Әуенді – сахналық көрініс. Тақырыбы: «Айжан ханшайымның туған күні» Мақсаты



Дата15.06.2016
өлшемі49.73 Kb.
#137859
Әуенді – сахналық көрініс.

Тақырыбы: «Айжан ханшайымның туған күні»

Мақсаты: Балаларды сахналық өнерге баулу, шығармашылық белсенділігін арттыру, кейіптендіру арқылы тілдерін дамыту, өнерге деген қызығушылықтарын ояту, әдептілікке, әсемдікке, мейірімділікке, достыққа тәрбиелеу.

Зал хан сарайы түрінде безендірілген. Күй әуенімен шабарман - уәзір келеді.

Шабарман - уәзір: Уа, жарандар, жарандар!

Бері қарай қараңдар,

Бүгін хан қызы-Айжан ханшайымның туған күні,

Ақ көйлегін жуған күні!

Тойға келіңіздер,

Тамашаны көріңіздер!



(Музыкамен әже бастап, балалар келеді; төрге озып, жайғасады)

Уәзір: (иіліп) Аса құрметті хан ием мен ханшайым!

Хан: (қызымен келеді) Армысың, халайық! Қызым Айжанның туған күніне қош келдіңіздер! Қуаныштымын! Қуаныштымын!

Билеңдер, ойнаңдар,

Ән салып, тойлаңдар! ( орындарына жайғасады)

Әже: Уа, хан ием! Ханшайымның туған күні құтты болсын! Міне, балалар да құттықтайын деп, өнерден шашу шашайын деп келіп отыр!

Балалар: Бүгін Айжанның туған күні -

Ақ көйлегін жуған күні!

Құтты болсын (3 рет)

Туған күнің!



Әже: Хан, балалар ханшайымға ән сыйлағысы келіп отыр!

Ән "Туған күнім менің бүгін"

Әже: Ал енді, Айжан ханшайым, сені туған күніңмен құттықтауға Қарханшайымдар да келіп отыр. Саған әсем билерін сыйлайды, қабыл ал!

"Қарханшайымдар биі"

(Музыка; сиқыршы Бақсы келеді)

Бақсы: А-а-ах! Мен сиқыршы Бақсымын,

Көре алмаймын жақсыны,

Назарымды салайын,

Зікір салып айтайын.

Сұлу Шұғыла ханшаны

Сиқырлап арбап тастайын!

Туған күні болмасын,

Жаңа жасқа толмасын,

Ешнәрсеге қуанбай

Айқайлап, кеп жыласын! А-а-ах! Ы-ы-ых! С-у-уф! (сиқырлап, күліп қашып кетеді).



Ханшайым: (жылай бастайды)

Хан: О, көзімнің қарашығы, жалғыз қызым Шұғылам! Не болды саған?! Енді қайттім?! Сиқыршы Бақсының сиқырына не амал қыламын?! Ах! (ойланып) Уа, уәзір-шабарманым, тағы да жар сал: кімде-кім ханшайымды күлдірсе, соған жарты хандығымды беремін! Бар!!! (тағына отырып, қызының басынан сипап жұбатады, Ханшайым жылай береді)

Шабарман-уәзір: Уа, халайық, халайық!

Хан жарлығын тыңдаңдар!

Кімде-кім қызын күлдірсе,

Соған тарту-сыйы бар!

Келіңдер, өнер көрсетіңдер,

Ханшайымды күлдіріңдер!!!



(Музыка, кейіпкерлер келе бастайды)

Уәзір: Бәрекелде! Өнерлі қонақтар да келе жатыр! Қошеметтеп қарсы алайық!

  1. Аса тапқыр Алдар көсе!

  2. Аса көңілді Сайқымазақ!

  3. Аса көркем Күнекей қыз!

  4. Аса күшті Ертөстік батыр!

Кейіпкерлер келіп ортаға тұрады.

Бәрі: Армысың, ағайын! Ассалаумағалейкум, Хан ием!

Алдар: Біз хабарды естіп, көмекке келдік! Ханшайымды күлдіруге бар өнерімізді арнай келдік!

Хан: Қош келдіңіздер! Төрлеңіздер! Өнерлеріңізді көрсетіп, қызымды күлдіре көріңіздер!

(Алдардан басқалары отырады)

Алдар: Бісміллә деп бастайын! Бастасам, осы отырған қонақтардың бәрін үлкен-кішісіне қарамай сайысуға шақырамын! Айналайын балалар! Өздерің де екі топқа бөлініп отыр екенсіңдер, өзара сайысып, өнер көрсетіп, Ханшайымды күлдірейік, қуантайық, мұныма қалай қарайсыз, хан ием?!

Хан: О, бәрекелді, Алдар көсе, қашанда осылай жол тауып кетесің-ау, ал, баста, сайысыңды!

Алдар: Олай болса, І-сайыс "Мақалды жалғастыр!" деп аталады. Бәрің де мақал білесіңдер ғой? Олай болса, кім жүректі, мақалды бастаңдар! Ал, қарсы топ, жалғастырыңдар!

І-сайыс: "Мақал-мәтел"

ІІ-сайыс: "Жұмбағымды шешіп көріңдер,

Жауабын дұрыс беріңдер!"



ІІІ-сайыс: "Асығып жаңылмаңдар,

Тез жаңылтпаш айтыңдар!"



Ханшайым: (тағы жылайды)

Алдар: Ой, ханшайымды күлдіре алмадық қой, балалар! Кәне, енді жеке ән айтып жарысайық, сонда күлер!

Дильназ: Алдар аға, мен бастайын!

Ән: "Ай дидарлы анашым" – Дильназ

Айнара: Ал біз Бағдат екеуміз ән айтып береміз.

Ән «Топ, балақан» - Бағдат, Айнара

Ханшайым: (жылайды)

Алдар: Хан ием, кешір, еш шара қыла алмадық!

Хан: Рахмет, сонда да өнерлеріңе! Төрге шық! Біздің жақта да бір той болар!

Сайқымазақ: (билеуге шақырады) Ал онда, кәне, сайқымазақ достарым, келіңдер, билеп беріңдер, ханшайымды күлдіріңдер!

"Күлдіргі би" – ұлдар

Ханшайым: (тағы жылайды)

Күнекей: Достар, ханшайымға еліміз туралы тақпақ оқып, ән айтып берейікші, мүмкін сонда ол қуанып күлер!

"Мен Қазақпын" - Рзабек

Ән-би "Жаса Қазақстан!" - балалар.

Ханшайым: (тағы жылайды)

Ертөстік: Достар, Ханшайымды ойнап жұбатайық! Келіңдер, балалар, ұлттық ойын "Бәйгені" ойнайық!

Ұлттық ойын "Бәйге" - балалар мен кейіпкерлер

Ханшайым: (күле бастайды, қуанады, ханды құшақтап сүйеді) Алақай! Әке, мен күлдім! Алақай! Құрметті қонақтар, достар, сіздердің ақ ниеттеріңіз, өнерлеріңіз сиқырдың күшін жойды, Мейірім қашанда Зұлымдықты жеңеді!! Мың алғыс сіздерге! (иіледі)

Хан: О, жарық күнім! Күлдің! Бақыттымын! Қандай қуаныш! Құрметті қонақтар! Ризамын! Рахмет! Хандығымды түгел сіздерге сыйлаймын! Біздің ортақ хандығымыз - базарлы орда-балабақша-жайнап, жаңара берсін!

Уәзір: Бәрекелді! Тамаша! Қуаныңдар! Шаттаныңдар! Келіңдер, тұрыңдар! Ақ тілек айтып, думан құрыңдар!

Бәрі: (Ханшайымды ортаға алып, тұрады, тілек айтады)

Ән "Туған күн" - барлығы

Хан: Ханшайымға арналған тәтті нан - ортаға келсін!

Уәзір: (торт әкеледі)

Ханшайым: ( шырақтарды үрлеп сөндіреді)

Хан: Құрметті қонақтар, қызымның туған күніне келіп, өнерден шашу шашып, қуанышыма ортақ болғандарыңыз үшін көп рахмет! Ал енді бәріңізді қызымның туған күніне арналған ақ дастарханға шақырамын!( Әуен жетегінде Хан қызын ертіп шығады, қонақтар соңынан еріп шығып кетеді)

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

С.Н.Шапағатов атындағы № 59 балабақша ән-саз жетекшісі Құрманбекова Гүлсім Төлеғарақызы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет