Әож 80: 930. 24 МҰхаммед хайдар дулатидің Ұстазы бабыр және оның Өмір сүрген кезеңІ



Дата23.02.2016
өлшемі53.67 Kb.
#10047
ӘОЖ 80:930.24
МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИДІҢ ҰСТАЗЫ БАБЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ ӨМІР СҮРГЕН КЕЗЕҢІ
Ибрагимова Г.Қ.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
Мұхаммед Хайдар Дулати кезеңі тарихи оқиғалардың өрбуімен, түрлі әлеуметтік-саяси күштердің қақтығысуларымен, қоғамдық өмірдегі ұлттық көзқарастардың орын алуымен ерекшеленеді. ХІҮ-ХҮ ғасырларда түрлі күштердің бір-біріне қарсы шығуы негізінде көршілес хандықтар арасында қақтығыстар жиі белең алды. Осы кезеңде ғұмыр кешкен Мұхаммед Хайдар Дулатидің балалық шағы біршама қиындықтардан тұрды. Мұхаммед Хайдардың әкесі Мұхаммед Хұсейн Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд ханмен (1487-1503) жақсы қарым-қатынаста болып, 1493 жылы Сұлтан Махмұд ханның қарындасы Хуб Нигар ханыммен некеге тұрды. 1495 жылы Өртебе уәләяты әмірлігінде билікке тағайындалып, бірнеше жыл Сұлтан Махмұд ханның қарауында Ташкент қаласында болды. Осы қалада 1499 жылы Мұхаммед Хайдар дүниеге келді. 1503 жылы Сұлтан Махмұд хан Ахсида Шахибек хан әскерімен соқтығысып, жеңіліс тапты. Соның салдарынан Мұхамед Хұсейн Ортөбеден Қаратегінге, ол жерден Кабулға Мұхаммед бабырдың қол астына барды. 1506 жылы Бабыр Хорасанға кеткенде Мұхаммед Хұсейн оның қарсыластарымен бірігіп, тақтан тайдырмақшы болды. Алайда ойға алған істері жүзеге аспай, Мұхаммед Хұсейн өз кінәсын мойындап, Ферғана қаласына кетеді. Онда ол Шейбани хана бұйрығымен өлтіріледі. Әкесі өлгенде тоғыз жаста қалған Мұхаммед Хайдар ұстазы Мауланамен Бұхараға барады. Бұл жақта да Шейбани хан Мұхаммед Хайддарды өлтірмекші болады. Осы келеңсіз оқиғалардан құлағдар болған Бабыр мырза Мұхаммед Хайдарды өз қарамағына алады. Мұхаммед Хайдар 1509-1512 жылдар аралығында Бабыр сарайында тұрақтайды. Өз кезегінде туған бөлесі болып келетін Бабыр Мырза Мұхаммед Хайдарға әкелік қамқорлық көрсетіп тәрбиелейді. Өнер-ғылымға баулып, жоғарғы дәрежеде білім алуына қол жеткізеді. Ол өзінің «Бабырнама» атты атақты туындысында Мұхаммед Хайдар ғұмыры жайындағы әңгімелерінде былай дейді: «Хуб Нигер ханымның ұлы Хайдар мырза еді. Әкесін өзбектер өлтіргеннен кейін ол үш-төрт жыл менің қасымда болды. Содан кейін рұқсат сұрап, Қашқарияға, ханға кетті.

Алтын, күміс, қорғасын,

Нендей асыл болмасын

Тартады өз тегіне.

Енді ол орнықты, байсалды азамат болып жақсы жолға түсіпті деп естідім. Жазуға, сурет салуға машық, жебе жасауға, зергерлікке, садақ шыбығын июге қолының ебі бар еді. Ол менен кешірім сұрап хат жазыпты, сөз саптауы тәуір»(11-бет).

Мұхаммед Хайдарға ұстаздық, әкелік қамқор танытқан Захириддин Мұхаммед Бабыр әлемдік ғылым мен әдебиет қазынасына зор үлесін қосқан дарынды ғалым-тарихшы, заңгер, лирик ақын. Осы себептен де Бабырдың ғылыми және әдеби мұрасы әлем ғалымдарының зерттеу нысаналарына айналып, назардан тыс қалған емес. Ол өз кезегінде «Рисолан харбия» (әскери іс жөніндегі жазба), « Рисолан мусиқа» (музыка жөніндегі жазба), «Муфассал» (арзу үлгісіндегі өлең жазу теориясы), «Хат-те Бабури»(Бабыр әліппесі), «Мубайни» (заң ғылымы, тәлім тәрбиеге арналған еңбек), «Бабырнама» сынды ғылым саласының төрінен орын алатын шығармалардың авторы.

ХV ғасырдың 80-шы жылдарында дүниеге келген Бабыр әкесі қайтыс болған соң жастайынан ірі жер иесі ретінде мұраға берілген иелігін басқарады. Өзара феодалдық қақтығыстарға қатысып, Мауереннахрда орталықтандырылған мемлекет құрмақшы болады. Алайда оның жоспарлары жүзеге аспай, сол кезеңдегі (1504ж.) билік басындағы Шейбани хан Әндіжанды қол астына қаратып, Бабырдың Ауғаныстан мемлекетіне кетуіне себепші болады.

Бабыр Кабул, Ғазна, Бадахшанда өз билігін орнатады. Оның Орталық Азияға қайта оралу жоспары жүзеге аспай, Үндістанға жорыққа дайындалады. Бабыр бұл жорығында ауғандық ірі феодалдар мен Орталық Азиядан келген бай-шонжарлар тарапынан қолдау табады. 1519-1525 жылдар аралығында Үндістанға бірнеше жеңісті жорықтар жасайды. Бабырдың әскері негізінен жалайыр, барлас және ауғандық тайпалардан құрылды. Бабырдың Үндістанға жасаған жорықтарының жеңісті болуының бірден бір себебі үндістандық фоедал шонжарлар тарапынан қолдау табуы. Осылайша 1525 ж. Пенжабты еш соғыссыз жаулап алып, сол кезеңдегі Үндістанды басқарып отырған Ибраһим Лодимен шайқасқа түсіп, жеңіске жетеді. Бабыр бұл жеңіске үлкен әскери дайындықпен, моғолдар мен өзбектердің тәжірибелі соғыс тактикаларын қолдануымен жетті. Нәтижесінде Дели сұлтанатының басты қалалары Дели мен Агра Бабырдың қолына өтті. Бұл жеңіс Ұлы Моғол империясының негізін қалады. Алайда Үндістандағы бірнеше ірі феодалдық иеліктердің билеушісі Рано Синграма Сингхпен де шайқасып, жеңіске жетпей Бабыр өзін толықтай Үндістанның билеушісі ретінде санамады. 1527 жылы осы ірі феодалмен шайқасқа түсіп, жеңіске жетті және Үндістанның билігін толығымен өз қолына алды. Алайда оның билігі ұзаққа бармай, 1530 жылы Агра қаласында дүниеден өтеді. Бабырдың аз ғана уақыт билік құрғанына қарамастан, Үндістан бірнеше салада үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Үндістанның ірі қалаларын абаттандырып, су ресурстарын жүйеге келтіреді. Көптеген маңызды құрылыстар жүргізеді.

Бабырдың әскери жорықтары мен білгір билеушілік қасиетінен басқа шығармашылық қырлары да жан-жақты. Бабырдың поэтикалық мұрасын зерттеуде оның лирик-ақын екендігіне көз жеткіземіз. Оның әуенді, лирикалық өлеңдері уақыт сынынан өтіп, қазіргі кезеңге жетіп отыр. Бабыр сынды қаламы қарымды прозашы мен керемет ақынның қалыптасуына сол дәуірдегі Мауереннахрдағы, Хорасан, Үндістандағы мәдени өмір мен қоғамдық орта әсер етпей қоймады.

Әкесінің қайғылы қазасы, мемлекеттегі саяси-әлеуметтік жағдайлардың ушығуы, феодалдар арасындағы бақталастық Бабырды көптеген қиындықтармен кездестірді. Үздіксіз феодалдық қақтығыстардың әсерінен Бабыр әскери тәжірибе жинақтап, жиі сапарларға шығып тұрды. Нәтижесінде Самарқанд, Кабул, Герат аймақтарында білім-ғылым, әдебиет, мәдениет өкілдерімен жиі кездесті. «Бабырнамада» Орталық Азия мен Хорасанның атақты ғылым, мәдениет өкілдерімен кездесулері де баяндалады. Бұл еңбегінде Бабыр негізінен елдегі саяси жағдайды, өзінің әскери жорықтарын баяндайды. Осы себептен де Бабырдың әдеби ортасы толығымен туындыда ашылмайды. Осы дәуірдегі әдеби орта жайында мағлұматтарды ХҮ-ХVІ ғасырларда Орта Азия, Хорасан, Иран, Үндістанда құрастырылған Шығыстық антологиялардан ала аламыз. Атап айтар болсақ Әлішер Науаидің «Мажалус-ан-Нафис»(Әлішер Науаидің әлемі), Фахри ибн Мухаммад ал-Херави «Равзат-ус-салатин», Саид Хасан Ходжа Нисори «Музакир-ул-ахбоб», Мир Аишер Кониг Тантави «Маколат-ул-Шуора» сынды шығармалар.

Бабырдың дүниетанымы мен эстетикалық талғамының қалыптасуына Әлішер Науаи мен ірі ғалым, ақын Әбдірахман Жамилермен замандас болуы ықпал етті десек те болады. Бабырдың шығармашылығына әсіресе Әлішер Науаидің шығармалары көп әсер етті. Оның әдеби дарындылығын ұштады. «Бабырнамада» мәдениет пен поэзияның көрнекті өкілі Науаидің өмірі мен шығармашылығына үлкен мән беріледі. Алайда Бабыр оның шығармаларына еліктемей, өзіндік пайым-парасатымен қарады. Бабырдың поэтикалық шығармашылығына тек Науаи емес, сонымен қатар Лүтфи, Саккаки, Атаи, Гадои, Дүрбек шығармалары да ықпалын тигізді. Осындай ортада өскен Бабыр бала кезінен әдеби кештерден қалмай, бертін келе өз замандастарының поэтикалық шығармаларымен жіті таныс болды.

Бұл кезең ғылым мен мәдениеттің гүлденген дәуірі болды. Бабырдың нағашысы Жүніс хан да ақын, оның ұлдары Сұлтан Махмұд пен тарихта «Алаша хан» деген атпен мәлім Сұлтан Ахмед хан да ақындық өнерден құр алақан емес-тін. Бабыр олармен замандас ретінде шығармаларымен таныс болды. Ахмед ханның баласы Сұлтан Саид хан Қашғардың билеушісі болғанымен мемлекетті оның ұлы Рашид хан басқарды. Ол өз кезегінде поэзия, проза, музыка жанрларында, каллиграфияда үлкен жетістіктерге қол жеткізген ғылым мен өнердің үлкен қамқоршысы болды. Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегі осы Рашид ханға арналған еді.



Жалпы ХҮ ғасыр Орталық Азия мен Хорасанның тарихында ерекше орын алады. Бұл дәуірде ғылым мен мәдениет, бейнелеу өнері, архитерктура қарқынды дамыды. Әсіресе тіл білімі, тарих, фәлсафа ғылымдары кең өріс алды. Ғылымның түрлі салаларында Сааддин Махмұд Тафтозани, «Зафарнама» авторы Шарафаддин Али Йазди, Әбдіразақ Самарқанди, Зайн-ад-дин Васифи сынды ірі ғалымдар болды.
Әдебиет


  1. Жеменей И. Мұхаммед Хайдар Дулат. – А.: Зерде, 2007.-24 б.

  2. Захир-ад-дин Мұхаммед Бабыр. Бабырнама. – А.: Ататек,1993.-11 б.

  3. Зәбиһолла Сафа. Иран әдебиетінің тарихы., ІҮ-том, парсы тілінде. - Т.:Фирдоус.-1373.

  4. Мұхаммед Моин. Фарһанг-е фарси, парсы тілінде. – Т.: - Әмир Кәбир, 1373.

  5. Рубинчик Ю.А. Персидско-русский словарь. – М.: - Руский язык, 198


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет