ӘОЖ 821.512.122
Е.ЫСМАЙЫЛОВ ЖӘНЕ МҰҚАНОВТАНУ ҒЫЛЫМЫ
Нұрпейісов Н.Ж. Филология ғылымдарының кандидаты,
Қалтайқызы Г. магистр-оқытушы
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты. Шымкент қаласы. Қазақстан.
Резюме
В статье оценивается вклад и заслуга в Муканововедение критика и исследователя Е.Исмаилова
Summary
The contribution and merit of critic and researcher E.Ismailov into Mukanovstudy are appreciated in this article
Сәбит Мұқанов – XX ғасырдағы қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дарынды тұлғалардың алдыңғы қатарында тұрғаны айқын шындық. «Кемел еді, кең еді!» - деп туған халқы сүйіспеншілікпен еске алатын Сәбең – А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сынды алыптар тобының айбынды сапында мәңгі жасай бермек. Замана, саясат дүмпуіне көзсіз берілген ол мол білім, терең ғылым алуға сәл кештеу келді, сол себепті де 35 жасқа дейін Мәскеудің қызыл профессура институтының студенті болды. Алайда, көркем әдебиетке, әдебиеттану ғылымына өлшеусіз үлес қосып, академик дәрежесіне дейін көтерілді.
Ол көркем әдебиетке жыршы бала, батырақ ақын, тапшыл болып келді, ал «Адасқандармен»,«Жұмбақ жалаумен» жұртшылық жүрегіне жақындай түсті. Сүйікті оқырманының көп тілегіне орай және дәуір саясатының ыңғайымен бұл шығармаларын «Мөлдір махаббатқа», «Ботагөзге» айналдырды. Ұлы Сәбең осы екі еңбегімен-ақ туған елі үшін тым қымбат, қастерлі жазушыға айналғаны сөзсіз. «Күңгірт жақтарым болды, бірақ тарих алдында мақтана алам» деп ағынан жарылатын С.Мұқанов адам ретінде, жазушы ретінде, жалпы әдеби құбылыс ретінде тарих төрінде ұзақ өмір сүруге тиіс. Біздің бүгінгі мақсатымыз өзі өмір сүрген кезеңнің үлкен мектебінде ұлы ұстаз болған Сәбең жайлы айтылған әңгімелерге аз-кем пайымдау жасау, ой елегінен өткізу ғана. Өзінің көзі тірісінде-ақ өмірі мен өнері өнегеге айналған ардақты Сәбең туралы айтпаған, жазбаған жазушы, қалам қайраткерлері жоқтың қасы. Әдебиет тәрізді қасиетті өнердің ұлы майданында жарты ғасырға жуық қызмет еткен С.Мұқанов жөнінде оның сөз өнеріне енді ғана келіп араласқан 20-жылдардан бастап бүгінге дейін әр алуан пікір айтылып келеді. Ол әдебиетке кедейшіл, революцияшыл ақын болып келіп, елуінші жылдары қазақ совет әдебиетініің қалаушылардың біріне айналды, ал жетпісінші жылдардан бастап, әрбір қазақтың жүрегіне жол тапқан, «Кәдімгі Сәбит Мұқановқа» айналды, ал тәуелсіздік туы желбіреген тоқсаныншы жылдары ол жайында керісінше күдік, күмән естіле бастағандай болды. Біздің мақсатымыз – кемеңгер Сәбитті ақтау да, даттау да емес, мұқановтану ғылымына шама-шарқынша үлес қосқан ғалымдар еңбегіне шолу жасау, әсіресе осы бойынша жемісті, үздік еңбек еткен Е.Ысмайылов еңбегіне кеңірек тоқталу болмақ.
Мұқановтану әлемінің көкжиегі кең. Әйгілі Мұхтар Әуезовтен бастап, күні бүгінгі Құлбек Ергөбековке дейінгі аралықта Ғ.Мүсірепов, Т.Нұртазин, Ә.Тәжібаев, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев, С.Мақпыров, т.б. ғалымдардың алуан түрлі еңбегі бар. XX ғасырдың ұлы жазушысы М.Әуезов қырқыншы жылдары «Жолы кең жазушы» деген атпен шағын мақала жазса, жас ғалым Қ.Ергөбек «С.Мұқанов», «Баянғұмыр», «Жақсыдан қалған сөз», т.б. кітаптар жазып, жазушы лабораториясының қыр-сырын тереңнен қозғап, оқырман назарының Сәбеңе деген сүйіспеншілігін одан ары арттыра түсті. «Әрі ақын, әрі романшы, әрі драматург және әдебиет тарихының зерттеушісі Сәбиттің аты – қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі» [1.]-деп ақиқатын айтқан Әуезов пікірі күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ, қайта жаңғыра, жаңара түскендей.
С.Мұқановтай ұстаз жазушы жайлы әркез айтып, жазып жүрген белгілі ғалым Т:Кәкішев «Сәбит Мұқановты советтік шындықтан өзі жасаған қоғамнан бөліп алуға еш болмайды»- дей келіп, «Көпшілік жағдайда Сәбитті өрттің өтінде, мылтықтың шаппасында, шабуылдың алдында болғызды. Осыған байланысты С.Мұқанов ірі-ірі қателіктер, кемшіліктер жасап отырды» - деп [2.] жазушыны өзі өмір сүрген қоғамнан бөліп алуға болмайтынын қадап айтады, қателігін де жасырмайды.
Қазақ әдебиеттану ғылымында Е.Ысмайылов тәрізді жемісті үлгіде еңбекқорлығымен көзге түскен ғалымдар санаулы ғана. Әр салада, әсіресе сын саласында үздіксіз еңбек еткен Есағаң С.Мұқанов шығармашылығына үнемі көңіл аударып, сын жебесіне алып отырған, тиісті баға берген, сөйтіп қазіргі мұқановтану ғылымының қалыптасуына ерекше үлес қосқан алғышқылардың бірі болып негізін қалаған. Есмағамбет Ысмайылов – С.Мұқанов шығармашылығы жөнінде ең алғаш рет өзінің 1936 жылы жарық көрген «Әдебиеттегі формализм мен натурализмге қарсы» [3.] деп аталатын сыни мақаласында әр алуан көзқарас та сыншылдық пікір білдіреді. Әдеби сынға енді-енді ғана қадам жасаған арынды жас ешнәрседен қаймықпастан «формализм ірі ақындарда – Ілияста да, Сәбитте де болды. Сәбиттің «Көмір коммунизмі», Ілиястың «Қуаты» формализм сарынымен жазылған өлеңнің сыртқы ұйқасын, ырғағын қуалап, ішкі мағынаны әлсіретіп алу бұл екі поэмада жеткілікті»,-деп, «коммунизм» жайында жазылған поэманың формалистік сырын ашады.
Формализм үлгісін С.Сейфуллин, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Орманов шығармаларынан нақты мысалдармен көрсете отырып дәлелді сын айтқан автор сонымен қатар натурализм үлгісін де ескерусіз қалдырмайды. Адам бейнесін дөрекі бұрмалайтын натурализмнің көркем шығармаға жақсылық әкелмейтінін көрсете келіп, ең бас ақындарымыз Сәбиттің өзі батырақтың түрін былай берген болатын:
Үңгір көз, мұрны қайқиған,
Табақтай беті талпиған.
Шот маңдай, түсі қап-қара,
Дүрдік ерін салпиған.
«...Сәбит өзінің негізгі геройының ақиқат кескінін суреттеп отырған жоқ, қайта оны мақтаймын деп ажарсыз күлкі қылып отыр»,-дейді. Шындығында да, дәл осы кезеңге дейінгі көп шығармаларды кедей ұлының да, бай ұлының да портрет образдарын шектен тыс жиренішті етіп суреттеу кең етек алған болатын, көркем әдебиеттегі әсемдік суретті жоғалтып, қара дүрсін, қорқынышты бейнелермен әспеттеу – жабайы натурализмге әкелгендей еді. Міне, осылайша әдебиеттегі теріс ықпалға айналған екі ағымға қарсы үн қатқан Е.Ысмайылов – С.Мұқанов шығармаларындағы бұл келеңсіздікті жіті көріп, дер кезінде тойтарыс береді. Аға ақынға неден сақ болу керектігін, әсіресе «тұрпайылық, жалаңдық, схемалық әлсіздіктен арылуды» қатаң ескертеді. Қазақ сынына батылдығымен келген Есағаң одан кейін С.Мұқанов шығармасына баға беруді одан әрі 1939жылы жалғастырады. «Поэзиямызды сөз еткенде» деген тақырыппен жарияланған көлемді зерттеуінде қазақ поэзиясына үлес қосып жүрген көптеген ақындардың жырларын талдап, айрықша баға береді. Сол кезеңдегі көптеген беделді ақындардан С.Мұқановты ерекше бөліп, «Жаңа шығарма беруде қазақ поэзиясындағы ірі ақын Сәбиттің өлеңдері мен поэмалары айрықша орын алады» деп бір түйсе, одан әрі «Сәбит - қазақ поэзиясының новаторы» екендігін де дәлелді пікірмен көрсете білген. Сонымен қатар ақын Қапан Сатыбалдиннің «Сәбиттің өлеңі - өлең емес, лирикасыз, жансыз сезіммен дөкір жазылады» дейтін жадағай сынына орынды жауап қайтарады. Сынды «нағыз поэзияның қатаң заңымен, көркемдік критериімен» өлшеп жасау керектігін көрсетеді. Әрбір ақын өзінің кез-келген жаңа шығармасында өзінің үнімен, ізденгіштігімен, жаңалығымен келсін деп тілек айтқан сыншы тұжырымы күні бүгінге дейін орынды қойылатын ойлы талап іспетті маңызын жоймақ емес. Күні кеше ғана формализм мен натурализм жөнінде қатты сынға алынған Сәбиттің жаңа жетістіктерін, поэзиядағы жаңашыл бет-пердесін айқындай түседі.
С.Мұқановтын «Ботагөз» романы қазақ әдебиетінің тарихындағы ерекше бетбұрыс. Бұл роман белгілі мұқановтанушы ғалым Т.Кәкішев атап көрсеткендей: «қазақ романдарының төл басы ғана болып қоймай, прозамыздың профессионалдық тұрғыдан қалыптасқандығының үлкен эстетикалық көрсеткіші болды». Шындығында да, 20-жылдары дүниеге келген кәсіби романдар («Ақбілек», «Қартқожа») авторларымен қоса тұншықтырылып жатқан кезде ұлы дәстүрді одан әрі жалғастырушы прозаик С.Мұқаноов болды. Ол қазақ әдебиетіндегі аса бір ауыр жүкті өз мойынына алды және ол міндетті абыроймен орындады. Роман туралы айтылған келесі бір ақиқатты академик С.Қирабаев былайша бағамдайды: «Ботагөз» Сәбит Мұқановтың ұзақ ізденіп, терең зерттеп жазған шығармасы. Ол қазақ әдебиеттің, оның ішінде роман жанрының жетілуі кезеңін белгілейді. Өзінен кейінгі прозалық шығармалар үшін де зор үлгі мектеп болды. [4] Әрине, бұл болжаулар – қазіргі күннің, бүгінгі ұрпақтың әбден сүзгіден өткен байыпты байламы. Кеңестік дәуір әдебиеттің тарихы туралы көлемді, келелі ойлар, қомақты монографиялар жазып жүрген С.Қирабаев «Ботагөздің» роман жанрының дамуына тигізген ерекше ықпалын, яғни «мұзжарғыш» ролін танытады. «Қазақ әдебиетінің зор әлеуметтік тарихи және эстетикалық мәні бар аса ірі шығармаларының бірі – «Ботагөз» [5] 1938 жылы жарық көрді. Бұл уақытқа дейін поэзияда, прозада, оның ішінде роман жазуда біршама тәжірибе жинаған С.Мұқанов, шындығында, бұл шығармаға үлкен дайындықпен келіп, өз талантының жаңа жарқын қырын көрсетті. Ерекше назар аударатын нәрсе – осы роман енді ғана жарияланып, қалың оқушысына жол тартқан жылдары жас сыншы, көп қырлы қасиетімен таныла бастаған Е.Ысмайылов 1939 жылдың май айында «Жұмбақ жалау» (С.Мұқановтың жаңа романы) атты көлемді мақала жазып, ең алғашқылардың бірі болып үн қатқан екен. «Сәбиттің әрбір прозалы шығармасы қазақ әдебиетінде үлкен жаңалық, үлкен уақиға болып отырады» деп сөз сабақтауды бастайтын автор романға кең тұрғыдан талдау жасайды. Шығарманың әдебиет тарихынан, Мұқанов еңбектері ішінен алар орнын, кейіпкерлердің өзіндік сипатын, характер сомдаудағы жетістіктерін баяндап береді. Шығарманың жетекші образдарының әрқайсысына жеке-жеке мінездемелер беріп, автордың образ жасаудағы жетістіктерін талдайды. «Асқар большевик революционер болу дәрежесіне – күрес, тартыс тәжірибелеріне бірте-бірте төселу арқылы жетеді», - деп кейіпкерлердің өсу сипатын, күреске толы жолдарын аңғартады. Ғалым сонымен қатар Ботагөз бейнесіне де үлкен мән береді, оның «күщті орталық образ» екендігін шеберлікпен дәлелдейді. Бұл кейіпкердің өзге кейіпкерлерден өзгеше екендігін, әйел образын жасаудағы жазушының жаңаша көзқарасын, басқа ақын-жазушыларға ұқсамайтындығын көрсетеді. Қазақ қыздарының тек махаббат үщін, әрі кеткенде бас бостандығы үщін ғана күресетіндігін көрсетіп жүрген әріптестерінен С.Мұқанов кейіпкерінің мүлдем басқаша екендігін былай атап көрсетеді: «Алайда, қазақ әйелдерінің образын бұлай көрсеткенде дәл революция алдындағы жағдаймен байланысты бір шындықтың беті бүркеулі қалып қоюшы еді. Бұл қазақ әйелінің саналығы, қоғамның саналы ақыл иесі екендігі әдебиетімізде көмескі еді». Ғажайып образдың осы қасиетін дер кезінде аңғарып, дұрыс баға бере білген сыншы пікірі күні бүгінге дейін құнды.
Бұл еңбек қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылатын шығарманың бірі болып қала бермек. Әрине, «бұл роман өмірдің айқын эпикалық картинасын жасады. «Ботагөз» романының тууына байланысты отызыншы жылдары проза көп толысып қалыптасты» [6.],-деп монументальды еңбекте атап көрсетілгеніндей тек роман жанры ғана емес, барлық прозаның даму үрдісіне игілікті ықпалын тигізгені рас. Зерттеуші Е.Ысмайылов романның жан-жақты жетістігін жіктеп көрсете отырып, автор жіберген ақаулықтарды да назардан тыс қалдырмайды. Сол кезеңнің өзінде-ақ, кейін де бұл шығарманы Сәбит Мұқанов айбынымен сынаушылық жағынан емес, жетістік жағымен көбірек марапатталып келгені жасырын емес. Ал алғашқы жылдардың өзінде оқырманға енді жол тартқан «Жұмбақ жалаудың» жетістігін ғана бағалап қоймай, кемшіл тұстарын да айқын көрсетіп, өткір ойлы, батыл көзқарас танытады. Енді, Есағаң көрсеткен сыншылдық көзқарастың кейбіреулеріне көңіл аударып таразылайтын болсақ, біршама нәрсені аңғаруға болады. «Романға айтар сынымыз бен талаптарымыз да бар» дейтін ғалым Асқардың өз білім дәрежесінде сөйлемей, ауыл жігітінің ой-өрісінде жүргенін, Ботагөздің кездескен қиыншылықтан кездейсоқ құтылып кете беретінін, тіпті нанымсыз оқиғалардың орын алып кеткенін, атап айтқанда Ботагөздің Асанға «жалған әйелі» болып баруының ешқандайда қазақы өмірдің айла-тәсіліне жанаспайтындығын тұжырымды түсіндіреді. Сол сияқты Амантайдың рухани дүниесі толық еместігін, кейде жоғалып кетіп жататынына дейін атап көрсетеді. Қысқасы, кей жағдайда роман авторының «схемалы, үстірт, әрі жете суреттелмеген» жағдайларға ұрынатындығын ескертіп көрсетеді.
Е.Ысмайылов өзінің көлемді зерттеуін, романға берер бағалы байламын ерекше ықыласпен, көтеріңкі күймен аяқтайды. «Жұмбақ жалау» романы тіл көркемдігі жағынан да, адамдар образын даралап беру жағынан да, идеялық мазмұны жағынан да, жазушылық мәдениеті жағынан да бүгінгі жұртшылығымыз аса көңіл бөліп, жоғары бағалайтын кесек, құнды шығарма». [3.] Шындығында да, бұл мұраның қай жағынан болса да «құнды, кесек» екенін уақыт, өмір, әдебиет тарихы сөзсіз дәлелдеп отыр. Есағаң пікірі жылдар, ғасырлар өткен сайын жаңғырып, жаңара түскендей әсер қалдырады. Халқы сүйіп, қызығып оқитын шығармаға халқы да, сыншы да әділ пікірін дер кезінде естірткендей екен.
Жас ғалым Е.Ысмайылов араға жиырма жылдай уақыт салып, ғылыми іздену жағынан кемеліне келіп, тіпті замана дүрбелеңінен талай теперішін басынан өткізген кездің өзінде де С.Мұқанов жөнінде жағымды пікір айтудан жалықпаған. 1959 жылы өткен Қазақ ССР Ғылым академиясында жасаған баяндамасында әдебиеттанудың кейбір мәселелері туралы ой қозғап, «Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалауы» қазақ әдебиетінде роман жанрын жасаудың алғашқы үлкен жеңісі, батыл адымы» болғандығын дәлелдеп өтеді. Үлкен мінбеден айтылған ғалым пікірі, аласапыранда 1939 жылы айтылған ойды қайта жаңғыртқандай. Ғалым Е.Ысмайылов Сәбит Мұқанов шығармалары жөнінде 1940 жылы жарық көрген «Ақындық талант өз орнына жұмсалсын», 1950 жылғы «Еңбек адамдарын социалистік реализм әдісімен бейнелеу жөнінде» атты еңбектерінде басты назарда ұстап, лирикалық, прозалық шығармаларына тиісті баға беріп отырған. Есағаң әркез алдындағы айбыны болған Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов шығармашылығына зор ілтипатпен, жақсы тілеулестікпен, сәулелі үмітпен жақсы райдағы бейіл білдіруден шаршамаған. Біз бұл туралы әрқашан айтып та, жазып та жүрміз.
С.Мұқанов тек ақын, жазушы ғана емес үлкен сыншы да еді. Ол 20-жылдардан бастап жазған сыни пікірлерін «Жарқын жұлдыздар» атты аса ірі монографиялық еңбекке дейін жалғастырды. 1964 жылы жарық көрген «Жарқын жұлдыздар» туралы монография» атты еңбегінде ғалым Е.Ысмайылов «Сәбиттің бұл кітабы Шоқан мен Абайды жаңа бір қырларынан жан-жақты тексеріп, қызықты, терең, байсалды тұжырымдар берген күрделі ғылыми еңбек» екендігін, Шоқан, Абай туралы зерттеулер жазған Ә.Марғұлан, М.Әуезовке ұқсамайтын қасиеттері бар екенін аңғартады. Монографияның күрделі, сүбелі бөлігін қамтитыны Абай Құнанбаев жөнінде автор «Сәбиттің Абай туралы зерттеуі де өз жаңалығымен, Абай ақындығының жаңа бір қырларын ашуға бағытталған» дей отырып, Ұлы Абайды ел тарихымен, қазақ өмірімен, қазақ, орыс әдебиетіне байланысты қарастырған С.Мұқанов жетістігін сараптайды. Сыншы ғалымның сол кезеңнің өзінде айтқан келесі бір пікірі С.Мұқановқа берген ескертуі уақыт өте келе өз дұрыстығын дәлелдеген тәрізді. «Сәбит екінші бір жерлерінде Бұхар жырауға дейін қазақ әдебиетінің нұсқалары жоқ деген пікірді айтып қалады. Есікті тарс жауып қоюдың керегі жоқ», - дейтін болашақ үшін үлкен бағдарламалық маңызы бар ой-түйін айтады. Орта Азия халықтарына ортақ мұраларға ие бола білуіміз керек деген көзқарасы қазір толық жүзеге асып отырғандай. Кемеңгер Мұқановтың әрі әдебиетші, әрі тарихшы, әрі білімпаз зерттеуші екенін айғақтайтын Е.Ысмайыловтың бұл зерттеуі мұқановтанудың жарқын бір беттері екені шындық.
Қазақ әдебиетінің асыл өнеріне елу жылдан астам еңбек сіңірген С.Мұқановта өзінің аяулы шәкіртті, білгірлігімен, білімпаздығымен құрметке бөленген Е.Ысмайыловқа әрқашан ілтипатпен қараған. Соның бір дәлелі 1966 жылы қайсар ғалым Е.Ысмайылов кенеттен қайтыс болғанда «Қазақ әдебиеті» газетіне «Ірі ғалым еді» деген атпен естелік-некролог жариялап, жаны қайғырған азаматтың бірі болатын. «Есмағамбет қазақтың әдебиет зерттеу және сын саласында сан жылдар бойы талмай еңбек етіп келе жатқан тарланымыз еді» деп, Есағаңның ғалымдық, педагогтық қызметінің мезгілсіз тоқтағанына шын көңілден жаны ауырады.
Есмағамбет Ысмайылов шығармашылығымен тереңірек танысу мақсатында архив материалдарын ақтарып жүргенде ғайыптан қолымызға бір аннотация түсті. 1965 қордың І тізбесіне сақталған бұл аннотацияның (авторлары С.Мұқанов пен Т.Кәкішевтер) орыс тілінде жазылған қысқаша мазмұны ғалымның 5 томдық шығармалар жинағын шығару туралы ұсыныстар енгізіп, ол ойларын дәлелді мысалдармен көрсете білген. Қайсар ғалым қайтыс болғаннан кейін аз ғана уақыт өткенде, яғни 1968-1972 жылы жүзеге аспақ болған бұл шара өкінішке орай орындамай қалды. Алайда, бұл әрекеттердің өзі Е.Ысмайылов шығармашылығының академик С.Мұқанов тарапынан жақсы баға алып, рухани үндестіктің тым берік болғанын аңғартады.
Сөз түйініне келгенде қазіргі кезең мұқановтану ғылымының өсіп-өркендеп, биік деңгейге жеткен тұсы. Бұл ғалымның жұлдызды сәттері әлі алда. Ал, сонау отызыншы жылдардың өзінде Сәбит Мұқанов жөнінде әр салада зерттеу мақалаларын жариялап, тынымсыз еңбек еткен Е.Ысмайылов еңбегі ешқашан да елеусіз қалмақ емес.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әуезов М. 20-томдық шығармалар жинағы, 18т. 286-б. А.,1985.
2. Сәбит Мұқанов тағылымы. А., 1990. 102-103 б.
3. Ысмайылов Е. Сын мен шығарма, А., 1960. 107б.
4. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті . А., 1998.57-б.
5. Шалабаев Б. Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы. А., 1983. 139-б.
6. Қазақ әдебиетінің тарихы.А., 3-т. 7-кіт. 541-б.
Достарыңызбен бөлісу: |