ӘОЖ 349.6.001.25.(574.54)
Ж.С.Шукенова
Қорқыт ата атындағы ҚМУ, «Құқықтану»
кафедрасының аға оқытушысы, магистр, Қызылорда қаласы, Қазақстан.
Е- mail: jadira_81@mail.ru
Е.К.Саниязова
Қорқыт ата атындағы ҚМУ, «Құқықтану»
кафедрасының оқытушысы, магистр, Қызылорда қаласы, Қазақстан.
Е- mail: Erkem_84@mail.u
Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары
Аннотация
Мақалада экологиялық қауіпсіздік қағидаларының түсінігіне және түрлеріне аса мән беріліп, кеңірек сипаттама берілген. Зерттеу барысында қолданыстағы экологиялық қауіпсіздік қағидаларына салыстырмалы талдау жасалған. Сонымен қатар, мемлекеттік экологиялық қауіпсіздік дамуының қағидаттары баяндалады. Мақалада экологиялық қауіпсіздік қағидаларының қазіргі қоғамдағы маңыздылығы анықталған. Зерттеу барысында әлі де экологиялық қауіпсіздік қағидаларының зерттеу қажеттілігі туралы жақсы ұсыныстар жасалған.
Түйін сөздер: экологиялық құқық, экологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, принцип, қолайлы қоршаған орта.
Zh.S.Сhukenova., E.K.Saniazova
The basic principles of environmental safety
The paper gives a detailed characteristic of the principles of environmental safety. The study established the importance of environmental safety principles for modern society. As well as a thorough analysis and proposed a union of some of the principles of environmental safety.
Keynotes: ecologal law, ecological safety,envivonmental protection,principle.
Шукенова Ж.С., Саниязова Е.К.
Основные принципы экологической безопасности
В статье дан развернутая характеристика принципов экологической безопасности. В ходе исследования установлена важность принципов экологической безопасности для современного общества. А также проведен тщательный анализ и предложена объединение некоторых принципов экологической безопасности.
Ключевые слова: экологическое право, экологическая безопасность, охрана окружающий среды, принцип, охрана окружающей среды.
Қазақстан Республикасының 1995 жылы қабылданған Конституциясы адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қоятынын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті екенін паш етті. Конституцияның осы ережелері еліміздің экологиялық заңдарын дамытуға құқықтық негіз жасады[1].
Қазақстан Республикасының Конституциясының ережелеріне сәйкес, Қазақстанда Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы әзірленді, онда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізге алынатын принциптері, стратегиялық мақсаттары, міндеттері мен басым бағыттары көрініс тапқанды. Егемен Қазақстанның, қазіргі осы заманғы құқығында құқықтың әрбір саласы үшін құқықтық принциптердің өз жүйесінің болуы сипатты болады. Құқық саласының принциптерімен негізін басшылыққа алатын ережелер танылады, оларға сәйкес белгілі бір қоғамдық қатынастар реттеледі. Бұл Қазақстанның жалпы құқықтық принциптерінің қолданылуын теріске шығармайды, бұл принциптер республика Конституциясында баянды етілген — бұл ізгілікшілдік, құқықтық мемлекеттің, халық билігінің, заңдылықтың, жариялылықтың, азаматтардың тең құқылығы және т.б. принциптері. Ал біздің зерделеуіміздің, мәні экологиялық құқықтың, айрықша принциптері болып табылады.
Құқық, саласының принциптерінің заңнамада баянды етілуі заңды құбылыс немесе экологиялық құқықтық тәжірибені талдау нәтижесінде анықталуы да мүмкін. Экологиялық құқық принциптері жүйесін анықтаудың күрделілігі олардың саналуандығында болып табылады. Қандай да бір нақты экологиялық құқық қатынасынан (мысалы, көмірсутегі пайдалы қазындыларын өндіру кезінде) біз жалпы экологиялық құқық принциптерінің жер және тау құқығының принциптерімен астасуын ұшыратамыз. Ал экологиялық құқықтың әрбір кіші саласында (жер, тау, су және т.б. салаларына) құқықтық принциптердің өз жүйесі мен экологиялық-құқықтық принциптердің жалпы жүйесі сәйкес келеді.
"Принцип" (қағидат) термині латынның сөзі — «бастау, негіз» дегенді білдіреді.Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 5-бабында осы принциптер туралы былай делінген: «Қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты ұтымды пайдалану мына принциптер негізінде жүзеге асырылады»:
-
Адамның өмipi мен денсаулығын қорғаудың басымдығы, халықтың өмipi, еңбегі мен демалысы үшін қолайлы қоршаған ортаны сақтау және қалпына келтіру;
-
Қазақстан Республикасының нарықтық қатынастар жағдайында тұрақты дамуға көшуі, адамдардың қазіргі және болашақ, ұрпақтарының салауатты және қолайлы қоршаған ортаға деген қажеттерін қанағаттандыру мақсатында қоршаған ортаның әлеуметтік - экономикалық, міндеттері мен проблемаларын теңдестіре отырып шешу;
-
экологиялық жағдайы қолайсыз аймақтардағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзылған табиғи экологиялық; жүйелерді қалпына келтіру;
-
табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және молықтыру, табиғатты пайдаланғаны үшін кезең-кезеңмен ақы төлеуді енгізу және қоршаған ортаны қорғауға экономикалық, жағынан ынталандыруды енгізу;
-
биологиялық, алуан түрлілікті және экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше маңызы бар қоршаган орта объектілерін сақтауды қамтамасыз ету;
-
қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды мемлекеттік реттеу мен мемлекеттік бақылау, оларды бұзғаны үшін жауапкершіліктің ымырасыздығы;
-
қоршаған ортаға нұсқан келтіруге жол бермеу, қоршаған ортаға ықпал ету мүмкіндігін бағалау;
-
халықтың, қоғамдық, бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қоршаған ортаны қорғау саласына белсенді түрде және демократиялық жолмен қатысуы;
-
халықаралық, құқық негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық, ынтымақтастық принциптерін сақтау негізінде жүзеге асырылады[2].
Жоғарыда келтірілген принциптердің мән-мағынасын төмендегідей мазмұндап қарастырсақ.
Бірінші принципі, адамның өмірі мен денсаулығын қорғау принципі -адамның өмірі үшін қолайлы қоршаған табиғи ортаны қамтамасыз ету экологиялық заңнаманың өзекті мәні, табиғат пен қоғамның арасындағы қоғамдық қатынастардың бүкіл кешенін құқықтық реттеу үшін негіз болып табылады. Бұл принцип мынадай түсінік береді: мемлекет өзінің табиғатпен қатынасын адам қызметі адамның өзінің денсаулығы мен өміріне зиян келтірмеуі үшін, бұл өзара қатынас адам үшін қолайлы жағдайлар жасайтындай етіп құруға тиіс, сондықтан атап айтқанда, осы мақсатқа барлық экологиялық қатынастар бағындырылуға тиіс[3]. Өз кезегінде, қaзipгi шындық қоршаған табиғи ортаның ластануы нәтижесінде экологиялық апаттардың, жаппай уланулардың, биологиялық жаңа белгілердің пайда болуының және қырылудың талай мысалдарын келтіреді, бұл адам денсаулығы мен өміріне төнген қатер фактісін толық растайды.
Екінші принцип, әлеуметтік-экономикалық міндеттер мен қоршаған орта проблемаларын теңдестіре отырып шешу принципі - экологиялық мүдделердің басымдығы жағдайында ғылыми негізделген қоғамның экономикалық мүдделерін экологиялық мүдделермен ұштастыруды орындаумен қамтамасыз етіледі. Мысалы, қоғамның экономикалық мүдделері табиғи ресурстарды пайдалану саласында анықталады, сондықтан бұл арада бiз қоғамның табиғатқа пәрменді ықпалын көреміз. Сонымен бipre, табиғат та адамның ықпалына да пәрменді түрде жауап береді, бұл ретте осы табиғатта оны өмip жағдайларынан айырады. Біз адамзат табиғатты, демек өзін де қорғай отырып, өзінің экологиялық мүдделерін қалай құратынын көреміз. Бұл орайда оның қызметі біз зерттеген адамның тіршілік ету жағдайларын сақтау принципіне негізделеді. Адамзаттың табиғатқа енжар қарау жай-күйінде болуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қоғам өзінің экономикалық және экологиялық мүдделерін ұштастыруы керек, бұл орайда соңғысы әманда басым рөл атқаруға тиіс. Сонымен бipгe, экологиялық заңнама осы принципті көрсете отырып, табиғат ресурстарын қорғау жөніндегі нормаларға бағындырып, осы ресурстарды пайдалану жөніндегі өз нормасына ие болады, сөйтіп оларды тәуелділік жағдайына қояды.
Қолайсыз экологиялық жағдайдағы аумақтарда экологиялық кауіпсіздікті қамтамасыз ету принципі, біздің ойымызша, неғұрлым мәлімдемелі сипат алады. Әрине, экологиялық қатынастар субъектілерінің қызметі осы принципке сәйкес құрылуға тиіс, мемлекет өзінің бақылаушылық рөлін жүзеге асырады; Экологиялық заңнама жүйесінде осы принципті орындауды қамтамасыз ететін нормалар бар. Алайда, осыған қарамастан, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету принципі мәлімдемелі, өйткені тек осы принципке тән құқықтық жүзеге асыру тетігі жоқ. Сондықтан да бұл принципті экологиялық заңдылық принциптерінің жалпы жүйесінен бөлек қарастырады.
Табиғатты пайдаланғаны үшін ақы төлеуді кезең-кезеңімен eнгізу принципі мен қоршаған ортаны қорғауды экономикалық жағынан ынталандыруды енгізу республикада нарықтық қатынастарды қалыптастыруға сәйкес келеді.
Бүгінгі таңда біз мынаны көріп отырмыз: Қазақстан Республикасындағы қазіргі экономикалық қатынастар табиғат ресурстарын пайдалану жөнінде тұтас бірқатар қатынастардың өмірге келуін туғызып отыр, олардың негізі тауар-ақша сипаттамаларына құрылған. Табиғат ресурстарын жалға алу шарттары, жер иеленуді өмip бойы мұраға алу заң шығарушыны табиғат пайдаланудың тегіндігі мәселесіне өзінің көзқарасын қайта қарауға мәжбүр eттi. Мынаны атап көрсету керек: заң әдебиетінде де, ғалымдар да табиғатты ұтымды пайдалану принципін сақтаудың елеулі кепілі ретінде ақылы табиғат пайдалануды енгізуді жақтаған пікірді барған сайын жиі айта бастады[4].Осыдан жиырма жыл бұрын айтылған бұл ғалымдардың ұсыныстары қазіргі кезде тамаша шешімін тапты, жерді, жер қойнауы мен ормандарды пайдалануға салықты енгізген кезде табиғат пайдаланушыларды табиғат ресурстарын аздап жалға алуға мәжбүр етеді.
Бұл арада мынаны атап кеткен жөн: су, жер қойнауы, ормандар бұрынғысынша тек мемлекеттік меншік болып қалады және азаматтық айналымнан алынатын болады.
Жалпы табиғат пайдаланудың тегіндігі Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғатты пайдалануға құқықтарының кепілі, салауатты қоршаған табиғи ортаға адамның конституциялық құқығын баянды ету болып табылады.
Табиғат қорғау тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды көтермелеу принципі дегеніміз табиғат сапасын сақтау жөніндегі табиғатты пайдаланушылардың кызметін көтермелеу тетігін құру деген сөз. Мынаны атап көрсеткен жөн: заң шығарушының осы принципті жариялауына қарамастан бүгінгі таңда табиғат қорғау қызметін көтермелеу шараларының жүйесі әлі болса да әзірлене қойған жоқ. Бұрынырақта қолданылған моральдық және материалдык көтермелеу шаралары (сыйлықтар тапсыру, алғыс жариялау, қызыл жалаушалар және т.б.) қазір қолданылмайды, ал жаңаларын заң шығарушы әлі де жасай қойған жоқ. Енгізілген жаңа экономикалық әдістер табиғат пайдаланушыны оның өзін табиғат қорғау қызметімен айналысуына мәжбүр етіп отыр. Біздің ойымызша, бұл табиғат сапасын сақтаудың үлкен кепілі.
Биологиялық әр алуандық пен ерекше экологиялық маңызы бар объектілерді сақтауды қамтамасыз ету принципі Қазақстанда құрылған қорықтар мен заказниктер жүйесінде жүзеге асырылады. Олардың аумақтары шегінде биологиялық әр алуандылықтың барлық өкілдерін сақтауға және жануарлар мен өсімдіктердің сирек және жойылып бара жатқан түрлерін сақтауға бағытталған шаралар жүргізіледі. Осы принципке сәйкес, кезінде арнайы "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заң қабылданғанды, бірақ қазір ҚР Экологиялық Кодексімен реттеледі.
Әрине, экологиялық заңнаманың маңызды принциптерінің бipi- қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы заң талаптарын катаң сақтау принципі, оны бұзғаны үшін жауапкершіліктің ымырасыздығы болып табылады. Бұл принцип осы саладағы біздің мемлекетіміздің құқық қорғау органдарының жалпы қызметінен шығады.
Қоршаған табиғи ортаға келтіретін залалды толық өтеуді заң шығарушы экологиялық қызметтің жеке принципі ретінде бұрын бөліп көрсете қоймаған еді. Ал оның мазмұны экологиялық, заңнаманы бұзғаны үшін заңдық жауапкершілік принципі ауқымында қарастырылды, онда жауапкершілік түрлерінің бірі табиғатқа келтірілген залалды өтеу аталып көрсетілді. Қазіргі кезеңде залалды өтеу тетігі заңнамада неғұрлым егжей-тегжейлі ресімделген; залалды өтеудің бірнеше түрлері бар. Ерекше ынта қоярлық жайт мынада болып отыр: залалды материалдық жолмен өтеумен қатар экологиялық өтеуге барған сайын көбірек мән берілуде. Сондықтан заңдық жауапкершілік принципінің мазмұны да өгеруде, дұысын айтқада залалды өтеу принципін бөліп көрсетудің қажеттігі пайда болуда. Заң шығарушы келесі тезис жағына қарай ойысып отыр — кінәлі адамды жазалау, оған айыппұл салу немесе қылмыстық жазаға тарту аз, кінілі адам табиғатқа келтірген залалды өтеуі керек.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықтың, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысу принципі бұрын қолданылған заңнамада көрінісін тапқан болатын. Ол ол ма, осы принципті жүзеге асыруда толып жатқан қоғамдық ұйымдардың, "жасылдар" партияларының, экологиялық қозғалыстардың, майдандар мен жекелеген азаматтардың кызметінде тамаша практикалық жақсы icтep болды. Олардың осы проблеманы шешуге қатысуы әр түрлі нысандағы меншік кәсіпорындарының шаруашылық қызметіне, сондай-ақ салынып жатқан немесе жұмыс icтеп тұрған объектілер бойынша қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу мүмкіндігіне қоғамдық бақылау нысанында жүзеге асырылады. Бұл орайда экологиялық заңнамада, ресурстық кодекстерде және жалпы экологиялық заңдарда жергілікті әкімшілікте табиғатты қорғау және оны ұтымды пайдалану жөнінде қоғамдық ұйымдар мен халықтың ұсыныстарын барынша ескеру жүктеледі.
Соңғы уақытта заң шығарушы табиғатты ластанудан қорғау мүмкіндігін нақты бағалай келіп, белгілі бір теңгерім орнату жолымен жүріп отыр, бұл жағдайда адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтін табиғатқа антропогендік ықпал етуге жол берілуде. Осы тенгерімді реттеу табиғи объектілерге зиянды ықпал етудің белгілі бip нормативтерін белгілеу көмегімен мүмкін болып отыр, мұның өзі құқықтық түрге техникалық көрсеткіштерді енгізу процесі болып табылады, оларды заңнамалық нормалар түрінде ресімдеу. Белгілі бip табиғи теңгерімді белгілеу үшін техникалық көрсеткіштерді қолдану, адамдардың өмірі үшін қолайлы жағдайларды сақтай отырып жағымсыз ықпалды біркелкі ету қоршаған ортаны стандарттау мен нормалау принципінің мазмұны болып табылады. Бұл принцип негізгі экологиялық заңда баянды етілмеген, бірақ ол заңға тәуелді актілерде кеңінен көрініс тапқан.
Табиғат сапасының нормативтерін немесе стандарттарын қолданудың осы стандарттарды қолданбай табиғаттың ластану деңгейін анықтау мүмкін болмайтын табиғи объектілер үшін ерекше маңызы бар. Мысалы, су немесе ауа. Қолданыстағы заңнамада табиғатты нормативтен тыс пайдаланғаны және ластағаны үшін айыппұл төлемдерін белгілеу арқылы шаруашылық қызметін нормалау принципін жүзеге асыру тетігі жасалған.
Экологиялық проблеманы шешу үшін қоршаған ортаны қорғау саласында халықаралық ынтымақтастық принципін қолданудың зор маңызы бар. Шын мәнінде, экологиялық тұрғыда мемлекеттік шекараларды белгілеу жекелеген мемлекетті жалпы ғаламшарлық сипаты бар экологиялық проблемадан босата қоймайды. Бұл арада қоғамдағы идеологияның, әлеуметтік-экономикалық жүйедегі өзгешеліктің маңызы болмайды. Экологиялық проблема барлығы үшін бірдей, сондықтан оны шешудің тиімділігі әлемдік қауымдастықтың барлық субъектілерінің бірлескен күш-жігері, осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жағдайында ғана мүмкін болады. Бұл принципті жүзеге асырудың құқықтық тетігі халықаралық-құқықтық актілерді қабылдау арқылы қамтамасыз етіледі, ал олардың негізінде экологиялық ұлттық құқықтық актілерін әзірлеу мен қабылдау жүргізіледі.
Мемлекеттің экологиялық қауіпсіздік дамуы мынадай қағидаттарға негізделеді:
-
табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық мүмкінді шектерін айкындайтын және қоршаған ортаны сапалы теңгермелі басқаруды қамтамасыз ететін шектеулердің, нормативтердің және шаруашылық әрі өзге де қызмет жургізу ережелерінің ғылыми-негізделген кешенін енгізу жолымен мемлекеттің тұрақты дамуы үшін барлык қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелік тәсіл;
-
экологиялық қауіпсіздіктің өңірлі және жергілікті міндеттерінің экологиялық қатерлердің алдын - алудың жаһандық және ұлттық мақсаттарына багыныштылығы;
-
қоршаған орта мен адамның денсаулыгына келтірілген залалды өтеудің міндеттілігі (табиғат пайдаланушылар мен ластаушылар төлейді);
-
өндірістік күштерді дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгермелігі (экологиялық сыйымдылық пен аумақтық жоспарлау қағидаттары);
-
шаруашылық және өзге де қызметінің қоршаған ортаға әсерін одан кеиінгі экологиялық және санитарлық-идемиологиялық сараптамалармен бағалаудың міндеттілігі;
-
халықтың экологиялық ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету және оның экологиялық проблемаларды шешуге қатысуы;
-
халықаралық ынтымақтастытағы әріптестік және халықаралық құқық нормаларын сақтау.
Экологиялық қауіпсіздіктің қағидаттары экологиялық-құқықтық реттеуді дамытуда маңызды методологиялық концептуалды негіз болып табылады. Экологиялық заңнамалардың қағидаттары әлі де толық экологиялық қауіпсіздіктің қағидаттары болып табылмайды. Демек, заңнамалық қағидаттар әлі де болса толықтыруды қажет етеді.
Әлемнің дамыған елдерінде қоршаған ортаны ластауға рұқсат беру қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалау қағидаты басымдылық негізінде кешенді жүзеге асырылады.
Бұл қағидаттың бір құқықтық көрінісі әлемнің көптеген елдерінің экологиялық заңнамасына енгізілген қоршаған ортаға әсерді бағалау тәртібі болып табылады. Осындай елдер қатарына Қазақстан Республикасы да кіреді.
Қазақстанда, әдетте, ТМД-ның басқа елдеріндегідей, қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалаумен қатар, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізіледі. Мемлекеттік экологиялық сараптамамен ажырағысыз болатын қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) шаруашылық қызметті алдын ала экологиялық бақылаудың тетігі болып табылады.
Қоршаған ортаны превентивтік қорғау немесе қоршаған табиғи ортаға теріс антропогендік әсердің алдын алу қағидаты әлемнің көптеген елдерінде кең қолдау тапқан.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
-
Қазақстан Республикасының Конституциясы 30 тамыз 1995. - 24б.
-
Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексі. 9 қаңтар 2007. - 5б.
-
Адиханова.З. Қоршаған ортаны қорғау шаралары. “А.Ясауи университетінің хабаршысы”. – 2005. – №2. -10б.
-
Кушумбаев.А.А. Экологическое право РК.- Москва. «Юрист». 2002. - С.109.
Литература
-
Конституция Республики Казахстан. 30 август 1995. – С.24.
-
Экологический кодекс Республики Казахстан.9 январь 2007. – С.5.
-
Адиханова.З. Меры по охране окружающей среды. Вестник универсиета А.Ясауи. –2005. – №2. – С.10.
-
Кушумбаев.А.А. Экологическое право РК.- Москва. «Юрист». 2002. - С.109.
References
-
The Constitution of the Republic of Kazakhstan. 30 August 1995. – P.24.
-
Ecological Code of the Republic of Kazakhstan. 9 January 2007. – P.5.
-
Adilkhanova Z. Safety along environmental protection. Bulletin of the University A.Yasawï -2005. - №2. – P.10.
-
Kwshymbaev.A. Ecological Law RK. - Moscow. "Lawyer". 2002. - P.109.
Сведения об авторах.
Ж.С.Шукенова. Қорқыт ата атындағы ҚМУ, «Құқықтану»кафедрасының аға оқытушысы, магистр. Қызылорда қаласы, Қазақстан. Е- mail: jadira_81@mail.ru телефон 8775978025
Е.К.Саниязова Қорқыт ата атындағы ҚМУ, «Құқықтану»кафедрасының оқытушысы, магистр. Қызылорда қаласы, Қазақстан. Е- mail: Erkem_84@mail.ru телефон 87057322566
Достарыңызбен бөлісу: |