Әож 373. 016;821. 512. 122 Қолжазба құқығында



бет1/4
Дата23.02.2016
өлшемі238.5 Kb.
#8366
түріДиссертация
  1   2   3   4

ӘОЖ 373.016;821.512.122 Қолжазба құқығында




Шарибжанова Айзада Булатовна

Оқу орыс тілінде жүретін мектептердің жоғары сыныптарында қазақ әдебиетін түсінік беру арқылы оқыту. 10 – 11 сыныптар.

( С.Торайғыров, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов шығармалары негізінде)

13.00.02 – оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі

(бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ әдебиеті)

Педагогика ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде орындалды.



Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының кандидаты,

профессор Боранбаева З.И.




Ресми оппонентер: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Жаданова К.Х.


педагогика ғылымдарының кандидаты,

доцент Абжаков Т.Д.




Жетекші ұйым: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы

Диссертация 2010 жылы 30 қыркүйекте сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы филология және педагогика, ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д14.05.05 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, кіші мәжіліс залы
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 28 тамызда таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым-хатшысы, филология

ғылымдарының докторы,

профессор: Б. Әбдіғазиұлы.




КІРІСПЕ
Халық тілінің құнарлы да, сүбелі бейнесі сол халықтың көркем әдебиеті арқылы көрінеді. Көркем туынды – ұлт мәдениетінің негізгі көрсеткіші. Себебі, көркем шығарма халық тілінің байлығын ғана көрсетпейді, сондай-ақ оны дамытатын, тілдік жаңа формалармен өсіретін негізгі арналардың бірі болып табылады.

Көркем сөз кестесімен өрілген әдеби шығармалардың бейнелілігі мен дәлдігін, ұлттық тілдің сұлу айшықтарын жан-жақты танытуда түрлі әдіс пен тәсілдерді қолдану тиімді болып отыр. Соңғы кездері әдебиеттану ғылымының әр саласы бойынша дәстүрлі зерттеулермен қатар әдебиетті оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану тәжірибесі де кең өріс алуда. Осыған орай осы зерттеу жұмысы орыс тілінде білім беретін мектептердегі қазақ әдебиетінің әдістемесі, оның ішінде түсінік беру арқылы оқыту тәсіліне арналады.



Зерттеудің өзектілігі. Бүгінгі таңдағы еліміздегі мемлекеттік білім беру саясатының жүзеге асырылуы білім беру мен оқытудың барлық әдістемелік жүйесін бүгінгі қоғам талабына сай қайта қарауды талап етеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында: “Бәрі де мектептен басталады. Сондықтан біздің 2008 жылдан бастап 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшіп, педагогтардың кәсіптік деңгейін оқулықтар мен білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру керек” деп айтылған [1, 6]. “Білім беру саласында қалыптасқан ахуал республиканы дамытудың қазіргі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайларына және жоғары дамыған елдердің прогресшіл тәжірибесіне сәйкес келеңсіз құбылыстарды болдырмау, түбегейлі ұйымдық, құрылымдық қайта құрулар, білім берудің мазмұнын жаңарту және мамандар даярлаудың сапасын жетілдіру қажет екенін көрсетеді” делінген [2, 2]. Осындай жаңартуды қажет ететін пәндердің бірі – орыс тілінде білім беретін мектептердегі қазақ әдебиеті. Өйткені “уақыт өткен сайын әдебиеттің қоғам дамуындағы маңызы артып, мұралық туындылар жаңаша оқылады, жаңаша түсіндіріледі" [3, 6].

2003 жылға дейін орыс тілді мектептердегі қазақ әдебиеті орыс тілінде оқытылып келді. Оның негізгі себептері: кезіндегі Кеңес Үкіметінің білім беру жүйесі бірізге салынғаны, ұлттық тіл мен әдебиеттің, сондай–ақ тарихтың, мәдениеттің қажетті деңгейде оқытылмауы, ана тілінің мәртебесі төмендетіліп, орыс тілінің ықпалына айырықша мән берілуінде, қазақ әдебиеті пәні шектен тыс саясаттандырылып өзге тілде оқытылуы, оған бөлінген сағат санының аздығы, т.б.

Қазіргі кезде басқа ұлт өкілдерінің тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ әдебиетін ана тілінде оқыту кеңінен қолға алынуда. Бұл – республикамыздың бүгінгі таңдағы мемлекеттік тіл тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асыруды қажет ететін және қазіргі қоғамдық - әлеуметтік сұраныс талабынан туындап отырған мәселе.

Мектептегі әдебиетті оқыту әдістемесіне орыс ғалымдары Голубков В, Кудряшев Н, Маранцман В, Рез З, Черкезова М өз еңбектерін арнаса, қазақстандық ғалымдар Ақшолақов Т, Әдібаев Х, Жұмажанова Т, Көшімбаев А, Қоңыратбаев Ә, Мақпырұлы С, Тілешова С, Сманов Б, т.б. еңбектерінде қазақ әдебиетін оқыту әр қырынан зерттеліп келеді. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі ғылымының мәселелеріне Қ. Айтқалиев, Қ. Бітібаева сынды әдіскер–ұстаздар көп назар аударып отыр. Ал зерттеу жұмысының негізгі өзегі болып табылатын орыс тілді мектептердегі қазақ әдебиетін оқытуға Әбілқасымова К, Әрінова Б, Батаева З, Қаламбаева Г, Көшербаева А, Кәрібжанова В, Көшенова Р, Құрманбай Г, Махракова И, Орешникова И, Рауандина А, Сариева К, Тебегенов Т, т. б. ғылыми–зерттеу жұмыстары арналды. Алайда, әдебиет пәні әдістемелік нұсқаулармен толық қамтылды, оқулық толықтырылып осы күйінде пайдалануға лайықты деуге, біздің ойымызша әлі ертерек.

Осы зерттеу жұмысының өзегі болып отырған (10-11 сынып) Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыровтың шығармалары – уақыт озған сайын маңызын жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жетер асыл қазына. Олардың шығармаларындағы психологиялық талдаулар заман шындығымен, уақыт тынысымен үндес, сабақтас. Осы құндылықтардың мәні мен маңызы қазіргі күнде ұлтымыз үшін ауадай қажет және оны қазақ елінде тұратын басқа ұлт өкілдеріне таныту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл ретте табандылық, шыдамдылық, қажырлық таныта отырып қыруар жұмыстар істеу керек. Себебі, қазақ қаламгерлерінің қай-қайсысын алсаң да, шығармалары да жалпы өмірбаяндары да қазақтың тарихымен, мәдениетімен тығыз байланысты. Сондықтан, қазақтың майталман ақын-жазушыларының жалпы тұлғасын таныту үшін өмірлері мен шығармаларының оқыту аясын кеңейту қажет.

Оқу орыс тілінде жүретін мектептердің жоғары сыныптардағы қазақ әдебиеті оқулығындағы берілген әдеби материалдар көлемі қазақ әдебиетінің мазмұнын және әдістерін анықтауға мүмкіндік береді.

Әдістер теориясында талассыз тұрақталған “оқыту тәсілдері” деген ұғым жоқ, тек тәсілді әр түрлі саралау бар. Әдебиет спецификасын оқу пәні ретінде және көркем әдеби шығарманы оқудағы негізгі әрекетін ескере отырып, тәсілдерді саралау тізімін түсінік беру арқылы оқыту тәсілімен толықтыруға болады.

М. В. Черкезова түсінік беру арқылы оқытуға батыл бет бұрған алғашқы ғалымдардың бірі болып, оның кешенді түріне басты назар аударады. Көркем шығарманы талдаудағы түсінік беру - сабақтың әр кезеңінде қажет деп есептейді. Сонымен қатар Черкезова түсінік беру арқылы оқытудың кешенді түрлерін көрсетеді:



  • а) тарихи – мәдени

  • ә) географиялық

  • б) лингвистикалық

  • г) этнографиялық - кешенді түсінік беру ұстанымына қатысты болады деп есептейді. [4].

Қазақ әдебиеті пәнін түсінік беру арқылы оқыту орыс тілді мектептерде ерекше орын алуы керек. Орыс тілді мектеп оқушысы әдеби шығармаларда бұрын таныс емес бөтен, қазақи тұрмыстың суреттелуін, түсіндіруді қажет ететін тарихи-мәдени және саяси өмір фактілерін кездестіреді. Оның үстіне тілдік кедергілер және қазақ әдебиетінің орыс мектебінде басқа ұлт тілі ретінде оқытылуы - көркем шығарманы түсінік беру арқылы оқытудың рөлін арттырады.

Қазақ әдебиетінің түпнұсқа негізінде оқытылуы кешенді түсінік беру ұстанымы болып табылады. Оны мынадан көреміз:

- Тарихи - мәдени түсінік беру яғни, оқылып отырған көркем шығармада немесе ақын-жазушы өмірбаянын оқуда және орыс мектебі оқушыларына түсініксіз немесе белгісіз жағдайларда көрініс тапқан қазақ тарихы мен мәдениетінің фактілерін ашып беру;

- Географиялық - қазақ халқы тұратын географиялық (табиғи) жағдайларды (климат, рельеф, жануарлар, өсімдіктер әлемі) түсіндіру;

- Лингвистикалық түсінік беру - тілдің әр түрлі элементтерін, мағынасын шығармада қолдануын түсіндіру;

- Этнографиялық - орыс халқының тұрмысында кездеспейтін, қазақ халқының дәстүрлері мен ырымдарын, ұлттың бөлек тұрмысын түсіндіру.

Түсінік берудің барлық түрі өзара байланысты, жеке түрде сирек қолданылады. Мақсатына қарай тереңдейтін, жалпылайтын, жаңалайтын болады. Осы тұрғыдан алғанда орыс тілінде білім беретін мектеп оқушыларының әдеби білімін жетілдіру, қазақ халқының ұлттық мәдениетін, мемлекеттік тілді меңгерту жолында С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов шығармаларын оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, идеялық-көркемдік мазмұнын саралап, ретті, жүйелі түрде түсінік беру арқылы оқыту мәселесі зерттеудің өзектілігін көрсетеді.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов шығармаларын орыс мектебі оқушыларына түпнұсқа арқылы меңгертуде түсінік беру арқылы оқыту әдісін қолдану ерекшелігін тәжірибе жолымен тексеру, оның теориялық негіздемесін анықтау, оқушылардың сөз байлығын кеңейтуге, сөйлеу мәдениетінің жетілуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал ету - зерттеу жұмысының негізгі мақсаты.

Аталған мақсатқа жету үшін келесі нақты міндеттерді шешіп алу көзделді:

- түсінік беру арқылы оқыту – тиімді әдіс екендігін анықтау, тәжірибелік – эксперимент жұмысы арқылы тексеріп дәлелдеу;

- орыс тілді мектептерде қазақ ақын – жазушылары С.Торайғыров, М.Жұмабаев және Ж.Аймауытов шығармаларын оқытудағы әдебиеттанушылық, психологиялық–дидактикалық және әдіснамалық негіздерін айқындау;

- орыс сыныптарындағы оқушылардың қазақ әдебиеті туындыларын түпнұсқада оқуға деген оқырмандық қызығушылығын қалыптастырудың жолдарын белгілеу.

Зерттеудің дереккөздері. Орыс тілді мектептерде жүргізілетін Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров шығармаларының мәтіндері.

Зерттеу нысаны. Орыс тілінде білім беретін мектептердің 10–11 сыныптарында оқытылатын қазақ ақын–жазушыларының шығармаларын түсінік беру арқылы меңгерту әдістемесі.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет