ӘОК 37.018.1:373
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДЕГІ ОТБАСЫНЫҢ РӨЛІ
Сартаева Н.Т.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,
Беркінбаева А.Т.
Абылай хан Қызылорда колледжі
Аннотация
Статья посвящена проблеме воспитания младших школьников.
Түйін сөздер: отбасы, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, рухани-мәдени мұра.
Тәуелсіздік жолына түсіп, өркениетті елу елдің қатарына қосылу мақсатын жүзеге асыруға кіріскен Қазақстан үшін халқымыздың ұлттық сана-сезімі мен ұлттық дүниетанымын қалыптастыру бүгінгі таңда аса маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Халқымыздың тілін, тарихын, ұлттық дәстүрін, ата-салтын ұмыта бастаған бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуге ат салысу - жалпы ұлтымыздың міндеті. Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан.
Оқу мен тәрбиелеудің үлкен ортасы мектеп екені белгілі. Ондағы жоспарлы тақырыптық сабақтармен қатар, сынып сағаттары, тәрбие сағаттары, пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар оқу мен тәрбиенің негізгі ықпалдастығы болып отыр. Тәрбие жұмыстарының тиімділігі ата-ана мен мектептің өзара байланысынан көрінеді. Өскелең ұрпаққа адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан патриоттық тәрбиені, сапалы білімді дарыту - қазіргі кезде көкейтесті мәселенің бірі. Ұлттық сезім – өзінің ұлттық өкілділігін мойындай отырып, ұлтына деген сүйіспеншілігін, жанашырлық, халық мұраларын бағалай білу. Әрбір адам өз Отанына деген мақтаныш сезімі, өз ұлтын терең сүюі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс.
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқалары бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы. Сонымен бірге ұрпақ тәрбиесіне, жалпы халықтың рухани дамуына байланысты ұлттық тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерді: Қорқыт ата, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари т.б. қазақ ақын-жырауларының мұраларынан, билер мен шешендердің тәлімдік сөздерінен көруге болады.
Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:
-
ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
-
жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;
-
ана тілі мен дінін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;
жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда да ғана басты мақсатқа жетеміз [1].
Қазақ отбасында балаға тіл шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ, ағайын туысты, нағашы жұртын, ата-тегін, руын, ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу» заң болған. Ата –бабаларымыз өз тегінің шығу тарихын білуді ар азаматқа парыз деп ұққан. «Жеті атасын білмегенер жетім», «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп қоймаған. Олардың қандай адам болғанын, өнегелерін үлгі етіп отырған. Әрі сол арқылы отбасы шежіресін жалғастыруға баулуды мақсат еткен.
Қазақ халқының салт-дәстүрінің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі аса зор, мәні үлкен. Ендеше ата-аналарымызға, ұстаздарымызға, оқушыларымызға білім беру барысында ұлттық салт-дәстүрлерді пайдалану олардың ұлттық рухты қалыптастыруға мол үлесін қосу қажет. «Баланы жастан» демекші, мектеп оқушыларының санасына халқымыздың тәрбие негізі, асыл қазынасы – салт-дәстүрлерін дұрыс жеткізе білсек, ертеңгі күні олардан зор ұлтжанды қазақ азаматы шығатынына кәміл сенуге болады. Қазақ отбасының осындай өнегелері жеке бастың мінез-құлқы мен рухани мәдени құндылықтарын қалыптастырудың баспалдақтары болады.
Бірінші тәрбиенің ошағы – отбасында, екінші – мектепте болғандықтан, ата-ана мен мектеп, яғни мұғалімдер мен жұртшылық тығыз байланыста болуы шартты нәрсе. Отбасында ата-ана арқылы берілетін тәрбиенің басты мақсаты – баланың жасын, жеке ерекшелігін, психикалық процестерін ескере отырып, өз тегін жалғастыратын лайықты ұрпақ тәрбиелеу. Бұл мәреге жету үшін отбасындағы тәрбие мынадай міндеттерді шешу керек:
-
Баланың тағдырына, физиологиялық өсіп жетілуіне, денсаулығына және қамқорлық жасау;
-
Бала тәрбиесіндегі барлық ұстанымдар мен тәрбие әдістерін, талап-тілектерді, балаға деген махаббатты сезіндіруге лайықтап, реттеу;
-
Балаларының өзіндік бағасымен санаса отырып, қоғамның толық қанды мүшесі болуға даярлау;
-
Еңбексүйгіштікке баулу, баланы күнделікті үй шаруашылығындағы еңбекке дағдыландыру;
-
Отбасы мүшелерінің өзара дұрыс қарым-қатынасын, тіл тауып түсінісуін, бірін-бірі тыңдап, ата-ананы, жасы үлкендерді сыйлап, құрмет тұтуға үйрету;
-
Білім алудың, мәдени мінез-құлықтың әдет-дағдыларын қалыптастыру;
-
Баланың икемділігін, қабілетін байқап, мамандық таңдауға бағыт беру, бағдарлау,
-
Әдебиетке, өнерге, мәдениетке, ғылымға құштралығын (жас ерекшелігіне қарай әдеби кітаптармен, ойындармен қамтамасыз ету, театр, мұражай, көрме, галереяларға апару) тәрбиелеу;
-
Баланың ақылына, күшіне, біліміне сай берілген тапсырманы, талапты орындауын қадағалау, бақылау, тексеру, бағалау;
-
Тәртіпке, ұқыптылыққа,жауапкершілікке, ойшылдыққа т.б. баулу;
-
Өзін-өзі тәрбиелеуге, дербестікке, шығармашылыққа баулу;
-
Отбасында баланың әлеуметтік рөлін білуге міндеттеу;
-
Баланы өз тегін жалғастыратын сабақтастыққа, болашақ жұбайлық өмірге тәрбиелеу [2].
Осы аталған міндеттерді қазақ отбасында қалай жүзеге асырудың жүйесін жасауда бірізділік болмағанымен, ғалымдарымыз өздерінің зерттеу нысанасы тұрғысында қарастырып келеді. Әрине, қазақ отбасындағы өзіндік ұлттық тәрбиесінің ерекшелігі, ұстанатын қағидалары, сүйенетін тағылымдары бар.
Халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған бай рухани мұрасымен оқушылардың бойына адамгершілік ізгі қасиеттерді қалыптастырып, сіңіртіп, өзінің Отанына адал азамат етіп тәрбиелеу ата-ана мен ұстаздар қауымына жүктеледі.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, оған ерекше көңіл бөлген. Себебі ол баланы отбасының және өмірдің жалғасы мен болашағы деп санаған. Мысалы, отбасында баланың болуын және көп болуын тілеген. Оған халқымыздың мынадай даналық сөздері дәлел: «Бесіксіз үйде береке жоқ», «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар», «Артында қызы бардың көзі бар, ал ұлы бардың өзі бар», «Ата өліп, бала қалса – мұратына жеткені, бала өліп, ата қалса – арманда кеткені» - деуі баланы халқымыздың ерекше жақсы көргені [3].
Қазақ отбасында баланы ұлттық салт-дәстүрлер аясында тәрбиелеген. Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер: құрсақ тойы, жарыс қазан, шілдехана, сүйінші, қырқынан шығару, бесік тойы, бесік тәрбиесі, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндетке отырғызу т.б. жүйелі түрде іске асырылған.
Қазақ халқы ата-ананы пір тұтқан халық. Сондықтан да болар тегімізді атадан, тілімізді анадан сынаған халықпыз. Қорқыт ата кітабында: «Атасыз ұл – ақылға жарымас, анасыз қыз – жасауға жарымас» немесе «Қыз ақылды ескермес, ана үлгісін көрмесе. Ұл жарқылдап ас бермес, әке үлгісін көрмесе» - деп текке айтылмаған. Ұлттық салт-дәстүрімізді білу, оның астарын түсініп, атадан балаға мирас ету қазіргі таңда, әсіресе, қазақ қыздары үшін ауадай өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді [4].
Қазақ халқының тектілігі және ол ұғымның қазақ отбасында балаға ұлттық тәрбие берудегі маңызы зор. Халық арасында «тегі жақсы», «текті азамат», «текті атаның баласы», «текті тұқымнан шыққан», «текті келін», «текті қыз» деген секілді бірауыз сөзбен сол адамның бүкіл болмысында немесе бір тайпаның үрім-бұтағына баға береді. «Тек» сөзі – нәсілдік ұғым
Тектілік ұғымы ақыл-ой, күш-қайрат, түр-түспен біте қайнасқан адамдық тұлғаны бейнелейтін қадір-қасиетті білдіреді. Қазақ халқының өзі – текті халық. Бірауыз сөзге тоқтаған, «жетім бала», «жесір әйел» мәселесін ұжымды шешіп, оның келешекте кең қанат жаймау жағын қарастырған [5].
Сонымен, қазақ отбасында баланың басты тәлімгерлері анасы мен әкесі және әжесі мен атасы, туыс-туғандары екен. Сондықтан халқымыздың бала тәрбиелеуіндегі ерекшеліктері – бала тәрбиесі құрсақтан басталып, бесікте, қыз бала мен ұл бала, келін мен ер жігіт жеке-жеке үздіксіз тәрбиеленеді екен.
Ұлттық тәрбие – біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін қазынамыз. Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, отбасының алатын орнын айрықша көрсету басты міндетіміз болып қала бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Бөлеев Қ., Оразова Ә.О. Педагогикалық мерзімді баспасөз және оқушыларға ұлттық тәрбие беру. – Алматы, 2008.-74б.
-
Қоңырбаева С. Отбасы: бала мен ата-ана. Отбасы жағдайындағы бала тәрбиесіне қатысты мәселелер жөнінде ата-аналарға және тәрбиеші-мұғалімдерге әдістемелік көмек. – Алматы, 2006.-134б.
-
Тәжібаева С.Ғ., Нұғыманова Х. Отбасы тәрбиесінде оқушының ұлттық келбетін қалыптастыру (әдістемелік құрал). – Алматы, 2011.-12б.
-
Бағашар Қ. Исламдағы бала тәрбиесі. – Алматы, 2010.-11б.
-
Омарова Р.С., Есенғұлова М.Н. Халықтық педагогикадағы қарым-қатынас мәдениеті. – Ақтөбе, 2009.-5б.
Достарыңызбен бөлісу: |