Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы. Диссертацияның негізгі ережелері мен қорытындылары ғылыми конференцияларда баяндалды және талқыланды. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен алынған қорытындылары жоғары оқу орындары студенттері мен магистранттарына, аспиранттарына арналған оқулықтарда, арнаулы курстар мен семинарларда, өлкетану жұмыстарында пайдалануға болады.
Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертация жұмысының негізгі тұжырымдары мен нәтижелері тарих мәселелері бойынша өткен халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда баяндалып, ғылыми журналдарда жарияланып, көпшілік назарына жетті. Жұмыс Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Тақырып аясында Семей, Орал қалаларында өткен халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндамалар жасалып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің хабаршысында жарияланды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, жеті тараушаға бөлінген екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімінен, қосымшадан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі көрсетіліп, оның зерттелу деңгейі мен деректік негізі сараланды. Зерттеудің мақсат-міндеттері белгіленіп, пәні мен нысаны анықталып, хронологиялық шеңбері, территориялық шегі, теориялық және әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары мен практикалық маңыздылығы айқындалды
Бірінші тарау – «ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ басындағы Батыс Қазақстан қалалары : қалыптасу факторлары, статус, басқару, экономика және сауда» деп аталып, аймақтағы қалалардың қалыптасуына негіз болған әскери-саяси және экономикалық факторларға талдау жасалып, қала статусы мен қалаларды басқарудың принциптері анықталады, қалалық тұрғындардың айналысқан шаруашылығы мен қалалар экономикасына сипаттамалар беріліп, Батыс Қазақстандағы сауда мен қатынас жолдары қарастырылады.
Х1Х ғасырдың 80-жылдарының аяғына дейін патша Ресейдің саясатында әскери-саяси фактор басым болды. Мемлекет территориясы кеңейіп, өлкені отарлау күшейген сайын Қазақстан мен оның шекаралас аймақтары Ресей үшін маңызды бола түсті. Осы кезеңде көршілес жерлерге орыс халқын қоныстандырудың астарында жағында патша өкіметінің саяси мүддесі жатқан болатын. Өкімет алдына отарлау арқылы жергілікті халықты орыстандыру міндеттерін қойды. Шамамен, ХІХ ғасырдың 90-жылдары қоныстандыру қозғалысы тез қарқын ала бастайды. Жоғарыда айтылған жағдайларға жедел дамып келе жатқан орыс өнеркәсібі үшін тауар өткізу нарығы мен шикізат көзі болып табылатын өлкені игеру мақсатындағы экономикалық факторлар қосылады. Патша өкіметі үшін жерлерді отарлау аграрлық ретсіздіктер мен помещиктік жерлерден зорлап ығыстырудан құтылудың амалдары еді, сондай-ақ, бұл әдістер қазақтардың ғасырлар бойы қоныстанған ең құнарлы «артық» жерлерін жаппай тартып алу сияқты қитұрқы әрекеттермен ерекшеленді. Орынбор генерал-губернаторы Н.А. Крыжановский былай деп жазады: «Қырғыз даласы Орынбор үшін және ол арқылы Ресейге өте қажет, қырғыз даласы болмаса шаруашылығымызда сезінетіндей жетіспеушілік болар еді, оны тез арада түзету үшін ол даланы иеленуіміз қажет» [21].
XIX ғ. І-жартысында, кейін кейін Торғай облысының құрамына енген территорияда, патша үкіметі Ембі (1839 ж.), сосын Уральск (Ырғыз) бекінісін тұрғызады (1845 ж.). 1848 ж. 15 мамырда Қарабұтақ өзенінің Ырғызға құятын биік сағасында Қарабұтақ форты пайда болды. Ол Орынбор линиясымен Уральск бекінісінің арасындағы тоқтайтын келесі бір бекініс болатын.
Қазақ халқы шаруашылығының саудамен байланыса дамуы аймақтағы елді мекендердің келбеті мен құрылымына өзгерістер әкелді. Алғашында линиялық бекіністер болып тұрғызылған елді мекендер XIX ғ. ортасына қарай көп қызметті ірі орталықтарға айналып, олар ресми түрде қалалық статусқа ие болады. Патша үкіметі князь Львов пен сенатор Н. Дубенский басқарған арнайы комитет құрып, ХІХ ғ. І - ширегінде қалалардың дамуы туралы мәселелерді бірнеше рет талқылайды [22]. Комитет жұмысының барысында қалалардың классификациясы қарастырылы, жасақталады. Бұл классификация бойынша: үлкен қалаларға (25 мың адам.), орташа қалаларға (5 мыңнан 25 мыңға дейін.), кіші қалаларға (5 мыңнан аз) тұрғындары бар қалалар кіргізіледі [22, с.22.]. Үлкен қалалардың қатарына Орынбор мен Орал қалалары енеді.
Орал әскери бөлімінің ірі бекіністерінің бірі 1640 ж Жайықтың Каспийге құяр сағасынан 17 шақырым жерде Гурьев қалашығы тұрғызылған болатын. Уақыт өте келе кішігірім бекіністер әскери маңызын жоя келе, станицалар мен поселкелерге айнала бастайды. Ресейдің орталық губернияларына тұз өндіру және тасымалдаумен айналысқан Елек басқа елді мекендерден ерекше болды. Бірақ бұл бекіністер саны Қазақ даласын жоспарлы түрде отарлау үшін жеткіліксіз болды. Сондықтан да ІІ-Александрдың өкіметі Торғай облысындағы жаңадан құрылып отырған уездерде бірнеше елді мекендер ұйымдастыруды қолға алады. 1869 ж қыркүйекте Торғай облысының генерал-губернаторы Ақтөбе бекінісіне қала құқын беру туралы Орынбор генерал-губернаторына жасаған ұсынысында былай деп жазады: «Уақытша Ереже» шыққаннан кейін, жоғары мәртебелі бұйрықпен Електе Ақтөбе бекінісі тұрғызылуда, оған Елек уезінің басқармасы берілмекші. Көрсетілген Ереженің 226-227-тарауларын ескере отырып, Ақтөбе бекінісінде тіркелуге тілек бергендердің өтініші бірнеше том болғанын және уездік басқарманың қоныстандыру заңына сәйкес, Ақтөбе бекінісіне қала құқын беру туралы ұсынысымды назардан тыс қалдырмауыңызды сұраймын. Бұндай құқықтар Ереженің 14 тарауына сәйкес Ырғыз бен Торғайға да берілген» [23].
Батыс Қазақстан қалалары патша өкіметінің бүкіл өлкеге отарлау саясатын енгізу және біржола орнықтыру мақсатын жүргізудегі негізгі тірек болды. Тиісінше, аймақта бекіністер мен қалалар тұрғызуда әскери-саяси факторлар негізгі рол атқарды. Тек осыдан кейін ғана, экономикалық және сауда мақсатындағы міндеттер жүзеге асырыла бастады.
ХХ ғасырдың басында қалалар, Қазақстандағы модернизациялық процестерді белсенді түрде жүргізуші, әлеуметтік-мәдени өзгерістерді тездетуші және қоғамдық өмірді жандандырушы рөл атқарды. Қалыптасқан ортаны өзгерту факторы болған аймақты отарлау экономикалық, демографиялық, басқару және мәдени орталық рол атқаратын қалаларды қажет етті.
1870 ж. қалаларға байланысты өзгерістер енгізіледі. Алдымен, Қазақстан қалалары үшін бұл реформа сословияларға қатысты либералдық және сайлауға байланысты шарттар, заң және атқару биліктерін бөлу, қалалық өзін-өзі басқару қоғамын құру секілді өзгерістерді әкелді. Қалалық өзін-өзі басқару сібірлік либерализмнің негізгі ұйымдық құрылымы болып, олар билік өкілдеріненен жергілікті халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандырушы органға айнала бастады. Сібір мен Қазақстан қалаларының тұрғындары үшін жергілікті өзін-өзі басқару қызметі жария түрде жүзеге асырылып отырған бірден бір саяси іс - әрекеттер болатын. Қалалық ережеге дейін қаланы басқару уездік басқарма құзырында болды. Жаңа Қалалық ережеге сәйкес, қала шаруашылығын басқаруды жаңа құрылым – қалалық дума мен қалалық басқарма қолға алады. Олардың міндеті қалалық шаруашылықты жүргізу, қаланы аббаттандыру, тұрғындарды азық–түлікпен қамтамасыз ету, сауда мен өндірісті дамыту мақсатындағы шараларды іске асыру, халықтың денсаулығын қорғау, мәдениет және білім ошақтарына көмектесу, жергілікті мәселелерге байланысты мәліметтер мен қорытындыларды өкіметке уақытында жеткізіп және соған байланысты ұсыныстар беріп отыру болды. Қалалық думаның міндетіне сондай–ақ, қызмет адамдарын тағайындау, заң талаптарына сәйкес қалалық салықтар мен алымдарды реттеу, қала қаржысының жинағы мен шығындар туралы есебін бекіту, қалалық мүліктерді иелену және басқарма қызметінің жалпы тәртібін тағайындау енді. (Қалалық ереженің 55–бабы).
1892 ж. Қалалық ереже патша өкіметінің ішкі саясатта қалыптаса бастаған қарсылық әрекеттерінің көрсеткіші болды, ол қалалық өзін–өзі басқару ұйымдарын құру тәртібіне айтарлықтай өзгерістер енгізе отырып, олардың қызметін мемлекеттік мекемелер тарапынан бақылауды күшейтті. Қалалық өзін- өзі басқару ұйымдары XIX ғ. аяғы – ХХ ғ. басында Батыс Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер еткен маңызды фактор болды. Қалалық өзін-өзі басқару ұйымдары қала шаруашылығының дамуына, аймақтағы білім беру, мәдени және денсаулық сақтау мекемелері санының көбеюіне айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар, Далалық өлке қалаларындағы бюджет тапшылығынан қоғамдық ұйымдардың алдына қойған көпшілік міндеттері орындалмай жатты. Қалалардағы шаруашылықтың дамуына, қала көшелерін көркейтуге, мектептердегі білім беруді ұйымдастыруға, денсаулық сақтау мекемелерін ұйымдастыру жұмыстарына қала қаржысы жетіспеді. Далалық өлкедегі өзін-өзі басқару ұйымының нәтижелі жұмыс атқаруына сондай-ақ, биліктегі қалыптасып қалған ескі жүйе кері әсерін тигізді.
Батыс Қазақстан қалаларының шаруашылығы негізінен аграрлы болды. Әсіресе бұл қала халқының басым бөлігін казактар құрайтын Оралдың экономикасынан анық байқалды. Казактардың егін және мал шаруашылығының табысты жүргізілуі казак әскерінің иелігіндегі жерлер мен шабындықтардың көлеміне байланысты болды.
Уездегі отырықшы халықтың негізгі кәсібі, оның ішінде Ақтөбе қаласының тұрғындарын қоса есептегенде, егін шаруашылығы болды. Бірақ, егін шаруашылығын жүргізу үшін малды пайдаланды. Мысалы: 1889 ж. қалада 1446 адам (760 ер, 686 әйел), барлығы 304 аула болды; оларда 398 жылқы, 1335 ірі қара, 1923 қой мен ешкі, 5 түйе, 96 шошқа болды. Тұрғындардың иелігінде 20294 десятина егістік, 1225 десятина жем-шөптік жерлер болды [24].
Бидайдың бітік шығуы табиғат жағдайына байланысты болды. 1879 жылғы көктемгі және жазғы құрғақшылықтың салдарынан бекіністе қоныстанған шаруалардың бидайы мен егістігі күйіп кетті. Күн көру үшін олар күніне 25-30-дан (әйелдер) 50 (ерлер) тиынға дейін алатын, көбіне әскери гарнизондағы үйлер мен казармалар тұрғызу жұмыстарына жалданды [24, 9п]. Орал облысында өндіріс өте баяу дамыды. Мысалы, 1886 жылғы Орал облысының Шолуында былай деп көрсетіледі: «Орал облысындағы фабрика мен зауыт өндірісі май шайқайтын және кірпіш зауыттарымен шектеледі, үйлерде шикізатты қолмен өңдейтін өнімнің көлемі 1886 ж. 1.062.930 сомға жетті, 1885 жылғыдан 114849 сомға артық» [25].
1890 жылғы Орал облысының Шолуында жағдайдың өзгермегені туралы айтылады. «Орал облысында фабрика жоқ, зауыт өнеркәсібі май шайқайтын және кірпіш зауыттарымен шектеледі, үйде қолмен шикізат өңдеу, бу, су, жел және ат диірмендеріндегі, ұстаханалардағы табыстың көлемі 1890 ж 830,062 сом болды, 1889 жылғыдан 9, 827 сомға кем. Май шайқау өндірісінің айналымы 1890 ж 133,147 сом болып, 1889 жылғыдан 962 сомға көбейді» [26].
Өңдеу кәсіпорындарын негізінен ұсақ тауарлы, 1-5 адам жұмыс жасайтын шағын кәсіпорындар құрады. 80-жылдардың соңында мануфактуралық бұйымдар өндіретін кәсіпорындарда жұмысшылардың саны өсе бастады. Ілбішін, Темір сияқты елді мекендерде өндіріс кәсіпорындары болған жоқ. 1890 жылы Орал қаласында 8 кірпіш зауыты, бес – қыш құятын және май шайқайтын, бір–шарап,сыра, мия және құйма фабрикасы болды. Гурьевте 8 кірпіш зауыты, 2 май шайқайтын және 2 сабын дайындайтын фабрика болды. ХХ ғ. басында Гурьевте мұнай өндіру кәсіпшілігінің дамуымен байланысты жағдай өзгере бастады. Батыс Қазақстандағы мұнай өндірісі акционерлік қоғамдардың қаржысына сүйенді. ХХ ғ. басында құрылған «Ембі», «УКНО» акционерлік қоғамдары 1914 жылы рекордтық– 272746 тонна мұнай берген Орал-Ембі бассейніндегі мұнай көздерін игеру үшін капиталдарын жұмсай бастады. Мұнай кәсіпшілігі сауда және өнеркәсіп министрлігіне қараған Оңтүстік-Шығыс тау-кен басқармасына бағынды. Мұнай өндіруші акционерлік қоғамдарды бірнеше директорлардан құралған кеңес басқарды. Қоғам істерін басқару үшін Гурьев қаласында бас кеңсе орналасты [26].
Сонымен, ХІХ ғ. аяғында Батыс Қазақстан қалаларындағы өнеркәсіп өте баяу дамыды. ХХ ғ. басында ғана аймақтағы қалаларда фабрика типтес өндіріс орындары пайда бола бастады. Өндірілуші өнімнің құнына байланысты қолөнер мен мануфактуралық өнеркәсіптер негізгі сұранысқа ие болды. Өнеркәсіп өндірісінің даму дәрежесі жағынан бұл аймақтағы қалалар Ресей империясының орталық қалаларына қарағанда әлдеқайда төмен болды. Батыс Қазақстандағы өнеркәсіптің дамуы баяу болғандығын төмендегі көрсеткіштер дәлелдейді: Ресейдің орталық аудандарында бірінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші 82 сом болса, Орал облысында - 9 сом, Торғай облысында бар болғаны 5 сом болды. Сонымен бірге, өнеркәсіп орындарының көбеюі мен фабрикалардың пайда болуы қалалардың мәдени-әлеуметтік келбеті мен қала тұрғындарының құрамына өзгерістер әкелді.
Батыс Қазақстан қалалары қазақ Даласы мен Орта Азия елдерінің арасындағы сауданың дамуында маңызды рол атқарды. Орынбордан Оралға Елек, Жоғары дистанция және 1 округ арқылы Орынбор трактісі өтті. Гурьев пен Оралдың арасын Жайық өзенін бойлай орналасқан (ұзындығы 500 шақырым) болатын Гурьев трактісі байланыстырды. Бұл жол арқылы Гурьевтен арбаға тиелген балық Оралға тасымалданса, Оралдан Гурьевке нан жеткізіліп отырды. Оралдан Круглоозерный поселкесімен Каменный хуторы, Чижин дистанциясы мен Саратов губерниясының Николаев уезі арқылы Балаково селосына дейін созылған Чижинск трактісі орналасты. Бұл жол арқылы жоғары дистанциялардан орман ағаштары мен мануфактуралық бұйымдарына айырбастау үшін нан тасымалданды.
Оңтүстік Оралдан Орта Азияға өту үшін негізгі сауда трактілері Елек, Ембі өзендері мен Ембі бекінісі мен Борсық құмы арқылы өтті [27].
Су жолдарының ішіндегі ең маңыздысы Каспий теңізі арқылы Астрахан мен Гурьев қалаларын байланыстыратын жол болды. Осы жол арқылы Гурьевке мануфактуралық бұйымдар мен нан жеткізіліп, Астраханға балық және балық өнімдері, түленнің терісі мен майы тасымалданып отырды.
1891 - 1893 жылдары Рязан-Козлов акционерлік қоғамы жүргізген Покровск слободасы – Орал [27, 6 п] және 1897 жылы салынған Урбах – Астрахан темір жол линиялары аймақтың сауда өнеркәсібінің дамуына зор ықпал етті. Нан, балық және мал шаруашылығының өнімдері Орал қаласына қарай жөнелтіле бастады, нәтижесінде осы аймақта өңдеуші кәсіпорындардың пайда болуына және бұл өнімдердің Европалық Ресейдің негізгі нарықтық орталықтарына қарай ағылуына әкелді. Сондай-ақ, жөнелтілетін жүктің келетін жүктен екі есе көп болуы, бұл темір жолдардың транзиттік маңызы зор болғанын айғақтайды. Тауар айналымының өскенін сауда куәліктерін беруге байланысты байқауға болады. 1885 жылы Орал облысында 1780 сауда куәліктері берілген [25, с.4]. 1890 жылғы сауда мен өндірістік құжаттардан түскен табыстың жалпы сомасы 1889 жылғымен салыстырғанда 1111 сом 75 тиынға көбейді. Орал облысындағы сауда айналымы осы жылы 7.825.037 сомды құрады. Сонымен бірге, тауарлардың түрлері көбейді.
Сонымен, негізінен су жолдары байланысымен ерекшеленетін аймақтағы қалаларда сауданың дамуына транспорт қатынасының орнатылуы үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, темір жолдың іске қосылуы, қалаларға капиталистік қатынастар мен жаңарулардың енуін тездетті.
Екінші тарау - «ХІХ ғ. аяғы - ХХ ғ. басындағы Батыс Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуы» деп аталып, аймақтағы қала тұрғындарының саны мен әлеуметтік-этникалық құрамы зерттеледі, өлкедегі қоныстандыру және көші-қон үдерістерінің қала халқы мен этнодемографиялық дамуына ықпалы қарастырылып, қала өміріндегі қоғамдық-мәдениет пен қала халқының тұрмысына сипаттама беріледі.
Х1Х ғасырдың ІІ жартысында Батыс Қазақстан аймағында қалалық құрылымдар пайда болады. Негізгі шоғырланушы орталық Орал облысы болды. Батыс Қазақстанның басқа қалаларына қоныс аудару баяу жүрді.
Х1Х ғ 70-ж басында Торғай облысының екі солтүстік Ақтөбе және Қостанай уездеріне қоныстандыру басталды. Қала тұрғындарының саны баяу болса да өсіп отырды, 1886 ж. қалада 177 қонысаударушы отбасы болды. 1891 ж. аштықтың салдарынан көші-қон үдерісінің күшейгенін байқаймыз, мысалы: Ақтөбеде 1895 ж қала халқының саны 2000 адамға жетсе Ақтөбе уезіне қоныстанушылардың саны 5400-ге жетті [28].
Батыс Қазақстан тұрғын халқы саны жөнінен (1142384 адам) Оңтүстік Қазақстаннан (1499201 адам) кейінгі тығыз қоныстанған аймақ болып есептелді. Батыс Қазақстан халқының саны Далалық өлкедегі тұрғындардың 24,5 пайызын құрады.
Аймақ территориясының басым бөлігін Орал облысы алып жатты, 1897 жылғы Санақ бойынша онда 645 121 мың адам тұрған. Олардан басқа, санақ кезінде 1716 адам аймақта болмаған. Халықтың – 91,35 % село тұрғындары болды, қалаларда 55482 адам тұрды. Орал облысының қалаларында: Оралда – 36466 тұрғын, Гурьевте – 9322, Електе - 7154, Калмыковта – 1924 және Темірде – 616 адам тұрған. Капиталистік қатынастар мен қоныстандыру саясатына байланысты аймақта славян этносының саны көбейді.
Қала тұрғындарының ұлттық құрамына талдау жасау барысында орыс халқының саны басым болғанына көз жеткіземіз. Одан кейінгі саны жағынан көп болған халық – татарлар мен қазақтар болды. Қалаларда сонымен бірге, украин, неміс, еврей және басқа да ұлт өкілдері тұрды. Қала халқының діни сенімі бойынша негізгі екі топ: 1) православтық; 2) мұсылман дінін ұстанушылар басым болды. Православтық дінді орыстар мен украиндар, мұсылман дініне – татарлар мен казақтар сенді. Қаланың кейбір тұрғындары католик, иудаизм, лютерандық діни бағыттарға сенді [29].
1914 жылы аймақтағы ең ірі қала Орал болды, ондағы тұрғын саны 45852 адамға жетті. Оралдан кейінгі халқының саны жөнінен Гурьев, Елек, Ілбішін және ең соңғы орында Темір қаласы болды. Қаладағы қазақтардың санына байланысты жағдай да жоғарыдағыдай қалыптасты. Ілбішінде қалалық тұрғындардың 69,7 %-ын қазақтар құрады. Сондай-ақ, Гурьев пен Електе де қазақтар саны жоғары болды, соңғысында 46 % қазақтар тұрды [30]. Қаладағы тұрғындар санының өсуі шаруашылығында айтарлықтай өзгерістер орын алған Ақтөбе, Орал, Гурьев қалаларында байқалды. ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басында басқа қалалардағы тұрғындар санының өсуі төмен болды. Сонымен қатар, этникалық белгілерге байланысты қалаларда дифференциация пайда болды. Мысалы, Орал мен Ақтөбе орыс қалалары ретінде дамыса, Гурьев қаласы тұрғындарының басым бөлігін қазақтар құрады және бұл ерекшелік қала мәдениетінің дамуына тікелей әсер етті.
Төңкеріске дейінгі кезеңде тек қана батыс аймақ үшін ғана емес, сонымен қатар Ресейдің шекаралас облыстары мен губерниялары үшін Гурьев пен Орал қалалары мәдени орталықтарға айналды. 1812 жылы Оралда алғашқы оқу орыны ашылады. XX ғ. басында Оралда 2222 оқушысы бар (1440 ұл және 782 қыз бала) 27 оқу орны болған. 1890 ж - 1891 жж. классикалық гимназияның негізінде (әскер мен қазынаның қаражатына казактар ақысыз оқыды) 19 оқытушы, 287 оқушысы бар, оның ішінде 141 казактар (49,2%) оқитын Орал әскери реальды училищесі құрылды.
Училищеде табиғи-тарихи музей жұмыс жасаған. Орал әскері территориясында әйелдер гимназиясы (10 оқытушы, 6 оқытушы - әйел, 283 оқушы, оның ішінде 149-ы казак қыздары, яғни 52,6%-ы); діни училище, орыс-қырғыз мектебі, қолөнерші оқушылар үшін сауат ашу мектебі, әскер әншілері мен музыканттар мектебі, әскер территориясында ауылшаруашылық мектептері қызмет етті. Мектептер шіркеулік-приходтық және әскери болып бөлінді. 27 қалалық оқу мекемелерінде 2222 оқушы білім алды. Қалада үрмелі аспаптар хоры мектебі, татар медресесі, жексенбілік мектептер, ақысыз оқу залы жұмыс жасады [31].
Батыс Қазақстанда мәдениет пен білім берудің дамуына Ыбырай Алтынсариннің үлесі зор болды. Ы. Алтынсариннің араласуының нәтижесінде мектептер ашылып, олардың жанынан кітапханалар жасақталып, қажетті оқу құрал-жабдықтары алдырылады. Ағартушы - қайраткер уездегі қазақтардың қаржысына негізделген Ақтөбе екі кластық орыс-қырғыз училищесінің материалдық базасының нығаюына көп күш жұмсады. Қаражат тапшылығына байланысты, 1887 ж. 5 қазанда Ы. Алтынсарин Торғай облысының әскери губернаторына училище үшін Ақтөбе қаласының бюджетінен жыл сайын 100 сом ақша бөліп отыруын сұрайды. Уезд басқармасы бекітілген сметаға қарамастан қарсылық білдіреді. Уезд басқармасы Ы. Алтынсариннің өтінішіне деген қарсылықтарын бөлінген 100 сом ақшаға қазақ оқушыларымен бірге орыс балаларын оқыту қиынға соғады деп түсіндіруге тырысады. Бірақ Орынбор оқу округі қамқоршысының араласуының нәтижесінде өтініш қанағаттандырылады [32].
Қазақ халқы тек қана, орыс-қазақ метептерінің шығынын ғана емес, сонымен қатар, медреселер мен мектептердегі орыс кластарының, кейде таза орыс мектептерінің де қаржылық қажеттіліктерін өз міндеттеріне алды.
Губернаторлардың есептерінде қазақтардың уақыт өткен сайын балалары үшін білімнің қажет екендігін түсініп, «оқыту үшін олардың тарапынан барынша мол қаржы жинақталуда» деп көрсетеді [33].
Жалпы, 1915 ж. 1 қаңтарында Ақтөбеде 19 оқу орны, уезде - 185; қалада 1275, жалпы уезде 7368 оқушы оқыған. Басқаша айтқанда, бір оқу орнына Ақтөбеде 803 тұрғыннан, уезде -1207 тұрғыннан келді.
1917 ж. Ақтөбе қаласында және уезде 5 орта және 9 бастауыш оқу орындары болды. Олардың алғашқыларының қатарына: Ақтөбе мұғалімдер семинариясы, Ақтөбе жеке орта оқу орны, Ақтөбе Мариинск әйелдер училищесі, Ақтөбе жоғарғы бастауыш училищесі, Ақтөбе жоғарғы бастауыш училищесі жанындағы екі жылдық педагогикалық курстар, сондай-ақ Ақтөбе, Ақбұлақ, Бөрте, Вознесенск, Полтавск, Қосетек, Можар, Новороссийск, Петропавловск орыс-қырғыз екі кластық училищелері болды. Бұдан басқа барлығы 139 біркластық училищенің 8–і Ақтөбе қаласында орналасты.
Жалпы патша үкіметінің Қазақстандағы отарлау саясаты қазақтардың рухани өмірінен мұсылман дінін ығыстыруға бағытталды. «Уақытша Ережеге» сәйкес болыста тек бір ғана мешіт болуы қажет болды. Бұдан кейінгі уақытта Ақтөбе уезінің барлық елді мекендерінде бекітілген нормадан асып, қызмет жасап жатқан мешіттерді жабу және жаңа мешіт ашуға тыйым салу шаралары орын алды. Сондай-ақ, орыс мүддесіне сай келмейтін мектептер мен медреселердің санын мейлінше қысқарту науқаны басталды. Ішкі істер министрі Дурнов 1895 ж. 10 қарашадағы Торғай облысының әскери губернаторына жазған хатында былай деп көрсетеді: «Бұратаналардың арасында мұсылман дінінің таралуын шектеу мақсатында қырғыздар үшін болыста біреуден артық мешіт тұрғызудың қажеті жоқ» [34].
1910 жылдың қыркүйегінде Ақтөбе қоғамдық жиналысы құрылады. Оның мақсаты «олардың мүшелері мен отбасыларына бос уақытты пайдалы әрі қызықты өткізу болды» [35]. Жиналыс мүшелері белгіленген ақыға би, музыкалық және әдеби кештерді, маскарадтар мен драмалық қойылымдар, лекциялар мен әр түрлі ойындар ұйымдастырып, мерзімді басылымдар мен кітаптар жазып алып отырды. Жиналысқа мүше болып барлық сословиелер мен ұлт өкілдері қабылдана алды (әйелдер, кәмелеттік жасқа толмағандар және сот ісіне байланысты құқынан айрылғандардан басқасы). 1914 жылы жергілікті көпестің көмегімен «Триум» синематограф- клубы салынды. Онда дыбыссыз фильмдер көрсетілді.
Батыс Қазақстан қалалары тұрғындарына медициналық қызмет көрсету, қалалардағы шешімін таппай отырған күрделі мәселелердің бірі болды. Өйткені, бұл кезең медициналық қызмет көрсетудің енді ғана басталып келе жатырған уақыты болатын. Оның осы күйде қалуына патша үкіметі де ынталы болды. «Уақытша Ережеде» былай деп көрсетіледі: «медициналық қызмет көрсету үшін әрбір уезде уездік дәрігер және бала тудыратын әйел тағайындалады» (§ 53). Бүкіл уезд тұрғындарына екі адамның қызмет көрсетуі мүмкін еместігін айтпағанда, ереже авторлары жергілікті жағдайды ескермеді. Қазақтар біріншіден көшпелі өмір сүрді, екіншіден халық медицинасына көбірек сенді.
Отаршыл билік қазақтарға медициналық қызметтің көрсетілмеуін көшпелі өмір сүрудің артықшылығынан деп түсіндіруге тырысады. Торғай обысының губернаторы өзінің 1887 жылғы есебінде былай деп көрсетеді: «көктем басталысымен қырғыздар қыстақтарынан жайлауға көшеді, үнемі орын ауыстыру, даланың таза ауасы, ет тағамдары мен қымыз олардың денсаулықтарын тез қалпына келтіреді»[36].
Жергілікті зиялылардың кейбір өкілдері қалалық қоғамдық басқарма жанынан халық театрын ұйымдастыруға (1912) және өлкені зерттеуге атсалысты. Жергілікті зиялылардың ішіндегі білімділері 1895 жылы ақпанда ашылған Орынбор статистикалық комитетінің жұмысына араласты. Комитет қызметкерлері-мүшелерінің арасында Ақтөбе уезінің өкілдері де болды. Комитеттің құрылған кезеңінен бастап, оның жұмысына қазақ зиялылары да белсене араласты. Мысалы, М. Қарабаев, С. Нұрмұхамедов, Б. Наурызбаев, Т. Сейдалин, Д. Беркімбаев және басқалары Торғай облысында 1897 ж. Санақ жүргізу жұмыстарына қатысады. Олардың бірқатары Орыс География қоғамы Орынбор бөлімшесінің мүшелері болды, қазақ халқының тарихы мен этнографиясын зерттеуге өз үлестерін қосты.
1913 жылы қалалық әкімшілік жеке қаржыға мәдени- ағарту мекемелері, халық театры, кешкі курстар орналасқан «Ғылым мен өнер Үйін» тұрғызбақшы болады. Сондай-ақ, онда ересектерге арналған мектептен тыс білім беру орталығы, қалалық кітапхана, музыкалық класстар, музей және қойма орналасуы қажет болатын. Бірақ бұл бастама қаржының тапшылығы мен бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты іске аспай қалды. Қалада бірнеше кәсіби қоғамдар («Тұтынушылар одағы», «Ауылшаруашылық қоғамы», «Мещандар қоғамы» және т. б) шаруашылық істерімен айналысты.
Төңкеріске дейінгі кезеңде Гурьевте орыстың отаршыл мәдениетімен қатар, дәстүрлі қазақ мәдениеті де дамыды. Уақтылы айтыстар өткізіліп отырды. 1863 жылы Гурьевте қазақтың белгілі халық ақындары Мұрат Мөңкеұлы мен Ораз (бала Ораз) айтысады. 1873 жылы Гурьевте айтыс ақындары Мұрат Мөңкеұлы мен Бегалы ақын айтысады. Гурьев уезіндегі мәдениеттің дамуына атақты қазақ күйшісі Құрманғазы Сағырбаев зор үлес қосты.
Батыс Қазақстан қалаларындағы коммуналдық-тұрмыс жағдайы өте төмен болды. Мысалы, Ақтөбеде су құбыры жүйесі болмады, қала көшелеріндегі жарықтандыру жұмысы баяу жүрді. 1896 ж. жарық қондырғалары тек қана қазыналық ғимараттарда ғана орналасты. 1903 ж. қарапайым фонарлардың саны 15-ке жетті, осы кезеңнен бастап қалалық басшылық жарық жүргізу мақсатында жыл сайын 2-3 мың сом ақша жұмсап отырды. Қаланы жарықтандыру мәселесін шешу үшін орташа есеппен 30 дан 40-қа дейін керосинмен жағылатын үлкен фонарлар қажет болатын, бірақ фонарлардың бұндай саны үшін әр жыл сайын 4500-6000 сомды қажет етті, осыншама қаржыны бөлуге қалалық қазынаның мүмкіндігі болмады. 1914 ж қаңтарында орынборлық мещан Коноплев Ақтөбе қаласында шағын электр станциясын салуға рұқсат етуін сұрайды, бірақ өкінішке орай, қалалық әкімшілік «рұқсат етілсін, бірақ қуаты 500 лампаға дейін азайтылсын» деген шешім шығарса да бұл іс жүзеге аспай қалды [37].
Сонымен, Батыс Қазақстан қалаларындағы тұрғындардың материалдық жағдайы өте төмен дәрежеде болғанынына көз жеткіздік, канализация жүйесі болған жоқ десек қателеспейміз. Көшелер жарықтандырылмаған, емханалар мен дәріханалар жетіспеді. Батыс Қазақстанда толық мағынасында қалалар дамыды деп айту қиын, қалаға ұқсайтын қалалық елді мекендер болғанынf көз жеткіздік. Төңкеріске дейін- ақ, батыс Қазақстан қалаларындағы мәдениеттің дамуында айтарлықтай айырмашылықтар қалыптасты. Егер де Орал мен Ақтөбеде мәдениеттің дамуында орыстану бағыты байқалған болса, Гурьевте қазақ өнерінің әсіресе, музыка мәдениетінің дамуы болашақ қазақ кәсіби өнерінің негізінің қалыптасуына әкелді.
Қорытындыда зерттеу нәтижелері тұжырымдалып, нақты көрсетіледі.
Х1Х ғ. аяғы -ХХ ғ. басында Батыс Қазақстан қалалары тарихи зерттеулер үшін маңызды обьектілер болып табылды. Аймақтағы Батыс Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы негізгі қорытынды осы өлкеде орын алған басты ерекшеліктерге байланысты болып отыр. Батыс Қазақстанда орналасқан қалалардың барлығы дерлік, отарлау кезеңінде пайда болды, олардың саны көп болған жоқ. Шын мәніндегі қалалар : Орал, Ақтөбе және Гурьев болды. Калмыков, Темір, Ілбішін қалалары қалалық елді мекендерге тиесілі міндеттерді атқармады. Кейін бұл елді мекендер қалалық қызметін біржолата тоқтатады. Аймақтағы Орал қаласы қарастырылып отырған кезеңде бүкіл Қазақстандағы ең ірі қалаға айналды, ондағы тұрғын халық саны 50 мыңға жетті. Оның ішінде тұрғындардың басым бөлігін орыс этносына жататын казактар құрады. Төңкеріске дейінгі уақыттың өзінде Батыс Қазақстан қалаларының ұлттық құрамы мен мәдени келбетінде өзгерістер орын ала бастады. Мысалы, Орал мен Ақтөбе қалаларындағы халықтың басым бөлігін орыстар құрап, қала әлеуметтік-мәдени сипаты жөнінен орталық Ресейдің қалаларына көбірек ұқсаса, Гурьев қаласында қазақ мәдениетінің белгілері қалыптасып, тұрғындар санының 40 %-ын қазақтар құрады.
Жоғарыда айтылған пікірлер негізінде, төмендегідей қорытынды жасауға болады : қазіргі таңда аймақтағы қалалардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дауына байланысты жоспарлар жасақтау кезінде тарихи тәжірибе мен тұрғындардың демографиялық дамуын ескеру қажет.
Сонымен бірге, отарлау кезеңінде қоныстандыру саясатының нәтижесінде келген халықтың басым бөлігі жергілікті жағдайларға шыдай алмай Қазақстанның қолайлы жерлеріне көшіп кеткенін немесе кейбірінің елімізден тысқары аймақтарға қоныс аударғанын естен шығармауымыз қажет. Керісінше, жергілікті қазақ халқының тарапынан миграциялық процестер баяу жүрді және олар туған жерлерінде тұрақтап отырды. Барлық уақытта да қазақ халқының қажеттілігіне байланысты қалыптасқан инфраструктуралар өте баяу дамып отырды. Бүгінде Батыс Қазақстан қалаларында қазақ мәдениетін қайта жаңғыртуға және оны қалалық жағдайға бейімдеуге арналған бағдарламалардың қажеттілігі туындап отыр. Европалық үлгі мен енгізілген стандарттардан ерекшеленетін толыққанды қазақтың қалалық мәдениетін қалыптастыру- бүгінгі күннің міндеті. Сондай-ақ, аймақ қалаларында әзірге уақыт талабына сай дамымай отырған тұрмыстық салаларды жетілдіруді қолға алу керек.
Сонымен қатар, негізгі мәселе ретінде - қалалардағы демографиялық ахуалды жақсарту үшін туу деңгейін көтеру мақсатында арнайы бағдарламалар дайындап, оларды іске асыру кезек күттірмейтін мәселе.
Достарыңызбен бөлісу: |