ӘОЖ: МО-15.33
АҒЫЛШЫН ТІЛІН ҚАЗАҚ ТІЛДІ АУДИТОРИЯДА ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Бейсенбаева А.А.
ОҚМПИ, Шымкент, Қазақстан
Резюме
В данной статье рассматриваются проблеммы преподавания английского языка в аудитории с казахским языком обучения.
Summary
This article deals with the problems of teaching English to Kazakh auditory.
Қазіргі күні ағылшын тілі Ұлыбританияда, Америка Құрама Штаттарында, Канадада, Австралияда, Жаңа Зеландияда және Кариб теңізі бассейні мен Оңтүстік Африка Республикасында, Ирландияда қолданылады және орыс, араб, португал, испан, қытай тілдерімен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмыс тілдерінің бірі болып табылады. Бұрынғы Ұлыбритания мен Америка Құрама Штаттарының барлық отарларында да өз әлеуетін сақтап тұр. Жалпы Әлемдік рейтингте ағылшын тілі бірінші орын алады, мәселен Интернетте ана тілінде сөйлеушілерінің саны қытай тілінен кем болғанына қарамастан ағылшын тілі қолданушыларының саны бойынша бірінші орында тұр.
Президент «Жаңа Әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында былай деп атап көрсетті: «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсынамын». Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі». Осыған орай мұны мемлекеттік тіл саясатының негізгі басымдықтары ретінде қарауымыз қажет. «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыру мақсатында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына арналған ағылшын тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің сапасын арттыру және үш тілде оқытуды дамыту жөніндегі мәселелерді қарастыру қажет. Оқушылардың түрлі санаттарының ағылшын тілінде толыққанды білім алуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету және елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, бәсекеге қабілетті тұлғаны дайындауды жүзеге асыру керек. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік және орыс тілдерін оқып-үйреніп қана қоймай, олардың әлемдік экономика тілі – ағылшын тілін оқуы мәселесін шешу көзделгені де біз үшін маңызды. «Тілдердің үштұғырлығы» жобасы Қазақстан Республикасы азаматтарының ағылшын тілін оқып-үйренуі үшін жағдай жасауды болжайды: барлық жалпы білім беретін мектептерде, оның ішінде шет тілдерін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған мектептерде, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында ағылшын тілін оқытудың сапасын арттыру; кадрларды даярлаудың, оқу процесін әдістемелік және оқу құралдарымен қамтамасыз ету. Ағылшын тілі мен қазақ тілінің арасында салыстыру жүргізе отырып, олардың арасында кейбір грамматикалық ұқсастықтарды байқауға болады.
Фонетикаға назар аударсақ. Дауысты дыбыстар бойынша ағылшын және қазақ тілдерінде айырмашылық жоқ: қазақ тілінде олар 11, ал ағылшын тілінде (дифтонгтарды қоспағанда) 12 және олардың көпшілігі айтылуы бойынша да бірдей, бірақ артикуляцияда аздаған айырмашылықты көруге болады. Мысалы, қазақ тілінде жаңа сөздер мен сөздердің әртүрлі нысандары түбірге қосылу, яғни жұрнақтар мен жалғаулар арқылы жасалады.
Ағылшын тілінде де сөз жасаудың осындай тәсілі бар. Инфинитивтен оған –ing жалғауын қосу арқылы «иң» деп аталатын нысандағы ағылшын тілінің ең жиі қолданылатын нысаны пайда болады. Инфинитивге жалғанған -er (кейде -оr) жұрнағы көп жағдайда іс-әрекетті жасауды білдіреді: to read – reader (оқу – оқырман), to write – writer (жазу – жазушы), to work – worker (жұмыс – жұмысшы), to sail – sailor (жүзу – теңізші) және т.б. Сөзге жаңа лексикалық мән беретін жұрнақ қазақ тілінде ең жиі таралған сөз жасайтын аффикс болып табылады. Ол сөзжасамда оңай байқалады. Мысалы, -шы, -ші: жұмыс – жұмысшы, оқу – оқушы, жазу – жазушы және т.б.
Дегенмен, кейбір айырмашылықтар да бар. Қазақ тілінде түбір өзгеріссіз қалады, ал аффикстер түбірмен үйлесімдік табады, яғни, үйлесімдік заңы бойынша өзгеріске ұшырайды. Осы заңға сәйкес барлық қазақ сөздері жіңішке және жуан буынға бөлінеді. Мысалы, көл, ән – жіңішке немесе қол, жан – жуан. Ағылшын тілінде жұрнақтар мен жалғаулар негізінен тәуелсіз болып табылады.
Қазақ және ағылшын тілдеріндегі дауыссыз дыбыстардың да саны бірдей деп айтуға болады: қазақ тілінде олар 25, ал ағылшын тілінде – 24. Дауысты дыбыстар бұл екі тілде де бірдей. Қазақ тіліндегі сияқты ағылшын тілінде дыбысты дұрыс айтпау сөздерің мағынасының өзгеруіне алып келеді.
Бұл тілдер арасында сондай-ақ кейбір ерекшеліктер де бар. Орыс тіліндегі «род санаты» ағылшын тілінде әдетте тек жақты, өзіндік есімдікті және ерекшелік түрінде кейбір жануарлар мен заттарды білдіреді. Адамға қатысты зат есім («Who is this?» – «Бұл кім?» сұрағына жауап береді) орыс тіліндегідей «мужской род» (сәйкесінше «he, his – ол, оның» есімдігі) және «женский род» (сәйкесінше «she, her – ол, оның» есімдігі) түрінде болады. Ал қазақ тілінде «род санаты» деген ұғым жоқ, сондықтан сөйлемнің мағынасына байланысты сын есім, есімдік немесе сан есім ағылшын тіліне әртүрлі аударылуы мүмкін.
«To be» етістігі ағылшын тілінде міндетті түрде қолданылады, ал қазақ тілінде ол жоқ.
Қазақ тіліндегі сөйлемдегі сөздердің өзіндік реті бар, ол тұрақты. Жай хабарлы сөйлемдегі бастауыш әдетте басында, ал баяндауыш әрқашан соңында, анықтауыш анықталатын сөздің алдында, мезгіл пысықтауыш сөйлемнің басында тұрады. Дәл осылай ағылшын тілінде де бастауыштың, баяндауыштың және т.б. сөйлем мүшелерінің өз орны бекітілген белгілі бір тәртібі бар. Мысалы, «Wе live in Shymkent» – «Біз Шымкентте тұрамыз», «Put the book on the table» – «Кітапты столдың үстіне қой».
Бірақ ағылшын тілінен қазақ тіліне аударуға қатысты тілдің ерекшеліктерімен байланысты белгілі бір қиыншылықтар туындайтыны жасырын емес. Мәселен, орыс тілінде «пастух» деген ұғым болатын болса, қазақ тілінде «қойшы», «жылқышы», «сиыршы» деп бөлініп көрсетіледі, сол сияқты орыс тіліндегі «тетя» сөзі қазақ тілінде «апа» да «тәте» де және «жеңеше» де болуы мүмкін. Күрделі болғанына қарамастан кез келген орыс тіліндегі сөйлем қазақ тіліне бір сөйлеммен аударылуы мүмкін. Мұндай сөзбе сөз аударма стилдің дәлдігін беруі мүмкін емес. Сонымен қатар, фразеологиялық тіркестіктерді аударудың мүмкін еместігі. Ағылшын тілінен фразеологизмдерді басқа тілдерге аудару әрқашан мұндай конструкциялардың семантикалық тұтастығы мен күрделілігіне байланысты белгілі бір қиыншылықтар туғызады. Мысалы, «to get out of bed on the wrong side» – «сол аяғынан тұру»; «fish begins to stink (or stinks) at the head» – «балық басынан шіриді»; «nothing is stolen without hands» – «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Алайда, осындай қиыншылықтар кез келген тіл жұптарында туындайды.
Қазақстандағы шетел тілдеріне және аударманың өзінің қиыншылықтарына қатысты проблемаларға қарамастан елімізде тілдік қарым-қатынастар процесінің дұрыс жолға түсіп келеді.
«Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы идеясының авторы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ең алғаш рет бұл идея 2006 жылғы қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында айтылған болатын. Үштұғырлық идеясы мынадай қарапайым және түсінікті формуладан тұрады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін оқимыз. Азаматтардың үш тілді игеруіне бағыт ұстаған Қазақстан қазіргі күнгі жағдайды ескереді: тілдердің үштұғырлығы елдің бәсекелестік қабілетінің көрінісі болып табылады.
Әдебиеттер:
1. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа Әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2007 жылғы 28 сәуір.
2. С.С. Кузьмин, Н.Л. Шадрин. Русско-английский словарь пословиц и поговорок. Мәскеу, «Русский язык», 1989 жыл.
3. «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 Жарлығы.
Достарыңызбен бөлісу: |