Ертай Ашықбаев, «Журфактың студенттері»



Дата16.06.2016
өлшемі159 Kb.
#138591


Тұрғындар мен

түлектер
Аман жүрсе, ертеңгі кіл мықтылар,



Мол табысқа толады уыстары.

Әзірше қарапайым тірлік қылар,

Әзірше туыс бәрі.

(Ертай Ашықбаев,

«Журфактың студенттері»)
Қазақ қаламгерлерінің қалып­та­суына мейлінше ықпал ете­тін, оның шығармашылық ғұмырында айрықша орын алатын құтты мекендер бар. Ең алғашқысы — жазу өнеріне құмартқан өреннің туып-өскен ауылы. Әрине, жазушылардың дені ауыл­да өмірге келеді. Әдетте олардың қо­лына қалам ұстауына белгілі бір нәрсе әсер етеді. Не өзіне мойын бұрмай кеткен құрбы қызға ерегесіп, өлең жазады. Күндердің күнінде әйгілі адам атанып, әлгі күлімкөзге қыр көрсеткісі келеді. Не болмаса, ауылға әдебиет пәнінен сабақ беретін білікті мұғалім келіп, баланың бағын ашады. Тіпті болмаса, өз аулынан ілгеріректе шыққан бір журналиске еліктеп, жазуға ұмтылады. Сөйтіп, туған ауылы талапкердің қаламын ұштайды. Одан кейін журфакқа түседі. Болашақ қаламгерлердің алтын бесігі саналатын әйгілі 5-ші жатақхананы мекендейді. Алматыда қызметке қалған журналистің бұдан кейінгі дәстүрлі жұмыс орындары мына мекенжайлар: Абылайхан даңғы­лы, 105, Жазушылар одағы; Жібек жолы даңғылы, 50, Газет-журналдар үйі; Абай даңғылы, 143, Баспалар үйі; Желтоқ­сан кө­шесі, 177, Телерадиокорпорация... Жур­фак түлектерінің көпшілігі, негізі­нен, осы орындарда шоғырланады.

Жыл өткен сайын қаламгерлер бірінен бірі ат оздыра бастайды. Бірі жайлы орынтаққа қонжияды. Екіншісі сыйлық алады. Үшіншісі жыл сайын кітап шығарып, өнімді жазатын қаламгер атанады. Төртіншісі соның кітаптарын оқумен күн өткізеді. Біреуі әңгіме жазуға, енді біреуі арыз жазуға машықтанады. Қаламгерлердің арасында да бітіспес мылтықсыз майдан жүріп жатады. Ал енді солардың бір-бірімен айтыспайтын, тартыспайтын, бәрінің абырой-беделі біркелкі, мәртебесі бірдей кезі де болған. Бұл — студенттік шақ. Алтынға айыр­бас­тамайтын қимас кезең. Оқу орны — Каз ГУ, журфак, тұрағы — 5-ші жатақхана болған тұс. Әкесі — тепкісі темірдей де­кан Темірбек Қожакеев, шешесі — жүзінен ызғар есіп тұратын комендант Любовь Шаламай. Екеуі де екі тізгін, бір шылбырды ешкімге бермей, қызметтерінде көп жыл отырды. Екеуінің де қаталдығы өздеріне керемет жарасады. Бұлардың мінезіне төзе алмай, жатақханадан безініп кетіп жатқандарды тағы көрмейсің. Қайта ортақ үйдің айналасына үймелей түседі. Тіпті отбасын құрып, өз алдына отау тіккендері де айналшық жегендей көпке дейін жатақтан шықпайды.

Студенттер университетке сымдай тартылып кіріп, аудиторияларда ыздиып жүреді. Ал жатақханаға келсе, жағасы жайлауда, еркін көсіледі. Әрине, мұнда да тұрғындарды тұқыртып ұстауға негізделген белгілі бір тәртіптер бар. Бірақ бәрібір «Жатақхана — өз үйің». Журфактың серілері мен перілерінің қыстауы — жатақхана, жайлауы — сырахана. Жаз шыға сабақтан босай сала шөліркеп келіп, шетінен суатқа құлайды. Ал енді сол сыраханаңыз бар ғой, шөл басып, шалабурыл күйге түсіп қайтатын жер ғана емес. Қып-қызыл айтыс жүріп жататын шығармашылық мінбер ол. Кімдер жоқ мұнда? Әдебиет оқулығында суреттері жүретін атақты ақындар... Кабакка келгенде ғана қабақтары жазылатын өзіміздің сүйікті ұстаздар... Шетінен тобылғы торы сыраны толқытып ішіп тұрады. Сыра көңілдегі көп сырды ақтарады. Сыра шыңғырған шындықты айтқызады. Ақыры, 5-ші жатақхананың тұрғындары кімнің тұлпар, кімнің жабы екенін осы жерден біліп шығады. Солармен бірге сыраханадан жатақханаға будақ-будақ бу келеді. Солармен бірге алтын ұямызға қазақ қаламгерлері туралы қоғамдық пікір келіп, қонақтайды.

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Дінмұха­мед Қонаев Жазушылар одағы ғимараты­ның ішінен «Қаламгер» кафесін ашу туралы ұсынысты қолдап отырып, «Осы­лай істегеніміз дұрыс, бұл кісілер анда-санда желпініп тұрмаса болмайтын көрінеді ғой. Не істесе де сол үйдің ішінде жүрсін», — деген тоқтамға келіпті деген сөз бар. Сол сияқты журфактың жатақханасы Кіші Жазушылар одағы сияқты еді. Кіші одақтың да өз Мұқағалиы, өз Тоқашы, өз Өтежаны бар. Шетінен дана, шетінен дара, шетінен қыңыр... Оқымаған кітаптары жоқ. Әдеби шығармашылық бірлестіктің мәжілістерінде бір-бірінің жазғанын іреп-сойып жатады. Жас ақын­дар жатақхананың фойесінде өлең оқығанда аруақтанып кетеді. Елу бақсы мен сексен шайырдың жартысы осында жүреді. Жатақта ақын дегенің жетіп-артылады. Шөп те өлең, шөңге де өлең... Жатып ап, небір қиын ұйқастарды іздеп, өзара шеберлік байқасады. «Александр!» — дейді бірі. «Жатаққа кіріп келіп, әлек сап жүр», — деп екіншісі іліп әкетеді. «Пивнушка!» — деп тамызық тастайды үшіншісі. «Толтырып, стаканды құй­дым, ұста, Көтермейтін мастарды үй бұрышқа!» — деп сайрай жөнеледі төр­тіншісі. «Ал енді мықты болсаң, линолеумге ұйқас тапшы», — дейді тағы біреуі. Анау да іркілмейді:


Төседі общагаға линолеум,

Бірақ та берді бізге көнелеуін.

Дауа жоқ бұларға... Ақындық мектеп­тің сабақтары осылай үздіксіз жүріп жатады. Дамылсыз талқы. Қайнаған өлең-өмір. «Ұйқастары келіңкіремейді. Есенғалиға еліктеу бар. Концовкасы керемет!». Осы секілді әңгімелер жа­тақ­хананың кез келген мүйісінде айты­лады. Ерте туған ғұламалар екі иы­ғын жұлып жеп, еліріп отырады. Күн­де газет-журналдарда шы­ғармалары жа­рық көріп жүрген әйдік ақын-жазу­шы­ларға шынайы баға беретін жер де – осы. Сен Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты­сың ба, депутатсың ба, әкімсің бе, бе­делді партияның мүшесісің бе, – 5-ші жа­тақхананың тұрғындарына бәрібір. Олар­дың өздерінің белгілі бір өлшемдері бар. Бұл жатақхананың қыз-жігіттері өздері талант деп таныған қаламгерлердің алдында құрақ ұшады. Олар анда-санда қа­сиетті құтханаға ат басын тірей қалса, Қыдыр келгендей қуанады.

Жатақхана тұруға өте жайлы. Студенттер екі не үш кісілік бөлмелерге орнығады. Жазда салқын, қыста жылы. Заманында бұл мекен жатақтың төресі болған. Ілгеріде бір үлкен қызметтегі ағамыз қыздар жатақханасын аралап, олардың жағдайын сұраса, ауылдан келген бір аң­ғал бойжеткен былай депті: «Ой, ағай, бөлме өте суық. Астымызда бір матрос, үс­тімізде бір матрос... Жүдә, қиналып жатамыз». Ал журфактың жатақханасына мат­ростың да, артық матрацтың да қажеті жоқ, қыс бойы қыз-қыз қайнап шығасың. Шығармашылықтың жылы ұясы болған қасиетті мекен ғой бұл!
Меймандар мен

мейрамдар


Не десін, түсінеді жатақхана,

Тақтайдай тегіс емес жол қашанда.

Әу баста қандай болды атақты аға?

Ұқсап бақ, болмасаң да.

(Ертай Ашықбаев,

«Журфактың студенттері»)
Ол кезде жатақханаға ақын-жазушылар жиі бас сұғады. Олардың келу себептері әр түрлі. Университетте студенттермен кездесіп, жатақхана арқылы қайтады. Шәй-пәй... Кейде кездесу жатақхананың өзінде өтеді. Кездесу біте сала жылы қоштасып, жымиып кетіп қалса, ол ақын бола ма?! Содан таңға дейін жырлау... Бүкіл бала жағаласып солардың қасында жүреді. Бұл — жоспарлы келу. Кейде қаламгер ағалар біздің перілерге ілесіп, қас қарайған шақта жатаққа жетеді. Мұндай кезде вахтада отыратын Тетя Настя, Тетя Вера, Тетя Маша секілді тегеурінді тәтелер әке-көке десең де төтелеп өткізбейді. «Бір атақты ақын бар қасымызда...» — деп Шахановша толғанып, өршеленіп, өтініп көрсең, одан сайын ерегесіп кетеді. Содан соң есігіне дейін орыс кемпірге бақтырып қойған қоғамды бір сыбап алып, ағай-мағайыңды алдыңа салып, сыртқа бет­тейсің. Қайтесің, «Мына бізді адам қылған орыстар, Орыстарға қазақ халқы борыштар», — деп әндетіп жүрген заман... Осыған орай сықақшы студенттердің бірі (ұмытпасам, Балапан Базар болуы керек) кесір кемпірлерді кекетіп, мынадай өлең шығарған-ды:
Қойсаңшы бұл күні бойғы сарсаңды,

Қаңғығанша жатағыма барсам-ды.

Жетіп едім түнгі үште қисаңдап,

Вахтершамыз жымың-жымың

қарсы алды...
Қарсы алмай қалсын... Ендігі үміт – балкон. Балкон демекші... Осы 5-ші жатақханада бүгінгі белгілі ақын­дардың бірі студент кезінде фойеде телевизор қарап отырады. Кенет телевизор Алматының Ленин көшесіндегі ғима­раттарды көрсете бастайды. Сол кезде әлгі ақын пысықсынып, қасындағы жы­пырлаған бірінші курстың бозбалалары мен бойжеткендеріне биік үйлерді ше­тінен таныстырады. «Мынау — Пионерлер үйі, мынау — «Қазақстан» қонақүйі, мынау — «Искра» кинотеатры, анау — «Үш алып» тұрғын үйі. Біздің декан — осы үйдің тұрғыны. Әне, әне, Қожакеев балконнан қарап тұр!»

– Әй, көксоққан! Қожакеев балконнан емес, желкеңнен қарап тұр!

Жалт бұрылса, ту сыртында Темкеңнің өзі... Талайдың тілі байланып қалады...

Екінші қабаттың балконына келіп, емініп тұрамыз. Абырой болғанда, бұл қабатты өңкей бір иманжүзді студенттер мекендейді. Оның үстіне ана кісілердің нобайын көрген соң, олар дереу «Қайырханға тура апаратын Оты­рардың бас қақпасын» ашып береді. Ендігі қиындық — өздерін екінші қабатқа көтеріп шығаратынымыз туралы өте күрделі мәселені әлгі кісілерге астарлап жеткізу. Олар да тұспалдап айтқан әңгімеңе үкілеп жауап береді.

– Ау, онда тұрған не бар екен! Қажет болғанда қазақ шаңырақтан да түскен ғой...

Сөйтіп, атақ пен даңқтың биігіне көтеріліп үйренген ағаларға ілтипатты інілердің көмегімен екінші қабатқа асылып шығу аса қиындық тудырмайды. Арғы беттен арқалы ақынды күллі журфак қабылдап алады. Жаса, балкон! Жаса, жатақхананың аспалы жолы! Сен біздің үйімізге құт әкелдің!

Шынында да, жатаққа Қыдыр келгендей болады. Өзі аштан өлейін деп саусағын сорып жүрген студент байғұстар барын соның аузына тосады. Қыдыр дегеннен шығады... Бірде бір үйлену тойына еліміздегі лауазымы биік кісілердің бірі келді. Елдің бәрі жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан жастарды жайына қал­дырып, әлгі кісіні мақтап жөніне кетті. Бір ағамыз тіпті былай деп сілтеді: «Тойымызға Қыдыр келді, ағайын! Если на то пошло, Қыдыр бір көрінеді де кетіп қалады. Ал бұл кісі, міне, тойда до конца отырды ғой бізбен бірге...»

Ал студенттерде мұндай жасандылық атымен жоқ, атақты ақынды өз көзімен көргеніне, оның ойда-жоқта, екі кештің арасында сайтандай сап ете қалғанына шынымен қуанады. Ал сол қаламгердің өзгеше үрдіс танытып, жатақтың аспалы жолы арқылы келгенін естігенде тіпті есі шығып кетеді.

Осы жолы, мейлі, жатақханаға қалай келсе, олай келсін, сол ақын талай ба­ланың шабытын оятып, талабын ұштап аттанады.

Жатақта күнде думан, күнде той. Бір студенттің туған күні жылына екі-үш рет тойланады. Мейрамдар жас қаламгерлерді керемет рухтандырады. Айтулы мерекелерде жатақхана тіпті құлпырып кетеді. Жарқ-жұрқ еткен қызылды-жасылды шам­дардың жарығымен күллі журфак екі иығын жұлып жеп, тайраңдап, билеп жатады. Той тойлауға бар күш-жігерін аямай жұмсағаны соншалық, Жаңа жылдың келуін күтпей, қалғып кететіндер де бар.


Дискотека сән-салтанат құрды анық,

Жасыл шырша маңайында жүр халық.

Дүниенің қызығынан құр қалып,

Ұйықтап жатыр Жаяу Мұса

Дұрманов.
Сағат неше? Әлгі Мұса жынды ма?

Оятыңдар, шапалақпен ұрғыла!

Декабрьде ұйықтап кеткен Мұсекең,

Билеп кетті январьда тұрды да...
Осылай... Журфак шаршамайды. Да­­мылдап алып, қайта тұрады. Тыныс­тап болып, қайта жұлқынады. Үздіксіз үрдіс... Жоғарыда аты аталған Жаяу Мұса Дұрманов ұзақ жыл Павлодар облыстық телеарнасында қызмет істеді. Өзі әйгілі Жаяу Мұсаның ұрпағы. Талантты журналист еді, ғұмыры қысқа болды.

Жатақхананың меймандары мен мейрамдары жас қаламгерлердің көңілін көтереді. Шығармашылық серпін бе­реді, жаңа дүние жазуға жетелейді. Содан әсерленген бозбалалар мен бойжеткендердің әрқайсысы «Сенен, менен, одан, бәрімізден асатын, Дүниеге келеді бір жас ақын» деген байыпты байлам дәл мен туралы айтылған шығар деп ойлап, желпініп отырады...

Шынында да, солай. Темкең табандап отырып айтқандай: «Журфак ақын дайындамайды!». Оның есесіне, 5-ші жа­тақхана дайындайды ақынды... Қандай ақындар десеңші!..
Тентектер мен

телілер
Ақылдары кіреді алқынғасын,



Азамат боп шығады дұрыс нағыз.

Ал әзірге жайнасын, жарқылдасын,

Мен солардың бірі едім.

... Ұрыспаңыз!

(Ертай Ашықбаев,

«Журфактың студенттері»)
Журфактың аңыздары да, жатақ­ха­наның аңыздары да жеткілікті. Біз оқуға түскен кезде де осындай әңгімелер үздіксіз айтылып жататын. Кибернетиканы жетік білетін белгілі фантаст-жазушы Жүніс Сахиевтің мекен еткен бөлмесінің есігінің сыртында алуан түрлі жазулар жанып-өшіп тұрады екен. Бұл жазулар болашақ фантастың бөлмеде бар-жоғын әйгілейді-мыс... Бірде Темірбек Қожа­кеев жатақханаға келіп, жуынып жатқан Ұлықбек Есдәулетовке: «Қолыңды жуғанша, полыңды неге жумайсың?» — депті... Ілгеріде бір студент жатақханаға атасының Азамат соғысынан бері сақтап жүрген ескі тапаншасын алып келіп, түнімен елді қорқытыпты... Әрине, журфактың аты — журфак, кейде бөсіп айтады, кейде қосып айтады. Бірақ осының өзегінде шындық бары анық. Шығармашылық өкілдерінің бәрінің арқасы болады. Сол құрымағырлардың арқасы университеттен гөрі жатақханада көбірек ұстайды. Өз тұсымызда біз де арқасы қысқандарды талай көрдік.

Біздің оқу тобымызда Құтмағамбет Қонысбай оқыды. Өте сауатты жігіт. Екі тілге бірдей. Есепке сұмдық жүйрік. Өзі топ комсоргі. Сол Құтекең арқасы бір ұстағанда өзінің комсомол жетекшісі екеніне қарамастан, «Құтмағамбет — он бір әріп, бір арман, Шөлдегенде сыра ішпей тұра алман», — деп құлашын кең жайып, төртінші қабаттан секіріп кетеді. Жатақтың арғы бетіндегі шөп жайлаған дөңеске топ ете түсу ерлік емес. Масқара болғанда, біздің жанкешті бергі беттегі асфальтқа қарай құлдилады ғой... Сөйтсек, «Тастан тасқа секіріп, Ойнайды бұлбұл мен кекілік», — деп Мұхтар Шерімнің бір көкқырсық кейіпкері айтқандай, әскерде өрт сөндіруші болған Құтекеңнің бұл әрекеті өзінің дәстүрлі жаттығуларының бірі екен. Дін аман. Аманың не, бесінші қабаттағы біздің бөлмемізге басқышпен өзі көтерілді. Көтерілгенді айтасың, бәрімізді жинап алып, өмір туралы, өзіміз туралы біраз әңгіме айтты. «Дәрігер шақыртып, дене мүшелеріңнің дұрыстығын тексертіп алсақ қайтеді?» — деп едік, ала көзімен атты. Сосын біз де көзі тірі каскадердің ұлы ерлігіне жүдә разы болып, «Ой, ой, Құтекең, группамның құты екен!» — дестік. Бетін ары қылсын, егер курстасымыз қиралаң ете түскенде, Құтекеңді «қоректендіріп», әлпетіне әр, буынына нәр берген біраз жігіттердің жағдайы қиындап кететін еді. Сол күні бергі ауылдың иті білмей қалды, арғы ауылдың иті үрмей қалды. Ақпарат алу әдісіне адам таңғалатын тегеурінді Темкең мен балконнан секірген адам түгілі, шыбын-шіркейдің ұшып-қонғанына дейін біліп отыратын ширақ қимылды Шаламайдың өзіне бұл туралы мәлімет жетпеді. Жетсе де сене қоймас еді...

Алла сақтап аман қалған сол Құт­мағамбет Қонысбай кейін «Совет Қара­қалпақстаны» газетінің бөлім мең­­герушісі, Өзбекстанда шығатын «Дос­тық үні» журналының бас редакторы болды. Қарақалпақ жұртындағы қандас­тарымыздың көпшілігін атажұртқа өзі бас болып көшіріп әкелді. Қазір рес­публикалық «Экономика» газетінің бөлім редакторы.

...Бүгінгі белгілі ақын, «Абай» жур­налының бас редакторы, ол кездегі мойны қылдырықтай қара бала Мұратбек Оспанов көрпе-төсектен ада болған темір кереуеттің үстінде малдас құрып алып, түнеріп отыр. Кешегі қыдырыстың нәтижесі осы. Таңертең Любовь Шаламай шаң-шұң етіп, оның төсек-мөсегін қолтығына қысып алып кеткен. Күйзеліп отырғанына қарамастан, қабырғадағы Сергей Есениннің суретіне көз салып, күбірлеп өлең оқып қояды:


Бос жатыр менің төсегім,

Арақтан болды-ау кеселім.

Не дейін саған, Есенин,

Не дейін саған, Есенин?

5-ші жатақхананың кіреберісінде автомат-телефон бар. Сол телефон бүкіл жатақхананың алыс-жақын мекендермен байланысын қамтамасыз етеді. Мұндай телефон кейбір жатақханаларда жоқ. Сондықтан көршілердің көбісі екі тиынын бармағына бүгіп, кезекке келіп тұрады. Телефон төңірегіндегі хикаяттар да жетіп-артылады. Төменгі курстың қыздары жоғары курстың жігіттерінен абайсызда: «Осы біздің астымыздағы автомат істеп тұр ма?» – деп сұрап қалып, ана қулардың езуіне арсыз күлкі үйіріліп, еріндері жыбырлай бастағанда беттерін басып тұра қашатын. Ол кезде ұят бар еді, ұятты жаба білетін алақан да бар еді. Қыз-қырқын кіндігін кіндік шешесіне де көрсетпейтін заман...

Телефон демекші, бірде көшені әбден шарлап, жатақханаға келсем, есіктің көзінде екі-үш курс төмен оқитын Мэлс деген жігіт қатты ауырып жатыр екен. Мэлс оқуға кеш түскенімен, бізден әлдеқайда ересек. Әңгімешіл, көпшіл. Өзі сол тұста «Лениншіл жастың» жалауын жоғары желбіретіп тұрған Қайнар Олжайдың кластасы. Бірге қой баққан, сосын ой бағам деп, кештеу болса да журфакқа ат басын бұрған. Сол Мэлс жүрегін ұстап, вахтадағы көне диванның үстінде дамылсыз дөңбекшиді. «Әй, Мәке, не болды?», «Ойбай, жүрегім әкетіп барады. Тез «Жедел жәрдем» шақыршы...» «Қазір», — дедім де, кіреберістегі теле­фон-автоматқа ұмтылдым. Арғы жақтан дәрігер қыз қажетті мәліметтің бәрін сұрап жатыр. Атын айттым, жасын шамалап жеткіздім. Мекенжайды баяндадым. Сырқатының сипатын аңғарттым. Енді «Фамилиясы кім?» — деп сұрайды. «Әй, Мэлс, фамилияң кім еді?» – деймін сырқатыма бұрылып. Сөйтсем, өлейін деп жатқан Мэлсім қитығып қалсын. «Сен не, күнде әңгімелесіп жүрген ме­нің фамилиямды білмейсің бе?». «Сенің фамилияңның маған көк тиынға қажеті жоқ. Мына «Жедел жәрдемнің» қызы сұрап жатыр». «Сонда да сенікі дұрыс емес қой, неге білмейсің?». «Әй, айтасың ба, жоқ па, әйтпесе мына тұтқаны лақ­тырып жіберем...» «Уһ, Әлібеков...» — деді бір кезде. Жаны қысылып жатса да қиқарлығынан танбайды. Журфактың жатақханасында түйенің үстінде желге қарсы отырып талқан жейтін осындай кілең қыршаңқылар тұрды.

Өрелі өнер иесі Табылды Досымов 5-ші жатақхананың қабырғасында бард-ақын болып қалыптасты. Гитараның сазына өзгеше өң беріп, сипаты бөлек орындаушылық дәстүр қалыптастырды. Айрықша талантты ақын Бауыржан Үсенов бес қабаттың әр мүйісінде өлең оқып, әуелетіп ән салды. «Бесінші жа­тақханада Үсенов жүр дейді, Жырла­рын оқып күшеніп жүр дейді», — десетінбіз. Шайтан мінез шайырлардың ортасына көңілі құлаған болар, мектепті алтын медальмен бітіріп, Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтының құрылыс технологиясы факультетінде сөктей «беспен» оқып жатқан Амантай Шәріп оқу орнын орта жолдан тастап, журфакқа түсіп, 5-ші жатақханаға көшіп келді. Бұл төтенше көштің аяғы жаман болған жоқ. Амантай Шәріп — бүгінде филология ғылымдарының докторы, профессор, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы.

«Спорт» газетінің бүгінгі бас редакторы Құлтас Достан жатақханада ұсақ кәсіпкерліктің негізін салды. Алдымен опа-далап, бояу-сояу сатты. Кейін ыдыс-аяқ пен киім-кешекке ауысты. Оқып жүріп, алыпсатарлықпен кәдімгідей айналысты. Тауарын сатуға келгенде қолы-қолына жұқпайтын Құлтастың магиясы бар еді. Әйтеуір ол студент кезінде қазақ журналистикасынан гөрі қазақ бизнесінің жай-күйін көбірек ойлады.

Журфактың тентектері мен телілерінің біразы кейін сұңқарлар мен тұлпарларға айналды. Бәрі де елге танымал азамат болды. Осыдан соң 5-ші жатақхананы құтты демей көр!..


Тұлғалар мен

таланттар


Министр де болады бұлар әлі,

Бұлар әлі өседі, түзеледі.

Бек тізімге енеді мұралары,

А, бәлкім, күзеледі.

(Ертай Ашықбаев,

«Журфактың студенттері»)
КазГУ-дің қалашығын сексе­нін­ші жылдары мекендегендерге ОКД деген атау жақсы таныс. ОКД — «Оперативная комсомольская дружина» деген сөз. Яғни «Жедел комсомол жасағы». Қалай болғанда да, осы жасақтар жатақханаларда тәртіп орнатты. Студенттерді сырттан келетін бұ­зақылардан қорғады. Университет ОКД-сының командирі Құрманхан Нұ­рым­­бетовтің беделі Комиссар Катани­дің абырой-мәртебесінен кем емес еді. Оның бір топ бұзақылар жайлаған бөлмеге кіріп барғаны, әлгілердің мұны балконнан лақтырып жібергені, бұның қорықпай жоғарыға қайта өрлейтіні туралы аңызға бергісіз әңгімелер айтылатын. Осыны естіген студенттер оны италиялық мафияның ортасына жүрегі шайлықпай кіріп баратын жанкештідей көретін. Осындай жаужүрек жігіттің басқа факультетте емес, журфакта оқитынын мақтан ететін. Жатақханаларда жортатын сол ОКД-ның беделі мықты болды. Студенттер оның құрамына кіруге ұмтылды. Кіре сала тақ-тақ етіп, салтанатты түрде ант беріп жататын. Сәл өңін айналдырып айтсақ, анттың мәтіні былай:
Жендеттерді жүреді жасқап айбын,

ОКД-ның формасын тастамаймын.

Күн шықпастан,

бозала тұрған таңнан,

Үлгі алуға командир Құрманханнан,

ОКД-ның болмауға салпы етегі,

Ант етемін! Ант етемін!
Журфактың жігіттері ОКД-ның сапында бекер жүрмепті. Кейін олардың көбісі күштік құрылымдарда топ жарды. Құрманхан Нұрымбетов ішкі істер қызметінің, Бекен Нұрахметов кеден қызметінің, Жақсылық Молдақұлов ұлт­тық қауіпсіздік қызметінің полков­ник­­тері атанды. Тілінің уыты бар жігіттер: «КазГУ-де бес жыл оқыды, Жеткен жері ОКД...» — деп қалжыңға бұрғанымен, бұл өзіндік мектеп қалыптастырған, тәртіп орнықтырған пайдалы құрылым болды. Журналистерді құқықтық сананы қалыптастыруға баулыды.

5-ші жатақхана тұрғындарының ара­сынан Елбасының баспасөз хатшылары, министрлер, вице-министрлер, ел­шілер, депутаттар, ғалымдар, әкімдер, кәсіпкерлер, композиторлар мен ән­шілер, қажылар мен имамдар шықты. Журфактың бесігінде тербелгендердің ара­сында халықаралық деңгейде мойын­далған кәсіби сиқыршы (Алтынай Бай­тоқанова) да бар. Жатақхананың бір кездегі бір тұрғыны өзіндік қолтаңбасы бар суретшіге (Ерсайын Жапақ) айналды. Журфактың тағы бір түлегі елге халық емшісі болып танылып (Ыбырай Бекжігітов), өкпе ауруынан тез айықтыратын дәрі-дәрмек ойлап тапты. Енді бір түлек елге белгілі футболшы болып (Гений Төлегенов), күллі жанкүйерді аузына қаратты. Сөйтіп, журналистер қай салада да өздерінің қабілетті екенін бай­қатты. Мамандығына мүлде қатысы жоқ салаларда да асықтарын алшысы­нан түсіре алды. Бүгінде бұқаралық ақ­па­рат құралдарының тұтқасын ұстап отыр­ғандардың бірқатары ортақ үйіміз­дің көп­шілік қолды асүйінде піскен кө­жені жеп есейді. Тіпті елдің белгілі оппо­зи­цио­нерлері де бір кезде осы жатақтың шай-суын ішіп, өсіп-өнді. Демек, 5-ші жа­тақ­хана тек төртінші биліктің өкілдерін тү­летіп қана қоймай, бүкіл қоғамның әлеу­меттік келбетін айқындап берген екен.



5-ші жатақхана — қазақ қаламгерлері тай мініп, тізгін қаққан тұста шы­ғар­машылығын шыңдаған, бүгінде өзін­­дік менталитеті қалыптасқан қа­сиетті құт-мекен. Жатақхананың ең алғашқы тұрғындары 1975 жылғы қыркүйекте қо­ныс теуіпті. Ал журналистика факульте­ті қалашыққа 1981 жылы ғана көшіп келді. Міне, жырдың жерұйығындай болған жатақханамыз отыз төрт жылдан бері жазу өнеріне ұмтылғандардың алтыбақанын тербетіп келеді. Діңгегің берік, тірегің мықты болсын, журфактың Жидебайы!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет