Енді аз уақыттан соң Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Ел басына күн туғанда етігімен қан кешіп, сол жеңісті әкелген абзал ағалардың саны күн сайын азайып барады
Тіршілік жайлы терең ойды пайымдаулар мен пәлсапаға сүйенбей-ақ қарапайым тілмен айтсақ, адамның табиғаты – қауымдаса отырып бейбіт өмір сүру, өзіңнен кейінгі ұрпаққа бұрынғыдан да өсіп-өркендеген мамыражай елді, ата-бабадан жинақталған рухани асыл қазынаны аманат етіп қалдыру. Бірақ, қарап отырсаңыз, сонау алғашқы қауымдық құрылыстан бері адам баласының соғыссыз өткен уақыты болмапты. Тірі табиғатқа тажал әкелетін, өркениетті кейін шегіндіретін сол зұлматтың ең сорақысы екінші дүниежүзілік соғыс болды. Бұл империалистік мемлекеттердің милитаристік жаратылысынан, шовинизмнің ең жоғарғы түрі фашизмді басшылыққа алған бір ұлттың басқаларға үстемдік жүргізу пиғылынан туған алапат соғыс болатын.
Бақайшағына дейін қаруланған, басқыншылық рухы жоғары неміс әскері алғашында жеңіске жеткенімен, 1942 жылдың қысынан бастап байлығы да, қаруы да аз, дайындығы да шала, әлемге әділетті қоғамды алып келгендігі мен отан қорғау рухы күшті Кеңес әскерінен тас-талқан болып жеңілді. Балалық шағымыз соғыстан кейінгі қираған дүниені қалпына келтіру жылдарына тура келген біз, аяқ-қолын оқ жұлған мүгедектердің тартқан азабын да, жетім мен жесірдің көз жасын да, бүкіл елдің басына түскен жоқшылықты да көріп өстік.
Енді аз уақыттан соң Ұлы Жеңіске 70 жыл толады.Ел басына күн туғанда етігімен қан кешіп, сол жеңісті әкелген абзал ағалардың саны күн сайын азайып барады. Тек мереке күні құттықтаумен шектелмей, қашанда олардың хал-жағдайын біліп, сәлем беріп тұру – біздің кішілік әрі азаматтық парызымыз. Осы мақсатпен бұрын «Гагарин поселкесі» деп аталған, қазір «Сыр сүлейлері» деп өзгертілген қаланың солтүстік-күнбатыс бетіндегі Тұрмағамбет көшесінде тұратын Асанбай Абдрахманов қарияны іздеп келдік. Бұдан бұрын хабарласқанымызда Рыскүл апай «Ағаларыңның ыңқыл-сыңқылы көбейіп кетті» деген соң, көңіліміз күптілеу болып есік қоңырауын басқан едік. Бірақ үйдің кіреберісінен ақсақалдың өзі қарсы алды. Келер жылы 90-ға келетін Асекең әлі тың.
Рыскүл апамен де апыл-ғұпыл амандасып жатырмыз. Қатар өскен қос бәйтерек сияқты осы екі қарияны көрген сайын «Қиындық пен бейнет адамды ширатады екен-ау» деген ойға қаламын. Екеуінің де жүріс-тұрысы ширақ және бір ұнайтыны Асанбай ақсақал үнемі күлімсіреп сөйлейді екен. Жүзінде нұр бар.
Қасымдағы серігім бұл үйге бірінші рет келіп отыр еді. Сондықтан болар ақсақал әңгімені әріден бастады.
– 1925 жылы Қазалы ауданындағы 12-ауылдық кеңеске қарайтын Карл Маркс колхозында туғанмын. 11 жасымда әкем қайтыс болды. Екі ұл, екі қызбен шешеміз қалды. 1941 жылы соғыс басталғанда 8 класта оқитын ағам Асанхан әскерге алынды. Елде де жағдай ауыр еді. Колхозда жер кетпендеп бидай егеміз. Шешеміз Теңге, апам Шекер, қарындасым Жанау төртеуіміз де жұмысқа шығамыз. Бидай еккенде күніне 25 сотық жерді кетпендеу керек. Түнде отыздық шаммен сабаққа дайындаламыз. Жазда бидайды қол орақпен орамыз, қырманға тасимыз. Содан өгізбен, есекпен астық бастырады. Шалдар бидайды күрекпен желпиді. Дайын астықты он шақырым жердегі «Октябрьдегі» қоймаға есекке артып апарамыз. Әр балада 4-5 есек болады.
Содан 1943 жылы қаңтар айының 27-де өзім қатарлас бір топ жігітпен бірге әскерге алындым. Қазалыдан эшелонға мініп, Қиыр Шығыстағы Чита қаласына келдік.
Ақсақал қоңыр дауысымен әңгімені асықпай, баппен айтып отыр. Бұл кісілер соғыс кезіндегі өмірін айтқанда ешнәрсені ұмытпайды, жаңылыспайды. Әсілі, көрген қиындық тасқа таңба басқандай жадыңда қалып қояды-ау. Асанбай ағамыз үш ай әскери дайындықтан өткеннен кейін 1157 артиллерия полкінде көздеуші (наводчик) болады.
– Полк таудың арасында болды. Ел көргеніміз жоқ. Батарея командирі Дурандин деген кісі еді. Күні-түні дайындық. Атып жатамыз, түнде снаряд қып-қызыл болып ұшады. Саяси сабақ, тактикалық сабақ бар, шаңғымен жүріп те үйрендік. Содан 1945 жылы 9 тамызда таңғы сағат 4-те шекарадан өтіп, Жапония жеріне кірдік. Қиян-кескі шайқас басталды. Ескі теміржол – Қытай-Шығыс теміржолының бойымен жүріп отырдық. Біздің қаруымыз 122 миллиметрлік М-30 деп аталатын кеңестік гаубица еді. Снарядтың салмағы 40 килограмм. Тию қашықтығы 14-15 шақырым.
Ақсақал әлденені есіне түсіре алмады ма, ойланып қалды. Бұл кісінің әңгімесін негіздесек, 1945 жылы 9 тамызда одақтастар (АҚШ, Англия, КСРО) арасындағы міндеттемеге сәйкес КСРО екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы ошағы Жапонияға қарсы соғысты бастады. Алғашқы шайқасқа Қиыр Шығыстағы әскери бөлімдер кірді. Солардың арасында Асанбай аға қызмет ететін полк бар еді. Қиыр Шығыстағы соғыс бар болғаны 24 күнге созылды, бірақ бұл өмір мен өлім арпалысқан уақыт еді.
– Жапонияның жері таулы келеді. Зеңбіректі «Катор филлер» деп аталатын сүйрегішке жегеміз. Тауға шығып, одан асып түсу өте қиын. Тіпті қаруды кері сүйреп кеткен жағдайлар да болды. Қырғын болып жатқан майдан даласынан артиллеристер алысырақ тұрдық. Бұзылмайтын бекініс, ірі қамал болса, соны алыстан атқылаймыз, бұл жерде басты мәселе дәлдікте.Бір сағатта бір зеңбірек шамамен 40 снаряд атады. Мынадай да жағдай болған. Мұнарада не көпқабатты үйдің шатырында отырған мерген әскерді алға жылжытпайды. Көрінгенді қағып түседі. Осындайда снарядпен атқылаймыз. Самурайлар өліспей беріспейді. Өлімге жанын тігетін халықты сонда көрдім. Әрбір күн қиын болды.
– Сол қиындықтың ең бастысын айтыңызшы?
– Хайлар қаласын алу өте қиынға түсті. Бұл әр үйі, әр кварталы мығым үлкен бекініс еді. 1945 жылы тамыз айының 10-12 шамасы болуы керек. Осы жерде көп қиындық болды. Одан әрі Хинган тауынан өттік.
Жер шарының 60 миллион адамының өмірін жалмаған бұл соғыс ақсақалдың отбасына да көп қиындық әкелді. Жоғарыда ағасы Асанханның 1941 жылы соғысқа кеткенін айтқанбыз.Ол Ленинград қаласын қорғауда болған. Ағалы-інілі екеуі хат алысып тұрған. Асанбай ақсақал бауырынан ең соңғы хатты 1943 жылдың 5 тамызында алады. «Кеше тоғызыншы рет ұрысқа түстік. Нағыз қиян-кескі шайқас осы жерде жүріп жатыр. Екі жақтан да шығын өте көп. «Өліспей беріспейміз» деп осындай сәтте өлімнен қорқуды ұмытып кетеді екенсің. Сен жүрген жерде тыныш екені көңіліме медеу. Біреуіміз тірі қалсақ, әкеміздің оты өшпейді ғой» деген жолдар әлі есінде. Кезінде бұған онша мән бермеген еді. Енді ойлап отырса, ағасы өлімге бас тіккен екен ғой. Арада көп уақыт өтпей Асанбай Абдрахмановты штаб бастығы шақырып алып, «Отбасыңда кім бар?» деп сұрайды. Мән-жайды тегіс білгеннін кейін ағасы Асанханның шайқаста ерлікпен қаза тапқанын естіртеді. Ал ауылға «қара қағаз» бармаған. Сонымен оның өлгенін анасы Теңге білмей өтті, елге келген соң Асанбай да айтқан жоқ.
Екінші қиындықты қарындасы Жанау, сол арқылы баласы көрді. Ол соғыстан оралған Оспан деген жігітке күйеуге шығады. Оспан соғыста неміс тұтқынында болған екен. Кейін қайта тексеріп, отбасымен Жетіқара деген жерге жер аударады. Соғыстағы жара, одан кейінгі ауыр еңбек қойсын ба? Оспан сол Жетіқарада қайтыс болады. Елге келген соң қарындасы Жанау да қайтыс болып, баласы Қыдырбайды Асанбай өсіреді.
– 1945 жылы қыркүйектің ортасында майдан даласынан әскери қалашыққа қайта оралдық. Содан 1948 жылдың мамырына дейін әскерде болдым. Мен ауылға келгенде елдің жағдайы тіпті нашар екен. Біздің үй масақ теріп қана күн көріпті. Содан Қазалы зоотехникалық-ветеринарлық техникумының 2 курсына оқуға түстім. Көпке дейін азығымыз тек жүгері талқан болды. Техникумды бітірген соң Тереңөзекке мал дәрігері етіп жіберді. Шешем мен апамды көшіріп алдым. Мен көбіне мал жайылымында болдым, оны «отгон» дейді. Осы қазір мұнай шығып жатқан жер бар ғой, сол Құмкөл жаздық жайылымымыз еді. Елуінші жылдардың аяғынан бастап тірлік түзеле бастады. Сырттай оқып жоғары білім алдым. Үйлендім, өмірге балалар келді. Оларды өсіру, кейін оқыту, азамат етіп шығару керек болды. Осылай жүріп қартайғанымызды да білмей қалдық.
Қария әдемі жымиысымен күліп қойды. Өзім де өмір көрген, адам танимын десем, Асанбай ағаның бойындағы өмірге құштарлыққа, тірліктің қиындығына шыдап, тек жақсылыққа ұмтылуына сүйсіндім. Әсілі адамның азаматтық келбетін ішкі болмысы болып табылатын осы мінезі танытады ғой.
Асанбай қария мен жұбайы Рыскүл апай 10 бала тәрбиелеп өсірген. Байқап отырсаңыз, бұның өзі бір ерлік. Апамыз өмір бойы алыс ауылдарда фельдшер-акушер болып қызмет еткен. Тіршілік дегеніңіз өзі тұнып тұрған пәлсапа ғой. От пен оқтың арасынан өртенген қопа арасындағы бір сүйрік сияқты аман қайтып, жары Рыскүлмен қол ұстаса жүріп бүкіл саналы ғұмырын еңбекке арнаған, сол игі істі бүгінгі күні жалғастырып жатқан ұл-қыз өсіруінің өзі үлкен ерлік емес пе?! Қарттың қарапайымдылығының өзінде қасиет бар. Әңгіме барысында «менінен» «бізі» көп болды. Соғыс жылдары 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
– Қорыққан кездеріңіз болған, шығар, аға?
– Шыбын жанымызды шүберекке түйіп жүрдік. Жапондар өлімге де бас тігеді, адамды да аямайды. Қорқыныш деген болды. Бірақ қорқыныштан да, өлімнен де ұят күшті. Оның үстіне «Көппен көрген ұлы той» деген тағы бар. Не көрсек те көппен бірге көрдік.
Қарияны тыңдап отырып «Отан деген ұлы ұғым осы шығар» деп ойладым. Мұздай қаруланған, тәртібі берік, рухы биік, жат жерді жаулап алып, басқаларды билеуді көздеген Германия армиясының жеңіліс табу себебі әскери басшылардың нашарлығынан емес, кеңес жауынгерлерінің қанын да, жанын да аямай соғысқан отаншыл, патриоттық ерлігінде. Сол сияқты Жапонияның жеңілмейміз деп көкірегін керген Квантун армиясының жеңілісінің де сыры осында.
Кеңестер Одағы деп аталған қарапайым халықтан құралған алып мемлекеттің сол кездегі Абдрахманов Асанбай ағамыз сияқты ұрпақтарының дүние жүзіне фашистік обаны таратушы, империализмнің милитаристік пиғылдағы мемлекеттеріне қарсы күресте қасық қаны қалғанша соғысып, тіпті оқ жаудырып жатқан дзотты кеудесімен жауып, жанкештілік ерлік көрсетіп тойтарыс беруі, бұған дейін де болып көрмеген, енді де қайталанбас жеңіс. Сондықтан біз олардың тірісінің әрбірін қастерлей біліп, о дүниелік болғандарының биік рухы алдында бас июіміз керек.