайды. Осыны пайдаланып, бар ғылыми күшті – тарихшыларды, мұрағаттанушыларды, кітапханашыларды, тілшілерді, қаражатты бір адамның айналасына жұмылдырып, жұмыла кіріссе ұтымды нәтиже берер еді. Зерттейтін нәрсе ұшан теңіз. Менің міндетім – ғылыми ұйымдастыру шарасы. Сондықтан да Бақыт жүріп өткен жолды таптауырын ететіндей ықылас ойыма да келген емес, әрі өрісіміз де әр бағытта.

Кез-келген мұрағат пен ғылыми орталықтарға, соның ішінде, әсіресе, шетелдің архив мекемелеріне кіріп, діттеген нәрсеңді бірден тауып алу қиынның қиыны екені айтпаса да түсінікті. Мұндайда зерттеушіге үш-ақ нәрсе көмекке келуі мүмкін. Ол – олжаға ойламаған жерден жолығып қалу, кәсіби интуиция және уақыты аз, мерзімі өте тығыз іссапар иесіне сол жергілікті жердегі мұрағат мамандарының көмекке келуі. Біздің сұрайын дегеніміз – соңғысы. Бежің мұрағат орындарына барғанда сізге кім жәрдемдесті? Қол ұшын берген жанашырлар болды ма? Сөз ретіне қарай олардың да аты-жөні мен еңбегін айта кетсек.



– Жол жүріп, жоқ іздеп, жөнге жүгініп жүрген тәжірибелі қаламгер болғандығыңнан да, бәрін өзің іштей біліп, дәл тауып жобалап тұрсың. Осы айтқан үштаған ұштаспаса, ондай зерттеушінің соры қайнағаны, еңбегінің еш болғаны деп есепте. Кісінің күні – кісімен. Егерде адамдармен тіл табыса алмасам, ғылыми іздестіруді, онда ұзақ мерзім тұруды былай қойғанда, үш мезгіл тамақтанудың өзі үлкен қияметке айналар еді. Қытайда барлық елді мекендерде, мекемелерде, жоғары оқу орындарында мұсылман дәмханасы бар. Қонақ үйлердің өзі соған бейімделеді. Мыңдаған жылдық дастархан дәсүрі қалыптасқан бұл елдің тағам таңдауда ешкімге ұқсамайтын мәзірлері бар. Сондықтан да кіріп барғаныңда мұның қандай бағыттағы қытай дәмханасы екенін ескертеді. Біздің қазақстандық бауырлар оған назар да салмастан бірден кірісіп кетеді. Содан кейін: «Ойбай, ананы-мынаны былай істейді екен» деп көйтеді. Әрине, ұшынып қалуың мүмкін. Сондықтан да қай қалаға, қай жерге барар алдында қонақжайды мұсылман асханасының алыс-жақындығына қарап таңдайсың. Онсыз іссапарыңның ұзақтығы екі күннен аспайды. Бұл орайда, мен ең алдымен ұлттар университеті оқытушыларының, содан кейін Бейжіңде тұратын, жазушылар одағы, орталық ұлттар баспасы мен радиосы, түрлі мекемелерде істейтін сексеннен астам қазақ отбасының алақанында жүрдім десе де болады. Мейман асы өз алдына, сыбағағаңыз деп сылтауратып қойдың жамбасы бастатқан он екі мүшесін, сүрленген қазы мен жаяны, сиыр қуырдағын, құрт, ірімшікті тоңазытқышқа қойып кетеді. Тіпті, жас етті аңсап жүргенімді естіп қалған Алғабек атты есейіп қалған шәкіртім екі күннің ішінде Алтайдан «әкесінің маған арнайы арнап жіберген сыбағасын» тартты. Ал ол жақта бір шетелдік профессордың жеке басын күтуге бір ұл, бір қыз бөлінеді. Оқу үдерісі барысындағы көмекшің өз алдына. Сонда күндіз-түні үзілмейтін қонақтардың күтімі үйдегіден бір кем түспейді. Мұндай қамқорлықтан кейін дәріс оқу мен керекті жәдігерлеріңді іздестірудің амалын қарастырғаннан басқа амалың да қалмайды.

Шындығын айтайын, осы екі мәрте ұзақ сапарда мен сол сексен үйдің отағасыларынан, ұстаздардан, шәкірттерімнен тұрақты түрде дәріс алдым. Соның нәтижесінде қай жерде түркі тарихына қатысты қандай дерек, ескерткіш барын білдім. Солардың өзі қол үшін берді. Қытайдың ішкі өлкелерінде оқитын қазақ өренжілерінің бір-бірімен байланысы тығыз, олар да арнайы іздеп келіп, «тиісті тапсырмаларын» алып қайтып жатады. Шанхай, Далян, Шиань, Хохотқа барғанда солар жөн көрсетті. Бұл ретте тұрақты «жолсерігім» болған «ағамның баласы», профессор Мұхтар Әбілқақұлына, қолым мен ойымды ұзартқан докторант Нұрбақан Кәмелханұлына, «ерінбей жүруге ерінбейтін» еркін ғылыми ойдың иесі профессор Еркін Әбуғалиұлына, «бәрі де болсын» деп тұратын доцент Болаш Шөкейұлына, сабақ барысына алаңдатпайтын Нұргүл мен Тоқтарбүбіге, Сәуле (Шау лян) мен Ақшуаққа (Мао), көне түркі сына, сүйретпе (хұдам бітік) жазуларына қосып жапон мәдениетін игерген Дүйсенәліге, нақты пікір мен білім иесі Насираға, қытайлардың өзіне отыз-қырық жыл қытайша үйретіп келген Жұматай апай мен Майраға, ілгерінді-кейінді оқыған барлық шәкірттеріме алғысым бол. Осыдан алпыс жыл бұрын Ұлттар университеті ашылғанда қазақ кафедрасын құрып, жоғарыда аталғандардың барлығын тәрбиелеп шығарған, қытай түркітануының атасы атанған Гың Шымин ғұламамен «жігі лаухан – хау лаухан, о шы лаухан – хау лаухан» дейтіндей («Сіз жақсы шалсыз, мен де тегін шал емеспін» деген мағынада) жарасымды тіл табысқаныма кәдімгідей арқаланамын. Сол кісі бата бергеннен кейін ғана менің қытайдағы іздестіру жұмыстарым алға басты әрі бойыма сенім бітті. Қатты науқастанып жүргеніне қарамастан менің екінші рет келуіме орай берілген қонақасыға келіп, пікір алысып, көне хұдам бітік жазуынан латын транскрипциясына түсірген «Майтри смит ном бітіктің» қазақ тілінде шыққан екі томының мұқабасын сипатып үлгергеніме шүкір етемін. Жаңа жыл қарсаңында ұлы оқымысты дүниеден қайтты. Осы игіліктердің басы-қасында «қарбаластықтан» қолы тимейтін, балалық ұятын ішінде сақтаған, жақсылыққа жаны ашық, ісіне ұқыпты, еңбек тәртібіне қатаң, ал жайшылықта кеңқолтық, қазақ тілін судай сапырып, қазақ факультеті үшін бір күйіп, бір суып жүрген декан, профессор Жан диң жиңнің игілігі ерекше. Қазақ пен Қазақстанның жан күйері. Менің: «Дүние жүзі қазақтарының Бейжіңдегі нағашысының үйі – ұлттар университеті, ал Бейжіңге келген барлық қазақ шәкірттерінің әкесінің үйі де осы ұлттар университеті» – деген сөзді айтқызып жүрген де жоғарыдағы оқымыстылар мен сол университеттің шәкірттері. Артық айтты демеңіздер, әр түрлі себептермен Бейжіңге жолы түскен қазақтың (Шыңжаңнан, Қазақстаннан, Монғолиядан, Түркиядан, Ресейден т.б.) осы шаңыраққа соқпай кеткені, олар қол үшін бермегендері аз. Ауырып-сырқап барған ағайындарымызды, соның ішінде марқұм Қаршыға Ахмедьяров та бар, қолдарынан жетектеп дәрігерге көрсетіп жүргендер де, ота жасағандарды күндіз-түні күтушілер де, қыдыртушылар да, шетелдік ғылыми тәжірибеден өтуге мұқтаж қазақстандық оқытушылар мен докторанттарды, магистранттарды қабылдап, жағдай жасайтын да осы шаңырақ. Төрт айдың ішінде менің ұсынысыммен ғана екі профессор, он екі докторант пен магистрант тәжірибеден өтті. Мұның өзі, яғни, қазақ тіл, әдебиеті факультетінің халықтық елші қызметін атқарып отырғаны, қазақтар үшін де, Қазақстан үшін де үлкен демеу. Сөзім жалаң болмас үшін дәлел келтірейін.

Қытайдың №1 мұрағаты «Гугіңге» рұқсат алуға іссапармен бара қалған сол кездегі Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев елші Ж.Кәріпжановқа тиісті нұсқау берді, ресми хат жазылды. Істің аяғы бітпеуге айналды. Енді қазақы мінез таныту керек болды. Бір күні әкесінің қазақ арасында өскенін білгендіктен де Жан дин жиңге: «Мырзалата бергенше, мырзалығыңды көрсетпейсің бе. Мұның жөнін ана менің ағамнан сұра» – дедім қабағымды түйіңкірей. Таңғы сағат жетіде Жан дин жинім: «Менің әкем сіздің ағаңыз болғандықтан да сіз менің ағам боласыз. Сізді «мырза» деп қателесіп жүріппін. Сол қателігімді жою үшін сізді бүгін Ұлттық кітапхананың сирек қорына, ертең Гугыңның қолжазбалар қорына алып барайын. Рұқсатын қарастырып жатырмын», – дегені. Ой, қазақы қулығымның іске асқанына қуанғаным-ай. Сөйтсем, үлкен мұрағаттың батыс өңірі қорын реттеуге жетпісінші жылдары арнайы жолдамамен келген төрт қыз, бір жігіт Іле аймағына қарасты Шапшал ауданының қазақтармен араласа қоныстанған сібелері, әрі Жанның сабақтастары екен. Бір қыз: «Осы мұрағатқа келгенде қыз едім. Қазақ-қазақ деп, міне, қартайдым» – деп әзілдеп те қойды. Міне, қазақ тарихына қатысты деректердің барлығы осылардың қолынан өткен. Жоғарыда айттып өткен, қазақ хандығының тарихын зерттеген жапон ғалымымен сол мұрағаттың қорында кездестім.

Екінші, біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап ХІХ ғасырға дейінгі ұзақ кезеңде көне иероглифпен хатқа түскен түркі, кейбірінің қаңлы, қыпшақ, қарлық, уақ (оңғұт), керей, найман екені анық көрсетілген алпыстан астам ақынның шығармасы енген басылым еш жерден табылмады. Тапсырмаған адамым, іздестірмеген кітапханам жоқ. Мұнда келген соң да мазамды ала берді. Ақыры тағы да қазақы мінезге жүгініп «Ұлттар баспасындағы» қазіргі заманның тілін білетін Мұнай деген бауырыма: «Осы сенің екі туып бір қалған ағаң кім? Мен екенім рас болса, мына кітапты мына бағытта іздеп, маған үш күннің ішінде тауып бер», – дедім. Үш күн емес, бір күннен кейін: ұйықтамай интернетті ақтардым. Ішкі өлкенің пәленбай жерінде, пәленбай кітапханада бар екен. Жеткіземін» – деді. Бұл жинақты аударып, былтыр баспадан шығардық. Тибеттің көне түркі туралы дастаны да докторант Нұрбақанға «екі туып, бір қалғандығымның» арқасында тура кетер күні қолға тиді. Өзім бірнеше рет қолға ұстап, сөреге қойған жазба болып шықты. Жалпы, Бейжіңде менің тек «нағашы-жиендерім, құда-жекжаттарым, аға-бауырларым, қайын жұртым мен құдаша-балдыздарым және сансыз көп шәкірт-балаларым ғана тұрады» десем артық емес.

Осылай бауырына кіріп кеткендіктен олар да мені бауырына тартты.

Ішкі өлкедегі ғылымның әр саласындағы профессорлар мен доценттер, магистранттар мен докторанттар жыл сайын бас қосып, танысады, табысып жатқандары да бар. Сол бас қосуда жиырма жылдан астам уақыт Токионың жер сілкінуді зерттейтін орталығында істеп келе жатқан, Фукусимада сегіз көпір салған, сегізі де апатқа қарсы төтеп берген, қазір оның жобасымен мұхит пен құрлықты қосатын 140 шақырымдық, оның 42 шақырымы мұхиттың үстімен өтетін көпір салынып жатқан, соған орай Пекиннің түбіндегі жер сілкінісіне төтеп беретін ғимараттарды зерттеу лаборатриясында сынақ жүргізіп жатқан Гуанжоу университетінде шетелдік профессор ретінде дәріс оқитын Өрлеуханмен етене араласу үшін оны «балдыз» етіп алдым. Қазақы ортаны, қалжыңды, өзімсінуді жатырқанып қалға «балдызым» табан астында ашылып, үй-іші, бала-шағасы, дүнген әйелі, қазақша сөйлейтін, бірақ жазуды игермеген қызы, Жапониядағы отыздан астам отбасының жай-күйі, өзінің туған жері Көктоғай мен ондағы адамдардың тағдыры, өзгесін ұмытса да тіл мен дінді қатты ұстанатынын, осы жиынға қазақ шәкірт іздеп келгенін айтты. Мен Қазақстанда да жер сілкінісі қаупі барын есіне салдым. Алып жобаның авторы кет әрі емес, тек Семейдегі жапондар салған көпірді еске салды, ең бастысы жобадан ауытқу мүмкіндігінің зор екенін емеуірін етті. «Түбінде Қазақстанға бір келесің, апайың екеуің көріспейсіңдер ме?» – деген уәж айттым. Токио университетіндегі «Қазақ хандығының тарихы» және қырық жылдан бері қолға түспей жүрген Шираторидің «Ұлы найман қағанаты туралы зерттеу», «Соғды мемлекеті туралы зерттеу» атты аса құнды кітаптарын аманат еттім. Сөйтіп, «Балдызы жездесін емес, апайын қалай силайтыны осыдан байқалады» – деп Өрлеуханды да, Өрлеуханның «екі туып бір қалған апайын да» «ғылыми айналысқа» түсіріп жібердім.

Жалпы, Бейжіңдегі қазақтардың бәрі де газет, журнал, баспа, радио, өнер саласындағы аса білікті зиялылар. Ошағы бөлек, отауы бір. Онда үшінші ұрпаққа ауысқан бейжіңдіктер бар. Шаңырақ иелері балалары қазаққа үйленсе, Қазақстанға ұмытылса, бақыттан жарылып кете жаздайды. «Ұлттар баспасының» Әлімжаннан бастап Бақытбек пен Мұнайға, Бүкілқытайлық радиодағы Қанатбектен бастап Балапан, Қызырханға дейінгі қаламгерлер Қазақстанға жақсы таныс. Ал бүкіл қытайды сөз өнерімен мойындатқан, қытай тілінде жазатын Әкбар Мәжит қазір Қытай және Бейжің жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Қытай әдебиеті» журналының бас редакторы. Нобель сыйлығын алған Мо янның атын шығарған «Мөлдір шалқам» хикаяты алғаш рет сонда жарияланған. Шешен, көркем талдауға шебер, қаламы қуатты жазушы. Қазақ жазушыларын үнемі назарында ұстайды. Екеуміз бірден тіл табыстық. Әр кездесу сайынғы әңгімеде қазіргі қытай әдебиеті, оның даму бағыты, жекелеген тұлғалардың тағдыры, кейінгі кездесулерде Мо ян және оның «Бақа-шақа» романындағы миллиардтардың трагедиясы қақында көп мағлұмат алып отырдым. Желтоқсанның аяғында Мо янмен кездестірмекші еді, оған әйгілі жазушы елінен шыға алмапты. Әкбардың ұзақ жылғы қузауының нәтижесінде «Ұлттар әдебиеті» журналы қазақ тілінде шыға бастады. Оған Минар атты қарындасымыз жетекшілік етеді. Бұл, Бейжің үшін ғана емес, жалпы қазақ үшін үлкен әдеби оқиға әрі мәдени көпір. Біз үшін де септігі зор. Мысалы, осы жолы журналдың бас редакторымен кездесіп, біраз пікір алысып, оларда басылған Мо ян бастатқан алты-жеті жазушының шығармаларын «Әлем әдебиет» журналында жариялауға рұқсат алдым. Қытайдағы аз ұлттар әдебиетін былай қойғанда қазіргі қытай әдебиеті мен өнерінен мағлұматымыз аз болғандықтан да, соның есесін емін-еркін толықтырады. Таяуда «1942» атты ашаршылық туралы фильм жүріп өтті. Шіркін, «1932» деген атпен сондай жалғыз фильм түсірсек қой, ал тарихи тақырыптағы деректі картиналарды көргенде, өткен өмірдің ішіне кіріп кеткендей боласың. Сурет пен сақналық туындылармен терең танысудың орайы келмеді. Бізді тек еуропалық классикалық шығармаларды тыңдатуға апарды. Ендігі жолы қапы жібермеуге тырысамын.

Ұлттар университеті тарих, философия, қытай тіл-әдебиеті, ағылшын тіл-әдебиеті, орыс тіл-әдебиеті, тибет, өнер (музыка, ән, би) институты сияқты он беске жуық оқу орынының басын біріктірген. Тәжік, түркмен, қырғыз тілі де арнайы курс ретінде оқытылады. Соның бәрінде қазақ өренжілері оқиды. Классикалық би, ұлттық би, ән, күй кластарының шәкірттерінің аты танымал. Қазір дүние жүзі сақналарын шарлап жүрген Майра мен Шұғыла сонда тәлім алған. Он жасында бүкілқытайлық ән-би ансамбілінің бишісі боп келіп, әлем сақналарын аралап шыққан биші Әнуардың мұндағы беделі ерекше. Үрімжі, Алтай, Тарбағатай, Іле аймағындағы ән-би ансамблдеріне де көз қырын сала жүреді. Күйші Иманәлінің шәкірттерінің де қанаты қатайып қалды. Әнуардың айналасына өнер иелері үйірліп жүреді. Бізге «Көрікті мекен», «Шыңғыс хан» фильмінен жақсы таныс, Мұхтар Әуезовтің атасы Әуезханмен бірге туысқан Қожақанның немересі Дәлелхан қазақ киносының қамымен Бейжіңге жиі келеді. Ата-баба мекенін сұрайды. «Қожақанның» қыстауы әлі де солай аталады. Алтайда Құнанбай, Абай, Шәкәрімнің ықпалында болған біраз отбасы бар. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын болса, оларды жеті атасына дейін таратып беруге болар еді. Жалғасар үзікті өздері дәл атай алмайды. Мысалы, қазақ тілінен қытай тіліне көркем аударма жасау бөлімінің студент қыздың Сарыбас деген атасының аты маған таныс, бірақ ата тегін тарата алмадым. Мен де ұмытыппын. Мұндай тағдыр иелері онда көп. Нығмет Мыңжани мен Су бихай ғұламалар маған өзлерінде Шәкәрімге қатысты отызыншы жылдардан бастап жинақтаған қолжазбалары мен мұралары бар екендігін, екеуі бірігіп соны жинақтау қамымен жүргенін айтып еді. Осы жолы Нығаңның қызы Марфуғамен әңгімелесіп, жинақтарын алдым, ал қолжазбасы Қазақстанға, одан Америкаға қоныс аударған ұлының қолында кетіпті. Осынау бір танымдары жалғас ұрпақтардың үрімдері үзіліп бара жатқаны өкінішті. Қазақтың «Мың ән», «Мың күй» табақтары, таспалар, сайттар, кітаптардың көшірмелері онда қолдан қолға тимейді. «Ағажай» сияқты өнер ұжымдары Бейжіңге келіп, бір сілкінтіп кетеді. «Күлтегін» сайты арқылы Қазақстанның әр тынысын заматта біліп отырады. Сексеніші жылдарға дейін оқылған латын әліпбиін олардың дені жақсы біледі. Егер біз латынша көшсек үлкен бөгеттің бірі өздігінен жойылатыны анық. Шәкірттердің көмек қоры Бейжіңге ауырып-сырқап, түрлі мұхтаждықпен барған қазақтарға кезектесіп қызмет көрсетеді. Кішіпейілдіктеріне таң қаласың.

Қытай деген құпиясы қырық қабат, саясаты сан санат кейпіндегі ел ғой. Олар да біздің жұртымызға қатысты ненің бар, ненің жоқ екенін бір-екі барғанда біліп қайту мүмкін емес нәрсе. Десек те, егер іздей білсек, бұл көршіміздің жәдігерлік орындарында бізге, біздің еліміз тарихына байланысты нендей дүниелер табылып қалуы мүмкін деп ойлайсыз? Алда қай бағыт бойынша әрекет жасауға болар еді? Қазақ еліне қатысты шеті шығып тұрған деректер бар ма?



– Біз бұлақтың көпіршігін ғана үрлеп жүрміз, ал қытай мұрағаттары мұхитпен пара-пар. Бір қолжазбаға қаншама адамды сабылта жұмылдырып, екі мәрте жарты жылдан жүргеннің өзінде сәті түскен бірен-саран жәдігердің көшірмесіне қолымыз әзер жетті. Сондықтан да бұл елге Бақыт, Нәбихан, Тұрсынхан сияқты жөн білетін жігіттерді қомақты қаржымен, жасақты ғылыми топпен ұзақ мерзімге жіберген жөн. Әсіресе, археологтар мен көне түркі тілдерінің төркінін зерттейтін ғалымдар қытай археологтарымен, сондағы монғолтану, ұйғыртану, тибеттану орталықтарымен тығыз байланыста, кең ауқымда, ұзақ мерзімдік ғылыми іздестіру, зерттеу жұмыстарымен шұғылдануы қажет. Бұл ретте Таң дәуіріне қатысты жазба және қазба мұралары қатты қаперге ілінуі тиіс. Әйтпесе, біз табылған ескерткіштер мен жәдігерлерден мағлұматсыз, тіпті Гың шымин ғұлама айтқандай, айырылып та қалуымыз мүмкін. Оның себептері өте көп. Әсіресе, екпінді түрде салт-дәстүрінен айырылып бара жатқан аз санды ұлттар мен ұлттық топтардың тарихи, мәдени, этнографиялық, лигвистикалық құндылықтары біздің назарымызды ерекше аударуы керек. Осы жолы осыдан екі жарым мың жыл бұрын, көкбөрінің киесі дарыған, ежелгі түркі өркениетінің ата қонысы Шүлен тауы мен Бағылық тауының өзегін жарып өткен, ХҮІІ ғасырға дейін шын империясы мен Шығыс Түркістанның шекарасы болған Хышыи дәлізін бойлап, дүниежүзін таңқалдырып отырған Дунхуаң үстіртіне, одан Тибеттің етегін баса қоныстанған Ақсай қазақ автономиялы ауданына бардым. «Бұдан әрі қытайларға аттап басуға болмайды» – деп қақпаның маңдайшасына жазылған, қытай қорғанының үзілген тұсы Аққорғанның (Жа үй гуаң) төрт мұнарасы әлі қылтиып тұр. Жыл қайыруымыздан үш жүз жыл бұрын «үйсіндер ауған» бұл дәлізді қазір де көне түркінің үрімдері мекендейді. Әсіресе, сарыұйғыр деп аталып кеткен, найман, қоңырат, керей, қаңлы тайпаларының таңбаларын әлі де тектік белгі ретінде тұтынып отырған, тілдері қазақ тіліне өте жақын бұл жұрт бүгінгі қазақ ұлты тұрғысынан етене зерттеуді күтіп тұр. Қуаныштысы, ол жақтағы қандастарымыз бұған назар аудара бастапты. Бірақ іргелі, кемелді зерттеуге зәру. Тездетіп қолға алмаса қазіргі жаһандану тұсындағы жастардың беталысы екпінді, ертең көз жаздырып кетуі мүмкін. Ал Ақсайдағы қазақ автономиялы ауданындағы мұражайды көріп таң қалдым. Гинесстің тізіміне ілінген 64 метрлік сырмақтың өзі неге тұрады. Көшеде делбегей киіп жүрген қазақты менің құрдастарымның өзі көз алдына елестете алмайтынына сенемін. Қаншама көне мұраларды жинақтаған. Мекемені былай қойғанда, ұсақ дүкен мен дүңгіршектерге дейін аттары қазақша жазылған. Жаяужолдың тақталарына қазақтың салт-дәстүрі (бәйге, түйе жарысы, қыз қуу т.б.), Алтынтауды мекендейтін аң-құстар (қыран, аққу, көкалаүйрек, таутеке, тұлпар, ойсылқара, көк бұқа, ақ қошқар, ақ серке т.б.) мәрмәрға мәтінімен бедерленіп салыныпты. Әрине, алаңдатарлық жайлар да бар. Міне, осы этнографиялық құндылықтарды сол жақтағы отандастарымызбен қойындаса, қолтықтаса отырып зерттесек, үлкен ғылыми олжа болар еді. Бұл құндылықтар археологтардың, түркологтардың заттай айғақтарымен қосылған кезде, қандай рухани олжа күтіп тұрғаны айтпаса да түсінікті. Шүлен тауының арғы беті тибет жотасы. Бір қызық оқиға айтайын. Тағдыр айдап Гималайдың қолтығында қалған қандастарымызды сексенінші жылдары Үрімжіге, Ақсайға қоныстандырыпты. Олар жерсінбей Тибетке қайтып келсе, бұрынғы жерін өзгелер иемденіп алыпты. Тіпті тіркемейді де. Содан жиырма жылдан астам тау-тас кезіп, тағыланып кетіпті. Бір ұрпақ сауатсыз өскен. Осыдан екі жыл бұрын дүнгеннің атақты бір жазушысы барып, жергілікті әкімдермен жолығып жер алып беріп, дүнгендерді асарға шақырып, мешіт салдыртып, бастарын қосыпты. Әуеліде адамға жоламай әуре қылыпты. Сонау «әлем шатыры» Гималай мен Бұланайдың бауырындағы осынау шағын топтың тілі мен дәстүрі де өзгеше көрінеді. Мұрағаттағы жәдігерлер біртіндеп игерілер-ау, мені қатты алаңдататыны адамдардың бойындағы өздерімен бірге кететін құндылықтар. Біздің тарихи тамырымыздың бір тарамысы болғандықтан да ұмыт қалдырғанымыз елдігімізге сын болмақ.

Ал тарихи саралау тұрғысынан келсек, о, онда біздің танымымыздың қатпарын аударып түсіретін тың тұжырымдар күтіп тұрғанына еш күмәнім жоқ. Жоғарыда көшпелі түркі жұрты мен мәнжу, шүршіт, монғол, тибет қауымының тарихи тамырластығы туралы емеуірін танытып қана өттім. Біздің тибетпен қандай байланысымыз болуы мүмкін дейсіз бе? Жақын тарихымыз тоғыспаса да, осыдан үш ғасыр бұрынғы тарихымыз бен тағдырымызға тікелей қатысы бар. Тарихи тағдырымызды саралай келгенде, теңіздің кері шалқып Сарыарқаға қарай лықсуына, Менгу Темір мен Нұрқашыдан ыққан Батыр хонтайшы құрған жоңғар мемлекетінің қазақ даласының шапқыншылығына – қытайдағы отызыншы қыркүйекте аталып өтетін «тоқаш тойы» мен Галдан Серенге «Бурхан Тәңрі Бошоқты» деген атақпен қоса: «Алтын ханның алтын ұрығы! Ендігі бағытыңды батыстағы «Алтын ордадан ізде!», – деп бата берген тибеттің Заяпандит ламасының жарлығының тікелей қатысы бар екеніне көзім анық жетті. Енді жолым түсе қалса, Заяпандит ламаның сол жарлығының мәтінін табуға ұмтыламын.

Әрине, мұның бәріне мүмкіндік пен демеу беретін күш – қаражат. Қаражатсыз қамқорлықтың қауқары «әттегенайдан» аспайды. Өйткені сен үшін ешкімде жолақыңды, жамбасақыңды, жалдау ақыңды, көшірту ақысын, тасымалдау ақысын төлемейді. Бұл жолы маған Ғылыми орталықтағы жобаның қаражаты демеушілік етті. Шынын айтқанда, шетелде тапқан жалақымның барлығы да соған жұмсалды: «Олар саған жалақы төлей ме?», – деп сұрап жатқан бала-шаға болмағасын, еркін ұстайсың. Сирек қолжазбалар мен кітаптар дүкенде сатылмайды, мұрағаттар шек бермейді. Шек бермеген соң университеттің бухгалтерлері қабылдамайды. Кейде ашық жарнама жасап сатып, жалақымды қайырып алсам ба екен? – деген де ой келеді. Сондай-ақ, іссапарда жүрсең мұндағы жалақың сақталмайды – деген де қаржылық ереже бар сияқты. Сонда, мемлекет талап етіп отырған шетелдік университеттерге қалай дәріс береміз, қалай ғылыми іздестіру жұмыстарын жүргіземіз, дәріс беріп, ғылыми іздестіру жұмыстарын жүргізбеген соң қалай шет елде кітап бастырамыз, бұл да әр ғалымды етектен алып тұрған күйкі тірліктің бірі. Мысалы, тибеттің көне эпосындағы түркілерге қатысты дастанды іздестіріп Пекиндегі, Шанхайдағы, Шианьдағы, Ләнжоудағы, Дуньхуаңдағы тибетті зерттеу орталықтары мен тибет баспаларына бардым. Соңы сәтті аяқталды. Енді соншама азапқа салған, өз қаражатымды шығарған төрт томдық көшірмеге «ие» жоқ, иемденуші бар. Әңгімемізге жараспайтын, таратып айтылмайтын, айтыласа да шешіле қоймайтын етекбасты мәселенің бірі осы. Бұл жалғыз менің басымдағы жай емес, көпке ортақ. Іздестіру жұмысымен айналысатын ғалымдардың барлығы мен сияқты «сабақ беріп, қосымша табыс тауып жатқан» жоқ қой. Қысқартып айтқанда, бұл сапарда да қазақ тарихы мен әдебиетіне жаңа ой салатын жәдігерлер табылды. Енді соның игілігін көретіндей тибет, мәнжу, көне түркі (хұдам бітік) жазуын білетін мамандарды тәрбиелеу жұмысын қолға алу ойда бар.

Әңгімелескен Жанболат Әлиханұлы

Суретте: Таң Тайзұң мен Узы тянның зиярат төбесіндегі түркі елшісі мүсініндегі кісенің суреті.

Осыдан екі мың екі жүз жыл бұрынғы Хуанди патшаның зиярат төбесіндегі жер асты атты әскерлер көмбесін тапқан диқан Яң жы фа қария.



Цин империясының «Батысты бағындыру» атты суреттер сериясының «Елшіні қабылдау» атты бөлімі.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет