Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. 1941 жылдан 1991 жылдар аралығында Батыс Қазақстан өңіріндегі балық шаруашылығының даму тарихын саралай отыра, төмендегідей тұжырымдар шығаруға болады:
1 Қазақстанның батыс өңіріндегі балық шаруашылығы 1941 жылға дейін біртұтас индустриялды кешенге және балық кәсіпшілігі өндіруші өнеркәсіпке айналды.
2 Ұлы Отан соғысы жылдарында Жайық-Каспий бассейніндегі балық қорлары еліміздің балық өнімдеріне деген сұраныстарын қанағаттандырып, Ұлы Жеңісті жақындатуына зор септігін тигізді.
3 Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін бейбіт өмірге көшу барысында балық шаруашылығы саласын ұйымдастыру мен жетілдіру шараларында қиыншылықтар мен жетістіктер болды. Жайық-Каспий бассейніндегі балық кәсіпшіліктері мемлекет тарапынан қатаң бақыланып, балық және балық өнімдерінің мол қорлары осы өңірден өндірілді.
4 Еліміздегі балық шаруашылығы өндірісін басқару, әлеуметтік-экономикалық саладағы жалпы билік партиялық номенклатура қолында болып, оларды орналастырудың бүкіл тетігі Мәскеудегі орталық партиялық және атқару органдарының қолына шоғырланды.
5 1962-1991 жылдары Гурьев облысында балық шаруашылығын дамыту барысында өзгерістер болып, облыс балық кәсіпшілігі «Каспийрыба» бас басқармасы қарамағына көшірілді. Каспий бассейніндегі балық қорларын сақтау және өңірдегі балық өндірісінің өзіндік даму ерекшеліктері болды.
6 Еліміздің батыс өңіріне қарасты балық шаруашылығы мекемелері өзара тығыз қарым-қатынаста дамып, өндірістік қиыншылықтарды жойып, еңбекте табыстарға жетті. Кәсіпшіліктер материалдық-техникалық жағынан қайта жарақтандырылып, салада ұлттық мамандар қалыптасып, жетілді.
7 1946-1991 жылдар аралығында балықшылардың әлеуметтік-материалдық жағдайы жақсарып, оның ішінде, тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, саладағы орын алған кемшіліктер жойылып, еңбекшілердің мәдени-тұрмыстық және санитарлық жағдайларының жақсарту мақсатында іс-шаралар жүргізілді.
Зерттеу жұмысының ғылыми және тәжірибелік құндылығы. Кеңес дәуіріндегі Қазақстанның батыс өңіріндегі балық шаруашылығының дамуын саралаған алғаш рет бұл бағыттағы тақырыптың теориялық және методологиялық негізі жасалынды.
Зерттеу барысында көтерілген мәселелер Қазақстан тарихын жете тануға ерекше мән беретін оқырмандардың да өткенімізді жаңаша саралауына септігін тигізеді. Зерттеу жұмысының тұжырымдамаларын Қазақстан тарихын танып, білгісі келетіндерге, тарихшы мамандарға, өндіріс саласындағы қызметкерлерді дайындайтын оқу орындарының аспиранттары мен студенттеріне, тарих факультеттерінде дәріс алатын болашақ зерттеушілерге арнайы курс және семинар ретінде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация Атырау мұнай және газ институтының Гуманитарлық пәндер кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертация жұмысының негізгі тұжырымдамалары төрт халықаралық, бір республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес төрт ғылыми мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тізіміндегі басылымдарда жарық көріп, оқырман сынынан өтті.
Диссертацияның құрылымы. Кіріспеден, үш тараудан және сегіз параграфтан құралған, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспе бөлімінде зерттеу жұмысының өзектілігі көрсетіліп, мақсаты мен міндеттері белгіленіп, теориялық және әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы, тәжірибелік маңызы, тақырыптың хронологиялық және географиялық шеңбері анықталып, тарихнамасы мен пайдаланылған деректерге сипаттама беріледі.
«Еліміздің батыс өңірінің балық шаруашылығы Ұлы Отан соғысы жылдарында» деп аталатын бірінші тарауда, аталған жылдарға шағын тарихи экскурс жасалып, соғысқа дейінгі бесжылдықтарда республиканың партия-кеңестік, шаруашылық ұйымдарының бастауымен балықшы ұжымшарларын ірілендірудің бағыты қолға алынуының себебі Жайық-Каспий бассейніндегі балық өнеркәсібінің негізі осы балықшы ұжымшарларда болғандығы баяндалады.
Соғысқа дейін балық өнеркәсібі Қазақстандағы тамақ өнеркәсібінің жетекші саласына айналып, ірі өндірістік кешенді құрады. Алғашқы бесжылдықтар тұсында жаңа балық өңдеу комбинаттары Каспий теңізінің қазақстандық жағалауларында салынды және жүзбелі зауыттар пайда болды.
Балық шаруашылығы саласына мамандар дайындау ісі қолға алынып, арнайы оқу орындары ашылып, алғашқы түлектері балық аулау және өңдеу кәсіпшіліктерінің мамандары қатарын толықтырған. Аталған саланың дамуы нәтижесінде 1939 жылы шаруашылық ұйымдарын орталықтандыру мақсатында одақтық-республикалық маңызы болған Қазақ КСР-ның балық өнеркәсібінің халық комиссариаты құрылды. Осы тұста Каспий жағалауындағы балық өнеркәсібінің мекемелері мен ұжымшарлары КСРО балық өнеркәсібінің Халық Комиссариатына, ал Атыраудан басқа аймақтар Арал, Балқаш, Зайсан, Алакөл т.б. ішкі су өзендерімен, көлдері Қазақстан балық өнеркәсібінің халық комиссариатына бағындырылған. Жалпы, Жайық-Каспий бассейндегі балық өнеркәсібі қарқынды дамып, шаруашылық-экономикалық көрсеткіштері өсіп, адамдардың тәжірибесі молайып, балық аулау мен балық өнімдерін өңдеудің технологиясы артты. Алайда алда тұрған міндеттердің орындалуына көп ұзамай басталған Ұлы Отан соғысы кедергі жасады.
1941 жылдың 10 шілдесінде облыстық партия комитетінің бюросы және облыстық еңбекшілер кеңесі депутаттарының атқару комитетінде «Жайық-Каспий» мемлекеттік балық тресінің 1941 жылдың екінші жартыжылдығына арналған міндеттері мен бірінші жартыжылдықтың орындалуы барысы туралы» мәселе қаралып, қаулы қабылданды. Барлық балық өнеркәсібінің мекемелері мен ұжымшарлары жұмыстарын қайта құрып, «бейбіт кәсіпорындар болуы мүмкін емес, әрбір зауыт, әрбір мекеме соғыс қажетін қанағаттандыру үшін жұмыс жасауы керек» деп көрсетілді [21, 65-67 пп.].
КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен БКП (б) Орталық Комитеті 1941 жылы 6 қарашада қаулы алып, «КСРО балық өнеркәсібі халық комиссариатына қарасты Азов-Черноморск» және «Каспий», Қиыр Шығыс және «Солтүстік бассейндегі флоттар әскери жағдайда болуы керек» екендігін қатерге берді [22, 61 п.]. Каспий бассейнінде Астрахан қаласында флотилия құрылды.
Гурьев облысында жылына 463 мың центнер балық аулауға мүмкіндігі бар, екі трест Жайық-Каспий (Гурьев қаласы) және Қазақ КСР аң-балық тресі (Форт-Шевченко) қызмет жасаған. Аталған трестердің құрамындағы балық зауыттары, екі қуатты мұздатқыш зауыты, біруақытта 200 мың тоннадан астам сапалы балықты сақтау мүмкіншілігі болған. Ленин атындағы балық-құты комбинаты жылына 20 млн. астам құтылар шығарды. Бекіре тұқымдас және құнды балықтарды аулайтын 55 моторлы-балық станциялы ұжымшар, үш балық одағына (Гурьев, Теңіз, Шевченко) бірікті.
Жайық-Каспий балықшылары Сталинград шайқасы күндерінде халық шаруашылығының басқа салаларының еңбеккерлерінен қалыспай, көптеген балық өнеркәсібінің мекемелерімен салыстырғанда алдыңғы қатарда болды. Мәселен, «Ново-Лицевой» балық зауытының ұжымы 1942 жылдың қараша айының жоспарын 868 пайызға, жылдық жоспарды 189,8 пайызға орындауға қол жеткізген. Сол сияқты қажырлы еңбек нәтижесінде Шортанбай балық зауыты, Гурьев моторлы-балық станциясы, Каспий аң аулау және Жайық-Каспий тресі, №5, №7 жүзбелі зауыттар жоспарлы тапсырмасын 1942 жылдың 1 желтоқсанына орындады [23, с. 97].
В.И.Ленин атындағы Гурьев құты комбинатының қызметкерлері Сталинград шайқасы күндерінде «Балықшы» танк колоннасын жасақтауға 182662 сом ақша жинады [24, 28 п.].
Қазан социалистік революциясының 25 жылдық мерекесі қарсаңында Жайық-Каспий балықшылары атынан 33 тонна балық, 100 мың балық құты тағамдары, жүздеген килограмм уылдырық өндіріп, Сталинград майданындағы кеңес жауынгерлеріне жіберілді. Бұл іске комбинат жұмысшылары өз үлестерін қоса білді.
Соғыс жылдарында маманданған жұмысшылардың негізгі бөлігі майданда болғандықтан, комбинат алдында әйелдер мен жасөспірмідерді оқуға тартып, олардан маман жұмысшылар дайындау міндеті тұрды. Әсіресе, жергілікті қазақ әйелдеріне ерекше мән берілді. 1943 жылы техникалық оқуға қамту жоспары жасалып, оның көрсеткіші төмендегідей болды. Жеке оқыту мен қамтуға 55 оқушы, Стахановтық мектептер 49 оқушы, техникалық минимумды 60 оқушы тапсырды. Осыдан кейін жеке оқытуға 34 жасөспірім оқуға тартылып, оның 13-і қыз балалар болды [25, 50 п.].
Шевченко, Новобогат, Гурьев және Теңіз аудандары Отанымыздың қорғаныс қорына жоспардан асыра ауланған мыңдаған центнер балық берді. Тек Микоян атындағы Гурьев балық ұжымшары 1943 жылдың өзінде-ақ жоспардан тыс 36 мың пұт балық тапсырған [26, 428-429 пп.].
1944 жылдың 1-тоқсанында 10 мың пұт, соғыс жылдарында Гурьев облысының балықшылары қорғаныс қорына 1 200 мың пұт балықты жоспардан тыс өткізген болатын [27, 219 п.].
Соғыс жылдарында Гурьев және Шевченко балық одақтары жақсы қызмет атқарды. Сапалы және ірі балық аулау үшін күресте Гурьев балық одағына қарасты Микоян атындағы ұжымшар жеңімпаз атанды. Артель мүшелері жоспардан тыс 10 мың центнер балықты майданға және елге тапсырды. Отанымыз ұжымшаршылардың еңбегін жоғары бағалап, Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің Ауыспалы Қызыл туымен марапаттады.
А.И.Микоян атындағы ұжымшар балықшылары Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туын беруге арналған салтанатты жиналыста ұжымшар басқармасының төрағасы Х.Өтегенов болды. Ұжымшар стахановшы балықшыларды мақтан тұтқан. Жиналыста жылдық жоспарды 535 пайызға орындаған өзенде балық аулаушылардың бригадирі Ф.Точилин, жылдық жоспарды 704 пайызға орындаған звеношы Е.Досубаев, жылдық жоспарды 534 пайызға орындаған орденді звеношы С.Дариев т.б. балықшылар атап өтілді. 1943 жылы Қызыл Армияның ерекше қорына 3 мың пұт балық тапсырылғаны баяндалып, жиналыста балықшылар «мұз асты балық аулауды дұрыс ұйымдастырып, 1944 жылдың 1 тоқсанын 250 пайызға орындауға және көктемгі балық аулауға тыңғылықты дайындалады» - деп сендірді [28, 66 п.].
Алғабас ұжымшарының бастауыш партия ұйымының хатшысы Алпатанов Сағын Кремльге хат жазып, онда «Қазақстан ұжымшаршысы» танк колоннасының жасақталуына «Алғабас» ұжымшары 240 000 сом, ал өзінің жеке жинағынан 60 000 сом ақша бергенін ұжымшаршылар балық өндірудің жылдық жоспарын 140 пайызға орындағанын баяндады [29, 1 п.].
Жалпы алғанда, барлық балықшы-ұжымшарлар 1941-1945 жылдардағы өз жоспарларын орындаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жайық-Каспий бассейнінің балықшылары мемлекетке 3 миллион центнерге жуық ысталған, кептірілген, дегдітілген және тоңазытылған балық өнімдерін, бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығын, құтыларын, итбалық майын, басқа да балық өнімдерін берді [30, с. 96-98].
Қорыта келе, соғысқа дейінгі кезде өлкедегі балық шаруашылығы ірі өндірістік кешенге айналды. Соғыс жылдарында қарқынды жұмыс жасау үшін инфрақұрылым жасақталып, порттардың ауқымы кеңейтіліп, тылдағы балық аулау ауқымы өсті. Көптеген өндіріс орындары мен түрлі ұлт өкілдері эвакуацияға ұшырап, өлкемізге көшіріліп орналастырылды. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында қарапайым еңбек адамдарының қажырлы еңбегінің арқасында, майданға күндіз-түні балық өнімдері жөнелтіліп, жеңіс сағатын жақындатуға облыс балықшылары өздерінің сүбелі үлесін қосты.
«Соғыстан кейінгі кезеңдегі балық шаруашылығы» деп аталатын екінші тарауда Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес халқы өзінің барлық күшін социалистік халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға жұмсап, ел экономикасын бейбіт құрылысқа көшіру мәселелері қарастырылды.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Жайық-Каспий мемлекеттік балық трестіне төртінші бесжылдықтың бірінші жылы – 1946 жылдың өндірістік бағдарламасын асыра орындауға мүмкіндіктерді қарастырып, ішкі материалдық ресурстарды пайдалану керектігін баса айтып, көптеген міндеттер жүктеді [31, 70 п.].
Осыған орай, балық қорларын молайту мақсатында Жайық-Каспий мемлекеттік балық тресі Жайық өзенінің төменгі сағаларын және тарамдарын зерттеу, Жайық-Каспий ауданында кәсіпшілікке қажетті балықтардың қорларын қалпына келтіру, биологиялық және гидротехникалық мелиорация шараларын жетілдіру т.б. шараларын қолға алды.
Бұл шаралардың басты мақсаты балық аулаудың көрсеткішін ұлғайту болды. Осы мақсатта, Жайық-Каспий мемлекеттік балық тресі 50-ші жылдарға дейін көптеген техникалармен қамтамасыз етілген. Жайық-Каспий мемлекеттік балық тресіндегі мекемелерде 1956 жылы 25 маусымда флот қарамағында 207 өздігінен жүзетін, 893 өздігінен жүзбейтін, жалпы 1100 қайықтар мен кемелер болған [32, 4-5 пп.].
КСРО Министрлер кеңесінің 1956 жылдың 23 мамырындағы қаулысына сәйкес «Мекемелердің Одақтас республикаларға берілуіне байланысты КСРО балық өнеркәсібі министрлігіндегі ұйымдастыру шаралары туралы» Қазақ КСР балық өнеркәсібі министрлігі Гурьев облысының Моторлы-балық басқару станциясын (МБС) өз қарамағына қабылдады [32, 1385-іс, 1-2 пп.].
КСРО Министрлер Кеңесі мен КОКП ОК 1959 жылғы 9 ақпанындағы №134 Моторлы-балық станцияларының жұмыстарын жетілдіру және балықшы ұжымшарларын нығайту шаралары туралы қаулысын орындау барысында, балықшы ұжымшарларына балық өндіру үшін қажетті өндірістік құрал-жабдықтар толық қамтамасыз етілді. Моторлы-балық станциялары 83 лақтырма өзендік сүзекі, 29 жүзбелі ау, 12371 вентерлер (қабада), тордан жасалған балық аулау құралдарының бір түрі және басқа да қолданылатын құралдарымен қамтамасыз етілді [33, 221 п.].
Сонымен, 1959 жылдың өзінде-ақ осы кезге дейін, станциялар ұжымшарларға кәсіпшілік кемелерін жеңілдік тұрғыдан қамтамасыз етіп тұрған, ұжымшарларға көмек ретінде құрылған моторлы-балық станцияларына қажеттілігі азайды. Енді ұжымшарлардың экономикасы нығайып, өз қаражаттарынан кемелер мен құрал жабдықтарды алу мүмкіндігіне ие бола бастады. 1959 жылдың ақпанында моторлы-балық станциялары, кеме жөндеу-техникалық станциялар болып кері құрылып, оларға тиесілі кемелер, кәсіпшілік механизмдері мен балық аулау құралдары балықшы ұжымшарларына сатылды. Осы кезден бастап балықшы ұжымшарлары шаруашылық есепке көше бастады. Еліміздегі 420 ұжымшардың 263-і балық ұжымшар одағына біріктірілді. Олар кооперативтік ұйымдар ретінде қалыптасып, басқару формасы жағынан демократиялық централизм принциптеріне сүйенген [34, с. 15].
Балықшы ұжымшарлардың басшылығын мемлекеттік балық өнеркәсібінің өндірістік бірлестігі және балық шаруашылық ұйымдары жүзеге асырып отырған. Ал, кейбір аудандарда балықшы ұжымшарлары басшылығын балық комбинаттары тарапынан басқарылып, ұжымшарлар олармен балық өнімдерін тапсыруға шарт жасасты. Сонымен, бір жағынан балық комбинаты ұжымшардың тең құқылы серіктес, ал екінші жағынан ұжымшармен салыстырғанда жоғары тұрған ұйым болып қалыптасты.
1962 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі мен ҚКП ОҚ №657 қаулысына орай Гурьев балық-құты комбинаты Қазақ КСР балық өнеркәсібінің Бас басқармасынан берілетін мекемелердің тізбесінен алынып тасталды [35, 47 п.]. Мұның өзі орталықтың Жайық-Каспий бассейнін өз уысынан шығармаудың амалы еді.
Ұлы Отан соғысынан кейін Гурьев балық-құты комбинаты қайта жарақтандырылып, өндірістік қуаты жоғары дәрежеге көтерілді. Өндіріске жаңа технология енгізіле отырып, жыл өткен сайын комбинаттың қол жеткен табысы арта түсті. Комбинат ұжымы (директор П.Криницкий, партия ұйымының хатшысы С.Көшмуханов) 1946 жылдың жоспарын мерзімінен бұрын орындап, Ұлы Октябрь мерекесіне дейін жоспардан тыс 500 мың балық құтысын шығару міндеттемесін алған. Аталған міндеттемені абыроймен атқарып, қазан айының жоспарын 161 пайызға орындады. Алдыңғы қатарлы стахановшылар Д.Тұрмағамбетова, А.Жалғасбаева, К.Цыганова сияқты балықшылар балық құтысын шығарудың 2 нормасын орындап шықты. Аталған міндеттемелерді орындау барысында 1945-1948 жылдар аралығындағы томатталған балық құтысын шығару 1945 жылы 3177 дана, 1946 жылы 3221,9 дана, 1947 жылы 1593,1 дана, 1948 жылы 4968,2 дана көлемінде жүзеге асырылды [35, 188-іс, 190 п.]. Өндіріс тиімділігін арттыру ісіне балық аулау саласының белсенді бөлігі өнертапқыштар өз үлесін қоса білген, 1948 жылы өнертапқыштық шаралардың нәтижесінде 152,2 мың сом үнемделіп, 23 ұсынысы өндіріске енгізілді [35, 188-іс, 209 п.].
Балық өңдеу кәсіпорындары құрылымдары уақыт өткен сайын күрделеніп, ауқымды жұмыстарды қамтыды. Гурьев балық-құты комбинатының құрамында: балық зауыты, құты зауыты, тоңазытқыш, жылу күші шаруашылығы шоғырландырылды [25, 193-іс, 4 п.]. Өнім өндіру цикліне «Томат соусындағы қызыл балық», «Котлеттер», «Паштет», «Тартылған балық еті», «Томат соусындағы килька» құтыдағы балық тағамдары түрлері қойылып, өндіріле бастады.
60-шы жылдардан бастап Гурьев балық-құты комбинаты жылына 20-21 миллион дана құты балық өнімдерін шығарды. Комбинат шығарған балық өнімдері Кеңес Одағының көптеген аудандарына жіберіліп және Герман Демократиялық Республикасына, Моңғол Халық Республикасына, Чехословакия Кеңестік Социалистік Республикасына, Канада т.б. елдерге экспортталды [36]. Мәселен, 1961 жылы 18 желтоқсанда экспортқа, оның ішінде Герман Демократиялық Республикасына №1452196 вагонмен 834 жәшік балық өнімін жіберді [37, 319 п.].
Балық қорларын қалыпты сақтау және балық өндірісін дамыту мақсатында Министрлер Кеңесінің 1962 жылғы 2 тамыздағы №810 қаулысына сәйкес Каспий бассейнінде балық өнеркәсібінің Бас Басқармасы «Каспийрыба» құрылды [38, 1 п.]. Оның құрамына Гурьев балық өнеркәсібінің территориялық өндірістік Басқармасы енгізілді. Бұл мекеме бірнеше салалық құрылымдар мен 17-і ірілі-ұсақты кәсіпшіліктерден құралған [38, 2 п.]. Аталмыш мекемелер бүкіл материалдық, техникалық жабдықтарымен және мекемелердегі байырғы қызметкерлермен бірге Астрахан қаласындағы Бас басқармаға бағындырылды.
Жайық-Каспий бассейнінде балық аулау саласында балықшы ұжымшарларының рөлі жоғары болды. Мәселен, 1958 жылдың Жайық-Каспий бассейні бойынша ауланған балықтың 84 пайыздық бөлігі балықшы ұжымшарларының үлесіне тиген [39, 22-23 пп.].
Гурьев территориялық өндірістік балық өнеркәсібі басқармасы облыс басшыларының алдына Гурьев облысының балық өнеркәсібін дамытуға арналған келелі мәселелер қойған [39, 1899-іс, 39-40 пп.]. Гурьев облысының балық шаруашылығы соңғы он жылда ірі өзгерістерге ұшырады. Каспий теңізінің солтүстік бөлігінен 1964 жылдан аумен балық аулау тоқтатылды. 1965 жылдан бастап құрма сүзекімен килька аулау кәсіпшілігі дамыды. Балық аулау көлемі килька аулау есебінен 60-70 мың центнерге өсіп, өнім өндіру тепе-теңдігіне сәйкес, қара балықтар мен бағалы балықтарды аулау 160-180 мың центнерге кеміді [39, 1899-іс, 43 п.].
1959-1975 жылдары балық өнеркәсібінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін, өндірісті мамандандыруды аяқтау, теңіз кәсіпшілігінің құрылымын модификациялауда шаруашылық-ұйымдастыру шаралары өз жемістерін берді. 1959 жылы Баутино моторлы балық станциясы кеме жөндеу техникалық станциясы болып қайта құрылды. Аудан балықшы ұжымшарлары моторлы балық станцияларынан өндіруші механикаландырылған өздігінен жүзбейтін флотты, балық аулау құралдарын және өндірістік жабдықтарды сатып алды. 1962 жылы С.М.Киров атындағы Баутино мемлекеттік балық аулау базасы флот басқармасымен біріктірілді. 1963 жылдың қараша айында өңірдің балық кәсіпшілік шаруашылығы Маңғыстау ауданының қарамағына берілді. Бұл алты балықшы ұжымшарларының қысқартылуына алып келіп, орнына мемлекеттік аулау базасы қайта құрылды [40, 77 п.]. 1959 жылы №9 жүзбелі балық зауыты Баутино балық-құты комбинатымен біріктірілді. 1961 жылы Балықшыларды аулау орындарында жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған жүзбелі кеме жөндеу шеберханасы ашылды. 1967 жылы кеме жөндеушілер үлкен табысқа жеткен. Жүзбелі кеме жөндеу шеберханасы бір мезгілде екі кемені қабылдап, оларды 6-7 күнде жөндейтін мүмкіншіліке ие болды [41, с. 71-77]. 1972 жылдан бастап Баутино кеме жөндеу зауыты облыстың негізгі кеме жөндеу базасына айналды. Маңғышлақта балық өнеркәсібінің тарихында маңызды оқиға ірі өндірістік мекеме «Гурьеврыбхолодфлот» Баутино басқармасының құрылуы болған. Бұл мекеме 1970 жылы Баутино және Гурьев мемлекеттік аулау базасы және Астрахан теңіз буксир-транспорттық рефрижераторлық флот басқармасының бірігуінің негізінде пайда болды [40, 78 п.]. Осы өңірде балық және итбалық аулау кәсіпшілігін енді тек осы мекеме жүргізіп отырған.
КСРО Министрлер Кеңесінің 1975 жылғы 23 желтоқсандағы №1047 қаулысына сай 1976 жылдың 1 қарашасында «Гурьеврыбпром» Гурьев балық өнекәсібінің өндірістік бірлестігі құрылды. Оның құрамына «Мангышлакрыбхолодфлот» басқармасы, Автобаза, «Гуррыбснабсбыт» мекемесі, Құрылыс-монтаждық басқармасы, Гурьев теңіз балық өнеркәсіп техникумы, Машина-мелиоративтік станциялары енді. Ленин атындағы Гурьев балық комбинаты, Гурьев кеме жөндеу зауыты, Шортанбай балық зауыты осы құрамның өндірістік бірлігі ретінде танылды. Сонымен бірге, «Гурьеврыбпром» бірлестігіне Балықшы ауданынан 5 балықшы ұжымшар, Теңіз ауданынан 4 балықшы ұжымшар, жалпы 9 ұжымшарлар енді [42, 1-2 пп.].
Гурьев өндірістік балық өнеркәсібінің бірлестігі 1986 жылдың техника-экономикалық негізі көрсеткішін орындап, жоспардан тыс 1741 мың сом пайда тапты. Жоспарлық тапсырма сомасы 38200 мың сом болса, оны игеру нәтижесі 39941 мың сом болған. 1985 жылмен салыстырғанда 1986 жылы барлық көрсеткіштер бойынша жаңа деңгейге жетті [43, 1-2 пп.].
1986 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіштерге сай, «Гурьеврыбпром» бас мекемесінде 828,2 тонна тоңазытылған балық мұздатқышта сақталған. Мұздатқыш камералары нашар, балықтар арнаулы ағаш сөрелерде сақталмаған. Технологиялық режимнің бұзылуына орай, өнімнің бұзылу фактілері анықталды. Жыл барысында 1335 центнер балықтар бұзылуына орай, актіленіп, жойылуға жатқызылған [43, 4 п.].
1988 жылы «Гурьеврыбпром» бірлестігі 529 тонна орнына 529,1 тонна бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығын өндірді. Оның ішінде, қаңылтыр құтыдағы (№60, 95 гр) уылдырықты 250 тонна, шыны банкідегі уылдырықты 10 тоннаның орнына 5,1 тонна өндірген. Шетелге экспортқа шығарылған уылдырық өнімі жоспар бойынша 42 тонна болса, ол 45,9 тоннаға артық орындалды [43, 796-іс, 1-2 пп.].
Жалпы балық өнімдерін өндіруде ілгерілеу бар болғанымен, бекіре тұқымдас балықтардың құнды тауар ретінде пайдаланылуына байланысты, бағалы балық аулауды 100 мың центнерге жеткізу қарастырылды [44, 68 п.].
Балық түрлерінің көбеюі сол кезеңде Жайық-Каспий бассейіндегі жүргізілген оң шаралардың нәтижесі, балық кәсіпшілігіне деген мемлекеттік қөзқарастың, қарапайым балықшылардың өз қызметтеріне деген жауапкершілігінің көрінісі болып табылды.
«1946-1991 жылдардағы балық шаруашылығы саласына мамандар даярлау» атты үшінші тарауда балықшылардың саны және ұлттық құрамы, еңбек жағдайы, тұрмысы және санитарлық медициналық хал-ахуалы жөнінде сараланады.
Соғыстан кейінгі жылдарда балық шаруашылығы салаларының мекемелері, зауыттары өздерінің цехтарын, учаскелерін қайта жасақтап, өндіріс қуаттылығын күшейту жұмыстарын қолға алды. Бұл кезеңде Гурьев комбинаты, Баутино комбинаты, Шортанбай балық зауыттарында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жаңа балық тұздайтын лабаздар, механикаландырылған мұз пункттері, ыстайтын камералар, қоймалар салынды, бұл балық аулаудың сандық көрсеткіштерін өзгертіп ғана қоймай, балық өнімдерінің сапасын арттыруға да негіз болды.
1950-1960 жылдары Жайық-Каспий бассейніндегі балық шаруашылық саласы өз дамуының жаңа сатысына енді. Бұл негізінен саланың материалдық техникалық базасының нығаюынан, жоғарғы кәсіби мамандармен қамтамасыз етілуінен, балықшылардың материалдық жағдайының жақсаруынан көрінді.
Моторлы-балық станциясы мамандардың біліктілігін арттыру деңгейі төмен дәрежеде болған, мәселен, 1952 жылы – 82 адам мамандардың біліктілігін арттырса, 1954 жылы – 13 адам, 1955 жылы курстарда – 6 адам ғана болған. 1953 жылы шағын кемелерінде жүзу құрамына – 101 адам дайындалып оқытылса, 1955 жылы – 44 адам, үнемі қызмет атқаратын курстарында 1953 жылы – 22 адам, 1954 жылы – 43 адам, 1955 жылы – 19 адам оқыған [45, 37 п.]. Көрсеткіштер мамандардың біліктілігін арттыру және дайындау жұмысының нашар жүргізілгенін байқатады.
Жайық-Каспий мемлекеттік балық трестінің жүзбелі құрамы басшылық мамандарын дайындау 1954 жылмен салыстырғанда 1955 жылы біраз өсті. Гурьев балық өнеркәсібі жүзбелі құрамын дайындау біліктілігін арттыру мектебі өз жұмысын қарқынды жүргізіп, 200 РТ, 20 РТ кеме жүргізушілерін, III разрядты механиктер мен моторист қуаттылығы 50 ат күшіне дейінгі мамандардың біліктілігін арттырды [46, 117 п.].
1954 жылы Гурьев біліктілігін арттыру мектебінде балық өнеркәсібіне қажетті мамандар даярлау ісі жолға қойылып, 1956 жылы жаңа мамандықтарға даярлау жоспары бойынша 110 кеме жүргізушілер дайындау тиісті болса, аталған жылы нақты жұмыс нәтижесінде 27 кеме жүргізуші дайындалған, оның 21-і адам ІІІ разрядты кеме жүргізішісі болды [46, 6-8 пп.]. Сонымен қатар, қысқаша семинар-техминимумдер өткізіліп, онда балық өнеркәсібі флотының кемелер қызметі ережелері, КСРО ішкі су жолдарындағы жүзу тәртібі, кемелердің соқтығысуын болдырмау, басқа флот қызметінің қажетті жұмыстары жөнінде мәселелер талқыланды.
Балықшылар өңіріндегі маман дайындауда кездескен қиыншылықтардың және маман кадрларға деген сұраныстың барлығы ескеріліп, мемлекет тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. 1956 жылдың 30 мамырдағы №724 Үкімет қаулысына сәйкес Қазақ балық өнеркәсібі министрлігінің қарамағына Жайық-Каспий мемлекеттік балық тресті және Гурьев облысының басқа да мекемелері бағындырылды [46, 1417-іс, 12 п.].
Министрлікте жаңадан бөлімдер ашылып, жалпы қызметкерлердің саны 15 568 адамға жетті, оның ішінде 979 инженерлер, 769 қызметкерлер, министрлікте 205 лауазымды шенеуніктер қызмет атқарды [46, 1417-іс, 13 п.]. Трест және мекеме басшылығына білікті мамандар шақырыла бастады.
КСРО Министрлер Кеңесі мен КОКП ОК 1959 жылғы 9 ақпанындағы «Моторлы-балық станцияларының жұмыстарын жетілдіру және балықшы ұжымшарларын нығайту шаралары туралы» қаулысына сай, балық өнеркәсібінің Басқармасы басты мақсат – балықшы ұжымшарларды басшы маман-кадрлармен қамтамасыз ету, дайындығы мол, арнаулы техникалық білімі бар, практикалық жұмыста өздерін көрсете білген мамандарды іріктеп жіберді. Міне, осы бағытта балықшы ұжымшарларының төрағаларына – 8 адам, төраға орынбасарлығына – 10 адам, арнаулы орта-техникалық балық өндірістік техникумын бітірген мамандар, сонымен қатар, ұжымшарларда аулау құралдарын жасақтаушы техниктер, бригадирлер қызметіне 31 техник-механик, балық аулаудың ұйымдастырушыларын аттандырды [47, 226 п.].
Орал балық комбинаты басқармасында 1961 жылы инженер-техникалық қызметкерлер саны 17 адам болса, оның екеуі жоғары білімді, екеуі балық өнеркәсібі техникумын бітірген, біреуі техникумның кешкі бөлімінде оқыған, ұлттық құрамы жөнінен 4-і қазақ ұлтынан, қалғандары басқа ұлт өкілдерінен болған. Мұның өзі сол кездің өзінде ұлттық кадрларға деген керітартпа көзқарастың қалыптасқандығын білдірсе керек [48, 15 п.].
Жалпы алғанда, 1965 жылы Гурьев территориялық өндірістік балық өнеркәсібі басқармасында 8 295 адам қызмет атқарған, өндіріс саласында 5042 адам болған. Мамандардың сандық және сапалық ерекшеліктеріне келер болсақ, Гурьев территориялық өндірістік басқармасында 1964 жылы жалпы мамандар саны – 359 болса, оның ішінде жоғары білімді мамандар – 102, орта білімді мамандар – 257 адам болған екен. 1965 жылы жалпы мамандар саны өсіп, 415 адамды құрады. Оның ішінде 124 жоғары білімді маман, 291 орта білімді маман еңбек еткен [38, 210-іс, 9-10 пп.].
Маман кадрларды оқыту мен дайындау Гурьев территориялық басқармасының күн тәртібінен түспеді. Әсіресе, жұмысшы мамандар мен флоттың қатардағы құрамын дайындау 1967 жылда өз жалғасын тапты. 1967 жылы 223 жұмысшы дайындалды, оның ішінде жеке оқыту бағытымен 89 адам, бригадалық оқытумен 56 адам, Гурьев жүзбелі құрамды дайындау мектебінің курсында 78 адам дәріс алды.
Гурьев теңіз балық өнеркәсібі техникумындағы 70-80 жылдары жұмысшы курстарында түрлі мамандықтардан 448 маман дайындалған. Соның ішінде, 19 уылдырық жасау шеберлері, 138 өзен флотындағы кеме жүргізушілер, 107 өзен флоты кеме механиктері, 16 жағалау кран жүргізушілері, 149 РТ-20у радиотелефонистері, 2 көлік жүргізуші, 6 ағаш шебері, бетон құюшылар, 9 лихтерлер, 2 дәнекерлеушілер дайындалды [42, 3617-іс, 45 п.].
XX ғасырдың 90 жылдарында кадрларды орналастыру, оларды таңдау мәселелері өзекті болды. Себебі «мемлекеттік мекемелер» жөніндегі КСРО заңының шығуы, шаруашылық есепке көшу, лауазымды жұмысқа конкурс арқылы сайлау, ұжымның басшылық қызметке кандидатты таңдау құқы, оның қабілеті мен өндірісті ілгері дамытудағы іскерлік қасиеттерін болжап, сену үлкен жауапкершілікті қажет етті. Бұл мәселе еңбек ұжымы кеңестерінің мәжілістерінде қаралып, кәсіподақ ұйымдарының келісімінен кейін ғана әкімшілік бекіткен.
Қорыта келе, соғыстан кейінгі жылдарда балық шаруашылық салаларының мекемелері қайта жасақталып, өндіріс қуаттылығын күшейту жұмыстары қолға алынып, Гурьев, Баутино комбинаттарында, Шортанбай балық зауыттарында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жаңадан салынған балық тұздайтын лабаздар, механикаландырылған мұз пункттері, ыстайтын камералар, қоймалар балық аулаудың сандық көрсеткіштерін өзгертіп қоймай, балық өнімдерінің сапасын арттыруға өз әсерін тигізді. Сонымен бірге, моторлы-кәсіпшілік флоты құрамы кеңейді. Балық өндіру ісіне қатынасатын транспорттық-қабылдау флотының кемелерінің саны артып, үлкен кемелер қатыстырылды. Өндірістерді қайта жасақтау шаралары өз жемісін беріп, балық аулау көрсеткіштері өскен.
Уақыт өте келе, еліміздің батыс өңіріндегі балық шаруашылығындағы маман кадрларға деген сұраныс өсе түсті. Осыған орай, мемлекет және балық өндірісінің мекемелері тарапынан жас мамандардың осы салада еңбек етуіне, орта және жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік туып, жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, олардың өз мамандықтарын игеруіне, жетілдіруіне, біліктілігін арттыруға қолайлы жағдай жасалды. Аталған шаралар балық шаруашылығының дамуына өз әсерін тигізіп, еңбек өнімділігінің артуына, ұлттық маман кадрлардың көбеюіне мүмкіндік туғызды.
Достарыңызбен бөлісу: |