ӘОЖ 378:76:37.013 Қолжазба құқығында
Танирбергенов Медеубек Жұматайұлы
ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ГРАФИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ
13.00.02 – Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі ( бастауыш, орта және жоғары білім беру жүйесіндегі бейнелеу өнері )
АВТОРЕФЕРАТ
Педагогика ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертация
Шымкент, 2010
Жұмыс М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік
университетінде орындалған
Ғылыми кеңесші: Педагогика ғылымдарының доктор, профессор А.А. Қалыбекова
Оппоненттер: Педагогика ғылымдарының доктор, профессор Қ.Ж. Амиргазин
Педагогика ғылымдарының доктор, профессор Л.С. Сманов
Педагогика ғылымдарының доктор, профессор Қ.Е. Ералин
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
Диссертация 2010 ж. «_____»___________ cағат ________ М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д.14.20.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады. (160000, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5).
Диссертациямен М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы «_____»___________ таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы: С.А. Жолдасбекова
Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі: Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында нәтижеге бағытталған білімге тек мұғалімнің кәсіби біліктілігі арқылы жетуге болатындығы айырықша сөз етілген. Яғни өмірге жаңа мұғалім керек. Ал бүгінгі «жаңа формациядағы мұғалім ізденімпаз, өзіне-өзі талап қоя білетін, кәсіби-құзырлық және шеберлілік деңгейі жоғары, рухы биік, даралық сапалары жетілген, шығар тауы биік маман» екендігін Қазақстан Республикасы «жаңа тұрпатты мұғалімінің үздіксіз мұғалімдік білімі» тұжырымдамасы айқындап берді.
Жоғары кәсіби білім беру жүйесінің негізгі мақсаты-осы заманғы мазмұнға негізделген, барынша сапалы кәсіптік білім беру арқылы біліктілігі жоғары және бәсекелестіктің мықты тегеурініне төтеп бере алатын мамандарды даярлау үдерісін жоғары қарқынмен жүргізу болып табылады
Қазақстан Республикасының жоғары білім беру саласында жаңа кәсіби білімді терең меңгерген мамандарға деген сұраныстың артуы мен оларды даярлаудағы әдістемелік білімділігі мен қабілеттілігі, біліктілігінің қазіргі талаптарға сай болуы өте үлкен маңызды жұмыстарды атқаруды талап етеді және мамандардың кәсіби даярлығын білім стандарттарының мазмұнына ылайық жетілдіру өзекті мәселе болып табылады.
Бүгінгі таңда, Республика өміріндегі өзгерістер білім беру саласына, соның ішінде мектеп оқушыларын жеке дара тұлға етіп тәрбиелеу ісіне де әсерін тигізуде. Әлемдік білім беру кеңістігіне толығымен кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап етеді.
Болашақ мұғалім тұлғасын кәсіби дайындаудағы сапалық жақтары А.В.Луначарский, А.С.Макаренко, С.М.Балтабаев, С.Ұзақбаева,Л.И.Рувинский, және т.б. белгілі педагогтардың ғылыми енбектерінде эстетикалық және көркемдік тәрбиенің аса маңызды факторлары қарастырылады.
Қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі шығармашылығы арқылы беріліп отырған эстетикалық көзқарастары мен талғамдары, педагогика тарихынан есімдері танымал ағартушы ғалымдардың-Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Көбеев, С.Қалиев, Ә.Нысанбаев, Қ.Жарықбаев т.б. құнды ой пікірлері мен еңбектерінде мұғалім мәдениеті мен шеберлігіне және бейнелеу өнері және сызу мамандығы мұғалімдерінің кәсіби қабілеттерін қалыптастыру жүйесіне көп көңіл бөлінген .
Бейнелеу өнері және сызу мамандығының мұғалімдерін даярлау мәселесінде Н.Н.Ростовцев, А.А.Унковский, В.С.Кузин, А.С.Хворостов, Т.Я.Шпикалова, Е.В.Шорохов, А.Е.Терентьев, Г.Б.Беда, Қ.Ж.Әмірғазин, Қ.Е.Ералин, Д.А. Кемешев, С.А.Аманжолов, Қ.К.Болатбаев, С.С.Булатов, С.Ф. Абдуллаев және т.б. еңбектерінде жас ұрпақты бейнелеу өнеріне тәрбиелеу өзекті мәселенің негізі болған.
Көркемдік-эстетикалық тәрбие беруді барынша дамытуға, оқушылардың өнерге деген қызығушылығын қалыптастырудың мәселесіне назар аударған ғалымдар Қ.Е.Ералин, С.А.Ұзақбаева, Ұ.Ибрагимов, С.А.Жолдасбекова, Б.А.Әлмұқамбетов, Ұ.Әбдіғапбарова, Ж.Балкенов, А.Қамақов, Е.С.Асылханов, Б.К.Байжігітов, Қ.Ж.Әмірғазин, Л.С.Сманов, Т.М. Мусалимов, Л.А.Ивахнова, Қ.К.Болатбаев, Б.И.Ижанов, Д.Кемешов, Қ.О.Жеделов, Е.Митрофанова, C.Р.Матаева, З.Ш.Айдарова, Б.А.Айдарбек, П.А.Абашева және тағы басқалардың ғылыми еңбектерінде ұлттық өнер негізінде оқушыларға эстетикалық тәрбие беру теориясы мен көркемдік білім беру зерттеліп халықтың өнерге деген тәлім тәрбие міндеттерінің маңызы ашылып көрсетілген.
Қазақстан Республикасының мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық бейнелеу өнерін зерттеуге үлес қосып келе жатқан өнер зерттеуші ғалымдар арасында Г.Сарықұлова, И.Рыбакова, М.Ғабитова, Р.Көпбосынова, Н.Нұрмұхаммедов, К.Ли, Ш.Тоқтабаева, А.Ниязовтың еңбектері жастарға көркемдік білім берудің мазмұнын аңықтады, қазақ бейнелеу өнеріне қатысты теориялық иллюстрациялық материалдарды толықтырды.
Сондықтан да, болашақ мұғалімдер-жеткіншек ұрпақтарды оқытып-тәрбиелейтін болғандықтан, суретші-мұғалім мамандығында оқып, дәріс алып жүрген студенттерді графика пәнін оқытуға әдістемелік даярлық, білімділік сапасын жетілдіру өзекті мәселеге айналып отыр.
Бейнелеу өнері мұғалімдерін графика пәнін оқыту әдістемесін меңгертуде әдістемелік даярлығына қоятын қоғамыздың жаңа тапсырыстары ең алдымен осы даярлықтың әдістерін және де көркем білім берудің жалпы жүйесін жаңартуды көздейді.
Мұның бәрі ең алдымен графика пәнін оқыту әдістемесі пәні бойынша элективті курстар, ғылыми-әдістемелік көмекші құралдар, әдебиеттерді жетілдіру керектігін көрсетеді. Бейнелеу өнері мұғалімдерін графика пәнін оқытуда мамандарды сапалы даярлау мәселесі - қазірде ЖОО өзекті мәселелерініңбірі болып саналады.
Иоганн Вольфганг Гетё: «көркемдік білімі жоқ балаларды табиғатқа итермелеудің қажеті жоқ, бұл оны табиғаттан да өнерден де алшақтандырады»-деп жазған.
Сондықтан мектепте бейнелеу өнері сабағында көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие беру, яғни өнер пәнін оқытуды жандандыруымыз керек.
Бұл міндеттерді ойдағыдай шешуге бүгінгі таңда пайдаланылып жүрген бағдарламалар толық қомақты үлес қоса алады деп айту қиын. Сондықтан балалардың жас ерекшелігіне байланысты, өнердің өзіндік ерекшеліктері ескерілген бағдарламалар мен әдістемелік құралдар қажет.
Диссертациялық жұмыста бейнелеу өнері мұғалімдерін графика пәнін оқыту әдістемесі арқылы көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие мәселесі төңірегіндегі педагогикалық зерттеулер, орта білім беретін мектепте міндетті пән қатарында оқытылатын бейнелеу өнері пәнінін мазмұнын оқытудың теориясы мен әдістерін зерттеуді негізге алдық.
Бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттерін графика пәнін оқыту әдістемесі арқылы графика пәнін оқытуда бүгінгі таңда оқушыларға көркем шығарманы толық мәнді түйсіне білуге тәрбиелейтін маман қажет. Себебі бейнелеу өнері пәні сабағында ғана оқушылар бейнелеу өнерінің тарихы және теориялық даму үрдісі жөнінде тереңірек білім алып, көркем шығарманы талдауға және ол туралы өз пікірін сауатты жеткізе білуге үйренеді, көркемдік пікірлері қалыптасып, сөйлеу мәдениеті дамиды және эстетикалық тәрбие беру жолдары, бүгінгі педагогикалық білімдердің деңгейін сөзсіз жаңа сапаға көтереді.
Ғылыми әдебиеттер мен жоғары оқу орындары бейнелеу өнері және сызу мамандығының бағдарламаларына жүргізілген талдаулар мен тәжірибелі маман педагогтардың пікірі көзқарастары бұл мәселенің толық зерттелмегендігін дәлелдейді.
Мәселенің тәжірибедегі және ғылыми еңбектеріндегі негізін зерттеу бірқатар жағдайлар жайлы ой қозғауға мүмкіндік береді:
- көркемдік білім берудің педагогикалық шарттары мен олардың графика сабақтарында өнер түрлері үйірмесінің тәжірибесінде кеңінен қолданылмауы;
- мектепте бейнелеу өнері пәні сабағы мен өнердің түрлерінен үйірме тәжірибесін тиімді пайдалана алатын кәсіби мамандардың қажеттілігі;
- жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттерін графика пәнін оқыту әдістемесі арқылы кәсіби дайындауда кәсіби тұрғыдан оқыту үдерісін енгізуге байланысты педагогика ғылымы ұсынған талаптар мен олардың шешімін табуға мүмкіндік туғызатын әдістемелік нұсқаулардың жоқтығы сияқты қарама-қайшылықтардың барлығы аңғарылды, сондықтан осы аталған қайшылықтар «Жоғарғы оқу орындарында графиканы оқытудың теориялық және әдістемелік негіздері» - деген зерттеу тақырыбын таңдауымызға себепші болды.
Зерттеудің мақсаты – жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графиканы оқытуды теориялық негіздеу, әдістемесін жасау және оның тиімділігін тәжірибелік-эксперименттік тұрғыдан дәлелдеу.
Зерттеудің нысаны – жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графика өнерін оқыту процесі.
Зерттеудің пәні – жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графиканы оқытудың мазмұны мен әдістемесі.
Зерттеудің ғылыми болжамы – егер, жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері пәнінің графика бөлімін оқытудың маңыздылығына мән беріліп, оны оқытуды ғылыми-әдістемелік қамтамасыздандыру жеткілікті дәрежеде іске асырылса, осы бағытта элективті курстар енгізіліп, үйірме жұмысын ұйымдастыру және өткізудің мазмұны мен әдістемесін жасау және қолдану жолымен оқытудың сапасы арттырылса, онда студенттердің графикалық білімдері мен іскерліктерінің деңгейі жоғарылайды, өйткені болашақ мамандардың графикалық құзырлықтарды меңгеруге қызығушылықтары артып, шығармашылық қабілеттері мен білім деңгейін көтеру арқылы графиканы оқытуды жетілдіруге мүмкіндік туады.
Зерттеудің міндетттері:
1. Жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графика өнерін оқытудың маңыздылығы, мақсаттары мен міндеттері анықтау.
2. Қазақстанда графика өнерін оқытудың қалыптасуына тарихи-генетикалық сипаттама беру және оның қазіргі жағдайын айқындау.
3. Жоғары оқу орындары студенттеріне графика өнерін оқытудың заңдылықтары мен принциптерін анықтау.
4. Жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графиканы оқытудың мазмұнын ғылыми-педагогикалық және әдістемелік тұрғыдан негіздеу және бағдарламасын әзірлеу.
5. Бейнелеу өнерінен элективті курстарда және үйірме жұмыстарында графиканы оқытудың әдістемесін жасау.
6. Студенттердің графикалық білімдері мен іскерліктерінің қалыптасқандық критерилері, өлшемдері мен деңгейлерін анықтау.
7. Жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графиканы оқытудың бағдарламасы және әдістемесінің тиімділігін тәжірибелік-эксперименттік жұмыс арқылы тексеру және оның нәтижелері бойынша ұсыныстар жасау.
Жетекші идея – жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графиканы оқытудың психологиялық-дидактикалық негіздерін анықтап, оның негізінде графиканы оқытудың мазмұны мен әдістемесін жасау және іске асыру студенттердің графикалық өнер саласындағы білімдері мен іскерліктерін жаңа сапалық деңгейге көтереді.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарға қатысты тұжырымдар, көркем-эстетикалық талғам қалыптастыруға, көркемдік білім мен дағдыларды игеруге жүйелі қатынасты және оның жүйеге келтірілген мәдениеттану, өнертану, көркемдік-эстетикалық педагогикалық, психологиялық тұжырымдамалары алынды.
Зерттеу көздері: Қазақстан Республикасының заңдары, Конституциясы, Ғылым мен білім министрлігінің тұжырымдамалары, кешендері, бағдарлама-лары, философтардың, психологтардың, педагогтардың еңбектері, тарихшылар-дың, этнографтардың, өнертанушылардың еңбектері, өнер шеберлерінің бұйымдары, суретшілер шығармалары, автордың жеке өзінің ғылыми-педагогикалық тәжірибесі.
Зерттеудің әдістері: Зерттеу мәселесі бойынша тарихи-этнографиялық мұражайлармен көркемөнер шеберлерінің шығармаларымен қазақ бейнелеу өнері мұраларымен, шет ел бейнелеу өнерімен танысу, көрмелер мен суретшілер шеберханаларына бару, әдеби, өнертану, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерге, теориялық талдау жасау, эксперимент нәтижесіне баға беру.
Зерттеудің негізгі кезеңдері:
I - кезең (2004-2006 жылдар) графика өнерінің көркемдік эстетикалық тәрбие берудегі ролін аңықтау, пәнді оқытудың бағдарламасын даярлау мақсатымен әдебиеттерге талдау жасап, Еуропа мен Азия өркениетінің, Шығыс өнері, Батыс Еуропа мен Ресей халықтарының көркемдік мәдениеті мен өнерін әлемдік көркемдік жүйемен салыстыра отырып Қазақстан жерін, өз Отанын мақтан тұтып, әлемдік мәдениетті терең оқып меңгеруінің мазмұны мен әдістерін жетілдіру жолдары қарастырылды.
II - кезең (2006-2008 жылдар) зерттеу мәселесі бойынша әдебиеттерді оқып-үйрену жалғастырылды. Студенттердің көркемдік білім эстетикалық тәрбие үлгілерін тереңдете меңгеру мақсатында оқу әдістемелік эксперименттік жұмыстары жүргізіліп; студенттерді графика өнерін оқытудың әдістемесі арқылы графиканы оқытуға кәсіби дайындау мақсатында графика пәнін оқыту әдістемесінен элективті курстың бағдарламасы жасалды. Педагогикалық тәжірибе бағдарламасына бейнелеу өнері шығармаларын қолдану арқылы көркемдік білім эстетикалық тәрбие беруді қамтамасыз ететін қосымша бағдарлама ендірілді.
III - (2008-2010 жылдар) зерттеудің нәтижелері талқыланып, жүйеленді, олардың нәтижелері қортындыланды. Алынған нәтижелер мен қортындылар бойынша графиканы оқыту әдістемесі пәнінің (графиканы оқыту әдістемесі, графика пәніне арналған бағдарлама) тұжырымдама, оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін жасау жұмыстары толықтырылып, өңделді. Зерттеу қортындылары диссертациялық нұсқада жүйеленді.
Зерттеу базасы: ретінде эксперименттік жұмыс М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, педагогика және мәдениет факультетінде, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің спорт және өнер факультетінде, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің көркем сурет факультетінде, Оңтүстік Қазақстан педагогика-лық университеті педагогика факултетінде, Академиялық инновациялық университеті өнер факультетінде жүргізілді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні:
- жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графика өнерін оқытудың маңыздылығы, оның мақсаттары мен міндеттері анықталды;
- Қазақстанда графика өнерін оқытудың тарихи кезеңдері және оның қазіргі жағдайы айқындалды;
- жоғары оқу орындары бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графика өнерін оқытудың заңдылықтары мен принциптері анықалды;
- жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графиканы оқытудың мазмұнын ғылыми-педагогикалық және әдістемелік тұрғыдан негізделді және бағдарламасы әзірленді;
- графика өнерінен элективті курстар және ұйірме жұмыстарын ұйымастыру мен өткізудің әдістемесі жасалынды және теориялық негізделді;
- студенттердің графикалық білімдері мен іскерліктерінің қалыптасқандық критерилері, өлшемдері мен деңгейлерін анықталды және негізделді;
- жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графиканы оқытудың бағдарламасы және әдістемесінің тиімділігін тәжірибелік-эксперименттік жұмыс арқылы тексерілді және оның нәтижелері бойынша ұсыныстар жасалынды.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы: жоғары оқу орындарының көркем сурет факультеті, бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне «Графика үйірме жұмысын ұйымдастыру» атты элективті курс типтік бағдарламасы дайындалды; графика, гравирлеу оқу құралдары жасалды, Графика үйірме жұмысын ұйымдастыру пәнінің педагогикалық іс-тәжірибенің бағдарламаларына қосымшалар мен әдістемелік ұсыныстар енгізіліп пайдалануға ұсынылды.
Зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарындағы көркем сурет және графика, бейнелеу және қолданбалы өнер факультеттерінің білім беру жүйелерінде, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру салаларында, өнер гимназиясы мен өнер лицейлерінде графиканы оқыту пәні бойынша элективті курстар бағдарламасы, қосымша көркемдік білім беретін оқу орындарында бейнелеу өнері, кешенді өнер негізінде оқыту мақсатында кеңінен қолданысқа түсті.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: жұмыс авторының талапқа сай әдіснамалық және ілімдік қағидалармен, зерттеу пәніне сәйкес әдіс-тәсілдердің қолданылуымен, эксперимент бағдарламасының педагогикалық мақсатқа сәйкестілігімен, бастапқы және соңғы көрсеткіштері нәтижелерінің қортындылануымен, олардың тиімділігінің жоғары оқу орындарының көркем сурет және графика, педагогикалық факультеттерінде тексерілуімен қамтамасыз етіліп отыр.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
- жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графика өнерін оқытудың маңыздылығы, оның мақсаттары мен міндеттері;
- Қазақстанда графика өнерін оқытудың тарихи кезеңдері және оның қазіргі жағдайы туралы қорытындылар;
- жоғары оқу орындары бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графика өнерін оқытудың негізіне жататын заңдылықтар мен принциптері;
- жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графиканы оқытудың мазмұны және бағдарламасы;
- бейнелеу өнерінен элективті курстарда және үйірме жұмыстарында графиканы оқытудың әдістемесі;
- студенттердің графикалық білімдері мен іскерліктерінің қалыптасқандық критерилері, өлшемдері мен деңгейлері;
- жоғары оқу орындарында графиканы оқытудың маңыздылығына ерекше мән беріліп, оны оқытуды ғылыми-әдістемелік қамтамасыздандырды жеткілікті дәрежеде іске асыру, осы бағытта элективті курстар енгізіп, үйірме жұмысын ұйымдастыру және өткізудің мазмұны мен әдістемесін жасау жолымен оқытудың сапалық деңгейі арттырылған жағдайда студенттердің графикалық білімдері мен іскерліктерінің деңгейі жоғарылайтындығы туралы тұжырым.
Зерттеу нәтижелерінің сынақтан өткізу және ендіру пән мазмұның жетілдіру мәселелері бойынша жүргізілген тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар барысында, жарияланған ғылыми-зерттеу еңбектерінде, алынған нәтижелері Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысуы; «Тарих пен қауіпсіздік қазіргі заманда», (Шымкент, 2004), Қәзіргі ғаламдану жағдайында өнер дамуының көкейкесті проблемалары (Алматы,2005), «Жұбанов тағылымы» (Ақтөбе, 2005), Урта Махсус Касб-Хунар коллажлари ва умумтаълим мактаблари учун тасвирийва амалий санъат, чизмачилик фанларидан педагог кадрлар тайерлашнинг долзарб муаммолари,(Ташкент,2005), «Әуезов оқулары-5» (Шымкент, 2006), «Педагогикалық білімнің өзекті мәселелері», (Шымкент, 2006), «Қазақстандағы этнопсихология және этнопедагогика ғылымдарының ел дамуының жаңа кезеңіндегі өзекті мәселелері», (Алматы, 2007), «Әуезов оқулары-7», (Шымкент, 2008), Ғылым мен білімдегі инновациялық дамудың мәселелері, (Шымкент, 2010) және мерзімді ғылыми-педагогикалық басылымдар мен жинақтарды: «Ізденіс», (Алматы, 2003), «Қазақстан мектебі», (Алдматы, 2003, 2005), «Халк таълими» (Ташкент, 2003), Оңтүстік Қазақстан ғылымы мен білімі, (Шымкент, 2005,2007), Олий ва урта махсус, касб-хунар таълимини ривожлантиришнинг илмий-услубий муаммолари, (Ташкент, 2006), Личностно-ориентированный подход к современному обучению и воспитанию, (Ташкент, 2007), «Білім-образование» ғылыми-педагогикалық журнал, (Алматы, 2007), «Зерттеу әлемі», «Жас зерттеуші» (Шымкент, 2009), «Культура и власть»,(2009) және баспаларда жарық көру арқылы жүзеге асырылды.
Диссертация құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.
«Жоғары оқу орындарында графиканы оқытудың теориялық-әдіснамалық негіздері» атты бірінші бөлімде жоғары оқу орындарында бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графика өнерін оқытудың маңыздылығы, мақсаттары мен міндеттері анықталып, Қазақстанда графика өнерін оқытудың қалыптасуіына тарихи-генетикалық сипаттама берілген. Жоғары оқу орындарында графика өнерін оқытудың заңдылықтары мен принциптері және негізгі бағыттары айқындалған.
«Жоғары оқу орындарында графиканы оқытудың мазмұны мен әдістемесі» атты екінші бөлімде жоғары оқу орындарында графиканы оқытудың мазмұны ғылыми-педагогикалық және әдістемелік тұрғыдан негізделген. Элективті курстарда және үйірме жұмыстарын ұйымдастыру арқылы студенттердің графикалық білімдерін қалыптастырудың әдістемелік ерекшеліктері графиканы оқытудың әдістемесін сипаттау арқылы ашып көрсетілген.
«Студенттердің графикалық құзыреттіліктерін қалыптастыру бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыс және оның нәтижелері» атты үшінші бөлімде жоғары оқу орындарында графиканы оқытудың автор ұсынған бағдарламасы және әдістемесінің тиімділігін тексеру бойынша тәжірибелік эксперименттік жұмыс және оның нәтижелері баяндалып, алынған нәтижелерге талдау жасалынған.
Қорытынды бөлімде аталған мәселелерді зерттеудің нәтижесінде аңықталған тұжырымдар, графика өнерін оқытудың мазмұны мен құрылы-мын жетілдіру жолдары айқындалып, ұсыныстар берілді.
Қосымшада зерттеудің тәжірибелік материалдары, элективті курстың бағдарламалары, графика пәнін оқытудың теориялық және тәжірибелік маңыздылығы мен нәтижелері және сабақ жоспарларының үлгілері келтірілді.
Негізгі жұмыс мазмұны
Қазақстан Республикасының жоғары білім беру саласында жаңа кәсіби білімді терең меңгерген мамандарға деген сұраныстың артуы мен оларды даярлаудағы әдістемелік білімділігі мен қабілеттілігі, біліктілігінің қазіргі талаптарға сай болуы өте үлкен маңызды жұмыстарды атқаруды талап етеді және мамандардың кәсіби даярлығын білім стандарттарының мазмұнына ылайық жетілдіру өзекті мәселе болып табылады. Бүгінгі таңда, Республика өміріндегі өзгерістер білім беру саласына, соның ішінде мектеп оқушыларын жеке дара тұлға етіп тәрбиелеу ісіне де әсерін тигізуде. Әлемдік білім беру кеңістігіне толығымен кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап етеді.
Бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне графика пәнін оқыту әдістемесі арқылы графика пәнін оқыту бүгінгі таңда оқушыларға көркем шығарманы толық мәнді түйсіне білуге тәрбиелейтін маман қажет. Себебі осы графика пәні сабағында оқушылар бейнелеу өнерінің тарихи және теориялық даму үрдісі жөнінде тереңірек білім алып, көркем шығарманы талдауға және ол туралы өз пікірін сауатты жеткізе білуге үйренеді, көркемдік пікірлері қалыптасып, сөйлеу мәдениеті дамиды және эстетикалық тәрбие беру жолдары, бүгінгі педагогикалық білімдердің деңгейін жаңа сапаға көтереді.
Графика өнеріндегі көркем шығармашылық процесті жетілдірудің мақсатын – бейнелеу өнерінің құрылымдық формаларының көркемдік ерекшеліктерін, даралық стилін, ашу екенін білеміз. Графика өнеріндегі көркем шығармашылық процесс графика элементтерінің бүкіл формаларының үйлесімділігі арқылы танылады.
Біздің пікірімізше стиль - графика өнеріндегі көркемдік формалардың бейнеленуі. Стиль - образды графика формаларының барлық элементтерінің бірлік көрінісі, солардың басын құраушы, біріктіруші. Графика өнеріндеғі стиль объективті дүниені бейнелеу арқылы көру - ойлау, бейнелеу процесі.
Біздің зерттеуіміздегі бейнелеу өнері студенттері графика өнеріндегі көркем шығармашылығы белгілі бір образда графика элементтерін әдептеу (стилизациялау) арқылы шығармашылық нәтиже әкелетін көркемдік бағыт түрлері болып саналады. Графика өнеріндегі көркем образдар жүйесі, графика элементтерін әсерлі бейнелеу шеберлік қырлары - ақылдан, ойдан қиялдан, философиялық көзқарастан туады. Графика өнерінде көркем шығармашылық негізі үш бөліктен тұрады: графика элементтерін ойлап табу, әсерлеу, көркемдеу, жүйелі орналастыру және шебер орындау.
Жалпы шығармашылық іс-әрекет процесі күні бүгінге дейін ешкімге емеурін білдірмей, бар құпиясы мен жұмбақ сырын жасырып жатқан аса қиын, тылсым тұйық құбылыс. Оны зерттеу үшін жалғыз ғана өнер заңдылығын сезіп, біліп сонымен ғана өлшеп-жобалау мүлдем аздық етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |