Әок 371: 378 жоғары оқу орындарындағы білім мен тәрбие үдерістерінің бірлігі



Дата07.07.2016
өлшемі51.5 Kb.
#183555
түріСтатья
ӘОК 371:378

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ ҮДЕРІСТЕРІНІҢ БІРЛІГІ

Кашакова Э.А., Сартаева Н.Т., Демесінова А.А.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті


Аннотация

Статья посвящена проблеме образования и воспитания в ВУЗЕ.


Түйін сөздер: білім, тәрбие, болашақ маман, ЖОО, педагогикалық үдеріс, жоғары білім беру.
Қазақстан Республикасының рыноктық экономика, халықаралық қатынастарды жан-жақты дамытуға бағытталған тәуелсіз, демократиялық ел болып қалыптасуы мемлекетті жоғары білімді, мәдениетті мамандарға қажеттілігін арттыра түсті. Бұл елдің білім беру жүйесін модернизациялауды ғана емес, тәрбие, оның мақсатының басты бағдарын өзгерту, ондағы жаңашыл бағыттарының әлеуметтік қатынастармен дұрыс үйлесуін де қажет етеді. Бүгінгі таңда мәдени деңгейі жоғары шығармашыл тұлға қалыптастыруды көздейтіндей жаңа тәрбие тұжырымдамасын құру басты мәселе болуда.

Болашақ мамандарға әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру, оның рухани байлығы мен мәдениеттілігін, зерттеу мүмкіндігін, өзін-өзі тәрбиелеу жолдарын жетілдіру - қоғамдағы өзекті мәселе.  Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі: жеке адамның шығармашылық, рухани және күш қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой - өрісін байыту»,-  деп атап көрсетілген [1, 3 б.]. 

Білім мен тәрбиенің бірлігі принципі қытайлық ғалым Конфуцийден тараған. Білім мен тәрбие - бұл тек қазіргі сәттің бейнесі ғана емес, сонымен бірге болашақтың жобалық үлгісі. Олар біртұтас үдеріс.

Білім тәрбиелеуші, тәрбие білім беруші мақсатта жүргізілуі тиіс. Бұл, әсіресе, білім көлемінің жылдам ұлғайып дәртүрлі оқыту мен тәрбиелеу түбірімен өзгертуді қажет еткен қазіргі ақпараттық қоғамда аса маңызды.

Бүгінгі күні тек мол білім қорына сүйену мүмкін емес, алған білімін өз бетінше толықтыру біліктілігі мен ғылыми-техникалық легін белсенді түрде игеруге бағыттала алуы тиіс. Студенттерде өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі жүзеге асыру үшін психологиялық, теориялық және практикалық дайындық қалыптасуы тиіс. ЖОО студенттер өзіндік бақылау мен өзін-өзі тәрбиелеуге қажетті адамның ойлау әрекетінің заңдылықтарымен танысады, психика, оның мәні мен принциптері жөнінен білім алады. Мұндай тәрбие мен оқытудың мақсаты бүгінгі күні ақыл-ой, санасының сапасының қалыптасуы басты рөлде екенін көрсетеді.

Тәрбие – көпаспектілі үздіксіз үдеріс. Қазіргі таңда тәрбие ересектердің жастарға өз тәжірибесін жеткізуі ғана емес, сонымен қатар оқытушылар мен студенттердің оқу және оқудан тыс уақыттағы бірлескен әрекеті мен ынтымақты еңбек қатынасы деп сипатталады [2]. 

Педагогикалық үдерісте студент оқытушының объектісі ғана емес, білімді меңгеруде жеке субъект ретінде көрінеді. Болашақ маман ретінде студенттердің өзін-өзі тәрбиелеу мүмкіндіктерін қалыптастыру үшін кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамының белсенділігі, шығармашылық ізденісі, білім алушылардың жас және жеке ерекшелігімен қатар оның неге қызығатынын жете  білуі маңызды болмақ. Педагогика тарихы тәрбие мәңгі бақи категория қатарына жататындығын ғылымда әбден анықтап берді.

Келешекке бағдарланған жан-жақты дамыған, мемлекет адамын, өз Отанының азаматы мен патриоты болуға лайық, жоғары адамгершілікті мамандарды дайындау үшін тәрбиені шын мәнінде бірінші кезекке шығару қажет. Студенттер ортасында патриотизм мен азаматтылықты, тарихи, мәдени, философиялық, экономикалық, саяси, құқықтық білімге қол жеткізу міндеттерінің шешілуі  бәсекелестікке төтеп бере алатын маман тұлғасының қалыптасуының кепілі.

Студент жастардың тәрбиелеу, өзін-өзі тәрбиелеу міндеттерінің оң  шешімін табуда оқудан тыс жұмыстардың өзіндік орны бар [3].  Осы жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылуы арқылы  студенттердің дамуына жағдай жасау және оның тиімді жолдарын іздестіру күрделі проблемалардан саналады.  Оқудан тыс жұмыстар - студенттердің шығармашылығы мен таланттарын шыңдауға, ұйымдастырушылық, басқарушылық дағдыларын жетілдіруге бірден-бір мүмкіндік беретін фактор.

Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінің кредиттік оқу үдерісіне көшуіне байланысты оқудан тыс жұмыстардың мазмұны мен ұйымдастыру формаларын қайта қарап  өңдеу,  жетілдіру, дамыту қажет.  

Тұлғаның коғамдық сана-сезімінің дамуының белгілі бір сатысында, өзінің жеке басы үшін тек сыртқы мақсаттарды ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеу мақсаттарын қабылдайды. Ол өзіне-өзі тәрбиенің субъектісі ретінде қарап, өзінің тұлға ретінде қалыптасуы, оның жеке белсендігінсіз мүмкін еместігін ұғына түседі [4].

Өзін-өзі тәрбиелеу – адамның өз тұлғасын қалыптастыруға, өмірдегі өз орнын өзі белгілеуіне, өзін-өзі дамытуға, өз қабілеттерін өзі іске асыруға бағытталған мақсатты, саналы, жүйелі түрде өздігінен жүргізетін іс-әрекеті.

Студенттерді өзін-өзі тәрбиелеуге бағыттау мақсатында жүргізілетін оқудан тыс жұмыстар жүйесі төмендегідей түрде болуын ұсынуға болады:

—          факультет көлемінде студенттердің қалаған тақырыптары бойынша конференциялар ұйымдастыру;

—          республикалық, халықаралық ғылыми, ғылыми-практикалық конференцияларға қатысу, баяндама жасау;

—         ғылыми жобалар мен ғылыми үйірмелерге қатысу;

—          кәсіби және ғылыми шығармашылық қызығушылықтарын арттыру мақсатында мамандармен, түлектермен  және ғылым мен өнер тұлғаларымен, кездесу;

—         адамзат құндылықтарының жетістіктерін  насихаттау үшін тақырыптық кештер мен байқаулар, конкурстар ұйымдастыру;

—         студенттердің редакциялық шеберліктерін қалыптастыру мақсатында ЖОО-да газет пен журналдар шығару;

—         жеке, сонымен қатар топтық мәселелерді шешуге көмек көрсету бағытында психологиялық, әлеуметтік педагогикалық қызмет кабинеттерінің болуы және т.б. [5]. 

Қазіргі таңда өскелең ұрпақ тәрбиесіне, оның өзін-өзі кәсіби айқындауы, қоғам өміріне бейімделуі, азаматтық санасының қалыптасуы, салауатты өмір салты тұрғысынан жаңа қатынас қажет. Сондықтан ЖОО тәрбие үдерісінің негізіне төмендегідей түйінді құзіреттіліктер ендірілуі қажет:


  1. Саяси және әлеуметтік;

  2. Мәдениетаралық;

  3. Ауызша және жазбаша қарым-қатынас жасау;

  4. Ақпараттық;

  5. Үздіксіз оқуға қабілеттілікті асырушы құзіреттіліктер.

Сонымен, ЖОО тәрбие жұмысының мақсаты – белсенді өмірлік ұстанымға ие, толерантты, эмоционалдық жағынан тұрақты, түрлі мәдени топ өкілдерімен бейбітшілік пен келісімде өмір сүре алатын, түрлі мәдени ортада өзін-өзі айқындай алатын тұлға тәрбиелеу. Аталған мақсат тәрбиені білім беру үдерісімен ұштастыра жүргізілсе, әлдеқайда тиімдірек орындалары сөзсіз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:


1.Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңы. 2007ж.

2.Қазақстан Республикасының гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы 2004 ж.

3.Андреев В.И. Диалектика воспитания и самовоспитания творческой личности. Основы пед. творчества. – Казань: Казанского ун-та, 1988. –С.236.

4.Левина М.М. Технологии профессионального педагогического образования: // Учеб. Пособие для студ. высших пед. учеб. заведений. – М.:Академия, 2001. –С. 85-108.



5.Кузьмина Н.В. Акмеологическая теория повышения качества подготовки специалиств образования. – М.: Исследовательский центр проблем качества подготовки специалистов, 2001. – 149 с

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет